Хиуа – қас сұлулардың қаласы.
Хиуа – билер мен бегі билеген, хан көнбегенде тәулікке жетпей тақтан тайдырып, басын алған қала.
Хиуа – әдемі құрылысы сақталған, қатталған көне жазуы бар, жалғыз қала.
Хиуа – өнердің мың сан түрін меңгерген шеберлер қаласы.
Хиуа – жеті түрлі тілді білген көне ғұламалар мен медреселер қаласы.
Бас уәзір Темір ханға келіп, оң қолын кеудесіне қойып, иіліп құрмет көрсетіп, майдалап сөзін бастап:
– Темір хан! Атақ-даңқыңызды марқұм әкеңізден он есе биік етсін! Жас нәрестені қара балшыққа қосып илеп мәңгілік қорған салыңыз. Мұны есітіген дұшпан қалтырап түңілсін, – деп жымиып басын иді.
– Қорған ғасырлар бойы өмір сүрсін!
Хан біраз үнсіз отырып, мақұлдады:
– Ымырт түскенде нәрестелерді жинауды бастаңдар, – деді мұртынан күліп.
Ханнан бұйрық келген, бұқарада не амал бар демекші, дүрбелең басталды да кетті.
– Темір хан, шығыңыз! Хан ием, нәресте жоқ. Ұры қайда? Не қылған тоймайтын мақлұқ?
Орталық алаң ымырт түскенде бір-ақ тынышталды. Темір хан әскері қызыл қылышпен алаңдағы таң алакеуімінен шулаған жүзге жуық адамды қырып салып, қызыл алаң қан сасыды... Жиналғанның үні өшіп, қою қара түн, айқайды жұтып тынды.
***
Қара көрінді.
– Міне, ғажап! Таңғажайып қой! – деп елеурейді әскерлер.
Сол қараның адамның кір қолымен үзілген қауашақтай болған, құлпырған қызғалдақ-сәбилердің денесінің балшыққа кірпіштей қаланып, қарағайдың биіктігіндей болып тұрғанына қара. Қаланып тұр оттай жанып. Қосынның қостарының алдындағы алаудан шашыраған от сәбиінен айырылғандардың көз жасын өртеп түнерген аспанға, меңіреу далаға және сақау, мардымсыз жымиған жұлдыздарға жасты мұңын баян еткендей. Жылаған аналар, айғайлаған сәби жоқтаусыз қалмайын деп, жоқтау айтып тұрғандай.
Жалғыз Темір хан тас діңгектей қатып, жібімей, мақтанып, масаттанып тұр.
Бір сәтте көрмей қалған көз, оп-оңай жабылып қала беретін құлаққа қалай жан біткені-ау! Шұнақ Құдай әділетсіз ғой. Сәбидің ғұмырын ұрлап, елді қақсатқан тойымсыз, ашқарақ Темір хан мүлде, мүлде соқыр және меңіреу болып қалуы керек еді ғой!...
Жалғыз Темір хан қуанышты. Иә, ол шынымен көтеріңкі көңіл-күйде. Қатыгездік пен қылмыстың басын көрген қасында жүрген әскерлердің кейбірі шыдай алмай, сәбилерді қалаған қорғанның алдында аттан түсе салып, қылышпен өз-өзін осып жіберіп, жаны шықпай домалап қалды.
– Сатқындарға көмектесіп жібер,– деп, иек қақты жендеттерге.
Оншақты әскерді далаға көмбей, арбаға салды. Таңертеңгі уақытта қаланың қабырғасы қалыңдап, он шақты әскер кірпіш боп, балшыққа түсіп, қатыгез қабырға әскерлерді мәңгілік қойнына алды.
Темірден түйін түйген ұста Сәттіғұл жеті жасар қызын ойлап, қайғырып қамықты. Қайтсін, елуде көрген жалғыз үміті һәм жарығы. Таң атпай арбаға ең қажетті заттар салынып, әйелі мен үкілі үмітін алып, қаладан шықты.
– Әй, Темір хан! Менің жалғызым, Тұмарым! Бір әділ күш сенің басыңды алып, елді зұлымдықтан құтқарғай! – айғайлап жар салып кетті кетіп бара жатып.
Даланың құтырғаны қашан-н-н?... Қас пен көздің арасында қаланы құмға көміп, сабалап жүр жынды жел. Қара өркеш бұлттар сап түзеген әскердей қатып қалған. Томардай домалап сурет салған бұлттар реңсіз тұман мен бұзақы, екпінді желдің биін тамашалап, екпінді жел сексеуілмен ойнап, тамырымен қопармақ болып, тұс-тұстан жұлмалап әлек. Бейне бұл да бір әділетсіз соғыс алаңына айналғандай.
– Сардар, оң қанат, оң қанат. Сардар деймін!
– Әскер, шегін, шегін!
Бұқараның әскерлерге лап қойған қанды бұлғағы басталды. Тағы да, тағы да жанышталу...
Мылқау тыныштықты жұтып, өлі дала жоқтау айтқандай. Көк аспанның сұлу өрнекті жұлдыздары қою қара шекпенді жамылған даладағы үнсіздікті қалағандай. Бірақ, көп өтпей біз мұндағы жұлдыздарды таба алмай қалдық. Адам қолымен жасалған жауыздық пен қатыгездікке шыдай алмай теңселіп, қаны қарайып кеткен Хиуаны бір үрейлі түнек аспан жұлдыздарымен бірге шайқап жұтып алғандай.
Ақкүрең Бақыт
