Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ПРОЗА
/
Бейбіт Бөжен. Әбжалап (хикаят)...

Бейбіт Бөжен. Әбжалап (хикаят)

09.04.2026

141

Бейбіт Бөжен. Әбжалап (хикаят) - adebiportal.kz

І

Төрт мәрте қатарынан болыс сайлауында ел ақсақалдарының салған шарлары үстем шығып, Ақкелін болысы болған Шаһзында бұл лауазымнан егделеніп шау тарта бастауына байланысты бас тартқан жоқ. Ел ішіндегі ескі әңгімелер мен шежіре деректерді жинап,  келер күннің еншісіне қалдыруды мансұқ етті. Жазам десе бір құлындаған соң айғырсынып кеткен қулықтардың семізін Омбы асырып алдыратын қағаз, сиясауыт жетеді. Жазғандары да аз емес, кітап сандықтың ішіне қазына есебінде салынған. Естір құлақ болса да, айтар ауыз аз. Түген ауылда түнді аударып ескі әңгіме айтатын есті көз қария бар дегенді естісе сол күні атын жалғыз төс айылмен ерттеп тартып отырады. Өзі де намысқой, түнемел құйылған сабадай еңсегей болғанымен шымбайына біреу ши жүгіртсе ақжайқын боп жарылуы тез. Өткенде шу асауды бұрау салмай қосақтауға ыңғайы жоқ бір көмекші жылқышысы аузы көпіріп «осы Шорманның тұқымы текті болса, қатынның атындағы ауылда отыра ма» деп бықсыпты. Байекеңе қарай оқтай атылған сөз айдалданың бәрін аралап ақыры ауылдың ішіне кіріп кетіпті. Меңзегені Ақкелін қыстауы. Құлағына қаңқу сөз түрленіп жеткенде Шаһзынданың бет-жүзі отқа қақтаған төстіктей жиырылып сала берді. Басу айтқан бәйбішесі Мағиданың да сөзін қаперіне ілмеді. Анығын сұрап алайын десе әкесі Иса да, немере ағасы Мұсаның да қабірлеріне шөп өсіп кеткелі қай уақыт. Есіне Қарадоңғалақта қайын жұртында отырған замандасы Мәшһүр Жүсіптің айтқан әңгімесі түсті. Мәшһүр жәй адам емес, дүниенің оқуын тауысқан сұңғыла. «Атаң Мырзағұлдан еліне құт боп орнаған алты ұл туған, олардың отауы бір жерге түскен екен. Алты келін ақ маралдай керіліп, ағарып басы көрініп, бір-біріне жарасып, бірінің жоғын бірі түгендеп тұрғандықтан бұл жерді «Ақкелін» атаған-мыс» деген нұсқасын көкірегіне кенеп қанардың аузын бүргендей түйіп алған. Ал ел ішінен есіткен әңгімесі бойынша Шорманның бәйбішесі, қаракесек Жиделібайдың қызы Топайға  Шоңның өзі бастап барып құда түсіп,  ұзатып алып келгенде Жиделібай аппақ қылып киіндіртіп, ала бас атанға мінгізіп шығарып салыпты. Елге келгенде Шоң атасы: «Қызым, атан қай жерге барып шөгеді, сол жерге отауыңды тік», деген екен. Сол уақыттан бастап бұл жер Ақкелін аталыпты. Шорман атасынан қалған он екі мың бас жылқы осы Ақкеліннің етегіндегі Айырықтағы ақкелін шөпті тебіндеп қардан аршып жейтін, жондарына жыра салып семіріп, бауырынан буы бұрқырап алты ай қыс бойы жел үріп алағаншықтап қар тұрмайтын Ащылыой мен Балуантасқа шығып ырсылдап күн шағылына мүлгіп тоқ басып таңасып тұратын. Малына да, адамына да жайлы әжесінің атына қойылған киелі мекенді найсаптардың қайтіп қана «қатынның мекені» деуге аузы барды екен. 

Өткен мамырда Нұраға дейінгі алқаптағы Нияз тауы мен Ботақараны жайлап,  күз салым жылжып Бала Шідерті мен Бетпақ көлді жағалап отырып, қыс салым Алабас тауының бауырына Сәтбай әулетімен қатар қонған. Алабас көк-қоңыр тасты алабарқын арқасы көрініп жататын аласа тау болса да, ұлымаға түсетін қыранның атасы да қорегі де осында. Өзі Сарықамыстағы қыстағындағы ақ там үйінде отырса, қалың жылқысы үт бораны соғып, мұрт ұйлығатын бөрісырғақта айдап тастасаң да бесікке бөленген баладай жата беретін Сарыөзекте. Шала бүлінген Шаһзында ақылдасу, оның үстіне соғым сыбағасын таттыру үшін үйіне бес жас үлкендігі бар немере ағасы Мұсаның Садуақасын арнайы шақыруға ниетті еді. Құлағына тиген сөз шымбайына батып қуырып, Сарыөзекте қоста отырған жылқышысы Сыпатайға кісі салып, шөпке семіріп бойдақ жүрген шұбар жабағылардың қолыңа түскенінің бірін қосақтай кел деп тапсырған. Көзін тырналап ашқаннан жылқы түлігін тұрқына қарап танитын Сыпатай қай жабағысы болса да телшесі бармақ беретініне шүбә келтірмейтін. Екінші ойы ағасына саудаға шығару үшін жылқының қоңын көрсету еді. 

Жігіттің сырттаны, еркек біткеннің сұлуы, ел іші Сәкен ағай атап кеткен Садуақас көп күттірген жоқ, айтқан уақытында келді. Білімдарлығы бір төбе, таным-түйсігі терең ол жылқы қосына ие болып отырған інісінің тегін шақырмағанын қамшы салдырмай бірден түсінген. Баянауыл станицасында Боқырау жәрмеңкесі өтетін күн жақындап келеді, дайындықты ерте бастау керек. Жуандардың аузын майлайтын да уақыт жақындап қалған. Сол себепті Садуақас та сауда-саттыққа мәттақым өз жылқышысы Жылкелдіні ерте келген. Жылкелді түнеу жылы қалың орманшы руының ортасынан жоқ іздеп жүріп қосқа келгенде  шұбар ала биелердің тышқаншығы мен шеміршегі асқынып, қос танауы делдиіп, қиналғаннан көзі аларып алақарақ болғанын көргенде бәкісін жазып жіберіп танауының астын тесіп, көлденең ши жүгіртіп, арам қанын ағызып аман алып қалған. Осы өнерін көріп сөзге тартқан Садуақас оған бұдан былай бас жылқышысы болуды өтінген. Содан бері сенімді серігіне айналған. 

Жылкелді босағадан аттай салысымен қазан жаққа танауын көтеріп терең тыныс алды. Жүзінде нұр ойнап сала берді. 

– Мағида бәйбіше, қолыңызға дерт бермесін! Ақкелін жеп піскен жас еттің иісінен біз түгілі сырттағы тазылар да милары айналып, тұмсықтарын қарға көміп жүр. 

– Биылғы жылқының күйі жақсы екен Жылкелді. Сыпатай екеулеріңнің еңбектерің ғой. Тұзы сіңіп күнге тисе, бір аптада тобылғы сары болып шыға келер. Шыны қазысына Боқырауға жиналған орыс-казактар таласып, ақыры атыс боп кетпесін, – деп жымиды Мағида ақ жаулықтың ішінде жүзі жадырап. 

– Қазақтың малы түгілі өзінің етін жеп жүрген оларға дауа жоқ, – деп Жылкелді екілене беріп еді төрде бөстекті шынтақтап жантайған Садуақас ұшар алдында айналасын шолған бүркіттей оқыс басын көтеріп алды да, оған көзін аларта қадады. Сәкен мырза да көп ашуланбайды, бірақ қаперсіз жерде қатерлі сөз айтсаң оңдырмайды. 

– Болды, болды қойдым, – деп кеудесіне қолын қойған Жылкелді мырзаның қарасынан бәрін түсініп, айыбынан оңай құтылып кетті де, үндемей барып екеудің қасына малдас құрды. 

– Ана, бейпіл ауыз жылқышыңа қылбұрау салдың ба, не істедің? – деп сұрады Садуақас қолындағы көк аяздың құртын аузына салып лепірген лепесті естігенінен хабар беріп. 

Ол інісінің кейде дәлекіленіп кететін морт мінезін жақсы білетін. Жоғары Қызылшілікте отырған Құрман ұста қайыңның бөзі жоқ жерінен ойып қашаған шарадан қысырақтың қымызын бір ұрттаған Шаһзында үндемей  бақты. Ағасының әр істі жеті рет пішіп барып қайшы салатынын жақсы біледі. 

– Аузын Әбжалапқа айтып ақситып жіберемін, – деді Шаһзында екіленіп ойланбастан. 

Оның бұл сөзінен Жылкелді жылқышы шошып орнынан ыршып кетті, қазан жақтан құлақ түріп жүрген бәйбіше де аузын жаба қойды. Әбжалап Садуақастың жақын сыйласатын адамы, әрдайым өз үйінде ұстайды, перінің де, періштенің де тілін танитын, ауылға диуана аты шыққан киелі жаратылыс. Қысы-жазы жалаң жейдесін тастамай, қар-суда жалаңаяқ жүретін, асатаяғын ойнатып зікір салатын. Ауыл балалары да соның соңында жарысып шұбатылып жүреді. Иығына асынған дорбасынан құрт-ірімшік, кейде кәмпит алып үлестіретін. Бірақ баланың бетіне тура қарамайды, қасиетін таныған ел енді еңбектей бастаған балаларын диуана келе жатыр десе жасыра қоятын. Көзі өткір, тесіліп қараса мал да, жан да сеспей қатады. 

– Тәйт, әрі! Не дейді мына персоққан? 

Сәкен мырза Әбжалаптың қасиетін жете таныған адам. Өзі ұқыпты киінсе де шақырған жерге алба-жұлба боп жүретін Әбжалапты жанынан бір елі тастамайтын. «Әбжалап менің жалғандағы ырысым, ақыретте танысым», – дейтін ұнатпағандарға. Диуананың шын аты – Жұматай. Бозбала күнінде насыбай атқанда алақанына шақшаны қағып түгелдей салып атады да алақанын жалап жібереді екен. «Насыбай жерге түссе обал болады» дейтін сықақ сөзі елге бәтуәхаттай тарап кеткен. Содан бастап оны жұрт Әбжалап атайды. Ал әкесі Бейсенбайдың лақап аты – Тышқанбай. Ол он сегіз жасында айтқанынан қайтпайтын қисық мінезі үшін Тышқанбай атанып кеткен. Осылайша қалың Баянауылдың төрт тарабына диуанының аты-жөні «Тышқанбайдың Әбжалап диуанасы» деп тараған. 

– Әбжалаптың назары түскен адам томпаңдап төрге шығады немесе тоңқайып көрде қалатынын білесің ғой. Сен диуананы күнәға бастама. Ақылың болса жылқышыңның адал еңбекақысына үстеме қылып бір қысырақ қосып бер. Арзан ауызды ақ маймен жап! Егер содан кейін де қоймаса еңбек ақысын қолына ұстат та қоя бер. Оның кеудесіндегі жан сенен қарызға алған заты емес, обалына қаласың. Обал соққан пенде опынады. Алабүліктің аранына түспе, – деп ақылын айтты Садуақас сақалын салалап. Шаһзындаға да керегі осы  еді. Құп дегендей басын изеп қойды да ағасының алдындағы кесесін қымызы ортайып қалды ма дегендей қарады. Осы уақытта есіктен қорбаңдап аттаған қасқыр ішікті Сыпатай көрінді. 

– Мына шолақ ақпаның қайтеді-ей, таза түкірігің тас боп түседі екен. Ақпан-дақпан алты күн, аязымен жеті күн деуші еді бұрынғылар. Алағай желі өңменіңнен өтеді, қырбық қарды ұйытқытып толқындатып жерборан боп тұр. Әйтеуір, мұрт тыныш екен, бүгін жылқыға тимепті. Түздің иті жұптасатын үттің бораны деуші ме еді мұны? – деп естіген-білгенін араластырып сенімсіз айтты. Төрдегілер сөзіне мойын бұрған жоқ. Мырзалардың әр сұраққа сырбаздана ойланып барып жауап беретінін ол жақсы біледі. Қандарына біткен қасиет. Ішігін ілді де, үйдегілерге жағалай сәлем берді. Көп бөгелмей қазан жаққа өтті де тау боп үйілген бір табақ етті алып келіп ортаға қойды. Көмекші табақтағы пышаққа қол созбас бұрын отырған қос қонаққа тиесілі мүшелерді үлестіруге көшті. 

Омыртқаңыз деп Садуақастың алдына бармақ елі қыртыс майы бар жаяны тұтастай ұсынды, ал Жылкелдіге «аяғың қақсамасын» деп естірте майлы жіліктің басын ұстатты. Отырғандар оның бұл сөзін түсінбей оқыстан ожырайып қарап қалған. Бір асар етті жұтатындай уақыттан кейін Зында қылғытқан қазының шандырына қақалып күліп жіберді. Ол құрдастардың, кәсібі бір жылқышылардың қалжың  қағыстарын ойланып барып түсінген. Өткенде ағасының қосына барғанда Жылкелдінің пештің түбіне отырып алып суық өтіп қақсаған қос тізесін қасқырдың іш майымен сылап отырғанын көрген. Сонда тілі қыршаңқы Сыпатай: «Енді мұрттың өтін ерініңе жағып, өңешімен су ішіп ал, айғайың жақсарып жылқы қайыруға жететін болады. Одан қалса сарпаңын мойныңа іліп жүр, қатын-қалаштан құр қалмайсың», – деп әжуалаған. Осыны айтқанда отырғандар ду күлді. Жылкелдінің жүзіне қан тарап қызыра секпілденіп түтігіп қалды.

Ет желінді, сорпа ішілді, екі мырза ақылдасты, екі жылқышы тебіннің тірлігін тілге тиек етісті. Мәжіліс бір жақты бола бастағанда бәйбіше ортаға екі иінінен әрең демалған сары жез самауырды әкелді. 

– Осы үйдің балалары қайда, қолға су құймаушы ма еді, – деген Шаһзында бәйбішесіне жаратпай қарады. 

– Боранды күні ит пен бала құтырады деуші еді. Аңкөс Әмірхан берген сары ала күшіктерін ауыздандырамыз деп жүр еді. Қоянға шығып кеткен шығар, – деді Мағида. 

– Қара қуырдаққа қарық қылатын болды ғой, – деп кеңкілдей күлді Садуақас. 

Шаһзынданың ишарасын айтпай түсінген Сыпатай босағада тұрған жез леген мен құманды алып келіп қонақтардың қолына су құйды. Өзі де ауызын шайып, жібек орамалмен сүртті.

– Диуанаңыз көрінбейді ғой? – деп сұрады сосын ол Садуақасқа кесе ұсынып жатып.  

– Е, мынадай боранда бүгін келе алмас. Түзде адам түгілі аң адасатын ат құлағы көрінбес боран. Есі кіресілі-шығасылы боп бір жерде жатқан шығар бүрісіп, – деді жылқышысының сөзіне қосақ жалғап Зында тағы қаннен қаперсіз. Бұл сөзіне қымбаттысын кемсіткен Садуақас тіксініп қалды. 

– Сендер диуанамен ойнамаңдар. Үйдің есігінің сыртынан «дайындалыңдар» деп айғайлап кетсе сол үйде кешікпей той болады, жақсылық хабар келеді. Анау Кереку, мына Қарағанды, сонау Семейге дейінгі елдер диуананың келуін күтіп жүреді. Жақында жүргеннің қадірі жоқ, менсінбей жүрсіңдер ғой. Қаншама мырза Әбжалаптың «дайындалыңдар» деп айқайлауын күтіп жүр. Әй, білместер-ай, ауылдағының аузы сасық деп. 

Осы уақытта есік шалқасынан ашылды да, қолында қоңырауы сыңғырлаған аса таяғы бар, қозы терісінен тігіген жарғақ құлақты малақайына қар тұрған жалаңаяқ диуана сау ете қалды. 

– Астапыралла, – деп шошып кетті бәйбіше. 

– Ауыз жиып болған жоқпын, көктен түстің бе, өй, – деп рахаттана күлді Шаһзында. Жылқышылар да аң-таң. Жылкелді диуананың мырзалардың үйге кірер алдында «дайындалыңдар» деп айғайламағанынан көкірегіне күдік алды. Қалың жылқы да биыл өз құйрық-жалдарын қыршып жұлып тұлданып жүргенінен іштей қауіп қылған. Әсілінде жұт жылдарында тебіннен шашасы қиылған аш жылқы ғана жал-құйрығын қорек ететін. Шаһзында асығыс айтқан сөзіне өкініп, диуананың алдында айыпты екенін сезді. 

– Ат-шапан айыбың менен, – деді жепелемде. 

– Сенің шапаның да керек емес, осы жалғыз қабат шыт жейдеден жел де, суық та өтпейді. Кеудемнен кеулеп кірген жел балағымнан зу етіп шығып кетеді. Атың да керек емес, табанымда желім бар, ұшып жүремін, – деп азу тісі көрінгенше ақсия күліп қарады диуана. 

Әбжалаптың қазы мен жалды талғамай жұтып, соңынан асықты жіліктің сіңірін шайнап, құрт қосылған сорпаны сіміре салып жүре беретін майқорлығын жақсы білетін Шаһзында асығыс сөйлегенінен қысылып ет әкел дегендей бәйбішесіне иек қақты. Бірақ диуана быртиып бармаққа дейін өсіп баппен піскен жабағының майын місе тұтпады, қозы қарын да бітпеген тарамыс денесінің жұғынына жүк болмады. Қолына жұғар-жұқпас болған майды өңіріне сүрте салды. 

– Сорлы неме, соймадың ба семіз байталдың бірін. Петербордан әкелген күреңтөбелдің үйірінде қырыңдап жүретін торы байталың бар емес пе, соның қабырғасын май жей бастапты ғой. Өй ішіңді, шіріген сараң, – деді көзін сығырайтып сырттағы Сарыөзек жаққа қарап. Диуана адам баласының шеніне де шекпеніне де пысқырып қарамайды, көзіне қарап тұрып былш еткізеді. Садуақас сол мінезі үшін де жақсы көретін. Патшаның ұлығы келіп қалар деп сақтап жүрген тығыршықтай торы байталды мыңғырған мыңның іші былай тұрсын, өмірі жылқының ішін аралап көрмей қайдан біліп қойды деп таңғалды Жылкелді. 

– Әне көрмейсің бе, бишараның қабырғасын май әбден боркемік қылып  ерітіп тастапты, қабырғасы қабықтаған қара талдай болыпты, соны ақтарып тастағанда аузымыздан сорғалап ақ май ағар еді, – деп күлді сосын ішін сипап диуана. 

– Әй, әй, қайт үйіріңе, белдеуде жатқан қорқауға жем боласың. Құрау, құрау, қайт деймін үйіріңе, –  деп айғайлап жіберді сосын түтіккен көзін табалдырық жақтан алмай. Бұл сөзіне Садуақас та рахаттан  жымиды. Түсінде ғана емес, өңінде көрместі көретін қасиетіне бұрыннан тәнті еді. 

– Мен сендерге жаңа не дедім, диуананың көзіне көлеңке түсіре алмайсыңдар дегенді айттым ғой. Бұл таудың бергі жағынан қарап арғы жағындағы қыбырлап бара жатқан құмырсқаның аяғын көреді бұл, – деп масайрай түсті досын демегендей. 

– Диуана досым, май аңсасаң бүгін менімен үйге жүр. Қалаған үш отаудың біріне түсірейін. Нұридә бәйбішенің ұнға көмген телшесін астырайық. Оған бетің батпаса Зейнепке торта жасатармыз. Жеңсік асқа Бәдиғұл-Жамал тоңазыған шыжығын шығарар, – деп үш отауындағы әйелдерін санамалады. 

– Жоқ кетем. Тұрақтайтын уақытым жоқ. Қарыздарымды қайтару керек. Сендер ақылымды тыңдасаңдар, ана қалың жылқының ішінен қымыз ішерлеріңді алып қалыңдар да қалғанының бәрін сатыңдар, ағайынға таратыңдар. Қолдан сусып шықты демей, үлестіріп бөлісіңдер. Әйтпесе биыл күзде шөптің түбі қатая бастағанда бәрі арам өледі, – деді Әбжалап төтесінен тартып. Бұл сөзіне мырзалар тіксінсе де сыр алдырмады. Садуақас заманның беті жаман, қазақтың байларын тәркілейін деп жатыр деген хабарды Омбы жағындағы «Ауыздағы Қаржас» ауылына кіре тартып барып келген ағайындарынан естіген. Өзі де ол жақтан газит-журнал алдырып оқушы еді. 

– Осы сен қайыршының аузыңнан жібі түзу сөз шықпайды екен. Кейде жап-жақсы сөз айтасың, кейде беталды лағып кетесің», – деген Сыпатай алдындағы табақтағы етті алдына тартып қосымша турай бастады. 

– Көр де тұр, әлі жылап келесіңдер. Осы сөзге құлақ аспағандарың үшін өкінесіңдер, – деді диуана бәйбішеге қарап қабағын жазбай. Адамды қас-қабағынан танитын Мағида оның сорпа дәметкенін жанарынан аңғарды. Сөзінен кеудесіне күдік алған етжеңді әйел де сорпа әкелу үшін орнынан самарқау тұрды. 

– Досым, бір апта болды үйге қонбай кеттің, қайда болдың? – деп сұрады сосын Садуақас Әбжалаптан өліараның түнінде дастархан басында орнай қалған өлі тыныштықты бұзғысы келіп. 

– Кетем, енді қайта оралмаймын. 

– Кетем, кетем деп болмадың ғой. Қайда кетпексің? 

– Мәшһүрге барамын, содан кейін жұмаққа кетемін. Сәтбай ауылына барып Имантай бимен, игі жақсылармен қоштасып келдім. Төңіректегі барлық ауылдарды аралап шықтым, баласымен де, шалдарымен де қоштастым. Мәшһүрге барамын, «Мен  Алланың құлымын, Мәшһүрдің көршісімін», – деген диуана бетіне балық көзденіп майы кілкіген сорпаны сіміре салды да езіне тұрған майды ерніне жақты. Көп бөгелген жоқ, қош деп шығып кетті. Ешкім көлденең тұрып бөгет бола алмады. 

– Сорлы боранда адасып өлер, Сыпатай жолкөрсетер болып соңынан жарты жолға дейін барып кел. Мына түрімен күндік жерге қалай жетпек? – деп жылқышысын жұмсады Шаһзында.

Соңынан ере шыққан Сыпатай тез оралды. Шай суып үлгермеген. 

– Неменеңе қайтып келдің, қатының шулап, балаң жылап жатыр ма? Түн баласы жұтып қоя ма, түз даласы талап тастайды ма? – деп жекіді Шаһзында. 

– Мырзам, түн менің ата жолдасым ғой. Тек түк түсінсем бұйырмасын. Қыстақтан шығар дөңге дейін түлен түткендей желіп отырды, соңынан қалмай еріп бардым. Дөңнен түскеннен кейін зым-зия жоқ боп кетті. Дөңге дейін жүрген ізіне мұз қатып қалыпты. Табаны тиген жерін ерітетін не қылған қасиет мынау? Шынымен адам ба өзі? Бақытына қарай боран жоқ, күн ашылыпты. Бірақ боранның соңы аттың танауына көксүңгі мұз қатыратын сақылдаған сары аязға ұласқан екен, – деді таңданысын жасырмай. 

– Бұл Әбжалап, құдайдың көктен берген күнделікті ырзығына ырза болып, дүние-мүлік жинамай, отбасын құрып ошақ басында отырмай ел кезген диуана ғой. Тылсым қасиет иесі. Дөңнен асып жоғалса елдің ұшып жүреді дейтіні шын болғаны да. 

– Қалай сонда? – деп сұрады таңырқай Жылкелді. 

– Қалың қаржастың ішінде қожадан шыққан бір қажы өткен екен. Сол кісі қажылыққа барар алдында Әбжалап келіп, мені де ала кет депті. 

– Сорлы неме, Мекке саған тау бауырлап бара салар Баянауыл станицасы ма? Алыс жолда мехнат тартып аштан қатасың, ыстықтан шыжғырылып өлерсің, –  депті бай менсінбей. Әбжалап үндемей кетіп қалыпты да сапарға шыққан қожаның керуенінің соңынан жүре беріпті. Бір теңіздің жағасына тоқтап кеме күтіп тұрғанда диуана пайда бола қалыпты дейді. Содан біссімілләсін айтып шапанын шешіп, судың үстіне төсеп жіберіпті де өзі қарғып мініп алыпты. Сол кезде жел тұрып, теңіздің асау бұйра толқыны ағызып ала жөнеліпті. Мұны көрген қожа таң-тамаша болыпты. Содан жолшыбай Мекке мен Мединаның арасында әбден қаталап бір құдыққа тоқтап су ішіпті. Шөлін қандырып түйесіне мінейін десе нары шөкпей қойған екен. Міне алмай мезі болыпты. Өзі де денесі ауыр адам болса керек. Сол уақытта ғайыптан Әбжалап пайда болыпты да, құйрығынан демеп мінгізіп жіберген екен де тағы да жоқ болған. Әлгі қожа парызын өтеп елге оралып, аман-есен келгеніне құрмалдық беріпті. Ауылдың ағайындары алқақотан отырып алып әңгіме сұрағанда көрген-білгенін тамсана соғып отыр дейді. Әбжалапты аузына да алмапты. Бір уақытта есіктің сыртынан сырт еткен дыбыс шығып, бәрі жапырлай соған қараған ғой. Сөйтсе ертәуіл адамдай есіктен сығалап ыржалақтап Әбжалап тұр дейді. 

– Түйеңе міне алмай айналсоқтап бұқиып жүргеніңде демеп  жібергенімді неге айтпайсың? Қолғабыс етпегенде арабтың бәдәуилері мен қорқау қасқырларына жем болушы едің ғой, – деп күліпті де дәмге де отырмай кетіп қалыпты. Ал қазіргілер Әбжалап қажылыққа барған жоқ деп соғып жүр, – деп әңгіменің шетін қайырды Садуақас дидарына түн түнеп. 

– Ақырласқа дейін бірге боламыз деп ант берген Мәшһүр досына кетсе, осыдан оралмайды. Дайын жүріңдер. Өзі де жатса-тұрса «Жаназамды Мәшһүр шығарсын» деп өсиет айтып аманаттап жүретін, – деген Садуақас күрсініп, кетпекке орнынан қозғалып қойды. 

ІІ

Бұландай кең кеудесін алға беріп,  алқымын шалқақ ұстайтын тұрқы бөлек арқар танаулы Әмірхан бүгін таң бозара бастағанда тұрып күрең аты тісін шайып  қанғанша жылытылған қар суына суарып, ақ ұлпаға аунатып болған соң ерттеп қойды. Кеше кешкісін інісі Иманғалиға «Қара доңғалақта» отырған молда атасы Мәшһүр Жүсіпке барамыз деген. Осы сөз құлағына тиген інісі Иманғали алып-ұшып ұстазына жетуге асықты, Қойтастың бауырында жатқан жылқыдан қара құнынан ұстап, дүрсін-дүрсін желітіп ащы терін алып құмалақ тастатты да, алқымы кепкенше таңасырды. Сосын қорға байлап қойды.  Қалам, сия сауыты мен қағаздарын ұқыптап жинап боқжамасына салып қойды. Ағасы намазға тұрмас бұрын оянып, айтқызбай дәрет алатын құманға жылы су құйып дайындады.  Оның молда атасына деген көңілі көпшіліктен көш ілгері, бала күнінде әптиекке түсірген, тек дін ілімін емес ғалам ғылымына бетін түзеген. Әңгімешіл, әсіресе ескілікті қыса-дастандарды талдап айтады. Шежіре шертсе таусылмайтын телегей теңіз. 

Әмірхан да, Иманғали да Мәненнің балалары. Айдабол атасынан тарайды. Ата қоныстары Қойтас пен Қара доңғалақтың арасы  аттың арқасын алатын, арба жексең қамыттың астын ақ көбік қылатын шалғай жер емес,   салт мінген міністің қолтығынан тер шығатындай ғана аумақ. Қар астына көмген қандыауыз қақпаны құмалақ қауып қалмайтын, ит жүгіртіп, құс ұшырған аңшылықпен айналаға аты шығып, алдына мал құраған Әмірханды ел соңғы кезде «Әмір аға», «Әмір мырза» атай бастаған. Аңсақтығының арқасында Аршалыға дейінгі аумақта жаман ауыз да азайған. Қай шілдің түбінен шіл шұбырып, қай тастың ығынан құр қашатынын да меңгерген маман. Балиғаттан асқан зерек  Иманғали  ағасымен жолға шыққанына қуанышты, үйдегі шаруадан шет шыққанда ағасының көрген-білгенін ертегідей төгіп айтып, жол қысқартатын әдеті бар. Бүгін де жарыла ақтарылып көмбенің аузы ашыларына сенімді. Молда атасы мен аңшы ағасы соғым сойса сыбағаңды же, бие құлындаса қазық майларға бата бер деп бірін-бірі жиі шақырып, кездесу сәті туғанға баладай қуанысатын. Кейде үйлерінде алмасып айлап жататыны да бар. Екеуі қыста қасқырға шығып, күзде қаршыға ұшыратын, көлден қаз-үйрек тептіріп қарық болатын. Әркімнің ойы бата бермейтін әңгімелерге бой алдырушы еді. Осыны білетін Иманғали қағаз бен сияны көбірек алды. Қолы талмақ түгілі саусақтары бүрісіп қалса да естігенінің бәрін хатқа түсіруі керек. Соңғы кездегі жақсы әдетіне ағасы да, молда атасы да қуанатын. 

Ауылдан алыстағанша күрең ат пен қара құнан бір-біріне жанаспай бөтенсіп, оқырана берген. Құлақтарының түбі терлеген шақта барып қапталдаса соқтығысып қатарласа бастады. Осыны сезген екеу тізгінді босатып саржеліске көшті. Бір дөң асқаннан кейін жолаяңға ауысты. Соңдарынан ерген екі сары тазы ана дөңге бір шығып, мына асуға бір шапқылап, әр бұта мен қалың шидің арасына қыңсылап жалаңдап қарайды. Аңға шыққанда бауырларын жазып, денелерін қыздырып алатын табиғи әдеттері. 

– Екі күн үйден шықпап еді, зерігіп қалыпты, – деді Әмірхан із кескен тазыларына алыстан қарап. Бұлар Ереймен қанжығалыларының аққасқасының тұқымы ғой. Мен бұларды... – деп әңгіменің тиегін ағыта бергенде Тасқыүйдің жақпар тасынан шойнаңдаған бір көкбөрі атып шықты да қаша жөнелді. Биік сары соңынан тіке тартты, қаншығы қиястап қиып отырып көлденең кетті. 

– Бөрісырғақта мына шойнақтың ақсаңдап қашқанына қарағанда басқа жас бөріге таланған-ау. Қасекең меңіреу мақұлық емес, қасиетті хайуан. Аналықтары ауру, кәрі арландармен ұйлықпайды, дені сау ұрпақ қалдыруды мансұқ етеді. Өз жемін өздері алалмайтын азуы шықпаған қызылиек бөлтіріктерін буындырып өлтіріп тастайды. Мынау да үйірінен адасқан емес, құртқасы өлген арлан болуы керек. Тасқыүйдің ішінде ұлыма көп, солардан біздің назарымызды аударып қашқан түрі ғой, – деп бесаспап аңшылығынан сыр шашты Әмірхан. 

– Енді қумадық па? – деп екіленді Иманғали ат үстінде қамшысын бүктеп. 

– Қос сары жалғыз жортқан емес, топтасып жүретін жаман ауыздарға түсетін тазылар ғой. Алысқа ұзатпас, – деді аңсақ Әмірхан күрең аттың қамшылар жағын тебініп. Күрең ат қара желіске салды, қара құнан шоқытып шауып келеді. Сол күйі белестен түскен кезде омбы қардың үстінде биік сары тайыншадай арланның алқымына азу салып қылқындарған күйінде айырылмай салбырап ілініп тұрғанын көрді. Құйғытып жеткен қаншық оқтай атылып бүйірден ала түсті. Ақ қардың үстінде үшеуі ұмар-жұмар болды да қалды. Әмірхан мен Иманғалидың жақындап қалғанына да мән бермеді. Үшеуі де қызыл қанның қызығына батқан. Жақындап барған Әмірхан ат үстінде тұрып «әйт» деп қалғаны сол еді, қос тазы шалажансар болып жатқан арланнан азуларын босатып ығысып, ырылдап шеткерек шықты. Ішігінің сыртынан асынған дар ауызды қолына алған Әмірхан жаман ауызға қаратып шүріппені басып жібергенде, қақ маңдайына қорғасын қадалған қасекең қалшия қалды. Қаны сорғалап болған соң қанжығаға байлағанда көкжалдың құйрығы қар сыпырып сала берді. 

– Тісі түскен кәрі арлан екен, әйтпесе иттерді жүк құрлы көрмей жайратып жарып кетер еді, – деп масаттанған Әмірхан күреңнің басын досының ауылына қарай бұрды. Молда атасының ауылына барар жолда олжалы болғанына Иманғали да қуанып қалған. 

– Қос  тазыны қанжығалы еліндегі құдалардан әкелдім дедіңіз бе? – деп сұрады Иманғали Әмірханнан үзілген әңгімені жалғап. 

– Ереймендегі құдаларымыздың қасқырға түсетін тазысы күшіктепті дегенді естіген күні тартып отырдым. Барсам көздерін енді ашқан ұялас күшіктер қалыпты. Қалауын беріп алдым. Ауылдар түсте қой-ешкі сауады, сиыр саумайды. Сиырдың еті жел деген ғой, қазақ атаң сиырды орысқа салық төлеу үшін ғана ұстайды. Сол ауылдарға соғып тері торсығыма сүт құйып аламын. Күпімнің жеңінен бір уыс жүн алып шиырлап, бір шетін торсықтың аузына екінші ұшын күшіктердің аузына салып қоямын. Бүйірлері томпиып тойған уақытта күпімнің қос жеңінің басын буып, соның ішіне салып қоямын. Осы тазыларым маған «Әмірхан аға», «Әмірхан мырза» деген атақ әперді. Төңіректегі байлар келіп «соғымыңды береміз, күздігің бізден болсын, жылқыны ит-құс тартып кетіп жатыр, құтқара көр» деп сұраған соң көңілдерін қалдырған емеспін. Осы қос сары қыс бойы талай қасекеңнің көзін құртты. Бірақ тұқымымен құртып жіберген жоқпын. Қазақ атаң әр нәрсенің өлшемі бар, теңдеуі бар дейді. Қанша жерден жыртқыш болса да бұларға да жанашырлық керек. Қасқырды құртсақ, даланы ауру жайлайды. Мал асылданбайды, – деп түйіндеді аңшы Әмірхан Иманғалиға қарап жылы жымиып. 

Әңгіме айтысқан Мәненнің қос ұлы Мәшһүрдің ауылына қалай жеткендерін де білмей қалды. 

ІІІ

Күн шақырайып тас төбеге шығып тұрса да дала үскірік аяз. Танауларынан буы бұрқырап, кірпіктерін қырау шалған екеу көң қораға олжа итті сұлата тастады да, аттарын шөпке байлады. Үйге енгенде Ақзейнеп қарсы алды. Мәшһүрдің бәйбішесі Рабиға Танашқызы о дүниелік болып, екінші әйелі Рабиғаны төркініне жібергелі бері келіні Ақзейнеп атаның күтімін бақылайтын. 

– Әтиім төргі бөлмеде, – деді ол Әмірханның ішігін алып жатып. 

– Кеше кешқұрым  диуана атам келген. Түн ішінде көрші ауылда қарызым бар, соны беруім керек деп кетіп қалды, – деді сосын қырың қарап сөйлеп. Әңгімесінің соңын түймеді. Атасына да, қайын ағаларына да тура қарамай қырың қарап ибалық танытатын «ұялу» дәстүрін қатаң сақтайтын. Көп уақыт өткен жоқ, төргі бөлмеден Мәшһүр  шықты да төс қағыстыра қос дос амандасып, тізе бүкті. Ақзейнеп те көп бөгелген жоқ, ортаға бұрқылдап қайнаған самауырын әкеліп, сүт қатып шай құя бастады. Ішікке оранған екеу мұздамаса да ішке суық ауа кіріп тоңазып қалған екен. Ыстық шайды үрлемей ұрттап ішкен Әмірхан көңілі жүдеу досына қарады. 

– Тыныштық па? – деді сосын суыртпақтап. 

– Күн бейсенбіден жұмаға ауып барады, мен білсем жарықтық Әбжалап осы түннен тірі қалмас, – деді Мәшһүр Иманғалиға бұрылып сенде келіпсің ғой дегендей сыңай танытып. Ол ұстазының мұндай күйге түскенін алғаш көріп отыр еді. Кесеге қол апармаған молда атасы мән-жайдың бәрін баяндап берді. 

  Кешкісін апыл-ғұпыл келген Әбжалап табалдырықтан аттап сәлем беріпті де «Мен кетемін, оралмаймын, жаназамды сен шығарасың Мәшһүр» депті де, түн ішінде кетем де кетем, қарызым бар деп аязға қарамай шығып кетіпті. Жеңіл-желпі киінетін адам болса да бұрқырап жүреді. Айтқанынан қайтпайтын білетін Мәшһүр әулиелігін танып  үсіп қаласың деп күпісін кигізіп жіберіпті. Қара доңғалақ пен Тасқыүйдің арасында жақпар-жақпар тастар   айдың жарығы түскенде жалтырап тұрады екен. Әбжалап диуана «тышқанға да түк бітірген Алла, мына тасты тақыр қылып неге жараттың, тоңып қалатын болды ғой» деп күпісін жауып қойыпты да өзі жанына жантая кетіпті.  

– Сол ауылдың Рақым деген қойшысы хабар айтып келді. Ақпанның аязына қарамай таң алдында қойларын өргізіп шықса, анадай жерде бірдеңе жалпылдап көрінеді дейді. Барып қараса жақпар тасқа күпі жабылған, жанында Әбжалап жатыр. Үсіп қалыпты сорлынеме. Содан  жетім қамытпен шанаға атты жегіп жіберіп, қасыма ұлым Шәрәпиденді серік қылып, шанаға шөп төсеп, үсіп қалған диуананы үйге алып келдік. Төргі бөлмеде шымылдық құрып ішіне жатқызып қойдық, – деп қайырды әңгімесін үй иесі шай құйылған кесеге қолын енді созып. 

– Оңалатын түрі бар ма өзі? – деп сұрады аңшы дос. 

– Әмірхан, сенің келгенің жақсы болды. Бүгін күн бейсенбі, Әбжалап жұмадан аспас дедім ғой. Жолыңнан бөгеліп бетін жабысып кет, – деді сосын Мәшһүр. 

Іңір батқанда үйге ондық шам жағылды да әулиенің күзетіне ауылдың екі-үш ақсақалы шақырылды. Олар да түні бойы кезек-кезек төргі бөлмеге кіріп, әулиенің жағдайын бақылап отырды. Дүниеден өтіп кетіп көзі ашылып, қол-аяғы қисайып қатып қалмасын деп Мәшһүр Жүсіп қатаң тапсырған. Үлкендер құран аударды, Иманғали төте жазумен жазылған қыса-дастандарды оқып, баталарын алды. Түннің бір уағында Иманғали да молда атасымен еріп Әбжалапқа ерніне су тамызуға кірді.  Ақ матаның ішінде жатқан диуананың денесі күп болып ісіп кеткен екен, бірақ қиналғанын көрсетпеді. Иманғалидың қамшының сабына тобылғы жонып отырып қолына шөгір кіріп кеткенде жаны шығардай айғайлағаны есіне түсіп, өзінен өзі ұялғандай болды. Ал Әбжалап қанша қиналса да күрек тісі көрініп күлімдеп жатты. 

–  Әй, Әбжалап, неменеңе жетісіп күліп жатырсың? –  деді Мәшһүр Жүсіп дауысын көтеріп. 

– Менің намазымды  сен шығаратын болдың, – деді ол сандырақтап. Бұл не қылған жансебіл деп ойлады Иманғали. 

Таң құлақтанып атқан шақ. Мәшһүр Жүсіп үн қатпай далаға шығып  дәретін алып келді де таң намазын оқи бастады. Азан шақырып жатқан кезде төргі бөлмеден «Алла, Алла» деген дауыс бөгеліп-бөгеліп шықты да құмығып жоғалды. Молда ата намазын оқып болып бата қылды, сосын жайнамаздың шетін түрді де дауыс шыққан бөлмеге кетті. Көп бөгелмей сыртқа шықты. Әмірхан мен ақсақалдар күтіп отырған. 

– Жарықтық айттым ғой, Құдайынан келіп, Құдайына қайтты, – деді сосын Мәшһүр. Мұны естіген Ақзейнеп дауыс салып жылай бастады.  Сол күні уақыт оздырмай  ауылдың бір-екі жігітін Мәшһүр Жүсіп Шорман ауылындағы  Имантай би, Сәдуақас, Шаһзындаларға жаманат хабарды естірту үшін жұмсады. Екі аралық күндік жер. 

Жан-жақтағы ауылдардың жігіттеріне хабар тиісімен олар да күрек, сүймендерін алып тез жиналған. Топырласқан көпке қарап Мәшһүр көрсеткен жерімді қазасыңдар деп бұйырды да ат шанаға мініп аяңдап кетті. Қара доңғалақтың айналасында жұмсақ жер жоқ, оның үстіне тастақты. Темір сынатын аяз да сынбай тұрған шақ. Жегілген атының божысын бос қоя берген Мәшһүр үндемей келеді. Бір уақытта аты тоқтады да өзі жерге түсті. Одан кейін таңдалған жерден қабір қазу үшін таяғымен сызып берді. Таңдаған жерін көрген ауылдың бір-екі жігіттері «осы шал алжыған ба, тастақты таңдаған несі» дегендей оңашаланып ойпаңға қарай ойысқан. Сүймендерін сілтеген сайын шаңқ-шұңқ еткен дыбыстар шығып, қос қары талып қаздырмай қойды. Жердің тоңы қалың қатқан екен. 

– Әй, жігіттер, көрсеткен жерді қазыңдар, – деді Мәшһүр жекіп. 

Арамтер болғандарынан түк шықпасын білген олар қайтып келіп көрсеткен жердің қарын арши бастады. Араларынан біреу шығып сүйменді сілтеп қалып еді, бырт етіп жерге кіріп кетті. Жасаған ие мынау не қылған құдырет деп қойды көпшілік жамырасып. Әбжалап әулиеге қазылатын қабір орнында тоң төрт елідей ғана екен. Арғы жағы күрекпен кетті. 

Кешкісін қонағасына қой сойылды, Әмірхан мен Мәшһүр дос кебін пішті. Түні бойы ақсақалдар күзетке тұрды. Ақ шымылдық ішінде Әбжалап әулие күлімдеп қатқан күйде жата берді. «Жаназамды Мәшһүр шығарсын» деген арманы орындалғандай. Ертеңінде таңсәріде Сәтбай ауылынан келгендер адам дауысы естілер жерден «ой, бауырымдап» жеткен. Қаржас жамағайыны жеткен бойда диуананың да денесін суға салды. Бұл рәсімге бозбала Иманғали бірінші рет қатысты, су әперіп тұрды. Кебіндер уақытта Мәшһүр Жүсіптің: «Е, бұл Әбжалап жарықтық Құдайдың сүйгені, Жаратқан ие сүйген құлына сыйын береді. Естеріңде болсын, Әбжалаптың денесі қабірде жатпайды, суық қол араласпаса менің денем қырық жыл шірімейді», – дегенін анық естіді Иманғали.

Жаназа намазы оқылып, ел боп кілемге оралған мәйітті қабір басына алып барғанда Мәшһүр тағы да көпшілікке қарады. 

– Араларыңда талма, желікпе ауруларың бар болса әрмен тұрыңдар. Ертең Мәшһүр өлтірді деп жүрерсіңдер. Қазір қабірге қоярда Әбжалаптың денесі болмайды, қабірге ақыретін мүрде деп қоясыңдар. Біз әңгүдіктеніп жүргенде оны періштелер көкке көтеріп алып кетті», –  деп ескертті. Түк түсінбеген жұрт аң-таң. Ақпан айында аспанды айнала торлап ұшып жүрген ақшаңқай шағалаларды көрген Иманғалидың арқасынан суық тер бұрқ етіп,   зәресі ұшты. Бұл не қылған тылсым,  молда атам да жәй адам емес екен деген сөзін іштей қайталай берді. 

Сол күні Әбжалап диуананың денесіз кебіні ақырда дамыл тапты, жаназаға жиылған жұрт әулие жерленген Қара Доңғалақты «Әбжалап» атап тарқасты. Әмірхан мен Шорман ауылынан келгендер кешкісін Әбжалап әулиенің шілдеханасына қатысып құран аударып, таң біліне бергенде қоштасып әрқайсысы өз жөндерімен кетті. 

Олардың арасында Мәшһүр Жүсіптен басқасы диуана айтқан 1928 жылдың шөп түбі қатқанда келген тәркілеу науқанынан бейхабар еді.  

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan