Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ПРОЗА
/
Би Шумин. Жуынғыш қыз (әңгіме)...

Би Шумин. Жуынғыш қыз (әңгіме)

13.01.2026

6923

Би Шумин. Жуынғыш қыз (әңгіме) - adebiportal.kz

Алдымда отырған бойжеткенге түс тоқтата қарадым. Өңі өте жүдеу, бозарыңқы, еңсесі түскен. Құдды бір аяусыз тапталған қағаз стакан секілді. Байқатпай бойжеткеннің қолына сәп салдым. Оның аядай алақаны мен тырнақтары көбесіне дейін алынған қып-қысқа саусақтары жасына мүлде сәйкеспейді. Бұл қос қол, бір жігітке жәрдемдесіп, жасы өзімен қарайлас қызды қылқындырып өлтірген жауыз қол. Ол жігітке өлім жазасы тағайындалған күні, бойжеткен де тар есік, тас босағадан аттап, темір тордың әрі жағына өзінің жастық көктемін тастап, жуырда ғана босап келіп отырған беті.  Үйлері шағын қыстаққа ірге тепкен ол, бал балалық шағында тұлымы желбіреген сүйкімді бала еді. Шешесі дүкеннен сірке су әкеле қоюға жұмсаған кеште, бір содырдың хайуандықпен зорлауына тап болады. Шешесі қызын ертіп сақшыға барып, дело мәлімдеп, сұмпайы содыр қатал заңның құрығына ілінді. Отбасындағылар бұл істі көңілден өшіріп, ешқандай оқиға болмағандай күн кешіре береміз деп ойлаған-тұғын. Екі елі ауыздарына үш елі қақпақ қоя алмаған қыстақ тұрғындары бұл оқиғаны қырық құбылтып, жел ауыз қатындар сан түрлі өсекке қосты. Есіктен аттап шықты болды сырт көздің сұғына жолыға берген қыз баланың бойы өскен орнына шөжіп, шөге берді. Денесін лас сезініп, тұла бойынан жағымсыз бір иіс шығып тұрғандай болатын. Өйткені әлгі жауыз еркектің өзін таптап жатып: «пәк денеңде сасық генім сайрандады, қайда барсаң да тауып аламын», − дегені санасына қорғасындай орнап қалған еді. Бейбақ қыздың «уақыт жаңбыры бәрін жуып-шайып, бұл иіс біртіндеп жоғалар» деп ойлағаны қате екен. Жасына жас қосылған сайын, бұл иістің барған сайын қоюлап, жемтікке қонған қарғадай қалбаңдап қалмай келе жатқанын сезді. Ол «басқаларда тазыдан да күшті иіс түйсігі бар, бәрі бір сезіп қояды», − деп ойлайтын. Құдайдың құтты күні жасы құрғасайшы! Құрт түскен жапырақша күннен-күнге семіп бара жатқан қызына жаны ашыған әке-шешесі ақылдаса келіп, бір түнде бұл қыстақтан қараларын батырды.

Жаңа қоныс. Тың тірлік. Ол үшін, өткенін ұмыттыратын бейтаныс орта. Қуанарлығы, тұрмыстары үпі-тәпі болса да, рухани жүктен арыла бастаған ол мысық табандап серпіліп, мұрыны да бұрынғыдай иісшіл болу әдетін қоя бастаған. Сынай қарайтын көз, сыпсың сөз жоғалған. Өзгермеген бір әдеті ғана бар: мейлі күн қанша суық болса да, күніне суға құйынып, уақыт шықты болды беті-қолын жуа беру. 

Орта мектепті бітіріп, коллежге оқуға түсті. Қырық темірдің қылауы жиналған оқу орнында ол маңындағылармен тіл табысып, оқуын беріле оқып жүрді. Қалтасында бір уақ тамақ жейтін ақшасы қалса да, түлкі құрсақ жүруге шыдап, иісті сабын сатып алып, денесін самаладай самсыған сабын көпіршіктеріне табыстауды қоймаған. Өңі бал-бұл жанып, жастық лебі мұндалап, аршын төс, албырт қыздардың қатарында күндерін көңілді өткізіп жатты. 

− Сені ұнатамын. Өн бойыңдағы иіс ғажап, − деді бір кластасы. Бұл жөпелдемеде сасып қалса да, жігіттің көзінен сыр ұшқынын көріп, махаббат атты осы тылсым күштің өз кеңістігіне қарай беталғанын сезді. Қуанды. Алаңдады. Өзінің басқаларға қалыңдық болуға жарайтын-жарамайтынына жіп таға алмай, өткен өмірін оған айтудың қажеті бар-жоғына ойы жетпей дал болды.

 Ойланып-толғана келе, өзіне қарай атылған махаббат «жебесін» бұлт етіп өткізіп жіберуге жүрегі құрғырдың ерік бермейтінін сезді. Жігіттің жанашыр, адал, момақан екіні анық. Өзін өліп-талып сүйген жігіттің құшағына құлады. Есесіне, бұрынғыдан да көп жуынатын. 

Жігіттің ақбоз арғымағына мінгесіп, махаббат сапарын сәтті жалғастырып бара жатқан. Әй, бір кем дүние-ай! Күз кезі. Спорт алаңында келе жатып, атын шақырған дауысты құлағы шалды. Міне қырсық, жаңадан оқуға келген бұрынғы ауылдасы екен. Бұл қанша монтансыса да, өзін жазбай танып тұр. Жүрегі зу ете түсті. «Албастының танып қойғанын қарашы», − деп ойлады, ол, − «бітті енді». Жығылып кетпес үшін, өзін дәтке қуат тежеп тұр. Мұрнына әлгі иіс келгендей болды. Көп ұзамай, балалық шағындағы сол оқиға коллеж ішіне жайылды. 

− Рас солай болған ба еді? – деп сұрады жігіті. 

− Гүлім ерте тапталып, арым мезгілсіз тоналған, кешір, − деді бұл көз жасын көлдетіп отырып. 

− Оқасы жоқ, мен сені бәз-баяғымдай сүйемін! 

Жер-әлем жайнап сала берді. Өзін құлай сүйетін, бар мейірін арнайтын бөгде біреудің барына шүкірлік етті. Өзін өсекке қосқан әлгі жел ауыз қыздың сазайын беріп қоюға келісіп, өзен бойына шақырды:

− Неге мені өсекке таңасың?

− Өсек айтпадым. Айтқандарым шыңғырған шындық қой, − деп қарсыласты ауылдасы, − өтірік деп айтып көрші қане!

Мұрнына әлгі содырдың иісі және келді. Қыз ойлады: «ол сұмырай мына албастының бейнесіне еніп, айтқанындай-ақ мені іздеп тауып, әрең қол жеткізген бақытымды тартып алмаққа қам жасап тұрғаны белгілі». Бұл атылып барып қыздың шашынан ала түсіп, жігітін шақырды: 

−Тез бол, көзін жою керек! 

Қарулы жігіттің қолы қыздың кеңірдегін аю қақпанша қысып бара жатты...

Көп күш кеткен жоқ. Қыздың шыбын жаны қоңырау гүлше сабағынан үзіліп түсті. 

Бойжеткен маған осыларды айтқанда, оның өңінен иненің жасуындай да өзгеріс таба алмадым. Дауысы орнықты, бейнесі сабырлы. Ми қуысына мәңгілік орнап, сансыз рет қойылған трагедиялы бір фильмді қайта көріп отырғандай. Жанның аса тәтті, өмірдің қамшы сабындай ғана екенін, өзінің басқаларға бақытсыздық әкелгенін мүлде сезбейтіндей. 

Махаббатқа мас болып, албырттыққа беріліп, есірік ашуға тізгін ұстатқан екеуін үрей билеп алды. Бірнеше минуттың алдында ғана Алатау ашаларынан келмеген қатігездер, жел үрлеген жапырақтай қалтыраған бишара күйге енген. 

− Қайтеміз, жаным? – деді өкініш өзегін өртеп, дір-дір еткен қалыңдық.

− Қашайық. Түрікпеннің түбіне дейін зытайық. Пана табылмаса бірге өлеміз!

Олар мүрдені өзен бойында қалдырды. «Талып жатыр, біз кеткен соң есін жияды», − деп ойлаған. Аз ақшамен пойезға мініп, бетпақ даланы ендей өтіп жатқан темір жолдың үстінде безіп бара жатты. Ақшалары да тақа таусылуға таяған. Иүннан өлкесіндегі «Махаббат құзары» аталған тауға шығып, қол ұстаса секіруге келісті. 

Кешкі ас үшін шағын дәмханаға кірді. 

−Акценттерің теледидардағы диктордың дауысына жақын екен. Бейжіңнен келдіңдер ме?

−Иә, атай, Бейжіңнен келдік. Бәрібір өлеміз, жасырып не қыламыз деп, шындықтарын айтты.

−Бейжіңді бір көруді өмір бойы армандап келдім. Қазір төрімнен көрім жуық. Бейжіңге барудан үміт үздім. Мәлкілдеп отырған мен үшін екеуіңді көру де бақыт. Ақсақал екеуіне мол кешкі ас әзірлеп беріп, ақша алуға мүлде келіспеді. Олар атаукерелерін тоя жеп болып, аз-кем ақылдасты: 

−Бұл тауға барып өлсек, мүрдеміз табылғаннан кейін, біз екенімізді білген мына ақкөңіл қария қатты үмітсізденер, − деді түбірлі ойға табан тіреген жігіт, жолыққанына мәз болып, асын беріп, қасын керген екі Бейжіңдіктің қудалауға түскен қанықол екенін білсе, байғұс шал қайтер? Бұлай істегеніміз Бейжіңнің бетіне салық болғанымен, қарияға ауыр соққы.

−Өзекті жанға бір өлім, онда ауылға қайтып барып өлейік.

Ауылға оралған күні, заң тұзағы мойындарына сақ ете түсті.

Әңгімесін баяндап, соңына шыққан қыз, көзіме қарады: 

− Денемнен бөгде бір иіс шығып тұрма? 

− Денеңнен гардения гүлінің хош иісі аңқып тұр. 

− Өзгеше сабын, − деп күлді ол, − иісі ұзаққа бармайды. Сұрап отырғаным, денемнен әлгі бір иіс шығама? Сөзімді түсінген шығарсыз?

−Жо, жоқ. Гүлдің хош иісінен басқа ешқандай иіс сезіп отырғам жоқ. 

Ол маған күмәнді жанарын сәл қадап отырып, тіл қатты: 

− Одан осылайша айырылдым. Бәрі менің себебімнен. Бақи дүниеге барсам да, құжынаған қалың адамның арасынан оны жолықтыра алмаспын. Сиыршы жігіт пен Тоқымашы қыз да бір-бірлерінен айырылып қалған ғашықтар, алайда олар сауысқан көпірінде жолығады. Қандай керемет, әдемі көпір деші! Ал, ол екеуіміз жолықсақ та, ажал көпірінде жолығамыз. Ол көпірдің күмбезшелері қураған сүйектен құралған, астында су емес, қан ағып жатады....

Оған қайта қарағанымда, жанымды белгісіз бір қасірет мүжіп ала жөнелді. Кәмелетке толмаған шағында физологиялық және психологиялық жарақат алып, қоғамның салқын назарында қорланудан арыла алмай өмір сүріп жатқан қыз. Сәби жаны жараланып, қарғыс тигендей-ақ, елірген бұзақының есірік сөзі оның тұтас ой жүйесі мен іс-әрекетін меңгеріп, психологиялық жақтан қалыпсыз есейген. Бойжетіп, қалыпты адамдарша өмір сүру мүмкіндігіне ие болып, сүйген жарын тапқан кезде, жанын жаулап алған соқыр тұман себебінен, өмірі ойрандалып, жігіті тозаққа кірді.

Сырт көз сыншы. Біз мәселенің түйіншегін анық көрсек те, қараңғылық ішінде жанталасып, ұшарын жел, қонарын сай біліп жүрген ол бұл түйіншекті шешуге шарасыз. «Тән жарасы жазылады, жан жарасы жазылмас». Жан жарасын өзі емдеп жазудың мүмкіндігі аз. Ол, уақыттың еншісіндегі мәселе. Жан жарасының кейбірін уақыт бүркеп, жайшылықта байқалмағанымен, тереңде тыртық қалады. Егер мәлім себептер әсер етсе, тырнақтай тыртық бармақтай жараға айналып, қайта жарылып, жанды жегідей жейтіні даусыз. 

Бәріміздің жүрегіміздегі сыр сандықта том-том жазбалар жатыр. Аса құпия тыртықтар жөніндегі кей жазбалардың сарғайған беттеріне қаншама қанды көз жасымыздың тамғаны тек өзімізге ғана аян. Олардың із-түзсіз жоғалуын тілеуіміз, іске аспас қиял ғана.

Жан жараның іріңін шығарып, еркін емдеуге батылдық пен табандылық қажет. 

Көп адамдар жан жүйесіне толған қоқыр-қоқсықты уақытылы батыл тазалаудан гөрі, өзін-өзі алдамалап өмір сүруге құштар. Бірақ, сол жасырын жатқан жанартау, күтпеген сәтте атылып шығып, бағдарымызды басқаға бұрып, тағдырымызды талқыға салса, сол қиын! 

Біз жан саулығымызға көңіл бөлуіміз, оны қорғауымыз, емдеуіміз және күшейтуіміз керек. Әсте жасырып-жауып, жаншып-жаныштамауымыз, алдап-суламауымыз тиіс. Ауыруға қайсар позиция ұстағанда ғана, құйттай жүрегіміз батыл әрі байсалды соғары анық. 

 

Би Шумин, ҚХР Жазушылар одағының мүшесі, Бейжің Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, «Чжуаң Жұңуын» әдеби сыйлығы және «Азаттық армия» әдеби сыйлығы сынды көптеген марапаттардың иегері. 

Қытай тілінен тәржімалаған Қаусылхан Қасымханұлы

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan