Фериде базардан шығып, үйіне қай жолмен қайтқаны жөн боларын ойлап қақпа алдында кідірістеп қалды. Қырық күн шілденің аптабы тіршілік тамырларын күйдіріп тастағандай, айнала жым-жырт. Көшенің ана басынан велосипед тепкен бір бала көрінді де шолақ көшелердің біріне бұрылып кетті. Базарға ағасы Әлисұлтан көлігімен әкеліп тастаған еді. Тандырдан ұрған ыстықтай бетін күйдіріп бара жатқан аңызақтан қорғанып орамалын көзіне қарай түсіріп, жүзін көлеңкеледі. Базар дуалы түбіндегі сонау кеңес кезінен қалған су түбегіне қарай аяқ басты. Ауылдағы жалғыз шойын тұрба сәл қисайғаны болмаса әрлі-берлі өткен жұрттың шөлін қандыруға жарап тұр. Шүмегінен су тамшылайды. Тау жақтан соғып өткен бейсауат самал қыздың жібек орамалын әлсіз желпуге ғана шамасы келді де сақылдаған қазанға құйылған бір ожау салқын судай ілезде жұтылып, жоқ болды. Салқын ауаға бетін тосып үлгерген қыз албыраған жүзіне үлбіреген алақанын төседі – алақаны да күйіп тұр екен. Су ағатын түбекті доғалай құйылған цементтің үстіне жеміс-жидек, көкөніс салған сөмкесін қойды да, құлағын төмен басты. Белден келетін шойын тұрбаның иілген кеңірдегінен шығып тұрған шүмектен су лақ ете қалды. Фериде мұздай судан бір жұтып, алақанын толтырып бетіне шашты. Аңқаны кептірген қапырық сейіліп, сусап тұрған гүлдей рахаттанып, сергіп қалды. Екі-үш қадам жерге ауған торғайы келіп қонды. Сары езу тұмсығын ашып, ентіге дем алады. Ауызынан тебен иненінің ұшындай тілі көрінеді. Әншейінде адам баласынан таяқ тастам жер қашып жүретін сақ торғай пыр ете көтеріліп, қыздың аяғының астына қонды – өлсем де судан бір жұтып өлейін дегендей неге де бақиыл түрмен су тамшылаған түбекке қарады. Фериде қаталаған құсты үркітіп алмайын деп, қолын еппен созып сөмкесін алды.
Базардан тіке шығатын көшемен жүрсе әрине, үйге тезірек жетер еді. Алайда, бұл көше қазылып, екі қапталына топырақ үйілгелі бір апта болды. Сары мәйке киген жұмысшылар пластик тұрбаларды жыра түбіне төсеп, күйбеңдесіп жүр. Әр жерде тот басқан ескі темір құбырлар шашылып жатыр. Екі шолақ көшені кесіп өтіп, орталық көшеге түсті. Бұл көше – ауылдағы ең ұзын көше. Фериде мұнартқан тауға қарады. Тау етегінде қаз-қатар тізілген көк, қоңыр шатырлы екі қабатты үйлердің бірінде өзі тұрады.
Баурайынан басына қарай қалың қарағай, шырша өрмелей өскен Алатаудың ақ қар жамылған шыңдарының арасындағы мұздақтардан бастау алатын өзен бойымен жүре берсең Есік көліне жетесің. Есік көлінің жағасы аспанмен таласқан қалың ағаш. Басың айналар саф ауа. Кеуде керіп жұта бергің келеді, жұта бергің келеді. Ағаштардың арасы қалыңдығы үш-төрт елі жап-жасыл мүк. Құлай кетсең қалың түйе жүн көрпедей жамбасыңа жұмсақ тиеді. Есік көлі – некесін қиған ғашықтардың сүйікті орыны. Жазда ауыл қанша қапырық болса да тау іші қоңырсалқын. Шілде, тамыз айларында қапырық діңкелеткен жұрт сенбі, жексенбі күндері тау қойнауына сұғына кіріп, қойны-қонышын кеулеген салқын самалға рахаттанып, ағаш-ағаштың түбінде солықтайды.
***
Баграддин екеуі неке қидырған соң бірден Есік көліне аттануға уағдаласқан болатын. Өмірдегі ең бақытты сәттерін тау басындағы мұздақтардан есетін саумал самалға бет төсеп қыдырып; гүрілдеп аққан тау өзенінің тіс сындырардай суын ішіп; гуілдеген дос-жаран, ағайын-туманың ортасында өткізу сәтін қос ғашық асыға күтуде еді...
***
Келе жатқан жолынан бұрылып, орталық көшеге аяқтары ырқынан тыс ала жөнелген қыздың төплиінің табаны тық-тық етіп асфальтқа тигенде жүрегі дүрс-дүрс соғып қоя берді. Өз-өзінен қысылып, сөмкесін екі қолына кезек ауыстыра берді. Көшенің орта шеніне жеткенде қара ағаш пен үйеңкі сап түзеген көлеңкелі оң қапталдан шақырайған сол қапталға өтті. Оң жақта қалған, темір шыбықтармен апталып, ортасына жалы күдірейген қос арыстанның қоладан құйылған бейнесі бекітілген темір қақпаға көз қиығын тастауға ғана дәрмені жетіп, үркектеп келеді. Кенет қақпаның есігі айқара ашылып, басында киіз тақиясы, қалың қастары ұялы көзін көлегейлеп, қобақан мұрын, зор денелі Ахмет қария шыға келетіндей. Баграддин атасынан айнымай қалған... Бағана ағасының машинесінде отырып, осы тұстан өтерде ұрлана қараған – адам сыярдай ашылып қалған қақпа есігінен жүзім көлеңкелеген сәкі үстінде біреулердің отырғаны аққан жұлдыздай жарқ етіп көз алдынан өте шыққан. Фериде ертең Ахмет атасына қалай шәй демдеп, дастархан жасап қолды-аяққа тұрмай зыр жүгірерін ойлап қарадан қарап қымсынды. Алақандары да тершіп кетті ме...
Кенет, тау жақтан қап-қара бұлт көрінді. Топтанып ұшқан сансыз қарғадай тұтаса келіп ауылдың үстін жапты. Маңайды лезде қара түнек басты. Аяқ астынан тұрған жел көшенің тау жақ басынан шаң-топырақты аспанға көтеріп, алағай-бұлағай құйындатып өте шықты. Басына салған орамалын жұлқылап, етегін қырық ит талағандай жан-жаққа тартқан дауылмен күресуге қауқары жетпесін білген Фериде қос қолдап етегін қымтап жүрелей отыра қалды. Дауылдың ортасында мың тінді қыл арқандай ширатылып құйын өтті. Құйынның ортасында зүбаржат көзі жарқ-жұрқ етіп жылан көрініп кетті. Сала құлаш жыланның құйрығы ауаны оса ұршықтай зыр айналып күл-қоқысты үйіріп, құйындатып барады...
Құйынды дауыл лезде жоқ болды. Жыланның көзі қандай әдемі еді деп ойлаған Фериде басындағы орамалын түзей беріп төбесінен төнген қарағаш бұтағына салбырап ілініп қалған жыланның қабығын көрді. Жұп-жұқа қабық жан-жағына қызылды-жасылды жарық шашып, күнге шағылысып көз арбап жарқ-жұрқ етеді. Осы бір әдемі көріністің сиқырын қызықтаған Фериденің көңілі алабұртты.
***
Жұма күні үлкендердің уағдаласуы бойынша құдалар келді. Таң атқан бойда Фериде құрбысы Мәдинаның үйіне кеткен. Мәдинаның үйі жолдың арғы бетінде бұлардың үйіне қарама-қарсы. Құрбысының бір қызарып, бір бозарған жүзіне қарап Мәдина сықылықтап күле береді. Түске таман көліктердің пепілдеткен дауылы естілді. Фериденің жүрегі дүрсілдеп кетті. Жүгіріп терезге барды. Пердені сәл ысырды – бұның үйінің алдына екі көлік келіп тоқтады. Ішінен Баграддиннің туысқандары түсті. Екі беті ду ете қалды да пердені жаба қойды. Мәдина арсалаңдап келіп құшақтап, құрбысының албыраған бетінен сүйді.
***
Көп кешікпей жеңгесі Зүбайда келіп үйге ертіп әкетті. Дәлізден өтіп бара жатып ашық тұрған есіктен байқады – үлкен бөлмеде құдалар отыр екен. Феридені жеңгесі жетектеп залға алып кірді. Фериде иіліп сәлем салды. Бір кексе әйел саусағына сақина кигізді. Залдағылар ду ете қалды. Шешесі бұларға қарап ақырын ғана басын изеді. Фериде жеңгесіне еріп залдан шығып кетті.
***
Мешітте некелерін қидырды. Әкесі ұлан-асыр той жасап Феридені ұзатты.
***
Ақ лимузин айқара ашылған биік темір қақпаның алдына келіп тоқтағанда түс болып қалған-ды. Келін аулаға аяқ басқан сәтте қарттар бата берді де қара қой сойылды. Баграддиннің кіндік атасының әйелі Феридені қолтықтап келіп үйдің алдына тоқтады. Бір әйел келіннің аяғының астына фарфор тәрелке тастады. Фериде тізесі дірілдесе де бұл салтты жеңіл өтті. Тәрелке саңғыр-сұңғыр ете қалды. Қаумалаған халық қолпаштап дүр ете түсті. Бір әйел тәрелке сынықтарын әспеттеп ақ матаға орап алып жатты. Кірер есікке келгенде басына қызылды-жасылды орамал салған орта жастағы бір әйел Феридеге кесе толы бал ұсынды. Фериде саусағын балға батырып, есіктің жақтауына жақты. Қаумалаған халық тағы да риза үнмен дүр ете қалды. Фериде ендігі жерде өз үйінің табалдырығынан оң аяғымен аттады...
***
Түскі асты іше салысымен Баграддин әке-шешесінен рұқсат сұрап Феридені ертіп көлікке отырды. Ағасы Закария, достары әйелдерімен, Баграддиннің достары бар, бес-алты жеңіл көлік тауға бет алды.
***
Сталин Еділ бойы немістерін, шешендерді, ингуштарды, корейлерді Қазақ еліне жер аударғанда месхет-түріктер де Грузиядағы мекендерінен түре қуылған еді. Қызыл әскер үлкен-кіші демей таяқтың астына алды. Қарсы сөйлегендерді табан астында атып тастады. Ана мен бала еңіреп, тарс-тұрс мылтық атылып ауыл азан-қазан болды. Терезелер қирады, есіктер топсасынан жұлынды. Баса көктеп төр таптаған жұмысшы, шаруа тұқымдылар қобдиларды төңкеріп, алтын, күміс жарқ етсе қойны-қонышына тықты. Мал-мүлік адыра қалды. Желіні сыздап енесі, мөңіреп, маңырап төлі қалды байлаулы. Маңдай тер төгілген бау-бақша жемісі жайнап ол қалды. Жиналуға екі-ақ сағат мұрсат берілді. Қапелімде қолына іліккендерін ғана іліп үлгерген ауыл халқы жүк көліктеріне сықита тиеліп темір жол тораптарына жөнелтілді. Кейін ажал вагондары аталып кеткен, арса-арса қабырғаларынан суық жел уілдеген мал тиейтін вагондарға тиеліп белгісіз бағытқа жол тартты. Қақаған қыста жүруінен тұруы көп болды. Солдаттар жылжымалы есікті ашатын да, аяз бен аштыққа шыдамай көз жұмғандарды жүріп келе жатқан бойда далаға лақтырып тастап «Меньше народа, больше кислорода...» деп қарқ-қарқ күлетін. Ажал вагонындағылар ауыруы жанына батып тұрса да солдаттар біліп қалмасын деп «қыңқ» етпей шыдап бағатын. Қызыл жағалы жаналғыштар «Арғы атамыз көк бөрі демейтін бе едіңдер, барыңдар, аталарыңа азық болыңдар...» деп, есікке сүйрелеп апарып, тірі адамды қарлы далаға итере салатын. «Таза ауа жұтыңдар... Неткен сасық едіңдер...» деп жүріп келе жатқан поездың есігін ашып тастайды. Үлкендер жағы жазанамыз шығарылмай бұралқы иттің өлімімен қырылудан сақтай гөр деп өз жаназасын өздері шығарып қоятын... Үлкен де, кіші де күні-түні құдайдан ақ өлім тілеумен айға жақын уақыт өткенде қазақ жеріне келді. Аядай ғана үйінің төріне шығарған қазақтар бүтін құртты бөліп жеді, жарты нанды жарып жеді...
***
Малға, жерге жақын түріктер бара-бара әлденіп алды. Сол зұлмат, нәубет жылдар қариялардың көкірегінде шер-шемен болып қатты. Алайда, ұрпағы жайылып, балаларының бақытты өмірін көргенде шүкір десті... Жерге шаншыған күрек сап көктеп, дараққа айналатын жер жаннаты Жетісу деген шұрайлы өлкеде, Алатаудың етегінде өсіп-өнді, өркен жайды... Баграддин мен Фериденің ата-әжесі де сол зұлматта аман қалған ахысқа түріктер болатын...
***
Бұлар бөгетті айналып, тау етегіне ақ жолақ боп түскен жолмен ылдилап келеді. Жол бойы шашылып жатқан иттің басындай, иттің басындай шақпақ тастарды басқан сайын көлік ақсақ аттай шойнаңдап, селк-селк ете қалады. Күн сәулесі шағылысып сыры жарқыраған бес көлік өзен жағалай ирелеңдеп бөгетке қарай қайта көтеріле бастады. Арттарынан будақ-будақ шаң ертіп отырып бөгеттің оң жақ қапталындағы алаңқайға келіп тоқтады. Жас жұбайлар келе жатқан алдыңғы көліктен Баграддин түсті де артқы естікті ашты. Фериде күйеуінің созған қолына алақанын қоя беріп денесі дір ете қалды. Қабағының астынан жан-жағына қарады. Арттағы көліктегілер у да шу, дабырласып, көңілді күйде көліктерден түсіп жатыр. Фериде өздеріне ешкім қарап тұрмағанына көзі жеткесін қымсына жымиып Баграддинге көз салды – ақша жүзі, қобақан мұрыны, қап-қара қою қасы... қандай әдемі. Әдемі бастырған сақал-мұрты қандай жарасады... Екеуінің бүгіннен бастап бір шаңырақ астында өмір сүретінін, ерлі-зайыпты болғандарын ойлағанда жүрегі дүрсілдеп, алқына демалды. Түрік сериалдарындағы төрелер Баграддиннің қасында батырдың жанындағы атқосшыдай ғана екен-ау...
***
Баграддиннің он жыл бір сыныпта оқыған жан досы Қуаныш кәуап пісіруге кірісіп те кетті. Аққу мойын саз тартылып, дарбука мен дабыл соғылып той әуені тау қойнауына тарап жатты. Көлге демалуға келгендер де сырлы түрік музыкасының жан тербер мақамына елтіп, қол ұстасып, топтаса билейтін өнерін тамашалауға жинала бастады.
Жас жұбайлар көптің қолқа салуымен ортаға шықты. Фериде зурна әуенімен әсем ырғала биледі. Баграддин тіпті әдемі еді. Қос самайын жиектей келіп иегін көмкерген қап-қара сақал мен жебесі қиылған мұртты жүзіне ақ костюмі қатты жарасып тұр. Баграддин қалыңдығының қарсы алдында тұрып қақпақтай жаурынын билете тұрып, зурна мен дабыл ырғағымен саусақтарын сатырлатып Феридеге дем бере түсті. Көпшіліктің қол шапалақтауымен екі жас алаң шетіне шықты.
Домбыра ішегін қағып-қағып жіберіп ортаға жүгіре шыққан Қуаныш ән бастады. Баграддин зурнайын алып досын сүйемелдей тұрып әнге қосылды.
Фериде алаулаған екі бетіне алақанын төсеп, алып қарағайлардың саясын паналады. Медицина институтындағы ұстаздары «қарағай ортасында ота жасай беруге болады...» деп бекер айтпаса керек – ауаның тазалығы сондай, саумал қымыз ішкендей жұта бергің келеді, жұта бергің келеді...
Кенет тас төбеде қап-қара бұлт пайда болып, маңайды қараңғылық басты. Аспанмен таласқан қарағай, шыршалар басын ұйпа-тұйпа қылып дауыл соқты.
Кәуәп пісіріп жатқан алма ағашы шоғы лезде күлге айналып желмен көтерілді де алаңға шашылды.
Дауыл тез тыйылып, қара бұлт сүттей іріді де аспан шайдай ашылды. Тіпті ешқандай қара түнек баспағандай, сұрапыл дауыл болмағандай. Бұл құбылыстың мән-жайына түсініп үлгермеген жұрт үсті-басын қаққылап, күлден тазарып жатты.
Есін алдымен жиған Баграддин болды. Қарағай түбінде құлап жатқан Феридені көріп зурнайын тастай салып жан ұшыра жүгірді. Баграддин талып жатқан қалыңдығын көтеріп апарып сандық тасқа жатқызды. Келінінің жүзіне көз салған нағашы ағасы бірден «Жылан шаққан, өте улы жылан...» деп басын шайқай берді...
Бұл сөзді естіген Баграддиннен ес кетті. Тісін шақұр-шұқыр еткізіп, шарасыз түрмен маңдайын тоқпақтап жұдырығымен ұрды да «Ай-й!..» деп айғайлап жіберді. Феридені жас сәбидей көтеріп апарып көлігінің артқы орындығына аялай жатқызып, есігін тарс жауып, рульге отырды. Ирелеңдеген тау жолымен аса қатты жүйіткуге де болмайды. Жылдамдық тежегішті қайта-қайта басып қалып, рульді оңға-солға бұрып, шыр айналдырып келеді. Алдыңдағы тар қолтықтан көлік шыға келуі мүмкін. Одан Құлай сақтасын, он домалап құзға ұштым дей бер. Тар жолда бұлтаңдап келе жатқан көлік бұрылысқа жете бере дөңгелектері асфальтқа жабыса сырғанайды. Дөңгелектер ойдақ-сойдақ қара жолақ із қалдырады. Қара түтін бұрқ ете қалады да резеңке иісі қолқа қабады. Бұрылыстан шыға бере ышқына алға ұмтылады. Қозғалтқыштарға орасан күш түсіп, бір-біріне үйкелген темір шиқылынан тау жаңғырығады. Қас қағым сәт маңдайдағы айнаға көз тастап үлгерген Баграддин Мәдинаны байқап қалды. Қашан мініп үлгерген... Түрі сұп-сұр, құрбысының басын құшақтап бүгіліп отыр. Шашы қопырап, басындағы орамалы иығына түсіпті. Қайғы мен үрей толы жанары Баграддинге үмітпен қарайды.
Бұлталаң жол таусылып алдан кең сай көрінді. Баграддин кеудесін кере ауа жұтып арқасын орындыққа тіреп «Уһ!..» деп дем шығарып сірескен денесін босатып алып газды түбіне дейін басып қалды. Тау арасында тұсаған аттай кібіртіктеп келе жатқан көлік тордан босанған құстай еркін самғап сай табанымен біраз жүйткіп келіп сайдың қарсы бетіне оқша атылды. Баграддин айнадан Мәдинаға сұраулы жүзбен қарады. Мәдина сәбиін аялаған анадай құрбысына үзіле қарап отыр. Сұлық жатқан Фериденің қап-қара, қалың қастары жиырылып ортасында сызық пайда болды. Мәдина Баграддинге «алдыңа қара, ұш» дегендей белгі берді.
Фериде әлсіз ғана ышқынғандай болды. Мәдина құрбысының жүзіне үңілді. Фериде әлденеге таң қалғандай қабағын керді де лезде тортиып, өкпелеген сәбидей қабағын түйді. Әлденеге қарсылық білдіргендей маңдайы сәл қыртыстанды. Мәдине құрбысының маңдайына түскен селкеу шашын саусағымен ақырын жиып құлағынан асырып, орамалына қыстырды. Фериде езу тартқандай болды. Жүзі жарқ ете қалған Мәдина айнадан тез-тез көз тастап келе жатқан Баграддинге бас изеді.
***
Көлік шалт бұрылғанда Мәдинаның құшағына кіре түскен Фериденің көз алдынан қызылды-жасылды көріністер өтіп жатты – билеп жүрген құрбы-құрдастарына қарап саз үніне ырғалып тұрған өзін көрді. Бір тал раушан гүлін тістеп алған Барграддиннің аппақ тістері жарқ етті. Гүл жерге түсті. Баграддин басын паңдана көтеріп, сатыр-сұтыр билеп келіп алаңды бір айналып шықты да аяғын екі жаққа созып жіберіп жердегі гүлді тістеп алып, секіріп тұра келді. Жалт етіп бұған қарады. Сол сәтте Баграддиннен асқан сұлу жігіт жоқ еді... Ду-ду соғылған шапалақтан, қолпаштаған айғайдан тау жаңғырықты.
Фериде кенет оң аяғы жыбырлап, тобығының мұздап кеткенін сезді. Сұп-суық нәрсе аяғын шырмай қозғалып тізесіне жетті.
Көз алдында сұр жылан пайда болды.
– Етегіңді көтер! – деп бұйырды жылан бұған арбай қарап. Қыздың қос аяғын тұсай орап, қыса түсті. Жыланның түсі суық болғанымен терісі жұмсақ екен – денесін біресе мауытыдай сипап өтсе, біресе жібектей есіле тиеді.
Фериде қос-қолдап етегіне жабыса түсті.
– Етегіңді көтер, айтқанды істе! – деді жылан сұп-суық жымиып.
Фериде басын шайқады. Еңкейе түсіп етегін қымтап алды.
Жылан қара санына жетіп, тәніне айыр тілін жүгіртті.
Фериденің тұла бойынан мұздай суық жүгіріп өтті.
– Қасарыспа, көтер етегіңді! Сәл ашсаң да болады. Балтырыңды жалаңашта!
Жыланның көйлек астынан ысылдаған үні анық естілді.
– Ұят – бір сәттік, өлім – мәңгілік! Әлі жап-жассың, көтер етегіңді! Бұл – соңғы сөзім, ажал ойнамайды! – деді жылан тәніне тісін батырып.
Фериде тас керең күйде тұрды.
Жылан басы жел соққан қурайдай ырғалып, денесін билете жәдігөй түрге енді. Айыр тілінен бал тамызды.
– Жүз жасайсың. Өсіп-өнесің. Баграддин екеуіңнен үлкен әулет тарайды. Немере, шөберелеріңнің өзі бір ауыл болады.
Фериде етегін туфиінің тұмсығына дейін түсіріп қымтана түсті. Етегін бүріп алған саусақтары сусылдаған ақ жібек матаға желімделіп қалғандай еді.
Жыланның үні мұз жарылғандай шыңылтыр шықты.
– Әке-шешеңді ойла! Еңіреп қалады.
Фериде бүк түсіп отыра қалды.
– Сен қазір өлесің! Баграддин сені ертең-ақ ұмытады. Басқа қызға үйленеді!
Фериде тік көтерілді. Ақырын ғана, әр сөзін салмақтай сыбырлады.
– Кет, жоғал, малұғын!
Тәні тыз ете түсті. Көзі қарауытты. Омыртқаларын көктеп өткен мұздай суық төбесінен бір шықты. Денесі бір ысынып, бір суыды. Тізесі бүгіліп кетті.
Мәдина жүгіріп келіп құшақтай алды.
Фериде шыршаның түбінде жатқан жыланның зүбаржат көзінен жас аққанын көрді.
«Жылан да жылайды екен-ау...» деп ойлады.
Жыланның көз жас төгілген көк шөп мезетте қуарып, өртене бастады.
***
Баграддин жанын шүбірекке түйіп ұшқан бойы жарты сағаттай уақытта ауруханаға жетті. Мәдинаның есі ауған адамдай көзі алайып кетіпті. Қос қолдап жабысып Феридеден айырылмайды. Ілесе келіп тоқтаған Қуаныш көліктен атып шығып Мәдинаны құшақтай алды. Баграддин Феридені көтеріп алып аурухана есігіне қарай жүгірді. Денесі былқ-сылқ еткен қалыңдығының сұп-сұр жүзін көріп, кеудесі қысылып, сүріне басып алға ұмтылып «Дәрігер! Дәрігер!..» – деп жандаусы шыға айғайлап келеді. Қуаныштың құшағынан жұлқынып босап шыққан Мәдина Фериденің қолынан ұстап Баграддинмен ілесе жүгіріп келеді. Алға арыстандай атылған Қуаныш есікті айқара ашты.
Дәліз бойымен зырылдаған дөңгелекті зембілмен жанаса жүгірген дәрігер Фериденің бетіне кислород маскасын кигізіп үлгерді. Баграддин мен Мәдина дәлізде қалды.
Жансақтау бөлмесіндегі үстелге әкеліп салған Фериденің саусақтарын жазып, қолын қанша күш салса да аша алмаған жас мейірбике шарасыз кейіппен дәрігерге қарады. Феридеге тесіліп тұрған дәрігер, удың уытын қайтарар екпені қыздың күре тамырына жақындата беріп, қолын тарып алды да, басын шайқады.
Кенет, Фериденің жүзінде сүйкімді жымиыс пайда болды. Қалыңдық қырқынан шықпаған сәбидей шалықтап жатыр еді. Жылан уы денесіне жайылып, алпыс екі тамырындағы қан ұйып қалған сәттегі тән қиналысынан арылып, жан рахатын тапқандай. Жаңа ғана сұп-сұр қыздың жүзіндегі бұл таңғажайып құбылысты көрген дәрігерлер үстелді қаумалай ошарылысып қалды. Фериде фәни жалған табалдырығынан аттай бере әлдебір шексіз мейірімге бөленгендей екі беті албырап, ақ маңдайы сәл тершіп, бақыт шәрбатын татқандай жандай жүзінен пәктік сәулесі шұғыла шашып, нәрестедей шалықтап жатты да үзіліп кетті...
***
Аурухана ішінен Мәдинаның өкіре жылаған дауысы естілді.
***
Өмір өтіп жатты. Бұл дүниеде ештеңе өзгермегендей – тау өзені гүрілдеп арнасымен ағуын тоқтатқан жоқ. Алатауды өрмелей өскен қалың қарағай, шырша, аққайың, көктеректер де сұлулығымен көз тартып жайқалып тұр. Көл жағасында демалушылар көбейе түсті. Жағалауды айнала дүңгіршектер пайда болды. Көл бетінде туристерді қыдыртатын жеңіл қайықтар жүзіп жүрді. Бөгеттің үстіне төсеген тас жолда ат жалдап, сейіл құрушылар көбейді.
Есік көлі жағасында болған қайғылы оқиға ел ішіне жылдам тарап кетті. Ел құлағы елу – алайда, қыдыруға келген адамдар Феридені жылан шаққан жер деп әр тұсты нұсқайтын еді. Тіпті, біреулер өз көзімен көргендей «Міне, жылан шаққан қыз мына тастың үстінде жатқан. Әне, ана жерде жылан шақты, жігіті көтеріп әкеліп осы тастың үстіне жатқызды...» – деп жұртты сендіре сөйлейтін еді.
Бір күні көлге барған адамдар мынадай тылсым жайттың куәсі болды – көлдің оңтүстік бетіндегі сандық тастан жылымшылап су аға бастады. Бетоннан құйылған бөгет, ернеуіне келіп көлге қараған адамның басы айналардай биік еді. Ал құс самғар биіктен көз салғанда аттың тағасындай иіліп келіп көлді оң және сол жақ қанатынан қаусыра құшақтап жататыны байқалатын. Оң жақ қанаттағы алаңшаның бір шетінде тас қашаушы әлдебір шебер өткір ұстарамен қиып түсіргендей сандық тас жататын...
***
Баграддин тұла бойы қалшылдап, жүзі күреңітіп, дем ала алмай қиналған қалыңдығын алаңқайдағы сол сандық тастың үстіне жатқызып еді. Есі шығып кеткен ағайынның бірі «қозғамаңдар, жедел жәрдем шақырайық» десе, енді бірі «көлікке салып өзіміз алып барған дұрыс, тез жетеміз...» деп сеңдей соғылысып ерсілі-қарсылы жүгіріп жүрді...
Қара шашы теп-тегіс сандық тас үстіне жайылған Фериде етегін қос қолдап ұстаған күйі сұлық күйде еді.
Жұмулы қос жанарынан тоқтамай аққан жас бетін жуып, көк тасқа ағып жатты, ағып жатты...
***
Ғасырлар бойы, мүмкін мыңдаған жылдар жатқан көк тас бір күні иіп қоя берді – жып-жылмағай беті тершіп, сорғалай ағып көк шөпке су тамшылай бастады.
Фериденің қырқын бергеннен кейін болған осы құбылыстан соң жұрт некесі қиылып, жар құшағын көрмей кеткен қалыңдықты әулиеге балап, сандық тасты қасиетті санайтын болды.
***
Ал мына бір тылсым жайт Фериденің шын әулие қыз екендігіне жұрттың сенімдерін күшейте түсті – бұлақ аққан сандық тас көлге салған бөгеттің жиегінен бір құлаштай ғана төмен жатқан болатын. Қар, жауын-шашын мөлшерден көп жауған кей жылдары жоғарыдан құлаған миллиондаған шаршыметр лай су тасқыны бөгеттің кенересінен асып жолдағы ауылдарды шәйіп кету қауіпі туатын. Бөгеттің астына ішінен түйе өтетін тұрба төселіп, бөгеттің қос қапталынан сол тұрбамен ағатын су тау өзеніне қосылатын да алапат тасқынның жыны кәдімгідей басылап қалатын. Фериде қайтыс болғаннан тура бір жыл өткенде күн қатты ысып, бұл өлкеде сирек болатын аптап айлап тұрып алды. Тау басындағы мұздақтар еріп, тау өзені арнасынан аса тасып, жағадағы ағаштарды тамырымен жұлып ағызып әкетті. Лай тасқыны жолындағыны жалмап-жұтып көлге әкеліп лақылдатып құса бастады. Тасқын домалатқан үйдей тастар тұрбаның көмейіне кептеліп, көл деңгейі жылдам көтеріле бастады. Төтенше жағдайлар қызметкерлері тау аңғарын жайлаған адамдарды көшіріп, дабыл қағылып, зор зұлматпен күреске дайын тұруға бел байлап, техникасын дайындап, күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырылды.
Мүмкін, апаттың беті қайтар, көл сабасына түсер деген үміт ақталмады – лай тасқын көлге құйылған үстіне құйыла берді. Енді бір-екі күнде бөгеттен лақ ете төгілері анық болды. Алайда... Осы кезде адам түсінбес құбылыс басталды... Көлді тік ұшақтан төбесінен бақылап жүрген мамандар судың көтерілуі тоқтағанын байқады. Не себеп?!.. Таудан құлаған лай тасқыны толастар емес. Төніп тұрған апат күні ертең жолындағыны жайпап өтері маман түгілі өмірінде тау көрмеген, тасқын көрмеген шөл даланың тұрғынына да айқын нәрсе еді...
Тік ұшақ бөгетке қонды. Мамандар көздеріне сенбегендей төменге сантиметрленген жұқа темір таспа жіберіп өлшеп те көрді. Иә, су бөгет ернеуіне екі метр, екі сантиметр жетпей тоқтапты.
Көл деңгейі түсе бастады. Алайда, жайбырақаттанып, жауырды жаба тоқуға болмайтын еді. Шілденің ыстығы мұз түгілі қара тасты ерітіп жіберердей шақырайып тұр. Шынымен де, екі күннен кейін көл тағы көтерілді. Көңілге бір медет – бөгет мықты салынған еді. Лай тасқынының алапат тегурініне мыңқ етпей тұра берді. Бірақ та, бөгеттің ернеуінен ағылып лақ ете қалса... Аңғар бойындағы тіршілік атаулыны тасқын жаңқа құрлы көрмей ағызып ала жөнеледі. Жүз жылдық алып ағаштар түп-тамырымен қопарылады... Тау етегін жайлаған ауылдардың адамын, малын көшіргенмен үй-жайын не істерсің... Мыңдаған үй, қора-қопсы бір сәтте жермен-жексен болады...
Алайда... Көл суы бұл жолы да әлдебір құдыреттің күшімен сандық тасқа бір елі жетпей тоқтай қалды. Тәжірибелі мамандар түк түсінбей бастары әбден қатты. Жоғарыдан құлаған алапат тасқынның арынын тежеп тұрған қандай күш? Қара суды теріс ағызатын әулие біреу болмаса... Ондай әулиелер бір замандарда болған деседі, бірақ олар бүгінде кей қарияның әңгімесіне ғана арқау...
Көл бір апта ішінде үш рет көтеріліп үш мәрте тоқтады. Үш ретте де сандық тасқа бір елі ғана жетпей күші қайтады. Тасқын су мәселесін зерттейтін, тасқынға тосқын құратын арнаулы мамандар бұл тылсымның себебін айта алмады. Әрине, көл деңгейі көтерілгенде таудың құрғақ топырағына сіңіп кетеді деген сияқты дәлелі шатқаяқтау пікірлердің сан түрі айтылды. Бір күні бөгет басын күзеткен мамандарға тауды қиялай орманшы түсті. Ол ат үстінде шалқая отырып, шақшасынан бір шымшым насыбайды тіл астына ытқытып жіберіп: «Ай баллар, құй сен, құй сенбе, Қожабай көргенін ғана айтады...» деп бір қызық жайтты баяндады. Көл суы көтерілген кезде көкшіл сәуле мұнарланып келіп көл бетін жабады екен. Қожабай орманшы бір көріпті – өз көзіне өзі сене қоймапты. Екі көріпті – елге күлкі болармын деп тіс жармапты. Бүгін міне, таң енді ағара бастағанда атын әрірек тұсап тастап сандық тастың жанына келіпті. Сандық тастан тамған су құлыны өлген биенің емшегінен аққан сүттей жылай тамшылап тұрып әлдебір құдыреттің күшімен көшіл сәулеге айналып ауаға тарап, көл бетіне жамылғы болып қонады екен. Сол сәттен бастап таудан құлаған тасқын су монтаны күйге түседі. Бөгеттің ернеуін соққылаған көл де тыншып, құрдым жұтқандай төмендей береді. « Әне, қараңдар! Көлдің бетіндегі көкшіл сәулені!..». Орманшы бүктеген қамшысымен көл бетін нұсқады. «Көрдіңдер ме?..». Тасқын су мамандары да, тік ұшақтың ұшқышы да көлге қанша тесілсе де ештеңе көре қоймады...
«Иа, құдай! Иа, аруақ!» деп күбірлеген орманшы қолын бір сілтеді де, дұға оқып атына қарай беттеді.
***
Тасқын су мамандары мен төтенше жағдай қызметкерлері бөгет басын шілденің ыстығы қайтқанша күзетті. Күн-түн демей жата-жастана күзетті. Тік ұшақпен тау шыңдарын барлап, мұздақтарды бақылады. Мұздақтар еріп, аққан су тау өзенімен төмен ағып жатты. Көл енді қайтып тағы аттай аспанға шапшымады, жуасып, толқынында күн сәулесі ойнап моп-момақан күйде бейбіт қана толқып жатты.
Тасқын күзеткен мамандар ақыры, көлге ағылған тасқын суға әлдебір құдыреттің күшімен көзге көрінбес тосқын құрылғаны түйсіктеріне жетті де өз жөндеріне кетті... Көлге демалушылар қайта оралды. Көл бетін айқұш-ұйқыш тілгілеген қайықтарда сәбилерін алдына алып аналар отырды.
***
Есік көлі жағасындағы сандық тасқа адамдар жиі келетін болды. Халық арасында сандық тас «Әулие қыз тасы» аталып кетті. Құмыраларын тастан тамшылаған бұлақ суына толтырып ала кетеді. Кейбіреулер қона жатады. Таза, пәк сезімнің құдыретіне сиынған жұрттың көкірегінде ұятқа деген сенім күшейді. «Өлімнен – ұят күшті», «Жаным – арым садағасы...» деп өмір сүрген ата-бабаның әулиелігіне қайта бас иді.
Бұл сөздер мың жылдық балбал тастарда жазылған екен дейді кітап кемірген бір білгіш, жоқ, осыдан отыз бес мың жыл бұрын Курил аралдарын мекендеген Түркілерден қалған сөз дейді бір дана... Курилдің оңтүстік жақ жалдарындағы – Шикотан, Хабомай, Итуруп, Кунашир аралының бірінен табылған алтын табаққа осы сөз шекіп жазылыпты-мыс. Кім білсін... Пенде ауызынан шығып жердегі тасқа таңбаланса да, аспаннан түскен қасиетті кітапқа жазылса да адамды хайуаннан айырып тұрған мәңгілік бір белгі екені анық.
Соңы.
