Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Чеховтің «Бәсі»...

27.06.2022 6394

Чеховтің «Бәсі» 12+

 Чеховтің «Бәсі» - adebiportal.kz

«Бәс» әңгімесі 1888 жылы А.Сувориннің «Новое время» газеті үшін арнайы жазылған. Әйтсе де, ол баспа беттерінде 1889 жылы жарық көреді. Суворин өз газетіне шығарма жазбағаны үшін жазушыға қатты ренжіпті. Ал Чехов «Новое время» газетіне арнайы әңгіме жазу арқылы айыбын жууды жөн көріпті. Үш бөлімнен тұрған шығарма алғашында «Ертегі» деген басқа атаумен жарық көрген екен. Қазіргі атау тек 1901 жылғы редакциядан кейін пайда болыпты. Чехов әңгімеге басқа да өзгерістер енгізген: ол мәтіннің өзін қысқартып, кейбір сөз тіркестерін ауыстырып, соңғы тарауын толығымен алып тастағандықтан шығарма мағынасы өзгереді. Композитор әрі публицист А.Б.Голденвейзердің күнделіктерінде, әңгіменің Лев Толстойға қатты ұнағаны айтылады. Ол бұл әңгімені қызық, ерекше ойға құрылған деп санап, автордың әдеби шеберлігін де жоғары бағалайды. Ал жазушы М.Н.Альбов шығарманың жазылған кезеңінде Чехов өмірінің де біршама қиын және қаралы болғанын атап өтеді. Бұл, әсіресе заңгердің бас бостандығынан айыру кезінде көрінетін адамдарға деген жеккөрушілік көзқарасынан айқын білінеді.

Әрине, бұл әңгіменің жазылғанына аз уақыт өткен жоқ. Антонның қаламы тиген алғашқы парақ сарғайып та кеткен шығар. Әйтсе де, бұйым көнергенмен, мән сол қалпында қала беретін сияқты. Қанша уақыт өтсе де Чехов ойларының ескіріп, тозғанын көрген емеспіз. Уақыт өткен сайын жақұттанып, құндылығы арта түскендей. Ол бізге өнердің ұлт талғамайтынын да көрсетіп тұрған секілді. Адам бойындағы сезімдер, әлсіздіктер көшірме сынды ұқсас екенін байқаймыз. Ақымақтық, тоғышарлық пен шенқұмарлық, байлыққа деген құштарлық та заманнан заманға ауысып, аман-есен біздің дәуірімізге жетіпті. Соның бәрі адамнан адамға жұғып, әлі күнге емі табылмай келе жатқан дерт іспетті. Дәрігер Чехов пен қаламгер Чехов осы дерттен қалай айығудың жолын ұсынып кетіпті. Таңдау әркімнің еркінде болғандықтан да, бұл деттен жазылу кім-кімге де бұйыра бермейтін көрінеді. Ілуде біреу ғана жан ауруларының емін тауып, өз ішіндегі түрмеден босап шығатындай. Содан да болар, жоғарыда айтылған әлсіздіктер айықпас дерттей қиын көрінетіні.

Чеховтың «Бәс» атты әңгімесі несімен ерекшеленеді және оның қазіргі уақыт тұрғысында бізге берері не? Осы сауалға жауап іздеп көрсек. «Бәс» әңгімесі арқылы Чехов адам өміріндегі құндылықтардың кейде түкке тұрғысыз болып қалатынын көрсетеді. Сонда басты құндылық не? Бұл сауалдың жауабын қаламгер оқиғалар арқылы түсіндіргісі келеді. Кейіпкерлердің ішкі психологиялық күйзелістерінен өмірдегі ең үлкен құндылықтардың мәнін ұғуға болатындай. Жалпы адам өмірі қаншалықты құнды? Оның жалпыға ортақ бағасы бар ма? Ол нені мақат қылып өмір сүруі тиіс? «Бәс» әңгімесін оқи отырып, осы сұрақтар төңірегінде ойға шомасыз. «Бәс» (түпнұсқада «Пари») әңгімесі екі адамның арасында болған бәстесуден басталады. «Қылмыскер жасаған айыбы үшін өмір бойы бас бостандығынан айырылуы керек пе әлде өлім жазасына кесілгені жөн бе?» деген сұрақ төңірегінде пікірталасқан қарт банкир мен жас заңгердің оқиғасын арқау еткен шығарма сюжет тұрғысынан да, айтар ойы жағынан да қарапайым да күрделі түйткілдің тиегін ағытады. Бүгін де өзектілігін жоймаған сауал бойынша бәстескен екеу әлдебір жиында танысады. Дүниенің жылы-жұмсағын татып жүрген қарт банк басшысы жазалылар үшін абзалы өлім жазасы деп нақтылайды. Жиында отырғандардың кейбірі өлім жазасын мәңгілікке бас бостандығынан айыру жазасына алмастыру керек деген ой айтады. «– Мен сіздермен келіспеймін, – дейді банк басшысы. – Мен өлім жазасын да, өмір бойы бас бостандығынан айыруды да сынап көрген жоқпын, бірақ a priori үкім шығаруға болатын болса, меніңше, өлім жазасы әлдеқайда моральдырақ әрі адамгершілікке жақын. Өлім жазасы бірден, ал өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы болса баяу өлтіреді. Қандай жазалау адамгершілікке жақын? Сізді бірнеше минутта өлтіретіні ме, әлде ұзақ жылдар бойы өміріңізді сорып алатыны ма?» – дейді қарт банкир. Қанша адам болса сонша пікір болады дегендей, жиында оның пікірімен келіспейтін тағы бір өзекті ой тасталады. «... Мемлекет – Құдай емес. Ол қайтара алмайтын нәрсені, қаласа да, алуға құқығы жоқ», – дейді жиырма бес жасар бейтаныс заңгер. «– Өлім жазасы да, өмір бойы бас бостандығынан айыру да бірдей әдепсіздік, бірақ егер маған өлім жазасы мен өмір бойына бас бостандығынан айыру арасындағы таңдауды ұсынса, онда, әрине, екіншісін таңдар едім. Қандай да бір жолмен өмір сүрген жоқтан гөрі жақсы ғой», – дейді ол. Жиындағы дау осылай басталады. Шамданған банкир жас заңгерге бұрылып, айғайлайды:

«– Дұрыс емес! Мен екі миллионға бәс тігемін, сіз казематта бес жыл да отырмайсыз.

– Егер бұл маңызды болса, – дейді заңгер, – мен бес емес, он бес жыл отыруға бәс тігемін.

– Он бес? Болады! – деп айғайлайды банкир. – Мырзалар, мен екі миллионға бәс тігемін!

– Келісемін! Сіз миллионыңызды, ал мен өз бостандығыма бәс тігемін! – дейді заңгер».

Екеудің арасындағы бәс осылайша басталады. Жиында кездесіп, ойламаған жерден бәстескен екеудің оқиғасын суреттеу арқылы Чехов былайғы тірлікте біліне бермейтін нәрселерге назар аудартады. Шаруасы дүркіреп тұрған банкир үшін бұл кезде екі миллион ақша емес еді. Ал жас заңгер болса сол кезде қомақты көрінген сомаға өмірінің он бес жылын тігіп жібере салды. Чехов әңгіменің ең басында қарт банкирдің ішкі арпалысын керемет көрсетеді. Бәс тіккелі он бес жыл өткен. Банкир де, заңгер де әлі тірі және қайсысы жеңетіні айқындалып қалған мезет. Заңгердің жеңісін бұл уақытқа дейін ақшасы таусылып, қарызға батқан қарт банкир қабылдай ала ма? Қабылдағанымен, ақшаны қайдан тауып береді? Қарт банкирдің бүкіл қайғысы осы жерден басталады. «Қарғыс атқан бәс! – деп күбірлейді қария үмітсіздікпен басын ұстап. Бұл адам неге өлмеді? Небәрі қырық жаста. Ол менен барымды суырып, үйленеді, өмірден ләззат алады, биржада ойнайды, ал мен қайыршы сияқты қызғанышпен қарап, одан күнде бір сөзді еститін боламын: «Мен өмірімнің осы бақыты үшін сізге қарыздармын, көмектесуге рұқсат етіңіз!». Жоқ, бұл тым сорақы! Банкроттық пен масқарадан құтылудың жалғыз жолы – ол адамның өлімі!» – дейді қарт банкир. Чехов уақыттың адамды қалай өзгертетінін көрсетеді. Он бес жылда адам мүлде басқа кеңістікке өтуі мүмкін екенін жеткізеді. Он бес жыл – жай ғана уақыт. Бұл жерде жағдаяттың да рөлін ашып береді. Әсіресе жас заңгерге жағдаяттың әсері қалай болғанын жазушы шебер жеткізеді. Әңгіменің негізгі түйіні де сол заңгердің өзгеру процесінде жатқандай. Он бес жылда ол төрт қабырғада қамалып отырғаннан басқа қандай жетістікке жетуі мүмкін?.. Бәс тіккен кезде өзара келісім бойынша заңгерге ылғи да қалаған кітабы жеткізіліп тұруы керек еді. Ол он бес жылда көптеген кітап оқиды. Кітап арқылы дүниенің барлық ілімін меңгеруге тырысады. Басында тар қапаста қайғы шеккенімен, уақыт өте оқуға әбден машықтанады. Оқу арқылы өз ішіндегі түрмеден босап шығады.

Чеховтың «Бәс» әңгімесі адам өмірінде басты орын алатын құндылықтарды ашып береді. Адам өз арманының құрбаны болуы да мүмкін екен. Жас заңгер кітап оқу арқылы армандарының түкке тұрғысыз екенін аңғарып, дүниеден баз кешеді. Он бес жыл бұрын екі миллион заңгер үшін қол жетпес арман болатын. Тіпті жарты ғұмырын сол үшін құрбан етуге дайын болған еді. Ал соңында ақша жай ғана көз алдаушы сағым екенін түсінеді. Қарт банкир үшін де солай. Бір кезде қолында бар ақша соңында жоққа айналады. Өміріндегі ең басты құндылығынан айырылады. Банкирдің жалаңаш қалған жанын Чехов ғажап ашқан. Әйгілі қаламгер Мұхтар Мағауин айтады: «Мопассанның немесе Чеховтың кішкентай бір әңгімесі. Заты деректі, сезімі толық, оқиғасы қанық. Бөлшек емес, бүтін. Әсерлі, әлеуетті шығарма. Енді осы шағын ғана туындының қалай жасалғанына назар аударыңыз. Неден басталған, қалай аяқталған. Фабула, яғни оқиғаның жиынтық болмысымен сюжеттік, композициялық жүйе қалай қабысып тұр. «Баяғы өткен заманда» деп бастап, «мұратына жетіпті» деп аяқтай ма, әлде мұратына жеткенінен бастап, баяғыға көше ме, әлде басы да, аяғы да жоқ, қақ ортасы ма, сол ортасының өзі неше бүктеліп, неше қайырылған – мына әңгімеде былай, келесі әңгімеде қалай? Оқылған он әңгіме, жүз әңгіме бір үлгіде жасалып па? Чеховтың, Мопассанның деңгейіне аз-маз жақындайтын екі-ақ беттік, төрт-ақ беттік бір әңгіме жазу үшін екі дүниенің сырын, төрт тараптың даналығын игеру керегіне көзіңіз жетсе – болашағыңыздың аса зор болғаны», - деп. Ал жазушы Аягүл Мантай болса: «Жазушының кабинетіндегі жазу үстелінің үстінде өзі тегін емдеген, тіпті дәрісін де өзі сатып әперген адам сыйлаған сиясауыт тұр. Чехов «Мен кіммін? Дәрігермін бе, әлде жазушымын ба?» деген сұрақты өзіне өмірбойы қойды. (Ұмытпасам, Сергей Довлатов айтса керек: «Мен жазушымын ба, әлде баяндаушымын ба деген сұрақ Чеховті өмірбойы мазалаған секілді» ) Жалғыздық мұңына қамалып, сұрағына жауап таба алмай, аз қиналған жоқ. Сол үшін де ол өзі емдеген адамнан сиясауыт алғанда қуанды, құнды, бағалы заттай аялап қарады» - деген пікірі айтады.

...Сіздің кітаптарыңыз маған даналық берді. Ғасырлар бойы қажымас адам ойы жасаған барлық нәрсе кішкентай бөлмеде менің бас сүйегіме қысылды. Мен сендердің бәріңнен ақылды екенімді білемін.

Мен сіздің кітаптарыңызды жек көремін, әлемнің барлық жақсылықтары мен даналығын жек көремін. Барлығы елеусіз, өлі, елес және алдамшы, сағым сияқты. Сіз мақтаншақ, ақылды және әдемі бола аласыз, бірақ өлім сізді жер астындағы тышқандармен бірге жояды, ал сіздің ұрпақтарыңыз, тарихыңыз, данышпандарыңыздың өлместігі жер шарымен бірге қатып қалады немесе күйіп кетеді.

Сіз есеңгіреп, дұрыс емес жолмен жүрудесіз. Өтірікті шын деп, ал масқаралықты сұлулық деп қабылдайсыз. Егер сіз қандай да бір жағдайларға байланысты алма ағаштары мен апельсин ағаштарында жемістердің орнына бақалар мен кесірткелер немесе раушандар кенеттен терленген жылқының иісін шығара бастаса, таңғалар едіңіз; сондықтан мен аспанды жерге айырбастаған сізге таңғаламын. Мен сізді түсінгім келмейді...».

Аз ғана бұрын заңгерді өлтіруге келген қарт банкир үндемей шығып кетеді. Сол жолы күзетшілер заңгердің қашып кеткенін мәлімдейді. Банкир артық мәселе тумасы үшін қағазға жазылған жазбаны сейфіне салып бекітіп қояды. Бірақ іштей ойға шомады. Өзінің әрекетіне өкінген сезімді бастан кешеді. Ар-ұжданы маза бермейді.

Осы тұста Чехов тұспалын түсінгендей боламыз. Жазушының негізгі мақсаты ар-ұжданға әсер ету арқылы адамзатты өзгертуге тырысу болса керек. Адам өміріндегі басты құндылық ақшада емес. Тіпті заттың құндылық болуы мүмкін еместігін де көруге болатындай. Ең үлкен құндылық ар алдындағы азаттық. Рухани еркіндік содан басталатындай. Чехов қарт банкир мен жас заңгердің бәс тіккен оқиғасын жаза отырып, екеуінің де өміріндегі адасудың негізгі мәнін ашады. Екеуі де құндылықтардан жаңылған. Өз-өзін кітап оқу арқылы рухани жетілдірген заңгер соңында соны түсініп, бар дүниеден бас тартады. Он бес жыл өмірін құрбан еткен бәстен жеңілуді өз еркімен таңдап алады. Әңгімені оқи отырып, заңгердің жеңіле тұра, өз ішінде жеңіс дәмін сезгенін байқаймыз. Өзінің баста неден қате жібергенін түсінген ол соңында арына қарсы келмегенін көреміз. Ол үшін басқа бір құндылық қалыптасқанын аңғарамыз. Ол – рухани құндылық. Ешнәрсемен алмастыруға келмейтін қазына. Заңгер он бес жылда ішкі әлеміне рухани байлықты толтырса, қарт банкирдің кеудесі бос боп қуыстанып қалған еді. Былай қарағанда, бұл бәсте жеңіске жеткен қарт банкир. Бірақ ол рухани тұрғыда оңбай жеңіледі. Чехов адам өміріндегі кей дүниелердің, сенім, арман, құндылықтардың кей жағдайда көз алдаушы иллюзия боп қалатынын меңзегендей. Қанша жыл өмір сүріп, соңында әйтеуір бір өз арыңның алдында жауапқа тартыларың анық. Бір кезде қол жетпес арман боп көрінген дүниелерің саған жақын келген сайын оның құндылығы азая беретіндей. Осы түсініксіз сезімді Чехов қарапайым, көңілге қонымды етіп жеткізеді. Қай кезде рухани еркіндікке ие болтыныңды да айтып тұрғандай. Болмашы бір дүниеге бәс тіккен екеудің де тағдыры тым аянышты. Бұл бәсте заңгер рухани еркіндікке ие болғанымен, шынайы өмірде оның жеткен жетістігі шамалы. Оның бойындағы дүниеге, адамдарға деген көзқарас кітап оқу арқылы ғана қалыптасқан. Сол үшін де ол өзін барлығынан жоғары, ақылдырақ санайды. Ал іс жүзінде солай ма? Кейіпкердің әлем туралы барлық идеялары оқыған кітаптарынан ғана пайда болған. Мұндай адам басқаларға сенімді түрде үкім шығара ала ма? Чеховтың «Бәс» әңгімесінде адам нақты тәжірибені кітаппен алмастырмауы керек және оқыған әр дүниеден кейін өзін теңдесі жоқ данагөй санамауы керек екенін меңзегендей. Өмірде тәжірибе жүзінде қолданыс тапқан білім ғана бізді шынымен дана әрі күшті ете алады. Кітап тәжірибесі есебінен ғана өмір сүретін адам көп білім жиғанымен, толық дамуға жете алмайтынын айтып тұрғандай. Әркімнің ғұмыр жолында бәс тігуі керек жағдайлар болып тұратыны рас. Ал сіз неге бәс тігер едіңіз?..


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар