Автобус Алтынқайың ауылының күнгей жағымен өтетін күре жолдың бойындағы аялдамаға тоқтап есік ашылғаны сол еді, жауған қарды жерден көтеріп қораға қамалған қаншықтай ұлып ұйытқыған аққұйрық боран ішке кіріп ойнақ салды.
– Болыңыз енді, – деп дабырласты салондағылар.
– Шығыңыз тез, – деп шамданды шопыр жігіт.
– Балаға суық тигізесің, жап есікті, шілдедегідей шекеміз шылқып отыр дейсің бе? – деген мосқал әйел астыңғы ернін сылп еткізді де, жаялыққа ораған баласын құшағына қымтай басты. Жан-жақтан жақтырмай жапырласа айғайлаған жолаушыларға Арина құлақ асқан да жоқ. Оның ойы басқада, дүмбілез дүниенің дүрмегін кезіп кеткен. Аяғы жерге тиегені сол еді май боран итерген автобус құтылғанына асық болғандай бір ышқынып алды да ызғыта жөнелді. Арина үйіне асықты.
Өзі туған, әкесінің мейіріміне бөленген ұйығына жетуге асық. Әкесін көрші үйден көк түтін шықпай қалса да елең қылмайтын ауыл сол жақ қолының сұқ саусағын пішенде жүріп шалғы шауып кеткеніне бола «шолақ қол Кабирхан» атап кеткен. Ал анасының бет моншағы салбырап мейірленгенін мүлдем байқаған емес. Көзі қара танығаннан бері оның қабағы ашылғанын көрсе перзенттік махабаты оянар ма еді, кім білсін?! Есінде күні-түні төсегінде жатып алып «Арина су» деп ыңырситыны ғана қалыпты. Ауру ма, сау ма айырып болмайсың. Өз қолымен дәм дайындап берген жан емес, балам деп бауырына басып та иіскемеген. Содан болар ол анасын тіпті әлемді иітетін «мама» деген сөзге қимайтын. Тіпті омырауын емгені де есінде жоқ. Беті суалып, көзі шүңірейіп, ас батпайтын күйге дейін жетіп тері сіңіп сарғайған алапес төсегіне таңылған күйі өмірден өткені ғана көз алдында. Ауру мүжіп қуыршақтай ғана болып қалған әйелді жерлеуге әкетіп бара жатқанда да көзінен бір тамшы жас ыршып шықпаған. Жұрт жылап жатқанда ол да қорсылдап боздамаққа бекінген. Тек жүрегі жібімеді. Өтірік жылай алмады.
Мейірім махаббатын көрмеген адамға қайтіп сезім қылы шертілсін? Сол кезде Арина тас жүрек болып кеттім деп өзінен өзі бірінші рет қорыққан, бірақ ол сезімін тез ұмытқан. Оған себеп көрші Софья апайдың қашан көрсең де «дочалап» зыр жүгіріп өбектеп жүретіні. Сиыры бұзаулағанда күнде таңертең уыз, қатық, ірімшік әкеліп тұратын. Дүкеннен көйлек те сатып әпереді, ауызын тәттілерден үзбейді. Тамақ пісірсе де бір аяқ артық дайындайтын.
Үйіне барсаң аяқ алып жүре алмайсың. Пештің түбінде бұзау байланып тұрады, соңында шұбырып торайлар жүреді. Біреуін құйрығынан тартып қалсаң қалғандары жамырай шауып келіп саусақтарын сорып маза бермейді. Шетінен ашқарақ, әттең тістері жоқ, әйтпесе саусақтарын шайнап жұтып жіберуге бар. Әйнектің түбінде көнетоз малақайларға қонақтап қыт-қыттап ұя басқан мекиен тауықтардың маужырағанын көрмейсің.
Шыны банкалардың ішіндегі тұнба сұйықтықтарға көлбақа, кесіртке, жылан, тасбақалардың денесін қатырып салып қойған. Шашылып жатқан үстелінің үстінде бас сүйектер мен адам дене мүшелерінің суреттері салынған толып жатқан журналдар мен газеттер. Арина келсе болды барлығын бір шетке ысырып қояды да барын аузына тосады. Құдды бір Аринаның анасы үйдегі қабағы ашылмай өлген қатын емес, осы мейірімді жанарынан мейірі төгіліп тұратын Софья апай секілді. Алайда Арина берген тәттілерді жей алмайтын, аузын ашса үйдің ішінен бықсып шыққан күлімсі иіс ішіне кіріп кететіндей күй кешетін. Кейде лоқсып шығатыны бар. Софья болса ренжімейді. Ботқасы салынған шыны табағының бір шетінен балапандар шұқып, оларды қасығымен итеріп жіберіп өзі де жей береді. Дастарханға саңғырып жүргенінде шаруасы да жоқ. Арина осы үйге көбіне тәтті дәм үшін емес, қатырылған өлі жәндіктерді көру үшін баратын.
– Осыларды не үшін жинайсыз? – деген бірде естияр қыз.
– Мен Тибет медицинасымен айналысамын. Мумификация1 менің хоббиім. Менің арманым денемді шірімейтіндей етіп тәрбиелеу, баптау. Қазірден бастап өлімге дайындалудамын, ағаштың қабығы мен шөптердің тамырын ғана жеймін, улы сусындар жасап ішемін, денемдегі майлардан арылумен айналысамын, өзімді әзірлеудемін, – деген көрші апаның сөзіне сенбек түгілі, түк те түсінбеген.
Осы тақырып қозғалғанда Софьяның жақ сүйегінің сіңірі жазылып, төгіле түскен. Тереңдегені сонша Тибеттің сокусимбуцу2 іліміне түсіп кеткенін аңғарып барып тоқтаған. Оған құлақ асқан Арина жоқ. Немқұрайлылығын байқап «Менің хоббиімді түсінетін ешкім жоқ» деп ренжігендей күйге түскен Софья.
Әр нәрсе есіне түскен Арина боранмен алысып әкесін көруге, көрші апайды құшақтауға асықты. Иығындағы рюкзакты түзеді де соңғы жылдары еркек қолы тимеген шарбақтары қисайып, қабырғасы сырланбай сылағы түсе бастаған үйіне қарай жел ырық бермесе де өтіне төбесін тосып үдете басып келеді. Құрқылтайдың ұясындай ғана қараша үйдің қуықтай бөлмелерінде қандай тірлік бары оған белгісіз.
Өңменнен өтер өкпек желдің өші бардай, қарсы беттен құйғыта соққанда кірпігін кері қайырады. Маймаңдай басқан мама биедей маңдайын желге тіреп теңселсе де қасарысып баққан Арина шегінер емес. Джинсының тізесіндегі жыртықтан сумаңдай кірген суық ауа қара санын қарып, етжеңді денесін қалтыратып, сүйегінің боркемік майын қатырып жіберердей. Арқасын тосып жылжыды. Мақпал ішігінен пайда жоқ, бақытына қарай томпиып шығып келе жатқан ішін марқұм анасынан мирас боп қалған ангор шәлімен орап алғаны қандай жақсы болған.
Ауыл ішінде қарсы жолыққан адам болсайшы, сығырайып жанған терезелер ғана тіршілік жібі үзілмегенінен сыр беретін сынды. Боранды күні бала мен ит құтырушы еді, шәуілдеп шыққан бір ит жоқ. Баланы айтпай-ақ қой, бұл күні балалар да үйкүшік боп кеткен.
Мектепті бітіріп, Алтынқайың ауылынан кеткелі екі жылдай ғана уақыт болған Арина бұл жердің ұңғыл-шұңғылының бәрін жақсы біледі. Қалың боранда өз үйін оңай тауып келді де, есікті итергені сол еді бетіне бу бұрқ ете қалды. Әрі аттап еді, бөтен бір әйел тоңқаңдап пешке көмір салып жатыр екен. Сықырлап ашылған есіктің үзбесінің шиқылдағанын естіген ол жалт бұрылды.
– Доча, сенсің бе? – деген Софья апай қолындағы қалақ пен күл сыпыруға қолайлы қаздың қанатын тастай салды да жүгіре жетіп барып, қапсыра құшақтады. Қарулы қолдардан босай алмай өзі тұншыққаны былай тұрсын, іштегі балам бастырылып қалар деп үрейленген Арина кеудесінен итере шегінбекке тырысты. Софья біліне бастаған ішін бірден аңғарған.
– Өй, өй, доча, ты что? Замуж вышла что ли? Мен неге естімегенмін, – деген Софья тәңірден тілек тілегендей қос қолын алдына созып жазды да төбеге қарады. Көзі шарасынан секіріп кетердей, шайқалақтап құлап қала жаздады.
– Долгая история, потом расскажу. Сіз ана рюкзактан Мурканы шығара қойыңызшы, – деп әңгімеден қашқалақтаған Арина әкесі жатқан бөлмеге аяңдап кетті.
Бұл ауылдың жасы да кәрісі де, орысы да қазағы да орысша-қазақша араластырып сөйлеуді әдетке айналдырып алған.
***
Сұрланып сұрқы қашқан аядай бөлменің терезе тұсына қойылған ағаш кереуетте бір уыс болып Кабирхан шал жатыр. Қимылсыз. Тірі екендігінен қырылдап алған тынысы мен бір нүктеге тоқтай алмай жүгірген көз жанары ғана белгі береді. Үш мәрте инсульт алып, соңғысынан кейін денесі сал боп қимылсыз қатып қалған. Құлағы естігенмен, тіл жоқ. Бақытына қарай ауызын ашып, жаба алады. Таңның атысынан қарсы есіктің маңдайшасына ілінген сары сағаттың секунд санаған тілшігіне қарайды да жатады. Секундтарды минуттарға көбейтеді, минуттарды сағатқа ұластыратындай. Сөйтіп жатып күн батқанда ара-тұра кемсеңдеп жылайды. Осылайша бір күні тағы да босқа өткеніне қамығатын, қайғырып налитын тәрізді. Қайта көрші Софья апайға рахмет, сақал-мұртын қырып, астын тазалап жуып-шайып, тамағын беріп тұрады екен. Үй де жылы. Әкесінің инсульт алғанын да сол хабарлаған. Арина бармауға, шертиген ішін күйеу баласынсыз көрсетуге қысылғанымен әкеге деген махаббаты қоймады. Оның үстіне қалада қалса... Көмілмей қала ма...
Кереуеттің қасындағы орындыққа жайғасқан ол әкесінің қолын алды да әр саусағын салалап сипады. Бәрін көзбен көрсетеді, ыммен ұқтырады екен. Мына түрің не дегендей көк көзін тырсиған ішіне қадады.
– Бұл сенің болашақ немерең әке, – деді Арина ішін сипап.
– Әкесі қайда? – дегендей болды Кабирхан көзін қызына аударып.
– Әкесі қалада қалды. Мединститутта декан. Оның әйелі бар, бірақ араларында бала жоқ екен. Біздің институттың жертөлесінде зертхана бар. Сол жерде адамның «мәйітіне» декен ағай операция жасауды үйретіп жүргенде арамызда махаббат тұтанды. Бойыма бала біткенін білгенде ол қатты қуанды. Әйелінен ажыраспаққа бекінді. Мен бірақ қарсы болдым, әке!
Бөлмеде үнсіздік орнаған. Шәй қайнатымдай уақыт үнсіздік. Әкесінің қолын бетіне басқан Арина боздап, өксіп жылады. Моншақтап аққан жас жүзін айғыздап жіберген. Бетіне басып отырған әкесінің бас бармағы жасын сүрткендей білінді. Қуанып кеткен Арина бармағын сүйе бастаған.
– Жан бар, апай жан кірді, – деп ауыз бөлмеге бұрылып айғайлап жібергенін аңғармай қалды.
Мұның барлығын Софья да есік пен босағаның жалғасқан жеріндегі тесіктен бақылап қарап тұрған. Кабирханның саусағы қимылдағанын ол да көріп қалған. Жүгіре басып жетіп келді.
– Кабирхан ты молодец, ты мужик, Кабирхан, – деген жанұшыра шыққан дауысы бөлмені кернеп кетті. Арқасына ақмарту мініп алғандай күйде. Бұл кезде төсектегі шал басын терезе жаққа бұрып алып, жанарынан жылжып аққан жасы құлағының сырғалығынан жастығына сырғанап түсіп жатқан еді.
Кабирханның қолын түзеп кеудесіне қойып, көрпемен қымтап жапқан Софья Аринаның жүдеу жүзіне қарады. Қыздың ішінде махаббат мұңы емес, қайғының табы бар екенін байқады әйел жүрегі.
Екеуі шай ішпекке ауыз үйге ойысты.
***
– Рюкзактан Мурканы шығармағансыз ба? – деді Арина үстелге жақындағанда. Сосын рюкзакты қолына алды да мысығын алып шығып, үстелдің үстіне қойды. Өлі мысық, қатырылған қуыршақ мысық. Бастапқыда ойыншық па деп ойлап қалған Софьяның көзі атыздай жанды. Ауылда жатып алып өмір бойы адам денесін қалай бұзбай сақтауға болады деп жасаған сәтсіз тәжірибелері көз алдына орала берді. Теңбіл торайды қатырмақ болып еді, екі күннен кейін тұзды судың ішінде сасып кетті. Көк әтешін қатырмақ болғанда бишараның аяқтары бүрісіп жазылмай қойды. Ал мына мысық құдды бір тірі секілді. Арина қалтасынан екі моншақты алып шықты.
– Мынау Мурканың көздері, – деп маңдайына апарып қадады. Қуыршақ мысық тіріліп кеткендей. Софьяда ес қалмады.
– Қыз, қызы-ы-ы-ым, мынау керемет қой. Музейдегідей қалай сақтадың? Қалай? – деп таңырқаған ол мысықты олай-бұлай айналып үңілді.
– Разве так можно? Можно сделать да, болады екен ә, вот куда медицина дошла, – деп тәнті болған ол ішкі жоспары жүзеге асатындай қуанды.
– Как ты это сделала? – деді сосын.
– У меня есть, декан, отец моего ребенка. Ну содан сұрап алдым.
– Не сұрап алдың?
– Дәрі, сосын бальзам.
– Ол не? – деген Софья қандай «дәрі» екенін білмекке құмартып ішіп-жеп барады.
– Ну, өлген адам бұзылмас үшін бальзамдайды ғой.
– Иә.
– Сондай дәрі.
– Ол не үшін?
– Мына Мурканы қатыру үшін.
– Түк түсінсем бұйырмасын, бәрін басынан бастап айтшы.
– Хорошо қазір.
Софья ыстық шайды Аринаның алдына ысырды. Тостағанға таңқурайдың тосабын құйып жылжытты. Кішкентай кесеге бөтелкеден бал ағызды да қақпағын жабар алдында саусағымен сүртіп жалап қойды. Апыл-ғұпыл әбігерленіп жүріп құймақ та құйып үлгерген екен.
– Давай рассказывай кызымка, – деді тағаты таусылып.
– Мен оқуға түскен институттың деканы екеуіміздің арамызда махаббат болды.
– Неге болды?
– Қайдағы жоқ сұрақтарды қоя береді екенсіз. Сосын айтамын.
– Иә, ну кешір.
– Ну, екеуіміз зертханада кездесіп жүретінбіз. Бір күні қайдан келгені белгісіз мияулаған мысықтың дауысы шықты. Деканым шошып кетті, мен аң-таңмын. Бір уақытта шыға келгенде сүп-сүйкімді түрін көріп қатты қуандым. Қолыма көтеріп алып иіскеп едім, мұрнымды жалап алды. Оны көрген деканым қатты ашуланды. Мумия қылып сақтап қойған адам «мәйіті» бар, мына мысық оны мыжғылап тастаса, қаншама сабақтар өтпей қалады ғой. Сабақ былай тұрсын, жұмыстан қуылады. Қылмыстық іс қозғалады тіпті. «Мәйіттерді қорлауға жол бермеймін» деп қолхат бергені есінде. Қазір қатырып тастаймын деген декан шприцпен бір сұйықтық алып келген. Қатыратын дәрі екен, салдырмай қойдым. Үйге алып кеттім. Мурка жақсы өсіп келе жатқан. Тықырлаған дыбыс естісе болды тұра шабады. Өзі сондай сүп-сүйкімді. Мен оған, ол маған бауыр басып алды. Бірімізсіз біріміз өмір сүре алмайтын секілдіміз. Күнде сабақтан келгенде мені мияулап тосып алады, ұйықтасам аяғымды жылытып жатады. Күндер өте берді, Мурка көзі кіртиіп жүдей бастады. Ветврачқа апарып көрсетіп едім, ол анализдер алды. Үш күннен кейін Мурканың қатерлі ісікке душар болғанын айтты, қинамай өлтіре салу керек деді. Қалай өлтіруге қиясың?
– Тірі жан ғой, хайуан болса да, – деп қосып қойды Софья.
– Представляешь, ай сайын химиятерапиясына 300 мың теңге төлеп жүрдім.
– Көмектесті ме?
– Жоқ. Адам түгілі жануарлардың да рагы емделмейді екен. Өліп қалды. Гриша музейлерге жан-жануарлардың қатырып баламасын жасаумен де айналысатын.
– Гришаң кім?
– Декан ағай ғой. Соған Мурканың қуыршағын жасатып алдым. Софья апай?
– Әу.
– Құлағыңызды тосыңызшы.
– Айта ғой.
– Менде «бальзам» бар, сұрап алдым, – деді Арина құлағына сыбырлап.
– Не дейді? Қызым это же прекрасно, божественно. Менің арманым орындалатын болады, – деп Софья қалай шапалақтап жіберіп, қос алақанын маңдайына апарғанын аңғармай қалды да бойын тез жинап алды.
– Қандай арман? Сокусимбуцу... Тибетская... Ну, не важно, – деп құпиясы жария болғандай қипапақтап қалды. Сөздің ауанын ауыстыруға тырысты.
– Хорошо, ал жүзің неге сынық? Деканың аяғың ауыр болып қалған соң ат-тонын ала қашты ма?
– Жоқ деймін. Ол бес жылға Германияға стажировкаға кетті.
– Енді не?
– Ол да балаңды алдырып таста деді?
– Оңбаған.
– Бір жағынан ол да дұрыс.
– Іштегі тіршілік иесін қалай қолың барып өмірін қиюға болады? Дұрыс дейді ғой. Менде... Алдырмай қойғанмын...
– Ол да дұрыс шығар, – деп қайталады Арина сөзін Софьяның соңғы міңгірлеп айтқанын ұқпағанынан сыр алдырмай.
– Дұрыс шығар, дұрыс шығар. Несі дұрыс?
– Мен ракпын, Софья апай!
– Не-е-е? Не дедің?
Софьяның төбесінен ыстық қорғасын құйып жібергендей болды. Жан дүниесі құлазып, іші шыж-быж ете қалды.
– Иә, мен де қатерлі ісікке шалдықтым. Жүктілік мерзімім 25 апта, үш ай бұрын ғана ракпен ауыратынымды білдім. Дәрігерлер де сау бала таппайсың, алдырып таста деді. Гриша да олардың сөзін қуаттады. Бірақ мен алдырмаймын, туамын деп шештім, – деп Арина қыстығып жылағанмен бойын тез жинап алды.
– «Төртінші стадия». Жаман ауруға шалдыққандарға да жәрдемақы береді екен ғой. Тіркеліп алдым, келесі айдан бастап карточкама ақша түсіп тұрады. Ал жүктілігімді тіркеген жоқпын, Сіз, Гриша, сосын әкем ғана біледі.
Аринаның сөзі есеңгіреткені сонша Софья апай тіл қата алмай қалды. Өмір бойы ішін тырналап ұңғыған, миын мүжіген ойын, өмір шындығын жасырмай жайып салғысы келді. Алайда өзі кетпес кеселге, жұтпай қоймайтын тажалдың тұзағына ілінген бейшара қызды одан сайын қажытып алармын деп ойлады. «Бір ретін табармын, өмір бойы шөптерді зерттеп жасаған дәрілерді қолданармын» деп түйді.
– Сен өлмейсің доча.
– Қалай өлмеймін? Осы ауруымды білгелі үш ай болды ғой. Дәрігерге қаралуға барғанда он жеті адам болғанбыз. Он бесімізден ауру анықталды. Бәріміз оңаша ватцап-топ құрдық, ем-дом туралы сөйлесіп жүрдік. Міне, айналдырған үш айдың ішінде соның он төрті өлді. Жақ етіне балықтың қылтанағы кіріп кетіп, ракқа айналған жап-жас жігіт те кетті. Ватцап-топта мен ғана қалдым. Қалай өлмеймін? Контактілер кітапшасынан адамдардың аттарын өшіру қаншалықты қиын екенін сезесіз бе?
Софья әрі қарай қыстағысы келмеді. «Шынымен рактан айыққан адам жоқ. Сені қара жерге қалай қиямын? Зарыға қауышқанымда, қолым енді жетіп бауыр басқанда жастық базарымды құрдымға қиған сенен қалай айырыламын? Жоқ, сені жерге көмдірмеймін. Бальзам бар, өзің алып келген дәрі бар». Миын қатқан мысық ішіне кіріп кетіп тіріліп тырнап жатқандай болды.
Сол күнгі шай ішке у болып құйылғандай еді.
***
Ай-күні толған Арина аман-есен үйде босанды. Оның дүниеге өзінен аумай қалған қыз туғанын Софья мен Кабирхан ғана білетін. Сарылығы Софьяға, көз-кірпігінің қаралығы Кабирханға келетіндей. Аринаның ауруын асқындырмас үшін улы шөптердің тамырларынан түрлі тұнбалар жасап берді, көмектеспеді. Шошқаның іш майын шыжғырып, «каролинге»3 араластырып ішкізді, жаман ауру көнбеді. Тамыр-таныстарына қасқырдың өтіне тапсырыс берді. Таппады. Түйенің тезегінің сөлінен ашытылған «дәрі» алдырып бермек болып еді, Арина ішпей қойды.
– Сідік ішкенше, сілейіп өлейін, – деп сіресіп алды.
Күн өткен сайын қабырғалары ырсиып, тістері түсіп, бет-жүзі ақ мақтадай болып қуарып жата берді. Софья сиырдың сүтін жылытып, бөтелкеге құяды да қолтығына қысып қояды. Сәби қыз соны еміп ширай бастады. Ыңырсып әрең сөйлейтін Арина қиналған үстіне қинала берді. Қызын қимаса да, әкесінің қасынан кеткісі келмесе де, сағаты таянғанда ана дүниеге қоныс аударатынын жақсы білді. Соған бекінді, соңғы кезде күбірлеп дұға оқитынды шығарды. Іштен кеміріп жатқан ауру тұншықтырып барады.
Бір күні булығып жөтелді де, өңешіне тығылған дүниені қақала түкіріп қалғанда ақ төсектің үсті қып-қызыл қанға боялды. Түйір-түйір ұйыған қан түкіріпті. Жаман ауру тірідей жеген асқазанының еті сияқты. Жалғыз ғана жол бар. Ол – өлім. Аринаның қиналғанын көрген Софья одан бетер қиналды.
Қызының көнтерлігі Кабирханның да көкірегін өрттей кеулеп булықты. Айтарға, айғайларға тіл жоқ. «Қиналғанын көрсетпей, мехнатын маған қи» деп тәңірге табынды. Кімге жалынарын білмеді. Қай «құдай» қабыл алса, соған мойынсұнуға әзір. Ойдан қажыған екеуі ақыры «Арина тезірек өлсе екен» деп тіледі. Амалсыздан. Іштей қаншама рет қидық деп қайталады. Қаннен қаперсіз жатқан тек сәби қыз, есімі қойылмаған қыз ғана. Енді ширай бастаған. Ол әлі түк түсінбейді.
– Тетя Софья, – деп сыбырлады бірде Арина.
– Өне қызым.
– Мені өлтір, – деді Арина жанында жатқан қызынан көзін тайдырып көрші бөлмеде жатқан әкесіне аударып. Ол жақтан қараған жанар «қой, олай жасама» деп бұйыратындай.
– Не дейді? – деп шошып кетті Софья.
– Қызым да, әкем де сізге аманат!
Біраз жатып әл жинап алған Арина тағы да Софьяға тік қарады.
– Денемді көмдірме, мумия жасап қой. Әкесі көп күттірмей келер. Қызын алып кетер. Соған дейін сақта. Мүгедектік үшін берілетін ақшаны әкеме, қызыма жарат, өзіңе жарат. Үйді сақта. Ал өлтір енді тез! – деп бұйырды сосын. Софьяның арманы орындалатын, хоббиі жүзеге асатын шақ жақындаған секілді.
Көзінен жасы парлап, қол-аяғы қалшылдаған Софья қолына құс жастықты алды. Бұлай қиналғанын көргенше жанын жаһаннамға жөнелткен жақсы. Бишараның бәрібір баратын жері сол бақи-әлем. Өзі теріс бұрылды да, Аринаны тұншықтыра бастады. Екі ауыз сөз айтса ентігіп қалатын Аринаның қимылдауға да қауқары болмады, серейіп созылды да кете барды. Бәрін көріп жатқан аты да, тілі де жоқ нәресте болса бұрылып қарап күліп қойды. Бұл оқиғадан ауыл ақрибасы мақұрым болатын. Жатып үретін екі аяқты иттер де тыныш.
Денесі сал болып қатып қалған Кабирхан тілден айырылса да құлақтан айырылмаған, қытыр-тықырдың бәрін естиді. Тіпті қызының тырнағын алған кездегі дыбыстарды да еститін. Құлағында Аринаның өлтір деген сөзі қалған, көзінде Софьяның тұншықтарып жатқан әрекеті...
Аринаны тұншықтырған жастықты басына көтерген Софья айғайлап жібере жаздады да бойын тез жинап алды. Жастықпен бетін басып күрсіне егілді. Ұзақ жылады.
– Қартайғанда қызым қасымда болуы керек. Енді қолым жеткенде неге оны жерге көмуім керек? Тағдырдан тепкі көрген сорлы басым. Аринаға неге қызым екендігін, менің құрсағымнан шыққан өз перзентім екенін айтпадым, ә?!
Кабирхан мас боп келіп көршілес үйлердің есіктерін шатастырып... Оған ғашық болғандығым сондай, қарсыласпай бәріне көнгенімді неге айтпадым? Бәріне көндім, соңы немен тынарын біле тұра көндім ғой.
Софья жүгіре басып басы терезеге қарап қисайып жатқан Кабирханға жақындады. Қыстығып жылайды. Көзінің алды тұман, оған тіл біткендей.
– Екеуміздің арамызда жақындық болғаны рас. Сені сүйгенім рас, сенің әйелімнен ажырасамын дегеніңе имандай сенгенім рас, саған құлай берілгенім рас, қызымды да өз қолыммен бергенім рас. Бәрі РАС.
– Біріншіден мен әйелімді тастап кете алмадым, ол науқас еді. Сенен Аринаны алмағанымызда елге өзің қарабет болар едің. Сен қайта оны әйелім туды деп тіркеттіргеніме рахмет айт. Мен сені мазақтан, елдің табасынан құтқардым, – дегендей болды сал адам. Бір-біріне қадалған екеу көзбен сөйлесіп жатқандай.
– Не үшін рахмет айтуым керек? Қызымнан айырғаныңа ма, өмірлік өрнегімнен адасқаныма ма? Сол қызымды енді өз қолыммен өлтірдім ғой. Жоқ өлтірген жоқпын, мен оны өмірдің азабынан құтқардым. Ұқтың ба құтқардым! Осы күйінде менімен бірге болады, өзі де соны қалады, – деп булыққан Софья Кабирханды кеудеден ұрып жібере жаздады.
– Иә, Кабирхан, сені де топыраққа қимаймын. Арина екеуің менімен мәңгі бірге боласыңдар. Бүгіннен бастап бұл үйде ешкім сөйлемейді, үнсіздік.
Сол түні Софья оқып-білгендері бойынша Аринаның ішін басып тазалап, қаладан әкелген дәріні екті, бальзам жағып қатырып тастады да, ақ көрпенің астына жатқызып қойды. Қызының дәл жанында қатарлас жайғастырған мумиясын көрген Кабирхан де екі жыл қимылсыз сұлық жатты. Босағаның маңдайшасындағы сағаттың тоқтайтын түрі жоқ, ал оның өмір уақыты шегіне жетіп тұйықталды. Софья оның да денесіне дәрі егіп, бальзамдап мумияға айналдырды. Одан кейін Аринаның қасынан төсек салып, ақ көрпенің астына жатқызды. Былдырлаған тілсіз нәресте екі мумияның ортасында алаңсыз ойнап өсе берді. Қарны ашқанда Аринаның қолтығына қыстырылған бөтелкеден сүт ішіп отырады. Ешкім үйретпесе де «мама» дейді. Жылдар жылжи берді.
***
Учаскелік полицияның тар бөлмесінде үш адам. Ортада үстел, бір жағындағы орындықта сүмірейіп бір кемпір отыр. «Мен оларды сақтадым, мен үйге ие болып қалдым, мен қызымның аманатын орындадым, мен бақыттымын» деп өзімен өзі қайталап күбірлей береді. Қарсы бетте екі адам отыр. Біреуі учаскелік инспектор, екіншісі Гриша. Айдың аманында ауылдың астан-кестеңін шығарған оқиғаға себепкер осы алты жылдан кейін қызын іздеп келген адам. Полиция өкіліне келіп барлық мән-жайды айтып, Арина Кабирхановна деген қызды іздеп Кабирханның үйіне барған. Алты жыл ғылыммен алданған. Аринаның жантәсілім еткенін сезген. Алайда адам баласы дүниядан жалғасын іздейді екен. Сол сезім Алтынқайың ауылын табанын талдырып аралатып қойған. Перзентімен қауышуға асыққан. Ұл ма, қыз ба, беймәлім. Ол маңызды емес. Көршілерінен осы үйде тұратын Кабирхан ауырып жатқанын, қызы біржола із салмай кеткенін, Софья деген күтуші көрші кемпір аптасына бір рет дүкенге шығып келетінін білген. Кішкентай бала көрмек түгілі, дауысы да естілмегенін айтқан. Аулада тірі пенде жоқ, үй ішінде де ешкім жоқ секілді. Жым-жырт. Құлазып тұрған қараша үй.
Үйдің терезелеріне шымылдық жабылған. Есікті қағып көрді, іштен дыбыс шықпады. Терезелерді тоқылдатты, ләм-мим деген дауыс жоқ. Гриша соңғы терезеге жақындап барып көзін алақанымен күннен көлегейлеп ішке назар салды. Бір бүлдіршін қыз қаракөлеңкеде екі ақ төсектің ортасында қуыршақпен ойнап отыр. Ол жалма-жан инспекторға үндеме дегендей белгі берді де, өзіне қарай шақырды.
Шымылдықтың арғы жағындағы қыз бірінші төсектегі жамылғыны жұлып алып тастады. Оны көрген Гриша аузын жаба қойды. Көз алдына өзі бес жыл бойы зертханалық жұмыстар жүргізген, кеберси бастаған «мәйіт» елестеді.
– Не? – деп сұрады инспектор түк түсінбей. Гриша басын шайқап қойды да, қайта үңілді. Лоқсып жібере жаздады.
– Не? – деп сұрады инспектор қайталап.
– Мумия.
– Мумия, – деп таңғалғаны сондай инспектордың көзі аларып кетті. Басындағы малақайы сусып милығына қарай сырғыған.
– Түш, – деді Гриша. Әйнекке қайта телмірді.
Кішкентай қыз жатқан мумияның үстіне мініп алды да атқа шапқандай мәз болды. Бәрі анық көрініп тұр. Инспектор әрең шыдады, барып есікті сындыруға бекінген.
– Түш-ш, тұра тұрыңыз, видеоға түсіріңіз, – деді Гриша ұстамдылықпен.
Инспектор қалта телефонын алып терезенің шынысына тақады. Мумияның сол жақ қолының бір саусағы жоқ.
– Өй, мынау «шолақ қол Кабирхан ағай» ғой.
Бүлдіршін қыз «атынан» түсті де екінші жамылғыны ашты. Әйел адамның мумиясы. Шашын тақырлап алып тастаған. Арина. Мұрыны шіріп, беті қарайып кеткен. Гриша жағасын ұстады, енді ол есікке қарай ұмтылмақ еді инспектор: «Түш», – деді.
– Бұл айғақ, соңына дейін күтейік.
Бір уақытта еңкейген кемпір кішкентай қызға шоколад ұстатты. Өзі қолындағы ыдыстан қоңыр қоймалжың зат алып тақырбас мумияның аяқ-қолын майлай бастады. Бірақ ол шымылдық шеті түріліп, терезеде сәуле түсер саңылау пайда болғанынан хабарсыз еді. Қыз шоколадты әйел адамның мумиясының кеудесіне қойды да, жағын таңып тастаған ақ дәкені босатты. Сосын жағын төмен түсіріп ашты да «Мә, же» дегендей аузына тосты. Одан кейін шоколадты шығарып өзінің аузына салып тістеп, кемпірге қарап тісін ырситып күліп қойды. Ыдыстағы майға қолын батырып алып Аринаның маңдайын майлап сипалай бастады. Кемпір де мәз. Сырттағы екеу «жақсылап жақ, мамаң да тіріледі, атаң да тіріледі» деген сөзін естімеген.
Терезеден қарап тұрған екеу әрі шыдай алмады, жалма-жан жүгіріп барып есікті бұзып ашты. Үйге қалай кіргендері, мумияларды жақыннан көргендері, кемпір мен қызды қалай алып шығып участокке әкелгендері белгісіз. Қабырғасын сілбі мен қына басқан үңгірдің ішіне кіргендей күй кешкен.
– Сонда бұл сіздің қызыңыз ба? – деді инспектор кемпірге қарап үнсіздіктен кейін.
– Иә қызым. Кішкентай күнінде бауырларына салғанмын. Рактан қайтыс болды. Осы атыңөшкір бәрін жалмап барады ғой, балам, – деді түк болмағандай.
– Балам деме маған, – деп айғайлап жібере жаздады инспектор өзін әрең ұстап.
Софья қалтасынан мандарин алды да қабығын аршыды. Үшке бөлді.
– Мә, жейсіңдер ме?
Инспектор мен Гриша түк түсінер емес. Құсып жіберуге жақын отыр.
– Оның қол-аяғын немен майлап отырдыңыз?
– Е, май араластырылған бал ғой. Бұзылып кетпесін деп, – деді Софья жайбарақат. Қызымның соңғы аманатын орындасамасам мен ана деген атқа лайық емеспін. Әкесін күттім, өзінің өлгенін ешкімге айтпай алты жыл бойы жәрдемақысын алып, немеремді бақтым. Әкесі келетін уақыт болды ғой, әлі жоқ. Қызыма берген аналық антымды өтедім.
– Ал анау ер адам кім? – деп сұрады инспектор ойын бекітіп алмақ мақсатында.
– Кабирхан, – деп қойды Софья шімірікпестен.
– Оны да мүгедектігі үшін берілетін пособиясына бола мумияға айналдырдыңыз ба?
– Жоқ, он мой кумир. Жас кезімізде алыстағанымызбен отбасылық өмір қартайған шағымызда орнады.
– Сонда қалай?
– Сонда қалай, қалай сонда? Қалайларың бітпейді екен. Біздің дініміз көне Тибеттен бастау алады. Адам баласы өсімдік секілді. Өседі, өнеді, сосын сол дүниеде қалады. И все. Немерем де моя цветочка. Өсіп келеді. Ол мамасының жанында жатады, мен отағасының қасында ұйықтаймын. Біз бір семьямыз, понимаете. Бақыттымыз.
– Мынаның есі дұрыс емес, психопат или сектант, құры әрі! – деді Гриша үстелді алақанымен дүңк еткізіп. Орнынан қалай тұрып кеткенін білмей қалды.
– Сабыр, сабыр сақтаңыз. – деп жекіді инспектор. Ол Софьяның бұл сөзінен сектанттардың қатысы барын одан бұрын аңғарған.
– Иә, кешіріңіз, – деген Гриша орындығына барып қайта отырды.
– Мына кісі кім, – деп сұрады Софья.
– Гриша.
– Аринаның деканы сенсің бе? Сен мысықты қалай қатырдың? Маған «рецебін» айтасың ба? – деді білмегенін сұраған студенті құсап.
– Жап аузыңды! – деп ақырды инспектор шыдамы таусылып, күректей алақанын түйіп. Гриша болса тіс жармады, терезе жақтауында тұрған Муркаға қарап қойды.
***
Сол күні Софья болған жайдың бәрін қолмен қойғандей етіп айтып берді. Психикалық ауытқулары бар адамдарды мәжбүрлі емдеу мекемесіне апарар алдында «өкінесіз бе?» деп сұраған инспекторға: «Неменеге өкінемін, түк те өкінбеймін. Отбасылық өмір, менің көксеген арманым орындалды. Айтпақшы ана сиырға обал болды, шөп сала салыңдар», – деді сосын міз бақпай. Бір парақ қағаз сұратып алды. «Менің мәйітімді мединституттың зертханасына беруге, қатерлі ісік ауруының себептерін анықтау мақсатында мумияға айналдыруға аманаттадым» деген жазу түсті. Бұл мәтінді медицина маманы Гриша да оқып, «психбольницаға» кетіп бара жатқан кемпірге іштей «сау адам» деген қорытынды жасады да кабинеттен шығып жүре берді. Оның ендігі мақсаты мумиялардың ортасында өскен «маугли» қызын құтқару.
Терезенің жақтауына қойылған мысықтың мумиясы кабинеттің ішіндегі милары әңкі-тәңкі болғандарға мысқылдап күліп қарап, мияулап қоя беретіндей.
Терезенің сыртынан Арина мен Кабирханның мумиялары салынған табыттарды тиеп жерлеуге апара жатқан ұзын-сонар көліктер керуені көріне бастады.
1Мумификация – қайтыс болған адамның денесінен мумия жасау процесі. 2Сокусимбуцу – будда монахтарының өз еркімен денелерін мумияға айналдыруға беру тәжірибесі.
3Каролин - мал дәрігерлік химиялық дәрмек.
