Бірде Наурыз бен Сәуір айлары кездесіп қалыпты.
– Хал-жағдайың қалай, Сәуір? - деп сұрапты Наурыз. – Маған қонақ болып кетсеңші?
– Қонақ болып кеткен дұрыс қой. Бірақ саған немен, қалай жетерімді білмей жүрмін, - деп жауап береді Сәуір. – Бұлақтар сылдырап ағатын мезгіл жетсе де, жылдың сен келген мезгілінде орманның іші үйілген қар, ондағы жолдарды күртік қар басып жатқан жоқ па?
– Қорықпай келе бер, - депті оған Наурыз, – мен саған жол табуға көмектесемін.
Сөйтіп Наурызға қонаққа бару үшін Сәуір шанаға мініп жолға шығады.

Наурыз Сәуірдің шанамен келе жатқанын көріп, жолға қарай жылы жел үрлей бастайды. Осылайша ол орман ішіндегі қарды тегіс ерітіп жібереді.
Мұнан соң орман ішімен шана түгілі, жаяу жүріп өтуге мүмкін болмай қалды!
Мұны көрген Сәуір амалсыз кері бұрылды.
Келесі жылы Наурыз бен Сәуір тағы кездесіп қалыпты.
– Иә, Сәуір қонаққа неге келмедің? - деп сұрайды Наурыз. – Келе берсеңші, мен сені ренжітпеймін.
Сәуір Наурызға қонаққа бару үшін тағы да жолға жиналыпты. Бұл жолы ол арбаға мініп шығыпты.

Сәуірдің арбамен келе жатқанын көріп Наурыз орман ішінде суық жел үрлеп, қарлы боран соқтыра бастайды. Мұнан соң жолдарды қалың оппа қар басып қалыпты.
Мұндай жағдайда орман ішімен арба түгілі, жаяу жүріп өтуге де мүмкін болмай қалды!
Наурыздың бұл қылығына ренжіген Сәуір кері бұрылады.
Жолда келе жатып Наурыз өзінің келесі бір жақын көршісі Мамырды жолықтырыпты.
– Әлденеге ренжулісің ғой? Не болды? - деп сұрайды одан, Мамыр.
Сәуір оған Наурыздың өзін қалай алдағанын: қонаққа шақырғанымен, жетуге мүмкіндік бермегенін, яғни біресе суық жел соқтырып, жолға қар үйіп тастағанын, біресе ыстық үрлеп, жолдағы қарды ерітіп жіберіп мазақ еткенін баяндайды.
– Қысқасы, мен оған шанамен де, арбамен де бара алмадым, - дейді Сәуір.
– Ойбуй, сен сол Наурыздың сөзіне сеніп жүр ме едің! - дейді Мамыр. – Ол дегенің ежелден сондай алдамшы емес пе! Сен былай істе: келесі жолы сені тағы қонаққа шақырса, жолға арба, шана, оған қоса қайық алып шық! Сонда не істейтінін көресің!

Келесі жылы Наурыз бен Сәуір тағы кездесіп қалды.
Наурыз бұл жолы да Сәуірді қонаққа шақырады.
Сәуір арбаның үстіне шананы артып, шананың үстіне қайықты да сыйғызып салып алды да жолға шығады.
Наурыз Сәуірдің арбамен келе жатқанын көріп, алдынан суық жел үрлей бастап еді, жолдың бойын оппа қар басып қалады.
Сол кезде Сәуір шанаға мінеді де, қардың бетімен сырғанап сапарын жалғастыра берді.
Сәуірдің шанамен келе жатқанын көрген Наурыз енді қарсы алдынан ыстық жел үрлей бастайды. Сөйтіп қар-мұздың бәрін ерітіп, айналаны көлкіген суға толтырды.
Сол кезде Сәуір қайықты суға салып, алға қарай жүзіп жылжи береді.
Ақыр соңында Сәуір Наурызға жетеді.

– Сен маған қалай жетіп келдің? - деп таңғалыпты Наурыз.
– Әр түрлі көлікпен, - деп жауап беріпті Сәуір, - арбамен жүріп, шанамен сырғытып, қайықпен жүзіп жүріп жеттім ғой.
– Қайықты, шананы, арбаны – бәрін бірдей алып шығуды саған кім үйретті? - деп сұрапты Наурыз. – Әлде өзің ойлап таптың ба?
– Жоқ, шынымды айтсам: ол айланы өзім ойлап тапқан жоқпын, - дейді Сәуір, – оны маған Мамыр үйретті. Мен сенің осындай алдамшы екеніңді бұрын білмеппін ғой.
Содан бері Наурыз Мамырды жек көріп кетіпті. Оған деген ашу-ызасының көрінісі: кейде түнде мамырда ағаштың жапырағын үсіп, енді бірде бақшадағы гүлдер жаңбыр бұршағына ұрылып қалатын болыпты. Алайда мұның бәрі бос әрекет еді! Мамыр үшін Наурыз тіпті де қорқынышты емес. Оның осылай бақытты өмір сүріп жатқанына қаншама жылдар болғанын сіздер мен біздер тіпті де білмейді екенбіз.
