Бұл шығарма өмірде болған оқиға желісі бойынша жазылған. Ең алғаш рет «Мәңгілік муза» 2020 жылы күз мезгілінде жазылды. Ол кезде Гүлшат мектепте оқитын. Бұл араға бірнеше жыл салып түзетілген нұсқасы.
Автор
Жыл мезгілдерінің ішінде көктемнің жөні бөлек. Қалған үш мезгіл осы мезгілге байланысып тұрғандай. Жай байланысып емес тәуелді түрде. Ата-бабаларымыз көктемді "жыл басы" деп тануының өзі осында жатқандай. Ақиық ақындар да өлең-жырларына көрікті көктемді қоспаған кезі кемде кем. Жаратушы жер-әлемді жаратқан сәтінде пенделерге сыйлаған тартуы көктем болар. Шуақты мезгіл тек қуанышқа емес, кейде қайғыға да сай келетін секілді... Кім білсін?
***
Ақ мамық қарды көрпе етіп жамылған ағаштар бір сәтте жалаңаштанып, болмыстарына өзгешелік енеді. Ағаш сабақтарына жайғасқан қар орнына жас өскін, жасыл жапырақ, жеміс гүлінің түйнегі шыға бастайды. Үй шатырын ауыр салмақпен басқан қарлар мөлдір тамшыға айналады. Өзен жаққа қарасаң қырдан төменге қарай құлдилап аққан қар суы көз алдыңа бәйге тұлпарын еріксіз елестетеді. Осыншалықты сұлу көрініске еріксіз қалай сүйсіне қарағаныңды сезбейде қаласың. Үй маңына көз қырыңды салсаң қора жақтан сиыр танасының мөңірегенін, қозының қоңыр үнін және де ешкі лағының тұяқ дыбысы құлаққа жетеді. Ауыл тіршілігі жылдағы әдетімен көктем мезгілін осылай қарсы алады.
Наурыз айының күн сәулесі үйге шашырап түседі. Нұрлы шапақтар әр бөлмеге тарап, үй ішіне ғажайып сән беруге асығады. Адамдарға келгендігін білдіріп терезеден бөлме ішіне жайыла бір шолады да тұрақтап қалады. Осынау қызық күн сәулесін көргісі келді ме, Гүлшат күндегі қалыптан ерте оянды. Жуынып-шайынып таңғы асын ішті. Ас үй қабырғасында ілулі тұрған сағатқа көз қырымен қарап, сабақ уақытын бағамдады. Сағат тіліқозғалар емес, мелшиіп тұр. Ішінен жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілері шағы ғой деп ойлады ол.
...Мектеп киімін киіп алды да, айна алдында беліне дейін төгілген шашын тарап ұзақ тұрды. Өзінің сымбатына сұқтана әрі қызғана қарады. Өмір де өзінен басқа сұлуды көрмегендей, тіпті бар дегенге сенбегендей айна ішіндегі сұлу мүсіннен жанарын тайдырған жоқ. Қара шашы ерекше әсем. Көрер көзге қай пендені болмасын ынтызар етердей ғажап... Айна алдында ұзақ тұрды. Үйден кеткісі жоқ. Бүгінгі сабақта өзі ерекше жақсы көретін, жанына жақын пәндер бар еді. Сынып белсендісі болғандықтан, мұғалімдер де Гүлшаттан әрдайым тәрбиелілік пен ұқыптылықты талап ететін. Айнадағы ғажайып бейнемен үнсіз қоштасып, сырт киімін киді. Ұйқыдан енді оянып жатқан ата-анасына «сау болыңыздар» деп, үйден сыртқа шықты. Сол сәтте жүрегінің қарсылығына қарамастан, мектепке қарай бет алды. Жол бойы аяқтары алға емес, кері қарай тартатын сыңайлы. Әр қадамы ауыр, әр адымы өнбейді. Неліктен мұндай күй кешіп тұрғанын өзі де түсінбей дал. Мүмкін, бұл көктемнің әсері шығар... Қаһарлы қыстан кейінгі жадыраған кезеңге бой үйрету оңай емес. Жұмыр басты пенде ғана емес, қыс бойы інінде жатқан суырдың өзі де қараңғы қапастан жарық дүниеге шыққанда дел-сал күй кешеді екен. Сол ой санасына оралып, Гүлшат өзін іштей қайрап, алға қарай ілби басып жүре берді.
Қалың ойдың құрсауында келе жатып, мектепке қалай жеткенін де аңғармай қалды. Тек арт жағынан сыныптас құрбысы Дина дауыстап шақырғанда ғана есін жиды.
— Гүлшат, уфф, әйтеуір тоқтадың-ау, — деп ентіге дем алып сөзін ары қарай жалғады. – Айқайлап жатырмын қарамайсың соншалық не болды, бірдеңе болды ма?
— Тыныштық. Ойланып кетіппін. Дауысыңды шығарып айқайламайсың ба? — деді Гүлшат Динаның ентігіп тұрған түріне сәл қабақ шыта қарап.
— Қыз-ау, анау бұрылыстан бастап айқайлап келемін, — көк шарбақты үйдің шеткі жақ бұрышын қолымен көрсетіп. — Сонша мені елемейтіндей қандай ой, ақын болып кетпеген шығарсың? — Гүлшат бұл сөзді ести сала, біреу тасқа айналдырғандай мелшиіп тұрып қалды... Сәлден кейін бойын белгісіз бір жылылық жібіткендей:
— Жоға, о, не дегенің, қайдағы ақын?
— Білмеймін ғой. Естуім бойынша ақындар ойланғанда жан-жағында болып жатқан оқиғаларды елемейді дейтін еді.
— Дина, сенің де шығармайтының жоқ. Жүр одан да мектепке кірейік. Осылай тұра берсек сабақтан кешігеміз.
Мектепке оқушылар әлі жөнді жинала қоймапты. Дәлізде тек күзетші ағай мен бірен-саран мұғалімдер ғана көрінеді. Екі қыз сыпайы амандасып, жоғары көтеріліп, сыныпқа кірді.
Сынып іші қоңыржай салқын да, ыстық та емес. Терезеден нәумез ғана көтерілген күн сәулесі сығалай түсіп, ішкі кеңістікті жұмсақ нұрға бөлеп тұр. Гүлшат өз орнына барып жайғасты да, басын партаға қойып, көзін жұмды. Санасы терең ойдың құшағына сүңгіп, түпсіз тұңғиыққа кеткендей алысқа шарықтай жөнелді. Нені ойлап отырғанын өзі де аңғармайды. Тек ішкі әлемінде қайта-қайта жаңғырып тұрған бір ғана тілек бар – үйге қайту. Құлақ түбінен бір тылсым күш сыбырлап: «Үйге бар... үйге бар...» дейтіндей. Бұл үнді өзінен басқа ешкім естімейтін секілді
Ой құшағында жатып, байқамай ұйықтап кетіпті. Дина оятқанда ғана есін жиды. Бірақ ол жай оятқан жоқ — Гүлшатқа адырая қарап:
— Сен ғашықсың. Иә, иә ғашықсың, — таңғала ауызын ашып. — Әпкем де осылай болған, бірақ өзі дымды да білмеді кейін бір-ақ білді. Сенде де сондай жағдай, ғашықсың.
— Кімге ғашық боламын? Сенде шығара бересің. Одан да жанағы ақын дедің бе, соның жақсы еді ғой. Тек басым ауырынқырап отыр. Ара-арасында осылай ауыратын әдеті бар, — деп Динаға қарады. Бірақ Динаның жүзінен "сендім" деген нышан білінбейді. Керісінше, "ғашықсың" деген жорамалын ақиқатқа шығаратын келбет анық менмұндалайды.
...Жарты сағатқа жуық уақыт өтті. Сыныпқа өзге оқушылар да жиналып, қоңырау соғылды. Сабақ басталды. Бірақ Гүлшаттың еңсесі көтерілер емес. Жүрек тұсын біреу инемен шаншып отырғандай, әлсін-әлсін сыздатады. Бар ойы – үйге қайту. Сабақтар өтіп жатыр, өтіп жатыр... Әдетте белсенді қатысатын әдебиет сабағында да үнсіз қалды. Жан-жағында болып жатқан дүниелерге мүлде назар аудармайды. Жартасты аралда жалғыз қалғандай, мең-зең күй кешуде. Кенет сынып есігі тарс ашылып, Әлия Тоқтарқызы ентіге кіріп келді. Әдетте есікті қағып, рұқсат сұрап кіретін ұстаздың бұл жолғы асығыс, баса-көктеп кіруі бәрін таңғалдырды. Ішке енген бойда Гүлшатқа көз тікті. Бұл кезде алгебра сабағы өтіп жатқан. Ол алгебра мұғаліміне алаңдаулы үнмен:
— Кешіріңіз, Гүлшатты үйіне жібересіз бе?
— Неге? Біз жаңа тақырып өтіп жатырмыз, — деп алгебра мұғалімі ежірейе қарады.
— Иә білемін, бірақ Гүлшаттың отбасын да оқыс жағдай болыпты. Соған байланысты хабарласып сабақтан босатуын өтінді.
— Оқыс жағдай... — сәл кібіртіктеп тұрды да. — Жақсы, барсын. — Гүлшатқа қарап, — Гүлшат басқа оқушылардан тақырыпты сұрап ал, — деп қысқа қайырды да дәрісін жалғастырды.
Мектептен шығып Гүлшат үйіне қарай асықты. Манағыдай емес, кеуде тұсы едәуір шаншып барады. Көшеден әрлі-берлі өткен көліктердей ойында сан мыңдаған сұрақ сапырылысып жатыр. Тізбектелген, жауапсыз сұрақтар. Адам бір жерге асыққан да, баратын жері алыс болып кететінін Гүлшат сол кезде ұқты. Қанша тез жүрдім десе де, жүргірсе де жол ұзарып жеткізер емес. Керісінше, қашқақтай береді.
Әлден уақытта шаршап-шалдығып үйіне жетті. Есік алды толған көлік, жиналған адам қарасы қалың. Не болғанын түсінбей, аңтарылып, қақпа босағасында біраз тұрып қалды... Жай ғана сырғып басып, есікке қарай беттеп, үйге кірді. Ішке енгенде көргені жылаған адамдар, естігені зарлы үндер. Гүлшат жатын бөлмесіне кіріп, киімін ауыстырып, сәл еңсесін тіктеп шығайын деп ойлаған еді. Бірақ ол ойы сәтсіз болды. Бөлмеге жақындай бергенде, көрші келіншек келіп, оны құшақтай алды. Әйелдің сөзі үзік-үзік жетті. Үзік-үзік жеткен сөздердің арасынан бір ғана тіркес ап-анық естілді: «Әкең келместің кемесіне мінді... алтын анаң бар, соған қолғанат бол...» Сол сәтте-ақ, Гүлшаттың тұла бойын әлдебір жоғары кернеулі тоқ шарпып өткендей, сілейіп, орнында қатып қалды. Ерні әрең қимылдап, қайталай бергені "Әкешім... әкешім?.. Қалайша?.. Не болды?..". Жан ұшыра орнынан қозғалып, анасын іздей жөнелді. Келесі бөлмеге кіргенде, анасы көз жасына ерік беріп, жылап отыр екен. Қасында он шақты әйел жұбатып, басу айтып отыр. Анасының жасқа толы жанарын көрсе де, Гүлшаттың көңілі сенер емес. Сену мүмкін де емес еді. Кеше ғана «Қызым» деп маңдайынан сүйген адам бүгін келмеске кетті дегенге кім иланар?!
Сенгісі келмеді. Қанша жерден “өтірік” деп өз-өзін жұбатса да, шындық біреу ғана. Енді оны ешкім “қызым” деп маңдайынан мейірлене сүймейді. Енді ешкім оның әрбір жетістігіне балаша қуанып, мақтанышпен марқаймайды. Енді ешкім шаршап жүрсе де, жұмысының көптігіне қарамай, еркелетіп, халін сұрамайды. Шынайы қамқор жан келместің сапарына аттанып кетті. Арқасына жүк артпайтын, “ертең барамын” деп алдын ала хабарласа алмайтын, қайтып оралмайтын ұзақ жолға кетті... Кетті. Бір шаңырақтың сүйеніші кетті. Бір отбасының тірегі кетті. Аяулы жарының жүрегінен, перзентінің жанынан, ағайын-туыс, дос-жаранның ортасынан кетті. Жақсы адам кетті. Орны толмайтын жан кетті. Келмеске кетті...
...Бөлме бұрышын жағалап анасының қасына жақындады. Анасы қызын көріп, бауырына көмкере қысып көз жасына ерік берді. Бұны көрген өзге келіншектерде анасымен қызының жан ұшыра жылаған дауысына қосыла жылады. Ақиқатты білсе де сенгісі келмеген Гүлшат қарлығың дауыспен:
— Әкем қайда? — сұрауына ешкім жауап бере алмады. Әкең "өлді" деп айтуға ешкімнің жүрегі дауаламады. Тек шеткері босаға жақта отырған егделеу келген, қоңырқай жүзді қара әйел ғана естілер-естілмес үн қатты.
— Ботам-ау, әкеңнен қапияда айырлып қалдық. Сабырлы бол, — деп көзінің жасын сүртті.
Осы сөзді естігеннен кейін қандай жағдай болғаны Гүлшаттың есінде жоқ. Себебі "әкеңнен қапияда айырлып қалдық" деген сөзді көтере алмай талып қалған-тын. Бес күннен кейін ғана ауруханада есін жиды. Ояна салысымен әкесін сұрады. Амал қанша әкесін қара жер қойына екі күн бұрын тапсырған тұғын...
***
Өмір тоқтап қалмайды екен. Күн артынан күн өтіп, тіршілік өз арнасымен аға береді. Уақыт — бәріне емші. Жан жарасын толық жазбаса да, ауыртпайтын күйге жеткізді. Гүлшат та әкесіз өмірге біртіндеп үйренді. Әкесіз таң атыруға, әке дауысын естімей оянуға, әкесінің қамқор алақанын сезбей өмір сүруге үйренді. Әрине, алғашында оңай болмады. Кей түндері жастығы жасқа малынды. Өмір болғасын бәріне көнеді екен... Бірде ішіне сыймаған сағынышын жан құрбысы Шолпанға ақтарып еді:
— Шолпан, соңғы кездері өмірден түңіліп кеттім. Өзге қыздар әкелерімен жүргенін немесе ұялы телефонмен сөйлескенін көрсем мынау әлемнен бір жола кеткім келеді. Сен бақыттысың қос қанатың, берік қанатың әкең бар. Ал менде... — деп Гүлшат көз жасына ерік берген. Шолпан не істерін білмей тек жұбату айтқан еді.
— Гүлшат, болды жылама сабыр сақта. Есіңде ме имам бір рет кездесу өткізген де айтып еді ғой "Құдай тек сүйген құлдарын ғана сынайды" деп. Гүлшат жыламашы, менің де жүрегімді ауыртасың.
Міне, содан бері екі ай да өте шықты. Алғашқы күндегідей үй іші азан-қазан емес. Келіп-кететін адамдар да сиреді. Бұрынғыдай қаралы үйдің есігі тынымсыз ашылып жабылмайды. Тек анда-санда молда келіп, Құран бағыштап кететін. Сондай күндердің бірінде молда дұғасын оқып болған соң, аяқ астынан Гүлшаттың жүрегі атқақтап қоя берді. Кеудесіне сыймай, жарып шығатындай қатты соқты. Соңғы рет жүрегі дәл осылай әкесі өмірден өтетін күні дүрсілдеген болатын. Өзі де түсінбеген бір күйге түсті. Бойын үрей ме, сағыныш па, билеп алғандай. Қасында отырғандарға тіс жармады. Тіпті анасына да байқатпауға тырысты. Біршама уақыт өткен соң жүрегі қалпына келе бастады. Ал Гүлшат болса іштей ғана "Әкемді сағынғаннан шығар..." деп өзін жұбатты.
***
Мамыр айының алагеуім кеші. Алтын шапақты күн өз ұясына жарық әлемді қимай мұңлық түнге ашу қыса, нала айтып бара жатқандай қызара батып барады. Қыр жаққа таман жол бойында әдеттегі төрт қария жас кезінде басынан кешкен қызық та, қиын кездерін әңгімеге арқау етіп отыр. Оған таяу жас бүлдіршіндер доп қуалап улап-шулап жүр. Кейде отырған төрт қарияның бірі "шуламаңдар, әрі ойнаңдар" деп кейіп, қолын сілтеп, зекіп қояды. Әрбір үйдің есік алдында шиге құрт жайып жатқан жеңгелер көрінеді. Одан қалса сол құртты алуды мақсат етіп жүрген сол үйдің кіші тентегі. Жеңгелер әр қашан аңғарымпаз болып келеді-ау, тентектерін байқап жөнге салып жатқандары да баршылық. Бұл, әрине, қарапайым ауыл тіршілігі. Ешкіммен шаруасы жоқ, ешкімге шатағы жоқ ауыл өмірі. Үй жанындағы сәкіден осының бәрін көріп отырған Гүлшаттың жүрегі қайтадан қатты соға жөнелді. Тылсым бір күш бойын билеп, денесіне еніп алған сыңайлы. Ертеңгі күннің сабақ дәптері жанында жатқан соған қол созып, бірделерді жаза бастады.
...Көлегейлеп бірге өткізген шақтарды,
Өзеурі өлең әр тармаққа жасырдың.
Біз боп бірге аралайтын бақтарды,
Аңсап жүр ғой жасын мұң...
Жанымызды қоярға жер таба алмай,
Беймаза ойлар, біздер үшін сол қайғы.
Көздің жасы көр түбіне тамардай,
Үмітіңнің үлбір гүлі солмайды.
Күздің кеші жұмақ кеші демеп пе ең,
Сағынышқа кеткен мүлгіп айнала.
Менің барлық өкінішім,
Бар өкпем.
Еш айғызсыз жазылып тұр айнада...
Бір сәтке жүрек соғысы қалыпқа түсіп, жеңілдеп қалды. Бойын өзгеше сезім билеп тұр. Қандай сезім екені Жаратушыға аян. Ойына Динаның қалжыңмен айтқан "ақын болып кетпеген шығарсың" деген сөзі келді. Мүмкін Динаның аузына періште салған болар. Кім білсін? Осынау таңғажайып күйде отырып көзі ілініп кеткен. Түсінде әкесі Гүлшатты шашынан сипап:
— Қызым сен бойжеттің, оң мен солыңа бағамдап қарайтын жастасың. Білем, менің жаныңнан ерте кеткенім сенің құлын шағыңа әсер бергені рас. Ерте есейдің. Анаңа қолғанат болып жүрсің. Мен бәрін де көріп, біліп, сезіп жүремін. Сенің маған деген сағынышың мені әрқашан нұрға бөлейді. Әр таң сайын маған арнап тілеген дұғаңмен менің рухым, жаным нұрланады. Айналайын, қызым сен өмірдің ғажабымен азабы қатар жүретін жолды таңдадың. Бұл ісіңе енді өкінбе. Саған ақындық дарын берілді, қабыл алдың. Қызым мен сен үшін қуаныштымын. Қасыңнан ерте кеткенім Құдайдың жазғаны. Әр адамның пешенесіне жазылған тағдыры болады. Жаратқанның өлшеулі ғұмырынан асып қайда барамыз? Жүрегіңе құйылған нұрды қаламыңмен ақ параққа жеткіз. Қам көңіл пенделер сенің жырыңнан қуат алсын, сен арқылы құпиясы мол өмірді танысын. Қызым мен сені жақсы көремін. Қызым... — аяндай берілген сөздерді естіп Гүлшат оянып кетті. Түсінде емес, өңінде айтылғандай. Аспанда самаладай жарқырап мамыр айының жұлдыздары жымың қағып тұр. Ұйықтағанына көп болған секілді...
***
...Уақыт сынаптай сырғып өтіп жатыр. Кеше ғана қос бұрымы иығына түскен алаңсыз, бейқам қыз өсті. Бүгін де поэзия атты тылсымның сырын ұғуға әуес. Тұрмыс құрды. Аялу жар атанып, өмірге сәби де әкелді. Бұл өмірден бақиға әкесін жібергенімен жүрегінен жібермеді. Мәңгілік музасы ретінде жүрегінде сақтады...
