Шалқыма
Әкемнің күңгірлеген дауысынан шала-шарпы ояндым. Оянбас та едім, ішектерім шұр-шұр етіп, аужал боларлық бірдеңе тілеп байбалам салып жатыр. Ұйқымды қимағандағы әдетіммен бір көзімді сығырайтып ашсам, әкем төсегіме жатқызғалы көтеріп келеді екен.
– Нан...
Әкем мырс етіп күліп жіберді.
Тәңертең ұйықтап жатқанымда досым Сәбира келіп:
– Па, әлі тұрмадың ба, күн төбеге келді, жүр тоғайға барып отын теріп келейік, – деген. Тоғайға барып отын теру деген сылтау ғана, отын теру дегенің – ойынның қызығына белшеңнен бату деген сөз.
Әбің-күбің киініп «отын әкелуге» қамдандым.
– Бірдеңе ішсеңші әкем-ау, ашығып өлер ме екен осы қыз, мойны ырғайдай, биті торғайдай болғанша ойынға бір тоймады, – деп быжылдап ұрысқан шешемнің аузыма төсеп тұрған бір шыны сүтін бұлданып жүріп ішіп, қалтама бір жапырақ нан салып, моншақты қолға ұстап, жау түсіретіндей асығып аттанып кеткенмін.
Сол кеткеннен мана бір уыс шырпымды көтеріп жеткен едім, қақпадан кіре ағам кезігіп:
– Ойпырм-ай, қыстай жағатын отынды бір-ақ көтеріп келіпті...
Қарымжы қайтаруға дәрмен жоқ, төргі үйге кіріп, кішкене төсекке етпетімнен түскен қалпы қатып қалған екем, оянып тұрған қалпым осы.
– Мынаған тамақ берші, – деді әкем шешеме, қабырғасын санап алардай бопты өзі.
– От сөніп қалды емес пе, жеті қараңғы түн мынау.
– Ойбу, онда нан әкеп бер.
– Қойшы ары, көрпеге нанның қоқымын шашады, сен-ақ құтыртып болдың осы қызды, - жүр, өзің барып іш, –деп шешем ашулана қалды. Ернімді шошайтып әкеме қарап едім, көзін қысып, басын изеп-изеп қалды, «көне сал, қайтесің» дегені.
Етпеттеп еңкейіп төсек астынан аяғыма ілетін бірдеңе іздедім. Өзімнің сары шақайым су-су, батпақ-батпақ болатын, кеште шешем төргі үйге кіріп бара жатқанымда аяғымнан сыпырып алған. Әкемнің тойларға киетін пәтіңкесі тұр екен, соны жұлып алдым, шешем сөйлегелі жатыр еді, әкем бөгеді:
– Болды, кие берсін, барыңдар, жай болып кетті.
Пәтіңкені сырп-сырп еткізіп, жығыла-сүріне шешеммен еріп тошала үйге бардым.
Күндегі әдетім осы, әкем барда шешемнің сөзін тыңдамаймын да, кейде әкем жоқта сыбағамды оңдырмай жейтінмін.
Сөйткен әкем де бізге ескірмейтін естелік, балдай тәтті сағыныш қалдырып бұл өмірден көшкен.
Сол бір жылғы қысқы демалыстағы амандаса барған күннің әкемді ақтық көруім боларын қайдан білейін. Мен бара сала және кетерімде екі қолын үнсіз созып, бетімнен сипап, қайта-қайта сүйді. Қайта-қайта искеді. Сонда әкемнің менімен, дүниедегі ең ақылды, ең сүйкімді ханшалардан да артық деп бағалайтын аяулы қызымен қоштасып жатқанын білгем жоқ. Мен де әкемнің бетінен, мұрнынан қайта-қайта иіскедім. Әкемді сүю, еркелеу, мына дүниеде бар екенін сезіп жүру – ең үлкен шаттығым, бақытым еді.
Біреулер өлім – жаңа өмірдің басталуы деседі. Әкем мынау жалған пәни дүниені тастап, қайтпас сапарға шыққан сол ауыр күндерде біздің ел, қалың қаралы жұрт, ақ қар, көк мұзда жер қайыстырып келіп жоқтап, соңғы, мәңгілік тұрағына ардақтап аттандырып салды.
Тағы кімдер есіл халқымыздай пәруана боп өлімді құрметтей алады, білмеймін. Ал қасиетті еліміздің туған топырағындағы әрбір перзентіне құрметі әманда осылай.
Сол ауылға, біз үшін дүниенің жұмағындай болған Ағалаңқыға төрт жасымда көшіп келдік. Сол кездерімнен бастап бала кезгі ең қастерлі оқиғалардың бәрін есте сақтай алмасам да, кейбіреуін сурет тәрізді санамның терең қатпарларына орналасқан асыл қоймама жасырып алыппын.
Үйдің маңайында ойнай жүріп әкемнің жұмыстан қайтар уақытын күту; кеште үлкен, дөңгелек тақтай үстелді айнала отырып тамақ ішу; сондағы айтатын әңгімелер, оқитын жыр-дастандар; шешемнің әріп үйретіп, сурет сыздыруы, аузымыздың суын ағызып айтатын ғажайып ертегілері; Жолдаяқ атты қасқыр алардай қабаған төбетіміз; ағам екеуміздің бітпейтін төбелесіміз... бәрі-бәрі осылай сақталған. Мен қазір бақыттымын, болашақта да бақытты болармын. Тек анау Ағалаңқы атты қыстақтың кіре берісіндегі екі ауызды, жадағай төбелі үйімізде әкеммен бірге өткен баға жетпес, ол кездердің бақыты жүрегіме тасқа қашалған айшықты өрнектей мәңгі өшпес бақыт таңбасы болып басылған.
Онда дүниенің бәрі екі ауыз үйіміздей жылы да қарапайым, адамның бәрі әкемдей аса мейірбан деп ойлайтынмын. Күні бүгінге дейін не істесем де, не ойласам да сол кездермен бір байланыспай кетпейді.
Кеше сабақ өтіп тұрғанымда жаңбыр жауды. Сіркірей жауған нөсерді боран айдап терезені сабалай соғады. Еріксіз терезеге қарадық, бүкіл дала мөп-мөлдір түске тоғытылыпты. Шығыстағы Қарағайты, Құсты, Дабаты тауларының басына бұлт қонақтап, буалдыр тұманға оранып, мұңлы, тәкаппар басын шалқайтып сонау-сонау естен кетпес есіл шақтарды аңсап, мені де шақырғандай. Тараты тауының шығыс солтүстігіне ала ауылдағылар қыстай отын таситын Сүңкек тауы бар. Шығыс оңтүстікке қарай әкем үнемі баратын, аузынан тастамайтын құйқалы Күрмелті тауын ойыммен көріп тұрмын.
Сол шақтар... сонша баяу жылжитын, бақытқа күпті, қызығы шексіз, өкініші жоқ, сағынышы қалың, тарихқа айналып қалған қайран уақыт.
Сонда... дәл осындай жаңбырлы күндері Ағалаңқының борпылдақ топырағына баданадай жаңбыр тамшылары бірсін-бірсін тама бастағандағы ауылдың барлық көрінісі көз алдыма келіп сағынышты құшағын айқара ашады.
Ондай кезде ауылдың балалары әр үйден ыршып шығып, айғайлай жүгіріп, иттеріміз ілесе құтырынып, ауылды даңғаза қылар едік.
Ойымды жинақтап алдымдағы оқушыларға қарадым. Бұлар рахат пен барлықтың қызығын бізден артық көрседе, балалықтың қызығын біздей тата алмаған балалар, зәулім ғимараттарда үлде мен бүлдеге оранып, алуан ойыншықтардың ішінде отырып, ойыны қанып ойнай алмаған шерменделер.
Бізде бұрын базардан алған ойыншықтар болмасада, айналамыздағы барлық зат біздің ойыншық емес пе еді!? Кез келген бір тал шілік кең далада дүсірлете шабатын асау құлын-тайларымыз; бұлақтағы жалғыз аяқ ағаш көпір мен қиыр жағадағы арманымызға жүздіретін алып кемелеріміз; қарлы дала, көгалды жасаң, көк төбелерден жаңа ойларымыз тулап шығатын, ойынның туын тіккен майдандарымыз; сиырдың бір қатқан тезегі де бізді олимпиядалық спорт майдандарына апаратын үміт добымыз емес пе еді!?
Біз табиғаттың бір бөлшегіндей, табиғат біздің өзіміздей еді- ау!
Қазіргі балалар да оның бәрі жоқ, бірі де жоқ, олар өмір атты ойнатып, жылатып, күлдіріп жүріп тәрбиелейтін ұлы ұстазынан – шексіз мейірімді һәм қатал ұстазынан айырылып қалған. Оларды алтынмен аптап, күміспен қаптаған сарайларға қамап, санасына ең керекті балалық ойынынан біз өзіміз айырып тастағанбыз.
***
Әкем Қызылжарға айдалып барғанда жерлік қарапайым бұқара алғашында күмәндана қарағанымен жұмысты жан сала істейтіндігіне, Тайқазанның тамағы аз болса да аспай-саспай, жуынып-шайынып келіп отыратын сабырлы, маңғаз мінезіне, елден ерек көзқарасы мен жүйелі, ойлы сөздеріне қарап қадірлеп, құрметтей бастапты. Әкем келмей қазандарын түсірмейтін болыпты.
Егіс басында жұмыс істеп жүрген көктем күндерінің бірінде, ауылдағы жігіттің бірі өзен бойынан үлкен қоңыр қаз ұстап әкеліпті, жастар сойып алайық деп шуылдап жатқанда әкем қазды қолына алып, оның жәудіреген, кішкентай, дөп-дөңгелек, сарғыш көздерінен әлде қандай жалыныш көргендей болып:
– Мына қаздың тағдырын маған беріңдерші, - депті. – Құс та болса мен сияқты еркіндігінен айырылған бір сорлы ғой, бұған бостандық берейік, көк аспанында еркін қалқысын, – деп құсты серпіп қалғанда қаз аспанға атылып шығып, әкемнің төбесін үш рет шыр айналыпты да, басына саңғып жіберіп, зеңгір аспанға самғап кете барыпты.
– Ой, Ақан, бағың жанатын болды.
– Пәле-жаладан арылатын болдың, - деп шулапты ел.
Әкем қазды еркін аспанына қоя бергеннен кейін көп өтпей «қалпақ» кигеніне жиырма екі ай толғанда «қалпағы» алыныпты.
Адамды қойып құс екеш құс та еркіндікті аңсайды-ау. Табиғаттың бір момақан, тілсіз құсы өзіне еркіндік бергеніне алғысын білдіріп, «айналдым сені» деп басынан айналып, барлық мұңын, қасіретті жапасын ала ұшып, шексіз әлемге паршалап шашып жіберіп, риясыз тілегін, қалтқысыз алғысын тастап кеткендей.
Дәл сол күні – әкемнің «қалпағы» алынған сол күні, - мен Ағалаңқыдағы әкемнің інісінің үйінде шырқырап жылап дүниеге келіппін. Кейін де жылай беріппін. Бүкіл қалашыққа жылауықтығыммен әйгілі болыппын.
Кейін орталау, орта мектеп оқып жүргенде шешеммен бірге бір жаққа шықсам кезіккен таныстардың бәрі:
- Мынау баяғыдағы жылауық қыз ба? Бойжетіп кетіпті-ау, - деседі. Жиырма жыл ел есінен шықпайтындай қалай жылады екем деймін.
Шешемнен сұрасам күледі. Жымиысы ең бір қастерлі шақты есіне түсіргендей. Ол кезде қамығып, жан жары соғылып, үлкен ұлы қиырда әжесінің қолында қалған, өзі жас сәбиімен отырған, есігінен алашты қойып, туыстарын қаратпайтын заманның тауқыметіндегі шешеме менің жылауым азап емес, қызық болғандай.
Ел де, әке-шешем де айта алмаған жаланың шерін тыным таппай шырылдап жылап бүкіл дүниеге жария еткендеймін.
Бір-екі жас кезімде әкемді бір рет көргеннен кейін үйдің маңайынан әкемдей ұзын бойлы, қара торы кісі өтіп бара жатса «әке» деп артынан қуып, тәлтіректеген қадамыммен жете алмай шаң қауып қалғанда, жерге аунап өңіреп жылаппын.
Әйтеуір себеп тауып жылай береді екенмін, төрт жасымда әкем қасымызға бір жолата келгеннен кейін де жылауымды қоймаппын.
Бәлкім менің бұл жылауым әкеме деген сағыныштың бастауы болар, кішкентай жүрегіммен қормалымды, асқар тауымды іздеп жылаған шығармын. Бәлкім, сол кезде-ақ әкесіне өмір бойы еркелеу бақыты бұйырған қыз екенімді сезіп еркелеп жыладым ба екен!?
Әкем Қызылжарда жүргенде мен туардан бірнеше күн бұрын, яғни «қалпағы» алынудан бірнеше күн бұрын түсінде қолына аппақ үкі ұстап тұрыпты. Атызда бірге жұмыс істеп жүрген көзқарақты жолдастары: «Әйелің қыз табады екен, үкідей үлпілдетіп ұстап отырарсың» - деп сүйіншілепті.
Сол кезде-ақ шешемнің ішінде жатып әкемнен алыстасам да ақ үкі құсқа айналып, түсіне кіріппін. Мен табиғаттағы қазақтың қасиетті құсы ғана емес, тәтті түстен жаратылған періштедей үкімін.
Әкем қанша әңгіме айтты, көбі есімде жоқ, тек әңгімелер сағынышқа айналып, қан тамырларымды аралап, жүрегімді мекендеп қалған, ақ үкі құстай ұшып келіп миыма ұя салған.
Маған алты ай толғанда шешем мені алып, мың бір михынатты шегіп жарым ай дегенде әкемнің қасына жетіпті. Шешемнің бұл сапары ол заманда ерлікке бара-бар екен.
Қызылжардың елі тайлы-таяғы қалмай шешеме амандаса келіп, біреуі бір уыс құрт-ірімшігін, біреуі бір жапырақ нанын, біреуі бір шөңке сүтін ала келіп, шылауышты аналар ақ дәмінен аналық тілектің шашуын шашып, шешемнің маңдайынан сүйіп:
– Айналайын, Ақанды іздеп келгеніңе рақмет! Ұзақ ғұмырлы бол, бақытты бол, қарағым, - деп алғыс жаудырыпты.
Ел-ана, әкем-туған ұлдары іспетті.
Ел-ана ұлының асыл жары болғанына жүрегі жарыла қуанып, сол жерде қадыр тұтқан ұлына деген құрмет тойын – дүниедегі ең қарапайым һәм ең ұлы, дүбірлі тойды бастап жіберіпті.
Әке-шешем осы әңгімені айтқанда көздеріне бақыттың, сағыныштың ыстық тамшылары іркілетін.
– Қандай дарқан ел, қандай асыл, ізгі жүрек, – дейтін.
Қиын жылдарда жігері жасымаған қарапайым, таза көңілді елдің бұл қимылы түнекті түндегі жарқ ете түскен шақпақ отындай әлсіз болса да ізгіліктің, махаббаттың отындай әкемнің жүрегіне мәңгі сөнбес алауын жағыпты.
Әкем Қызылтастың Қызылжар ауылы туралы әңгіменің майын тамызғанда Қызылжар туған жеріміздей, оның дарқан халқы жақын туыстарымыздай елестейтін.
Әкем Қызылжардың халқын есінен шығармай, риза көңілімен өтіп еді. Қасымызға аман-есен оралғаны – Қызылжардай егей елдің ұлы жүрек, аспан кеудесінің құдіреті болар-ақ.
Кейін Қызылжардан қыдырып келген әкемнің немере туысы Рахым аға осы әңгімені айтып отырды.
Кеңесті қырық құбылтатын Рахым аға өткен-кеткенді еске түсіре келіп, сонау жылғы шешемнің Қызылжарға барғанын, елдің теңіздей толқып амандаса келгенін, ойда жоқта думанды той болғанын, сонда мені елдің қолдан-қолға өткізіп көтергенін жыр қылды.
Мен марсиып екі жағыма көзімнің қиығымен қарап қойдым. Екі жағымда бірде ұялас күшіктей тату болсақ, бірде бітіспес жаудай өштесетін ағам мен сіңілім отырған-ды. Үшеуіміз төбелескенде бір-бірімізді кіндік шешелерімізді айтып мұқататынбыз. Менің кіндік шешем мыңдаған баланың кіндігін кесіп бүкіл ауданның алғысын алған Нұран дәрігер. Екеуі кіндік шешемді айтып ашуландырғысы келгенде, кердеңдей басып, мұрнымды кекжитемін, Нұрандай кіндік шешең болса, шекеңе шор-шор алтын емес пе!
Ағамның «Зәкеш қоңқақ», сіңілімнің «талтақ Қания» деген лақабы бар. Олардың кіндік шешесі деп аталатын кісілердің ең «әдемі» жерінен мен таңдап қойған, естігенде екеуін шоқ басқандай секіртетін сезімтал лақаптар.
Нұран дәрігердің ауданға аты мәлім болғанымен, оны ағам да, мен де, сіңілім де көрмеген. Екеуі өмешегі үзіліп шешемнен Нұранның кемшілігін білгісі келсе де, шешем Нұранның келісті, жібек мінезін ғана тілге тиек ететін.
Әңгімені сілтеп отырған Рақым ағам бір кезде:
– Сонда Айнашты Матай жынды да көтерген, - деп қалды.
Ағам мен сіңілім жерден жеті қоян тапқандай жымыңдасып маған қарады.
Мен тыржың ете түстім.
– Қап! Осы Рахым ағамның үшкір аузын-ай, тепсем кетпес темір лақап кигізді-ау.
Айтып-айтпай сол лақап балалық шағыма қара көлеңкедей он неше жыл ілесті.
Былтыр ағам шұғыл жүмыспен қайта-қайта телефон соқса алмаппын, бір уақытта телефон жалғасам ағам ашуланып: «Әй, неге телефон алмайсың, Матайдың қызы» - десін.
Аяқ астынан күлкі қысты, жүрегіме де бір жылы ағын жүгіріп бара жатты. Ағама жауап бере алмай күліп жатырмын.
Балалығымның бір бөлім қызық-шыжықтарын ішіне жинап жатқан Матай жынды деген сондай сүйкімді, жылы лақабыма он неше жыл бойы неге шамданып, тулағанымды түсіне алмай күлемін. Ағамның отыз жылдың алдындағы лақабымды қайдан тауып әкелгеніне қайран қалып күлемін.
Айналайын Матай ағамды айтса шамданбайтын парасат пен сабырға отыз жылдың алдында жете алмасам да енді түсіндім.
Сыртқы тұлғасына қарап жексұрын қара құрттай көріп жүрген лақабым, шуақты күн мен нәрлі топырақта көктейтін жеміс ағашының ұрығы болып шығып, қазір анда-санда қызықтап қайтатын балалық бақшаның бір түкпірінен орын алып гүлдеп, бүрлеп, көз тартып, жайнап тұрған киелі жеміс ағашына айналыпты.
***
Ағалаңқының біз отырған тұсы сорлау, қағыр болғанымен ары қарай қызыл қарағаны, үкілі шиі мол кең жайылым еді де, бал бұлақтар жарыса ағып жататын.
Ағалаңқы жайылымының ортасында ғайыптан пайда болғандай бір тастөбе бар-тын. Ол төбенің қызығы мен хикіметі біз үшін Египеттің Пирамидасынан кем емес-ті. Тастөбеден ары егіндік, шаппалық, ең батысы үлкен Шіңгіл өзенінің орманды тұсымен Қобы ауылына жалғасатын. Жазда өткел бермес қырсық өзен қыста қыстығып мұз астында қалғанда екі ауылдың арасы жақындай түсетін.
Бір жылы қыста «Қобыға көшпелі кино келіпті» деген хабар балалардың арасына дүңк ете қалды. Онда сегіз-тоғыз жастардамын. Кешке ағам кино көруге шықпақшы болып жатқанда, «Мен де барамын» деп қиғылық салдым. Ағам қалай ашуланса да, әкем қанша ақыл айтсада қырсығып көнбедім. Ақыры ағама еріп, ауылдың жиырма шақты ұл баласымен бірге жалғыз қыз – мен шошаңдап келе жаттым.
Кинодан қайтқанда ай төбеге келіпті. Аппақ қар жамылған тоғай ішінің қияпаты сұмдық. Жалғыз аяқ сүрдек жолда ұзыннан-ұзын тізіліп келеміз. Әдетте бір сәт тыныш жүруді білмейтін ұлдар әрі елеңдеп қорқып, әрі көз сүріндірер жұмбақ көрініске таңырқап келеді. Шықыр-шықыр аяқ дыбысы ғана үнсіз мүлгіген, сырғалы тоғайды оятқандай. Қайдан шыққаны белгісіз құс қанатының сыбдырындай дірілді дауыс естіліп қалады. Құлаш жетпес жуан, зәулім қайың-теректер мына тылсым түнде ертегілердегі алып самұрықтарға айналып кеткендей қанатын жайып, төбемізден төніп, жүйкемізді шымырлатады. Ай сәулесінен түскен көлеңкелер қардың үстінде тарбиып жатқан жалмауыз кемпірдей кенет тұрып бас салатындай үрейлі.
Сүттей айлы түнде, баят далада, иір-қиыр жолда жыбырлап бара жатқан балаларды төбеден көріп тұрған көз болса, сөзсіз бір бауырымен жорғалаушыға ұқсатары даусыз.
Елегізіп бізді тосып отырған әке-шешеме есіктен кіре айғайладым.
– Әке, әке, біз «Мәңгілік махаббат» деген кино көрдік. Әкем сырт киімімді шешіп, қызарып кеткен бетімді, қолымды уқалап жатыр. Мен кинодан көргенімді баяндап ауыз жаппаймын.
– Содан бар ғой, әке, ең соңында Хамит пен Рұхсари мұраттарына жетті.
– Өліп қалды, ей, ақымақ, - деді ағам. Ол маған әлі ызалы еді.
– Жоқ , әке, өлген жоқ, екеуі аппақ киім киіп қол ұстасып ұшып кетті.
Менің өмір мен өлім, адам мен әлем, жан мен тән туралы ойларым арада қырық бұрылысты басып, толқындай тербелседе, айналып келіп бала кезгі ойларымды қазық қылатыным қызық.
Сол кездегі сәби санамдағыдай әкемнің әлі тірі екендігіне, көк аспанның кеудесінде жұлдыз болып жарқырап бізге қарап тұрғанына сенемін.
Сол түні біз өткен ормандық әсілі ауылымыздың шаппалығы еді, жазда шөп шабылғаннан кейін сиыр жаятынбыз, осында сиыр жайып неше жылғы жаздық демалысымды өткіздім.
Бала сиыршылар зеңгі бабаның тұқымын көкке өргізіп жіберіп, ойынның қызығына түскенде ес-ақылдан айырылатынбыз.
Әлден уақытта егіндігіне түскен сиырлардың жеті атасын жездей қақтап атпен борсылдатып қуып келе жатқан Мүтәр ағайды көргенде, кейде күн ағаш басынан батып кетіп, тоғай қараңғылана бастағанда асып-сасып сиырларға жүгіретінбіз.
Елден ерекше екі сиырмен қосып жаятын жеті ешкім болушы еді. Қанша жылдарда не өспеген, не өшпеген жеті ешкі. Сол бір-бірінен айырылмайтын бірлігі күшті екі қарасан мен кемелек келгірлер қашан көрсең шағын сиыр табынында жоқ боп шығады.
Күні кешке дейін менімен ер жүрек батыр болып шайқасып ойнаған жолдастарым сиырларын айдап жөнеле береді. Бір есептен олар сиырларын айдап жүріп маған сиыр іздесе алмайды да.
Қараңғылана бастаған тоғай ішінде қорыққанымнан жыларман боп, алдымнан кезіккен аласа итмүрын, ши, бұта-бүргеннен айналуға үлгірмей, секіріп өтіп, халықаралық жүз метірлік кедергіден аттап өту жарысына түскендей жан ұшыртып жүгіріп келе жатамын.
Бір мезгілден соң керемет іс туды. Орманнан жоғымды іздесетін дос таптым.
Содан былай бағытсыз безілдемей дыбыс іздеп жүгіретін болдым. Құлағымды түріп елеңдеп іздейтінім – сауысқанның шықылығы.
Бәйтеректің ұшар басында отырған сауысқан шықылықтап сайрап үшкіл тұмсығымен нұсқаған бағыттан сиырларымды мүлтіксіз тауып аламын.
Сүйтіп тәңірдің адамдар арасына жіберген қуаныш құсы – хабар елшісімен тіл табыстым.
Әкем үнемі кәсібіме, оқушыларыма көңіл бөлуші еді. Өмірден өз еншісін іздеген оқушыларыма қырағы сауысқандай жоғы тұрған бағытты нұсқай алсам зор табысым болар деймін.
Иә, әкеммен өткен бақытты шақтар бейне шешем айтатын қазақтың қиял-ғажайып ертегілеріндей немесе Дисней мультфильміндей мәңгі аяқтамайтын хикая.
Өмірде әкемнің ыстық ықыласына бөленіп, мейірімді жүректің ырғағымен тербеліп өскен тағдырыма мың шүкір қыламын.
Демінен бақыттың иісі, сөзінен шаттықтың әуені шарықтайтын, маңайы алаулаған қуанышқа толы, тек бақыттан жаратылған, шаттықты, ізгілікті ғана үйретуге келген әулием – әкем мәңгі жүрегімде.
