Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІ
Бодаухан Тоқанұлы. Балғындарға базарлық...

29.12.2023 1826

Бодаухан Тоқанұлы. Балғындарға базарлық 0+

Бодаухан Тоқанұлы. Балғындарға базарлық - adebiportal.kz

Қандай сусын?

Айран

Айранның болады,

сұйығы, қатығы,

Сусынның төресі,

Астың да асылы,

Күніге нәр берер,

Бір қасығы.

 

Қымыран

Сүт қосып ашытқан, 

Сұп-сұйық айран – қымыран, 

Шөлдесем басылып сарығым,

Шаршасам күш алам, тынығым.

Салқындап сарайым,

Ішуге қызығам.

 

Саумал

Ашымаған бие сүті тәп-тәтті,

Бие оны емшегінде баптапты,

Пісірмей-ақ, ашытпай-ақ іше бер,

Әр нәрсенің қалпы жақсы бастапқы.

 

Қымыз

Бие сүтін

 ашытасың сабада не күбіде,

Ем болады сырқаттың жүз түріне,

Сары қымыз сусындардың сарасы,

Шөлің қанбас, 

Ішсең дағы неше қайта күніне.

 

Іркіт

Сабадағы айран, сүтті піседі,

Сап-сары боп бетіне май түседі, 

Майсыз айран аталады «іркіт» деп,

Құрт сүзеді, сусынға да ішеді.

 

Шұбат

Түйеге 

керек емес, 

Балаусалы шұрат, 

Керек емес, 

Өзен, тіпті бұлақ,

Мекені шөл дала, 

 корегі – жантақ, 

Ал сүті – бал шұбат.

 

Шалап

Су қосқан айран – шалап,

Шөлдесең сусын ғажап,

Мал сүтінен жасалатын сусынды,

Тауыспайсың санап.

Бәрін де жасайтын қазақ,

Жасамайды бірақ арақ,

Ақылы ғажап!!!

 

Жан-жануар төлдері

Тәрбиеші:

- Мынау – 

Аюдың баласы қонжық,

Жақсы көресіңдер өздерің,

Білесіңдер ме, 

Басқа жан- жануар төлдерін?

Қане, 

жаттап алыңдар аттарын

Бірінші баладан бастадым:

1-бала:

– Селтиген екі құлағы,

Сидиған ұзын тұралы,

Оның аты – құралай,

Еліктің жас лағы.

2-бала:

– Алан – барыстың баласы,

Таутан – оның анасы,

Өзіне ғана жарасқан,

Түсінің теңбіл аласы.

3-бала:

– Бөлтірік – күшігі қасқырдың, 

Келмейді оған да қас қылғың,

– Көгілдір – ақ қанат балапан,

Баласы киелі аққаудың.

4-бала:

Маралдың баласы – қодыға,

Ұқсайды кәдімгі қозыға,

Бұлаққа келеді су іздеп,

Ілесіп сөгенің соңына.

5-бала:

Қозықа – қозысы арқардың,

сүймейді, жазықты, жалтаңды, 

Шыңында өседі 

Алатау, Алтайдың.

 

 Қазақша сөйлейік

Аттан бала «жығылады», 

 құламайды.

Қазақшасын теріс айтсаң,

Аталарға ұнамайды.

 

Атқа бала «отырмайды»,

Ерітейді, мінеді,

Теріс айтсаң,

Аталарың күледі.

 

Киіз үйді «құру» деме,

Тігеді,

Үй тігуді

Әжем жақсы біледі.

 

Киіз үйді «бұзбайды» әсте, 

жығады

Зерек бала бір айтқаннан ұғады.

Өз тіліңде дұрыс сөйлеу

Ана тілдің шырайы.

 

Дұрыс болар мұны дағы білгенің,

«Сал» демейді, түймелейді түймені,

Көзәйнекті «қадамайды», салады,

Дұрыс сөйле болу үшін саналы.

 

Ол кім, бұл не?

«Мама» деме, «ана» де,

«Там» деме сен, «әне» де.

«Папа» деген – орыс сөз,

Қазақша емес, теріс сөз,

«Әке» дейді қазақша. 

Өзге тілде атасаң,

Қаласың сен мазаққа.

 

«Ручка» – хат жазатын қалам ғой,

«Брат» – оның қазақшасы ағаң ғой. 

«Сестра» емес, апайым де , әпке де

Ана тілді білмегенің жаман ғой.

 

«Садик» деме, өзің барар бақшаны, 

«Доска» деме жазу жазар тақтаны,

Тәп-тәтті тіл анаңның ақ сүтіндей,

Алаш тілің – қазақ тілі мақтаның.

 

Итімнің аты...

Кең даламның мол әлі,

Қасқыр, түлкі, қояны,

Оны ұстайтын итімнің,

Атын атам қояды.

 

Атам жақсы біледі,

Ырым, жосын-жораны,

Атына сай сол иттер,

Күзетеді қораны.

 

Тап бергенде қасқырға,

Қалмасын деп астында, 

«Алыпсоқ» деп ат беріп, 

Қоралы қой баққызған.

 

Малшыға серік, қолғанат,

Екінші итім «Дөңгежат»

Алыстан көрсін аңды деп,

Атам менің берген ат.

 

Үшінші итім «Бөрібасар»,

Болған емес аңға осал, 

Құмай тазым бөрінің,

Таңынан тартып жармасар.

 

Төртінші итім – «Қорықпас»

Түлкі қуған, бөрі ұстап,

Мал түлігін қорғайды,

Ағайынның қоныстас.

 

Бесінші итім – «Жолдыаяқ»

Бұғып қалмас қорғалап,

Байлауда тұрса ширығар,

Саят тілеп, жол қарап.

 

Алтыншы итім – «Саққұлақ»

Аты шыққан қасқыр ап,

«Кә, кә» десең қыраттан,

Келеді жетіп шақпылып.

.

Қасқырменен арбасқан,

Қабанға да жармасқан,

Артық ит жоқ ауылда,

Жетінші итім «Таймастан»

 

Түстер

Қызыл түс – қызыл алмасы Алатауымның,

Қызғалдақ гүлдер ләзаты жанымның,

Қызыл түс – ел үшін жаумен айқасқан,

Қызыл қаны батырларымның. 

 

Қара түс – қара шаңырағы бабамның, 

Қара домбырысы сарайын ашқан санамның,

Қара түс – бесік жырынан басталған, 

Құлақтан кетпес қара өлеңі анамның.

 

Көгілдір түс – көк тәңірім – көк аспан,

Көк байрағым көк аспанмен таласқан,

Бабам менің көк сүңгілі Көк түрік,

Жарты әлемге билік құрған, бағы асқан.

 

Қоңыр түсім – әулие түс киелі,

Қазақ деген қобыз үні, қоңыр әуен күй елі,

«Сен аман бол, қоңыр қозым» дейтұғын,

Әжелердің көңілі мен тілегі.

 

Сары түсім – жер жәннатым Сарыарқам, 

Шығысынан сібірлеген самал таң, 

Сары түсім – қандастарымды сағыну,

Арман тілегім – «отаныңа аман оралсаң».

 

Жасыл түсім – жасыл жайлау аңғарым,

Жастық шағым – желкілдеген арманым,

Жасыл желек – жаратылыс, жер жаһан,

Адамзаттың аялаған ардағы.

 

Бәрінен де ең қымбаты – бастысы,

Азаттықтың аппақ таңы – ақ түсім,

Алты алашты айрандайын ұйытқан,

Аналардың ақ пейілі, ақ сүті.

 

Жеті түсім – керілген кемпірқосағым,

Бір-біріңнен кемдігің жоқ, осалың,

Астасып жатсын,

 аспанда-жерде барлық түс,

Келбетің сенің, тілегің сенің, отаным.

 

Үлкен мен көп

Үлкен деген бір нәрсенің аумағы,

(Үлкен өзен көз жеткісіз арналы,)

«Арманым көп» дейді қазақ қашаннан,

Үлкен болмас адамдардың арманы.

 

«Үлкен рахмет» деп айтпайды, ұят бұл, 

Дұрыс сөзге көңіл аудар құлақ түр, 

«Көп рахмет» деп айтады қазақша, 

«Көп рахмет» десең сөзің ұнап тұр.

 

 Кефир мен айран

Жазда бардық жайлауға,

Көрмесеңдер арманда. 

Көмектестік әженің,

Бұзауларын байлауға.

 

Көрдім тірі сиырды,

Сиыр мұнын шүйірді, 

Әжем ұйтқан айраны, 

Дәмі тілді үйірді.

 

Келер тіпті шайнағың,

Ұйытқан қатық айранын,

Болады екен бір елі,

Бетіндегі қаймағы.

 

Інім тойды, кекірді, 

Тойымды екен, өтімді, 

Не екенін енді ұқты,

Дүкендегі «кефирдің»

 

Құмартасың татуға,

Білмесең де басында, 

«Кефир» сұйық сүт екен,

Қатық айран қасында.

 

Ойын

Құмар болсаң асыққа,

Жақсы көзде асықпа,

Қаршып тағы ала біл,

Қағып түсір атып та.

 

Ойынды кетпе қуалап,

Ойыңды тастар дуалап,

Ақылға ақыл қосатын

Пайдалы тоғызқұмалақ. 

 

Спорт

Допты тепсең тебе қой,

Болма бірақ сөдегей,

Күллі әлемге әйгілі, 

Мбаппе бол, Пеле бол

 

Боксте бол Головкин,

Басқалардан бөлек тым,

Жұдырығы жұмыр тас,

Сермегенде қолы екпін.

 

Күндіз түні жатығып, 

Қарсылысты лақтырып,

Балуан бол атаңдай,

Үшкемпіров Жақсылық.

 

Талабыңды ұштасаң,

Қарсыластан бұқпасаң,

Таэквондашы боласың,

Сен ағаңдай Мұстафа.

 

Қай спортқа бейімсің,

Өзіңді-өзің парлай біл,

Жүрегіңмен беріл шын,

Шуақ шашар алдан нұр.

 

Бөбектерге ақ тілек

Бай бол, балпаң бол,

Тау болсаң Балқан бол,

Көл болсаң Зайсан бол,

Даладай дарқан бол,

Жақсы бол, жайсаң бол,

Жақынға жанашыр,

Кең тұсау, ұзын арқан бол.

 

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар