Жанат Жаңқашұлы поэзиясындағы параллелизм айшықтары

Қазіргі қазақ поэзиясында да психологиялық параллелизмнің көркемдік мүмкіндіктері кеңейіп келеді. Дәстүрлі үлгіде табиғат пен адам сезімі қатар суреттелсе, бүгінгі ақындар бұл тәсілді қоғамдық, философиялық, ұлттық және моральдық мәселелерді танытудың құралына айналдырып отыр. Жанат Жаңқашұлының поэзиясындағы параллелизм де осы арнадағы өзіндік ізденістерімен назар аудартады. 

98

Жанат Жаңқашұлы поэзиясындағы параллелизм айшықтары - adebiportal.kz

Қазақ поэзиясының көркемдік ойлау жүйесінде табиғат пен адамды қатар алып суреттеу, сыртқы құбылыс арқылы ішкі сезімді таныту дәстүрі тереңнен тамыр тартады. Халық ауыз әдебиетінен бастау алатын бұл тәсіл жазба әдебиетте жаңа мазмұндық және эстетикалық сипаттарға ие болып, психологиялық параллелизмнің көркемдік жүйесіне ұласты. Табиғат құбылысы мен адамның жан дүниесін егіздеу арқылы ақын өз сезімін тікелей баяндаудан гөрі, оны сыртқы әлемнің бейнесі арқылы танытады. Осы тұрғыдан алғанда, параллелизм – жай ғана екі құбылысты қатар қою емес, олардың арасындағы ішкі мағыналық үндестікті ашатын поэтикалық ойлау тәсілі.

Қазіргі қазақ поэзиясында да психологиялық параллелизмнің көркемдік мүмкіндіктері кеңейіп келеді. Дәстүрлі үлгіде табиғат пен адам сезімі қатар суреттелсе, бүгінгі ақындар бұл тәсілді қоғамдық, философиялық, ұлттық және моральдық мәселелерді танытудың құралына айналдырып отыр. Жанат Жаңқашұлының поэзиясындағы параллелизм де осы арнадағы өзіндік ізденістерімен назар аудартады. Мақалаға ақын Жанат Жаңқашұлының Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында жарияланған «Сұр қаншық», «Балыққа барғанда», «Балықты арбау жыры», «Бозторғай», «Чикуахуа», «Түнгі елегізу» сынды табиғат пен адам жадын сабақтастыратын лирикалық жырлары арқау болды.

Жанат Жаңқашұлы поэзиясындағы басты ерекшелік – табиғаттағы немесе жануарлар әлеміндегі құбылысты адамның ішкі күйімен ғана емес, қоғамдық сана, ұлттық тағдыр, еркіндік, адамгершілік және тарихи жады мәселелерімен сабақтастыра білуі. Ақынның Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында жарияланған өлеңдерін оқығанда, оның поэтикалық әлемінде табиғат, жануарлар дүниесі, уақыт, адам жаны мен тарихи сана бір-бірінен алшақ тұрмайтыны байқалады. Ақын көбіне қарапайым ғана бір образды алып, оның мағыналық аясын біртіндеп кеңейтеді. Сөйтіп бастапқыда нақты зат немесе табиғат құбылысы болып көрінген образ өлеңнің ішкі даму барысында адамның жан дүниесін, өмірлік тәжірибесін, қоғамдық шындықты немесе философиялық ойды танытатын символдық деңгейге көтеріледі. Бұл тұрғыда ақын параллелизмді қолдану барысында дәстүрлі тәсілді қайталамай, оның семантикалық мүмкіндігін кеңейтуге күш салады. Мәселен, «Балыққа барғанда» өлеңіндегі балық образына назар аударсақ, ақын оны жай ғана табиғаттағы тіршілік иесі ретінде қалдырмайды:

Ақ балық алынбаған арманыңдай,

Алдайды айдалада аунап түсіп, - 

деп балық пен арманның арасындағы параллельдік сыртқы ұқсастыққа емес, олардың адам үшін қол жетімсіздігін меңзейді. Балық – қолға түспейтін нақты нысан болса, арман – адамның рухани ізденісінің, үмітінің, мақсат-мұратының нысаны. Осы екі ұғымды бір кеңістікке әкелу арқылы ақын қарапайым балық аулау көрінісін философиялық ойға айналдырады. Яғни параллелизм мұнда психологиялық күйді білдірумен шектелмей, адамның өмірлік арманын пайымдайтын метафоралық жүйеге айналған.

Жанат Жаңқашұлының «Сұр қаншық» өлеңінде параллелизмнің эмоционалдық және психологиялық қуаты ерекше байқалады. Өлеңнің негізгі кейіпкері – күшіктерін асырай алмай қиналған қаншық. Алғашқыда бұл – тіршілік үшін арпалысқан жануардың тағдыры ретінде көрініс берсе, ақынның суреттеуінде қаншық бірте-бірте аналық мейірімнің, жоқшылықтың, тіршілік күресінің және шарасыздықтың символына айналады:

Санасында түмен күшік қыңсылап,

Тас емшегін тартқылайды шымшылап.

Мұндағы «тас емшек» тіркесі қаншықтың тәндік күйін ғана емес, тіршіліктің қаталдығын, жоқшылықтың салмағын сезіндіреді. «Түмен күшік» пен «тас емшек» бір-біріне қарама-қарсы тұрғандай көрінгенімен, олардың астарында аналық жауапкершіліктің ауыр салмағы жатыр. Осы арқылы жануардың сыртқы күйі мен оның ішкі жан дүниесі қатар ашылады.

Жілігіне май құяды бір үміт,

Жүрегінде шайлығады бір сұрақ, - 

деген жолдарда авторлық параллелизм одан әрі күрделене түседі. Жануарға адамның ойлау, үміттену, сұрақ қою сияқты психологиялық категориялары беріледі. Ақын осы тәсіл арқылы жануар тағдырын адам тағдырына жақындатады. Қаншықтың бойындағы тіршілік үшін күрес оқырманға адам өміріндегі үміт пен шарасыздықты қатар сезіндіреді. Ал өлеңнің «Түн де батты сұр қаншықтай қансырап» деген түйінді жолы параллелизмнің кеңістігін мүлде өзгертеді. Енді қаншықтың жеке трагедиясы табиғаттың жалпы трагедиялық күйімен астасады. Қаншық қансырайды – түн де қансырайды. Жануардың тағдыры мен табиғаттың ахуалы бір-біріне айналып кетеді. Бұл жерде параллелизм сыртқы ұқсастықтан философиялық тұтастыққа көшеді. Ақынның көркемдік ізденісінің мәні де осында: ол табиғатты кейіпкерге ұқсатумен шектелмей, кейіпкердің қасіретін табиғаттың жалпы трагедиясына айналдырады.

Жанат Жаңқашұлының параллелизмді әлеуметтік-философиялық деңгейге көтеретін шығармаларының бірі – «Бозторғай». Мұнда құс пен адам, бозторғайдың тағдыры мен ұлт тағдыры қатар қойылады: «Сен қазақ құсап Бостандық жайлы ойладың ба екен?» Осы сұрақ өлеңнің идеялық әрі композициялық өзегіне айналған. Бозторғайдың еркіндікке ұмтылысы, ұясының бұзылуы, балапандарына қауіп төнуі – адамның, ұлттың басынан өткен немесе өтіп жатқан жағдайлармен астасады. Әсіресе «Сен өз тіліңде шырылдағанда, өз туысың ұғынбағанда» деген жолда құстың өз тілінде сайрауы мен адамның ана тілінде сөйлеуі қатар қойылады. Бұл жерде параллелизмнің табиғаты түбегейлі өзгереді. Ол енді адамның жеке психологиялық күйін ашатын тәсіл ғана емес, ұлттық сана, тіл, еркіндік мәселелерін қозғайтын әлеуметтік-философиялық категорияға айналады.

Бозторғайдың шырылы мен адамның өз тілінде сөйлеуі арасындағы параллельдік арқылы ақын оқырманды тілдің табиғаты туралы ғана емес, өз болмысы мен өз үнін сақтау мәселесі туралы ойлануға жетелейді. Құс тағдыры арқылы ұлт тағдырына өту – образдық масштабтың кеңеюі. Сондықтан «Бозторғайдағы» параллелизмді ақын поэзиясындағы әлеуметтік ойды астарлап жеткізудің бір көрінісі деп бағалауға болады.

Жанат Жаңқашұлы параллелизмді адамгершілік өлшемді айқындаудың құралы ретінде де пайдаланады. «Чикуахуа» өлеңіндегі адам мен жануардың мінез-құлқын салыстыру – осының дәлелі. Көзі көрмейтін кемпірге қанден иттің қамқорлық жасауы мен оның өз балаларының анасына жеткілікті мейірім көрсете алмауы шығармадағы негізгі қарама-қайшылықты қалыптастырады.

Ақын:

Ит түйсігі айтады: ене сүймей,

Өскен жігіт қалайша елін сүймек? – 

деп, адамдық қасиетті жануардың әрекеті арқылы өлшейді. Бұл жерде ит – жай ғана кейіпкер емес, моральдық өлшем. Адамға тән деп қабылданатын мейірім, адалдық, қамқорлық қасиеттері жануар бойынан көрінеді де, керісінше, адам кейіпкерлері сол қасиеттерден ажырап қалады. Өлең соңындағы:

Сол кемпірдің қанден ит – қолқанаты,

Сол кемпірдің ұл-қызы – ергежейлі! – 

деген антитезалық параллелизм шығарманың идеялық түйінін айқындайды. Хайан десек те кішкентай ит моральдық тұрғыдан биік тұр, ал адам бейнесіндегі кейіпкер  рухани жағынан «ергежейлі» күйге түскені анық. Мұндай қарама-қарсылық оқырманды адамдық қасиеттің сыртқы өлшеммен емес, әрекетпен анықталатыны туралы ойға жетелейді.

Ақынның параллелизмді қолдану аясында табиғат пен уақыттың сабақтастығы да маңызды орын алады. «Түнгі елегізу» өлеңінде параллелизмнің психологиялық сипаты басым түседі:

Ұнжырғасы түскендей мына түннің,

Дәл осылай мен де үнсіз тұратынмын.

Түннің күйі мен лирикалық кейіпкердің күйі тікелей егізделеді. Бұл жерде табиғат сыртқы көрініс ретінде ғана алынбайды. Түн – адамның ішкі жалғыздығы мен үнсіздігінің көркем баламасы. Ай, жұлдыз, түн, түтін секілді табиғи детальдар лирикалық кейіпкердің ой ағымымен сабақтасып кетеді. Аққан жұлдыздың «қоқысқа атылған ақын қағазына» ұқсатылуы да тосын образдық параллельдік тудырады. Мұндай шешім ақынның қалыптасқан табиғат суреттерін қайталаудан гөрі, оларға күтпеген психологиялық және метафоралық мағына жүктеуге ұмтылысын танытады.

Осы мысалдардың барлығы Жанат Жаңқашұлының параллелизмді бірнеше қабатта қолданатынын көрсетеді. Бір жағынан, оның өлеңдерінде дәстүрлі психологиялық параллелизмнің белгілері бар: табиғат пен адам көңіл күйі егізделеді, сыртқы құбылыс арқылы ішкі сезім беріледі. Екінші жағынан, ақын осы дәстүрлі тәсілдің аясын кеңейтіп, жануарлар әлемін, уақытты, заттық детальдарды, тарихи және ұлттық сананы біртұтас поэтикалық жүйеге енгізеді.

Оның параллелизміндегі басты ерекшелік – образдардың бір мағыналық шеңберде тоқтап қалмауы. Балық – балық болып қана қалмайды, ол – қолға түспеген арманға айналады. Бозторғай – құс болумен шектелмей, еркіндік пен ұлттық үннің символына көтеріледі. Сұр қаншық – жануар ғана емес, аналық қасіреттің, тіршілік күресінің бейнесі. Чикуахуа – адалдық пен адамгершіліктің өлшеміне айналады. Ал түн – адамның ішкі жалғыздығының көркем бейнесіне айналады. Демек, ақынның көркемдік ізденісі параллелизмнің сыртқы құрылымын қайталаудан емес, оның ішкі мағыналық мүмкіндігін кеңейтуден көрінеді. Бұл ретте параллелизм ақын поэзиясында композициялық қызмет те атқарады. Қайталама жолдар, сұрақтар мен қарама-қарсы образдар өлеңнің ырғақтық және мағыналық тұтастығын қамтамасыз етеді. «Уа, бозторғай...» тәрізді қайталамалар немесе «Ал қап балық, қап балық...» секілді рефрендік құрылымдар өлеңнің эмоционалдық қуатын арттырып қана қоймай, негізгі образдың идеялық салмағын күшейтеді. Сондықтан Жанат Жаңқашұлының поэзиясындағы параллелизмді бір ғана психологиялық тәсіл аясында қарастыру жеткіліксіз. Оның өлеңдерінде параллелизм – ақындық дүниетанымды ұйымдастыратын көркемдік ұстаным. Ол табиғат пен адамды, жануар мен адамды, өткен мен бүгінді, жеке тағдыр мен қоғамдық шындықты бір-бірімен сабақтастырады. Ақынның параллелизмді дамытудағы өзіндік жаңалығы да осы тұстан көрінеді. Ол дәстүрлі егіздеуді дайын поэтикалық қалып ретінде пайдаланбайды. Керісінше, оның мағыналық аясын кеңейтіп, параллель қойылған екі нысанның арасынан үшінші, одан да терең мағына туындатады. Балық пен арманның арасынан – қолжетпестік, бозторғай мен қазақтың арасынан – еркіндік пен ұлттық сана, қаншық пен түннің арасынан – жалпыадамзаттық қасірет, ит пен адамның арасынан – адамгершілік өлшем көрінеді. Бұл ерекшелік ақын поэзиясындағы параллелизмді дәстүрлі көркемдік тәсілдің жай жалғасы емес, оның қазіргі поэтикалық ойлау жүйесінде жаңаша түрленген үлгісі ретінде бағалауға мүмкіндік береді.

Жалпы, Жанат Жаңқашұлының Facebook әлеуметтік желісінде жарияланған жырларына сүйеніп жасалған бұл талдау ақын шығармашылығында параллелизмнің елеулі көркемдік жүйе екенін көрсетеді. Оның поэзиясында параллелизм табиғат пен адамды егіздеудің дәстүрлі үлгісінен басталып, психологиялық, символдық, антитезалық және әлеуметтік-философиялық деңгейлерге дейін өрістейді. Ақынның басты ізденісі – дәстүрлі көркемдік тәсілді қайталау емес, оның мүмкіндігін кеңейту. Ақын поэзиясында параллелизм адамның ішкі әлемін ашудың, қоғамдық шындықты астарлаудың, ұлттық ойды жеткізудің, адамгершілік өлшемді айқындаудың және философиялық түйін жасаудың тиімді құралына айналған.

Жұпар Жақан,

Қарағанды облысының тілдерді дамыту

 жөніндегі басқармасы жанындағы 

Ресурстық тіл орталығының бөлім меңгерушісі, п.ғ.м.

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan