(Жалпы шолу немесе түйінді түйткіл)
Қазақ ұлтының рухани болашағы туралы сөз қозғағанда, ең алдымен балалар әдебиетінің жағдайына назар аудару – заңдылық. Себебі ұлттың ертеңгі дүниетанымы, эстетикалық талғамы, тілдік мәдениеті ең әуелі баланың бала күнінен қалыптасатын процесс. Ал сол қалыптастырушы негізгі құралдардың бірі – балаларға арналған көркем әдебиет. Ендеше, бүгінгі қазақ балалар әдебиетінің хәлі қалай? Қай деңгейде? Қандай түйткілдері бар? Осы сұрақтарға жауап іздеу – тек әдебиетші маманның ғана емес, тұтас қоғамның бас ауыртып, балтыр сыздатар міндеті.
Бір қарағанда, қазақ балалар әдебиетінде даму бар сияқты. Жалпы жаңа кітаптар шығып жатыр, жас авторлар да жоқ емес, түрлі әдеби байқаулар мен жобалар да ұйымдастырылып тұрады. Алайда мәселе – сан да емес, сапаның деңгейінде. Бүгінгі балалар әдебиеті жүйелі түрде дамып отыр ма, әлде жекелеген энтузиастардың еңбегімен ғана күн көріп отыр ма? Міне, негізгі мәселе осында.
Қазіргі қазақ балалар әдебиетінің басты проблемаларының бірі – жүйесіздік. Советтік Қазақстан кезеңінде балалар әдебиеті идеологиялық мақсатта болса да, белгілі бір құрылымға, саясатқа, редакциялық сүзгіге ие болды. Балаларға арналған кітаптар арнайы жоспармен, ғылыми-педагогикалық талаптарға сай дайындалатын. Ал бүгінгі таңда бұл салада біртұтас мемлекеттік немесе институционалдық бағдардың әлсіздігі байқалады. Нәтижесінде әркім өз білгенінше жазып, өздігінше кітап шығарып жүрген шығармалар көбейгенімен, олардың көркемдік және тәрбиелік сапасы біркелкі емес.
Екінші мәселе – автор мәселесі. Балалар әдебиеті – кез келген жазушы жаза салатын жанр емес. Бұл – ерекше психологиялық, тілдік, танымдық дайындықты талап ететін күрделі сала. Бала әлемін сезіну, оның қабылдау ерекшелігін ескеру, қарапайым тілмен терең ой айту – үлкен шеберлікті қажет ететін өнер. Алайда бүгінгі күні балалар әдебиетіне арнайы бағытталып, осы саланы өмірлік миссиясына айналдырған қаламгерлер аз. Көп жағдайда балаларға арналған шығармалар қосымша жанр ретінде қарастырылады. Бұл – сапаның төмендеуіне әкелетін факторлардың бірі.
Үшінші проблема – тіл мен стиль мәселесі. Балаларға арналған шығарма қарапайым болуы тиіс деген түсінік кейде үстірттікке ұласып кетеді. Қарапайымдылық пен қарабайырлықтың ара-жігі ажыратылмай қалады. Соның салдарынан балалар әдебиетінде тілдік жұтаңдық, ойдың таяздығы байқалады. Ал шын мәнінде, балалар әдебиеті – тілдік тұрғыдан ең бай, ең нәзік жанрлардың бірі болуы тиіс еді. Себебі бала алғаш рет сөздің сұлулығын, образдың әсерін осы көркем әдебиет арқылы сезінеді.
Төртінші мәселе – баспа және кітап сапасы. Балалар кітабы тек мәтіннен ғана тұратын кітап емес, ол – визуалдық мәдениет. Иллюстрация, қағаз сапасы, шрифт, дизайн – барлығы баланың қабылдауына әсер етеді. Өкінішке қарай, қазақ тіліндегі балалар кітаптарының бір бөлігі әлі де полиграфиялық талаптарға толық жауап бере алмай келеді. Арзан қағаз, сапасыз суреттер, көзге ауыр қаріптер – мұның бәрі оқырманды тартпайды. Ал қазіргі бала визуалдық тұрғыдан жоғары сапаға үйренген.
Бесінші түйткіл – нарық пен оқырман мәселесі. Қазақ тіліндегі балалар кітаптарының таралымы аз, кітап дүкендерінде қолжетімділігі төмен. Ата-аналардың да балаларға кітап алып беру мәдениеті толық қалыптаспаған. Оның үстіне, цифрлық технологиялар, мультфильмдер мен ойындар баланың уақытын толық жаулап алған кезеңде кітаптың бәсекеге қабілетті болуы – үлкен сын. Бұл жерде тек жазушыны емес, тұтас экожүйені – баспагерді, маркетологты, мұғалімді, ата-ананы қамтитын кешенді жұмыс қажет.
Сонымен қатар, мазмұндық проблема да бар. Қазіргі балалар әдебиеті заман талабына қаншалықты жауап беріп отыр? Бала бүгін қандай сұрақтар қояды? Ғылым, технология, экология, цифрлық әлем, психология – осы тақырыптар қаншалықты көркем игерілуде? Өкінішке қарай, көптеген шығармалар әлі де дәстүрлі, ескі сюжеттер мен моральдық схемалардан аса алмай келеді. Ал жаңа ұрпаққа жаңа мазмұн, жаңа форма қажет. Дегенмен, бұл салада үміт сәулесі жоқ емес. Жаңа буын жазушылары, тәуелсіз баспалар, шығармашылық орталықтар балалар әдебиетіне тың леп әкелуге тырысып жатыр. Кейбір жобаларда сапалы иллюстрация, заманауи мәтін, қызықты форматтар байқалады. Бұл – дұрыс бағыттың бар екенін көрсетеді. Бірақ бұл бастамалар жүйелі қолдауға ие болмаса, жеке-жеке әрекет күйінде қалып қою қаупі бар.
Мен, балалар мен жасөспірімдер әдебиетінің мәселесін жан-жақты зерттеп көрдім. Алыс-жақын шет елдердің тәжірибесіне назар аудардым, өзіміздегі жағдаймен салыстырдым. Түйткілді тосқауыл өте көп. Үкімет пен шығармашылық ұйымдар арасындағы жүйесіздіктен туған кедергілер туралы алда тарқата жазармын.
Өкіншке қарай, бүгінгі қазақ балалар әдебиеті – толыққанды дамыған жүйе емес. Ол әлі де қалыптасу үстінде, ізденіс кезеңінде. Бұл салаға стратегиялық көзқарас, кәсіби дайындық, сапалы баспа мәдениеті және ең бастысы – қоғамның саналы сұранысы қажет. Балалар әдебиеті – болашақтың іргетасы. Егер біз сол іргетасты бүгін мықтап қаламасақ, ертең рухани әлсіз ұрпақ тәрбиелеу қаупі бар. Сондықтан «Қалың қалай, қазақ балалар әдебиеті?!» деген сұрақ – өз-өзіме қойған риторикалық сауал емес, бұл – ұлттың болашағына қойылған нақты талап.
Жалпы неге осы тақырыпқа қалам тербегенімді ашық айтайын: 9-10 сәуір күндері Алматыда Қазақстан Жазушылар одағының Әдеби жыл қорытындысы өтіп, өткен 2025 жылғы әдебиетіміздің жай-күйі сараланады. Демек, біздің балалар әдебиеті жайындағы сөзіміз қорытынды кеңестен соң тағы жалғасады...
