Астана қаласындағы Тілеп Қобыз Сарайында белгілі ақын, тележурналист, диктор Жанайым Ауғанбайқызының «Ақ орамал» атты кітабының тұсаукесері болды. «Ақ орамалдың» әдеби кеші, өзге кештерден жаңаша тұрпатта, еркін форматта өтті. Кештің қадырлы қонақтары ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы, публицист, жазушы Маржан Бектұрсынқызы, жазушы Асқар Алтай, абайтанушы ғалым Омар Жәлел, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы Дәулеткерей Кәпұлы, Қытай қазақтарынан шыққан танымал диктор Қызырбек Жанасылұлы, ақын Танакөз Толқынқызы, ақын Ұларбек Нұрғалымұлы сынды танымал тұлғалар мен өнер қайраткерлері, Жанайым Ауғанбайқызының әріптестері, замандастары мен қалың оқырман қауым қатысты.
Алғашқы сөз кезегін алған Несіпбек Айтұлы қазақ әдебиетіндегі ақын қыздардың алатын орыны мен күні кеше өткен алаштың ару ақындарының есімін атап, олардың поэзиясының ерекшелігіне тоқталып сөзді арыдан бастады. Енді сол салқар көштің қатарын «Ақ орамалымен» Жанайым қыздарыңыз толықтырып отыр деп тебіріене сөйледі. «Ақ орамалды» парақтап отырып, жанайымның өлеңдерінен нәзіктікпен қатар қазақ қыздарына тән ибалылықты, бұйығы ұяңдықты байқадым. Шынын айтайық, біздің қазіргі қазақ қыздарының поэзиясында, батыстың әсерінен бе, әлде орыс жазушыларының ықпалы ма, бір әдепсіздік белең алып барады. Өлең деген осы екен деп бәрін ашық жазатын болды да, қыздарға тән әдептілік, тектілік қасиет сұйылып бара жатқан еді. Жанайымның өлеңдері оқырмандарды сол қасиетпен қайта қауыштырды. Мен осыған қуандым»,- деді Несібек Айтұлы. Ақын Дәулеткерей Кәпұлы ҚР Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің сәлемін жеткізіп, жазушылар одағы атынан жақында жарық көрген кітаптарды сыйлап, Жанайымның шығармашылық жолына табыс тіледі. Салтанатты іс-шараның соңы, Жанайым Ауғанбайқызының сөзіне жазылған әндер орындалған әдеби-сазды кешке ұласты.
Жанайым Ауғанбайқызы ақын, аға диктор, теле жүргізуші. Ол 1974 жылы 8 қарашада ҚХР, Шынжаң автономиялы районы Іле облысына қарасты Мұңғұлкүре ауданында зиялы отбасында дүниеге келген. 1991 жылы облыстық мұғалімдерді даярлайтын академияның қазақ тіл әдебиеті мамандығын, 1996 жылы Іле педагогикалық институтының филология бөлімін филолог-аудармашы мамандығы бойынша, 2006 жылы Шынжаң университетінің Қытай филологиясы бөлімін бітірген. Әр жылдары орта мектептің мұғалімі, тәрбие ісі жөніндегі жетекші, аудандық телевиденияда диктор, жүргізуші, әдеби редактор, Шынжаң телеарнасында диктор, теле жүргізуші болып қызымет атқарған. Қазір Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің «Стратегиялық менеджмент» магистранты. «Студент дәптері» (1995ж) жыр кітабының авторы.
Мен Ауғанбай Жанайым,
Өмірдің көрдім талайын.
Ақ таңды күтіп қарсы алып,
Сүйемін күннің арайын.
Күш-қуат тілеп Алладан,
Қанатым тәубе талмаған.
Жаратқан мәңгі бере-гөр,
Намыс пен ұят, ар маған!
«Ақ орамал» жыр кітабының алғы сөзін Қазақ поэзиясының аққуы атанған, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Марфуға Айтхожина жазыпты. Ақын Жанайым мен Айтқожина арасында өзара тағдыр үндестігін, ортақ көңіл көкжиегін аңғару қиын емес. Сосында Марфуға апамыз ақын сіңлісі туралы шын жүрекпен тебірене жазады. Бірге оқып көрелік: «Мен туған сол топырақтан Жанайым Ауғанбайқызы деген ақын қыз шығыпты. Тағдыры бізге ұқсастау. Олда 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерлісі кезінде арғы бетке ауып кеткен қазақтың ұрпағы. Тәуелсіздік жылдары ата мекенге, Тәуелсіз Қазақстанға оралған. Мен «Қайран Талқы таулары-ай, биік неткен!» деп Талқының биігіне қарап өссем, Ол Хантәңірінің биігіне қарап арманға құлаш сермепті. Хантәңірдің биігіне қарап өскендігінен бе, өрт мінезі мен өжеттігі, еркелігі өзіне жарасып тұрады екен. Бұл мінездері өлеңдерінен де байқалып тұрады. Сол туған жерінде жүріп алғашқы өлеңдерін жаза бастаған жас талапкердің студент кезінде «Студент дәптері» деген алғашқы жыр жинағы шығыпты. Өзі мені жасөспірім кезінен біледі екен. 1988 жылы туған жерге барған сапарымда сонда шыққан «Сағыныш саздары» атты кітабымды сол кезде оқыпты. Маған таныстық білдіріп, «Ақ орамал» деп аталған жыр топтамасын ұсынды. «Оқып шығыңызшы» деп өтінген. Оқыдым. Жүз бетке жуық қолжазба. Өлеңдерінен автордың өзінің концепциясы, өмірге, қоршаған ортаға деген көзқарасы, сезімі айқын байқалады. Туған жерге, ата-анаға, сүйген жарға, перзентке деген махаббаты ересен. Әйел жанының ішкі «менімен» көңіл-күйі, жан әлемі ана ретінде де, жар ретінде де жақсы ашылады». Ақын Марфуға Айтхожина Жанайымның жан әлеміне осылай тереңдеп үңіледі, сөзді арыдан қаузайды.
«Ақ орамал астында,
Ұятым бар, арым бар.
Ақ орамал астында,
Рухым бар, ділім бар.
Ақ орамал астында,
Сертім бар да, сенім бар.»
Марфуға Айтхожина өз сөзінде «Ақ орамал» мен оны көмкерген жауһар жырлардың қадыр-қасиеті, қазақы танымдағы орамалдың алар орны мен шығар биігі туралы сыр шертеді, ой бөліседі. Ақын сіңлісіне деген ақ жүрегін ақтарады: «Ақ орамал қасиетті нәрсе ғана емес, қасиетті ұғым. Ол қазақ әйелінің ары мен ұяты ғана емес, күллі қазақтың ары мен намысы. Ол біздің қыздарымыздың тәрбиесінің, ар-ұятының көрінісі ғана емес, кепілі де. Ұлттық тәрбиеміздің де, болмысымыздың да күретамыры, мәңгілік ескірмес рухани құндылығымыз. Ол біздің қыздарымыздың қорғаны емес пе еді. Олай болса, лирикалық кейіпкер «менді» (ақынды) «неге орамал тағасың?» деп кінәлау орынсыз. «Біреуге жәй ғана әйелмін,.. мен кіммін? Ұятпын, намыспын» - деп жырлауы содан.
Ақын болмақ әйелге мүлдем қиын-ақ
Қасірет, қайғы, азаптың бәрін жиып ап,
От пенен судың ортасында өткен өмірі
Әуре боп жүріп, жүрегін шытқа түйіп ап.
Иә, барша әйелге ортақ жайт. Менің де басымнан өткен күй. Қазақ әйелі үшін ақын боп жаралу әрі бақыт, әрі сор. Ол өзінің ақын апалары секілді өзі жырлағандай, баланың қамы, жар қамы деп жүріп «жыр жазу үшін жанар тау болып жанамын» дейді. Бұл жырға деген шексіз махаббат, құштарлық. Ақынның асыл сезімі мен серті. Қолжазбаны шолып оқығанымызда, одан байқағанымыз, ақын сезімінің шынайылығы, жүрегінің адалдығы, сөзінің өткірлігі. Оның өлеңдерінің арқауы, баста айтқанымыздай адал махаббат, іңкәр сезім, достық пен сүйіспеншілік, былайша айтқанда адамның асыл сезімдері. Қазақ поэзиясының салқар көшіндегі қадамыңа сәттілік айналайын! Саған менің жасымды да, жолымды да берсін!»- деп Марфуға апамыз ақ батасын, ақ тілеуін береді.
Көкірегімнен күнім шығар күлімдеп,
Тыңдар болса, оған айтар сырым көп.
Поэзия – жауған жаңбыр, соққан жел,
Естіледі менің нәзік үнім боп.
Сол биіктен айтылатын әнім бар,
Тыңдасаңдар, бұлтқа мініп барыңдар.
Егер мені іздесеңдер, достарым,
Биігімнен ғана іздеңдер, табыңдар.
Шын мәнінде ақын Жанайым Ауғанбайқызы өлеңде өзіне тән өріс аша білген. Оның қарапайым сөз саптауынан шынайылықтың, ізгіліктің лебі еседі. Жанайым поэзиясының негізгі тақырыбы – әйелдің мөлдір әлемі. Сырлы да, мұңлы, шуақты сәттері. Ары мен намысын, жан тазалығы мен жан сұлулығын бәрінен биік қоятын дала қыздарының парасатына құрылған. Бұл сөзімізді белгілі публицист, жазушы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Маржан Бектұрсынқызының мына бір сөзі тіпті де қуаттай түседі. «Табиғаты мен бекзат болмысы үндесетін автордың бойындағы сабырлық, тазалық, бауырмалдық, қанағатшылдық, жомарттық, парасаттылық сияқты адамға тән асыл қасиеттері аталмыш еңбектің көркем мазмұнын құрайды. Атап айтқанда, он сегіз мың ғаламның жаратушысы адамзатқа биік сана, сыршыл сезім берді, соған сай ерік-жігер, қажыр-қайрат, мүмкіндік нәсіп етті. Соны сезіне білетін ақын Жанайым сезімнің ең жоғары көрсеткіші – махаббатты алдымен ұлы жаратушыға, сосын ата-анаға, туған елге, өскен жерге, туған-туыс, жора-жолдас, құдай қосқан қосағына деген сүйіспеншілікті жырына арқау ете білген. Ақындық өнер – тек қана адамға тән жоғары сезімнің, ақыл ойдың, жан дүниесінің биік жемісі, Алланың берген шексіз нығыметі екені анық. Жанайым Ауғанбайқызы жырларының арқауы – Ақ орамал, ақ орамал астындағы аппақ ары, шынайылығы. Алладан рахым, мейірім тілей отырып, жырларының кейіпкері Өлеңімен сырласады, кей сәтте мұң шағады. Жанайым Ауғанбайқызының шығармалары – терең астарлы сыршыл туынды. Оның көркем сөздермен көмкерілген жырлары арзан сөз, ұйқасқа құрылған кездейсоқ шумақтардан таза. Ақынның арман биігіде көгендеген жыр шумақтары оқырманның ойына оттық, қиялына қанат, тіліне тиек болар түйдек-түйдек ойлары ақылмен, нақылмен астасып жатыр. Қаламгердің таным тереңдігімен көмкерілген жауһар туындылары әліде оқырмандар назарына ұсынылады деп сенеміз».
Осылайша адал махаббат, іңкәр сезім, шуақты сәттердің куәсындай болған «Ақ орамал» жыр жинағы оқырман қауымға жол тартты. Жыр иесіне жолың алыс, сапарың сәтті болсын дейміз!
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.