Аяқ астынан көшемін дегені үйді әбігерге салғанымен, үй-іші түгіл бүкіл Лабақ руы болып қас-қабағын баққан Бөріге бірдеңе деп айтып көр. Таңсәріден қыбырлаған үлкен-кішісі жолға шыққанда есінеп, Қоңыратқа жеткенін де байқамай қалды. Жұмысқа орналасып, жер таңдап, басы қасында Алтай аға жүр. Алтай аға көптен көрмеген туысқанының Қоңыраттың есігін ашқанына мәз. Жер бар, жұмыс бар, ағайын күнде бір кесе шайына шақырып мәз. Біз борпылдақ топырақты кешіп мәзбіз. Ойланып отырып, мұртын шиырып кімге не жұмыс беремін, кімді жұмсап аламын деп жан-жағына қарап отыратын әдеті ме, кім білсін. Құдай өзі айдап, тракторшы ағайдың келгені. Жерді тегістеп, Бөрі атамның жанында сәскеге дейін жүріп, түскі шайды бізбен бірге ішіп, бір-ақ кетті.
"Кім бар-ай?" деп отырғанында Пішенбай мен қара қатынның үлкені Қамысбай келгені. Бөрі атам тұр, екеуі ала жіпті алып, ары-бері жүгіріп екеу жүр. Күн бата екеуі де кетті. Тандырға піскен асқабақ пен адамжуа молынан салынып піскен самса мен пәтір нан көк шаймен ала дастарқанға бірге келіп, бәріміз топырлап, дөңгелене отырып алдық. Ауыз бос емес, айнала ор боп қазылған үлкен тыныштық орнағандай. Бүгінгі күнге қуанып атам отыр төрде малдас құрып.
Таңертеңгісін төңіректегі лабақтың кішісінің біразын ертіп Алтай аға келген. Екі баланы дүкенге жіберіп, сыртқа шыққаны. Көшіп келгенде күн ыстық болатын. Қазір бір күн салқын, бір күнің шуақты аумалы-төкпелі күздің мың құбылған бір күндері. Екі өжере салып, жер төледе отырғанымыз Алтай ағаны Бөрі атамнан аз да, көп те емес мазалап жүргендей ме қалай? Дүкенге кеткен екеу тракторға мініп келіп, қалталы көк цементі іргеге жинай бастады. Бүгінгі күннің табысы осы шығар деп марқайып атам тұр. Қыбырлаған он кісінің кешке дейін тындырғаны алты бөлменің фундаменті құйылып біткен есебі. Оң жақтағы көрші өздері үй салып жатқандай ит пен мысығына дейін жүр аула ішінде. Ақілгек апай қазан-табақты жуып жатарда бір-ақ кеткені. Бөрі атам Алтай ағаның тірлігіне мәз, нағашы әжем көршіге мәз. "Табысты күннің тасы домалаған деген осы болар?" деп анам әдемі әңгіменің тізгінін ағытқаны.
Екі-үш күннен соң, фундаменттің үсті – көше баласының қуаласпақ алаңы болды. Айдың соңын күткен үлкендер. Айлық түседі ғой. Айлықтың жұмсалатын өз орны бар. Топырақша топырлап түседі деп отыр. Көкемнің балдары, үйдің үлкендері білекті түріп отыр. Бір күнді бір күн қуалап, күткен күн де келді. Еркектің бәрі балшыққа түсіп, қалыпқа кірпіш құйды. Ағайын кешіккенде анамыз да балшықтың төңірегіне барғанын білмей қалады. Аппақ жеңешем балшыққа қолын салмасын дегендей топырлап лабақтың тентектері де жетеді. Құйылған кірпіштер жиналып біраз болды-ау дегенде Бөрі атам екі ойдың ортасына түсті: «Үйдің бітуі көктемге қалатыны анық. Ал көктем жаңбырлы болса, қайтеміз. Нар тәуекел деп ағайынға көмек айту керек» деп шешті. Кірпіш енді жетеді-ау дегенде, «осы жексенбі біздің үйге көмекке келіңдер» деп жақын-жуыққа тегіс хабар бергені. Әжем дайындығын жұмадан бастады. Екі тандыр нан пісіріп, көршінің шайнегін сұрап алып келгені. Сенбі күні құрал-сайманды түгендеп кешке дейін жүрді атам.
Жексенбі ала таңнан қызу тірлік біздің есіктің алдында басталды. Жау киімін киген ауылдың азаматтары төрт ұстаны төрт бұрышқа жіберіп, өздері жандарында тұрған қорғандай жұмылды кеп. Кешке дейін он бір қатар өріліп, төртінші жексенбіде шарқырауық көтеріп, мал сойылды. Жаңа үйдің қабырғасы сілейіп, екі айлықты жинап, шиферді күтті үлкендер. Шиферді алып, өткендегі асар топ тағы шақырылып, төбеде екі күндей жүріп, шифер қақты. Алтай аға үлкен қойын алып келіп, бір қуантты. Көршіден көшенің тайқазаны әкелініп, қатын-қалаш іске кірісті. «Таза үй, жаңа үй» деп бала-шаға секіріп жүр борпылдақ топырақта. Атамның ойы ендігі екі айлыққа ағаш отын алу болды. Қыстың ызғары да ақырындап кіріп келеді. Сабау ағаштарды бөліп, үш күн отын жақты кезекпе-кезек. Оның жылуына сыланды қабырға кебуі керек.
Құдайдың көзі оң түскені ғой. Ол кісі өстіп ойсоқты болып жүргенде, жыңғылды шауып үйдің екі үлкені әкеліп тұр. Отын да жағылды. «Ағаш келді» дегенде көрші Ақілгек апай баласы әскерден келгендей қуанып жүр. Қазіргілер түсінбейді ғой. Иә, ағаш біреудікі, үй біреудікі. Онікі қай қуаныш дейсің ғой. Бөтегедейді бөлісу деген бар еді ауылда. Ағаш сәкі төселді. Енді Лабақтар кештетіп келіп, екі бөлменің ағашын қадар берді. Қалған ағашты үш бөлмеге бөліп кіргізіп, тек бағандарды қағып кетті. Үш бөлменің ағашын жұмыстан соң екі ағамды жанына алып, Бөрі атамның өзі қағып шықты. Қоңыраттағы үй осылай бітті.
Таза үйдің қабырғасы осылай қаланды. Сол адамдардың табаны қалған борпылдақ топырақты үнемі сағынып жүретін шығармын. Сол кісілердің ізіміз ғой. Жақсылық күтем сол ізден.
Бұл да бітті-ау, әйтеуір.
– Бөрі атаң дүкен ашып тұрғанда,– дейді апам.
– Ол кезде де адам қолы жете бермеді көп нәрсеге. Мал бағып отырған ауыл сары майы мен ағы өзінен, олар дүкеннің сары майын қайтсін. Не керек, дүкендегі майдың уақыты өтіп, үкіметтен адамдар келіп, шығынға шығарып кететін. Қатты сары қағазда тұрған шығынға шыққан майды тастауға қорқып, алып келіп, үлкен ошаққа қара қазанды қойып, астына жыңғыл тастап қайнатып, біз әбігерге түсеміз. Көшеден шиша теріп келеміз. Шишаны жақсылап жуып, дайын болған сары майды құямыз. Енді ол нағыз қол майы болады да шығады. Шишадағы сары майды үлкен қалтаға салып, Қоңыраттың базарына алып шығамыз. Дүкен ашып тұрғанда, бізде азық-түлік мол болды.
Біз де дүкенге, малға қарап, әке-шешеге қолғабыс тигізетінбіз. Сонда мектеп 7-8 шақырым жерде, мінгесіп-ұшқасып мектепке де барамыз. Суды да тасимыз.
Таза үйді әкем жақсы көретін. «Құтты үй болды» дейтін әкем. Алтай ағам және Жүсіпбек көкем үйге жиі келіп тұратын. Жүсіпбек көкемнің жеміс ағаштары көп болатын. Өзі ағашқа жақсы қарайтын.
Көкемнің атызының үстінен жол түсіп, күні-түні жол таптап өтетін тұстағы 4-5 түп ағашты ойлап қайғырып жүрді. Үлкендерден ақыл-кеңес сұрап, ағаштарды біздің үйге көшіруге бел буды. Бірнеше кісіні алып келіп, жеміс ағаштың түбін бір жарым метрдей жерден шеңбер бойлай қаздыра бастады. Ал екінші бір топ кісі біздің үйдің атызынан бір жарым метр тереңдікте 4-5 шұқыр қазып дайындап қойған. Қалайда жеміс ағаштардың обалына қалмайық деп көше адамдары да жиналып, бәрі жабылып қазысты. Енді үлкен самосвал көлікке тиеп, сыммен қоршап орап алуы қалды. «Ақырын жүргіз» деп айқайлап, еріп жүріп отырды көпшілік. Жеміс ағаштарды көшіріп, үйге алып келу оңай шаруа емес. Бүкіл көшенің адамдары жүр баланы құндақтағандай еріп. Шұқырға түсіріп, көму қиынның қиыны. Әупірімдеп шұқырға көміп, сукүбісін артқан көлікпен бір күбі су құйды. Көкем мен әкем түн ауғанша ағашпен сөйлесіп отырғандай шықпай қойғаны ағаштың төңірегінен.
Таңертеңгісін көкем ағаштарын аман-сау көшіргеніне ұлын аяқтандырғандай қуанып үйіне кетіп бара жатты. Жеміс ағашының шақаларының үлкен бөлігі көршінің дауалынан өтіп тұрды. Әкем рұқсатын беріп: «Қол көмегі керек, арасында баптасып тұрарсың. Сенің жеріңе иілгені – сенікі» деген. Екі үйдің 16 баласын уілжіген жемісімен баққан жеміс ағашы күн санап құлпырып тұрды. Біз ағаштарды Жүсіпбек көкемнің ағашы деп еске алатынбыз. Көкем үнемшіл және пайданың көзін табатын кісі. Көше болып обал болады деп бір күн шулап жүріп көшірген ағаштары көп жыл бойы талықпай жеміс берді. Қоңыраттағы адамдардың пейілінен кейін, біз басқа жақ туралы ойламайтынбыз. Адамзат осы төңіректе пайда болып, сол төңіректен Жүсіпбек көкемнің жеміс ағаштарынша мәуелеп, жеміс сияқты көңілі піскен біздің адамдарды тудырып, мәңгі бақи жүрегіміздің қуысына бір-бір алмадан сыйдырып қойған секілді болып тұрады.
