Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЗЕРТТЕУ
/
Дәурен Қуат шығармашылығы: терең ойға жетелейтін п...

Дәурен Қуат шығармашылығы: терең ойға жетелейтін проза

28.11.2025

4412

Дәурен Қуат шығармашылығы: терең ойға жетелейтін проза - adebiportal.kz

Қазір әлем шекараларының ашылып, инновациялық технологиялардың дамуы, жасанды интеллект көмегімен де көркем шығарма жазу дәуірі белең алып тұрған тұста ақын-жазушылардың оқырманға тың дүние ұсыну немесе таңғалдыру қиын жағдай екені анық. Тіпті қазіргі технологияның көмегімен кез келген жазушы стиліне салып жазатын бағдарламалардың барлығы ешкімге жасырын емес. Сонымен қатар психоанализ, гуманистік психология, антропологиялық тың зерттеулердің нәтижесінде адам болмысын, оның ұжымдық бейсана қабаттарын тану, оқырманға әсерлі болу үшін тұпсанаға бойлау мәселесін де жетік меңгеріп, бестселлер жазып жатқан шетелдік жазушылар еңбектерін де көріп отырмыз. Осы тұста, әсіресе, қазірде шынайылық пен жалғанның аражігін ажырату мүмкін болмай тұрған  заманда шығармашылыққа адалдық танытып, жаңа әрі терең дүние тудыру қажырлы ізденіс пен еңбектің, терең білім мен нағыз дарын иесінің еншісінде болмақ. Осындай ерекше жазу стилімен, тіпті шығармаларына тақырып таңдауымен ерекшеленген жазушылардың бірі Дәурен Қуат деп айтуға болады. «Тас монша», «Көрдемше», «Қаңтардың соңғы шілдесі», «Кәрі солдат», «Тәні өлген әйел», «Күнекей – Кірекей» сияқты шығармаларының атауынан да өзгешелікті аңғаруға болады. Бірде көнерген сөздерді шығармалары арқылы қайта жаңғыртып жатса, «қаңтардың соңғы шілдесі», «кәрі солдат», «тәні өлген әйел» сияқты оксюморон тіркестер арқылы да оқырманына ой салары анық. 

Мәселен жазушының алғаш «Тас монша» әңгімесін оқуымызға да атауы себепші болғаны жасырын емес. Нақты шығармаға келер болсақ, әу баста көшпелі қазақ дүниетанымына жат, отырықшылықпен ғана қалыптасқан монша тақырыбы көп жерде жазылып та, айтылып та жатпайтыны белгілі. Кейбір археологиялық қазбалардан көне моншалардың болғанын да естіп жатамыз. Қалай болғанда да, қазақ танымында әңгіме-дүкен құрысып, араласып, арқа-жарқа болып қалатын жері дастарқан басы болып келген, ол бола да береді. Дегенмен қоғамдық формациялардың өзгеруіне байланысты қазіргі заманда моншаның да өзіндік культі қалыптасқанын осы шығармадан алғаш аңғарамыз. Тіпті қарапайым адамдардың иерархиясын да тамаша суреттей білген, арасында мистикалық детальдарды қоса отырып, оқырманын басқа бір кеңістікке жетелейтін жерлерді де кездеседі. Моншада айтылған әңгіме деп антилопаның лағын арыстанның қанжырының асырап алуы «қойларды қасқырға бақтыру», «қой терісін жамылған қасқыр» идеясымен астасып, талай дүниенің мәнін ашқандай. Жалпы монша мәдениеті туралы тамаша тың суреттеулер ұсынғанымен, шығарманың басты тақырыбы қоғамның рухани құлдырауын, көкірек көзінің ластанғанын дүнияуи өмірде де адамдардың нас тірліктерімен қатар суреттеуі өте әсерлі шыққан. «Үй мысығының нәжісі дымдап сіңген текеметке тізе бүге бергенімде асқазаным ақтарылып аузыма түсе жаздады да, көзім ашыды. Бұрыш-бұрышта, төбеде өрмекшілер айқұш-ұйқыш тор құрып, қара шыбынды қырып жүр. Мынау лас шаңырақтың тазалығын өрмекешілер ғана ойлап, шыбын-шіркейге қарсы майдан ашқан сияқты. Бақырып, жылап кірген баласын досымның әйелі шапалаққа бір салды да, борбайын жалаңаштап қоя берді. Балақай шолақ шалбарын бүлдіріп қойған екен, ішіндегісін шешесі жалаңаш қолымен сыпырып алып еденге тастай салды. Сөйтті де, қолын жуып не сүртпестен білегін түріп жіберіп, қамыр илеуге отырды» деген суреттеуде, өкінішке қарай, бүгінгі қоғам шындығын көруге болады. Бүгінде барлық ақпарат ашық, қолжетімді болғандықтан, билікке шағым айтып, өзін бақытсыз, қамқорсыз, сырттан қолдау күтіп, әр есікті бір қағып, жәбірленуші позициясындағы өзінен басқаның бәрін кінәлауға әзір бұндай салақ әйелдердің біздің қоғамда барын көріп жүрміз. Ал бұндай салақтықтың артында адамдардың ішкі рухани дүниесінің жұтаңдығын «Сорлы әркімге қой сояды. Біреуінен пайда жоқ» автор әйел аузына салып беру арқылы көрсетеді. Жазушы шеберлігінің арқасында кішкентай детальдар арқылы шынайы суреттеуден оқырман сол лас үйді көз алдына айқын елестетіп, жиіркеніш сезімін бастан кешеді. Және бұл ауылда тек бір отбасы емес, тіпті «балық басынан шіриді» демекші ауыл әкімінің тірлігі одан сорақы болмаса, ластығы басқадан кем түспейді: «Тырнағы есектің тұяғындай боп қалыңдап, қатып кеткен. Мен кеңсесіне бас сұғып, тізе бүккенімде Әмен мұрнын шұқып отырған. Сәлемімді мұрнын шұқып отырып алды. Әңгімемді мұрнын шұқып отырып тыңдады. Әңгімесін мұрнын шұқып отырып айтты. Бүгін, шамасы, ауыл бастықтың мұрын тазалығын қолға алған күні болса керек». Байқағанымыздай, жазушының қоғамның рухани құлдырауы мен азғындауын, ауыл адамдарының күнделікті тұрмысы арқылы жеткізе отұрып, олардың сыртқы болмыстары, тірліктері қандай нас болса, ішкі әлемдері одан да сорақы екені көрсетеді. Оған дәлел ауылдағы үлбіреген бойжеткен Ақжанға көрсеткен зорлық пен қиянатын да автор жеріне жеткізе суреттейді. Жас қызды қорлағандарынан бөлек, шығармада тазалықтың символы болған тас моншада көрсеткен зорлығы, құрсағында баласы барын біле тұра тепкіге жығуы азғындық екенін байқатады. Шығарма кейіпкерінің сол азғындықтан ауылын сақтап қалу үміті шығарма соңында үзіліп тынады. Яғни қараңғылық құрсауына батқан қоғамды одан алып шығу мүмкін емес дегенге сайып, Ағжанның елесі, жансыз атмосфера кейіпкердің рухани күйін ашуға қызмет етеді. Жазушының бұл идеясы «Көрдемше» шығармасында жалғасын тапқан. Қоғамның ащы шындығы тіршілік қамымен базар жағалаған жандардың күндіз бірлесе ақша тауып, кеш қараңғылығында бетперде жауып, пышақтап ақшасын тартып алып, ертеңінде түк болмағандай араласып жүретін екіжүзді, адамдық қасиеттен ада, адам түгілі Алладан да қорықпайтын, мансап пен байлықтың, құр құлқынның соңында ешнәрседен тайынбай, тіпті туғанына да қас қылған пасық адамдардың жүзін айқын ашып береді. Өкінішке қарай, бұл біздің бүгінгі қоғамда кездесетін образдар екені белгілі. Базардағы ақшаға құныққан саудагерлердің ұнның ішіне сасыған, көгерген ұн салып, түрлі айла табуы, оның қарғысы барын біле тұра сол қадамға баруы, келушінің жас кәрісіне қарамай, қылжақтауы, саудасы жүру үшін өтірікті суша сапыру сияқты суреттеулер, шынымен біздің айналамыздағы адамдардан алынғаны белгілі. Дегенмен бұл шығармада автор үміті үзілмейді: Ділнастың сол ортадан өзін алып шығу, нақты айтқанда ішкі әлемімен ұзақ арпалыс нәтижесінде бұл пасықтық батпағынан құтылуымен аяқталады. Дәурен Қуат өз шығармаларында заман шындығын, адам мінезі мен қоғамдағы түрлі құбылыстарды асқан көрегендікпен суреттейді. Яғни жазушының прозалық шығармаларында қазіргі қоғам мен адамдар арасындағы байланыс басты орын алады. Ол кейіпкерлерін өмірден алынған шынайы бейнелер арқылы көрсетеді. Жазушы жасандылыққа жол бермей, оқырманға таныс жағдайларды суреттеу арқылы ой салуды мақсат етеді. Әңгімені «көрдемше» деп атауы да тегін емес, «некесіз туған бала, тексіз» деген мағына білдіретін бұл сөз тура шығарма кейіпкеріне дәл қойылған. 

Адамды тудыратын заман, қоғам, ал бүгінгі жазушы суреттейтін азғын адамдар қоғамның жемісі. Бұған дәлел «Кәрі солдат» шығармасы. Кеңестік жүйенің құрбаны әлде құлы болған көптеген адамдардың не үшін, кім үшін соғысып жүргенін білмей, өзіндік менін жоғалтқан, санасы уланған белгілі бір топ өкілдерін көруге болады. Автор кейіпкер тағдырына нақты баға бермей, оқырманды өмір, жалғыздық, рухани бос кеңістік туралы ойлануға жетелейді. Сондықтан Дәурен Қуат прозасы – мәтіннен гөрі ойы мен мағынасы терең проза. Әрине оның астарында идеология мен ұлтқа жасалған геноцид жатқаны анық. Бұны психоаналитикалық зерттеулерде ұжымдық бейсаналық пен ұжымдық жарақат зерттеулерінде қарастырылады. Ұжымдық жарақаттан арылуға талпыныс көркем шығармашылықта айқын көрінеді. Яғни жазушылардың бұндай тақырыпқа жиі баруы оқырман санасына ой салумен қатар, сол жағдайды өз басынан кешіру арқылы арылу үдерісі де жүретінін психоаналитик ғалымдар жоққа шығармайды. Осы тұрғыдан жазушы шығармаларында моральдық мәселелер, адамгершілік, жауапкершілік, таңдау жасау сияқты тақырыптар қозғалады. 

Жазушының тағы бір ерекшелігі таптаурын болған жиынтық образдардан гөрі көп елене бермейтін немесе біздің санамызға кереғар образдарды ұсына біледі. Мәселен қазақ танымында солдат, жауынгер образы қалтқысыз отанына адал, батыр, ержүрек тұлға ретінде сипатталса, Дәурен Қуатта басқа қырынан сипатталады, «Күнә» шығармасында да кереғарлықты аңғаруға болады. Әдетте біздің түсінігімізде, егде жасқа келген ер адам ақыл тоқтатқан тұлға ретінде сипатталып келсе, бұл шығармада қазіргі қоғамда бар жағдаятты ашып айтады. Бұл шығармаларда кейіпкерлердің ішкі диалогы басымырақ, өз мендерімен, эгосымен, нәпсімен арпалысты көруге болады және көп жағдайда әңгіме соңын оқырман еншісіне қалдырып отырады. Кейіпкерлердің ішкі ой-толғанысы мен психологиялық күйі нақты, артық әсірелеусіз беріледі. Осы арқылы оқырман шығарма кейіпкерлерімен етене жақындасып, белгілі бір қорытынды жасай алады. Бұл ретте, Дәурен Қуат күрделі көркем теңеулерден гөрі, нақты оқиға мен әрекетке мән береді.

«Күнекей – Кірекей» әпсана-әңгімесінің әуені басқа. Әбіш Кекілбаевтің «Жүнді барақ», Асқар Алтайдың «Алтай балладасы» шығармаларына өзек болған әйел мен аю мотиві бұл шығармада да жалғасын тапқан, дегенмен үшеуіне ортақ тақырып болғанымен, әр шығармада авторлар оқиғаны әр қырынан өрбітеді. Бірақ барлық шығарманың астарында мына аңыз жатса керек: «Ерте-ерте, ертеде бір қыз бала далада қалып қойса керек, оған бір аю жанашырлық көрсетіп, қонжықтарымен бірге асырапты, қыз ержетсе де аюлармен бірге тұрыпты. Күндердің бір күнінде, оны адамдар ұстап әкеліп, тіл үйретсе керек. Үйіріне кеткісі келген аю қыз, көріс айтып:

Үңгір-үңгір үңгір-ай, үңгір де болса үйім-ай.

Аю, аю, аю-ай, аю да болса байым-ай деп жылапты. Сонда жаны ашыған адамдар оны үңгіріне апарып тастаған екен». Сонымен қатар мифтік танымдағы түрлі жағдайларға байланысты, мысалы, қорыққанда немесе қарғысқа ұшырағанда адамның жануарға, жануардың адам кейпіне айналуы туралы ауыз әдебиеті үлгілерінен жиі кездестіруге болады. Бұл әңгіменің де жалпы мазмұнында мифтік таным жатқаны белгілі. Сонымен қатар қазақ қоғамындағы түрлі келеңсіздіктер мен әділетсіздік сияқты мәселелерді жазушы хайуанаттарды сөйлету арқылы әшкерелеп отырғанын да көреміз. Жазушы түрлі мистикалық оқиғаларды бере отырып, оқырманға терең ой салады, шығармаларында бірнеше оқиғаны сабақтастыра отырып интеллектуалды проза үлгісін береді. 

«Тәні өлген әйел» әңгімесінде де жақсы ойды қозғайды, жесір әйел тақырыбы, әйел затының ішкі арпалысы туралы М.Әуезовтен басталып, қазіргі әдебиетте Б.Нұржеке және басқа да жазушылар шығармаларына арқау болған, дегенмен жазушы бұл шығармада да ерекше шешім табады. Жесір әйелді тәні өлген жан деп сипаттай келе, оның мұздай сумен шайынуының астарында тақырыппен сабақтастықты көруге болады. 

Қорытындылай келе, Дәурен Қуаттың шығармашылығы қазақ прозасындағы шынайылыққа негізделген бағытты көрсетіп, оқырманды адамзаттық құндылықтарды бағалауға шақырады.

 

Ләйлә Демесінова, PhD

Абай академиясы

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan