Ақтөбе қаласында үстіміздегі жылдың 24-29 қыркүйек аралығында Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театры жазушы Т.Ахтановтың 100 жылдығына орай «Ахтанов алаңы» деп аталатын Республикалық театр форумын өткізді.
Форум мақсаты – қазақстандық театр мамандарының шығармашылық қабілетін ұштау. Сонымен қатар, театр өнерінің заманауи даму тенденциясын анықтап, әр облыстың мәдениетін көтерудегі маңызын көздеді. Бұдан бөлек, жан-жақтан жиналған қатысушылар өзара театр саласындағы жаңа әдістемелерді зерттеп, өзекті мәселелерді талқылап, тәжірибе мен пікір алмасты.
Аталмыш іс-шара республика көлемі бойынша алғаш рет ұйымдастырылды. Театр директоры Сайлау Камиев пен режиссер Мейрам Хабибуллин еліміздің түкпір-түкпіріндегі өңірлерден дарынды театр мамандарын жинап, шетелден білім алған театр шеберлерінің қатысуымен практикум өткізді. Бұған Алматыдан келген жас театртанушылармен қатар, Атырау, Орал, Астана, Жетісай, Шымкент, Жезқазған, Қостанай, Ақтөбе және т.б облыстардан заманауи мәдениет пен өнердің көкжиегін кеңейтуге атсалысып жүрген театрдың жас буын актерлері мен режиссерлері қатысты.
Бұл форум қала сыртындағы көрікті Қарғалы өзенінің бойында орналасқан «Campit» демалыс лагерінде өтті. Ашық аспан асты, таза ауа, табиғат аясындағы көріністер өнер адамдарын одан ары шабыттандырып, бес күн бойы білімдерін жетілдірді.
Біліктілікті арттыратын шеберлік сыныптары 6 түрлі бағытта жүргізіліп, Халықаралық деңгейдегі кәсіби педагогтар өз тәжірибелерімен бөлісті. Атап айтқанда:
«Режиссура» шеберлігі бойынша Әлібек Өмірбекұлы;
«Актерлік шеберлік» бойынша Гүлназ Балпеисова;
«Сценография» бағытында Лилия Хисматулина;
«Жарық қою» бойынша Арсений Макаров;
«Грим» саласы бойынша Аягуль Шалғымбаева;
«Хореография» өнері бойынша Анна Цой. Бұл өнер шеберлерінің дәрістері еліміздің бірқатар театр мамандарына, театртанушыларға және БАҚ өкілдерінің таным-білімінің кеңеюіне мол ықпал етті.
Осы күндер аралығында «Режиссура» бағыты бойынша қатысқан мамандар А.П.Чеховтың «Шағала» пьесасы негізінде «Шәйка» спектаклінің премьерасын ұсынды. Қойылым ерекшелігі – он үш қатысушы режиссерлер Мольердің «Жалған науқас», Шекспирдің «Отелло», Әуезовтың «Қарагөз», Айтматовтың «Мәңгүрт» шығармаларынан үзінді қойып, Треплевтің спектаклі ретінде бүтін спектакльді жасап шықты. Бұл арада Әлібек Өмірбекұлының спектакль жасаудағы жеке әдіс-тәсілінің қыры мен сырынан мол хабардар болдық. Спектакльді құрастырушы режиссердің жұмыстары таныс емес көрерменге оның ерекше интерпретациялық шешімдері таң болды. Сахналық түтін машинасының орнына табиғи ошақ пен отты пайдаланып, қолда бар заттармен сахна кеңістігіндегі сценография мен реквизиттер жасалды. Орындаушылар пьесалардағы әрекеттердің астарын ашып, бірнеше рольдерді қатар алып, органикалық нақтылықпен темпоритмді ұстап тұрды. Қатысушы режиссерлердің басым көпшілігі актер болғаны үшін бір оқпен екі қоянды атты десек те болады. Ал, біз театртанушы студенттер 5 күндік тарихы бар кішігірім театрдың бөлім меңгерушілері болып, спектакльге жарнама жасап, афишасы мен бағдарламасының идеясын жасау мүмкіндігіне ие болдық. Сонымен қатар, теориялық сабақ кезінде Өскемен, Жетісай, Ақтөбе сынды облыстық театрларда кәсіби театртанушылардың керек екенін біліп қайттық.
Форум аясында сценографтар мен жарық қоюшылармен бірге коллаборация жасап, Н.Островскийдің «Найзағай» пьесасына арналған референстерді көрсетті. Бір-біріне мүлде ұқсамайтын үш түрлі жоба арқылы суретшілер шығарманың әртүрлі бағытын ашып берді.
Хореографтар лабораториясы «Body as an archive» атты перформансын көрсетті. Пластикалық би қозғалысы баспалдақта өтеді. Қара киінген бес биші дененің әртүрлі бөлігіне ақ мата, яғни ауыртпашылықты байлап алған. Бұл жұмыс адам денесі мен ішкі жан дүниесінің ауыруын және оны босатқандағы сезімді зерттеп көрсетуге бағытталған.
Грим жасау шеберлері аталмыш шара аясында әртүрлі бояулармен қалай жұмыс жасау керектігін және түстердің үйлесімділігі жайлы ой өрбітті. Ашық аспан астындағы және сахна үстіндегі спектакльдерге бөлек грим жасап көріп, айырмашылықтарын ашып айтты.
Келесі топ актер шеберлігі. Олар бес күн ішінде түрлі тренинг арқылы серіктесті сезіну, оған назар аудару, денені сезіну және ойды қозғау сияқты жаттығулар жасады. Мысалы, бірінші күні барлық қатысушылар 1-10-ға дейінгі жылдамдықты алып өмірдегі оқиғаларға қарай жүре отырып жүгіреді. Ақыр соңында қарама-қарсы жынысты адамдар өз жұптарын табады. Таба алмағандар сол қалыпта жүгіре береді. Осы тренинг арқылы актерлердің тынысы ашылып, бойларына адреналин тарай бастайды. Келесі жаттығу түрі «танец бытов» деп аталады. Қолдарын аспанға көтеріп-түсіре отырып шынтақтарын бүгеді. Бірақ жүріс тоқтамауы шарт. Үшінші берілген тапсырма 1- 5 адамға дейін көздерін ашып немесе жұмып бір адамды көрсетуі тиіс. Бәрінің ойы тек бір адамға тоқталғанға дейін жаттығу жалғаса береді.
Қорыта айтсақ, алғаш ұйымдастырылған Республикалық «Ахтанов алаңы» театр форумы Ақтөбе қаласы драма театрының мәдени және өнер кеңістігіндегі мәртебесін асқақтата түсті. Форум арқылы театр мамандары мен театртанушылар арасындағы бірлестік нығайып, шығармашылық тәжірибе алмасу күшейе түсті. Еліміздің мәдени өміріндегі өзара ынтымақтастықты нығайту жолындағы алғашқы қадам сәтті басталды. Өткізіліп отырған шара театр саласында еңбек етіп келе жатқан өнер шеберлерінің сүйікті кездесу орнына айналатыны сөзсіз.
Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясы,
«Театртану» мамандығының 4 курс студенті Оразова Аружан
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.