Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК
/
Бүгінгі қазақ баспаларының кітап нарығындағы рөлі...

Бүгінгі қазақ баспаларының кітап нарығындағы рөлі

30.04.2026

60

Бүгінгі қазақ баспаларының кітап  нарығындағы рөлі - adebiportal.kz

Астанада өткен Еуразия халықаралық кітап жәрмеңкесінен кейінгі ойларымызды саралап көрдік: Ақиқатында, қазіргі Қазақстандағы кітап нарығы – парадокстарға толы кеңістік. Бір жағынан, баспалар саны артқан, жаңа форматтағы әрі түрлі жанрдағы кітап атаулары көбейген. Екінші жағынан, өрелі оқырман аз, таралым төмен, ал нарықтың өзі әлсіз институционалданған. Бұл – қазақ баспаларының рөлі «мәдени миссия» мен «нарықтық әлсіздік» арасында қалып қойғанын көрсетеді.

Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда шамамен 300–366 аралығында баспа және баспа ұйымдары жұмыс істейді (Stud.kz). Тәуелсіздік басында небәрі 10–12 баспа болса, бүгін бұл сан бірнеше есе өскен (Aikyn.kz). Бірақ бұл өсім сапалы нарық қалыптасты дегенді білдірмейді. Мысалы, 2019 жылы кітап нарығының көлемі 76,9 млрд теңге болса, кейінгі жылдары ол 35,8 млрд теңгеге дейін құлдыраған (Aikyn.kz). 2018 жылы 4 081 атаулы кітап шығарылып, жалпы таралым 19,7 млн дана болған (Baribar.kz). Совет дәуірінде бір кітаптың таралымы 30–100 мың дана болса, қазір бұл көрсеткіш бірнеше мыңмен ғана шектеледі (Деловая Жизнь Казахстана). Яғни, сандық тұрғыдан өсім бар, бірақ экономикалық тиімділік пен таралым мәдениеті күйреген.

Қазақстанда кітап оқитын оқырман мүлде жоқ емес: халықтың 57,3%-ы тұрақты түрде кітап оқиды (Azattyq-ruhy.kz). Бірақ бір адам жылына орта есеппен 2,77 кітап қана оқиды (Juzmedia). Елде 3 800-ден астам кітапхана бар (Государственный орган РК). Жылына кітапханаларға 37–57 млн оқырман келіп тіркеледі (Бұқара ШҚО жаңалықтары). Бұл нені көрсетеді? Оқырман бар, бірақ ол нарықтық оқырман емес. Яғни кітап сатып алмайды, кітапхана қорын  тұтынушы ретінде тіркеліп отыр. Демек, әдебиетке сұраныс бар, бірақ коммерциялық сұраныс әлсіз. Сондықтан баспалар кітап саудасымен емес, көбіне мемлекеттік тапсырыс арқылы өмір сүретіні анық. 

Соңғы 5 жылда мемлекет тапсырысымен 4,5 млн кітап шығарылған (Государственный орган РК).
Тіпті бір ғана «100 жаңа оқулық» жобасының өзінде 1 млн дана кітап басылған (Sputnik Қазақстан). Бұл жерде баспалардың нақты рөлі айқындалады. Қазақ баспалары – нарық субъектісі емес, көбіне мемлекеттік идеологиялық-инфрақұрылымдық құрал, тапсырыс орындаушы ғана. Бір сөзбен айтқанда, мәдениет, білім беру т.б. мемлекеттік ішкі саясатын жүзеге асырады. Ұлттық мәдениетті таратады. Алайда, кітап саудасында еркін нарыққа бейімделіп,  бәсекелес өнім жасай алмай отыр.

Кітап саны көбейгенімен, таралым азайды. Бұл – баспаның экономикалық әлсіздігін көрсетеді. Дистрибуция жоқ. Қазақстанда толыққанды кітап тарату жүйесі қалыптаспаған: алыс аймақтарға кітап жетпейді. Мегаполистердің өзінде кітап дүкендері аз.

 Нарықтың бір бөлігі шетелдік кітаптарға тәуелді (Stud.kz).Бұл – ұлттық баспалардың бәсекеге қабілетсіздігін білдіреді.Ең сорақысы – жазушы оқырманын танымайды, оқырман жазушыны танымайды. Байланыс жоқ.  Мемлекеттік тапсырыспен күнкөретін баспалар маркетинг жасамайды. Оқу мәдениеті мен сатып алу мәдениеті екі бөлек. Бұл – басты парадокс.

Қазіргі жағдайда қазақ баспаларының рөлін үш деңгейде сипаттауға болады: 1. Мәдени миссия (Ұлттық әдебиетті сақтаушы, тіл мен руханиятты жеткізуші) 2. Мемлекеттік оператор (Білім беру, аударма, идеологиялық жобаларды жүзеге асырушы) 3. Әлсіз нарық агенті (Коммерциялық тұрғыда толыққанды бизнеске айнала алмаған құрылым).

Бүгінгі қазақ баспалары тек саны бар, бірақ салмағы әлсіз институт.  Олар мәдени жүйеге қызмет етіп тұрғанымен,  нарық ісін дамытуға әлсіз болып тұр. Негізгі мәселе – баспада емес, жүйеде екенін айтпасақ та түсінікті.  Қазақ қоғамының оқырман нарық субъектісіне айналмаған. Кітап экономикалық өнім ретінде қалыптаспаған. 

Мемлекеттен тапсырыс алмай, демеушілік арқылы жобалар жасап жүрген жас қазақ баспаларының болашағы – тек кітап шығаруда ғана  емес, әдеби менеджмент, маркетинг, дистрибуция және оқырман қалыптастыруында. Міне, осы мұратқа жетсе ғана  қоғамда кітап сату ісі тұрақты жолға қойылып, дамып, өркендейді. 

Фото: Қуаныш Жарлықас

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan