Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІ
/
Бейсебай Кірісбайұлы эпиграммалары...

Бейсебай Кірісбайұлы эпиграммалары

14.11.2025

3693

Бейсебай Кірісбайұлы эпиграммалары - adebiportal.kz

Белгілі балалар ақыны, сатирик Бейсебай Кірісбайұлының 70 жылдық мерейтойына орай редакциямызға жолданған Елдос Тоқтарбайдың мақаласын оқырман назарына ұсынамыз!

1998 жылы «Жазушы» баспасынан  белгілі балалар ақыны, сатирик Бейсебай Кірісбайұлы «Ықылық» деген эпиграммалар мен шарждар жинағы шыққан (суретші Еркін Нұразханұлы суретін салған). Ақын эпиграммасын жазған, суретші сол туындының мазмұны мен ажарын ашқан келісті шаржд салған-тын. Ғажап кітап еді! Бертінге дейін құмарлана оқитынмын. Кейін ары-бері көшіп-қонып жүргенде ұрлаттым... жоғалттым... Мәселе – жоғалған кітап та емес, сол кітап туралы айтылар сөз де болмақ ...

Қазақ әдебиетінің кең өрісінде сатира мен юмор дәстүрі ежелден ерекше орын алған. Ыбырай Алтынсарин мен Абайдың сыншыл сатирасынан бастау алған бұл арна ХХ ғасырда Ілияс Жансүгірұлы, Бейімбет Майлин, Асқар Тоқмағамбетов, Оспанхан Әубәкіров, Шона Смаханұлы, Жарасқан Әбдірәшев, Көпен Әмірбек сынды т.б. қаламгерлердің шығармашылығында кемелденіп, әдебиеттегі әлеуметтік ой мен эстетикалық талғамның өрнегіне айналды. Осы дәстүрдің кейінгі буындағы жалғастырушыларының бірі – сатирик-ақын Бейсебай Кірісбайұлы. Оның эпиграммалары – замандас қаламгерлердің бейнесін ықшам формада, юмор мен шындықты үйлестіре суреттеген шағын портреттер галереясы.

Эпиграмма – көлемі шағын, бірақ мазмұны терең жанр. Онда бір адамның мінезі, дүниетанымы, тұлғалық қасиеті мен қыры бір-екі шумаққа сыйып кетеді. Бейсебай Кірісбайұлының арнаулары – осындай дәлдік пен шеберліктің көрінісі. Ол әр тұлғаның ішкі болмысын тек әзіл не мысқыл арқылы емес, сөздің астарлы салмағы, әдеби контекст, поэтикалық мінездеу арқылы ашып көрсетеді.

Халық жазушысы Мұзафар Әлімбайға арналған эпиграммада ақынның еңбекқорлығы, балалар әдебиетіне сіңірген еңбегі мен көптомдық шығармашылық қуаты көркем юмормен беріледі. «Он том жазған Мұз-ағаң» деген қайталау – оның қажырлы еңбегін әжуамен емес, сүйіспеншілікпен бейнелеу. «Шөп те өлең, шөңге өлең» деген жол сырттай мысқыл сияқты көрінгенмен, шын мәнінде ақынның өлеңге деген тоқтаусыз құмарлығы мен шабытының тасқынын білдіреді. Мұнда Бейсебайдың ұстанымы – достық әзіл, әдеби ағаға құрмет.

Бердібек Соқпақбаев туралы шумақта оның мәңгілік кейіпкері Қожа арқылы халық жүрегіне жол тапқаны бейнеленеді. «Жаулап алды Қожаңыз, жүректерді мәңгіге» деген жол Бердібектің балалар әдебиетіндегі символдық орнын айқындайды. Эпиграммада жазушының шығармасы мен кейіпкері бір тұлғаға айналып кеткендей.

Қадыр Мырза Әлі бейнесінде Бейсебай замандас ағасының ақындық кең тынысын, ұйымдастырушылық қуатын қысқа ырғақпен жеткізеді. «Мырзалиев Қадыр, қашанда абыр-сабыр» деген жолдар Қадырдың әдебиеттегі қажырлы ісін, шығармашылық қарқынын, үнемі қозғалыстағы қаламгерлік табиғатын нақтылап көрсетеді. Сөз ырғағының шапшаңдығы Қадырдың еңбек қарқынын дәл бейнелейді.

Қастек Баянбайға арналған эпиграммада сатиралық интонация күшейе түседі. «Қалт жібермес қақпада, өлеңде ол сақшы еді» – ақынның редакторлық, талапшыл мінезін сипаттайды. Ал «Нарық келіп, әттеген!» деген соңғы жол дәуірдің өзгерісімен қатар, ұрпақтың күйін де, қаламгердің замана ауысуына байланысты күрсінісін де аңғартады. Эпиграмма поэзия мен заман драмасын тоғыстырған сәтті мысал.

Балалар ақындарына арналған эпиграммалар топтамасында (Ермек Өтетілеу, Құрманбай Толыбай, Мүбәрак Жаманбалин, Сағындық Тұрдәлі, Шәкен Күмісбайұлы т.б.) Бейсебайдың ерекше әдісі байқалады. Ол әр жазушының әдеби типін, поэтикалық мәнерін шағын деталь арқылы ашып, метафоралық портрет жасайды. Мысалы, «Он бір кітап шығарып, он бір рет терледі» – Ермек Өтетілеудің еңбекқорлығын бейнелейтін бір сөйлемдік биография іспетті. Ал Құрманбай Толыбайға қатысты «Қазып кетті тарихты» деген жол – оның тарихи романдық бағыттағы шығармашылығын дәл түйіндейді.

Машқар Гумерге арналған эпиграммада Бейсебайдың гуманистік дүниетанымы айқын сезіледі. Ұлты басқа болғанымен қазақ руханиятына сіңіп кеткен қаламгерге құрметпен қарап: «Ұлты басқа болса да, қазақ тілін жөн көрген» деп жазады. Бұл – әдебиеттегі рухани бірлікті дәріптейтін ой.

Сатираның ұшқырлығы мен мейірімнің жылуы қатар жүрген тұс – Сұлтан Қалиұлы, Ұлықбек Есдәулет, Есенбай Ерботин секілді замандас қаламдастарына арналған шумақтарда айқын. Мысалы, «Өлеңде де нақтылық, өмірде де нақтылық» деп Сұлтан Қалиұлының шығармашылығындағы принципшілдікті сипаттайды. Ұлықбекке арналған жолдар («Мешін жылы Ұлықбек, «Балдырғанға» кіріп кеп») – ақынның әдеби жолының бастау кезеңін әзіл-естелік тұрғыда жаңғыртады.

Бейсебай Кірісбайұлы эпиграммаларындағы негізгі ерекшелік – ирония мен сыйластықтың тепе-теңдігі. Ол ешкімді мазақ етпейді, ешкімді кемітпейді. Әзілдің өзінде мәдениет бар, мысқылдың түбінде мейірім бар. Ақынның басты мақсаты – адамды күлдіріп отырып, оның әдеби бейнесін есте қалдыру.

Оның эпиграммалары – бір жағынан әдеби хроника, екінші жағынан психологиялық мінездеу. Әрбір шумақ – белгілі бір дәуірдің әдеби ортасы, баспа дәстүрі, балалар әдебиетінің тынысы жайлы шағын дерек. Бұл тұрғыдан алғанда, Бейсебай Кірісбайұлының шығармалары тек сатиралық туынды ғана емес, әдеби портрет галереясы, рухани архив қызметін атқарады.

Қаламгердің басты жаңалығы – қазақ эпиграммасын кең әлеуметтік кеңістікке шығаруы. Бұған дейін эпиграмма жеке мінезге ғана арналса, Бейсебай оны тұтас әдеби ортаға, балалар әдебиетінің тұлғаларына, қаламгерлер қауымына арнады. Сол арқылы ол әдеби ортаның өзін көркем бейнеге айналдырды.

Сөзбен бейне жасау шеберлігі Бейсебайдың табиғи таланты мен бай тілдік интуициясын көрсетеді. Әр эпиграммада ұйқас пен ырғақ өзара өріліп, миниатюралық формадағы поэтикалық шежіре жасалған. Бұл – қазақ әдебиетінде сирек кездесетін құбылыс.

Сөз соңында айтарымыз, ақын Бейсебай Кірісбайұлының эпиграммалары – заман әдебиетінің айнасы, әдеби тұлғалардың поэтикалық төлқұжаты. Әрбір жолы күлкіге толы болғанмен, астарында мәдени естелік, рухани құрмет, қазақ сатирасының үзілмес желісі жатыр. Оның шығармалары әдебиеттегі достық әзіл дәстүрін жаңғыртып, сатираның эстетикалық мәдениетін жаңа деңгейге көтерді.

P.S.: Биыл қазақ балалар әдебиетінің классигі, сатираның айтулы өкілі, эпиграмма мен әзілдің шебері болған Бейсебай Кірісбайұлының туғанына 70 жыл. Өкінішке қарай, бұл дата әдеби қауым мен мәдени орталарда еленбей, үнсіз өтіп жатыр. Кезінде қаламымен талай күлкі мен ойдың дәнін еккен сатириктің есімі бүгінде сирек аталады. Алайда оның артында қалған мұрасы – қазақ сатирасының рухани қазынасы. Бірақ уақыт өте келе оның аты тасада қалды. Еңбегі толық зерттелмеді, жинақтары қайта басылған жоқ, ал оның жарқын күлкісі мен өткір сөзі жаңа буын оқырманға жетпей қалды. Бұл – әдебиеттегі ұмытшақтықтың салдары. Ұлт руханияты үшін ондай есімдердің үнсіз кетуі – үлкен олқылық.

Бейсебай Кірісбайұлы өмірден озса да, оның сөзі мәңгілік тірі. Ол оқырманын күлкімен тәрбиелеп, санасына мысқылмен ой салып, бірегей эпиграммасымен төл тарихымызға өшпес із қалдырды. Оның есімі қазақ сатирасы мен балалар әдебиеті классиктері қатарында аталып, шығармалары қайта жарияланып, лайықты бағасын алар сәт әлі алда... Солай болсын! 

Елдос ТОҚТАРБАЙ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan