Жердің жүгі
Тату-тәтті басталған шаңырағы ортасынан түскен. Екі жастың адам қызыққандай көрінген отбасы аз ғана уақыттың ішінде адам сенбестей күйреп, ажырасып та үлгерді. Үйге келгенімен, Айқыз кең үйге өзі сыймай жүрді. Сары ауруға шалдыққан кісідей күн өткен сайын шаршауы көбейді. Бұлт үйіріліп төбесіне қонғандай болатын.
Ет дүкенінің алдында адам қарасы қалың еді. Бірақ, жұрттың көптігі қасапшының көңілін көтере алмады. Оның қабағы таң атқалы ашылған жоқ. Көгеріңкі жүзіне түскен шаршау соншалық анық еді, оны тіпті күздің өзі байқап тұрғандай.
Күз биыл ерте келген. Қоңырқай жел ет дүкенінің маңын кезіп жүріп, адамдардың үстіндегі ескі киімдердің етегін көтеріп, әлдебір ұмыт қалған хабарды жеткізгісі келетіндей мазасызданады. Қасапшы болса, қара жерді тасырлатып аяқ киімімен теуіп қойып, бір орнында әрең тұр.
— Жарты келі шайнатылған ет. Әжем көк дәптерге жазып қойсын, - деді сары бала.
Қасапшы оған бір қарады да, үндемеді.
Сол көк дәптер оның соңғы күндері адамнан да көп сөйлейтін болды. Кімнің қанша қарызы барын, кімнің қашан алғанын, кімнің енді қайтып келмейтінін сол дәптер ғана білетін. Қасапшының өзі де бүгінгі етті қарызға алған. Түн ортасында жолға шығып, сиырды Тәшірезден әзер тапқан. Үйде тыныш отыру керек пе еді, әлде таң атқанша тіршіліктің соңынан тыпырлауы керек пе еді, өзі де білмей қалды.
Маңдайындағы әжімдер күн сайын бір-бірден көбейіп келе жатқан. Бүгін олардың қатарына тағы бірнешеуі қосылған сияқты.
— Келесі, - деді ол ауыр күрсініп.
— Бір келі ет, - деді бір жігіт — Май салмаңыз, ағай.
Ол қолындағы азғантай ақшасын қайта-қайта санай берді. Ақшаны санаған сайын оның саусақтары да жүдеп бара жатқандай көрінді.
— Майды әйелім екеуміз жейміз, - деді қасапшы күліп.
Сосын:
— Шүкір, - деді.
Көк ақшаға көзі түскен еді. Ақшаны көргенде кенет өзі де түсінбеген бір қуанышпен күліп жіберді. Әлгі күлкі дүкеннің ішіне кірмей, есіктің алдында тұрып қалды.
— Жарты келі, - деді жалғызбасты, шегір көз Нина кемпір.
Қасапшының жүзі тыржиып кетті.
Үш ай болды. Нина кемпір етті қарызға алатын. Бермеуге қорқады. Өйткені Нина кемпір теріс кітап оқитын. «Адамдардың бәрі ұмытатын нәрселерді теріс кітап оқитын кемпірлер ұмытпайды» деген бір сенім бар еді оның ішінде.
«Кітапты теріс оқып жіберсе я, Құдай-ай... Төлемесе де ала берсінші».
Осы ой қасапшының басына қырынан шаншылып өткендей болды
— Әжей, тәуір етіп салдым, - деді ол өтірік күлімсіреп.
Нина кемпір оның айтпаған сөзін де естіп қойғандай кідіріп біраз тұрды. Сосын қабағын түйді. Ол ештеңе деместен етін алды да, дүкеннен шығып кетті.
Қасапшы оның соңынан біраз қарап тұрды. Нина кемпірдің арқасы алыстаған сайын кішірейіп емес, керісінше, дүкеннің ішіндегі қарыз дәптеріндей үлкейіп бара жатқандай сезілді.
— Келесі, - деді қасапшы.
Сол сәтте Айқыз кезегі келгеніне қарамай, Нина кемпірдің артынан жүгірген еді. Айқыз ала таңнан бері біртүрлі болып, қабағы жүрмей жүрген. Ішке кірген суық шықпай, көңілінің күйі ұрланғаны қашан-н-н!...
Кезекте тұрған үлкен шеше карта ашатын, түс жоритын, бала емдейтін кісі еді. Айқыздың ол кісіге көптен бері көңілінде жүрген бір сөзі бар болатын. Бірақ қуып жеткенімен, «Карта ашып беріңізші» деп айта алмайтын.
Ал күз болса, ешкімге қарамастан, қара жердің баяғыдан бері білетін бір қайғысын өз алдына сүйретіп, желімен бірге ары қарай асығып кетіп бара жатты
Ентігіп жеткен Айқыздың даусы шықпай қалды.
— Жай... жайырақ, - деді Нина кемпір.
Айқыз іркіліп қалды.
Жап-жас еді. Бірақ жүзіндегі қайғы әлдеқашан кәріліктің жасын алып қойған. Нина кемпір оған біраз үнсіз қарап тұрды. Қыздың иығына көрінбейтін бір ауыр жүк артылғандай еді. Сол жүкті ешкім көтерісіп бара жатқан жоқ.
Кемпірдің жүрегі шым етті.
— Атаңа барамын деген едің ғой, - деді ол ашуланғандай болып. — Әлі жүрмісің?
— Иә...
Нина кемпірдің сұсы басты ма, әйтеуір, бір сәт меңіреу болып қалды. Сөйлеуге сөз таппаған Айқызға біртүрлі қарады. Жағы қарысып қалғандай еді оның.
Нинаның бір қасиеті бар болатын: ауыр сырқатты немесе бір бәленің кіргелі тұрғанын сезсе, әлдебір суық оның ішіне кіріп кететін. Дөп түсетін. Сондықтан қорқақтау адам Нина бірдеңе айтып қалар деп, одан қашқақтайтын.
Айқыздың даусы әрең естілді.
— Бір жылдай болып қалды...
Осы сөзді айтқанда, өзі де шошып кеткендей болды. Бір жыл деген сөз аузынан шыққан соң, әлдебір есік өз аузынан ашылып кеткендей, оның ар жағынан өткен күндердің бәрі бірінен соң бірі секіріп түсе бастаған.
Қай үйге кірсе де, қолында қалың кітабы бар, үстіне ақ жағалы аппақ киім киген атаның елесін көріп, именіп қалатын. Атасына қалған ескі кітаптар ашылмай жатқан. Соңғы балаларға сол кітаптардың салмағы ауыр тиді ме екен?
Бір жері бітіп, бір жері ойылып, бір жері адамды өзі күтпеген жаққа бұрып әкететін тағдырдың жазуы оның көңіліне қотыр жолды еске салатын.
Нина кемпір үнсіз қалды.
Бір жыл деген — кейбір адамдар үшін жалт-жұлт етіп құбылған он екі ай ғана. Ал кейбіреулер үшін бір жылдың ішінде балалық шақ та, үміт те, адамның өзіне деген сенімі де өліп үлгеретінін кемпір білетін.
Айқыз басын төмен салды.
Ол жуас еді. Баланың сырқаты жанына бататын. Соңғы кезде әлсіздік те оны ақырындап ішінен кеміріп бара жатқан. Мұны ешкімге айта алмайтын. Айтса, біреу аяп қалатындай көрінетін. Ал аяушылық кейде адамның ауруынан да ауыр болатын.
Нина кемпір қызға ұзақ қарады.
— Сені күтіп жатыр. Жолға шық. Жер көтермей тұр сені.
Осы сөзден кейін ол бұдан артық ештеңе айтпады.
Кең көшенің ортасында біраз үнсіз мелшиіп тұрды. Өзі де біреуді күтіп тұрған адамдай еді. Бірақ кім екенін білмейтін. Қозғалуға аяғы емес, әлдебір көрінбейтін нәрсе жібермей тұрғандай, сол күйі қала берді.
Тату-тәтті басталған шаңырағы ортасынан түскен. Екі жастың адам қызыққандай көрінген отбасы аз ғана уақыттың ішінде адам сенбестей күйреп, ажырасып та үлгерді. Үйге келгенімен, Айқыз кең үйге өзі сыймай жүрді. Сары ауруға шалдыққан кісідей күн өткен сайын шаршауы көбейді. Бұлт үйіріліп төбесіне қонғандай болатын.
«Шаңырағым не болды?» деп ішіндегі запыранды төгіп, ақтарылғысы келетін. Бірақ, шыққан сөзінің бәрі жауа алмай қалған жаңбырдай тамаққа кептеліп қалатын.
— Қой, рас па? - деумен басын шайқап, өзгелер кете баратын.
Жөтелгені сезілетін алақандай ауыл іші сол әңгімені бір күнде естіп үлгерді. Көпшілік аңтарылып қалды сонда.
Ал Айқыздың түнімен ұйқысы қашты. Таңға жақын ғана жарты сағаттай қалғып кеткен. Оянғанда басы ауыр, денесі дел-сал еді.
Күні бойы көшелермен жүріп өтті. Бірақ қайда бара жатқанын өзі де білмеді. Тек Нина кемпірдің сөзі қайта-қайта есіне түсе берді:
«Жер сені көтере алмай тұр».
Айқыз осы сөзге алғаш рет күмәнмен қарады.
Әй, алақандай ғана қалашық емес пе еді бұл? Оның өзінде екі зауыт бар. Екі зауыттың жиырмаға жуық бөлімі, бес жүзге жуық жұмысшысы бар. ГРЭС-і тағы бар. Ұн комбинаты бар. Аспанға шаншылған биік мұнаралары тұр.
Сол мұнараларды көтеріп тұрған жер қалайша бір адамды көтере алмайды?
Кеше ғана мыңдаған тонна темірді, ауыр машиналарды, қап-қап ұнды, түтінін аспанға шығарып тұрған зауыттарды көтеріп жатқан қара жер бүгін мына иін ағаштай қушиған денеге келгенде әлсіз болып қалғаны ма?
Айқыз тоқтап қалды.
Аяғының астындағы жерге қарады. Қарапайым ғана жер. Кеше де осы жер болатын. Бүгін де сол жер. Бірақ, Нина кемпірдің сөзінен кейін оның өзі де басқа нәрсеге айналып кеткендей. Айқыз сәл еңкейіп, алақанын топыраққа тигізгісі келді. Дегенмен, батылы жетпеді.
«Мүмкін, Нина әжей дұрыс айтқан шығар...»
Осы ой келгенде, артынан тағы бір ой еріп келді.
Егер жер мені көтермесе, мен қайда барамын?
Айқыз алғаш рет өзінің осы қалашықта жүргенін емес, осы қалашықтың үстінде қалай әзер ұсталып тұрғанын сезінді.
Қалашық болса, ештеңе болмағандай, түтінін аспанға шығарып, мұнараларын көкке шаншып, мыңдаған адамның салмағын үнсіз көтеріп тұрды. Ал Айқызға келгенде ғана оның қара жері бір сәтке күмәнданып қалғандай еді.
***
Қалашықта елестей бір аңыз тарады. Тақия киген, түрі адамға онша ұқсамайтын бір жас бала ел аралап құмалақ ашады екен. Айтқаны айнымай келеді.
Алғашында оған ешкім сене қоймады. Қалашықта қауесет көп еді. Біреу таңертең бір нәрсе айтса, кешке қарай оның жанына тағы үш нәрсе қосылып кететін.
Бірақ, бір күні әлдекімнің баланың айтқаны дәл келді деп шұрқырағаны бар. Содан кейін тағы біреудің тағдыры оның алдына жайылған құмалақтардың арасынан табылды. Үшінші адам баланың айтқанын естігенде, үйіне барып, көп жыл бойы ұмытқан бір сырын есіне түсірді. Содан кейін жұрт балаға сене бастады. Ал көп ұзамай оны адамдар іздеп жүрді.
Бірақ, тақиялы бала қай жерде пайда болса да, жұрт жеткенше жоқ болып кететін. Оның жүрген жерінде көбінесе топыраққа басылған кішкентай аяқтың ізі есте қалатын.
Бір күні екі қыз мұнтаздай киініп, осы Хожеліге жол тартты.
Каналдың жағасы баяғыдан базар еді. Бұл шаһардың базары ешқашан толық ұйықтамайтын, күндіз адамға, түнде өсекке толатын. Каналдың қара суы жағалаудағы дауыстарды алып, қалаға қайтадан басқа үнмен ағызып жіберіп жататын.
Сол күні канал бойында кішкентай аяғы болғанымен, өзі аюдай арсалаңдап, ұзын қара адам келе жатты. Оның соңынан жиырма шақты адам жүгіріп келеді. Біреуі де оны қуып жетпейді.
Қыздар алыстан-ақ таныды.
Осы кісі ғой.
Екеуі де жүгіріп жүрген жиырма адамның арасына кіріп кетті. Тақиялы бала бір кезде тоқтады. Артынан ерген жұрт та бірінен соң бірі тоқтады. Базардың дауысы сол сәтте алыстап кеткендей болды.
Бала жерге отырып, түйіншегін шешті. Ішінен құмалақтарын алды да, алақанына салып, жерге шашты. Құмалақтар қара жерге түскенде, әлдебіреулер олардың дыбысын естігенін, әлдебіреулер естімегенін кейін талай уақ айтып жүрді.
Бала ұзын бойлы, аппақ қызға қарады.
— Келін келеді, - деді.
Аппақ қыз күліп жіберді.
Бала оған біраз үнсіз қарап тұрды.
— Сен үйден шыққанда екеуді ойлап шыққансың ба еді?
Қыздың күлкісі бірден өшті. Ол жауап бере алмады. «Сен үйден шыққанда екеуді ойлап шықпап пе ең?» - дегені — аға-жеңгеңді ойлап шықпап па ең дегені. Қыздың үлкен ағасы ішімдікке тойып алып, томаршадай әйелін доп тепкендей ұрып соғатын. Кейде ата-енесіне жылап келеді. Қашанғы таяққа шыдасын? Жалдамалы пәтер алып, кетті де қалды. Анасы мен екеуінің ойы бір жерден шығып, Хожелідегі тақиялы балаға болжатуды ойлады. Ішке бүккен айтылмайтын әңгімесі. Қыз амалсыз аүліп басын шайқады. Өз бақытын бір сәт ойламапты. Ағасының балалары соқталдай жігіт болып қалды. Тентіреп пәтер мен пәтер қалай күн көреді? Шүкір, «келін келеді» деген бір ауыз сөзді шешесіне айтқанша асығып тұрғаны. Аппақ қыз іштей шүкірін айтып, үндемеді. Әттең, өзін де бір сәт ойлауы керек пе еді? Бір қуаныш, бір өкініш бар.
Тақиялы бала екінші қызға бұрылды. Ол — Айқыз еді.
— Мінезді қызсың. Айтқаным болмады деп теріс қарап жатып қаласың.
Қыздың жүзі алауыртқан жапырақтай өзгерді.
— Қиындық... - деді бала құмалақтарға қарап отырып. — Ізі жақсылық.
Сосын құмалақтарын қайта жинауға кірісті.
— Екеуің кете беріңдер. Басқа айтарым жоқ өздеріңе.
Қыздар бір-біріне қарады. Айқыз тағдырының тегістеу жерінен гөрі шұқыры көп екенін енді ғана пайымдағандай болды. Көңілі шөгіп кеткен еді. Бір кезде адамның тағдыры да жердің өзі сияқты екенін ойлады. Қарасаң, біреуіне тегіс жол тиеді, біреуінің аяғы үнемі шұқырға түседі.
Айқыз кетуді ойлады. Қайда баратынын білмеді. Тек осы жерден алыстағысы келді. Жердің шетіне жетіп, бір жерге қоныс тепсе ғой, шіркін. Ешкім танымайтын, ешкім оның өткенін сұрамайтын, ешкім «жер сені көтермей тұр» демейтін бір жер болса екен. Сонда бәлкім, аяғының астындағы топырақ та оны бөтенсімей, көтеріп тұрар еді.
Олар кетіп бара жатқанда, арттарынан ешкім шақырмады. Тек олардың үнін сіңірген каналдың суы ғана баяу ағып жатты.
Кейін қалада сол күн туралы әркім әртүрлі айтты. Біреулер баланың бәрін алдын-ала білгенін айтты. Біреулер қыздардың өздері оның сөзін кейін шындыққа айналдырғанын айтты.
Екі қыз екі түрлі ойды арқалап, ауылға қайтты.
Көп ұзамай екеуі де өз іштерінде бір шешімге келгенімен, ол шешімнің салмағы бірдей болған жоқ. Көптің ішінен үнсіз суырылып шықты екеуі. Жағалай дүкен аралауға Аққыздың зауқы болмады. Айқыз да үйге қайтуға асықты. Аққыз ауылда қалды. Оның кейінгі тағдыры бізге беймәлім. Кейбір адамдардың өмірі дәл осылай бір жерден кейін әңгімеден түсіп қалып, өз алдына үнсіз жалғаса береді.
Ал Айқыз көп өтпей, арқаланып, чемоданын көтеріп, Айқыз пойызға отырды. Ауылдан ұзай берген сайын артында қалған үйлер кішірейіп, адамдардың дауысы желге араласып жоғала берді. Ол артына бір-ақ рет қарады. Сосын қарамады.
Көп жүріп, қазаны қайнап жатқан Қызылсуға келді.
Қызылсу сол күні әдеттегіден де қызыл көрінді. Су емес, әлдебір баяғыдан бері қайнап жатқан қазан секілді еді. Жағасында адам қарасы қалың, ауада түтін мен майдың иісі араласатын.
Айқыз сол өңірге ұзақ жүріп жетіп тоқтады. Ол Қызылсудың жағасында тағдырының келесі тарауы басталатынын әлі білмейтін.
Айқыз Күйіккөпірді қимай кетті.
Күйіккөпір таулы, суы тұнық, шұрайлы жер еді. Алақандай ғана болғанымен, егін шаруашылығы бар, құс өсіретін. Ірі қарасы көп болмаса да, қорасы ешқашан бос тұрмайтын. Өзінің қой-ешкісі жеткілікті.
Ол жер Айқызға аз көрінбейтін. Адам туған жеріне үйренген сайын оның кеңдігін жер өлшемейді, жүрек өлшейді.
Бірақ бір күні ойламаған жерден, түс көргендей, оның жолы Қызылсуға түсті. Қызылсу – Күйіккөпірден мың бір жүз шақырымдай қашықтағы Маңғыстаудың Қарақия ауданындағы елді мекен еді. Бұл жер Айқызға мүлде бөтен де емес болатын. Аға-жеңгесі жұмыс бабымен осы жаққа барып, он шақты жылдың ішінде үлкен үйдің иесі болған. Содан бері Қызылсу олар үшін жай ғана қоныс емес, құтты мекенге айналған.
Айқыз жолға шыққанда, сонау Әмудәрия ауданындағы сілейіп тұрған Күйіккөпірдің таулары артында қалды.
Ол туған жерінен ғана алыстап бара жатқан жоқ еді. Өзінің бұрынғы өмірінен де біртіндеп ажырап келе жатқан. Ал алда — мың бір жүз шақырымдай жерде — Қызылсу тұрды. Ол кезде Айқыз Қызылсудың өз тағдырында әлдеқашан дайын тұрғанын бірден байқамаған.
Шекара асып келген Айқыздың көрмегені жоқ. Құжаттың шаруасы бір бөлек еді, бітпейтін істей көрінді. Кейде «Хожелі қайдасың?» деп айғайлап, пойызға отырып кете салғысы келетін. Бірақ, қайтуға намыс жібермеді: «Өз жерім қабылдамады деп, өзгеге қалай айтамын? Көптің бәрі жаман емес қой. Шыда. Шыдай тұр».
Ақыры, қағаз шаруасы бітті. Жұмысқа да орналасты. Үйдің кезегіне тұрды. Жалақысы пәтерақысы мен азық-түлікке де жетіп тұрды.
Бір кемісі — тәуірді іліп, шыттай киініп жүре алмайтын. Үш айда бір жиналған азын-аулақ ақшасы емге, дәріге кетіп қалатын. Жалғыз өзі еді. Оның үстіне көзінің ағы мен қарасындай жалғыз сырқат балапаны бар. Айқыз кейде баласына қарап отырып, адам баласының бар байлығы бір ғана әлсіз тынысқа байланып қалатынын ойлайтын. Кімнің алдын орап кетті екен? Ол мұны біле алмады.
***
Мұғалімдер бөлмесі. Бәрі сабақ кестесіне үңіліп, әркім өз атының тұсынан сабақ іздеп жатқан. Сол кезде үлкен апай кіріп келді.
— Менің жүз теңгем жоқ. Вот, жаңа ғана бар еді, - деді ол.
Аңырап тұрды. Өзі де не болғанын түсінбегендей, жан-жағына таңырқап қарады.
Айқыз сабаққа ертерек келген. Мұғалімдер бөлмесінде отырғанына бір сағаттай болған. Өкінді. Ақталғысы келмеді. Кірпідей жиырылып, көппен бірге тарады. Соңғы сабақтан шаршап шықты. Дәптерлерін қою үшін Аланованың кабинетіне бұрылды. Шкафтың есігін ашып, дәптерлерін тақтап қойып, шығып келе жатқанда:
— Сен менің кофемді үйіңе алып кетіп, ішпедің бе?
Төбені бұзып, тасқын су құйылып кеткендей болды. Алмагүлдің сөзі құлағын бітеп, Айқыздың басын айналдырып жіберді.
— Аштан өлсем де, кісінің затын алмаймын, - деді ол.
Жүзі қарайып кетті. Тынысы тарылып бара жатты. Құламай, сүрінбей пәтеріне әрең жетті де, шалғайда қалған байғұс анасына өкіріп шағым айтты. Анасы үнсіз тыңдап алды.
— Бір жаман иттің болғаны ғой. Қасына қабаған мен тістейтінді жинаған. «Мен кезбеймін, несібем кезеді» деген сөзді білмейді ғой. Абай болғайсың. Ала таңнан екі қолым дұғада болады. Ойлағандары болмас. Бұның ахиреті өзіне жаман, - деді. — Жаманның аяғы — алтау. Жаныңды тістелеп жейтін аш күзендей болады.
Анасы осыны айтқанда, Айқыздың алдында әлдебір көрінбейтін жаратылыс қозғалып кеткендей еді. Ол жұмысты қалай тапқанын да ұмытпады.
Ұзын дәліз бойында отызға жуық адам жұмыс сұрап, қолындағы ақ қағаздарын құшақтап тұрған. Бірінен соң бірі жұмысқа орналасып жатты. Жалғыз Айқызға жұмыс жоқ.
Ботадай боздап, басқармаға келді.
— Жұмыс беріңдер. Жалғыз балам сырқат. Менің кісіге берерім жоқ. Менде ақша болмайды.
Отырған алты әйел жалт қарады.
— Қой, ақша дегені несі? Қайдағыны айтады екенсіз? Сіздің елде болмаса, бұл жерде жоқ, - деді суық жүзді бастық әйел.
— Бір ай болды. Бәрі жұмыс алып кетті. Жалғыз мен қалдым ғой дәлізде.
Алты әйел бір-біріне қарады. Үнсіз отырды.
— Минаға жіберіңдер, - деді үлкен бастық.
Айқыздың жаны үзілердей болды. Діңкесі құрып, сұрап алған жұмысы емес пе? Бір жаманның сөзі болмаса, қайтерсің? Көнесің ғой. Уақыт жылжып өте берді.
Саусақ шошайтып, ыммен көрсетер бір жаман жиырманы жанына топтайды. Салқындық көшпеді. Айқыз жалтақтап қарайды. Жағынып сөйлеп те бақты. Жоқ. Ыстық леп еспеді.
Мектеп үлкен еді. Ұзын дәлізі бар. Шаршап келіп отырған бойы, жанына Нұрсәуле келді.
— Менің термосым жоқ, - деді.
Айқыз таң қалды. Тыңдап отырды. Ләм-мим жақ ашпады.
— Әй, еден жуушыдан сұрап көрмейсің бе, - деді Гүлсара.
Айқыз атылуға шақ қалды. Шыдады: «Шыдайын. Шыдайын».
Күн суық еді. Ызғар. Асығыс кабинетке жету үшін баспалдақпен көтеріліп келе жатты. Сол жерде Гүлсара мен Қамаш тұр екен.
Қамаш тұра берді. Гүлсара мен Айқыз кабинетке қарай бұрылды.
— Гүлсара, кабинетке қарайсың ғой, - деді Қамаш басын изеп.
Сол бір ауыз сөз тамағын буындырып, қысып бара жатқандай болды. Ауа жетпей, қызарып кетті. «Бір күні осы кең дәлізге екеуміз сыймай кетеміз-ау». Жол бойы Қамаштың жаңағы сөзі құлағының ішінде жаңғырып тұрды. «Ақыретін ойламағаннан қорық», - деуші еді анасы. Тас лақтырып, абыройын айрандай төгіп, өзі масайып жүрмек қой. Көреалмаушылық адамға не істетпейді. Жүйкесі сыр бере бастады. Жаны қысылды. Қалдыбикеге арыз жазып, кабинетіне барды. Алмагүлді шақырды.
— Көңіліне алған ғой, - деді ол.
Сіңілісі болған соң, әңгімені сыртқа шығармауға тырысты. Айқыз жылап, сөзін тыңдайтын адам таппай, қиналып шықты. Түк болмағандай, дәліз үнсіз жатты.
Әулиенің басына барды.
— Мені қылмыскер қылу үшін барын салды. Жүрегім қырық жамау. Жүрегім ауырды. Мен алмадым. Ант етейін.
Талып жылап, қара жерді құшты.
Күн ара бізді бүйірден сұққандай, ащы жараның көгерген орны кетпей қойды. Қамаш сауысқандай сақылдап жүрді.
***
Кішкентай автобус. Автобустың іші иін тірескен, қарайған адамдарға толы. Алдағы аялдамада түсетіндер қозғала бастады. Сол кезде Қамаштың қарлыққан даусы шықты:
— Сөмкелеріңді қараңдар-әй, - деді зілді дауыспен.
Аялдамадан түскен үш қыз жан-жағына қарады. Айқыз қолайсыз күйге түсті. Жанындағы Ғалия мен Салтанат бұрыннан жұмыс істейтін. Сонда қалай? Маған тиісті айтылған сөз бе? Қалай сонда? Ол Ғалияға қарамады. Автобустан түскен соң ағыл-тегіл ыстық жасты сүртіп, төртінші қабатқа сүйретіліп әрең көтерілді.
***
Бір жеті бұрын түс көріп, оны көпке айтқанша асығып, мәз болып жүрген еді. Бір қап алтынға айырбастамайтын түс еді ғой. Тіс жарып айтуға да болмайтын, жел-көзден қызғанатын түс болатын. Түсінде Алмагүл мен Қамаш, Айқыз үшеуінің тойы бір күнде екен. Жиылған қатындардың бастары қатып, үш тойдың қайсысына барамыз деп абдырап тұрды.
Айқыз алғашында айтпайын деп шыққан. Бірақ, отырғандарды қуантқысы келіп, тоқтамай сөздің басын ағытып жіберген.
Содан бері ұйқысы ұрланды.
Түнді күзетіп, Айқыз отырды. Таң ба, түн бе — білмейді. Бір кезде терезеден үлкен, аппақ шал кіріп келгендей болды.
— Көп қайталадың, айтып қойдың. «Түсті саттым суға» деймісің? Үшеудің бірі — өзіңсің ғой.
Айқыз есеңгіреп қалды.
— Саттым Сізге. Қайтарып алыңыз. Дәлізде жүрейік. Қашанғы соқтығысып соға береміз?
Түсім бе? Жоқ, өңі ме? Айыра алмады. Аппақ шалдың жүзі көз алдында тұрды. Бірақ, таң ата бере оның жүзі де, даусы да түннің ар жағында қалып қойғандай болды.
Таң атты. Айқыз апыл-ғұпыл жүріп кетті. Қатты өкінді. Түсін неге айтқанын енді ғана түсінгендей еді. Той болып, үш қыз үш тарапқа кетер еді ғой. Бұлай олардың бір аптадан бергі масқаралануына ұшырамай-ақ... Әттең...
Ақкүрең Бақыт
