Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Бақытжан Раисова: Дүние ауысудан жалықпайды......

04.04.2017 5919

Бақытжан Раисова: Дүние ауысудан жалықпайды...

Бақытжан Раисова: Дүние ауысудан жалықпайды... - adebiportal.kz

*** *** ***

...Қоңыр салқын үнімен селеулердің

Сабыр сақтап даламда кемелдендім.

Сыбызғы үнді сазынан өлеңі ескен

Менің жаным сарайы шеберлердің...

Тасты жарып шыққанда таудан шынар,

Ғажабынан тірліктің арман туар.

Күлімдесе кеудемде Күн суреті

Бабам менің қанымен салған шығар...

Бейкүнә шықтың көзі ақық жасты,

Жалт еткен ғұмырымен бақұлдасты.

Дірілдеп сағағында қайран өмір

Қызыл гүл қара жермен жақындасты.

Көлдердің мөлт еткенде қарашығы,

Жайраған жасыл белдің жарасымы,

Жалғыздың жанына жара салған шығар

Шатырлап найзағайдың тау асуы...

Алтайда жүз жыл бағып Ай қабағын,

Суреткер бола алмасам таң қаламын.

Бұтағын қарағайдың шайқап өскен

Кербұғым, Кәусар текті Кермаралым.

Жұтынып жұпар шашса өрден шынар,

Көрем деп көздің нұры көрден тұрар.

Қарығып көркемдіктің құдіретінен

Қамығып талай шебер өлген шығар?..

*** *** ***

Күмілжиді шешен туған наз дала,

Түн тұрпаты жоғалтып ап ар-Айын.

Сен аспанды тірей тұршы аз ғана

Мен де Жерге гүл өсіріп алайын...

Жатқа кетпес қанмен біткен Тәңірі

Амал етіп Алла есігін қағайын,

Бір халықтың аңқылдаған көңілі

Жеңер әлі сұқ көздердің талайын.

Қан уыстап жаралады сор әлі,

Ақындардың көкке ұшырып зар – әнін,

Жеке-дара зұлымдардың қоғамы

Маңайлатпас Рухтың ақырзаманын.

Жан оятқан құлақ түріп күмбірге,

Қалың қазақ келер әлі бір тілге?!

Ауысу

Дүние бір-біріне айналады,

Естіліп суығаны, қайнағаны.

Қатыгез қылыш жүзі қайралады,

Қаралы жан азасы ойналады.

Көрген жақсы түстің де қарызы бар,

Алдыңнан атқан таңның арызы бар.

Өртеңге өрт қойғандай шұғынық гүл

Өңінде өмір салған қан ізі бар.

Су – буға, у – тәттіге төрін берер,

Қайғы шалқып, бақыттың көрін көрер.

Жапырақ – топырақтың бел баласы,

Бүлдірген қара жердің дәмін берер.

Қуат бітіп, кіндігің көмілген жер,

Құшағын бір жазбайды көліңнен бел.

Маңдайдың жазуларын өзгертем деп,

Құр бекер әуре болсаң өзіңнен гөр.

Танымың құс жолында қалықтайды,

Сананың шексіз үні шалықтайды.

Жоғалмақ, жан жаралып, жадырамақ,

Дүние ауысудан жалықпайды...

Үш кісі

Күннің көзі тұрса да нұр себелеп,

Бір кісі бар көрсетпейтін өң бетін.

Көз қарығып жарықтан тұрса да ерек

Өлгенінше өзгертпейтін келбетін.

Жоғалады барлық шуақ текке өліп,

Ағын сулар бетпақ шөлде малтыға,

Сол бір кісі тұрар өлі беттеніп,

Күңгірт жүзін ұят оты шарпымай...

Селт етпейді оның кебін суреті,

Жылымайды қара жартас күйінде.

Жетпей қалған мейірімнің құдіреті,

Тістеледі менің өткір тілімде.

Екіншісі...қол созады сәулеге,

Шөлі қанбай зәмзәм суын сіміре.

Сосын тағы жарқырайды сәндене,

Нұр сіміріп және де өзі төгіле.

Арай сіңіп жайнап кетер сол кісі,

Табиғаттан алынатын бар күші.

Жер шарының секілденіп күн беті,

Сонда оның келер жақсы болғысы.

Өздігінен жана алмайтын жалындап,

Қараңғыда қабырғасы сөгіле.

Күлкісінде кісінейді қайың-бақ,

Қара қайғы қарманады шегіне.

Үшіншісі... Өз-өзінен елжіреп,

Көңіл түбі көрінеді айнадай,

Көк әлемді көркемдеген кең жүрек –0

Қара жермен сырласатын Толғанай.

Маңайына гүл шашады уыстап,

Рахым нұры күлімсірер өңдене.

Атой салып, мыңды бастар ту ұстап,

Даналықтан зар шегеді Кермене...

Күтпейді ол балдырдың да жылуын,

Өз отынан өртенеді өзегі.

Күллі әлемдік мейіріммен тыныстап,

Толқып аққан өмірінің өзені.

Кескілеске жүрек әнтек қарады

Ақыл төзген ... жүрек соған қаралы.

Жүрегімде шыңғырады бір әлем ,

Жаншығандай шыншыр төстің табаны...

Бірінші боп жүрек неден сыр берер?

Құрсақта да алдымен сол өң берер...

Тұлпар жүрек - қылбұраудың құрбаны

Қарғып өтпей тыпыршиды кермеде...

*** *** ***

Көк нөсер жаңбыр тамшыларынан

Су болмай қалай шығасың?

Айнасыл айла жарқылдарынан

Қу болмай қалай шығасың?

Қоғамдық жаппай жалғандық дертінен

сілікпесі шыққан адам

ақыры-ы-ы-ын естен танады.

Жоқшылықта

жалынды ұран тастаған жанның

Тоқшылықта

тырысады қабағы?..

Ештеңе айтып ақтала алмайтын,

Сатқындықтардан сақтана алмайтын,

Парасат көрін қазысып бірге

Неғылған заман тоқтай алмайтын?!

Қарынбай халден арылған күні,

Кеудесін күннің сағынған күні,

Арамдық жолдан алынған күні

Ағарып таңдай кездесерміз әлі?!

*** *** ***

...Көз жасымен қуа алмайсың қайғыны,

Төнсе келіп күллі әлемнің бар мұңы,

Сұлтандықтың асып-тасқан көңілін

Ұлтандықтың зар қылады жай күні.

Қара бұлттар жұбатпайды сені кеп,

Уіліңмен үндеседі еңіреп,

Қарлы таудай түксиеді қабағы

Жаңа ғана күліп тұрған төңірек...

Мен кіммін?

Мешіттердің көкке алақан жайып шексіз бақыт сұрайтын, үміті тұнық түндерде ұшар басынан Ай сырғанап құлайтын – қолдан соққан қиясы; Ақысы алтын тұрмайтын, пендесіне мәңгі мұңлы жан жұмағын сыйлайтын – дәтке қуат дұғасы...

Күмбездерге сән берген –

батыр киген дулыға,

Босағасы тең көрген

батыл, аңғал, қуды да.

Пейіш үні жамырап,

саңылаудан саулаған.

Құдай үйі, аллаһым,

Болмысынан сұңғыла!..

Рахман нұры таралып,

Бусанады толған ай.

Мазарында қазақтың

Кқктен түскен бар жаңа Ай.

Күмбір-күмбір кісінеп,

күн түбінен жеткен үн

Мұсылмандық –Жерде емес,

жаратылған көкте – Дін.

Отты, Суды сүйемін,

Тәңір күші орасан,

Түркімен бірге тілегім,

Жат емес маған Хорасан...

*** *** ***

Жалын атқан Күндейін

Келеді ұшып шырағым,

күмбірлетіп күнгейін,

оятамын мейірін,

тарқатамын құмарын.

Арғымақ жалы төгілген,

керіліп садақ күн туар,

Құлын даусы көмілген

беткейге жырым бір шығар...

Ақ жаңбыры ішінде

қорғасын бұлт көшеген,

Ақ періште пішінде

Дерт ішемін кесемен.

Менің де күнім күн емес,

қанатты сөзім болмаса,

Байлық деген түк емес,

бақыт деген далбаса...

Хан отырған тақтардан

сынық сүйем тау артық.

Алымсынған атпалдан

шын сүйінген қара артық.

Құлғананың сөзінде

батыр халық жасып тұр.

Балқыған күн көзінде

Хақ мейірі тасып тұр.

Жұғын қалар соңынан

шыбын жанын аядым.

Тапқан және сорынан

құл дүниенің баянын.

Жүрек айнып, бас зеңіп,

Жаным жұлдыз санайды.

Әділет өлсе кектеніп,

Көтерем көкке пәк Айды.

МЫНА БІР ТҮП АҒАШТЫҢ ҚЫЗАРУЫ-АЙ

Мына бір түп ағаштың қызаруы-ай,

Ақ жүзін көкке тосқан күз ару-ай.

Кекілін келте қиған қылықты жаз,

Сен неге біздің жақтан ұзадың-ай.

Тұтанды да жапырақ күйіп түсті,

Қызылы мен қызығын жиып түсті.

Көкке қанат қаққан сол жапырақты,

Айдаһар жел айдады қуып түсті.

Күліп тұрып қоштасып, бозарарсың,

Арыларсың, ақ жауып тазарарсың.

Сиқыр патша, қадірің білмеген соң,

Жер бетін сен осылай жазаларсың.

ДАРАБОЗ

(Батыр Баянды еске алу)

Дала, дала, көшпендінің ең соңы,

Күн астында Күнікейім дер сені.

Қанатымен құстардың сәлем жолдап, кең сері,

Сүйіп едім мен сені.

Қас тұлпардың жер тарпыған дауысы,

Қас батырдың қабырғаны қайыстырған намысы.

Ақ пердені қақ жарып келе жатты дарабоз,

Ай астында қалады аунап дала боз.

Дарабоздың соңынан шұбырғандай қалың ел,

Кісінеген даусына қосады екен зарын ел.

Дәл осы жол, жо-жоқ, жесір дауы емес-ті,

Жоқтап еді туған жердің дауын ол.

Енді ешқандай бөгетке, тоқтамасы сезілер,

Қызыл шоққа қариды, оттай жанған көзін ер.

Мұны көрген дұшпан да, жыға қашар шатырын,

Әз жанынан түңіліп, кәлласынан безінер.

Дауыл күнгі теңіздей шалқып, тасып айнала,

Көтеріліп қалды дейсің, жасыл шөп те жайлана.

Жан баспаған түкпіріңді шайқап кеткен сұмдық сөз,

Жас сұлудың ернінде күбірлейді жай ғана.

Қалқып ұшқан қаралы оққа, қарсы шапқан дарабоз,

Жан бауырың бір күйдірсе, мың күйдірді қарагөз.

Намыс буған, жан ышқынған, жойқын шабыс еді бұл,

Көтере алмай талып жатты дала боз...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар