Жоғалмаған жады
Иә, естелік те уақыт өткен сайын жоғалады. Мысалы, бүгін бір әженің немесе атаның айтқан әңгімесін «кейін жазып алармыз» деп жүре берсек, ертең оны сұрайтын адам да, жауап беретін адам да қалмауы мүмкін. Фотосуреттің артындағы адамның аты ұмытылады. Сондықтан мұндай кітаптардың құндылығы жыл өткен сайын арта түседі. Қазір ол бір ауылдың тарихы болса, елу жылдан кейін сол ауылдан тараған адамдар үшін отбасылық архивке, тарихи дерекке, тіпті ұрпақтың өзін тану құралына айналады. Ол кітаптар бір жағынан өткенді түгендесе, екінші жағынан «біз кімбіз, қайдан келдік?» деген сұраққа жауапты сақтайды.
Оралдық ғалым, педагогика ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор Светлана Бахишеваның «Туған ауыл» кітабы жарық көрді. Тарихи-танымдық жағы бар және өткенге, еңбек адамдарына тағзымы көрінген бұл кітапты жай бір «ауыл туралы кітап» деп қана қарау аздық етеді, өйткені мемлекеттік құжаттардан, оқулықтардан оқитын ұжымдастыру, қуғын-сүргін, соғыс, шекара саясаты секілді ірі оқиғалар мұнда нақты адамдардың тағдыры арқылы көрінеді. Тарихта болған оқиғалардың адам тағдырына қалай әсер еткенін түсіну үшін кейде бір әулеттің өмір жолы жайлы естеліктер ондаған архив құжатынан әсерлі болуы мүмкін. Өйткені архивте «көшу», «қоныстандыру», «шаруашылық құру» деп жазылса, естелікте оның артында қалған үй, туған жер, әке, шеше, бала, айырылған ағайын бар. Сондықтан кітап шағын кеңістіктегі үлкен тарихты көрсетеді деуге де болады.
Мысалы, кітапта кәсіби тарихшы Дариға Төлеуқайырқызының аузымен айтылатын мынадай мағлұмат бар: «Тарихқа көз жүгіртсек, 1905–1907 жылдардағы бірінші орыс төңкерілісінен кейін Ресей патшасы II Николай қарамағындағы П. Столыпинге шаруаларға жер беру мәселесін шешуді тапсырған. Осы саясат нәтижесінде көшпелі халықтың жері тартып алынып, орыс шаруалары Орта Азия мен Қазақстанға қоныс аударды. Қазақ жерінен қырық бес мың десятина жер алынып, бір миллион алты жүз мың орыс шаруасы орналастырылды. Бұл әділетсіздік қазақ халқының наразылығын күшейтіп, ұлт-азаттық көтерілістерге ұласты. Тарихшылардың айтуынша, патшалық Ресей кезеңінде қазақ халқы үш жүзден астам көтеріліс жасаған. Өлкетанушы Бадашев Өтеп ағайдың айтуынша, Оралдан Алғайға дейін әр жиырма-жиырма бес шақырым сайын орыстар қоныстандырылып, әр отбасына жүз түп жеміс ағашын отырғызу міндеттелген. Сол кезеңнен бері біздің өңірде Мартыново, Кулаково, Киров, Ермолчев, Буданчиков, Бубенец, Подтяжки, Карташово сияқты жер атаулары сақталып қалған…» Басқаны айтпағанда, өткен ХХ ғасырдағы қазақтың басынан кешкені, бір жерден екінші жерге көшіп-қонуының өзі мәжбүрліктен, мұқтаждықтан болғанынан хабардармыз ғой. Осылайша автор С. Бахишева тарихи деректерді, соғысқа қатысқандар, Ауған соғысына, Чернобыль апатына қатысқандар тізімін, фотоматериалдар және ауыл тұрғындарының естеліктерін жүйелеп ұсынған. Одан бергі шаруашылық, ет совхозы болып құрылуына байланысты мәліметтерді архивтен жинастырған.
Екіншіден, кітап ауылды тек сағыныш объектісіне айналдырып қоймайды. Мысалы, көбіне туған ауыл туралы жазғанда өткенді әдемілеп, «баяғының бәрі жақсы еді» деген ностальгия басым болып кетеді. Ал бұл кітапта табиғат, жер-су атаулары, шаруашылық тарихы, демографиялық және саяси өзгерістер, адамдар тағдыры қатар берілген. Сондықтан бұл тек сағыныш кітабы емес, дерекке сүйенген жады кітабы деуге болады.
Үшіншіден, автордың ауылдастарын өз әулетінің тарихын жазуға жұмылдыруы кітаптың өзінен де үлкен дүние сияқты. Өйткені мұнда автор жалғыз өзі тарих жазып отырған жоқ, ол ауылдың ортақ жадын оятқан. Бір адам әкесін, екіншісі анасын, үшіншісі атасын жазғанда, жеке естеліктер бір-бірімен тоғысып, тұтас ауылдың бейнесі пайда болады. Бұл жерде кітап жасаудың сыртында қоғамдық ынтымақтың шағын моделі тұр. Айтпақшы, кей әулет үшін мағлұматты келіндері бергенін көрдім. Бұл да бір ғанибет енді. Келген жұртына әбден сіңіп, кірігіп, сол әулеттің ары мен абыройына тер төгетін келіндер тек қазақта шығар. Әулет тарихын сақтаушы міндетті түрде сол әулеттің қаны болуы шарт емес. Кейде әулетке келін болып түскен әйел сол үйдің адамдарын, мінезін, тұрмысын, қуанышын, қиыншылығын кейінгі ұрпаққа жеткізетін ең маңызды адамға айналады. Ол қайын атасының әңгімесін, енесінің сөзін, күйеуінің балалық шағын біледі. Сондықтан келіндердің бұл іске араласуы қазақ қоғамындағы ұрпақтар арасындағы жадының қалай берілетінін де көрсетеді. Алдағы уақытта сондай келіндер бола ма, болмай ма, кім білсін…
Кітаптағы жердің табиғатына тоқталған жері назар аудартады. Баяғыда осы сипаттағы таныстыруды географиядан оқитынбыз. Жер бедері, климаты, суы… Өсімдіктер, құстар дүниесін бергенде суреттер қоса берілген, ол кітаптың тартымдылығын аша түседі. Жер-су атауларының мағынасы, бұрын және қазір деген салыстырулар тек сол жерге қатысты емес, жалпы өңір, облыс аймағының экологиялық өзгерісі де көрінеді. Табиғи орта өзгерсе, ауылдың кәсібі өзгерсе, адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасы да өзгереді. Сондықтан кітаптағы сор, су, өсімдік, құс, жер бедері туралы мәліметтердің өзі жай қосымша емес, белгілі бір уақыттағы экологиялық және мәдени ландшафттың құжаттамасы да.
Педагогика ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор Светлана Меңдіғалиқызы облысқа аты белгілі, білім беру саласына қосқан үлесі әжептәуір ұстаз. Сонау тоқсаныншы жылдары жаңаша бағыттағы білім-тәрбие әдістемесімен бірегей мектеп болған «Ақ ниет» гимназиясын басқарған педагог бұл кітапта да тек пен тәрбие ұғымдарын аша түседі.
«Кейде ауылдастарыңды, балалық шағыңды бірге өткізген жандарды кездестіріп қалғанда ауылдың әр үйі, адамдары, бала кезің, ата-анаң, достарыңның бейнелері санаңда жаңғыра кетеді. Дәл сол сәтте балалығыңа оралғандай тәтті күйге де енесің. Тіпті есейе келе ауыл тарихын қалай жаңғырта аламыз деген ой мазалайтын болды. Оны жалғыз адам орындай алмайтыны сөзсіз, сөйтіп, егер «әр отбасын өз тарихын жазуға шақырсам, әр әулет ата-бабасы туралы білгенін қағазға түсірсе, солардың бәрі бірігіп, туған ауылымыздың шынайы тарихын құрар еді» деген бір батыл шешім келді. Сөйтіп, бұдан алты ай бұрын, 2026 жылға қадам басарда ауылдастарыма өз әулетінің тарихын, әке-шеше, ата-әжелерінің өмір жолын, ауыл туралы есте қалған оқиғаларды қағазға түсіру жөнінде ұсыныс жасадым. Бір-екі сағатта ұсынысымды жан-жаққа таратып, лезде жерлестер тобы құрылғаны, сол топқа бәрі бір адамдай үлкен ризашылықпен қолдау білдіргені мені таң қалдырды. Шынымды айтсам, алғыстарын жеткізіп, өз тарихын жазуға ниет білдірушілер сондай көп болады деп күтпегем де… Аз уақыттың ішінде сол ауылда туып өскен жерлестерім Қазақстанның әр өңірінен, шетелден, әртүрлі қалалардан отбасы туралы естеліктерін жолдай бастады. Бірі өз әкесінің өмір жолын жазды, бірі анасының естелігін жеткізді, бірі атасының соғысқа барғаны туралы баяндады. Отбасылық мұрағаттардағы сарғайған фотосуреттерін ортаға салып, ұмытыла жаздаған есімдерді қайта жаңғыртты. Кітаптағы барлық географиялық ізденіс сол ауылда туып-өскен Аманкелді Меңдіғалиұлы деғен георграф бауырымның жұмысы, кітаптың ішкі-сыртқы дизайны да сол кісі түсірген суреттер негізінде құрастырылды», дейді автор, педагогика ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор Светлана Бахишева.

Иә, естелік те уақыт өткен сайын жоғалады. Мысалы, бүгін бір әженің немесе атаның айтқан әңгімесін «кейін жазып алармыз» деп жүре берсек, ертең оны сұрайтын адам да, жауап беретін адам да қалмауы мүмкін. Фотосуреттің артындағы адамның аты ұмытылады. Сондықтан мұндай кітаптардың құндылығы жыл өткен сайын арта түседі. Қазір ол бір ауылдың тарихы болса, елу жылдан кейін сол ауылдан тараған адамдар үшін отбасылық архивке, тарихи дерекке, тіпті ұрпақтың өзін тану құралына айналады. Ол кітаптар бір жағынан өткенді түгендесе, екінші жағынан «біз кімбіз, қайдан келдік?» деген сұраққа жауапты сақтайды. Бүгінгі қарапайым естелік ертең әлеуметтік тарих үшін де өте құнды материалға айналуы мүмкін. Қай үйде кім тұрды, нені кәсіп қылды, бір-біріне қалай көмектесті, қандай сөз қалды, қандай салттар сақталды, табиғаты қандай еді, жастары қайда кетті деген сұрақтардың жауабы ресми статистикада болмайды, ал осындай кітаптар сол олқылықтың орнын толтырады.
Ауыл демекші, осы Астана маңында «Родина» деген ауыл бар, Қызылорда облысында Нағи Ілиясов ауылы деген мақтаулы ауыл бар, Алматы облысы, оңтүстік облыстарында берекесі қашпаған, заманауи жаңарған ауылдар барын білеміз, бірақ олардың қатары сирек. Біздің өзіміз туып-өскен ауыл жайлы естелік жинап, осылай кітап жазып отырғанымыз да біздің ол кезеңге ешқашан оралмай, басқа өркениетке бұрылып бара жатқанымыздың белгісі шығар. Қазақтың көп ауылы мына уақытқа ілеспей, ескі жұртта қалды... Бірақ біз ескі ауылдарды жаңғыртуға дәрменсіз болсақ та, өткеннің естелігін жоғалтпау өз қолымызда ғой.




