Жұлдыз тамшы сырғып барып тайды, әттең...
Тағдыр бізге, біз тағдырға қарыздар,
Уақыттың келбетінде бар ызғар...
Шам жанады, шам сөнеді - заңдылық,
Тек өлеңнің өзегінде... жан құлып...
Қайыршының жайған қолы қайырлы,
Себебі ол - сені жоқтан айырды...
Бұл дүние өлшем болса өмірге,
Алтын тақта отырар еді көңіл де?!
* * *
Жаңбыр жауып басылды,
Алматының аспаны да ашылды.
Жүрегімді тыңдай бергім келеді,
Жан сырымды жасырды...
Жол үстінде ағылады мың көлік,
Көкжиектен ымырт көшер түнге еріп.
Мен келемін жол бойында шашылған,
Жапырақтың жанарынан мұң көріп...
Алатау да көлеңкесін көрсетті,
Жалған дүние ай мен күнін өлшепті.
Көк пен жердің арасында сағыныш,
Аспан біраз шер төкті...
* * *
Қараңғыны қақ жарып,
Келе жатыр бір өлең...
Шолпан туса - таң жарық,
Шексіздікте түнеген...
Келе жатыр...сеземін,
Жүрегім ғой,таныған...
Іңкәрліктің өзегін,
Жарып шығар анық ән...
Ес дүнием адасып,
Мен отырмын,жынсың ба?!
Қадалғанмен қарашық,
Көз жетер ме,тылсымға?!
Шолпан туар таң алды,
Оятады бір өлең...
Қараңғы түн ағарды,
Түйсігімде түлеген...
* * *
Түн.Айдың алтын нұры-
Ойнайды бұғағымда.
От демі алқындырды,
Күлдім бе,жыладым ба?!
Түн.Жұлдыз тамды көктен,
Жансебіл жастығыма.
Жанды күз,жанды көктем,
Өзекке жас тығыла.
Түн.Таулар қарауытқан,
Көздерім шағылысып..
Көкжиек алау жұтқан,
Тынады лағыл құсып...
* * *
Көздерімнен жапырақтап жауды қар,
Көзсіз мұңнан тас үгіліп,тау құлар...
Арпалыстар,қайшылықтар астасқан,
Бір жылылық күтетіндей тас тастан...
Кеудесі кер дүниенінің ішінде от-
Көктемді аңсар,менің көңіл құсым боп...
Ессіз сүйер болсаң егер,мендей шын,
Көктем ерте келер бізге...сенгейсің!
* * *
Тірлік қамы,жол қамы,
Күтер бізді...білемін...
Еркін құстай тордағы,
Сені аңсайды жүрегім...
Керек пе еді осы хәл,
Дежавю...бұл,сірә?!
Жүрегімді тосып ал,
Саған жеткен бұлқына...
* * *
Асқақ таудан асып барып құлар ем,
Құшағыңа...кешіре алса,бұл әлем...
Таң нұрындай құйыламын кеудеңе,
Жазымыштың түнін түріп мына мен...
Құшағыңда қалар едім ғасырға,
Мәңгілікке өзің болсаң қасымда!
Махаббатқа керек емес уақыт,
Себеп емес менің қара шашым да...
* * *
Көздерімнің мұңын жұтып алсаңшы?!
Іңкәрліктің маржанындай әр тамшы...
Жалғыздықтан арылмаған көңілдің,
Аспанынан ақтарылдым,төгілдім...
Түндер мені әлдиледі мұңымен,
Күндер мені ойландырды шынымен...
Қадіріме жете алмаған жалғанның,
Қасіретін талай бұзып-жарғанмын...
Дұшпаным бар тасын атқан тасадан,
Құшқаным зар...жасымды тый,Жасаған!
Жалқылығым жаныма шын батқанда,
Бір жылылық күтем тіптен,жаттан да...
Өксік қысқан кеудем кектен таза әлі,
Жүрек жырын тағдырыма жазады...
Өмір маған қарыздар боп қалмасын,
Бақ-ғұмырын,махаббатын арнасын!
* * *
Алыстардан қол бұлғайтын армандар,
Сағым ба екен,шын ба екен?!
Бұл өмірде ақиқат бар,жалған бар,
Жүректің көзі мұңды екен...
Егер өмір өкінуден тұрмаса,
Өлең-дұғам жетер еді көкке шын?!
Бұ дүние бақытын шын бұлдаса,
Маған қарсы беттесін...
Жазымыш деп отыратын күн емес,
Уақыт күтпес,өте шығар ол-ағын.
Тағдыр деген қайшыласқан мың егес,
Мен бақытты боламын!
* * *
Вокзалға бара жаттым мен,
Ілесіп уақыт сатқынмен...
Астана қалды,мен кеттім,
Шығарып салды немкетті үн...
Жанымды аяп жалғыз мұң,
Келемін,тағы жалғызбын...
Перронда күткен армандар,
Шығарып салып қалғандар...
Алматы күтіп ал мені,
Жауратты аяз,қар демі...
Бір жылу жетпей жүрекке,
Бір сәуле іздеп түнекте...
Келемін...тағдыр жолында,
Барым да өзім,жоғым да!
* * *
Жұлдыздар жауады көктен-
Себебі,жүректе көктем...
Жасқанбай қараушы едім ғой?!
Аспандай биікке өктем...
Қайшылық...Жасампаз жалған!
Күн болып күтетін алдан...
Демінен жұлдыз шашырап,
Жанымды аршиды қардан...
Ертегі емес пе осым?!
Бәрі де ерекше,тосын...
Түс болса,оятпа дер ем,
Оянам көктемде...сосын!
* * *
Бар ма екен мендей мұңылық?
Бар ма екен мендей құсалы?
Жанымды жатыр кім ұғып?!
Жандырған түннің құшағы...
Бар ма екен мендей шерлі өлең?
Бар ма екен мендей арман ән?
Кездесіп бәлкім,көрмеген,
Кешіккен бақыт... зар маған...
Бар ма екен мендей ғұмыр мұң?
Бар ма екен мендей ғашық жан?
Жасына көздің тығылдым,
Жанымның сырын жасырған...
Бар ма екен мендей іңкәрлік?
Бар ма екен мендей жанкешті?
Аңсаумен талай түн қалғып,
Арманмен талай таң көшті...
* * *
Арамызда қашықтық,
Арамызда бар жылдар...
Бізде ессіз ғашықтық-
Бір бола алмас тағдыр бар...
Арамызда көк пен жер,
Арамызда бел-белес...
Күтер мөлдір көктемдер,
Күткенімен, кел демес...
Арамызда өң мен түс,
Арамызда іңір,таң...
Өкінсек те көнгеміз,
Өшпесін тек ғұмыр-шам...
* * *
Жүрегімде бір сағыныш жүр менің-
Сені ойласам ойым-жұпар,гүл-демім...
Неге ғана кездестің сен кеш қалып,
Жанымды үзіп әкетердей есті алып?!
Неге біздің жасампаз бұл ғасырдың,
Келе берді ай,жылдарын жасырғым?!
Жанарымның жарқылынан жас ытқып,
Өртедің сен өз отыма... Ғашықтық!
* * *
Гүл күлтесін жарып шыққан шық дірілі секілді,
Бір тамшы нұр түсті үзіліп,сипай өтті бетімді...
Сенің мені ойлаған сол сәттеріңнен басталған-
Батқан күн мен атқан таңдар шуақ төкті асқардан...
Құшағыңа ұмтыла алмай,ынтыға алмай алыстан,
Менің сұлу мұңдарым-ай,қара түнмен қабысқан...
Жақын келіп жана алмаған,ала алмаған алауын,
Айтшы,маған жасырмай-ақ, жүрегіңнің қалауын?!
Жасырмағың,жасырмағың...сезетінім анық шын,
Қарлықтырып бара жатыр жанарымды жарық түн...
Сенің мені аңсаған сол шақтарыңнан басталған-
Ерте көктем еңілікгүлі тау өтінде тас жарған...
* * *
Аққулар ұшқан аспанда қалды сыршыл ән,
Аңсаудың құса-мұңдарын жұтып тұншығам...
Жетсе егер сұлу құстардың үні неге екен,
Жел тербеп кеткен сағыныштарым сыңсыған...
Көкте де арман,жерде де арман,сол арман,
Көзімнің нұрын көктем боп өбіп жоғалған...
Қадірі бөлек жүрекпен сүйем мен сені,
Қас-қағым ғұмыр махаббат үшін соға алған...
* * *
Сені көрем жүрегімнің көзінен-
Туған жерім,сағынышым өзің ең...
Шетте жүріп шер мұңымды төгемін,
Оған куә өзің жайлы өлеңім...
Уа,туған жер,отанымсың сен менің,
Көкірегімде нұр боп жандың,сөнбедің...
Аспан мен жер арасында ғасырлық-
Отан өзің,қасиетті асыл құт!
Алыс кетсем зарықтырған сен едің,
Мен өзіңді ұжымаққа теңедім...
Көңілімнен төгіледі сәуле мың,
Сенде өткен еске түссе дәуренім...
Отан сенсің оятатын рухымды,
Жығылмайтын биіктегі ту сынды...
Отан сенсің құшағына алатын,
Махаббатым-іздеп барып табатын!
* * *
Қырық төрттің көктеміне өкпем жоқ,
Жүрегімді жүрегімен өпкен көк...
Қыр гүлі де тербеледі түсі мұң,
Естілді үні еркін дала құсының...
Жылы нұрмен аластады Елті-Күн,
Алтынкүрек аршып алды жер түгін...
Талдар анау бүрленуге ынталы,
Алатауды аппақ мұнар қымтады...
Көңіл деген алағызып тұрса шын,
Төгіледі сәулеленіп жыр-шамым...
Мынау есті дүниеден ес кеткен,
Алабұртқан ақыныңды кеш,Көктем!
* * *
Көктем сезіледі-
Ауадан да,тыныстан,
Ақындардың арқасынан жын ұшқан...
Мейірім мен махаббаттың ұясы-
Менің жүрегім-Гүлстан...
Көктем сезіледі-
Аспаннан да,жерден де,
Іңкәрліктің сазы еседі желден де...
Мен секілді асқақ таудың аршасы,
Мен секілді ермен де...
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.