Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Әділбек Ыбырайымұлы: Мен үшін жат дүние – шер деге...

20.06.2018 6499

Әділбек Ыбырайымұлы: Мен үшін жат дүние – шер дегенің...

Әділбек Ыбырайымұлы: Мен үшін жат дүние – шер дегенің... - adebiportal.kz

Әділбек Ыбырайымұлы – Қазақстан Жастар одағы сыйлығының, Халықаралық әдеби «Алаш», «Дарабоз» сыйлықтарының иегері, Қазақ хандығының 550 жылдығына орай өткізілген «Алаш тарихының ақиқаты» атты республикалық бәйгесінің жүлдегері, Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Азаттық аясында» атты республикалық жыр мүшәйрасының бас бәйге иегері.

«Пір мен пырақ», «Көктемсіз жыл», «Сүмбіле шуағы», «Ақ тамақ қарлығаштар» жыр кітаптарының, «Адам-айуан», «Ұяластар» романдары мен «Зауқайыр» роман-триллерінің, «Ақкекіл», «Мизам көк» хикаяттар пен әңгімелер жинақтарының авторы, белгілі қаламгер Әділбек Ыбырайымұлының жаңа өлеңдерін оқи отырыңыздар.

ШІЛТЕРДЕЙ ЖАПЫРАҒЫҢ ӘДІПТЕЛГЕН...

Мүк басқан ғажап ағаш,

Керім ағаш,

Көңілім –

Өңіріңнің зеріне мас.

Сұлудай сүдіні өзге

Қарқат көз,

Ой тастап кететұғын серіге оғаш...

Өмірдің өзі аялап,

Мәпелесін,

Білемін ықыластың –

Жат емесін.

Жасылдан

Камзол киген өндір өңді,

Бикені көз алдыма

Әкелесің...

Шілтердей

Жапырағың әдіптелген,

Сан тарау мені өзіңе

Алып келген.

Биязы

Бикелердей күлімдейсің,

Әдеппен

Өсіп-өнген тәліпті елден.

Мақпалдай

Үлдірейді мүкті іреңің,

Табиғат, сен не деген

Ұтқыр едің?

Сезімнің шырайына

Себезгілеп,

Әр берген бұталарың –

Тіпті, керім...

Көкейде

Сағыныштың бары мәлім,

Таратып айтпайыншы

Ары мәнін.

Жас иістің

Аттанғандай ауылынан,

Шіркін-ай,

Сені көріп жадырадым...

САРҒАЛДАҚТАР...

Ойда емес тауда өсетін,

Сарғалдақтар,

Сырыңды

Маған ғана барғанда ақтар.

Жайлауға келгенімде

Өліп-өшіп,

Жанымды

Асқақтағы

Арманға ап бар.

Қасаңдау көңілімді

Ерітті үміт,

Барасың нені ұқтырмай,

Нені ұқтырып?

Жолынан

Кез келгеннің кездеспейсің

Аңқыған

Жұпарыңмен еліктіріп.

Жерұйық

Төріндесің жан баспайтын,

Жүзіңді

Мен көремін алғашқы айқын.

Елітіп буынды алған

Сезімге еріп,

Сары алтын өңір де өзің жамбастайтын.

Жайқалған

Сарғалдақтар – сағынышым,

Күндердің

Өтіп кеткен дабылысың.

Өзіңмен жолығуды

Көксеп жүрмін,

Сарғайып,

Сартаптанған жаным үшін.

Ойда емес тауда өсетін,

Текті гүлім,

Ышқына

Айқайлаған жетті ме үнім?

Бұйығы жүретін ем,

Көмейімнің,

Тиегі

Ағытылып кетті бүгін...

ШАШЫЛЫП КӨЛ БЕТІНДЕ АЙ СҰЛБАСЫ...

Қиқуы
Сан мыңдаған қалың құстың,
Естіген, көрген көздің –
Жанын қыстың.
Теңіздің*
Толқындары майда жалды,
Аққулар арманымды
Алып ұштың...

Мекені қанаттының
Ғаламат-ақ,
Қоңыр қаз
Шөптің басын шалады отап.
Пістеңдеп жылқышы құс
Аулар шабақ,
Аңдатпай жолын кесіп, шала матап.

Қоқиқаз
Маңғазданған күлгін өңді,
Жұтады судан алып
Бір білемді.
Малынып
Бояуына көп қоқидың,
Айдын да дірілдейді
Түрлі реңді.

Үзілмей әсте легі
Қарбаластың,
Жарықтық
Күн де байып, жардан астың.
Тұмшалап
Қараңғылық айналаны,
Жолымды жаңылдырып,
Сәл де адастым.

Көк Теңіз
Саябырсып дамылдаған,
Төбеде Ай құлдай түсер,
Мәлім маған.
Аясы әппақ нұрдың малшындырып,
Жадымды сен жауладың...
Сағынбаған.

Жүректе
Қалғандай ма бір шық тұнып,
Қарайды ши басынан
Шымшық күліп.
Шашылып көл бетінде
Ай сұлбасы,
Көмеді
Ләзатқа тұншықтырып...

*Қорғалжын қорығы алабындағы көлдің аты.

СОҚЫР ЖАҢБЫР

Күн бүгін

Тымырсыған аптап еді,

Даланың білінеді

Шаққа демі.

Аспаннан шайдай ашық нөсер құйып,

Бөледі

Дүниені шаққа әдемі.

Солыққан ең әуелі гүлді оятты,

Болмайды сезімге ойнар мұндай әккі.

Таласқан

Күн көзімен жаһұт тамшы,

Зеңгірден жалт-жұлт етіп құлдай ақты.

Жапырақ

Күлім қақты бір дір етіп,

Барады қызыл көйлек құрбым өтіп.

Кереді

Омырауын зұбарзатқа,

Тосқандай гүл қауызын үлбіретіп.

Аптаптың

Неше күнгі табы қалған,

Шығады бір желемік сағына алдан.

Тиеді

Жылы тамшы жанға майдай,

Шаттанар қызыл көйлек шадыманнан.

Күн сүйген жаһұт тамшы төпеледі,

Әсері

Ақ моншақтың төтен еді.

Дүр етіп өте шықты «соқыр жаңбыр»,

Біздерді соқыр сезім жетеледі...

ШАШЫЛҒАН БАДАНА КӨЗ ШЫРАҚДАНДАР...

Балбырап мақпалды түн,

Самсаған Көк,

Арманым

Қалықтады қаншама ән боп...

Жұлдыздар

Арасында сен жүрсің бе?

Заңғарға зауқым кетіп,

Тамсанам кеп.

Шашылған

Бадана көз шырақдандар,

Қарасаң құлқың кетіп,

Құмар қанбар.

Миллион

Бағы жанған бәйшешектен,

Көңілде сөнбейтұғын

Бір-ақ жан бар.

Қол созған

Биіктерге қалың шынар,

Аңдасаң асқақтарды

Сағың сынар.

Іздеген

Жүректерге Көк жүзінен,

Қалаған нақ жұлдызы

Табылсын әр.

Орманның түні жұмбақ...

Самалы өпкен,

Аспаннан

Кей жұлдыздар тамады еппен.

Сәт сайын артқанменен

Сағынышым,

Болмаған

Ешқашан да – саған өкпем.

Сезімнің

Мұндай күшін көрмегемін,

Мен үшін –

Жат дүние шер дегенің.

Өмірдің

Майсасы ескен шағына кеп,

Шаттық пен шуағыңа

Тербелемін.

...Тербелемін.

ХАН ҚЫЗЫ

немесе қоңызға айналу

Тамсанған

Күн нұрына гүлдің өңі,

Қауызы балғын тартқан

Тым дым еді.

Жүретін

Гүл үстінде қызыл қоңыз,

Тірлікте қитұрқылы

Білді нені?

Көзіңе

Кішкентай боп түсі ұрады,

Жәндіктің тартпайды ғой

Сұсы бары.

Неліктен

«Хан қызы» деп атады екен,

Неге оны

Бала біткен ұшырады?

Қолға алып,

Әндетеді кез-келгені,

Ұғады

Қызыл қоңыз сөзден нені?

Сұрайтын көштің қайда

Қонатынын,

Сол – сауал...

Өтсе де уақыт өзгермеді.

Қашан да

Сәби көңіл бәріне асық,

Қоңызды тапқанының

Қадірі асып.

Хан қызы

Жыбырлаған кетеді ұшып,

Қалады

Бала біткен жамырасып.

Сөйтсек ол

Ханның қызы болғаны анық,

Әкесі

Қоңыз еткен долдана нық.

Бейшара білген екен

Алуан тіл,

Қоңызбен

Бірге ұшқандай сол – балалық.

Қазағым,

Парасатқа бай халықсың,

Бүгінгі –

Сөз әдібін қайдан ұқсын?

Көп тілді білгендердің айыбы жоқ,

Қоңызға

Кетпесе егер

Айналып шын...

ҰҚСАЙДЫ СӘУЛЕ ҚЫЗДЫҢ КІРПІГІНЕ...

Көңілдің

Ойнататын ақ лағын,

Сейілдеп

Келдім жалғыз тағы бағым.

Үн қатқан таңғы тоғай,

Сырлы тілмен,

Сен менің

Сергітетін бағыбаным.

Өзіңді қимай тұрғам

Дәл кешке мен,

Білемін

Бұ топ шынар сәнге өспеген.

Ағаштың

Арасынан шашылған нұр –

Мейірі Жаратқанның әлпештеген.

Бүгінгі

Күннің көзі жарық қандай,

Қарайды

Күте-күте зарыққандай.

Шаншылған сансыз ине – ақ шапағың –

Жаныма

Шаттық дауа дарытқандай.

Сарайға

Нұр құйылған таң шуақтан,

Сезімді

Мөлдірете тамшылатқан.

Ұқсайды

Сәуле қыздың кірпігіне,

Аялы қарашықтан шаншыла атқан.

Күн сүйген

Сәулім сұлу, шынарларым,

Көркіңе суық көздер құмар,

Мәлім.

Кеудемде бұлқынады мың арманым,

Сендердің

Бар ма, шіркін, бір арманың?

ҮМІТ. БОЛАШАҚ...

Өмір деген ағаттықты кешпейді,
Пенде деген бұ жалғанда не істейді?
Ах ұрады қас-қағым сәт
Ал, сосын,
Ұғады әйтеу, қателігін кеш, мейлі...

Жалғандағы ғұмырынан екшеген,
Армандарын есіне алар көксеген.
Жардан ұшып бара жатып ойлайды –
«Боларына бәрі жақсы, бек сенем».

Тағдырыңның соңғы сәті жаман-ақ,
Үлгермейсің өткеніңді саралап.
Екі арада сабыр, байыз табылар,
Тірліктегі табылмаған қанағат.

Бәтуаға кім тірлікте бойлайды?
Болашаққа тек қанатын қомдайды...
Ақырғы дем алғанда да пендәуи,
«Бәрі жақсы болады...» деп ойлайды.

Жетелейді бір қатерлі жол кілең,
Апарады мұратыңа сол – білем...
Ақырыңа айналарда дәуірің,
Үмітпенен ұшып кетер соңғы дем...

ҮЛКЕН ЖОЛДЫҢ БОЙЫНДА...

Тағдырының байқамай тарамдарын,
Өзі қолдан жасайды
Адам бәрін.
Өміріңде кездесер үш түрлі жан,
Ішінде оның жақсысы бар, аңдадым.

Біреу сенің – бағыңды байлап алар,
Бақ таластар бітпейді,
Қайда да бар.
Біреу сенің – өзгертсе
Өміріңді,
Біреу сенің – өзіңе
Айнала алар...

Жетелейді шиырлар нешеме өрім,
Сан көрерсің тірліктің кесел, өрін.
Ұғынар жан
Көкейдің көкжиегін,
Тәлейіңе тап болып кесе, көрім.

Жол жатады
Алдыңда жадағайлы,
Сен жүресің Күн менен қалап Айды.
Бір жерінен мүлт кетсең
Қапияда,
Досың түгіл туған да табалайды...

Шалынбасын ешкімнің кейпіне кір,
Жолықпасын алдыңнан бейпіл небір.
Үлкен жолдың бойында
Бармақ шайнап,
Өкісіді екен
Қаншама бейкүнә өмір...

СИҚЫРЫНА БӨЛЕНІП...

Ну орманның

Тынысы – мыңдаған үн,

Онша жаман болмайды

Мұнда халің.

Бәрі ыңғайға келеді,

Бәрі – ғажап,

Түсіне алсаң тек қана...

Ымдағанын.

Сиқырына бөленіп,

Ілесесің,

Сәті келсе жіберер кім есесін?..

Қара торғай сайрайды,

Сар шымшықпен,

Жаныңның да

Ақ құсын түлетесің.

Бой ұрғанда

Сезімге еліктеген,

Бетпе-бет кеп қаласың

Елікпенен.

Қарақат көз

Қапелім аңырады,

Саған қарап

Төтеннен төніп кеген.

Жалт береді қалыңға,

Мәуеге өтіп,

Жүгіресің

Соңынан әуе кетіп.

Ар жағында алаңқай.

Бір бойжеткен –

Отыр екен шаттығын әуелетіп.

Көбіктен шар ұшады

Сан құбылып,

Тастайтындай

Еріксіз жандыға үміт...

Қарақат көз күледі, риясыз,

Әлем соған

Бір сәтке қалды үңіліп...

...Ну орманның

Тынысы – мыңдаған үн,

Онша жаман болмайды

Мұнда халің...

ТҮБІНЕ ҚАРАҒАЙДЫҢ ЖАЙҒАСЫП АП...

Саф ауа күмбірлетті көкіректі,

Сол сәтте-ақ көңілімнің дерті кетті.

Мың түрлі

Құс сайраған жерұйықта,

Пері қыз көптен күткен еркіме өтті.

Орманды жайбырахат кездім, шалдым,

Жарығын әр-әр жерден сездім шамның.

Түбіне қарағайдың жайғасып ап,

Тыңдадым әңгімесін мезгіл-шалдың.

Боп қаппын

Көп ішінде мен шын көбең,

Кіл ылғи дүрдей атақ менсінбеген.

Қария

Әңгіме айтар түкті қабақ,

Өмірдің жұмбағына жөн сілтеген.

Көңілім тапқандай ма сабыр, тағат,

Тұр екен табиғат та жабырқап-ақ.

Түн іші

Үкі бәтір айқай салды,

Жүр ме екен бір жерлерде барымталап.

Тым еркін жатқан қандай «көке» үйінде,

Білмеймін – қалайын ба, кетейін бе?

Шайқалма төсегіме қисайдым кеп,

Күлкісі пері қыздың көкейімде...

ТЕРБЕЙ ТҮС ЖАН-ӘЛЕМДІ, ҚЫЗЫЛ ЫРАҢ...

Жаныңды жай таптырар кешкі тымық,

Сәттерді

Еске аласың ескі, тұнық.

Болмашы дірілдеген көл бетіндей,

Жадымда тізбектеліп көшті қылық...

Күн құйып...

Мен де алауға бүркеніп ем,

Төгіліп мейірімі сырт өңінен.

Әлемді күлгін шырай тербетеді,

Қызғылтым

Тұмшалаған шілтерімен.

Дүние

Манаураған күй кешкендей,

Ешкім де дәл өзіңді сүймес мендей.

Қамыстың

Сыбдыраған сыры ғана,

Аққудың сұңқылымен үйлескендей...

Мұң қандай...

Өзгеше мұң кей тілдегі,

Айтылмай қалатын бір

Кей түндегі.

Айдында нұрға шомған қызыл қулар,

Секілді зарыққандар кейпіндегі...

Жадымда

Салатының сызылып ән,

Жақсы ма

Айырылған қызығынан?..

Есейкөл*, есем қайта толар ма екен,

Тербей түс жан-әлемді, қызыл ыраң...

*Есейкөл – Қорғалжын қорығындағы көлдің аты.

ТАЛАСҚАН ТАЛМАУ ШАҚТЫҢ ҒАЖАП КӨРКІ...

Елеусіз қалдырмайтын жан баласын,

Көктемгі

Кешке кейбір таң қаласың.

Таласқан талмау шақтың нәлі қалың,

Қараптан қарап тұрып,

Алданасың.

Көбірек татқандайсың балынан тым,

Дүние күрең тартқан табынан Күн.

Ұяда

Қос дегелек жиған қаттап,

Жатқандай бір жұмыртқа алып, алтын.

Керемет мына сурет аңыртады, ә-ә,

Өмірге ынтығасың шамырқана.

Қос ләйлік

Қайран қала аңырғандай,

Ғажайып жұмыртқаға таңырқана.

Елтисің батар күннің райына,

Сан тарау жайлар түсіп, сірә, ойыңа.

Таласқан

Талмау шақтың ғажап көркі,

Құлаған ынта-шынта шырайына.

Бұйырған дәурен екен басқаға бау,

Жұмбағын

Бізге жалған ашпаған-ау...

Көктемнің көркі осылай көкейде өтер,

Батар Күн жанарыңа шашқан алау.

СУДЫҢ ТІЛІН БІЛЕТІН...

«Су перісі – Сүлеймен» деген көне,

Әңгімеге келеміз елеңдеп, е-е.

Су дегенің

Ұстауға көнбегенмен,

Айналады сан түрлі

Көлемге де.

Сүңгі, тасқын,

Мұхит та бола алады,

Жерге сіңіп, бұлтқа да қона алады.

Жан-жүректің

Езілген халін ұғып,

Бір тамшы боп

Жанардан домалады.

Көріп, ұғар

Жалғанды су ғаламат,

Ауадан соң

Зат осы – тұлғаға хат.

Ниетің мен пейілдің сырын ұғып,

Әуеге ұшып кетерде

Булана алад.

Жиі еске алып

Мына бір тұрам жайды,

Сол бір адам

Жалпыны, сірә, алдайды.

Бір әйелдің қолына су тоқтаған,

Алақаннан

Сапырып шығармайды.

Уысынан,

Қайранмын, төгілмеген,

Көнбей қашып,

Лақ ете бөлінбеген.

Әне-міне кетердей ақтарылып,

Бірер тамшы

Тамады жел үрлеген.

Мынау әйел

Не бәле жасырады?

Ақтарылмай су тұр ғой рас әлі.

Көп ішінен

Біреуге беріп еді,

Сар етті де

Әп сәтте шашырады...

Мұның сырын

Қалайша аша аласың?

Сиқыр, бәлкім,

Ұқпадым осы арасын.

Судың тілін

Білетін сол бір келіншек,

Сутегіден бір бәле жасамасын...

СУ КЕШІП ЖАЛАҢ АЯҚ...

Жайнаған

Күн шырайы шыжғырады,

Тасты да мизімейтін

Қыздырады.

Жапырақ

Жанын салып қорғаштаған,

Қапырық

Ең әуелі қызды ұрады.

Көңілін

Бүгінгінің салты басып,

Талдырмаш иық ашық,

Алқымы ашық.

Мойылдай жанарында

Шаттық қана,

Жігіттер

Мұндай жанға жалпы ғашық...

Кенеттен бұлт түйіліп,

Шытынды Күн,

Күркіреп

Жеткізеді мұқымға үнін.

Құйды да

Ақ нөсері ағыл-тегіл,

Танытты қызбен жаны бүтіндігін.

Көшені сел әкетті

Аққан, шапқан,

Балалық

Су кешетін шақты аңсатқан.

Қыз әлгі

Ыстық ұрған жайнаң қақты,

Жадырап қалды бәрі

Ақ моншақтан.

Кеудені

Бал дәурендік өртеді ме ән,

Жаныңды торламасын ерте күмән.

Қолына ап шандымасын

Бара жатыр,

Су кешіп жалаң аяқ ерке, бұлаң.

Көкейге

Алтын сәуле түнеді кеп,

Жөңкиді кезбе бұлттар ілек-ілек...

СИЯ ТАМҒАН ҚАУЫРСЫН...

Қауырсынды көк сияға бір малып,

Отырамын столымда ырғалып.

Өлең деген өрт болады тұтанып,

Көрінеді күлгін, сары нұр қанық.

Қызыл-жасыл ғаламатқа шомамын,

Қос жанарым көзіндей боп сонаның.

Айқұш-ұйқыш ой мен қиял астасқан,

Әлемдемін.

Оралуға жоқ әлім.

Кей тұстардан шүпілдеген шер көрем,

Қанат көрем алыстарға сермеген.

Көлкілдеген бақ-дәулетті байқаймын,

Алла маған нәсіп етіп, бермеген.

Естіледі ғажап үн де егілген,

Елітемін құштар, ынтық көңілмен.

Киелі сөз көмейіме құйылып,

Жыр саулайды ақтарыла Көгімнен.

Күшті екпіні сапырылған сананың,

Жоқ нәрсені қиялымнан табамын.

...Ең соңында ақ қағазға жыр түсіп,

Сия тамған қауырсынмен қаламын...

САП-САРЫ ТҮЙМЕДЕЙ БАҚ...

Астасқан ақша бұлтпен әр, әдебің,

Жаныңды

Еліктірер әр әдемі үн.

Сап-сары түймедағың –

Оқшаулығың,

Біреулер мақтан тұтса қара меңін.

Құлпырған түймедақтар, ақ ажарың,

Теңейтін дәл өзіңе

Аға жарын.

Әркім де көкейіне түйіп жүр ғой,

Ұқсатып кескініңе дара жанын.

Танытып күлімдейсің ерке қылық,

Кеудемді саған деген өртеді үміт.

Өмірді

Ақ нәріңе айналдыршы,

Барлығын адам сенбес ертегі ғып.

Тамсанған

Ақ нұр саған ақтарылып,

Тірліктің сен болғанда шақтары құт.

Мен ғана көкейіңді

Түсінейін,

Жүрмесін жан сырыңды жаттар ұғып.

Қасыңнан әлдененің жаманы аулақ,

Өтсе де

Құлпыра бер заман аунап.

Әппақ боп қауызыңды жай да тұршы,

Сап-сары

Түймедей бақ, сан алаулап...

Алаула бақ...

САҒЫНЫШ АЙ САПЫРҒАН ЖҮРЕГІНЕН...

Кешкілік алагеуім.
Шатқалдамын,
Ай-ғалам
Іңкəрліктің татқан дəмін.
Оңымнан алаулайды
Лағылданып,
Жүрегі жүрегімнен
Тапқан ба əнін?

Тұла бой
Əлденеден шымырлаған,
Тек маған айтатындай сырын ғалам.
Қиылып ай дидары
Ай құлайды,
Ешкімге жан пендеден
Бұрылмаған.

Көңілді
Алағызған ірке алмадым,
Сезіндім
Шарапатпен нұр тамғанын.
Мен – Айға,
Ал Ай маған ғашық болса,
Білгенім жалғыз ғана
Ырқы Алланың.

Қылығын
Көрсетеді бұла маған,
Көркіне тұра алмайды
Шыдап адам.
Сарқырап
Алтын арна ағыл-тегіл,
Сезімі
Ақтарылған құламадан.

Тірлік қой
Үміт те бар күдерімен,
Тəкəппар
Сұлулыққа үдеріп ем...
Сарқырап
Сарайыма құйылады,
Сағыныш
Ай сапырған жүрегінен.

Ғашықтық дəуренді ұзақ
Сүремін мен...

Cуреттер ғаламтордан алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар