Біз ес білгеннен «Қазақ» радиосы «Шалқар» бағдарламасын тыңдап өстік. Радиодан берілетін балаларға арналған «Ерден атайдың ертегілері», «Жұмбақбай ата» сынды көптеген хабарларды тыңдап, қиял-ғажайып әлеміне саяхат жасайтынбыз. Әсіресе балаларға арналған әндерді тез үйреніп алып орындауға машықтанған едік. Таң атып, түн көрпесін жамылғанша құлағымыз түрулі, әсем ән мен тәтті күйдің әсерінен көңіліміз шат, арманымыз асқақ болушы еді.
Мен отбасында он баланың бірімін. Әкем жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаев пен анам Кәмеш Байқасқызы өнер десе ішкен асын жерге қоятын жандары нәзік, рухани әлемнің жандары еді. Өздері де домбыраға қосылып ән орындайтын. Бізді өнерге, әдебиетке тәрбиелеген сол кісілер еді. Ол кезде ауыл адамдары бас қоса қалса ән айтатын. Шілдехана, тұсаукесер, мерейлі шақтарда бәрі қосылып ән айтушы еді. Тіпті бүгін радиодан орындалған жаңа әнді ертеңінде айтып отыратын. Халық сондай зерек болатын. Ән тұнған, жыр тұнған өлкеде радионың атқарар шаруасы ерекше еді. Қасиетті өнердің бастауы отбасынан, сонымен қатар Қазақ радиосын тыңдаумен жалғасын тапқан еді. Ол кезде теледидар жоқ. Халықтың тыңдайтыны да, үйренетіні де, ғибрат алатыны да «Қазақ радиосы» еді...
Мен бастауыш мектепті Ортақкөл ауылында, орта мектепті көрші Баян ауылында жалғастырдым. Ауыл балалары сенбі, жексенбі екі ауылдың ортасында машинамен қатынап жүргенде жарысып ән айтатынбыз. Тіпті Баян орта мектебінде үзіліске шыққанда қабырғаға тізіліп тұрып, екі-үш ән айтатынбыз. Міне, осының бәрі радиодан беріліп жатқан музыканың әсері еді. «Болмасаң да ұқсап бақ» дегендей, менің әншілік жолына түсуіме де «Қазақ радиосының» септігі зор.
Ал енді мен есейген шақта «Қазақ радиосында» еңбек етіп, сол жерден нәпақа табам, шығармашылығымды шыңдаймын деген ой да болған жоқ. Бір жағынан Қазақтың Мемлекеттік С.М. Киров атындағы университетінің Журналистика факультетінде оқып бітіруім, Республикалық эстрада-цирк студиясын Қазақстанның халық әртісі Жүсіпбек Елебековтың алдынан дәріс алуым себеп болып, арман мені жетелеп, «Қазақ радиосының» музыка редакциясына алып келді. 27 жыл тапжылмай бір салада еңбек етіп, жақсы-жайсаңдармен араласқаным, менің дүниетанымымды кеңейтіп, көп тірліктің басын қайыруыма зор әсерін тигізді.
Радиоға келе көркемөнерпаздар шығармашылығынан «Шалқар» бағдарламасына және «Қазақ радиосына» концерт әзірлей бастадым. Сонымен қатар «Ауыл еңбеккерлеріне», «Өндіріс озаттарына» арналған концерттерді келген хаттардың сұраулары бойынша дайындайтын болдым. Сондай-ақ «Радиотыңдаушылардың сұраулары бойынша» берілетін концерттерді әуе толқынына дайындай бастадым. Келе-келе әнші-күйшілер жайлы хабарлар ұйымдастырып, сүбелі хабарларды әуе толқынына дайындай бердім. Біздер екі арнада қазақтың халық әндері, халық композиторларының және Қазақстан композиторларының шығармаларымен қоса дүниежүзінің музыкасын насихаттайтынбыз. Бір музыка редакциясында 30 адам жұмыс істедік.
Солардың ішінде Бас редакторлар: Өмірбек Байділдаев, Ордабек Мейірбеков, Мансұр Сағатов, Илья Жақанов, Зәмзәм-Шәріф Тарғақов, Төлеутай Наров, ақсақалдармыз Қалқаман Жүнісбеков, Нұрахмет Жорабеков, Әшірхан Телғозиев, ардагерлеріміз Серғазы Тұрсынбаев, Мұхамедқұл Смағұлов, Райхан Оразбақова, Раушан Айтжанова, Көрік Омарбекова, Қарлығаш Оңалова, Күлмәзия Жанахметова, Орынбасар Дөңғабақ, Күләш Жалбырова, Жанаргүл Әлиасқарова, Бауыржан Жақанов, Ержан Лұқпанов, Жанна Мылтықбаева, Алмабек Мейірбеков, Алмат Құмаржанов, Зәуреш Есбергенова, Алтынкүл Бапарқызы, Қадиша Бертісбаева, Майра Құрманғалиева, Ерғали Закариянов сынды әріптестеріміз қазақ өнеріне еңбегі сіңген, қазір жұлдызбын деп жүрген өнер иелерін әуе толқынынан толассыз насихаттаған өз ісінің майталмандары еді.
Міне, осылай радиодағы жұмысым жалғаса берді. Тоғыз жылдан соң бір күнде үш жүз адам жұмыстан қысқартылдық. 1966 жылдың 1 қаңтарынан бері қызмет етіп келе жатқан «Шалқар» бағдарламасын 1999 жылдың көктемінде жабылды. Қысқартудың тізімінде Сауық Жақанова, Шолпан Байғабылқызы, Дінәш Нұрмұхамедов, Темірхан Момбекұлы сынды бетке ұстар апа-ағаларымыз кетті. Біз ол кісілерді қысқартып жатқан соң үн-түнсіз кетуімізге тура келді. Ол заманда жұмыс табу да қиын. Екі жыл он ай жұмыссыз жүрдік.
2002 жылдың басында Алматы қаласына хабар тарататын «Шалқар» радиосы болып қайта ашылып, кейін Республика көлеміне таратылатын болды. Қазір тіптен Интернет желісі арқылы дүниежүзіне тарайды.
Үйренген ортаға қайта оралып, білетін кәсібімізбен шұғылданып, қаншама өнер адамдары жайлы хабарлар жасадым. Музыка редакциясында редактор, аға редактор, Бас редактор, «Алтын қор» бөлімінде жетекші қызметтерін атқарып, зейнет жасында демалысқа кеттім. Көп бейнеттің зейнетін көріп, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағының, Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты атағын, «ҚР Мәдениет қайраткері» және «ҚР еңбек ардагері» төсбелгілерінің иегері атандым. Сондықтан «Қазақ радиосына» және «Шалқар» радиосына шексіз ризамын.
Зейнет жасында демалысқа шыққаннан соң «Қазақ радиосының» 100 жылдық мерейтойы қарсаңында «Ғасыр құрдасы – Қазақ радиосы» атты екі томдық жинақты жалғыз өзім дайындап, толықтырып, жиырмадан аса өз мақаламды қосып жарыққа шығардым. Бұл жинақтар Қазақ радиосына деген тартуым және алғысымның белгісі болғандай еді. Ол кітаптың шығуына демеушілік еткен кәсіпкер Дулат Тастекейге Алланың нұры жаусын!
«Шалқар» радиосы – республикадағы тек қана қазақ тілінде ұлт руханиятын ұлықтайтын жалғыз арна. Бұл арнада халықтық салт-дәстүр, өнер, мәдениет, әдебиет, тарих, танымдық, тәрбиелік хабарлар көбірек насихатталады. Басты мақсаты – қазақ халқының рухани құндылықтарын тыңдаушыға жеткізу.
Алғашында «Шалқар» «Соңғы хабарлар» редакциясының бір бөлімі ғана болатын. 1966 жылдың 1 қаңтарынан бастап ақпаратты-сазды «Шалқар» Бас редакциясы болып шаңырақ көтерді. Сонымен, «Шалқарға» жетекшілік еткен Бас редакторлар, директорларды атасақ: Кенжебек Есімов, Мадрид Рысбеков, Сәркен Оспанов, Махмет Түменбаев, Руслана Құдайбергенова, Кенжебек Әбдімәуленов, Тілеуберді Досбаев, Ғалым Есенсариев, Аманжан Еңсебайұлы, Көпен Әмірбек, Қалқаман Сарин және Болатбек Төлепбергеннің есімдері ойға оралады. Бүгінде «Шалқар» радиосының тізгінін ұстаған Болатбек Төлепберген Қазақстан тарихын зерттеп, әлденеше кітап шығарған белгілі жазушы әрі ғалым адам.
«Шалқар» бағдарламасының ашылуы жайлы «Алтын қорымызда» сақталған Сәркен Оспановтың ойын келтірсек: «Домна пеші қандай болса, радиодағы ең бір қиын жұмыс «Соңғы хабарлар» Бас редакциясы болатын. Қазақша жаңалықтар аз болады. Отыз пайыздан аспайтын. Осы олқылықты толтыру үшін не істеу керек?
Біздің алдымызда Мәскеудің «Маяк» деген бағдарламасы болды. Украинаның «Промин» деген бағдарламасы болды. Оларда соңғы хабарларды береді. Ал біздің алыстағы ауылдарымызға, шопандарымызға хабарлар жетпейді. Сым жетпейді, желісі жоқ. Сондықтан «Маякқа» бағыт түзей отырып, бір бағдарлама ашуды басшылар алға мәселе етіп қойды. Ол әрине «Соңғы хабарлар» Бас редакциясынан ашылу керек болды. Содан ұйымдастыру жұмысын жүргізіп, 1966 жылдың 1 қаңтарында «Шалқар» бағдарламасы өмірге келді. Өзіміздің қазақ ұлтының атына лайық ат іздедік. Ол кезде Шалқаров деген жігіт Қытайдан келген жігіт еді, бізде қызмет ететін. Ол кісі «Осы менің әкемнің атын қойсаңдар жетіп жатыр, әрі өлең, әрі жыр, әлі әңгіме» деп мәселе көтерді. «Дұрыс екен» деп, «Шалқар» деп қойдық. Сол «Шалқарымыз» күні бүгінге дейін халыққа еңбек етіп келеді. Бұл «Шалқардың» жақсы жұмыс істеп кетуіне сол кездегі журналистер Нұрсейіт Ерубаев, Мәлік Қарағұлов, Кекілбай Нүсіпбеков, Абай Өтегенов, Нұрсұлтан Әлімқұлов, Уәлихан Шыңғысұлы, Руслана Құдайбергенова, Едіге Әбдіғапаров, Таңатқан Рсаев, Бек Дәулетбаев, Уақап Қыдырханұлы сынды әріптестеріміз жақсы еңбек етті. Маған көмекші болды. Мен «Шалқардың» тұңғыш Бас редакторы болдым, соған қуаныштымын» деген еді-ау Сәркен ағамыз.
«Шалқар» музыкалық-ақпараттық бағдарламасы ол кезде дүниежүзіне тарайтын. Әсіресе шетелдегі қандастарымыздың елге оралуына ұйтқы бола білген, оларға ой салған сол кездегі басшы Сәркен Шұғайыпұлы және сол кісінің қарамағындағы журналистер еді. Міне, көп тілегі орындалып, әр саладағы өнер, ғылым, әдебиет саласының мамандары, небір қолөнер шеберлері атақонысқа оралып, халқымыздың санын көбейтті. Экономикамыздың өркендеуіне атсалысты. «Шалқар» бағдарламасы үш жылға жуық жабылып қалғанда да, қатты кейіген Сәркен ағамыз болатын. Шүкір, кешегі ағаларымыздың маңдай терімен ашылған бұл бағдарлама сол үрдісте ұлттық құндылығымызды дәріптей отырып, өз жұмысын әрі қарай жалғастыруда. Бүгінде жеке радиоға айналды.
Қазақ радиосының ардагері Сүлеймен Ақтаев «Шалқар» бағдарламасында, Шетелдерге хабарлар тарататын редакцияда басшылық қызметте болды. «Шалқар» бағдарламасының ашылуына бір кісідей атсалысқан Мифтах Жантикиннің еңбегі зор. Негізгі мәселені көтерген сол кездегі Телерадиокомитеттің басшысы Кенжеболат Шалабаев болатын.
Асыл ағаларымыздың салып кеткен сара жолымен «Шалқар» радиосы сол үрдісті жалғастырып, халқына рухани азық сыйлап келеді.
«Эфирде – Шалқар бағдарламасы» деп, ақпаратты-сазды «Шалқар» бағдарламасының дүниеге келгенін көпшілікке қуана хабарлаған дауылпаз дикторымыз Әнуарбек Байжанбаев болатын.
Қазақ радиосының «Соңғы хабарлар» редакциясының жанынан шыққан ақпаратты-сазды «Шалқар» бағдарламасы бірден жеке толқында эфирге шығарылды. Бертінге дейін Қазақ радиосы республикалық І арна атанып келсе, «Шалқар» – республикалық ІІ арна атанды. «Шалқардың» басты артықшылығы, ел ішіндегі ғана емес, сыртта жүрген бауырларымызға да қазақ үнін, қазақ әнін, қазақ күйін біздің бағдарлама арқылы тыңдатып, жүректеріндегі сағынышын басқан дей аламыз.
2014 жылғы 10 ақпанда «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы Нұржан Мұхамеджанованың №64-к бұйрығымен Радиохабар тарату Дирекциясы құрылып, оған 4 радио (Қазақ радиосы, «Шалқар» радиосы, «Астана» радиосы және «Classic» радиосы) енгізілді. Осы бұйрықпен «Шалқар» арнасы тұңғыш рет «ШАЛҚАР» РАДИОСЫ болып қайта құрылды.
Жалпы «Шалқар» радиосының беталысы жаман емес. Бұл радиода көптен бері еңбек етіп келе жатқан майталман журналистер бар. Атап айтсақ, Бас редактор Болатбек Төлепберген, аға редактор Бақыт Жағыпарұлы және байырғы журналист Оңғар Құрал мен сөзге жүйрік Гүлбану Алпамысқызы, сондай-ақ Сәрсенғали Жүзбаев, Нұржамал Янгибаева, Гүлназ Шалабайқызы, Мөлдір Жанбаева, Жанар Оразымбетова, Гүлмира Нәлібай, Талант Арынғали, Мейрамгүл Исатайқызы, Гүлнұр Омарханқызы, Ерасыл Серікұлы сынды журналистердің еңбегіне ризашылығым шексіз. Өйткені олар өз ісінің шеберлері. Радионың қыр-сырын жете меңгерген үздіктер деу абзал. Бүгінде көптеген хабарлар тікелей эфирде жүреді. Студия камерамен жабдықталған. Тікелей эфирде өтетін хабарларды Фейсбук, Инстраграмнан көріп отыруға болады. Олардың қамтыған тақырыбы сан алуан. Бәрі де тыңдаушыға қажет, жанына жақын, рухани сырға бай туындылар.
Ән мен күй, әдеби әңгімелер мен рухани, тарихи, танымдық дүниелерді көбірек насихаттайтын небір хабарлары, тікелей эфирі бар, иісі қазаққа, сондай-ақ жауқазындай өсіп келе жатқан ұрпағымызға «Шалқар» радиосы мен «Қазақ» радиосының берері көп. Әлі де ізденіс үстінде шығармашылық жолын жалғастыруда.
Таза қазақ тілінде ұлтымыздың мүддесін қорғап, қолдап отырған «Шалқар» радиосының ұжымына әрдайым сәттілік, шығармашылық шабыт тілеймін! Той тойға ұлассын! Бүгінде «Шалқар» радиосының 60 жылдық мерейтойын қарсы алғалы отырған ұжымға әрдайым алдыңғы қатардағы радионың үлгісін көрсетіп, ел алғысына бөлене беріңіздер! – дегім келеді.
Алтын ИМАНБАЕВА,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
