Алаш жарығы
Жас адамның ғұмырында жол көрсететін тұлғалар болады. Ақылымен бағыт беріп, мінезімен тәрбиелеп, тұтас болмысымен алдыңнан шам жағады. Менің өмірімдегі сондай аса қадірлі адамның бірі де бірегейі – Тұрсын Жұртбай көкем. Азамат болуыма тікелей оң ықпалы тиген туған әкемдей әзиз жан.

... Мен де ел қатарлы Тұрсын көкемнің есім-сойымен кітабы арқылы таныстым. Кітапқұмар ата-әженің баласы болған соң, үйдегі қос шынарым күні-түні кітап оқып отыратын. Атамның жақсы көріп, ықыластана оқыған кітабы – «Дулыға» еді. Біздің ақсақал «Пәлі!» деп аузынан суы құрып, ынтыға оқитын. «Дулыға» сондай ерекше кітап болатын. Кейін көрші ақсақалдар жиналғанда атам маған әлгі кітапты оқытатын. Мен батыр бабаларымның ерлік жолын асқақ дауыспен оқитынмын. Алғашқы таныстық осылай басталыпты...
Тұрсын көкем туралы сөз басталғанда алдымен жазушылығы, абайтанушылығы, алаштанушылығы, сан қырлы ғалымдығы ойға оралады. Қазақ руханиятының тұтас бір дәуірін арқалап келе жатқан қажырлы қаламгер, архивтің шаңын жұтып, ұлт тарихының көмескі беттерін тірілткен зерттеуші, Алаш аманатын жаңа ұрпақтың санасына жеткізген үлкен қайраткер тұлғасы көз алдымызға келеді. Ал мен үшін осы атақтардың ар жағында тағы бір қымбат һәм аяулы бейне бар. Ол – Ұстаз!
Ұстаздық деген аудиторияда дәріс оқумен өлшенбейді. Нағыз ұстаз шәкіртіне өмірлік өлмес жол көрсетеді. Ізденуге үйретеді. Дерегіңді салыстыруға, өткен тарих кезеңдеріне жиі үңілуге, ақиқатты өз ақылымен табуға баулиды. Кейде бір ауыз сөзіңді түзеп, тұтас ойлау жүйеңді өзгертеді. Ұмыт қалған Алаштың бір тұлғасын тақырып қылып ұсынады да, алдыңнан жаңа әлем ашылады. Шалыс қадам басқанымда қатты айтады. Сол қатқыл сөздің астарында шәкіртінің ертеңіне деген үлкен жауапкершілік жатады. Тұрсын көкемнің ұстаздығы – осындай ұстаздық. Ол кісі бізге Алашты тарихи тақырып ретінде ғана танытқан жоқ. Алашты мінез ретінде ұқтырды. Ұлтқа қызмет етудің салмағын сезіндірді. Архивтегі сарғайған қағаздың ар жағында адамның тағдыры, халықтың қасіреті, мемлекеттің мұраты жатқанын көрсетті. Алаш қайраткерлерінің әрбір сөйлеміне аманаттай қарауды үйретті.
Тұрсын көкемнің ғылыми ғұмыр жолына қарасаңыз, бір адамның еңбегінен тұтас бір ғылыми мекеменің қажырын көргендей боласыз. Қаншама құжат ақтарылды, қаншама дерек салыстырылды, қаншама есім қайта жаңғырды. «Ұраным – Алаш!..» сияқты іргелі еңбектерінің өзінен оның зерттеушілік табиғаты анық танылады. Көкем Алаш тарихын сол дәуірдің жүрек соғысын тыңдап отырып жазады. Міне, осы стилін ерекше ұнаттым. Менің жазғандарым да сол ұстаз стиліне еліктеу. Сондықтан Тұрсын Жұртбайдың Алаш туралы жазған дүниелерінде дерек пен тағдыр қатар жүреді. Тағдыр бар жерде сезім де, сүйіспеншілік те болады.
Ойлап қарасам, көкем архивтен құнды дерек қана іздеген жоқ. Ол халықтың жадын іздеді. Ол тұлғалардың өмірбаянын түгендеп қана қойған жоқ – үзілген тарихи сананың жібін жалғады. Оның ағартушылық қызметі тек кітап жазумен шектелген жоқ – ұлттық жадының қорғанын тұрғызды. Мен Тұрсын көкемнің бір қасиетін ерекше бағалаймын: тақырыпқа адалдығы. Ғылымда сәнге айналған тақырыптар болады. Уақыт өте өзгереді, ұмытылады. Ал адамның тағдырына айналған тақырып болады. Алаш – Тұрсын Жұртбай үшін сондай ғұмырлық мұрат.
Тұрсын көкемнің ғылымдағы жолы жеңіл болмағаны анық. Алаштың ақиқатын іздеу үшін архивке ғана кіру аздық етеді. Оның рухани салмағын көтеру керек. Қуғындалған адамның тергеу ісін оқып отырып, оны «дерек» деп қабылдай алмайсың. Ар жағында адамның үміті, отбасының зары, ұлттың жарасы тұр. Осындай мыңдаған парақты жүректен өткізу зерттеушіден біліммен бірге мінез талап етеді. Тұрсын көкемнің бойындағы сол мінез – табандылық.
Мен кейде ұстаз бен шәкірт арасындағы байланысты ойлаймын. Ұстаз шәкіртіне өзінің көшірмесін жасағысы келсе, оның жолын тарылтады. Ал үлкен ұстаз шәкіртіне өз жолын табуға мүмкіндік береді. «Мен жүрген ізбен жүр» демейді, «өз соқпағыңды тап, бірақ ұлттың үлкен жолынан адаспа» деген үн қалдырады. Тұрсын көкемнің тәлімінен мен осыны сезінемін.
Біздің буынның алдында үлкен міндет тұр. Алаш мұрасын тек қайталап айту жеткіліксіз. Оны жаңа ғылыми айналымға енгізу, жаңа методологиямен зерттеу, әлемдік гуманитарлық оймен сабақтастыру, кейінгі ұрпақтың тіліне аудару қажет. Ұстаздар ашқан архивтің есігінен кіріп, әрі қарай жүру – шәкірттің парызы. Өйткені ұстаздың ең үлкен жеңісі – соңынан ерген адамның өзінен әрі қарай жүруі.
Тұрсын көкем де талай жастың қолына рухани шырақ ұстатты. Біреуіне тақырып берді, біреуіне ғылыми жетекші болды. Әр шәкіртіне жігерлі сөз айтты. Ұстаз үшін бұл күнделікті әрекет болып көрінуі мүмкін. Ал шәкірт үшін кейде сол бір ауыз сөз бүкіл тағдырдың бағытын өзгертеді.
Ұстаз дегеніміз – адамның өміріне өзінің жарығын қалдыратын жан.
Тұрсын көкемнің жарығы – Алаштың жарығы. Оның ғұмыр бойы жинаған дерегі, жазған кітабы, айтқан сөзі, тәрбиелеген шәкірті бір үлкен арнаға келіп құяды. Ол арнаның аты – ұлттық сана.
Бүгін, туған күнінде, Тұрсын көкеме ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық, күш-қуат тілеймін! Қаламыңыз мұқалмасын, ойыңыз ортаймасын, архивтен тапқан әрбір жаңа дерегіңіз қазақ руханиятының олжасына айнала берсін!
Алдыңызда әлі жазылатын кітап, айтылатын ой көп. Соның бәрін хатқа түсіріп кетсеңіз арман не?!
Ұлтына қызмет еткен арыстың ғұмыр жасын математикалық жыл санақпен өлшеу қиын. Оның ғұмыры шәкіртінің сөзінде, зерттеуінде, азаматтық ұстанымында жалғаса бермек. Сіз жаққан алаудан талай шырақ тұтанды, Көке! Сол жарық ұзағынан болсын!
