Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Ақындықтың алғашқы қадамы...

17.04.2023 2989

Ақындықтың алғашқы қадамы 14+

Ақындықтың алғашқы қадамы - adebiportal.kz

Әдебиетке шамамен бір мезгілде келгенімен, шығармашылық тұрғыда толысу, өсу, биіктеу мен өрлеу процессі өнер адамдарында бірдей бола бермейді. Бір ақындар ә дегеннен оқтай оза шауып, әдебиетке салғаннан өзіне тән қолтаңбасын танытып келгенімен, кейін, машыққа бейімделіп, оқырман жүрегін жандыратын жырлар жаза алмай жасандылыққа ұрынып, тоқырауға ұшырайды. Енді бір арғымақ ақындардың алғашқы арыны ауыз толтырып айтарлықтай мәз болмағанымен, уақыт өте келе шабысы үдей түсіп, мәреге жақындағанда, бәрін басып озып, ешкімге дес бермей құйындатып кетеді. 

Қарасаздан ұшқан поэзия қыраны Мұқағали алғашқыда әдебиетке тамаша лирик ретінде келгенімен, біраз уақыт  адасып, өлең өлкесіндегі өз  сүрлеу-соқпағын таба алмай жүрді. Мұны көзі тірісінде ақынның лайықты бағасын берген әдебиеттегі бірден-бір жанашыры, сыршыл суреткер Әбіш Кекілбайұлы  осыдан елу жыл бұрын байқап, айтып кетіпті. 1972 жылы жазған «Айтып өткен ақында арман бар ма?!» мақаласында ол  «М.Мақатаев бірнеше поэмалардың авторы. Бірақ сол поэмалардың өзінде оның лириктігі жеңіп кетіп отырушы еді. Ақынның ұзақ-ұзақ толғауларында ара-тұра шалқымалары, өмір жайлы, азаттық жайлы, махаббат жайлы тебіреністері оқушы көңілін мол әсерге бөлеп, тебірентіп кететін. Алайда, ақын Маркс пен Лениннің қазақ поэзиясы топырағында естен шықпастай еңселі бейнесін жасап берді деп айту қиын.

М.Мақатаев бұл салада ұзақ ізденді, ұзақ еңбектенді. Ашық бояулы, анық үнді іргелі талант екені даусыз. Бірақ, осыншама орасан еңбектің нәтижесі неге бұлай?», -  деген сұрақ қойып, жауабын да өзі бере кетеді. «Мұқағали Мақатаевтың ұлы көсемдер жайлы поэмаларының оқушы көкірегіне тереңдеп дари алмауының себебі жұрттың бәріне белгілі жалпылама ой, жалпылама жайларды қайталап, одан арғыға тереңдеп бара алмағанынан болды». Мойындауымыз керек,  Мұқағалидың әдебиеттегі тұсауын кескен тырнақалдысы - «Ильич» (1964 жыл), поэзия қыранының кесек талант, нәзік  лирик, ойшыл гумманист, сыршыл суреткер ретіндегі ақындық даралығын жұртқа таныта  алмаған көп кітаптардың бірі болды.

1964 жылы Мұқағали жасы отыздан асқан ақын. Шығармашылық адамы үшін отыз аз жас емес. Қамал алмаса да орда бұзып, өзін оқырманға мойындатып, кемел туындылар туғызатын дер шағы.  Жастықтың буынан арылып, бойындағы қуатын, Құдай берген талантын оңды-солды шашып-төкпей, алдына үлкен мақсат қойып,  өнеріне жауапкершілікпен қарайтын уақыты.  Ал, әдебиетке адал қызмет етуге ант берген Мұқағалидай шынайы ақындардың көңілі қаламайтын тақырыпты жырлай алмайтыны бесенеден белгілі. Әсіресе: 

Жаратушы, жалғыз ием, қуат бер,

Азабымды, тозағымды жеңейін.

Жаратушы жалғыз ием, шуақ бар,

Өзіме де, өзгеге де төгейін, - деп  алпысыншы жылдары Аллаға жүрегін ашқан сөз патшасының  Құдайсыз қоғамды орнатқан Ленин идеясына бар жан-тәнімен сенгені аса иландыра қоймайды. Жазушы Әбіш Кекілбайұлы  айтқандай, Мұқағали Мақатаевтың ұлы көсемдер жайлы поэмаларының оқушы көкірегіне тереңдеп дари алмауының себебі жұрттың бәріне белгілі жалпылама ой, жалпылама жайларды қайталап, одан арғыға тереңдеп бара алмағандығында ғана жатпаған сияқты. Біздің ойымызша мұның басқа да себептері бар. Әйтпесе, елдің бәріне мәлім жалпылама ой, жалпылама жайларды қайталағанымен, кеңінен көсіліп, Ленин тақырыбын майын тамызып жырлап, өз заманы үшін жақсы шығармалар берген ақындар аз ба?  Мысалы, Андрей Вознесенскийдің «Лонжюма» поэмасын алайықшы. Орыс ақынының Ленин идеясына жан-тәнімен беріліп, пролетариат көсемінің кемеңгерлігіне риясыз сеніп, тақырыпты шын жүрегімен жырлап тұрғаны дастанның алғашқы жолдарынан-ақ тайға таңба басқандай көрініп тұрған жоқ па.

Вступаю в поэму, как в новую пору вступают

Работают поршни,

соседи в ремнях засыпают,

Ночной  папироской

летят телецентры за Муром.

Есть много вопросов.

Давай с тобой, время, покурим.

Өлең техникасын бүге-шігесіне дейін жетік меңгерген Вознесенский  кез-келген тақырыпты иінін қандырып жазып әкететін  - нағыз шебер. Қиюын келістіріп, коньюнктураның өзін әдемі жасайды. 

Мақатаев ондайға бара алмайды. Өйткені, ол өлеңді қолдан жасайтын шебер емес, оны жүректен туғызатын - табиғи талант. Кез-келген тақырыптың кілтін тауып,  артық кеткен жерлерін жонып, шығарманың көркемдік шешімін де оңай тауып, форманың да, ұйқастың да қиюын келістіріп, қамшы өретін шеберлік, әмбебаптық жасандылық оның табиғатына тән қасиет емес. Нәзік жанын тебірентетін, телегей-теңіз  сезімін толқытатын тағдырлы туындыларын жазғанда ғана оның жүрегінде құйын-сезімнің дауылы көтеріліп, ол нағыз ақынға айналады. Алла берген мінезінде иненің жасуындай жалғандық жоқ Мұқағали жанына жақын емес тақырыптарды ақ жауындай төгілтіп, мөлдіретіп жырлай алмайды.  Міне, сондықтан да ол Ленин тақырыбын жырлауда жасандылыққа ұрынды. 

Совет заманында өмір сүрген екі ақынның поэмасы  шамамен бір мезгілде жазылғанымен, Мұқағали Мақатаевтың «Ильич» дастаны Андрей Вознесенскийдің «Лонжюмо» поэмасындай кемел туынды бола алмады.  Осыған орай, жүрегі қаламаса да «неге Мұқағалидың  осы тақырыпты жазуға ниеті ауды? Неге «Ильич» дастаны, кезінде оқырмандар жылы қабылдаған Вознесенскийдің «Лонжюмо» поэмасындай қазақтарға әсер ете алмады?» деген сұрақтардың жауабын іздеудің маңызы бар. 

Социалистік реализм өз әмірін өнерге жүргізіп тұрған өліара мезгілде өмір сүрген  суреткерлер шын ниетімен сенгендіктен емес, көп жағдайда амалдарының жоқтығынан партияның күн көсемдерін жер-көкке сиғызбай дәріптеді. Маркс, Энгельс, Ленин, Сталин, революция т.с.с. өтімді тақырыптарды жырламаған ақын кітабының жарық көріп, әдебиетке келуіне жол жоқ-тын.     Қонаевқа жазған Мұқағалидың соңғы хатынан Ленин тақырыбын жазуға  ұлы ақынның амалсыздан, үлкен әдебиетке келудің басқа жолын таппай, мұқтаждық итермелегендіктен барғанын аңғаруға болады.   

«1962 жылы көптен бері ойда жүрген В.И.Ленин туралы поэмалар топтамасын аяқтап, оның үзінділерін "Социалистік Қазақстанға" жіберіп едім, артынша жарық көрді. Одан кейін республика басылымдарында өлеңдерім жиі-жиі жарияланып, теледидар мен радиодан беріле бастады».  Мұқағалидың шығармашылық таланты «Ильич» поэмасында жарқырап көріне алмағанымен, 1962 жылға дейін қағазға түскен лирикасының ішінде, сол уақытта жазылған өлеңдеріне мүлде ұқсамайтын «Досыма хат», «Отыздан асып барамын», «Ажалға» сияқты жақсы жырлар  бар. Жұбайы Лашынға жазған екі арнауы да, опат болған қызы Майгүлді жоқтаған екі өлеңі де  - классика. Ал, 1955 жылы ақын жүрегінен туған «Жалғыз көкек» келешекте Мұқағалидың ұлы ақын болатынына кәміл сендіретін  - нағыз шедевр. Жырларының ішінен жақұттай болып жарқыраған бұл туынды Мұқағалидың «Шибұтта»  жүргенде жазған бір қайнауы жетпейтін  өлеңдеріне мүлде ұқсамайды. 

 

     Жетімсіреп, жем іздеп балапанға,

    Жалғыз көкек жүретін жаға талда.

     Әлдекімді жоқтайтын күн батарда, 

     Әлдекімді жоқтайтын таң атарда.

     Иесіз қалған, бұзылған тамға барып,

     Қонушы еді қанатын қомдап алып. 

     Жоқтаушы еді оңаша отырып ап,

     Оқшау шетте ұясы, талда қалып.

Шындығында бұл көкек туралы емес, ақынның өз өмірі, тіпті, керек десеңіз әкелері қан майданда қаза тауып, жетімдіктің  тауқыметін тартқан тұтас бір ұрпақтың талайсыз тағдырын суреттеген -  бітімі бөлек туынды. Жалғыз көкек сұрапыл соғыста күйеуінен, баласынан айырылып, ботадай боздап қалған аналардың - символдық бейнесі. «Жалғыз көкек» жыр алыбының тынымсыз ізденісінің нәтижесі. Сыршыл сезімі мұндай ғажайып лирика туғызған таланттың өнердегі келешегінің зор екеніне, шығармашылығы шыңдала келе үлкен ақынға айналатынына шүбәсіз сенуге болады. Байқадыңыз ба,  Мұқағали саяси тақырыптарды қызықтамай, өз жүрегінің түбіне терең бойлағанда ғажайып лирика  туғызады.  Пролетариат көсемі туралы поэма жазғаннан кейін Мұқағалидың әдебиеттегі жолы ашылғандай болғанымен, тай-құлындай тебісіп өскен құрдастары түгіл, өзінен бір итжейдені кейін тоздырған ақын інілерін де мойындату оған оңай болған жоқ. 

Өкінішке қарай, совет заманында өмір сүрген талантты ақындардың пешенесіне жазылған тағдырдан - жақсы өлеңдерін асырау үшін, жаман туындылар жазуға мәжбүр болған мұқтаждықтан Мұқағали да қашып құтыла алмады. Жаман өлеңдер жақсы өлеңдерді асырай алғанымен, ақынды оқырманға танытып, әдеби ортаға мойындатқызатын идеологиялық бесікке құндақталған ортақол шығармалары емес, қазан миында қорытылып, жүрек пернелерімен үндесетін - кемел туындылары. Қазақ поэзиясының падишасы Фариза  Оңғарсынованың сөзімен айтсақ,  поэзия – адам жанының дауасы. Сахна төріне шығып алып, қолын сермеп ақыл айту немесе үгіт-насихат жүргізу – поэзия емес. 

Жеке адамның жан әлеміне қалай әсер етеді, оқырманның сезім пернелері діріл қақты ма, өзінің сөзіндей, өзінің мұңы мен қайғысындай немесе қуанышындай алай-дүлей күйге түсірді ме – міне, Поэзия деген арудың құдіреті осында. Өкінішке қарай, мұндай құдіретті жырлар Мұқағалидың тұңғыш кітабында аса көп емес. Саяси тақырыптан іргесін аулақ салып, лирикалық жырларын жазуға білек сыбана кіріскен уақыттан бастап ол мүлде өзгеріп, сезімі сұлуланып, ойы тереңдеп, шын ақынға айналды.    1964 жылы жыр алыбының шығармашылық құдіреті жарқырап көріне алмаған «Ильич»  кітабы шыққанда, өзінен үш-төрт жас кіші   Тұманбай Молдағалиев,  Қадыр Мырзалиев, Сағи Жиенбаев, Жұмекен Нәжімеденовтер   бірнеше жыр жинағы жарық көріп, әдеби ортаға танылған, таланттары мойындала бастаған ақындар-тын. 

Мойындауымыз керек, Мұқағалидың «Ильичі» әдебиеттің зор  табысы бола алмады. Әйткенмен, ақын ізденісін жоққа шығарып, поэманы мүлде іске алғысыз етіп тастауға да аузымыз бармайды. Алғашқыда лирик ретінде оқырманды таң қалдырып, кейін өлең құрастырудың жолына біржола түсіп кеткен орыс шайыры Маяковскийдің  мәнерімен жазылған дастанда шынайылық та, формалық ізденіс те бар. Кез-келген ақын тәуекел ете алмайтын тақырыпты жырлауға бел буған Мұқағалидың батылдығы таң қалдырады.  Поэманың кей тұсындағы сәтті шыққан жыр жолдарын  оқып ізденіс үстінде жүрген ақынның бойында суреткерлік дарынның мол екенін еріксіз мойындайсың. 

Жаңа жыл. Қар аппақ.

Талауратып, талмаусырап күн шықты.

Тиісерге қара таппай жалақтап,

Тентек аяз өз деміне тұншықты.

 

Ақ қайыңдар қардан алқа тағынып, 

Шаттануда, шалқайып,

Ата Сібір ақ күпісін жамылып,

Жата кетті жантайып.

Біз бұл туындыдан суреткер жазушы Әбіш Кекілбайұлы айтқандай жұрттың бәріне белгілі жалпылама жайларды қайталаған ойды аса қатты байқамадық. Қайта керісінше, күрмеуі күрделі тақырыпты өзгеше жазуға ұмтылып, жұрттың бәрін жауыр қылған жалған ұрандарды, асқақ пафоска құрылған жасанды сөздерді қайталаудан қашып, бір адамның арқасында мүлде басқа бағытқа бет бұрып кеткен тарих шежіресін таңбалауға талпынған Мұқағалидың шығармашылық ізденісін көргендей болдық. Поэма соңындағы лирикалық қаһарманның өлімі де шынайлықтың жібімен кестеленген. 

Па, шіркін!

Горкада күн қандай!

Боз қырау,

Ал, боран тынған жай.

Ақ мамық төсеніп, жамылып,

Ағаштар сүйісіп тұрғандай.

Па, шіркін!

Горкада күн қандай!

 

Аяз қарт дауылдап, дауылдап.

Басылған сәті еді мамырлап. 

Қатал қыс әріге бара алмай

Тұр ма әлде Горкада дамылдап?!

Әйткенмен, бас кейіпкердің ішкі толғанысын жақсы берген сыршылдық, тамылжыған табиғат көрінісін адам жанының гармониясымен үйлестірген суреткерлік қырағылық,  көңіліңді толқытып жіберетін ой ағысының күшті екпіні болғанына қарамастан поэмадағы тарауларды бір-бірімен байланыстырып тұрған тұтастық жоқ. 

Нағыз шығармашылық өте күрделі процесс, онда ең алдымен идея дүниеге келіп, айлар, кейде жылдар бойы іште әбден пісіп-жетіліп, жүректі жарып шықаннан кейін барып ол  нағыз өнер туындысына айналады. «Ильич» поэмасында бұл процесс керісінше болған. Шығарманың кейбір  тұстарындағы сәтті шыққан жүрекке жылы тиетін ой ағыстары, шымыр шумақтар жазу барысында туған. Яғни,  поэманы жазар алдында қазан миында қорытылып шыққан, шығарманың өзегіне айналуға тиіс идея ақында атымен болмағанға ұқсайды. Шындығында «Ильич»  ақын шығармашылығының қазанынан қайнап шыққан поэма емес, әйтеуір, жазу керек болған Мұқағалидың өзін-өзі мәжбүрлеп жазған шығармасы. 

Советтік идеологияның жалынды күрескері болмағандықтан, мұндай саяси тақырып  публицистикадан гөрі, жаны лирикаға әлдеқайда жақын ақынның таңдаған жолы емес-тін. Егер айы оңынан туып «Ильич» поэмасы өз заманының жақсы туындысына айналғанда Мұқағали саяси тақырыптардың шаң-тозаңын бұрқылдатып, әлі де  біраз дастандар жазып тастауы әбден ықтимал еді.   Қазақ әдебиетінің  бақытына орай, «Ильич», «Мавр» поэмалары әдеби ортада сыналып, оқырман сүйіспеншілігін оята алмағаннан кейін, ақын идеологиялық бағыттағы шығармалар  жазуын доғарып, адасып жүргенін түсініп, тез есін жиып алды. 

Сөз өнеріне бағы байланып, өлеңмен қанша сырласса да құмары басылмайтын дарындардың тынымсыз ізденістері олардың шығармашылығында өз ізін қалдырмай тұра алмайды. Саясатты жырлау Мұқағалидың ақындық  стихиясы еместігіне қарамастан, оның бұл тараптағы ізденістері мүлде жеміссіз болған жоқ. Төңкеріс тақырыбын зерттеген жыр сүлейінің Маркс, Энгельс, Ленин еңбектерімен ғана шектеліп қалмай, адамзатты бақытты етуді армандап әділеттілік үшін күрескен данышпандардың, кемеңгерлердің, азаттықты аңсаған ақындардың  кітаптарын ақтарып, шындықты іздегені анық. 

«Ильичте» аса қатты сезілмегенімен, тарихты зерттеп күні-түні кітап оқыған ізденістердің мүлде нәтижесіз болмағанын, ақынның бірнеше жылдардан соң саяси тақырыпқа қайта айналып соққан келесі туындысынан көреміз.  «Мавр» поэмасынан бастап біз Мұқағалидың шеңберден шығып, барша адамзатты ойландырған күрделі сұрақтардың  жауабын тапқысы келген гуманистік ізденісіне куә боламыз. 

Сырыңды алған, құныңды алған,

Өмір, өмір..

Өмір өзі бір құйын. 

Ұлы болып туылғанмен,

Ұлы болып өмір сүрмек тым қиын. 

 

Қадір тұтар ғасыр, ұрпақ, халықтар,

Ұлы болып қалу қиын бәрінен.

Тірі адамға тірлік дейтін тамұқ бар

Қарсы алады ол орымен де жарымен.

 

Күнделікті күйбең өмір... 

Күйбең өмір уақытты ұрлаған. 

Күйбең өмір, күйбең өмір...

Күйкі өмірге құл болу да тым жаман.

Көркем туындыларды талдағанда біз көбінесе өлең, поэма, әңгіме, повесть, романдардың композициялық құрылымына, стильдік ерекшелігіне, нарраталогиялық (әңгімелеу) шеберлігіне, полифониялығына (көп дауыстылық), тілінің құнарлылығына баса назар аударып, негізгі мәселе - ақынның өз шығармасы арқылы айтқысы келген ұлы ойына (Великая мысль) тоқталуды ұмытып кетеміз. Оқырмандарды таң қалдыра алмағанына қарамастан,  «Маврдан»   ХХ ғасыр басындағы француздардың философ жазушылары Сартр мен Камюлерді толғандырған экзистенциалистік сауалдардың жауабын іздеген Мұқағалидың азаматтық үні, ақындық  жанайқайы байқалады. Енді ол  бұрынғыдай тарихта болған, адамзатқа қан жұтқызып, қасірет  шеккізген төңкерістерді, соғыстарды сырттай ғана қызықтап қоймай, себебін де іздеп, ақындық жүрегі торға түскен балықтай қиналып, аласұрады. 

Мынау ешқандай да жоғарғы сот жоқ, ешқандай да өнеге тұтатын императив жоқ, мейірімділік пен зұлымдықтың категориясы жоқ мезгілдің өліарасында адам әрі қарай өмір сүру үшін қандай тірек табуы тиіс?  Француз жазушылары Сартр мен Камюлар сияқты Мұқағали да «Мавр» поэмасында  «Өмірдің мағынасы не? Адам өмірінің, адам болмысының мәні неде?» деген ұстара сауалдың жауабын іздей бастайды. 

Тағдыр дейміз, 

Тағдыр дейміз ашына,

Талақ тағдыр, күйбең тірлік алдайды.

Ақымақтың бақ боп қонып басына,

Ақылдыдан аулақ кетер, бармайды.

ХХ ғасыр адамзаттың дүниені сезінудегі ең трагедиялық және күрделі дәуірі болды. Мұндай құбылыстың обьективті алғышарттары бар-тын. 

Қайта Өрлеу дәуірі ең биік гуманистік идеалдарды өмірге әкелді. «Адам - барлық дүниенің өлшемі, әлемнің ең жоғары құндылығы» деген сыңайдағы сөздер Қайта өрлеу дәуірінің  негізгі ұраны мен мұраты  болғанын бәріміз  жақсы білеміз. Соның арқасында гуманистік идеалдардың мәңгілік екеніне шын сенген шығармалар туып, оқырманды имандылық пен ізгілікке баули түсті. 

Трагедиялық ХХ ғасыр осы ұранның күлін көкке ұшырып, адамның гуманистік мұраттарын жоққа шығарды. Әрине, оның обьективті себептері де бар-тын. Екі дүниежүзілік соғыста миллиондаған жазықсыз жандар жауыздықпен өлтіріліп, халықты  қынадай қыру үшін тұңғыш рет газ қолданылып, адам тарих алдындағы бейшаралығын, дәрменсіздігін сезген кезде өнердің өлшемі болып келген гуманистік идеалдарға деген сенімге селкеу түспеуі мүмкін емес-тін. 

ХХ ғасырдағы адамзат баласының ғылыми-техникалық бағыттағы жетістіктерінің бәрі де  адамды жоюға, тып-типыл етіп оны жер бетінен құртып жіберуге бағытталды. «Мавр» поэмасынан біз адамның гуманистік идеалдарға табан тіреген негізінің тұрақсыз екенін сезген ақын көңіл-күйіндегі аласапыранның дауылын көргендей боламыз. 

Тағдыр дейтін бос сөз, бос сөз жарандар,

Өтірікке санаңдар!

Тағдырыңды жасайтын да адамдар,

Тағдырыңды бүлдіретін адамдар. 

Ия, ия, адамдар!

Кавеньяк, Муссолини, Гитлер

Жауыз! 

Бірақ бәрі адам.

...Жердің жүзі, білесіңдер, жарандар,

Жазылған жоқ олар салған жарадан.

 

Тамұқтарда, түрмелерде шіріткен,

Солар, солар асқандар да атқандар!

Білесіңдер, олар салған бүліктен,

Ана-жердің ақ жүзінде дақтар бар.

 

Олар ойды түрмелерде түнетті, 

Олар сойды қанжоса ғып жүректі. 

Даналардың дана миын саудалап,

Даналардың қанын сорып күнелтті.

 

Тағдырды олар тамұқпенен тыстады, 

Жанды олар жан отымен ыстады.

Ұлылардың ұрпағын да, өзін де

Қара күштің қабірінде ұстады.

«Мавр» кемшілігі көп туынды екеніне қарамастан, поэманы жазу барысында біз ақын ойының бірте-бірте кемелденіп, дүниетанымының тереңдеп, айтар сөзінің бірте-бірте іріленіп келе жатқанын сеземіз.   «Ильичпен» салыстырғанда «Маврда» өткір де ойлы, өміршең батыл пайымдаулар, өлең сиқыры мен өнер сиқырын ұштастырған ұтырлы ізденістер әлдеқайда көп. Поэманың әсерлі шыққан кей тұстарында тіпті, ішіңе игі сәуле кіргендей болып, тұла-бойың шымырлап кетеді. 

-Уақыт бар ма ұлы өмірді жеңбеген,

Бақыт бар ма адам бұрын көрмеген,

Ғалым бар ма ақыл, ойы кернеген,

Ғылым бар ма дүниеге келмеген,

Сана бар ма сан тарапқа көлбеген,

Дана бар ма дамылдаған, өлмеген, 

Шындық бар ма жалаң қылыш сермеген,

Зұлымдықты баудай қырқып, жерлеген? 

Жүрекке жылы тиетін жыр жолдары көзге жиі ұшырағанымен «Мавр» Мұқағалидың ақындық талантын жарқыратап көрсете бере алмаған туынды. Поэмаға публицистикалық қарым мен кең тынысты эпикалық қуат  жетіспейді. Лириктік табиғаты қайта-қайта жеңіп кете бергендіктен, бөгде адамның жанын кемірген мәңгілік сауалдардан  гөрі ақын қайта-қайта өзін мазалаған сұрақтардың жауабын іздеп кете береді. Кейіпкер шындығынан гөрі өз шындығына көбірек үңіледі. 

Өлең жасаудың шебері емес, табиғи талант болғандықтан Мұқағали өз болмысындағы қуатты күш пен тегеурінді  «Маврда» заман ыңғайына бейімдеп, қиюластыра алмады. Бір сөзбен айтқанда, шығармашылық жолдың күресінен, өмір тезінен өтпеген поэманың сезім мен сананың қозғаушысы болуына ақындық шеберлік  жетіспеді. Шығарманың көркемдік шешімі де әлсіз. 

Оқырман – қатал сыншы, ішінде маржандай ойлары болғанына қарамастан «Ильич» пен «Маврды» жылы қабылдай алмады. Дей тұрсақ та, тақырыптың  ескіргеніне бола, легендегі суды ішіндегі сәбиімен бірге төгіп тастаудың қажеті шамалы. Қалай болған күнде де  «Ильич» пен «Маврды» жазған кездегі ақын ізденісі құмға сіңген судай із-түзсіз жоғалып кеткен жоқ. Өнер адамының шығармашылық ізденістегі алғашқы сәтсіздіктері көп жағдайда оның өз жолын табуына себептесіп жатады. Күрделі тақырыпты зерттеудегі еңбектің нәтижесі өз жемісін кейін беріп, әлемнің кез-келген ойшыл суреткеріне ортақ тақырыпты, адамзаттық биікке көтерген Мұқағалидың таланты «Шаруа хәм жауынгер», «Менен сұра», «Аға мен тірімін», «Дариға-жүрек», «Қанаттарым менің» атты соғыс тақырыбына арнаған туындыларында, өлеңдерінде жарқырай көрініп, ақынның екінші кең тынысы ашылды.  «Ильич» пен «Мавр» оқушы сезімінде  терең ізін қалдыра  алмаса да, бұл екі поэма Мұқағалидың зор талантының ашылуына жол салып берді. Барша адамзат баласын толғандыратын сауалдардың жауабын іздеген ақын шығармашылығында бұрын-соңды болмаған полифониялық (көп дауыстылық) шеберлік пайда болды. 

Соғыс деген немене өзі?

Тек қана апат қырғын ба?

Арман-тілек, ақыл-ойды апаратын құрдымға?

Соғыс деген – 

аққан соры ақсүйектің, құлдың да,

Соғыс деген –

төккен ары қыздың және ұлдың да.

  Соғыс тақырыбын жырлаған кезден бастап біз өнер орманында адаса жүріп өз жолын тапқан, шығармашылығы кемелденіп, айтар сөзі анықталып, сезімі сәулеленіп, ойы тереңдеген, ұлттық және адамзаттық құндылықтарды салмақтап,  данышпандардың гуманистік идеяларына жаны жараланып, әлем ақынына айналып бара жатқан мүлде басқа, бұрынғыға ұқсамайтын жаңа Мұқағалиды көргендей боламыз. 

...Шексіз сүйем ұлтымды

сүйе тұрып алайда,

Басқа адам баласына көз алартсам, қалай ма?!

Ұлтын сүю бір бөлек: 

ұлтшыл болу жарай ма?!

Қалай айтам Дантеге,

Жетпейсің деп Абайға?!

Ізгілік пен зұлымдық, мейірімділік пен қатыгездік, адамгершілік пен жауыздықтың жұмбағына үңілген сәттен бастап ақын жүрегінің тереңінен құйын-дауыл көтеріліп, өмірінің соңына дейін басылмай қойды.  Бақытсыз балалық шағын, майданда қайтыс болған әкесін есіне алып,   тағдырдың тауқыметіне налыған ақын жырларында кенеттен сана-сезіміңді дуалап тастайтын сұлу мұң пайда болды. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар