Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
Ашықбаевтың ақталуы...

Ашықбаевтың ақталуы

04.05.2026

13

Ашықбаевтың ақталуы - adebiportal.kz

«…Сіз мінген нар –

Ірі нар:

Кез болғанда көшке суық ұрынар –

Керуенді тастамас,

Кері қарай бұрылар;

Аязында қаңтардың

Дем-буына қалың қазақ жылынар»

«Қобыландының қонысынан»

Ақынға – бәрі таныс. Ақынға – бәрі таңсық. Адам жаралғалы бері танып, біліп, атап келе жатқан құбылыстар, сезімдер, тіпті, мына әлемнің әр бөлшегі ақынға жаңалық болып көрінеді. Табиғаттың әр маусымы, әр маусымның түрлі мінезі, Адам Ата зәузатының болмысы осы күнге дейін қанша ақынның жүрегін толқытып, қанша ақынның қаламынан жыр болып төгілді деңіз. Ешбір ақын қысты, я жазды, асыл махаббатты, қатал сатқындықты маған дейін бәрі жазды ғой деп, жазбай қалған жоқ. Өйткені «поэзия – таным». Әр ақын өзінше сезеді, өзінше таниды. Сосын соған ат берген сияқты өлеңін жазады.

Өлеңге қатысты осы тұжырым (поэзия – таным) Вильгельм фон Гумбольдт мектебінің поэтикалық шығармашылық пен тілдік шығармашылықтың ұқсастығын салыстыру негізінде ашылыпты. Тілдің пайда болуы – танымның жемісі. Әр нәрсенің атауы – танудың әдісі. Ең алғашқы атаулар көру, сипау арқылы ретсіз жүйеден бөлініп, пайда болса, одан кейінгі процесс, «жаңа, беймәлім нәрсені бұрыннан танылған, белгілі, нәрселер арқылы түсіндіруден тұрады» (Александр Горнфельдтің пайымы) екен.

Ақын да бұрыннан жырланып келе жатқан тақырыптарды өзі сезген, таныған, байыптаған деңгейде қайта жырлайды. Белгілі белгісіздікті жүрегі, тілі арқылы жаңа процестен өткізеді. В. Брюсовтің: «Поэзия – таным актісі; демек, өнердің түпкі мақсаты ғылыммен бірдей – таным» дейтіні сол.

Өлең жазу – ақынның сезімін, уайымын, алаңын, аңсарын таныстырудың әдісі. Адамзатқа ежелден таныс болса да, оқырман поэтикалық қуат арқылы бар нәрсені жаңаша тануға болады екен деп тағы бір таңырқап, қол соғады. Оқырман оның процесіне, түп мағынасына көп мән бермеуі мүмкін.

Қағаз бетіне түскен шумақтарды өлең деп атағанымызбен, оның туу себебі ақын жанының дерті, көңілінің алаңы, шаттығы, қуанышы, өкініші. Бұндайда өлең жәй өлең болудан қалады. Өлең – дерт деуші еді ғой, мен өлеңді ем деп атар едім. Ақын жүрегіне түскен бар салмақтан өлең жазу арқылы құтылады. Жеңілдейді. Сол себепті Баратынский:«ауру жанды жыр емдейді», сондықтан Лермонтов:«сананы толқытқан уайымнан өлең арқылы құтылуға болады» депті.

Өлең – ақын үшін ақиқатты танудың бір жолы. Әр ақын өз өлеңіндегі пайымның бұлжымас ақиқат екеніне сенеді. Осы сенім бүгін біз оқып жүрген өлеңдердің жазылуына себеп болатын күш. Адам өзін өзі тани алмайды деген тоқтам айтылады. «Алдымен өзіңді таны» дейді тағы. Осы үрдіс бар кезде – өлең де бар. Өлең жазу, өлең оқу – өзіңді танудың бір жолы.

Біз сондықтан да поэзияға құштармыз. Себебі содан өзімізді көреміз. Әрқайсымызға таныс сезім, кейіс, реніш, алды белгісіз бұлдыр болашақ сонда – өлеңде! Әртүрлі ақынды оқыған сайын жанымызды әртүрлі айнаға қаратқандай боламыз. Біздің әлпетімізді көрсететіндей жанымыздың да бейнесін көрсететін айна болса, ол – өлең. Бірақ «ақыл мен хауас барлығын, білмейді жүрек сезедүр». Сол үшін де өлең – биік, аяулы.

Өз басым бұрынғы өткен замандас қаламгерлердің бәрі бір-бірімен тығыз араласқан, болмағанда жақсы таныс болған деп ойлайтынмын. Балаң ой ғой. Әуезовпен бір заманда ғұмыр кешіп, араласпағандар бар. Абай да өз заманында түгел қазақ даласын айтпағанда шығыстағы талай дүлдүлмен кездеспеді. Өзінен он шақты жас үлкендігі бар дауылпаз Кемпірбаймен жолықты дегенді оқымаппын. Жәй, мысал үшін айттам.(Әлде бүгінгі қаламгерлердің қарым-қатынасынан кейін ойладым ба екен?..).

Енді, өлеңнен өзімізді көреміз дедік қой. Ақын Ертай Ашықбаевтың Темірхан Медетбекке арнаған өлеңін оқып, мен де Ертай ағама сол сөзді айтар едім деп ойладым. …Бір кезеңде ғұмыр кешіп келеміз. Бірақ соншалықты араласып кеткен де, я жатырқап тұратын да сәтіміз жоқ сияқты. Жер шалғайлығына байланысты ақынға жуық жүре алмаған болармыз. Бірақ Ертай Ашықбаевқа белгісіз бір жақындық тартып тұрады.

Жолықтырады бізді, беу, анда-санда

Жылы көктем немесе қату күз.

Сонда сіз ештеңе бермесеңіз де, мен алмасам да,

Біршама татумыз.

 

Мейлі, су кешеміз бе, әлде қар басамыз ба?..

Әр кездесу – қимас аңыз.

Мен ештеңе бермесем де, сіз алмасаңыз да,

Кәдімгідей сыйласамыз.

Осы «біршама татулығымыз», «кәдімгідей сыйластығымыз» – айтылмаған дүние. Бірақ іштегі сезім осы. Әрине, араз болатын да, сыйласпайтын да жөніміз жоқ. Біз көп кейін туған баламыз ғой. Сыйламайтындай кімбіз, сыйласпайтындай кімбіз? Шанда бір кездесіп, сирек бір телефон арқылы тілдескеніміз болмаса, ешқандай байланысымыз жоқ. Бірақ неге-дүр, алдымыздағы ағаларымыздың ішінде көңіліміздегі аса қадірлі, құрметтілердің қатарына ақын Ертай Ашықбаев даусыз жайғасыпты.

Белгісіз жақындық, айтылмаған «туыстық» сезімімді ағам жетпіске келеді дегенді естігенде  іркігім келген жоқ. Себебі «Көк түріктер сарынын» оқыған соң Ашықбаевты билеген сезім, «Әскерден келген студентті» оқығанда Арықбаевты (менің тегім) да биледі.

Бұл – бұрын да оқыған кітабым. «Дәйім тілектес көңілмен Ертай ағаң» деп ұсынған көңілі ме екен жақындатқан? Одан да өзге себебі бар сияқты ішімде. Оны кейін өзіне айтармын. Ал біз «Қазақ әдебиетінде» қызмет істеп жүрген жылдары ақын Ертай Ашықбаевтың қаламынан туған әдеби портреттері сол кездегі біздің де әдеби танымымыздың қалыптасуына сөзсіз әсер еткен мәнді дүниелер еді. Бізді әдебиетші Ертайға ынтық қылған – сол мақалалары. Ақын Ашықбаевтың өлеңдерін іздеп оқуымыздың себебі де солар.

Алғаш көргенде құлағымызға тиген жұмсақ даусы, жылы алақанының мейірім төккендей майса шуағы, көп ақынға ұқсамайтын, менмендігі жоқ бейбіт назары көңілімізде мызғымастай бекініп алыпты. Жарқ-жұрқ етіп эфирлерге шықпайды. Саңқ-саңқ етіп, әр жерде сұхбат беріп, өлең оқымайды. Бірақ о кісінің көзінен әдеби үрдіс таса қалмайтындай. Сөз өнеріне қатысты газет бетіндегі талқылар, рецензиялар, әйбат өлеңдер, әлдебір жақсы мақалалар Ертай аға үшін оқылуы тиіс дүниелердей. Әдебиетке деген махаббатты, жас кездегі адалдықты осы уақытқа дейін ұстап тұру сирек кездесетін қасиет деп ойлаймын.

Ақынның өлеңдерін оқып отырып, (қандай тақырыпта болса да) – өзіне соқпай кететіні сирек сияқты. Өзін төменшік ұстап, өзгені көтермелеп, мерейін тасытып отыру ақын Ашықбаевтың әркез тілектес таза көңілін аңғартардай. Кейде, тіпті, өзіне ирониямен қарайды. Айналасына өкпелеуді білмейтіндей, барлық нәрсенің себебін тек өз басынан іздейтіндей. Өлеңге көңілі толмаса да – өзінен көреді, әдеби үрдіс баяуласа да – өз ішіне үңіледі, жарық әлемде әлдеқандай қиянат, әділетсіздік орын алып жатса да – тағы өзін кінәлі сезінеді. Тіпті, олай болмаған күннің өзінде – біреуді жазғыруды білмейді. Өз мұңы – өзінде, өз әлемінің ішінде.

***

Жиналыста көбеңсиді көңілім,
Маған назараудармайды көп інім.
…Жарыссөзде айта салар ерлігі
Емге де жоқ, ай-хай, менің өмірім.

***

Мен деген –

Үнсіз ғаламмын,

Қоштасқан дүрмектеріммен.

О, не деп тұрсыз маған, Мұң,

Не істеуге міндетті едім мен?

 

***

…Өлең дейтінбіреу тұр,

Кейісе де,

Топ ішінен тек мені аймалаған,

Топ ішінен тек мені аймалаған.

…Менің осы бітпейтін бақытымды

Өтесің-ау түсінбей, қайран Адам!..

Ашықбаев ғаламына кіру үшін өлеңдерін оқимыз. Мұңын, сырын, сол өзіне деген ирониясын түсінгіміз келеді. Синтетикалық пайымдаулары шебер жетілген ақынның тұтас шығармашылық поэтикасының табиғатын танығанда барып, ғаламы қақпасын ашатындай. Оның тармақтарынан, шумақтарынан сіз жұртта жоқ теңеулерді, метафораны кездестірмеуіңіз мүмкін. Мына әлемнің өзіндей қарапайым, нәзік. Бірақ сол қарапайым деп біз мән бермейтін дүниелердің сырларына Ертай Ашықбаев қанық. Ақынның шығармашылық, тақырыптық ізденісі – қабілетті мүмкіндігінше пайдаланудан тұрады. Кейде саналы түрде формалық, мазмұндық барлаулары тоқыраудан қорыққан ақынның жауапкершілік сезімі сияқты. «Сантехик Алпамыс», «Фототілші Хайреден», «Сәбит Мұқанов және Қарсақпай», «Өтебай Қанахин. «Жер басып жүрсем». Повесть», «Сәкен Сейфуллин. ХХ ғасыр» сияқты тағы сондай көп өлеңдері ұдайы ізденістен, басқа қаламгер аңдаған оймен жарысып, мен де ұмтылып көрейін дейтін ақындық тағатсыздықтан туатын сияқты. (Ақынның балаларға арналған «Туған күн» кітабындағы ізденістері бөлек бір мақалаға арқау болатын олжа).

Ашықбаев танымынан туған поэтикалық пайымдарға көз тоқтатқан сайын оның шығармашылығындағы тақырыптарды айқын көресіз. Қала өмірі, сағыныш, бардың қадірін білу сияқты адами сезімдерді өлең арқылы тұжырымдап, өлең арқылы ойландырған сайын осы адам атаулының ортақ қайғысы, жеткісі келетін ортақ мұраты, әлеуметтік психологиясы біздің назарымыздан қалайша қиыс кеткен дегізеді.

Оның өлеңдеріндегі уақытты тануы өкініштен гөрі қайта бір бағамдаудан тұратындай. Сүрген өмір, өткен дәурен адамның көңілінде ғана із тастап ағатыны – пенденің өткенмен емес, ертеңмен өмір сүретінінен шығар. Жылжыған жылдардың Жарасқан айтқандай, адамның өн бойындағы «қыртыс-қырын үтіктеп, жатқызғаны» болмаса, есте қалмағы қиын екен. Тағдырдың маңдайға жазған елеулі сәттері ылғи бола бермейтіні түсінікті ғой. Бірақ тұтас бір кезеңдер (балалық, оқушылық, студенттік) бейне ешқашан өтпегендей болатыны жаратылыстың бір сыры ме екен?..  Бұл бүгін бізді, я Ертай ақынды ғана емес, «болмағандай жүрмегендей сен де, біз» деген Мұқағали сезімімен астасқан адам баласының қашаннан бергі гөй-гөйі болса керек-ті.

…Сондағы нұр әлі де сөнбегендей,

Сондағы гүл әлі де солмағандай.

Сонда да… көрген қызық көрмегендей,

Сонда да… болған қызық болмағандай,

Құсымыз еш айдынға қонбағандай.

Заманы өтіп кеткен формалардай

Қалдық-ау көп қиялды оңғара алмай.

Арқалық, шаһар болдың сонда қандай?!

…Екеумізді мәңгіге тастап кеткен

Сол бір ЖАСТЫҚ шынымен оңбаған ба, ай?!.

Дей тұра, адам сол уақыттардың өткенін ешқашан есінен шығармайды. Нақты бір уақыт кезеңінде тұрғандықтан өткеннің елесі ғана есіңізде болады. Бәлкім, адам жанының қартайғысы келмейтін аңсары ма, тағы түсіндіріп бере алмайтын бір тылсым ғой. Соны сезіп тұрып, сол кезеңдерің өткен мекенге барғанда, өтіп кеткен күндеріңнің бейнесі, сол кезеңдердегі сезім өне бойыңды қайта шарпитынға ұқсайды. Ондайда жаны ақын болмаса, көп ешкім селт ете қоймайтыны тағы түсінікті. Сондықтан ғой – Ертай ақынның «кірпігін ашып алған күндердің» тұтқынына айналып жүргені. Сондықтан ғой – оның табиғат атаулының тілін ұғып, жанының дірілін сезіп, бірге еміреніп, бірге тебіреніп, толқып тұрғаны.

Мынау қайың, мынау гүл, мынау майса,

Тұрғандай болғысы кеп  бодан маған.

Кірпігін ашып алды сол бір күндер,

Қайта оянды, па, шіркін,сол арман – ән.

Ертай Ашықбаевтың табиғаттың әр белгісінен сыр іздеп, жауған қар, жаңбыр, келген құс, атқан таң, батқан күн, туған ай,соққан жел – бәріне елеңдеп, бәріне қобалжитыны сол. Соның әрқайсына өлең жаза отырып, ақын оқырманға ұнасам демейді. Өзінің сезімін ғана жазсам дейді. Күзді күтіп ап, айларды шығарып салады. Маусымды қарсы алып, жаңбырға сырын айтады. Табиғаттың әр құбылысы– оның сырласы, досы.

Ұнамайды ақ қар, мүлде кейпіңіз,

Жауыңыз, мейлі, түтеңіз.

Анық болса да гүлдемейтініміз,

Гүл өсер шақты… күтеміз…

«Таңсық сөз, тамаша ұран іздемейтін» ақынның қарапайым құбылыстардан бейне іздеп, әуез тауып отырғаны өлеңнің тағы да таным актісі екенін көрсетеді. Қарапайым адам. Қарапайым ақын. Бірақ ақынды қоршаған орта ақынның өзі үшін түк те қарапайым емес.Оның үстіне «қарапайымдылықтың өзі қайсарлықпен сақталады» деуші еді Әбіш Кекілбайұлы Жұмекен туралы мақаласында. Демек, Ертай Ашықбаев осы тұрған болмысын сақтау үшін де ізденеді екен. Тынымсыз күреседі екен.

Ал немен күреседі? Сол дүниенің ғажайып жаратылысына, тылсым жұмбақтарына, нәзік сырларына, ғаламат сұлулығына тамсана алмайтын енжарлықпен күреседі. Оның жанына бататыны да сол сияқты. Адамның бәрі ақын сияқты әсершіл болсын демейді. Бірақ пенде тоналған сезімдердің иесі болуы лайық емес қой. Ақынның бар ұмтылысы да сол – «сезгеніңді сездіру». Алайда ақын атаулы ол мұратына қашан жетті дейсіз. «…Жете алмадым ортаққа» деп Абайдың өзі қайғырған жоқ па? «Адамды адам түсіну бір ақыреттің» артында да осы уайым, осы өкініш жатқан жоқ па?!.«Құпиясыз сыр», «Менің төзімім» өлеңдерінде жылт еткен сәулеге елеңдемейтін қоғамнан осынша сезімге бай Ашықбаевтың айналасынан өзіне ұқсас адам іздеп, алаңдауы да түсінікті сияқты.

***

Мойынсұнып ережелерге,

Көшеді керуен асықпай.

Үңілмейді ешкім терезелерге

Өлеңдердегі ғашықтай.

 

Жоқ неге сылқым шіркін бір ана,

Қайда көңілі шат төре?

Бұларсыз тіпті біртүрлі дала,

Біртүрлі мына Ақтөбе.

***

Әсер етпейді түк қайғы,

Соншама сабыр сақтайды.

Бұл неге мені ұқпайды,

Неліктен мұңға батпайды?

Неліктен? Біз де ақынмен бірге соны түсінгіміз келеді. Поэзияның табиғатын терең түсінген В. Броюсов: «Алғашқы тілде сөздің үш элементі тірі болған: дыбыс, образ, ұғым. Бұрын адам сөздің дыбысын сезініп, образын қабылдап, мағынасын түсінген. Тіл дамыған сайын алғашқы екі элемент әлсірей бастады: қазіргі адам сөздің дыбысына мән бермейді, ішкі образын сезінбейді, сөздер біртіндеп тек ұғымдардың белгілеріне айналады. Ғылым осы процесті аяқтайды. Ал поэзия, керісінше, сөздің үш элементін қайта тірілтеді», – дейді. Бүгінгі технократтар деп дуылдап жүрген кезімізде, тіліміздің де бейнелі екенін өзіміз сезінбей қалғанда сөзді тек ұғымдардың белгісі ретінде, табиғат құбылыстарын жай заңдылық ретінде ғана қабылдайтын болыппыз.Айналаның бәрі әсерсіз. Елеңдемейді. Көңілденбейді. Ертай жалғыз сияқты. Тек ақын ғана сезінетіндей, сол ғана мән беретіндей. Бұтаққа қонған қар да ақын жүрегіне өлең боп кіріп, өлең боп ериді.  «Шалқар көлі», «Көктемгі жапырақ», «Тұман. Жапырақ», «Бұлттар», «Алматыда қалған қыз», «Жауап»жырларын оқыңыз. Дүниеге ақын көзімен қарау мен қарамаудың парқын сезінер едіңіз. Мына әлемге бір өзі жауаптыдай сонша түңіліп, ренжуінің астарында – жанына батқан дерт тұр емес пе? Өлең – соның қағазға түскен бейнесі.«…Өлең дейтін біреу бар, айтқанымды, өткізе алмай шаршадым сол залымға…» деп өзіне де сын көзімен қарайды. Ақталғандай болады. Адамдарға да, өзіне де сынмен қарайтын Ашықбаевтың жанын осы мақаламызда түсіне алдық па, жоқ па деп біз де күмәнданып қоямыз. Ақынның дүниені сезінуінде гәп жоқ, бізді қайдам…«Мен ақталдым басымда жоқ күнәдан» дейді. «Маған тіпті сөз келмейтін ұяттардан қызарам» деген Төлегеннің сезіміне пара-пар сезім ғой.

Ашықбаевтың өлеңдерін оқып отырып, ең алдымен оның ақындық, адами болмысын түсінеді екенсіз. Өлеңдері арқылы әлеуметтік мәселелердің түп-төркінінде адам болмысының табиғатынан алыстап, тым селқос, тым төзімді болып бара жатқанында екенін ұғасыз. Сонда ақын жаны жасандылыққа қас екен. Оның өлеңдеріндегі форма, ізденіс сол қарсылықтың көрінісіндей.

Өз басым Ертай өлеңдерін оқығанда формасына, я әдісіне, техникасына мән бермеу керек деген ойдамын. Біз оның мәніне, мағынасына үңілейік. Ең басты нәрсе, ақындық табиғатында. Мына әлемді нәзік сезеді. Сол сезіміне сізді де ортақтастырғысы келеді. Өзімшілдігі жоқ. Адамдығы басым. Оған бола ақынды формашыл екен деп қалмаңыз. Жұбанышсыз деп ойламаңыз. Оның жұбанышы сол табиғаттың өзі, Ақтөбесі. Қала прозасы деп жатамыз ғой. Өлеңнен қаланы іздесек Ертайдың кітабын қолға алыңыз. Адам бірдеңеге қайғырса, бір нәрсеге уанады ғой. Ертай адамдардан таппаған жылылығын Ақтөбеден тапқандай.

***

«Бұл қала – біздің қала, сіздің қала,
Қараған кезге куә қызға ұрлана.
Лебі бар дерт боп жеткен сыздың дара –
Күмілжіп келді қанша Көктем байғұс,
Күреңсіп енді қанша Күз бұлдана.
Сонда да… біздің қала, біздің қала –
Жауырды жаба тоқып, тізгінді ала…
Жақтасты қисыққа да, қызғанға да,
Шығады кеудесінен ізгі үн ғана».

***

«Шіркін, біздің Ақтөбенің түндері!

Жай ұшады судыр-судыр қанаттар,

Майсады шәйі көйлек бүрмелі.

Майсады шәйі көйлек бүрмелі.

Шолпан жұлдыз, о, телміріп тұрады –

Ол-дағы бір адал көңіл құрбы еді,

Егілмесін, төгілмесін, жүр бері.

Уанады барша көңіл бұл жақта,

Уа, бұл жақта өте тәтті мұң лебі.

…Ұқтыңыз ба, маған неге қадірлі

Ақтөбенің үндемейтін түндері?!»

Ұқтық. Ұққанда қандай! Ашықбаевтың осы таным актілерінің (өлеңдерінің!), тұжырымдарының заңды жалғасы, қорытындысы – «Қобыландының қонысы» поэмасы. Ақынның өткен мен бүгінді салыстыру арқылы ішкі алаңы көрінеді. «Біздің аттың айтқаны» бөліміндегі «бөгденің көзқарасы», я «дауыссыздың дауысы» арқылы (антропоморфизм) әлеуметтік өзгерістерді көрсетеді, қазақ қоғамының жоғалған құндылықтарын жоқтайды. Оған бүгінгі тіршілік, болмыс – жат, бөтен көрінеді. Бұл тек әдіс емес, этикалық акт.

«Қобыландының қонысы» болған даланың байырғы мәдениеті, салтанаты, тұрғындарының қарым-қатынасы – бәрі өзгеріске ұшыраған. Ақын соны іздейді. Қамығады. Ондағы лирикалық кейіпкер – ақынның өз жаны. Поэма – ішкі дауысы, таным актісі.

Аға, «…рас бізге көрсетпейтін мұңың бар».

 Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan