Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ПОЭЗИЯ
/
Азаттық туралы жырлар...

Азаттық туралы жырлар

16.12.2025

3305

Азаттық туралы жырлар - adebiportal.kz

16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне орай аға буын ақындардың азаттық туралы жырлар топтамасын ұсынып отырмыз.

Шөмішбай Сариев

Тәуелсіздік

Жатырмыз біз жаңа есті сенсең жиып,

Тағдыр басын туған ел теңселді иіп.

Тәуелсіздік — сен неткен абзал едің,

Алатаудай бұл күні еңсем биік.

Саған жеттік біз аңсап ел-көшіммен,

Бұл ғажап құбылыс ерді өсірген.

Тәуелсіздік — сен неткен абзал едің,

Даламыздай көңілім кең көсілген.

Тәуелсіздік сен балдай тәтті екенсің,

Тәуелсіздік құз-жартас – қатты екенсің.

Біз іздеген жерұйық сен екен ғой,

Жұмағымдай жаныма – бақ мекенсің.

Боларсың ба, жұртыма, соншама асыл,

Боларсың ба, ұлтыма, соншама асыл.

Тәуелсіздік — мен саған қарайладым,

Қаншама күн, қанша жыл, қанша ғасыр.

Сай-сүйегім сырқырап елге жетті,

Төріме өрлеп жат-жұрттар серуен етті.

Қазақ-бабам қамығып көз алдынан,

Тарихтың тәуелділік керуені өтті.

Етек-жеңім көз бен жас, толар мұңға,

Құлдық-ғұмыр сан ғасыр жеңе алдым ба?

Тәуелсіздік – сен неткен абзал едің,

Садағаң боп кетейін мен алдыңда!

Бодандыққа халқым бар шыдап көнген,

Тағдырдан да, Тәңірден де сұрап көрген.

Тәуелсіздік — қымбатым баға жетпес,

Ғұмырымда өмірге бір-ақ келген!

Сайын Назарбекұлы

Тәуелсіздік

Тәуелсіздік! — Сен! —

Сағыныш ең сарғайтқан бала кезден!

Сен — Арман едің! —

Қорланғанда жас тамған қара көзден!

Сен болашақ ең!

Әр таңынан бар қазақ үміт күткен!

Мен ақын ем! —

Осы әнімді бастадым қара сөзбен!

О да өзіңдей — Құдірет! —

Құдіретін дана мен сана сезген

Тәуелсіздік! — Сен! —

Табиғатың ерекше, дара тұлғаң!

Сен — Тәңірдің нұрысың! —

Жүректерге сезім боп таратылған!

Сен — Сәбисің!

Тойлап жатыр байтағың он жасыңды!

Сен — Шамшырақ —

Сәулеленіп өзіңмен баратыр маң!

Сен — армандар перзентісің! —

Қаны менен жанынан жаратылған!

Темірхан Медетбек

Тәуелсiзбiн

Тәуелсiзбiн!

Тәуелсiзбiн мен бүгiн.

Келдi, мiне, азаттығым,

теңдiгiм.

Бостандықта бойлығым мен ендiгiм.

Шешiл ендi, шемен болған шерлi үнiм!

Қарсы қарап қатал мынау заманға,

айналдық бiз қайтпас, қайсар қамалға.

Алды бүгiн тәуелсiздiк тау, тасым,

орман,

көлiм,

далам менен балам да!

Жаным менiң,

қаным менiң тәуелсiз.

Арым менiң,

жарым менiң тәуелсiз.

Заңым менiң,

бағым менiң тәуелсiз.

Әнiм менiң,

дәнiм менiң тәуелсiз.

Тәуелсiзбiн –

өзiме өзiм құдаймын.

Тәуелсiзбiн –

нұры-сынды күн, айдың.

Құласам да емiн-еркiн құлаймын,

Жыласам да емiн-еркiн жылаймын.

Тәуелсiзбiн! –

танып тұрмын өзiмдi.

Ұшырамын қанат байлап сөзiмдi.

Ешкiм ендi көкiрегiмнен итерiп,

ешкiм ендi шұқымайды көзiмдi.

Тәуелсiз ғой ойым менен ұғым да,

бақыт құсым қонды келiп тұғырға.

Тәуелсiздiк алды бүгiн, қараңдар,

тойым түгiл

қайғым менен мұңым да.

Заман өттi –

қансыратып қанаған,

заман өттi –

қалтыратып тонаған.

Тәуелсiздiк келдi, мiне, ақыры!

Зорға жеттiм,

зорға жеттiм мен оған.

Құтылмаған кiнәраттан,

күнәдан,

бар шындықты iштей үнсiз құраған, –

ағыл-тегiл көздiң жасын көл етiп

күнi кеше былай деп мен жылағам:

«Жаным кеттi қарайып,

қопарылды тiрегiм,

айтыңдаршы,

халайық,

қалай өмiр сүремiн?!

Қалай жүрем

Темiрден

соғып шыдам,

төзiмдi...

Көрiп едiм бәрiн мен

ойып алды көзiмдi.

Қалай жүрмiн –

құламай! –

Қазды менiң түбiмдi.

Сөз айтып ем –

шыдамай! –

Қырқып алды тiлiмдi.

Қай жерде мен тайқып ем?! –

Сынап тағы бағымды –

ойымды мен айтып ем,

отқа салды жанымды.

Төктiм үнсiз жасымды,

кеуiп қалды таңдайым,

көтерiп ем басымды

қақ айырылды маңдайым!» –

Күнi кеше дәл осылай жылағам!

Жылағанмын –

көздiң жасын бұлағам.

Уhiлеген менiң өксiк демiмнен

теңiз толқып,

тау күңiренiп құлаған.

Соны ойласам –

у мен зәрдi iшем мен.

Соны ойласам –

қайғы, мұңға түсем мен.

Тудық бiздер көрiнбейтiн бұғаумен.

Жүрдiк бiздер көрiнбейтiн кiсенмен.

Өз жерiмде ала алмастан рұқсат,

өзiмiзге жүрдiк бiздер құрық сап...

Үндетпестен тас тықты да көмейге,

қойды сонсоң аузымызға құлып сап.

Қапаландық,

жәбiрлендiк,

зарладық,

өзгелерге жанды қидық,

арнадық, –

қырылдық қой қорғап бiздер Мәскеудi,

ал Мәскеуден қорғана бiз алмадық.

Таптап, қырқып,

жоқ еттi де нуымды,

жазирамды отқа салып қуырды.

Жуынды еттi кәусар менен суымды,

шұлғау еттi қасиеттi туымды.

Мұның бәрiн,

мұның бәрiн ұғынам...

Жүрек жара – 

зар заманның мұңынан.

Сол кезде мен азаттық деп,

теңдiк деп,

бөрi болып айға қарап ұлығам!

Тәуелсiзбiн, ендi, мiне,

мен бүгiн.

Келдi кiрiп азаттығым,

теңдiгiм.

Бостандықта бойлығым мен ендiгiм!

Шешiл ендi, шемен болған шерлi үнiм.

Кеуделердi тарылтпасын кек қысып,

кетедi одан өр далама өрт түсiп...

Құсқа айналып кеудемдегi жүрегiм

сүйiншiлеп келер күнге кеттi ұшып.

Базарбай Исаев

Қуан, қазақ, күн туды қуанатын!

Ендіктерді аралап еркін дүбір,

Алаулатты керемет көркіңді нұр.

Алақайлап аспанға атып тұрып,

Берекелі бастағы бөркіңді бір...

Қуан, қазақ! Күн туды қуанатын!

Қазақ елі азат,

Қазақ жері азат,

Қазақ ері азат,

Бұдан нұрлы шақ бар ма?

Бұдан асар бақ бар ма?

Қуан, қазақ! Күн туды қуанатын!

Әдіптеді арманды әуелгі үміт,

Кекете алмас қазақты жау ел күліп...

Тәуелсіздік туындай биік еңсең,

Кетті бүгін келмеске тәуелділік...

Қуан, қазақ! Күн туды қуанатын!

Қазақ елі азат,

Қазақ жері азат,

Қазақ ері азат,

Бұдан нұрлы шақ бар ма?

Бұдан асар бақ бар ма?!

Қуан, қазақ! Күн туды қуанатын!

Төрт түліктен майысып арқа, белдер,

Тойлап жатыр ой, қырда дарқан ерлер...

Танып жатыр, мойындап Қазақ Елін

Танығысы келмейтін тарпаң елдер...

Қуан, қазақ! Күн туды қуанатын!

Қазақ елі азат,

Қазақ жері азат,

Қазақ ері азат,

Бұдан нұрлы шақ бар ма?!

Бұдан асар бақ бар ма?!

Қуан, қазақ! Күн туды қуанатын!

Күләш Ахметова

Азаттық – жүрегімнің асыл әні

Бұл өлке – біздер үшін бақ, құт дер ек.

Осында бақыт кілтін таптық дер ек.

Айырылып ата-жұрт­тан қалмау үшін

Бауырлар, бірлік керек, сақтық керек.

Дұшпанның жобаларсың түр-тұлғасын.

Қайткенде болу керек рухың басым.

«Ақтабан шұбырынды» еске оралып,

«Алқакөл сұламалы» күн тумасын!

«Қаратаудың басынан көш келеді,

Мөлтілдеп қара көзден жас келеді»

Тарихи оқиғаны суреттеген

Түседі жыраулардың еске өлеңі.

Ерлердің бағдарласақ ерлік ісін,

Заманның сараласақ белгілісін,

Тарихта барлық соғыс

Болған екен

Жер үшін, Отан үшін, теңдік үшін.

Азаттық – жүрегімнің асыл әні.

Көк туым көзіме оттай басылады

Тәуелсіз, еркін елде ұрпақ үшін

Арманның бар гүлдері ашылады.

Тұрсын деп түн де тыныш,

таң да құтты.

Қарсы алып керуенін мәңгі уақыттың

Ұлтының мүддесі үшін, ертеңі үшін,

Тас түйін бола білген ел бақыт­ты!

Құйылып көк аспаннан көркіне нұр,

Жатыр-ау мейірленіп алтын өңір.

Бағынбай басқа жұртқа,

Енді қазақ

Сүрсе екен өз жерінде еркін өмір!!

Саналы жас ұрпаққа тіл қатамын.

Тереңде – мағынасы бұл батаның.

Иманды жүрекпенен сүйе білсең,

Бақыт­тың тұғыры ғой – нұрлы Отаның!

Ойланбай күн кешудің өзі айып қой.

Қай кез­де ақындарда азайыпты ой?

Жас ұлан, басқа жақтан бақ іздеме,

Өз елің, өз Отаның ғажайып қой!!

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan