Ахмет Байтұрсынұлы – қоғам қайраткері. Ахмет Байтұрсынұлы Қазревком мүшесі бола жүріп, Қазақстан мен Ресей шекарасының қалыптасуына, қазақ жерінің болашақ тұтастығына зор еңбек сіңірді. 1920 жылы ел басшысы В.И.Ленинге Қазақстанды басқару ісіндегі олқылықтар туралы қатаң сын айтты. Қазақстан аумағының тұтастығы үшін білім-тәжірибесін аянбай жұмсады.
Ахмет Байтұрсынұлы – фолклортанушы. Халық ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, бастыруда Ахмет Байтұрсынұлы үлкен еңбек сіңірді. Халық ауыз әдебиетінің үлгілерін жинап жарыққа шығаруда Байтұрсынұлы зор еңбек сіңірді. Қазақ эпосы «Ер Сайынды» алғаш түсініктерімен дайындап, 1923 жылы Мәскеуде шығарса, 1926 жылы жоқтау жырларды жинақтап «Жиырма үш жоқтау» деген атпен жариялады.
Ахмет Байтұрсынұлы – абайтанушы. Абай шығармашылығының мазмұны мен идеясына,поэтикалық қуатына алғаш ден қойып, шығармашылығын насихаттаушылардың бірі. 1913 жылы «Қазақ» газетінің үш санында «Қазақтың бас ақыны» деген көлемді мақала жариялап, онда Абайдың ірі ақын екенін, ақынның өмірбаяны, шығармаларының көркемдік мәні, өзге әдебиеттермен байланысы туралы кеңінен талдап тоқталады.
Ахмет Байтұрсынұлы – аудармашы. Орыс классиктері шығармаларын қазақ тіліне шебер аударып «Қырық мысал» деген атпен бастырды. А.С.Пушкиннің «Балықшы мен балық», «Алтын әтеш», «Ат», «Данышпан Аликтің ажалы», И.И.Хемницердің «Ат пен есек» шығармаларын, сондай-ақ С.Я.Надсонның өлеңдерін аударып қазақ оқырмандарына ұсынды.
Ахмет Байтұрсынұлы – түркітанушы. Түркология ғылымының негізін салушы белгілі ғалымдармен араласып, пікірлестікте болумен қатар, түркітануға қатысты еңбектер жазып, түркі халықтарының өзара тілдік бірлігін нығайтуды көздеді. 1926 жылы Бакуде өткен түркітанушылардың Бүкілодақтық бірінші съезіне қатысқан Ахмет Байтұрсынұлы «түркі тілдеріндегі терминология жайлы» деген тақырыпта баяндама жасайды.
Ахмет Байтұрсынұлы – әдебиеттанушы ғалым. Қазақ әдебиеттану ғылымының теориясын жүйелеп, терминологиясын қалыптастырды. Жаңашыл ғалымның «Әдебиет танытқыш» еңбегі – қазақ әдебиеттану ғылымының ары қарайғы дамуына негіз болды.
Ахмет Байтұрсынұлы – лингвист-ғалым. Қазақ тілінің табиғаты, өзгешеліктері, терминологиясы жайында жан-жақты жүйеленген еңбектер жазды. «Тіл-құралы», «Оқу құралы», «Әліпби», «Жаңа әліпби» қатарлы оқулықтар құрастырды. Қазақтар ғасырлар бойы қолданып келген араб әліпбиін қолдану заңдылықтарын оңайлата отырып жаңа әліпби («Төте жазу») құрды. Ахмет Байтұрсынұлы құрастырған жаңа әліпби мен лингвистикалық еңбектер қазіргі әдеби нормаланған қазақ тілінің негізі болды.
Ахмет Байтұрсынұлы – журналист. 1913-1918 жылдары Орынбор қаласында шығып тұрған қоғамдық-саяси және әдеби-мәдени бағыттағы «Қазақ» газетін шығаруды ұйымдастырушы, редакторы. «Қазақ» газеті ХХ ғасырдың басындағы қазақ халқының рухани өміріне зор әсер етті. Жалпыұлттық басылым болған газеттің бетінде Міржақып Дулатұлы, Әлихан Бөкейхан, Мұстафа Шоқай, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Халел Досмұхамедұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыров және т.б. қазақ зиялыларының мақалалары, өлеңдері жарияланумен қатар, Ахмет Байтұрсынұлының өзінің төлтума еңбектерін де көптеп жариялап ұсынып отырған. «Қазақ» газеті – кейінгі жарық көрген барлық қазақ газет-журналдарының шамшырағы (маягі) болды.
Ахмет Байтұрсынұлы – ұстаз, оқытушы. Орынбордан 1895 жылы мұғалімдер емктебін бітірген соң Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездеріндегі мектептер мен орыс-қазақ училищелерінде мұғалімдік қызмет атқарады. Кейіннен оқу орындарында профессор ғылыми дәрежесімен сабақ берген Ахмет Байтұрсынұлы Орынбор мен Ташкенттегі Қазақ халық ағарту институттарында «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Мәдениет тарихы» пәндерінен сабақ берген.
Ахмет Байтұрсынұлы – ақын-жазушы. Көркем әдеби туынды жазумен шұғылданған Ахмет Байтұрсынұлының «Маса» атты шығармалар жинағы 1911 жарық көрген.
Ахмет Байтұрсынұлы – әуесқой фотограф. Ахмет Байтұрсынұлы фотокамера қолға алып, өмірдің алуан сәттерін түсіруді жақсы көрген екен.
Ахмет Байтұрсынұлы – саяси күрескер. Ахмет Байтұрсынұлы 1905 жылғы «Қарқаралы петициясы» авторларының бірі болған. Аталған петиция қазақтардың жерін экспроприациялануын доғаруды, Ресейдің ішкі өлкелерінен жер ауған переселендер легін аялдатуды және де ұлттық земстволар құруды декларациялады. Сондай-ақ 1909 жылы патша үкіметінің саясатына наразылық білдіргені үшін Семей түрмесіне жабылып, 1910 жылы жер аударылды. Ұлттық «Алаш» партиясын құрушылардың бірі.
Ахмет Байтұрсынұлы – мемлекеттік қызметкер. Өзінің саналы ғұмырында Ахмет Байтұрсынұлы мемлекеттік қызметке де араласқан. Ең үлкен лауазымды қызметі – Қазақ АССР Білім комиссариатының төрағасы. Қазақстан Халық ағарту комиссариаты жанындағы ғылыми-әдеби комиссияның төрағасы, Бүкілресейлік ОАК-ның, ҚР ОАК-нің мүшесі қызметтерін әр жылдары атқарған.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.