Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ПРОЗА
/
Асхат Өмірбаев. Теңіз толқынындағы тағдырлар...

Асхат Өмірбаев. Теңіз толқынындағы тағдырлар

08.11.2025

3413

Асхат Өмірбаев. Теңіз толқынындағы тағдырлар - adebiportal.kz

(Әңгіме)

Құм қойнауына құлаған көне сүрлеуді бетке алып, елең-алаңда Шымырбек балықшы Көкше теңізге тартты. Үй ауласынан жасыл түске боялған мотоциклін гүр еткізіп, маңайды ащы дүрілге бөлеп, ауылдың ортасынан заулай берді. Әр үйдің жалт-жұлт еткен таңғы самаладай жарқыраған шырақтары балықшы қауымының оянғанын аңғартқандай. Түнекке жұтылған түнгі оттар бірте-бірте көз ұшынан алыстап бара жатты. Айсыз аспанда әлі сөне қоймаған шоқ жұлдыздар «Шымыр, сен бүгін бәрінен бұрын ерте тұрдың. Несібең молырақ болады» дегендей жымыңдайды. Күздің қара суығы өне бойды тоңазытып, қарсы алдынан уілдеген суық жел ескені ме, ұйқысы шайдай ашылып сала берген. Елең-алаң сейіліп, тұтастай жалқын түске боялған көкжиек сан құбылады. Әйтеуір күннің сәулесі түспей, құланиек таңда қарақошқылданып жатқан теңізге де жетті-ау! 

Тұңғиықтан су ырыздығын сүзген Шымырбектің бар ойы – балық жөңкіліп көшпей тұрғанда қарманып қалу. Табанынан кеудесіне дейін жететін рәзіңке етігімен таяз суды кешіп, қалың қамысқа тығылған, ұзындығы есік пен төрдей қара қайығына еппен жайғасты. Осы сәтте баяу ескен теңіз лебімен топтаса жайқалған, сарғайған құрақтар сыбдыр қақты. Шымырбек балықшының құлағына күнде естіп жүрсе де жалықпайтын, қайта сағынтып, сыңғырлап, құмдауыт жағалауды үздіксіз соққылай беретін толқындар әнін тыңдай берді. Тылсымға толы таңғы теңіз үстінде ұзын таяу ағашымен қайығын кең айдынға жүздіріп, қамысты қолтыққа құрған ауларды торымақ болды. Ұзыннан керілген аудың су бетіндегі қарақшы-сырыққа сүзе тақағанда тілін тістеп алды. «Мәссаған! Қалтқының бәрі суға батып кетіпті. Осы араға ау құрмағаныма көп болып еді. Бүгін көп балық өткізетін шығармын. Табысқа кенелетін болдым-ау!» деп өзіне-өзі күбірледі. Лезде қытай торының үстінгі құлақ бауын күштеп көтеріп қалып еді, қуанышы сап тиылды. Ау түгелдей балдыр-борыққа толып кетіпті. Мұндайдың талайын көрген Шымырбек абыржымай, өлеусіреген жарықта жалма-жан аудың көзіне тұрған майда балдырлардың көк-жасыл шайырларын жуып, қоқыр-соқырдан тазартып, қайта құрды. Суық су қолын қалтыратып, өне-бойын дірдек қақтырды. «Ештеңе етпейді» деді тістеніп. Түнеукүні айдың жарығымен де ауларды ауыстырғанын есіне алды. 

Шымырбек – орта бойлы, жауырына төртпақ келген, нар тұлғалы, өте ширақ, екі қасы бір-біріне қосылардай түкті, жанары үлкен, дөңес мұрынды, құлағы арасынан күн сәулесі өтпейтіндей қалың, ат жақтылау келген, сом білекті азамат еді. Мінезі тік, ойындағысын ірікпей айтатын, бірбеткей, әзіл-қалжыңға әуестігі де бар, қуақы тілді жан.   

Таңсәріде бозғылт сәуле сібірлей берді. Желкеден лекіген самал леп күшейіп, ұйқысынан оянған майда толқындар қайықты бесікше тербете бастады. Толқыған қамыс сыбдыры құлақ тұндырып, қол созым жерде шүрегей үйрек тынымсыз барылдайды. Шағала шаңқылы алыстан құлаққа талып естіледі. Көп ұзамай аспан да, айдын да көгілдір түске енді. Қораланған қадау-қадау шуда бұлттар бірте-бірте бауырын жазып, теңіз ажарын айқындай түскендей. Мың-миллиондаған күн кірпіктері теңіз үстінде жарқ-жұрқ етеді. Маңдайынан өпкен таңғы теңіз самалына рахаттана құшақ жайып, кеуде керді. Балықшы қолындағы сорайған сырықты суға бойлата тіреп, қайықты қақпайлай, қалың қамыс арасынан ашыққа бұрды. Ол талай жылғы балықшы кәсібінен үйренген мол тәжірибесіне сүйеніп, тағы бір ауды теңізге шығар тұсқа құрған болатын. Сол үмітпен қара қайығын тезірек есіп келеді. Көп кешікпей таяқ тастам жерден таныс ауды көзі шалып қалып еді, қалқы біткен дір-дір етіп, су бетінде ойнақтап қоя берді. Ілкі сәтте ауды көтеріп қалғанда жарқ еткен шүңірек көзді көріп, лезде езу тартты. Осы кезде бірін-бірі жетектеген ұсақ толқындар әп-сәтте жондары күжірейіп шыға келген. Теңіздің бұл тосын мінезін жақсы білетін Шымырбек бірнеше жүз метр ауын тезірек торып, түскен азды-көпті балығын қайық табанына тастай берді. Жыпырлаған ірілі-ұсақты табан балық пен сазандар ауызымен ауа қармап қалды. Ол ау торып болған бойда екі ескегімен жылдамдата есіп, жағалауға қарай асықты. Соңынан қуған ақ жал толқындар мұны мазақ қылғандай, ашулы бурадай қайыққа ақ көбігін шашып, ойнақтай берді. 

Осы күні күздің қара суығы ашық айдын теңізге шыққан теңізшілердің өңменнен өтіп, өне бойын тоңазытты. Ызғарлы жел балықшылардың емін-еркін кәсіппен шұғылдануына кедергі келтірген. Байсейіт учаскесі жағынан моторлы қайықтың үні құлаққа талып естілді. 

– Күн шықпай ауды торып келу керек еді. Толқынға қарамайсыңдар ма, көтеріліп кеткен! Жігіттер, тездетейік! Әйтпесе, мына теңіздің түрі жаман, – деді балықшылардың ішінде жас үлкені Ақан. Балықшылар үнсіз бұйрыққа бағынды. Әркім өз ісіне беріле кірісіп кеткен. Тастай суық су қолды қарып, ызбарлы жел балықшылардың қолын икемге келтірмей-ақ қойды. Саусақ ұшына ілінген жіп сусып, іске кедергі келтірген. Төркөзде тулаған балықтар әні-міне дегенше суға түсіп кетердей, тұс-тұстан мазасыздана жұлқитынын қайтерсіз. Ақ табан балық пен бауыры жалтыр сары сазан құйрығымен сабалап, жалп-жалп етіп, қолға тұрмайды-ау. Балықшылар шүңірек көздің желбезегінен сұқ саусағын өткізіп жібергенде жуасып, ауызымен ауа қармап қалады. Ұсақ балықтар бір орында тыпыршып, байыз таба алмай, бүкіл қанаттарымен торға оралатынын айтсаңызшы. Балықшы болу – оңай шаруа емес. Әбден шатысқан балықтың жота қанатындағы араның жүзіндей тікендері тырнақтың көбесіне кіріп кетсе, жанынды көзіне көрсетеді. Әсіресе, көксеркенің қылтанағы қолыңды қан-жоса қылып, асқынып кетсе қауіпті. 

Балықшылар ұзындығы бірнеше мың метр ауды торып болғанша түс ауып кеткен еді. Әншейінде шермиген бүйірі тола қоймайтын қара қайық уақыт өте келе қайқайып шыға келді. Қалақтай қос ескегімен торылмаған ау жаққа қарай ескен Ақан қолының қары талмастан су сабалап келеді. Балық толы қайық найқалып, ауыр жылжыды. Азанда аспан төрінде сейілге желкілдей жөңкілген шарбы бұлттардың бірі көрінбейді. Есесіне жылымық күннің алтын кірпіктері мың-миллион толқынның жалында ойнап, жарқ-жұрқ етеді. Ақ мамық бауырымен су бетін сүзген ақ шағалалар ежелден балықшылардың айнымас досындай болған. Қайықтың алды-артын айналсоқтап ұшқан шағаланың шаңқылы құлақ тұндырады. 

Кенет жел күшейе түсті. Сәлден соң ышқына тербелген ауыр толқын қайықты теңселтіп жіберді. 

– Жігіттер, тездетейік! Мына желдің екпіні қатты. Ау торып болғанша өзімізді әкетпесе неғылсын, – деген Ақан ұшан-теңіз төрінен жан-жағына көз тіккен. Толқын жалында шайқалған қайық көз ұшында жоғалып бара жатқандай. 

– Әй, мына толқын қайтеді ей! Қыра ма... әкең.., – деп самбырлай сөйлеген Жансерік қолына ескекті ала берді. 

Қырда жүргелі жел қағып, ала жаздай күн қақтаған жүздері күңіреніп, тотығып кеткен балықшылардың ойсыз жанарларынан қуаныштың нышаны да білінбейді. Тулаған толқынмен алысып, балық аулау оңай деймісіз. Әрбір балықшы өмір бойы отбасын асырау үшін өлімге де бас тігіп, асау атша тулаған толқын жалына жармасып, теңіз түбінен ырыздығын сүзіп өтеді. Теңіз әлсіздер мен қорқақтарды сүймейді. Ол ежелден-ақ жүрегінің түгі бар батырлар мен күштілердің, ептілер мен еңбекқорлардың мекені болған. 

– Күн болса батып қалды. Бір майлықты торыған соң қайтуға қамданайық. Келген жерімізді шырамытып, кешкі салқынмен құрақты жарып шықпаймыз ба? – деген Баймұраттың секемі бекер емес. Оны қостай жөнелген Жансерік: 

– Қайық толы балықты жағаға жеткізіп алсақ жаман болмас еді. Әншейінде түске дейін торып келуші едік. Қанжығамыз майланғанын көрмейсің бе? – деді. 

Тек бұлардың бригадасына кейін келіп қосылған, Баймұратпен бірге қаладан келген Андрей ғана қайықтың құйрық қанатында үнсіз отыр. Баймұрат балық аулау науқанында мол қаражат табу үшін көлге келетін. Көмекші болар жалшы орыс жігітін ерте келген. Мынандай долы дауылды көрмеген орыстың зәресі ұшып, еріні дір-дір етеді. Қолын қалтыратқан мұздай су денесін дірдек қақтырып, қалшылдай бастаған. Өне бойы тоңазып, ащы еңбектің кермек дәмін сезінгендей болды. Бірақ қорыққанын жолдастарына білдіргісі келмей, тордағы балықтарды босатып, ебедейсіз, қызара бүріскен қолдары ғана қимылдайды. Қабағы түйіліп, сары жүзі күнге қақталған балықтай қуарып, солғын тартқан. 

Көкше теңізді сүймек болған еңкейген күннің сәулесі су бетінде ойнайды. Бар сырын ақтарардай аспанда іркес-тіркес мақта бұлттар жүзіп, жайылып бара жатты. Теңіз бетінде толқыған ақ көбік су қайыққа шашырап, балықшылардың үстін малмандай қылған. Ау торып әбден шаршаған балықшылардың төзімін сынағандай маса мен шіркей айналсоқтап, құлақтың түбінде ызыңдап, маза берер емес. Балықшылардың әр күні осы. 

Теңіз беті белдеу-белдеу боп арқандай керілген еспе толқынға ұласты. Балықшылардың жүзіне желмен бірге суық тамшылар шашырап түсті. Қара қайықтың ішіне су лап қойды. Ілгерінді-кейінді ырғала қозғалған ақ жал толқындар бірін-бірі өкшелей қуып, қара қайықты қақпақыл қылуға құмарта түскендей. Әбден есіліп, екпіні үдей түскен теңіз беті жонын күжірейтіп, ақ көбікті айналаға бүркіп-бүркіп жіберді. Қабат-қабат майда толқындарды жайынша жұтып жіберіп, қуатты серпінмен толығып, төңкеріле бүктетіліп, қаһарын төге түсті. Ақан болса ойлы жанарын көк мұнарланған теңіз толқынына аудара берді. 

Тал бесінде жағалауға әупірімдеп жетіп, демін алған Шымырбек азды-көпті балықтарын мотоциклге тиеп, ауылға қарай тартты. Әбден арша-арша болып қазылып кеткен ойқы-шойқы жол күз болса да әлі борпылдағы қата қоймаған. Жолдың екі бойында ызғырық желден ыққандай бұйрат-бұйрат құмға бойларын тасалаған бәкене сексеуілдер көрінеді. Шоң-шоң шашыраңқы ши мен күрдек бас мия желмен байыз таппай тербеліп, аспанда қалықтаған ақ шағала жапырылған қамысқа қарай бет түзеді. 

Шымырбек ауылға кіре бергенде алқам-салқам шарбақтың жанындағы ескі қайықтың құйрық қанатында ау тараштап отырған Әділбай ақсақалды көзі шалып қалды. Шоқша сақалын күректей қолымен сипаған қарт балықшы «Балық аз түсті ме? Ерте келдің ғой» дегендей құйғытып бара жатқан мотоциклге көз тастап, күлімсіреді. Қарт балықшының ала жаздай күн қақтаған денесі африкалық зәңгілерді елестетіп, ыржия күлгенде маржандай тізілген аппақ тістері жарқырай көрінеді. Ол балықшылық кәсіптің кім көрінгенге жалын ұстатпайтынын жақсы білетін. Жас балықшыларға аяқ астынан алай-дүлей болатын теңіз дауылынан аса сақ болуды жиі ескертетін. Бүгін теңізде дауыл тұратынын болжаған қарт балықшы балық аулауға немересін жібермей қойған. Таң сәріде бірінен соң бірі теңізге қарай шұбай жөнелетін жас балықшылардың ашкөздігіне қарны ашып, іштей күрсініп қалып еді. «Білем, білем, көксерке ғой дәмелерін. Бір-біріңмен жарысып, жазым болып кетер ме екенсіңдер? Қанағат жоқ-ау сендерде, қанағат жоқ» деп өзіне-өзі күбірледі. Артынан  «Е, байқұс балалар нәпақа үшін теңізбен арпалысуға кетіп барады-ау! Құдай жолдарын оңғарсын!» деп іштей тілек тілеп отырады. Өмір-теңіздің небір өткелектерін бастан кешірген Әділбай ақсақалдың немересі Ақжанға айтқаны да осы. Тағдырдың қиямпұрыс қияметтерін көрген қарт теңізге шыққанда: «Толқын жалында мығым бол, балам! Жігерсіз, жүрексіз болсаң, теңіз сені құрдымға жібереді. Осыны есіне сақта!» деп санасына құйып еді. 

Теңіз әлі тулап жатты. Көкжиек шетінде шаршап, шалдыққан қызанақ-күн теңізді құмарта сүйді де, толқын құшағына батып бара жатты. Күннен жебенің ұшындай созылған қызыл сәуле кешкі теңіз бетіне ұзыннан керіліп, сәлден соң жым-жылас болды. Ау торып шаршаған төрт балықшы соңғы майлықты еңсеруге таяп қалған еді. Бәрінің реңі өрт сөндіргендей тотығып шыға келген. «Мына таудай тулаған теңізде шарболаттай шыңдалған адам ғана қасқайып қарсы тұра алады-ау! Бүгін күн желкемдей болып, толқын тұрып кеткенін қарашы!» дегендей Ақан шүңірек жанарын батыс көкжиекке қадай берді. Қобалжыған жүзі қуқыл тартып, өзінен жас үш балықшыға тіс жармады. Есесіне бірін-бірі жетелеген, булыққан ақ жал толқындардың қайықты соққылаған үні құлақты тұндырып сала берді. Ақ жал толқындардан көз алмай қараса, басы айналып, көзі қарауытып кетердей. «Бүгін балық аулауға шықпай қою керек еді» деп ойлап үлгерген Ақанның өзегін өртеген өкініш табы отбасын асырау қажеттігі есіне түскенде жел айдаған бұлттай сейіліп сала берді. Әсіресе, жалғыз ұлы Жайдарға: «Көп ақша тапсам, белсебед сатып әперем» деген уәдесін есіне алды. Қалған үш балықшының тәтті ойға берілгені шамалы, әйтеуір теңізден терген ырыздығымызды алып, аман-есен жағалауға жетсек деген тілек қана. 

Жел қатты күшейіп, теңіз түбінде демалып жатқан тентек толқындар серуенге шыққан. Балық толы қайықты бұйым құрлы көрмеген теңіз бағыттан адастырып, үздіксіз соққылай берді. Қайықты құрдымға жібермеуге тырысып, алма-кезек ескен балықшылардың қары талды. Әрі күні-бойғы тынымсыз еңбек әбден титықтатып, сабырдың сыналар сәтін тудырған. 

Түн түңлігін түрді. Жөңкіле көшкен қара қошқыл бұлттардың арасынан сығалап, сүттей жарқырап ай көрінеді. Көп ұзамай аспан шайдай ашылып, құрбы-жұлдыздар жарқырып, жымыңдасты. Теңіз аппақ нұрға бөленіп, айдың сүт сәулесі су бетінде дірілдеп жатты. 

Балықшылар жандарын шүберекке түйіп, теңізге жұтылып кетпеуге талпынды. Жаз мезгіліндегі құс қанаты күйетін аптап жоқ, балықшылардың су тиген денесі тоңази бастады. Моп-момақан болып жататын күндегі мінезі өзгеріп, теңіз беті аударылып, төңкеріліп оқыс өнерін көрсеткен. Жағалаудан ұзап, ашық айдын төріне шыққан қайықты тентек толқындар тағы да қақпақыл ойнағысы келгендей, екі жағына алма-кезек шайқай бастады. Кезектесе ескек ұстаған төрт балықшының білек күшін сынағандай қолдарын серпіп тастаған. Ақан осы сәтте Әділбай ақсақалды есіне алды. «Толқынның тұратынын қалай біледі, ә? Бүгін текке балық аулауға шықпаған ғой. Біздікі не, алашапқын болып жүрген. Бала-шағаның қамы ма, әлде... әй, қойшы!».

Қапталдан ұрған тау-тау толқындар қайықты төңкеріп кете жаздады. Ақан бір орынында теңселіп, қайықтың жақтауынан ұстап қалды. Суға кетіп, тал қармаған жандай балықшылар тепе-теңдікті мұқият сақтап, бар күштерімен қайықты есе берді, есе берді. Айдың жарығымен анық байқалған теңіз үсті жынын шашқан бурадай буырқанып, толқындар аласұра көбік шашты. Толқын құшағына көмілген қара қайық желдің бағытымен ыға жөнелді. Әншейінде үш-төрт адам әрең жылжытар қара қайық тулаған толқындардың өркеш-өркеш жалынында ойнақшып жүрді. Құдды арыққа жіберген қағаз қайық секілді. Еш бағдарсыз, бағытсыз жүйткиді. Әйтеуір, төртеуі дін аман. Ақан ауыл жақты нобайлап, қайықты жүздіре берді. Сәлден соң ашық аспан қайта бұлтқа оранып, толассыз сіркіреп жауын жауа бастады. Толқынмен алысқаны аздай, балықшылар енді қайықтың ішіне кірген жаңбыр суын төгумен болды. Үсті бастары малмаңдай суық су басып, ет пен сүйектен жаралған денелері дірдек қағып, қалшылдап кетті. Ашулы қатындай долы дауыл қайықты өз еркіне оп-оңай көндіріп алған. Қайықтың алдын жардай толқын соққылап, аударып кете жаздайды. Күнбатыс түстан ызыңдаған, сумаңдаған  суық жел күшейе түсіп, өксігін баса алмады. 

Әдетте, ауыл тұрғындары балықшылар кешігіп жатқанда «Балық көп түсіп жатыр ғой» деп өздерін сабырға жеңдіретін. Бұл өзі үйреншікті әдет болған. Жас үйленген отаулардың ескі тамдарының кірпігінен дірілдеп шам жанады. Жасамыстары алаңсыз шайын сораптап, балығын талғажау еткен соң жаһанның жүйкесімен аппақ нұрды қуалаған қап-қара түннің құшағына еніп, ұйқыға бататын. 

Түн ортасы ауған кезде аспан пердесі сөгіліп, ар жағынан жамырай жымыңдаған жұлдыздарды көріп, Ақан үнсіз жымиды. Бұл кезде жаңбыр тоқтап, ашулы бұлттар татуласқандай жан-жаққа тарап кеткен. Аспан төрінде жамбастай жатқан жетіқарақшыны бағдар жасап, қайықты құс жолына бұра түсті. Әбден шаршаған балықшылар қайықты әбден қолдарының қары талғанша есіп, түн ауғанда жағалауға табан тіреді. Қарашаның адам денесін тоңазытар түні балықшылар үйіне аман-есен жеткен еді.

*  *  *

Көп кешікпей қара жерге ақ көрпесін жайып жіберіп, желтоқсан айы да келіп жетті. Қарағанды жақтан, солтүстіктен соққан ақ түтек боранның соңы шыңылтыр аязға ұласқан. Құдды бір-ақ күнде зымыстан келіп, қыс патшалығын орнатқандай. Күні-түні боратып, азынай соққан құйтырқы жел сай-саланы қарға көміп, адам аяғы жүрер жолды сыпырып тастағандай жып-жылтыр еткен. Бала-шағаның ішіп-жеміне алаңдаған балықшылар жыл сайын мұздың үсті сынық сүйем қатуын күтіп жататын еді. Жазғытұрым бір мөшек ұнға жарымай қалатыны да бар. Кейбірі үйде бала-шаға нәпақа қылар азық таппаған соң амалсыз балық уылдырық шашар тыйым салынған кезде де жасырын ау құрады. Бұл өзі балықшылар өмірінің өзгермес заңдылығындай болып кеткен. 

Ауыл жұрты тәуелсіздік күнін тойлауға әзірленіп жатты. Қу тірлік қарап жатқыза ма? Теңізге желдей жүйткітіп апарған да сол - бала-шаға, қу тірліктің қамы. Бұл күні Шымырбек, Ақан, Жансерік, Баймұрат, Аңшыбай, Андрей алтауы бірігіп, ау құруға бел буған. Барлығы бала-шағаның ішіп-жемі үшін қызықты думаннан бас тартып, шарасыз Көкше теңізді бетке алды. Тек буыны қатпаған жас, дудар шашты, көк көзді, орта бойлы Андрей үшін бұл күнделікті жұмыс секілді болып кеткен. Отбасы ұғымы ол үшін қара ормандай көрінетін.

Теңіз бетінде мұз қатқаннан-ақ ойық ойып, сүйікті кәсібіне кіріспек болған Шымырбек өз бригадасымен тозығы жеткен көлікті от алдырып, елең-алаңнан шалқар айдынға тартты. Құланиек таң атқанда балықшылар бірнеше шақырымға созылған көктайғақ мұз үстінде заулап бара жатты. Көліктің соңынан жалтыр мұз ұшқындары шашырап келеді. Алғашқы торымнан-ақ мұртын майлауды ойлаған балықшылар ауды көлдің жағасына емес, неғұрлым тереңірек жерге бойлатуға тырысатын. Cол себепті баратын жерлері 30-40 шақырым жер. Жаз мезгіліндей емес, ауылдын кейбір балықшылары таң сәрі, құлқын сәріден тұрып, аяз сынды-ау деген сәтте үш аяқты мотоциклмен, ауқаттылары «Уаз», «Нива» автокөлігімен ауылдан бірінін артынан бірі шұбатылып, жосыла шығатын. Өткен аптада қатты аяз қысып, мұз бір сүйем қатқан кезде Ақан жанындағы жігіттермен бірге жылтыр мұз тереңдеп қатып кетпей тұрғанда бірнеше шақырымға жететін ау құрып алған. Әр жиырма метр сайын сүйменмен ойық ойып, торды нәрел арқылы мұздың астынан бір ойықтан екінші ойыққа жетектейді. Айналма бау арқылы ауды су түбінде қалдырып, әр ойыққа қамыс қадап кетеді. Бір қызығы, балықшылар сүйменмен қос қолдап қалың мұзды ойғанда қандай қақаған аязда өне бойынан тер сорғалап, үстіндегі қабат-қабат киімін бірте-бірте шешіп, мұз үстіне тастай беретін. 

Бұл күні ауа-райы қолайсыз, құбылмалы, дел-сал еді. Әлгінде ғана дала тынық болған, әп-сәтте алай-дүлей боран соғып, таяқ тастам жер көрінбей қалған. Көлдің мұзы адам көтерерліктей қатып, қабыршықтанып қалған. Дастархан үстін молшылыққа толтыруды ойлаған балықшылар құрған ауын торымақ болды. Таңертең соққан жылымық желмен ауылдан ұзап шығып, алты адамнан құралған бригада 30 шақырым жердегі Байсейіт учаскесіне табан тіреген еді. Балықшылар әуелі жағада тұрған кішкене баспанасын жөндеп алмақ болды. Қос лашыққа көбірек ұқсайтын. Бұл өзі қатты жел тұрып, қолайсыздықдық туа қалса, паналауға, жата қонуға таптырмас орын. Балықшылар қостың есік-тересін жақсылап қымтай бастаған.

– Жігіттер, сендер үйді жөндей беріңдер, біз Аңшыбай екеуіміз құс атып келейік, кешкісін құс етінен тамақ жасап, ауқаттанамыз, - деді Шымырбек 

– Жарайды, - деді жігіттер кешкі астың қамы естеріне түсіп.

– Балыққа шықпаңдар, батыс жақ бұзылып келе жатыр. Дауыл соқса мұзды бұзып әкетеді, суға кетіп қалуларын мүмкін, - деп Шымырбек жігіттерге қатты ескерткен.

Шымырбек аңның қызығына түсіп, қостан тым ұзап кеткенін аңғарды. Жолдасының артқа қайтар түрі көрінбейді; құс атқан сайын құнығып, алға қарай ентелеп барады. Бір сағаттың ішінде қанжығалары екі-үш қырғауылмен майланыпты. Неге екені белгісіз, Шымырбектің жүрегі қобалжып, әлденеге алаңдай берді. Қасындағы серігінің аңшылыққа өте құмар екенін жақсы білетін. Жүрегін жайсыздық мазалап, кейін қайтқысы келген. Бірақ Аңшыбайдың бұған көнетін түрі жоқ. Мылтығымен тоғайды жаңғыртып, дүрсілдетіп жүр. Шымырбек амалсыз қулыққа көшті. 

– Аңшыбай, сен ана үлкен дөңнің арғы шетін айналып шық, мен мына шетінен шығайын, - деп еріксіз алдап жіберген. Қосқа кеттім десе, саятшылықтың қызығына есі кетіп кіріскен серігі мұны жібермей қоюы кәдік. Серігі төбенің арғы бауырына қарай қарасын батырған соң зымырай жөнелген. Қостан тым алыстап кетіпті. Жағаға жеткенше талай уақыт өткен. Қосқа жақындаған сайын жүрегі жиі дүрсілдеп, беймаза күйге түсірген. Бір жамандықтың болғанын іштей сезетін секілді. 

Үй маңынан қарға ұшты. Сол кезде санын бір соқты. Жігіттердің балыққа кетіп қалғанын түйсінген. Бұл кезде жел көтеріліп, теңіз беймаза күйге түсті. Шымырбек дереу қолындағы мылтығын жерге тастай сала көлге қарай жүгіріп, айғайға басты. Үп еткен бір сыбыс болсаңшы. Бағана сіресіп жатқан мұз жым-жылас болған. Жүрегі ауызына тығылды. Әп-сәтте қауашағын жаман ойлар жаулап алған. «Енді не істедім? Ауылға не бетімді айтам. Бәрін осында бастап әкелген өзіммін. Қаралы хабарды жұртқа қалай жеткізем? Ажалдың қармағына мен іліндіргендей боламын ғой» деп ойлауы мұң екен, денесін тітіркеніп, өне-бойын сұп-суық тамшылар қарып өткендей мазасыз күйге түскен. Мұндайда адамның ойына жамандықтың бірінші болып оралатыны несі екен? 

Екі арада дал болып тұрғанда қамыс арасынан ауыл азаматы Қасен шыға келген. Балық аулап жүріп, дауылдан ығып, көл бетінен қашып шыққан беті екен. 

– Олар мұз үстінде қалып қойды, жел айдап әкетті, - деді Қасен мұны көре сала есі шығып. Шымырбектің де зәре-құты қашып, есеңгіреп қалған. Бұл сәтте балықшылар желдің ығымен алысқа ұзап, ағып кеткендеріне бір сағаттың шамасы болған. Жағалауға көз жүгіртіп еді, үміті еш ақталмады. Балықшылар көрінсейші. Бурадай аласұрып, буырқаған көлге шығуына тура келген. Дереу теңіз жағасынан балықшылардың қаңтарып қойған қайығын тауып алып, көлге қарай сүйрей жөнелді. Таяз судан тереңге қарай итеріп, қайыққа орнығып алды. Есі шығып кеткені соншалық, ескегін алуды ұмытып барады екен. Жалма-жан қар мен жаңбыр суы араласып, жерде қатып қалған ескекті бар күшімен тартып қалды. Қырсықандай ескек ортасынан қақ бөлінді. Амалсыз жалғыз ескекті қайықтың ішіне лақтыра салып, кең айдынға жүзе жөнелді.     

Көлдің беті үй аумағындай бөлшектенген жалтыр мұз. Соққан жел асау толқынды иіріп әкеліп қайыққа қайта-қайта соғады. Жүзу қиындай түсті. Сонда да бар пәрменімен ескекті есе түсті. Ол балықшылардың қай жаққа ағып кеткенін білмеді. Әйтеуір желдің бағытымен әупірімдеп жүзе берді. Денесі қызып, әлі құрып бара жатқанын анық сезді. Ең бастысы - әлсіздікке бой алдырмау керек деп шешті. Секем алған жүрегіне сәл ғана қорқыныш ұялатса, құрдымға кетерін жақсы біледі. «Шыда, жаным, шыда» деп өзін-өзі қамшылай түскенмен, кіл жаман ойлар басын шырмап алған. Қанша ескені есінде жоқ, бірер сағат өткенде теңіз ортасына таяп қалғандай болды. Бетін соққан ызғарлы желге төсеп, балықшылардың бағытын анықтады. Қара қайықтың айдын төріне табан тіреуін күткендей–ақ терістіктен көтерілген жел толқын біткенді айдарынан сипап, оятып жіберді. «Балықшылар қай тұсқа ағып кетті екен? Балхаштың суы сарқылмай, балық таусылмайтынын білетін балықшылар кез-келген қойнауға ау құра береді-ау!» деген беймаза ой сансыратып, әбден діңкелеткен. Өзіне-өзі сыр бермей, суды сабалап келеді. Қара қайық айдын төріне жайғасқалы қашан. Шамалауынша, дәл қазір қостан бірнеше шақырымдай ұзап кеткен секілді. Екі қолынан әл кетіп, әлсірей бастағанда көз ұшында сіріңкенің қорабындай болып ноқат көрінді.

*  *   *

Ақан таң атқанда күннің көзі жылынып шыға келгенін аңғарған. Солтүстіктен соққан жылы майда желге бетін төсеп, көңіліне ешбір секем алмаған. Шымырбек пен Аңшыбай аң аулап келгенше, балық ауламақ болған. Түске таяу ата кәсібіне қызу кірісіп кеткен балықшылар мұз астында қатты ағыс барын кеш байқады. Балықшылар жан-жағына көз тіккенде түнеукүні қатты аяздан сіресіп қатып қалған теңіздің көбесі сөгіліп кеткен екен. Мол балыққа қызығып, төңірекке көз тастауға да мойындары жар бермепті-ау! Шыжым тартқан жастар қарсы алдында үй орнындай сеңдер қақ жарылғанын көріп, кілт тоқтады. Кенеттен қатты жел тұрып, таңертең ғана моп-момақан болып сыр бүгіп жатқан Балхаш кәдімгідей толқып, аяқ астындағы мұздар қақ-қақ жарылып, сең жүре бастады. Қатты жел әп-сәтте балықшылар табан тіреген мұзды белгісіз жаққа ағызып әкете берді. Балықшылардың көздері атыздай болып, қатты қорқып кеткен еді. Қас-қағым сәтте балықшылар желмен жылжыған мұз үстінде ескексіз қайықтай шеті-шегі көрінбес шалқар айдын төрінде беймәлім бағытпен ағып бара жатты. Енді балық түгіл, бас қайғы болды. Адам өміріне қауіп төндірген теңіз ашуға мініп, үйдей сеңдерді бір-біріне үздіксіз соққылай берді. Балықшылар жандарын шүберекке түйіп, қалт-құлт етіп, Жаратқаннан «Жанымызды аман алып қала гөр!» деп тіледі. Маңайда көмек берер тірі жан көрінсейші!   

– Өй әкең... Балық аулап жүріп бір күні суға кетіп қаламыз деп ойладық па? Мұздың жарылып кеткенін қарашы! – деді Баймұрат қызбаланып. 

– Мына табанының астындағы мұз қақ бөлініп, жарылып кетпесін де. Әйтпесе, бәріміз су түбіне кетеміз. Одан да не істей алатынымызды ойластырайық, - деді Ақан сабырлы кейіппен.

– Қолдағы таяудың қысқасын-ай! Теңіз түбіне жете ме? – деді Баймұрат ұзындығы 20 метр ағашқа көз тастап. 

Балықшылардың арасындағы жастауы Жансерік байсалды кейіппен жолдастарының әбден қалжыраған, ойсыз жанарларын бір шолып өтіп, өзі ойға батты. «Үлкен теңіздің шеті-шегі көрінбейді-ау. Тіпті көз ұшына ілігер қараңдаған құрлық көрінсейші. Жайшылықта сеңмен бірге белгісіз бағытқа ағып бара жатқан мына төртеуімізді біреу-міреу көрсе, елес көрінген шығар деп ойлап қалар ма екен? «Суға кеткен тал қармайды» дегендей, амал қылар еш дәрмен жоқ. Құдды мұхит төрінде бөренеге жабысқан Одиссей секілдіміз төртеуіміз. Мұз – ағаш емес, түбін сырғыған су кеміріп қойса ше? Онда тірліктен күдер үзіп, отбасы, ағайын-туыс, ауыл-аймақпен, оны қойшы, мына жарық дүниемен қош айтыса береміз. Толқыған теңіз болса мынау, үйдей сеңдерді бырт-бырт сындырып, әбден айызы қанғанша ақ көбігін шашып жатыр. Қарап тұрып өлеміз бе? Не істесек екен?».

Жас үлкен Ақанның басына қас-қағым сәтте түрлі ойлар келген. «Адамның көзі ештеңеге тоймайды екен. Көксеркеге қызығып, үйден аптыға шығатынымыз несі? Шымырбекті несіне тыңдамадық? Желдің батыстан тұрғанын біле тұра, теңіздің үстіне шығып кеткеніміз қалай? Неден жаңылыстық? Енді бұл қатерден қалай аман қаламыз?».

Баймұрат жан-жағына жалтақтай көз тастап, басы мең-зең адамша өзіне-өзі сенбегендей күй кешті. «Біздің ағып бара жатқанымыз – қорқынышты түс сияқты. Қазір ұйқыдан оянып, аман-есен жылы төсегімізде жататын сияқтымыз. Бірақ бұл өңінде болып жатқаны құйқанды шымырлатады екен».

Тек бұлармен ере шықққан орыста үн жоқ. Құрдымға кететінін сезетіндей, ішінен Тәңірге сиынып отырды. Жылтыр мұздың үстінде қалың киімімен бүрісіп, қорыққаннан денесі дірдек қақты. Суықтан екі беті нарттай қызарып, ерні дірілдеп, тіс-тісіне тимеді. Құдды өлім алдындағы соңғы қалшыл секілді. Дәл қазір жан алғыш періште келіп, кеудесіндегі шыбын жанын шырқыратып суырып алатындай. Орыс сең қақ бөлініп, суға кетеміз деген үрей мен қорқыныштан жүрегім жарылып кетер деп ойлады. «Мынандай алып теңізде сүйегім табылмай қалар, әйтпесе сала құлаш жайын денемді бір-ақ қылғытып қояр ма? Мені іздейтін кім бар? Ауылда суға кеткен талай адамның сүйегі балдыр, шөп-шалаңға шырматылып, теңіз түбінде қалып қойғанын талай естіген едім». Көз алдына бір топ адам мұның өлі мүрдесін көтеріп, көрге сүйреп бара жатқанын елестетті. Әлдебір сүркей үрей жаман шошытып, бү жалған дүниемен қостасуға қимай, көзінен жас ыршып түсті. «Міне, қазір үйдей толқын бізді аударып, өлеміз қаламыз. Өлім алдындағы сәт неткен қорқынышты! Мен неге қалшылдап кеттім? Өлім қалшылы деген...».

– Әй, әй, көмектесіңдер!

– Бізге көмек керек!

– Суға кетіп барамыз. 

Андрей жанындағы балықшылардың әлдекімге айғайлап жатқанын естігенде кенеттен селк етті. Бетін шығысқа бұрғанда көз ұшындағы жағалауда бір адамның қараңдаған сұлбасы көрінді. Әлбетте, олар балықшы Қасен екенін білген жоқ. Жалма-жан орынынан атып тұрып, дауысы қарлыққанша айғайлай берді.

– Естіді ғой, деймін, бізге қолын бұлғап, белгі берген сияқты. Ал, жігіттер, енді ауылдан көмек күту ғана қалды, - деді Ақан достарын сабырға шақырып. 

– Иә, естіді, өзі көмек шақырып, ауылға қарай зымырап бара жатқан сияқты, - деген Баймұраттың дауысы жарқын-жарқын шықты. Орыс ішінен үһілеп демін алды. «Енді көмек келгенше мұздың үстінде аман қалуым керек» деп ойға батты. 

Арада бір сағаттай уақыт өткен. Күн еңкейіп, күздің қысқа күні ұясына қонуға асықты. Осы сәтте ауыл жұрты абыр-сабыр күй кешіп, мұзбен бірге аққан төрт балықшыны уайымдап, көл құсындай шулап қоя берген. Көлде мұз үстінде аққан балықшылардың оқиғасы гулеп, ауылдың бір шетінен о шетіне дейін желден бұрын заулап жеткендей болды. Қарбалас сәтте ауыл әкімдігі, ауыл азаматтары ауыл ішінен көлік іздеп, арғы беттегі ауылдан екі көлік табылып, теңіз шетімен жүйітки жөнелді. Тіпті, осы ауылдан шыққан, республикада жауапты қызмет атқаратын Көбегенге хабар жетіп, ол кісі тікұшақ тауып беруге уәде етті. Осы кезде жұрт Шымырбектің суға аққан балықшылардың соңынан кеткенін білген жоқ. Алты балықшының барлығы су түбіне кеткен шығар деп ойлағандар да аз болмады. 

*  *  *

Күн кешкіріп, ала шапанын жамылды. Қыста күн ұясына тез қонады. Шамасы, сағат төрт-бес болған шығар деп топшылады Шымырбек жүзіп келе жатып. Дала қою қараңғылыққа оранып, көз байланардай мезгіл де келіп жетті. Теңіздің әр шұңқырын, әр көлшігін жақсы білетін ол балықшылар ыққан жаққа бет түзеп, ойланбастан екі ескекпен мейлінше жылдам есе берді, есе берді. «Достарымды өлімнен құтқарам» деген ізгі арманмен қайықты құлаштай есіп, су бетінде жеп-жеңіл сырғыған. Лыпылдаған қайық бірер шақырым жүзген соң қарқынын бәсеңдете түсті. Қақ айырылған үстелдей, тіпті үйдей мұздарды айналып өтпесе болмайды. Бұл кезде жоны күжірейіп, екпіндеп алға ұмтылған асау толқындар орта жолда маңдайын тасқа ұрғандай, мың-сан моншаққа айналып шыға келді. Ашу буған тентек толқындар қайықты алма-кезек шайқап, ішіне дамылсыз су бүркумен болды. Қайықты қалаған бағытына дедектетіп алға әкеткісі келгендей ағысы қатты бура толқындар көбіктене, буырқана соққылайды-ай. Өркеш-өркеш толқындардың жалына жармасып, көбіктене, өрмелей көтерілген шағын қайық, енді бірде толқындардың құшағына көміле берді. Осынау сәтте қайық ернеуіне тырмысқан толқындар ішке лықсыды. Ескекті бекем ұстаған Шымырбектің өңі өрт сөндіргендей қарайып, түтігіп кетті. Көз ұшында балықшылар әлі де сіріңкенің қорабындай көрініп тұрды. Тек ағыны қатты толқын балықшыларға жеткізбей-ақ қойды. 

– Қараңғылық қоюланып кетті. Мына көзге түрткісіз қараңғылықта бізді ешкім таба қоймас. Көмек келгенше жылымық теңіз суы табан астындағы мұзды ертіп, қақ бөлетін болды, - деді Баймұрат шарасыздық танытып. 

– Өмірмен қоштаса бер десейші. Үлкен теңізде сүйегіміз де табылмас. Өлгеннен басқа не бар дейсіз, бізге? Тірліктен күдер үземіз бе? – Жансерік айдын шалқар теңізден төңірекке көз тікті. 

Ақан достарына қатулы қабағымен бір қарап алды да:

– Жә, үміт үзбейік! Біздің суға ағып бара жатқанымызды жұрт көрді ғой. Таң атқанша аман қалсақ, бізді тауып алар. Әй, бірақ мына толқынның түрін жаман. Келіңдер, не де болса нәрелге қолымызды байлайық. Тым болмаса сүйегімізді тауып алсын!

Бәрі ұзындығы 20 метр болатын түзу ағашқа кендір жіппен бірінің қолын бірі тарс қылып байлай бастады. Андрей де өлім шіркіннің таяп қалғанын, тықыр таянғанын сезгендей. Өне-бойы қалш-қалш етіп, суықтан қызарып кеткен қос қолын матай бастады. Су қою, су бетіне көтерілген жағдайда мүрдені сең соғып тастаса, бөлшектеп жібереді. Расында, суға кеткен адамдардың біразының сүйегі де табылмай, қара жамылған отбасы азаматының өлі-тірісін біле алмай, бейітіне құран оқи алмай, іштей тынатын. 

* * *

Шымырбектің жүрегі селт етті. Секемі бекер емес, енді адуынды теңіз мұның өзіне қауіп төндірмек. Асау толқынмен арпаласып, жанталаса есіп келе жатты. Сыңар ескекті суға салбыратып, тербелген қайықтың табанына малдасын құрып, бекем отыра кетті. Шегінерге жол жоқ, не болса да жолдастарын құтқарар, әлде мақсатына жете алмай өзі су түбіне кетер. Алға асыққан бұрқақ толқындар жолына бөгет болған айдын төріндегі жалғыз қайықты ызалана кеспектей лақтырып, төңкеріп кете жаздады. Аса тәжірибелі балықшы аударылып кете жаздаған қайықты қалпына келтіріп, тепе-теңдікті қатаң сақтауға көшкен. Шап-шағын қара қайықты еңсеріп кете алмағанына өкінгендей долы толқындар ернеуін соққылап, дамылсыз тыпырши берді. Жүрегінің түгі болса да мынандай алапат тулаған теңізде жанын шүберекке түйіп, мұзды ағынмен алысқан, арпалысқан Шымырбектің өне-бойынан тер саулады. Құдды темір төсек жанбасына батқандай, қорқынышты түстен құлқын сәріде шошып оянып, терге малшындай күй кешті. Дәл қазіргі жағдай өңі емес, түсі секілді. Сол қорқыныш пен үрей араласқан түстен ояна алмай, ұйқысырап жатқан адамдай. Күздің қара суығын елер емес, маңдайынан сорғалаған ащы кермек тер көзін ашытып, кедергі келтірген. Бағанағындай емес, жалғыз ескекпен қайықтың екі жағын алма-кезек сабалап, бағыттан ауытқымауға тырысты. Әлі есіп келеді. Қолынын ауырғанын, белінің құрысып талғанын елемеді. Адам өмірін құтқаруға деген құлшыныс, жақсылыққа ұмтылыс оны алға жетеледі. Адамды ажал тырнағынан босатып жатқандай күй кешті. 

Арғымақ-түн тағасынын нұры теңіз бетін айнадай жалтыратып, жалт-жұлт етеді. Өмір бойы балық аулап жүргенде картада Балхаш көлі деген көк ноқаттың осынша ұзақ, осынша шалқар боларын білген бе? Құлағының түбіне теңіздің тынымсыз шуылы келіп, есі шығып бара жатқандай болды. Әйтеуір, екі қолы кезектесіп, өздігінен сыңар ескекке таласа жармасады. Қанша ескені, қай жерге жеткені есінде жоқ, ойы тек балықшыларға тезірек жету болды. Басын түрлі бәйгеге тігіп, Гиннестің рекорттар кітабына аты жазылғанын қалайтын данққұмардың өзі мұндай бассыздыққа бармас еді. Кім жалған атақ үшін, даңғаза, дабыра марапат үшін өз өмірін қия алады? Өте шебер деген балықшының өзі күндіз тулаған теңізге шығуға қаймығатын еді. Ал, мұның көздегені не? Атаққұмарлық па, әлде мансапқорлық па? Екеуі де қарапайым балықшыға қажеті шамалы. Өзі не үшін адуынды теңізге көзсіз батырдай қойып кеткенін білмейді. Бар арманы – достарын ажал айдаһардың тырнағынан аман алып қалу ғана. Бітті! Мұнан асқан қандай мақсат бар. Өзге үшін өзін өлімге қиса, күнә ма? Бірақ, өлгісі жоқ... Өліммен бетпе-бет келгенде шыбын жан да тәтті көрінеді екен. Шымырбектің басы әңкі-тәңкі болды. Сыңар ескек ауырлай түсіп, тек құр сүлдері ғана қалғандай. Ескекті әрмен есуге дәрмен де жоқ. Бір сәт қолын босатып, ағыспен бірге жүзіп, құрбандыққа барғысы да келіп кеткендей. Жоқ, адам өмірі тәтті екен. Қу шыбын жанды қимай, мына жалған дүниенің дәм-тұзы бұйырғанға дейін есе бермек. Адам жаны сірі екен. Ол алған бетінен қайтпай, әбден қалжыраған, әлі кеткен қолдарымен баяу да болсын жүзуді тоқтатпады. «Ізгі ниет жолындағы мақсат орта жолда қалмау керек. Өз мақсатыма жетпей, қайық аударылып кетсе, өзгелердің де жанын қиғаным. Тәйірі, бәріміз бір кеменің ішінде екенбіз ғой. Толағай теңізбен, жоқ, ажалмен күресте мен қайтсем жеңіп шығуым керек. Иә, қазір адамдардың тағдыры менің қолымда, менің тағдырым... Иә, Алла сәтін салса, бәріміз тірі қалып, жағалауға жетерміз. Өмір үшін күресте жеңілу болмайды. Жасықтарды теңіз де сүймейді. Теңіз тек мықтылар, ептілермен күш сынасқанды ұнатады. Ендеше, менің күресті тоқтатпауым керек. Өмір үшін күресе білуім керек. Адамдардың өмірі... Менің қолымда...». Осы тақылеттес ой ұшқындары қарабайыр, қарапайым ғана балықшының санасында жарық сәуледей жарқ етіп, талмаурап кеткен жанарлары күркіреген жасындай ойнап шыға келді. 

Көктен енген ай-балық ақ батасын бергендей төңірекке жарық сәуле шашады. Осы сәтте аспаннан кіл сұлулық тамып, ай жүзі қара аспанды күмістей ақ зерге орады. Теңіз әні көңіліне шабыт берді. Аптыққан толқындар салбурын ағыспен баяулады. Ақ қайнар тұнығын бұрқатып, күмістей жарқылдай түсті. Көз алдында қараңдаған ноқат балықшылар болар деген ой Шымырбекті қатты қуантты. Бойында ыстық қан ойнап, жалғыз ескекпен жылдам есе түсті. Бар жігерін жанып, толқынмен үзеңгілесті. 

Кенет көз алдын көлегейлеп төрт сұлба анық көрінді. Мұз үстінде безек қағып жүгіріп жүр. Жан беру оңай емас, бір-бір үйдің атпал азаматтары. Андрейден басқасы бала-шағалы жандар. Қараңғы түспей достарыма жетіп алуым керек деп шешті. Жалғыз ескектің де қауқары аз. Азынай соққан жел мұзды қуып, жылдам жеткізе қоймады. «Достарымды көрем деген оймен көзіме елес көрінген болар?» деп іштей күбірледі. Жақын маңнан судың шолпылын естіген балықшылар жан-жағына елегізи қарай берді. Мұз төсеніп, қар жастанып, асау толқынмен тіресіп жүретін айдын айбынгерлері мұндай жағдайға ұшырай бермейтін. Осы жолғы қауіп-қатер бәрінің жүрегін дірдек қақтырған. Сәлден соң қайық тұмсығы мен сыңар ескекті дамылсыз суға сермеген адам сұлбасы анық көрінді. 

– Ой, мынау Шымырбек қой!

– Әйтеуір, Алла қолдап құтқарушы келіп жеткенін көрмейсің бе? 

– Жарайсың, жанкештілік таныттың ғой, бауырым, жарайсың! – деген балықшыр мұз үстінде секіріп, ағынан жарыла алғысын жаудырып жатты. Шымырбек достарын қуып жеткенмен, қайыққа отырғыза алмай, әбден әбігерге түсті. 

– Кәне, не тұрыс, бір-бірлеп қайыққа мініңдер! – деп, алыста тұрған Шымырбектің айғайлаған қуанышты дауысы жарқын-жарқын естілді. – Дауыстаған жаққа қарай қолдарыңдағы ағашқа бірінен соң бірін жайғасып, бөлшектелген мұздың үстіне секіріп, қайткенде қайыққа отыруға тырысыңдар! 

Айтқан ақылын бұлжытпай орындаған балықшылар әупірімдеп қайыққа жайғасқан. «Қайбір жетіскен қайық» деп ойлады Шымырбек. «Казанка» аталып кеткен темірден жасалған шап-шағын қайық. Салмақ көбейген сайын батудың аз-ақ алдында тұрған. 

Шымырбек балықшылардың қатты қорқып қалғанын байқады. Бәрі ғайыптан құтқарушы келгендей, қабат қуанып, мұның бетінен сүйе берді. Құшақтарына қысып, қуанғаннан көз жасына ерік берген. 

– Бір ажалдан қалдық қой, - деді жарыса жігіттер. Бірақ олар нағыз қауіптін, асқан қауіптің алда екенін аңғармады. Жел барған сайын күшейе берді. Жалды толқындармен тербетілген кіп-кішкентай қайық бір орынында тұрар емес. Айдын төрінде ағаш кеспектей толқып жүр. 

Теңіз әлі тулап жатты. Даланы қараңғылық басты. Бағытты анықтау қиынға соққан. Шымырбек қайығын теңіз төрінен кері бұра түсті. Сәлден соң аспанда ай анық жарқ етіп, теңіз бетіне нұр саулады. Қара түнде айдын жарығына ілесе алмай, көрінбейтін көмескі жұлдыздар тобылғыдай гүлдеп сала берді. Теңіз тарланы қолының қары талғанына қарамай, моншақтаған терін жеңімен сүртіп тастап, алға ұмтылды. 

Шымырбек өзі бойын сабырға жеңдіріп, қорқынышты сейілтіп, мазасыздана бастаған серіктеріне басу айтқан. Сосын жайлап қайық ішінде әрқайсысын қажетті орынға отырғызып, не жасау керектігін ұғындырды. Балықшылар әбден үрейге бой алдырған екен. Шымырбек қолдарындағы күректің батыс жақ бетіне, жел өтіне тіз қатар етіп жіппен байлатып, талмай есуге белгі берді. Дәл осы сәтте қар күшейіп, дауыл да басталып кеткен еді. Сатырлаған мұз қайықты шайқалтып, байлаған ескектерінің жібін бырт-бырт үзіле бастады. Сом-сом болған сеңге тірелген қайықтың қозғалуы қиындай түсті. Күшейген толқын суды көтеріп, қайық іші суға тола бастады. Балықшылар дереу суды сыртқа төгіп, жанталасты. Су төгетін ыдыс жоқ, қытайдың пластмасса бөтелке қиындылары суықтан үгітіліп кеткен екен. Шымырбек барлығының етігін шешкізіп, суды төгуге бұйырды. Өйтпесе, алты балықшы құрдымға кетері айқын еді. Өзі соққан желдің бағытын ой елегінен өткізіп, қисынмен есептеп көрген. Соққан желді оң жағына алып, қайықтың бағытын ұстап, тынымсыз есіп келеді. Телегей теңіздің үстінде қалқыған қайық қай жаққа есіп келе жатқаны да белгісіз. Шымырбек ара-тұра қалтасынан бәкісін алып, оны ұзын жіпке байлап, суды өлшей береді. Әлі терең екен.

– Таяз болып келе ме? – деп сұрады Ақан шыдамсыздық танытып. 

– Иә. Жақындап қалған сияқтымыз, - деді Шымырбек жігіттерді үміттендіріп. Әр сөзін шегелеп айтқан. Қыр осы жақ бетте екенін жүрегі сезеді. Ол аз болғандай шайқалақтаған қайық адамның зәре-құтын қашырып, ашуға бой алдырған. Балықшылар бір-біріне дауыс көтеріп, бағыттан айыра жаздады.

– Қойыңдар шуламай, қазір айтысатын уақыт емес. Аман-есен жағаға жетіп алайық, сабыр сақтандар,  - деген зілмен. Қатты айтып, сабырға шақырып, бар билікті өз қолына алған. Әркім өз бетімен қимылдаса,  қайықты аударып алу оп-оңай. Әсіресе, Ақан қайнағасы шектен тыс мазасызданып кеткен. Қанша оқталса да, қайнағасына дауыс көтере алмады. Кеудесін ыза кернеп, ашуға ерік берсе де, ата-салттан аттамады. Жасы кіші болғанымен, жол үлкен. Бір-біріне ауыр сөздер айтып тұрғанда асау толқын қайықты бір-ақ соқты! Түйдектелген мұз нағашы інісі Баймұратты көлге бір-ақ лақтырды. Шымырбек жалма-жан жан дауысы шығып, адам құлаған жаққа ұмтылды. Су түбіне бір толқытып, екінші толқын қайта көтеріп, нағашысын қайықтың бетіне лақтырды. Су түбіне кетпей, аман қалғанына Аллаға мың да бір шүкірлік айтқан. 

– Айналайын, көрер жарығың бар екен,  - деп Шымырбек нағашысын құшағына қысып, бар дауысымен айғайлап жіберді. Есін жиғызған. 

Қайта тынымсыз ескек есу басталды. Шымырбек көз жасын көрсетпей сүртіп, балықшыларды шошытып алмайын дегендей әркімді өз орнына отырғызған. Жүрегі зырқ етті. Осы кезде қайық үстінде тағы біреу жетіспейтін секілді. Көз байланып қалар уақыт болған соң адамдардың түр-түсі анық көрінбейді. Бәрінін атын атап шыққанда түгел сияқты еді.     

– Ақан, Жансерік, Баймұрат, осындасыңдар ма? Андрей? Андрей қайда? – деді сосын жұлып алғандай. 

Қорқып қалған. Асау толқын нағашысын алып кеткенде, Андрей де қайықтан ауып кетті деп ойлаған. Нағашысын жоқтап жүргенде орталарындағы жалғыз орыстан айырылып қалғаны жүрегіне жүк болған. 

– Жігіттер, бағана арттарыңнан қуып жеткенде, сендердің көңілдерінді көтерейін, жүректегі қорқынышты сейілтейін деп, Андрейге: «Қайық ауырлап барады. Батып кетуіміз мүмкін. Бір адамды суға тастау керек. Сенен басқа ыңғайлы адам жоқ» деп әзілдеп едім. Сол айтқаным тура келді ме деп қорқам, - деді Шымырбек қатты күйініп. Жігіттер үндемеді. Әзілдеуге ешкімнің зауқы соқпады. Бойлары тоңазып, дір-дір етеді. Әсіресе, суға құлаған Баймұрат тісі-тісіне тимей қалшылдап кеткен. Шымырбектің жүрегі бірдене сезгендей болды. «Андрей аман, тірі болуға тиіс» деп өзін сенімге жеңдірмек болды. Іштей күбірлеп, аядай қайықтың үстін сипалап қояды. Сонда ғана есіне сарт етіп түсе қалған. Үяшық! Иә, иә, сонда болуға тиіс! Қайықтың артында кішкене ғана жанар-жағармай қоятын ұяшық бар болатын. Үш-төрт аттап жетіп барды. Ұяшықтың бетін ашып жіберіп еді, күшік секілді екі бүтетіліп жатқан адамды көрді. Езуіне еріксіз күлкі үйірілді. Көзі көріп тұрған жоқ, бірақ Андрейдің сақылдап, тісі-тісіне тимей дірілдеп отырғанан сезген. Өз көзіне сенбегендей, әлде елес көрінген болар деп сипалап көрді. Дәл өзі. Құшағына қысып, көзінің жасын сүрткен. Қапелімде ауызына орысша сөз түсе қояр ма, ойына түскенді түсіндіріп, ұяшықтан шығарып алған. Бұғанасы қатпаған баланың шошынып қалғанын сезген. Сәлден соң бетін бері қаратқан. Балықшылардың бәрін аман алып шығамын деп іштей өзіне өзі серт берген. Осы ойдан тез ширығып, санасы сергек тартқан. Ауылға қара бет болып қалай бармақ? Достарын құтқарса, жүзі жарқын, абыройы асқақ болмай ма? Бәрін дін аман жеткіземін деген сенім мен ұмтылыс жігерін жани түскен. 

– Қане, бәріміз жұмысызды тоқтатпайық. Қорықпаңдар, тірі қаламыз! - деп жігіттерге рух берген. Естерін жинап алған балықшылар бір серпіліп, бар күштерімен қайықтың ескегіне қарқын бітірген. 

Бұл кезде таң қылаң берген еді. Шымырбек өмірінде ең алғаш рет таңның атып келе жатқанына риза болмағандай күйге түсті. «Қазір таң атады, жігіттер әлі кең айдын үстінде қалқып жүргенімізді көрсе, ұнжығалары түсіп, ескегін суға тастай сала ма» деп қорыққан. Ақ шаңқан мұздың беті хрусталдай жарқырап, күн арайымен шағылысқан сәтте жұлдыздай жарқырып, жер бетінде шашылып жатты. Бұл көрініс балықшылардың көңіл-күйіне қатты әсер етіп, жігерін құм ете жаздады. Осы кезде жігіттердің бір сандырақтай бастады. Ауызына келген былапыт сөздерді жаудырып, есінен адаса бастаған. Бұл Шымырбектің де жүйкесіне кері әсерін тигізбей қоймаған. Көз алдына қыр елестеп, көз алды қарауытты.

– Қайықты есіңдер, қыр көрінді, - деп айғай салған Шымырбек. Алайда жақын көрінген жағалау көп ұзамай алыстай берді. Бұл екі қолдан әл кетіп, дене дел-сал болып, қалжырағанның белгісі еді. Әйтсе де, Шымырбек есін тез жинап, қулыққа көшкен. Өйткені жігіттердің жағдайы тым нашар болатын. Бәрі күйзелісті бастан өткеріп келе жатыр еді. Шымырбек жігіттерді кезекпен қалғытып отырды. Өйтпесе, іс насырға шауып бара жатқан. Өзі кірпік қақпады. Бағытынан айырылып қалудан қорықты. 

Айдын төрінде қайық есіп жүргенде екінші түн ауған. Екі түнді су бетінде өткізіп, таң қылаң бергенде үйде қалған баласының «әке» деген дауысы құлағына талып жеткен. Тағы есім ауып бара жатыр деп ойлады. Жүрегі езіліп, іштей морт сынудың аз-ақ алдында тұрған болатын. Іштей өзі-өзі жегідей жеп, «Тәй-тәйлаған баламның «әке» деген сөзін естімей кететін болдым-ау! Артымнан қалған әйелім мен балаларымның күні не болмақ?» деген сансыз сауал санасын жаулап алған. Іштей мүжіле бастаса да, сыр білдірмеді. Қайтсем де ұлыма жетемін, баламның «әке» деген дауысын естимін» деп жігерленіп, жұдырық түйген. Шымырбек осылай ойға шомып отырғанда көз алдына жағалау көрінген. Бұл – ымырт үйіріліп қалған уақыт еді.

– Жағалау! – Шымырбек бар дауысымен айғай салды. Балықшылардың барлығында ес қалмай, күректерін сатырлатып, есе жөнелді. Әупірімдеп қырға да шықты-ау! Жігіттердің барлығы қара жерге топырақ тигізгенде іштей Жаратқанға шүкірлік айтып, тыныстаған. Аман-есен жеткендеріне қуанып, бір-бірімен жылап көрісті. Балықшылардың барлығы мұны бауырына басып: «Сен болмағанда күніміз не болар еді?» деп егіліп жылап жатты. 

– Болды жігіттер, жаман ырым шақырмаңдар, - деп жұбатып, басу айтқан Шымырбек. Өзі де іштей егіліп, аласапыран күйге түскен. Байқауынша, Лепсі жаққа ауып кеткен секілді. Қостан 80 шақырымдай ұзап кеткен сыңайлы. Жігіттер үйге жетудің қамын ойластырған. Екі күн нәр таптпай ескек ескен азаматтардың құр сүлдері қалғандай. Әлсіз. Сүлесоқ күйде. Шымырбек достарын соңынан ертіп, жол бастады. Жол бойы ешкімді тоқтатпай, тынымсыз жаяу жүріске салған. Көп ұзамай бұйрат құмның арасымен, көл-көлшіктің сағасын қиып өтіп, бір балықшының жертөлесіне де келіп жетті. Балықшыға алғашқыда тіл қатуға мұрша болған жоқ. Сәлден соң ес жиып, мән-жайды жайып салған. 

– Бүкіл ауыл сендерді іздеп жатыр, барлығы көл жағасын шарлап шулап жүр, - деді балықшы бұл  оқиғадан хабардар екенін білдіріп. Сөзге келместен жүздері тотығып, жүректері күпті болған балықшыларды көлігіне отырғызып, ауылға қарай жөңкіле жөнелді. Бірер сағаттан соң жоғалып кеткен балықшылар аман-есен ауылдастарына келіп жеткен. Бұл кезде ауыл-аймақ тегіс жиналып, балықшылардың алдынан шыққан. Өлгені тіріліп, өшкені жанып, көрісуге келген жұртта есеп жоқ. 

– Шымырбек-ау, сендей азамат болғанда менің де балам тірі қалар еді.  Құлынымнан қапыда айырылып қалдым-ау!» деп ауыл азаматы Әділжан көліктен түскен бетте өкіріп жылаған. Біледі, ертеректе баласы суға кеткен. Жүректегі жара әлі жазылмапты. Бүкіл ауыл жұрты күңіреніп, бауыры дін аман келгеніне қуанып егілді. Үш күн қиындық пен азапқа шыдаған Шымырбектің жүрегі осы сәтте жүрегі езіле түсіп, көз жасына ерік берген. Ет пен сүйектен жаратылған жан емес пе, екі күн бойы естен талып жатып қалған. Шаршаған, денесін суық сорған, қажыған. Ауыл азаматтары алғысын білдіріп, қолынан алғандар көп болды. Амандық сұрасқан, хал-жағдайын білген. Қара қасқа дауылдан аман қалғандарына таңырқаған. Тіпті, табылмаған соң өлдіге санап, сүйегін іздемек болып, қонақасыға дайындалып жатқандарын айтқан.     

Өз басын қатерге тігіп, жалғыз ескекпен мұзбен аққан балықшыларды өлімнен құтқарып, жағалауға жеткізген Шымырбектің ерен ерлігі ауыл, аудан ғана емес, облыс көлеміне тарады. Бұл - бейбіт күнде жасалған ерлік еді. Ауыл әкімі Дәрмен батыр балықшыны марапатқа ұсынуға жоғары жаққа әрі-бері шапқылап, маңдайы тасқа тиген. Балықшының бұрын істі болғаны қандай да бір құрметтен құр алақан қалдырған. 

Кеш қарайғанда әдеттегідей балық аулап, ауылға оралған Шымырбектің жанарынан жас саулай жөнелді. Балықшы өміріне көз тастап, қай тұстан қателескенін ойлап, мұңға батты. Иә, жас кезінде істі болып еді. Жігіт болса да көңілі босап, жастау кезінде өзіне-өзі есеп бермей, күнә арқалап кеткеніне қатты өкінді. Бірақ бордай езіліп, жасыған жоқ. Тек қара жерді басып жүргеніне, достарын ажал тырнағынан аман алып қалғанына Жаратқанға сансыз шүкіршілік етіп, жасаған күнәлері үшін кешірім тіледі. Жасаған ерлігін бұлдап, ешқандай марапат, сый-құрмет күтпеген. Ауылдастарының қошемет көрсетуін, сыйлауын нағыз құрмет деп түйсінген.       

Қап-қара түнде өзара сыбырласқан жұлдыздар жігітке аяушылық білдіретіндей. Бұлт арасынан сығалай қараған ай сұлу шуағын көмескі шашып, жүзіне мұң ілді. Тек достарын аман-есен құтқарғанын еске алғанда өксігін басқан, шер толған кеудесіне жарық сәуле түсіп, іштей ерекше сезімге бөленетін. Бұл ерлік жасағанда аспанда бір шоқ жұлдыз жарқ етіп, лезде ағып кеткендей болды. Қарапайым ғана балықшының жұлдызы жарқ етіп, сөнгеніне өкініш білдіргендей болды. Әркімнің тағдыр-талайы өз қолында екенін, аңдаусыз, білместікпен жасалған қателік өмір бойына таңба болып жабысқанын енді ұғынды. Өткен қателігін жуып-шайды, енді отбасы амандығын ғана тілеумен болды. Екі көзіне ерік беріп, қараңғылық құшағында көңілі босап келе жатты. Қапа-қара түнде елеусіз қалған батырдың мұңын сайын дала тыңдап, маңдайынан самал жел сипап келе жатты. 

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan