(Әңгіме)
Жазғы демалыста бала-шағамды алып, Кегендегі әпкемнің үйіне барғам. Мақсатымыз екі-үш күн аудан орталығында еру болған соң, Нарынқолдағы Көккемер жайлауында демалу болатын. Жоспарымыз аяқ астынан бұзылды...
Болжалды күні таңғы астан соң, жолға жиналып жатыр едік, үйге ұзын бойлы, шүңірек көз, қырма сақал, киімі жұпыны қара жігіт кіріп келді. Бәрімізге сәлем берді де, Шәріп жездемнің нұсқауымен менің қасыма жайғасты. Шәріп әуелі мені, бала-шағамды оған тегіс таныстырып болған соң:
– Ал енді мына келген жігіт, аты Қуатжан, пәмилесі Мұқаманов, Кіші Жалаңашта тұрады. Әкесінің аты Құлжабек. Ол кісі сенің баяғы Мұқаман деген мұғаліміңнің баласы екен. «Балдызың қашан келеді?» деп ылғи сұрап жүруші еді, мен түнеукүні сол ауылда тұратын бір кісіден өзіңнің Кегенге келгеніңді Құлжабек ақсақалға айтып жіберген болатынмын...
Жездем әрі қарай да біраз сөйлеп барып тоқтады. Одан кейін келген жігіт аузы жыбырлап бірдеңелерді айтып жатты. Тыңдаған болып, бас изеп отырғаныммен, бұл кезде кеудеме бір жойқын өксік кептеліп, құлағым тарс бітіп қалған. Сәлден соң келген жігіт қоштасып үйден шығып кетті. Мең-зең күйде мелшиіп, орнымда үнсіз отырдым да қалдым. Біраздан соң далаға шықтым. Тек жеті жасар қызым Гүлмерейдің:
– Көке, Көккемерге бармай, осында қыдырып жүре береміз бе? – деген «ренішінен» кейін ғана ес жиғандай болдым.
Сөйтсем, жаңағы келген Қуатжан деген жігіт бізді шақырып келіпті, әкесі шамалы науқыстанып жатса керек. «Ертең келіп қонақ боп қайтыңыздар, әкем өзіңізді бір көруге зар боп отыр», - деген Қуатжанға тек бас изей беріппін.
– Көккемерге барамыз балам, бірақ ертең Кіші Жалаңаштағы Құлжабек атанікіне бармасақ болмайды, - дедім мен Гүлмерейге.
– Неге?
– Ол кісі менің Мұқаман деген мұғалімімнің баласы.
– Мұқаман мұғалім? Ол қандай мұғалім, қай жердегі мұғалім?
Гүлмерей өз сұрағына менен жауап болмағасын, балалармен ойнауға кетті.
Ал менің көз алдымнан Мұқаман мұғалімнің шуақты бейнесі күні бойы бір кетпей қойды. Сол күні тамаққа да, сөзге де, ұйқыға да зауқым болмады. Иә, бәрі де кеше ғана секілді еді...
٭ ٭ ٭
«Бесінші сыныпқа көштік» деп қуанып жүргеніміз бекер болды. Босқа қуанған екенбіз. Бұрынғыша Мао-ның өлеңдерін, мақалаларын жарыса жаттап, сыныпта шулап отыратын қайран кездер көзден бұл-бұл ұшты. Қазір «жә» деген диқанбыз. Күзде егін жинауға көмектесеміз. Қыста жарты күншілік жердегі атыз басына ауылдан қаппен қый тасимыз. Көктемде жер жыртып, егін салуға ат салыссақ, жазда жүгерінің арам шөбін отау жұмысы күтіп тұрады. Қойшы, әйтеуір бізді ешкім «қабырғасы қатпаған бала, істің жөнін білмейтін сәби» демейді, шамаң келе ме, келмей ме, оған да қарап жатқан пенде жоқ, кәдімгі атпал азамат істейтін жұмыстарға жеге береді, жай жегіп қойса мейлі ғой, бір қызығы бізге де күнделікті бір кісілік міндет жүктеп береді. Өл, тіріл, сол міндетті сол күні орындауың керек. Егер орындай алмасаң не өзің «күн көсем Маоға адал оқушы болмай шығасың» немесе ата-анаң «идеясы дұрыс социалистік еңбекші тәрбиелей алмағаны» үшін күреске тартылады. Өзіңді яки ата-анаңды ондай ұятқа қалдырғанша, еңбек басында зорығып өлгенің мың артық... Бұған қарсы «бұл қалай? неге?» деп не бірде-бір ата-ана, немесе мұғалім айта алмайды. Өйткені «Біздің оқу-ағартуымыздың басты бағыты - моральді, білімді, шымыр социалистік еңбекші тәрбиелеу» деген Маоның нұсқауы бар екен. Оған қарсы шығатын кімнің басы екеу дейсіз. Сонымен «жазған құлда шаршау жоқ» - жұрттың бәрінің дерті ішінде, айдағанға көніп, айтқанға еріп жүре береді...
Содан мен жетінші сыныпқа көшкен жылы әке-шешем, аға-жеңгем атыз басындағы қара жұмыстан өздері қажыды ма, жоқ қатықсыз қара суға қақталып, қабырғалары қатпай құмжілік болып, жүдеп бара жатқан бала-шағаны аяды ма, әйтеу, диқаншылықты тастап, малшылық бөлімшеге көшіп барып, қой бағудың жолын қарастыра бастады.
– Астымызда мініп жүретін аяқ-лау – көлік болады. Шайға қатық бірді-екілі сиыр ұстай аламыз. Ара-тұра көже-қатыққа ет те болып тұрады. Біз - Байбек (үлкен ұлы, менің ағамды айтады) екеуміз малдың жем-шөбін дайындаймыз. Ара-тұра коммунаның жұмысына кезектесіп барып тұрамыз. Ал қойды күнделікті Дулат бағады,- деп әкем маған қараған кезде:
– Оның оқуы қалады ғой...- деп анам әкемнің сөзін бөлді.
– Қайдағы оқуды айтып отырсың? Баланың сұрын қарасаңшы... Қабырғасы қатпаған неме, зорығып өлетін болды... Малға шықсақ, әйтеуір, өзге болмаса да, аққа жарып қаламыз ғой...
Әкейдің бұл ұсынысын анам мен аға-жеңгем бірден қолдай қоймады ма, әлде, малшылар ауылына көше жөнелудің реті келе қоймады ма, мен жетінші сыныпқа бара жатқанда басталған әңгіме сол оқу жылы аяқталуға бірер ай қалғанда ғана нақты шешімін тауыпты. Ауыл орталығындағы бір туысқанның үйінде жатып оқып жүрген маған Ақшиден «тез үйге келсін» деген хабар жетті. «Ақши қайдасың» деп тартып отырдым. Жаяу адамға екі ауылдың арасы бір жарым-екі сағаттық қана жол. Барсам ауламызда төрт түйе шөгерулі жатыр, абыр-дабыр, абың-күбің ел. Үйге кірдім, жүктің бәрін буып-түйіп тастаған. «Көшеміз» деген дыңғыр шыққаннан «осынау үш-төрт бөлмелі үйде тіреліп тұрған дүние, қора-қопсыдағы керекті заттар алақандай киіз үйге қалай сыяды?» деген мәселеге менің басым әбден қатып жүретін. Қарасам, үй бос қалыпты, бар болғаны теңкиіп-теңкиіп бес-алты тең жатыр... Содан не керек, кешінде дәмге шақырған көрші-қолаңнан тамақтанып, ертеңінде таң қылаң бере, менің кіндік қаным тамған, қайран Ақшиге қош-қош айтып көштік те кеттік... Сан жылғы көрші-қолаң, туыс-туған қолдарын шошайтып, жылай-жылай артта қалды...
Көш ауылдан алыстап кетті. Үлкендердің астында бір-бір ат. Мен әкеме мінгесіп келе жатқам. Түйелер жол жөнекей бірдеңелерді жұлып жеп, бақырып қойып, балп-балп басып келеді. Бір кезде әкем маған бұрылып:
– Дулат, ұйқың қанды ма? - деді әкем.
– Мен түнімен ұйықтаған жоқпын, - деп шынымды айттым.
– Неге?
– Білмеймін, ұйқым келмей қойды.
Иә, сол түні шынымен де мен атар таңды кірпік айқастырмай атырып жібердім. Әй, балалық-ай десеңші, аты бар да заты жоқ «оқудан» құтылғанымның қуанышы, шопан таяғын алып, қой бағатын болғанымның қуанышы... Алдымда мыңғырған қотан... Қыстауға, көктеуге, жайлауға, күздеуге көшіп жүргеніміз көз алдыма елестеп - ұйқым шайдай ашылып кетті. Әдетте ұйқың қанып үлгірмей шолтаң етіп ата салатын жаздың қысқа таңы, қырсыққанда тура бүгін атпай қойды... Бір заманда жерге жарық түсті. Осы кезде әкем оянды да «таң атты, тұрайық» деді. Сол-ақ екен мен әкеме ілесе орнымнан қарғып тұрғам...
Малшылық бөлімшеге көшіп бардық, қотанға бір қора қой салдық. Әкем айтқандай мінер атқа да, ішер асқа да жарып қалдық... Егіншілер ауылында түске кірмейтін сүт, айран, құрт, ірімшік... дегендеріңізге кекірік атып, мұрын шүйіре қарауға айналдық. Көже-қатық дегеніңіз де малшылар үшін сөз емес екен. Бірде ірі қара, бірде ұсақ мал пышаққа ілініп тұрады... Қысқасы мұнда егіншілердей ақсырай, қызылсырай қоймайды екенсің...
Иә, әкем айтқандай жоқшылықтан да, жаяушылықтан да құтылдық. Бірақ қой бағу деген мен ойлағандай «дүниенің рахаты, ұжмақ өмір» болмай шықты. Бір айдан кейін-ақ желім шығып, арыным қайтып, «қой» дегенде екі қолымды төбеме қойып безіп кететіндей жағдайға жеттім. Күні бойы іші пыспай, немесе жарылып кетпей қоралы қойдың артында қандай адамның үнсіз-түнсіз, ойын-күлкісіз салпақта-а-ап жүре беретініне таң қалам... Жарты жылдан соң қойлар қорадан маңырап өргенде, мен үйден еңіреп шығатын болдым...
Сол жылы күзде Мао өліп, дүн-дүние лезімде өзгеріп сала берді. Үлкендердің айтуынша, ауыл-ауылдардағы дүкендер әр түрлі тауарға толып қалыпты, бұрынғы талонмен беретін шай, қант, керосин, сабын, ұн, мата... дегендер бұған дейін қайда тығулы жатқаны қайдам, енді емін-еркін сатылып жатса керек. Тіпті ел өмірінде саяси еркіндік те бел алып келе жатса керек. Қарасу ауылындағы біреу көршісінің советтік Қазақстанның «Шалқар» радиосын тыңдағанын әшкерелеп аудандық «төңкерістік комитетке» арыз жазып барған екен, ондағылар «тыңдаса тыңдай берсін» деп арызқойдың өзін кеудесінен итеріп, кеңселерінен қуып шығыпты десіп жүрді жұрт. Енді түрмедегі, тіпті анау жылдары Тарым лагеріне жер аударылған саяси тұтқындар - «халық жаулары» да азаттықа шығатын көрінеді. Бұдан былай мектеп балалары коммунаның жұмысына жегілмей, тек қана сыныптарында отырып, бірыңғай сабақ оқитын болыпты... Жекелік мал өсіруге рұқсат береді деген де сөз бар... Әуелі кейбіреулерге Кеңес Одағындағы туыстарынан хат келе бастапты... Қойшы, несін айтасыз, екі-үш кісінің басы қосыла қалғанда айтылатын әңгіменің тұздығы осылар. Бұның ішіндегі мені қатты елең еткізген ең қуанышты хабар: «бұдан былай мектеп балалары тек оқумен ғана айналысады екен» деген жаңалық... «Қап, - деймін іштей, - бірер жыл шыдай тұрғанымда, мына жаңа заманға ілініп кеткендей екенмін-ау, әттегені!» Енді өкінгеннен не пайда?! Таяқ алып қой соңында жүргеніме екі жылдан асып барады, енді қайта барып оқығанда не береке табам?» деген ойға ерік бердім де, мектепке қайта барып оқу дегенді ептеп қиялымнан шығара бастадым.
Қойшыда немене ес-ақыл болсын, күз бе, көктем бе, жоқ әлде жаз ба еді, дәл қай кез екені есімде жоқ, бір күні ел ішіне «биылдан бастап мектеп бітірген балалардан емтихан алып, жоғары оқу орнына қабылдайтын болыпты... Көрші ауылдағы Қыдырбектің, Қасымның, Ақайдың балалары Үрімжіге, біздің ауылдағы Дәулетбайдың, Байжарғақтың балалары Құлжаға барып оқитын болыпты» деген хабар жетті. Ал енді өкін! Ал келіп жыла! Өйткені олардың бәрі менен нашар оқитын. Тіпті анау Қасымның Дәукені «Картадан Бежиңді көрсет» деген жағрафия пәнінің мұғаліміне ту Үнді мұхиттағы бір аралды нұсқап мұғалімге бір, аралға бір жаутаң-жаутаң қарап тұратын. Енді міне, ол да қабылдау емтиханынан өтіп Үрімжідегі үлкен оқуға баратын болыпты. «Барсын, жолы болсын! Бірақ оқудан шығып кетпегенімде мен де бір оқуға, Үрімжі болмаса да, Құлжадағы оқуға өтер едім ғой» дегенді ойлағанда, өкініштен іші-бауырым өртеніп, миым қаңсып кетеді.
Қой бағудан қажығандікі ме, әлде, оқу-білімнің болашағы көріне бастағандікі ме, әйтеуір, менде «мектепке барып оқуымды жалғастырсам» деген қиялдың ұшқыны қайта тұтана бастады. Бұл ойымды ептеп әкеме, шешеме, ағама күңк етіп айтып қалып та жүрдім. Әкем мен ағам мүлде қарсы болды. Ал анам байғұс ойланыңқырап қалады да:
– Әкең мен ағаң көнер ме екен, оның үстіне бір-екі жыл оқудан қол үзіп қалдың ғой, ілесе аласың ба? Егер ілесе алам десең әкеңмен, ағаңмен сөйлесіп көрейін, - деді. Анамның мына жауабын естігенде, мектепті қойып, университетке шақыру алған кісіше қуандым. Бірақ бұл қуанышым ұзаққа бармады. Әкем мен ағам екі жақтап анамның ойын өрге бастырмапты... Бір күні:
– Оқу дегенді ұмыт балам, қой бағып жүрген ел де аштан өліп, көштен қалып жатқан жоқ, оқығандарды да көріп жүрміз... Одан гөрі Алланың көзі түзу болсын, қойшы болсаң да көз алдымда жүргенің керек, - деп анам сөзді қысқа қайырды. Жылт еткен үміттің оты қайта сөніп, өмірден қайта түңіле бастадым. Қойдың маңыраған даусы жүрегіме қанжардай қадалады. Әкемнің былтыр шетеннен әдемілеп жасап берген ақ таяғын сындырып-сындырып лақтырып жібердім. Қотанды Үйсін тауының қыр жотасына айдап әкеліп, дүрбі салып Құлжа қаласы жаққа қараймын. Қала анық көрінбейді, сонда да: «Сол қалада тұрып жатқандар, оқып жүргендер неткен бақытты жандар еді! Ей Алла, мені де пендем деп жаратқаның шын болса, маған да сондай бақытты ғұмыр берші» деп Аллаға жылап тұрып жалбарынам... Осылай өзек өртеген удай өкінішпен жылдай күндерім, ғасырдай айларым өтіп жатты.
«Алладан шын сұрасаң, тілегіңді береді» деген рас екен. Бір күні әдеттегідей қоралы қойды қуып әкеліп, өзенге жамыраттым да, түскі тамағымды ішуге үйге беттедім. Анау төменде, өзен жағасындағы қасқа жолмен бір салт атты өрлеп келе жатқан. Мен жолды кесіп өте бергенімде әлгі жолаушы:
– Ей, бала тоқтай тұршы, - деді де астындағы атын тебініп, жүрісін жылдамтата түсті. Атқа отырғанына қарағанда қаланың адамы. Өзі қоқырайып, аты сүмірейіп - бір-біріне жарасса құдай бар. Тіпті оның басындағы ақшыл кепкі мен үстіндегі ақсұр костюм-шалбар да мынау қоңырқай қыр көзіне өрескел көрінгені соншалық, тұтас жайлау аңғарында оған аңырмаған бала, абаламаған ит қалмады. Бейтаныс жолаушы тепеңдеп менің қасыма таяп келді. Алды-артын ораған иттерді тас лақтырып қуып жібердім де, жолаушыға сәлем бердім.
– Уағалейкумассалам, батыр, - деп ол ат үстінен маған қолын ұсынды. Мен ыңғайсыздана барып қолын алдым. Ыңғайсызданғаным қыр қазағында үлкендер балаға қол ұсынбайды. Тіпті баланың ұсынған қолын «қарғадай болып ап қол бергішін өзінің» деп онша ұната бермейді. Сондықтан балалар үлкендерге тек сәлем беріп өте шығатынбыз.
– Осы жайлауда отыр деп еді, Есімханның үйін білмейсің бе?, - деп маған еңкейгені соншалық, ол атынан ауып түсіп қала жаздады.
– Анау үй. Мен сол үйдің баласымын, - дедім.
Бұған соншалық таңырқаған әлгі кісі:
– А?! Солай ма?! Ой, айналайын! Мына құдайдың шеберін қарай гөр, маған сені жолықтырғанын көрмейсің бе?
Осыны айтқан ол атынан қарғып түсіп мені бас салып құшақтады да, екі бетімнен кезек сүйді. Сөйтті де атын жетелеп менімен бірге жаяу аяңдады. Ішімнен: «Мен көрмеген бұл қандай туыс болды екен?» деп таңырқап келе жатқам. Менің осы ойымды біліп қойғандай ол:
– Сен Дулатсың ба?, - деді.
Мен басымды изедім.
– Мен Мұқаман деген ағаң болам.
Мен өз құлағыма өзім сенбей жолаушыға жалт қарап, «қалжыңдап тұрған жоқсыз ба?» деп сұрауға оқталып барып тоқталып қалдым. Дегенмен белгісіз бір шаттық көкейімді кернеп, денем дуылдап ысып бара жатты.
Мінекей үйге де келдік. Мен мама ағашқа ат байлап жатқанда үйден шыққан анам озаңдатып келіп әлгі кісіні бас салды. Жолаушы да жылап жатыр. Екеуінің құшағы жазылмай көп жылады. Бұл кезде көрші Келеке апам да келе қалыпты:
– Қой, Ырысхан енді. Сабыр ет! Жылағаны несі?! - деп басу айтып жатыр.
– Дулат, Амандастың ба? Бұл Мұқаман деген нағашың ғой, менің бауырым,- деді шешем.
Мен басымды изектеткен күйі қонаққа сәп сала қарадым.
– Иә, Дулат екеуміз танысып үлгердік. Тарымға - маған хат жазып тұратын батыр осы екен ғой...Азамат! - деді әлгі кісі мені, пейілдене мақтап. Сөйтсем «жергілікті ұлтшыл» – халық жауы болып Тарымға жер аударылып кеткен, өзім көрмеген, бірақ хат алысып тұратын нағашым - Мұқаман деген кісі осы екен. Нағашы болғанда шешемнің туған бауыры емес, үш-төрт атаның ары жағынан қосылатын жамағайын - бауыры. Бірақ оның ағайын, туыс атаулыдан Қытайдағы бар жақыны біздің анамыз екен. Менің жаңа-жаңа хат тани бастаған кезім, бірде:
– Сауаттарың бар ғой, хат жазып амандығын бір біліп қоймадыңдар,- деп анам аға-әпкеліреме өкпесін айтып жатқанын құлағым шалып қалған. Сол сөзден кейін көп кешікпей ол кісінің Тарымдағы мекен-жайын тауып алып, хат жазып жібергем. Содан бастап бұл кісі екеуміз жиі хат алысып тұратын болдық.
Мұқаман ағам сол жатқаннан біздің үйде он шақты күн жатты. Амандасып келуші жұрттың аяғы саябыр тартқан күндері менімен бірге қой жаюға шығады. Менімен кәдімгі қатар-құрбымдай әңгімелеседі. Ол кісінің жағдайы, тағдыры туралы анамнан көп естігем. Оның бір заманда Ташкенттен оқығанын, оқу бітіріп келген соң, шеттен оқып келгендерді Қытай үкіметі ішкі өлкелерге экскурсия-саяхатқа алып кеткенін, осы аралықта Мұқаманның өзінің тапсырмасымен ата-анасы, әйелі, бала шағасы (екі ұл, екі қызы) кеңестік Қазақстанға өтіп кеткенін, Мұқамандар ішкі қытайдан ауылға қайтып оралғанда үкімет олардың паспорттарын жинап алғанын, ақыр аяғында «жергілікті ұлтшыл» деп Тарымдағы еңбекпен түзеу лагеріне жер аударып жібергенін...ес білгелі анамнан естіп өскебіз.
– Менің жағдайымнан толық хабарың бар екен Дулатжан, енді өзіңнің арман-мұратыңды айтшы. Келешекте кім болғың келеді? Әлде шопан болған ұнай ма саған? - деді бірде менімен бірге өріске шыққан Мұқаман аға менің басымнан сыйпап тұрып.
Осы кісі біздің үйге келгелі «оқысам» деген ниетім тіптен күшейе түсті. Өйткені оның әңгімесінің тұздығы да, өзегі де «білім-ғылым, сауаттылық, балаларды оқыту...» болып келеді екен. «Әттең,- дейтінмін іштей, - арыз-арманымды осы кісіге жақсылап тұрып айтып берсем. Мұқаман ағам: «Дулатты оқытыңдар» десе, әке-шешем ол кісіні тыңдар еді ғой» - деп шиыршық атып жүргем. Міне енді «айтсам» деген арзумды өзі сұрап тұр.
Ұрыста тұрыс жоқ. Енді айтпасам «сөздің атасы өледі» ғой. Тіпті сөздің атасы өлер, өлмес, өзім өмір бойы қой соңында қаламын ғой. Осыны ойлап, үлкен кісілерше тамағымды бір жөткірініп алдым да, Мао-ның кезіндегі оқуда мән-мағына болмағандықтан оқудан қашқанымды, ендігі арманым мектеп құшағына қайта оралып, кейін жоғары оқу орнына түскім келетінін, онда дәрігерлік мамандық бойынша оқып, жұртты емдегім келетінін, ата-анамның мені оқытуға қарсы екендігін тәптіштеп айтып шықтым да, сөзімнің соңында:
– Әке-шешем сіздің тіліңізден шықпайды ғой аға, осы жолы мені оқытуға көндіріп кетіңізші,- дедім. Бұл сөздерді айтқанда көзімнің шарасы меймілдеп жасқа толып кеткенін өзім де сезбей қалдым.
– Босама, Дулатжан. Оқисың. Күзде мектебіңе қайта барасың... Мүмкін, саған өзім сабақ беретін шығармын, - деп басымнан сипаған Мұқаман ағам әке-шешемді көндіріп, келісімін алып қойған кісіше сөйледі.
– Ол кісілермен сөйлестіңіз бе?
– Жоқ. Сөйлесем. Оқисың. Оқытады.
«Әлі піспеген әңгіме екен ғой» деп сәл қобалжып қалдым да:
– Сонда сіз мұғалім боласыз ба?
– Иә, салауатымды, жұмысымды қалпына келтіру комитеті мені «аудандық орта мектепке мұғалім болады» депті. Оған да «бопты» дедік. Тарымда да жүрдік қой ит қорлықпен...
Оның терең-терең, айқыш-ұйқыш әжім басқан жүзі бір-түрлі сұрланып кетті. Басы салбырап біраз үнсіз отырды. Сосын көкірегін қарс айыра бір күрсінді де орнынан тұрып, батыс көкжиекке ұзақ қарап тұрды да қойды. Мен жайлап басып қасына барып, бет-жүзіне қарап қалып ем, көз шарасы меймілдей жасқа толып кетіпті. Ол дереу теріс айналып, жанқалтасынан беторамалын алды да, маған көрсетпей көз жасын тез-тез сүртіп, қайыра бері қарады. Сөйтті де:
– Дулатжан, сен білесің бе, егер шекара болмаса, астымда бір жақсы ат болса, осы Үйсін тауын бөктерлеп тартып отырсам жарты күнге жетпей-ақ Қазақстандағы бала-шағаммен қауышар едім... Әй, ит тағдыр-ай! Қарыс жерде тұрған қатын, бала-шағамды бір көруге зар ғып қойғанын қарашы!
Бұл сөздерді айтқанда ол көз жасының бетін жуып кеткенін сезбеді ме, жоқ менен жасыруды есінен шығарып алды ма, ажымдарды қуалап еңістеп, иегінен киіміне тамшылап тұрған көз жасында шаруасы болмады. Кішкентай баланы жұбатқанды білетінмін, бірақ өмірімде үлкен адамға жұбату айтып көрмеген екенмін. Тіпті бір жақынынан, қимасынан айрылып, қаралы болып қалғанда болмаса, үлкен адам бұлай егіледі деп ойлаған да емеспін. Қапелімде не айтарымды білмей, состиып тұрып қалдым. Не деймін енді? Жас бала болса алдар едім, оған көнбесе қорқытар едім... Әйтеуір бір амалын тауып жұбатып алар едім ғой.. Қолымнан бар келгені «көңіл-күйіңізге ортақпын» дегендей сүмірейіп, жерге қарадым да тұрдым. Әлден уақыттан соң:
– Жарайды Дулатжан, мен үйге аяңдайын. Сенің де қойларыңды қоралайтын уағың болып қалған жоқ па?, - деді де аяғын әлмек-сәлмек басып еңістеп бара жатты.
Осыдан кейін тағы бір-екі қонды да Мұқаман ағам аттанып кетті. Ақ кепкісін баса киіп, ақсұр костюмінің екі етегін желпілдетіп сайға түскені сол еді, ауылдың тірі иті тұтас шығып атының алды-артын бірақ орап алды.
– Жерге кіргір, қырылып қалғырдың иттері, сонша шулағаны несі, адам көрмегендей, - деді анам иттерге кейіп.
– Бауырыңның атқа отырысы ауылдың иттеріне де ұнамады-ау деймін, - деп ақсия күліп тұрған әкеме анам салқын ғана бір қарады да үйге кіріп кетті.
Мұқаман нағашымның тағы да біраз күн тұрмай кетіп қалғаны мен үшін үлкен өкініш болғанымен, сол күнгі кештегі қуанышты хабар маған бәрін ұмыттырып жіберді. Сөзді әкем бастады:
– Дулат, оқудан шығып кеткеніңе екі жылдай болып қалды. Қарайып қалған жоқсың ба, балам?
– Жоқ, - дедім мен еш екіленбестен.
– Сені күзде қайтадан мектепке беретін болдық.
Әкемнің бұл сөзіне шешем, аға-жеңгем не дер екен дегендей, бәріне жағалай қарадым. Бәрі бастарын изеп, «иә, солай» дегендей ишара білдірді. Әлгінде ғана қарным ашып, дастарханға өзеурей отырып едім, мына әңгімеден кейін кеңірдегімнен не шай, не тамақ өтпей қалды. Жүрегім атқылап аузымнан шығып кетуге шақ тұр. Денем ысып-күйіп, миым шыңылдап барады. Осы аралықта аға-жеңгем де бір нәрселер айтып еді. Мен түсінбейтін бөтен тілде сөйлеп жатқандай, құлағыма ештеңе кірмеді.
Ана жылғы малшылыққа көшетін күнгі секілді бұл түні де кірпік ілмей таң атырдым. Есептеп көрсем, 1-ші қыркүйекке дейін бақандай бір ай бар екен. Енді сол бір айды қалай өткізем дегенді ойлағанда ұйқым одан сайын ашылды.
Пендем асықты екен деп, Жаратқанның күні жүрісінен жаңылады дейсің бе?! Сағат санап мазам кеткенімен, шырын қиялдың шырмауында жүріп бітпестей көрінген бір айдың қалай өте шыққанын аңғармай да қалдым. Ес кете қуануымның тағы бір себебі - бұл жолы мен аудандағы немерелес ағамның үйінде жатып оқитын болдым. Өзі аудандық №1 орта мектепте істейтін болғасын, бұл да Мұқаман ағамның тапсырмасы екен.
Тамыз айының соңғы күндерінің бірінде әкем екеуміз екі атпен жолға шықтық. Әкем жарықтық көп сөйлемейтін кісі еді, жол ортадан ауып, аудан орталығына таяп қалғанда:
– Мұқаманды бұдан кейін Мұқаман мұғалім дейсің. Сенің оқуыңды, тәртібіңді өзі қадағалап тұрады. Қалада бұзық, тентек бала көп болады. Соларға ілесіп алып, сабақты дұрыс оқымайтын болсаң, сол күні барам да оқудан шығарып алам. Әкеліп ақ таяғыңды берем де, ақ қойдың артына сәлем,- деп маған қатулана бір қарап қойды.
«Құдай сақтасын» дедім ішімнен, «ақ таяқ, ақ қой» деген сөздерді айтқанда әзірейілдің атын естігендей жүрегім зырқ етіп, өне бойым түршігіп кетті. «Ей, Алла, - дедім тағы да ішімнен, - пендем десең ақ таяқты да, ақ қойды да көрсетпе!»
Аудан орталығында тұратын аға-жеңгем жылы қарсы алды. Жеңгеміз Секерханның шәрінің қызы екенін білетінмін. Ауданға келіп қайтқан жұрт шәрінің қазағын жаппай сұмырай ғып айтып келуші еді, жоқ, мына жеңгемізден қазірге бәлендей сұмырайлық байқалмайды. Ағам екеуміз аттарды бір ұйғырдың алма бағының шет жағына арқандап, үйге қайтып келсек, әкемнің қасында Мұқаман мұғалім отыр. Сәлем бердім. Тағы да қолын ұсынды, қолымды беріп ем, өзіне тартып жақындатты да, маңдайымнан иіскеп қойды. Сөйтті де:
– Дулат, - деді дауысын көтере сөйлеп, - бүгін сенің жиендігіңнін соңғы күні. Ертеңнен бастап біз туысқан емеспіз. Тек ұстаз-шәкірт қанамыз. Мен - Мұқаман мұғаліммін. Сен – Дулат оқушысың. Түсіндің бе?
Мен басымды изектетіп, жымиған болдым. Бұл сөзді әкем айтқанда онша мән бермеп едім, енді көңілім бір түрлі қоңылтақсып қалды. Таудай тірек тұтып, «Мұқаман ағам бар ғой» деп сеніп келген кісім осы ма? Осындай ой жыландай сумаң еткенде ішім мұздап сала берді. «Кім біледі, қалжыңдап отырған шығар» деген оймен өзімді қайта ширатып алдым.
Үй иесі немерелес ағам - Көшербай мен Мұқаман мұғалім екеуі «жүз граммдата» отырып, ұзақ әңгімелесті. Әкем арақтарына араласпағанымен, әңгімеге құлшына атсалысып отырды. Бір кезде Мұқаман мұғалім Кеңестер одағына өтіп кеткен отбасынан хат алғанын, әсіресе балаларын бір көруге зар болып, санамен сарғайып жүргенін, ұл-қыздарының неше жасқа келгенін, қазір не істеп, қайда жүргенін айтып «қарғаларым-ай» деді де еңкілдеп қоя берді... Бұл жолы өткендегі жайлаудағыдай көз жасын қалқалап жасырған да жоқ. Тіпті «бұл құдайға не жазып қойып едім?!» деген сөзді айтқанда даусы озандай шықты.
– Қой сабыр ет Мұқажан! Жаман ырым бастама! «Екі тау қосылмайды, екі ел қосылады» деген бар емес пе?! Әлі-ақ отбасыңа, бала-шағаңа қосыласың, заман оңалып келеді ғой, одан да бас аманшылығыңды, денсаулығыңды ойла, - деп жатыр әкем.
Мұқаман мұғалімнің көңілі босаған кезде Секерхан жеңгем қайта-қайта жаулығының ұшымен көз жасын сүрткіштеп отырған. Ал Көшербай ағам болса ара-тұра Мұқаман мұғалім мен өзінің әйеліне кезек-кезек қарайды да, басын салбыратып шайқап-шайқап қояды. Әкемнің сөзі аяқталып, Мұқаман мұғалім жылауын сәл тоқтатқан бір тұста Көшербай:
– Е, міне, Мұқа аға, осылай қайратқа келсеңізші. Қане, мынаны бір алып жіберелік, - деп рюмкасын көтерді. Тостағандарын ашырқана, тыжырына босатқан екеуі кеселеріндегі суып қалған қара шайларын жарыса сіміріп салды.
– Сонда Мұқа аға, біреу анау дейді, біреу мынау дейді. Ол кезде біз бала болдық қой, отбасыңыз неге көшіп кетті? Сіз бұл жақта қалай қалып қойдыңыз?
Әкем «ескі жараның аузын тырнап, оны неғып есіне салып отыр мынау» деген кісіше Көшербайдың бұл әңгімені қайта қоңырсытқанын жақтырмай қалды. Басқа кез болса бірдеңе деп оны тыйып тастар еді, бұл жолы ісі түсіп келіп отырған соң ба, жоқ әлде ішіп алған адаммен тәжікелесіп қайтем деді ме, үндемеді.
Жұрт мөлдіреп өзінің аузына қарап отырған соң, Мұқаман мұғалім әуелі «өһ» деп ауыр бір күрсініп алды да:
– Айтсам әңгіме ұзақ. Сөз көп. Бір таң емес, неше таңға бітпейді. Құтты мешін үйіңде отырмын. Сұрап қалдың, айтпасам тағы болмас. Бірақ қысқаша барысын ғана ұқсаң болды ғой...
– Иә, қысқаша,-деп қойды әкем осы тұста.
– 1958 жылы Ташкент университетіндегі оқуымды аяқтап, дипломды қолға алып, маусымның соңында елге оралдым. Бізді оқуға жіберген Үрімжідегі оқу-ағарту назаратының жауапты қызметкері шекарадан қарсы алды. Құлжаға келгеннен кейін әлгі кісі жиналыс ашып: «Екі ай ауылдарыңда дем алыңдар да, тамыздың 25 күні Үрімжіге оқу-ағарту назаратына келіңдер. Содан кейін сіздерді жұмысқа бөлеміз»,-деді. «Қош» дедік те тарадық. Ауылға келдім. Әке-шешемді, бала-шағамды көріп бір жасап қалдым. Әңгіменің осы тұсында Көшербай ағам:
– Қай кезде үйленіп жүрсіз? - деп таңдана сұрады.
– Жалғыз ұлы болғандықтан ата-анам мені мектеп бітерер-бітірместен үйлендіріп қойды, - деп Мұқаман мұғалім әңгімесін әрі қарай жалғады, - ол заманда әке-шешенің айтқаны заң, мен не дейін?! «мақұл» дедім. 1954 жылы Құлжадағы білім жұртында оқып, жүрген жерімде үкімет Ташкентке оқуға жіберді. Ата-ана, бала-шаға осы жақта болғаннан кейін, жыл сайын келіп тұрдық. Келген сайын бұл жақтан күдер үзіп, түңіле бастадым. Қара қытай барған сайын қаптап, мұндағы жергілікті халықтар екінші-үшінші сортқа айнала бастапты. Қысқасы маған қайтып келіп бұл елде өмір сүру мүмкін емес секілді болып көрінді. Оның үстіне Советке нағашымыз көшіп кетіпті, әкейдің жалғыз інісі ол да көшіп кетіпті. Әкеймен сөйлесіп көріп едім, ол кісі де келісе кетті. Сонымен оқу болса бітті, Ташкент университетінің дипломы қалтада. Енді екі ай босқа жатам ба? Құлжаға қайыра бардым да, Кеңес одағының консулына кіріп, тұтас отбасы мүшелеріне паспорт алып шықтым. Алқын-жұлқын ауылға қайта келіп, көшудің қамына кірісіп кетіп едім, аяқ астынан: «Үрімжіге тез келсін. Шеттен оқу бітіріп келгендерді ішкі Қытайға экскурсия-саяхатқа апарамыз» деген хабар жетті. «Бармай-ақ көшіп кете берейік» деп едім, әкей:
– Қой, балам, үкіметтің құрығы ұзын. Ертең шекарадан шығармай қойса қайтесің? Барып кел. Сен келген соң көшсек те кешікпеспіз, – деп отырып алды.
– Жарайды, барайын. Бірақ сіздер менің келуімді күтпей, қалай дайындықтарыңыз бітеді, сол күні ерте күнді кеш қылмай көше беріңіздер. Мен бір басым қашан болса да арттарыңыздан жетем. Паспортым қалтада... Осыған келіссеңіздер ғана Үрімжіге барам, - деп мен де сіресіп қалдым.
Келісім осы болды. Ұзамай мен Үрімжіге жүріп кеттім. Кеңес Одағының әр түкпірінде оқыған қазақ-ұйғыр, қырғыздың бәрін жинап алыпты. Бізге ішкі Қытайдың Бежиң, Тяньзинь, Шаңхай қалаларын, Гуандуң, Гүйжоу өлкелерін аралатып, «социалистік Қытайдың қарышты қадамымен таныстырмақ» екен... Үрімжіге көп аялдамадық, сол шілденің соңында-ақ Бежиңге тартып кеттік. Сол кеткеннен мол кеттік. Шанхайға барғанда ма, әлде Гуаңджоуда ма еді, телефонмен әкейді ауданға шақыртып алып сөйлестім.
– Дайындық бітті. Бірақ өзіңді күтсек деп тұрмыз, - дейді әкей.
Әйтеуір әрі айтып, бері айтып жүріп көндірдім. Содан оншақты күннен кейін ауданға тағы телефон шалып едім, «Үйлерің Советке көшіп кетті» деген жауап алдым. «Үһ» деп көңілім орнына түсті. Қыркүйектің басында Үрімжіге қайтып оралдық. «Мені Құлжаға жұмысқа бөлсеңіздер» деп өтініш жасадым. Ондағы ойым Құлжаға бір жетіп алсам, шекарадан өтуге көп қолайлылық туылар еді деген қулығым болатын. Алайда өтінішіме «көреміз, қарастырамыз» деген ғана жауап алдым. Сонымен «бөлісті» күтіп біраз күн жатып қалдық.
Осы тұста әңгімеге Көшербай тағы араласты:
– Үйбай-ау, Мұқа аға, босқа күтіп жатқанша ептеп Құлжаға келіп алып, шекарадан қашып болса да өтіп кетпедіңіз бе?!
– Соны айтпайсың ба?! Ақымақшылық қой баяғы, - деп Мұқаман мұғалім шапалағымен санын тартты да, қолтығындағы жастықты былай алып, бойын тіктей отырды, - оның үстіне бізде мүлде жаман ой болған жоқ... Иә, содан бір күні қонақүйдегі бөлмеме бейтаныс төрт адам кіріп келді. Екеуі қытай, біреуі қазақ, біреуі ұйғыр. Келген бойда:
– Сізбен біздің бастық сөйлескісі келеді, - деді төтесінен.
– Қандай бастық? Қандай мекеменің бастығы? - деп жатырмын мен таңданысымды жасыра алмай.
– Барғанда білесіз, - деді ұйғыр жігіті.
– Қызық екен, - деп күңк етіп едім,
– Тездетіңіз, - деп дүңк етті қазақ жігіті.
Тыста машиналары тұр екен. Барсам «бастық» деп отырғаны баяғы «үш әріптің» бөлім бастығы екен. Содан Үрімжі түрмесінде бір жыл «тергеуде» жаттым...
Манадан бері маужырап зорға отырған менің ұйқым ашылып кетті. Тура осыны күткендей Көшербай ағам да:
– Сонда не дейді ол иттер? - деп саңқ ете түсті.
– Не дейді дерің бар ма? «Ұлт-азаттық ұйым құрыппын», «Шынжаңды бөлшектеуге ұрыныппын», «Шетелде жүргенде Қытайға қарсы үгіт-насихат таратыппын», «ата-анамды Советке көшіріп жіберіппін», «онымен қоймай өзгелерді де көшуге үгіттеппін»,.. Осының бәрінің ең басты дәлелі сөмкемнен Совет паспортының шыққандығы екен... Келесі 59-жылдың көктемінде Тарымдағы еңбекпен өзгерту лагеріне «Жергілікті ұлтшыл. Отан сатқыны. Аса қауіпті элемент» деген қалпақ киіп, жер аударылдым...
Әңгімесі осы тұсқа келген Мұқаман мұғалім «одан кейінгісін өздерің де білесіңдер ғой» деген кісіше басын изеп тұнжырап ұзақ отырып қалды.
– Е, Алла! Жаратқан ием! Пәле қайда, жала қайда дерің бар ма?! Енді тек отбасыңмен аман-есен қауышатын күн жақын болсын деп тілейік, - деп әкем Мұқаман мұғалімнің жауырынына қолын қойын аз-кем тұнжырап отырды да, сосын Секерхан жеңгеме қарап, - төсек-орын дайын болса біз демала берсек, шырағым, - деді.
– Дайын ата, бағана салып қойғам.
Әкем екеуміз қарсы бөлмеге барып жатып қалдық. Ал Көшербай ағам мен Мұқаман мұғалімнің қашан жатқанын, әрі қарай не айтқанын білмеймін. Біз ертеңіне орнымыздан тұрғанда Мұқаман мұғалім ол үйден кетіп қалыпты.
– Ал, Көшербай, мына Дулат Аллаға аманат, келін екеуіңе аманат. «Бәрің бірдей қойшы болсаң құл боласың» деген екен бұрынғылар. Балалардың бәрін оқытпадық. Біздікі «көз алдымызда болсын» деген қараңғылық қой баяғы. Таяқ алып қой баққанға, кетпен алып жер шапқанға мүйіз шықса, біздің мүйіздің көк тірейтін уағы болды. Мұқаман өткенде ауылға барып, жата-жастана жатып: «Заман оңалып келеді. Бір балаңызды оқытыңыз» деп арғы-бергінің бәрін түсіндірген соң, «бопты, оқытсам оқытайын» деп Дулатты алып келіп отырмын. Егер үйлеріңе «жатқыза алмаймын» десеңдер, мектептің жатақханасы бар екен ғой, соған алып барайын...
Әкемнің сөзі тура осы араға келгенде Көшербай аға әйелі екеуі:
– Жоға, о не дегеніңіз?! Үй кең... Өз үйіңіз ғой... - деп жарыса тіл қатты.
– Олай болса, мен бүгін ауылға қайтам, - деп сөзін жалғаған әкем, - ертең Дулатты мектепке өзің ертіп апарарсың, - деп Көшербайға бір, маған бір қарады.
– Апарам ғой. Нешінші сыныпқа барасың, Дулат?- деді Көшербай ағам.
Бұл сұраққа біраз тосылып қалдым. Себебі еркіме салса сегізінші сыныпқа барар едім. Егер қалауым болмай мектеп өзі «жетінші оқисың» десе қайтем деген ойда жүргем.
– Сегізінші сыныпқа баратын шығармын. Себебі ана жылы оқудан жетінші сыныпты бітірейін деп қалған кезде шықтым ғой, - дедім не болса да.
– Онда сегізінші сыныпқа барғаның жөн екен, - деді Көшербай ағам да.
Ертеңінде мені Көшербай ағам мектеп директорына ертіп кіріп, ауылдағы мектептен «жетінші сынып бітірді» деген анықтама әкеліп беретін болды. Сосын «8а» деген сыныпқа кіргізіп, мені партама отырғызды да кетіп қалды. Математика пәнінің мұғалімі, сынып жетекшіміз Нұрбақ ағайдың сабағы жүріп жатыр екен. Жарты сағат өтті ме, өтпеді ме, есік қағылды да Мұқаман мұғалім кіріп келді. Тақтаның алдында тұрған Нұрбақ мұғалімге қарап «кешір» деді де, тура менің қасыма келіп құлағымнан ұстады. Сөйтті де:
– Сөмкеңді жинастыр, - деді.
Жинастырдым. Зәрем қалмады. Құлағымнан ұстаған күйі далаға алып шықты да:
– Неге сегізінші сыныпқа кіріп алғансың?, - деді құлағымды жіберіп.
– Ана жылы жетінші сыныпты бітірейін деп қалған кезде шықтым ғой оқудан.
– Ол кезде сабақ оқушы ма едіңдер?
– Жоқ. Негізінен еңбек істейтінбіз.
Олай болса сен сегіз емес, жетінші сыныпқа ілесіп оқи алсаң үлкен жетістік. Ал қазір сегізінші сыныпқа кірдің делік, ертең сабаққа ілесе алмай оқудан шығып қалсаң, немесе мектепті бітіріп университетке түсе алмай қалсаң, онда осы жолы қайта келіп оқуыңның қандай мағынасы болады?, - деді де Мұқаман мұғалім қолымнан жетелеп бір сыныпқа алып барды. Ол сыныптың жетекшісі өзі екен. Мені балаларға қысқаша таныстырды. Сынып тола отыз баланың жүз-шырайына қарасам, манағы сегізінші сыныптағыдай емес, бәрі де мені ықыластана-пейілдене қабылдап тұрғаны байқалады. Таныса келе білдім, біразы менімен жасты екен, көбі, әрине бір-екі жас кіші. Тіпті Қарадала ауылынан келген екі баланың екеуінің де жасы менен үлкен болып шықты. Содан не керек, ырду-дырду оқушылық өмір қайтадан басталды да кетті. «Өлгенде көрген Өгізбайым» дегендей, зорға жеткен оқу болғасын, барымды, жанымды салып оқыдым. Сөйтіп бірінші тоқсанның соңында-ақ ағалап алға шықтым.
Мектептегі білім беру жағдайы бұрынғы Мао-ның кезіндегімен салыстарғанда мүлде өзгерген. Толық күн оқимыз. Сабақ таңертең сегізде басталады. Түсте екі сағат үзіліс. Кеште сағат алтыда бір-ақ босаймыз. Демек бұндайда бір күн сабақтан қалсаң, апта бойы аспаннан түскендей болып аңырайып отырасың. Сол үшін де мен қандай жағдайда да сабақтан қалмауға тырыстым. Осылайша жетінші сыныпты озат аяқтадым. Алайда еркімнен тыс жағдайлармен сегізінші сыныпқа барғанда күз-көктем екі-үш рет, яғни екі-үш күн сабақтан қалып қойдым. «Еркімнен тыс» деп отырғаным, оқушыларды коммунаның жұмысына көмектесуге алмағанымен, мектептің өзінің шаруашылығына көмектесуге үнемі болмаса да, ара-тұра кезекпен жіберіп тұрады екен. Сегізінші сыныпқа барған жылдың қазан айы болатын. Бір күні таңғы сағат сегізде қытай тілі сабағында отырғанбыз. Жайлап есік қақты да, Мұқаман мұғалім кіріп келді. Келді де қытай тілі пәнінің мұғаліміне «кешіріңіз» дегендей ишара жасады. Сосын бізге қарап:
– Бақытжан, Кәдірхан, Дулат үшеуің сөмкелеріңді жинап, маған ілесіп жүріңдер,-деді де өзі шығып кетті.
Тысқа шықсақ, Мұқаман мұғалім есіктің алдында тұр екен.
– Бүгін біз Шолақтеректен мектеп асханасына картоп әкелуге барамыз. Үйлеріңе барып, сөмкелеріңді тастап, жұмыс киімдеріңді киіп келіңдер. Сағатқа қарап тұрам, қазір сағат сегіз жарым ба? тура тоғыз нөл-нөлде қақпаның алдына келетін болыңдар.
Мұғалімнің айтқан уағында қақпаның алдына келсек, мектептің екі ат арбасы жол бойында бізді күтіп тұр екен. Арбаның біреуін Мөмінжан деген ұйғыр, екіншісін Қуаныш деген қазақ айдайтын. Қуаныштың арбасында Мұқаман мұғалім мен мектептің шаруашылық бөлімінің бастығы Орынбек отыр.
– Бақытжан, Кәдірхан екеуің Мөмінжанның арбасына отырыңдар. Дулат, сен мұнда, біздің қасымызға кел,- деді Мұқаман мұғалім.
Мен достарымнан бөлініп қалғаныма іштей қынжылғаныммен, мұғалімнің сөзін екі етпей, олардың қасына жайғастым. «Кеттік пе?» деді де Қуаныш делбені қағып қалып, қамшысын шошаң еткізді. Сол-ақ екен бір жирен, бірі торы екі ат арбаны жұлқа тартып жүріп кетті. Баратын ауылымыз он бес шақырымдай жерде. «Ат арба» екен деп «шоферлар» жөн жоқ тырқырата бермейді екен. Ара-тұра кезіккен еңкейістерде болмаса, аттарды желдірген де жоқ. Кәдімгі ат аяңмен келе жатырмыз.
Жастары қарайлас болу керек үшеуі әр нәрсені сөз етіп, бір-біріне әзілдесіп келе жатты. Олардан сәл шеткерілеу, үнсіз отырған мен ғанамын.
– Шолақтеректе басы бос келіншек, отырып қалған қыз болса, саған құда түсе келейік, Мұқаман мұғалім,- деді бір кезде Орынбек.
– Қыз-келіншегіңді қайтем... Алла бұйырса өз бала-шағаммен қауышар күн де алыс емес.
Осыны айтқанда Мұқаман мұғалімнің әжімді жүзі нұрланып, жанары ту алыстағы тау шыңдарына қадалып қалды. Бұған таңданған Орынбек:
– Қой-ей, шын айтасың ба? Дегенмен кеткенге дейін қу тізеңді құшақтап жалғыз жатқанша дегенім ғой,- деп Мұқаман мұғалімді білегінен тартып қалып, оған жақындаңқырап отырды.
– Болса болады,- деді арбакеш, жақында Құлжадағы бөлемнің қайынатасы Советтегі туыстарына қыдырып бару үшін Бежіңге – Совет елшілігінен виза алуға кетіпті.
Мына жаңалықты естіген Орынбек:
– А?! Онда шекара ашылған болды ғой. Ойпырым-ай, ә! Мен естімеппін тегі...
– Сен қайдан естисің? Аңдығаның асхананың қазаны, айналдырғаның аспаз келіншектер. Советтен хат-хабар келе бастағанына үш-төрт жыл болды. Ал жолаушыларға шекара ашқанына бір жыл болды,- деді Мұқаман мұғалім.
Мұқаман мұғалімнің қалжыңына Орынбек кәдімгідей намыстанып, көгереңдеп қалды. Сөйтті де «осал тұсың осы болар» дегендей:
– Онда бала-шағаңның қасына кетпейсің бе енді, тойған жеріңде жүре бермей?!, - деді де Мұқаман мұғалімді иықтан бір қағып қойып, зорланып ыржиған болды.
– Иә, тойғыздыңдар. Мен кешікпей Советке кетем. Сен тоймай жүрсең тоясың әлі, Ореке. Асықпа.
Осылайша екеуінің қалжыңының қиюы кете бастағанын сезді ме, әңгімеге арбакеш араласты:
– Сонымен Мұқа, бала-шағаңыздан хат-хабар алып тұрасыз ба?
Мұқаман мұғалім Советтегі балаларынан бір емес, бір неше хат алғанын, енді шақыру алдырғалы жатқанын, шақыру келсе, келер жылы Советке кететінін айтты да, қалтасынан қағаз алып темекі орауға кірісті.
Бір заманда арбакеш Мұқаман мұғалімнен Ташкентті, Алматыны, Советтегі адамдардың өмірін сұрай бастады. Мұқаман мұғалімнің айтуынша, әлемде Ташкенттей үлкен, Алматыдай әсем қала жоқ. Жер бетінде Советтің адамдарындай мәдениетті, сауатты, таза адам жоқ. Киімнің кереметі де, тамақтың дәмдісі де, машинаның мықтысы да, дәрігердің білгірі де, қойшы, әйтеуір, әлемдегі жақсылар мен кереметтердің бәрі Советте екен.
– Мынауың арба бола ма? - деп жалғады сөзін Мұқаман мұғалім,- Советтегі арбалар күйме секілді болады.
– Орыстың арағы қандай болады?
– Оһо, арақ деп орыстың арағын айт! Мына біздің Қытайдікі арақ бола ма, өзі сасық, өзі удай ашты. Советтің арағында иіс жоқ. Оның үстіне тіл қуыратындай ащы да емес.
Осы сапарда арбакеш кеңестік Қазақстан туралы сұраудан бір жалықпаса, Мұқаман мұғалім оған жауап беруден де бір ерінген жоқ. «Арбакештің сұрағы таусылып қалмаса екен» деп қыпылдап мен отырмын. Қысқасы Мұқаман мұғалімнің сыйпаттауынша, бұл дүниенің жаннаты, ел төресі, жерұйық мекен – Кеңестер одағы екен.
Жалпы Мұқаман мұғалімнің бұл рәуіштегі сөздерін сыныпта, сабақ үстінде де көп еститінбіз. Сыныптағы біреу жаңа киім киіп келсе «оһо, киімің құтты болсын! Бірақ бұл жақтағы матаның бәрі осы, – ерлерге тек қана жасыл мен көк, әйелдерге табақтай-табақтай гүлдері бар сәтен ғана. Мата деп Советтің матасын айт. Сан мың түрі бар ғой, әрі сапасы қандай! Мап-майда, судырап тұр!» деп басын шайқап қояр еді. Бір күні сыныпта бір бала келесі қатардағы балаға бір алманы лақтырып қалып еді, анау ұстай алмай алма жерге түсіп қалды. Бұны байқап қалған Мұқаман мұғалім жайлап барып алманы алып, танауына жақындатып біраз тұрды. Сөйтті де:
– Осы да алма бола ма? Не иіс жоқ, не түр жоқ. Алма деп Алматының алмасын айт! Иіс қандай! Дәм қандай! Ал апорт алмаларының үлкендігі артық-кемі жоқ, тура сендердің бастарыңдай болады..., - деп бір тоқтады да,- сабақ уағында бұндаймен айналысқандарыңды екінші көрмейтін болайын. Мә, -деді де алманы қайтарып берді.
Әдебиет пәнінен сабақ беретін Мұқаман мұғалім оқулықтағы қытай ақын-жазушыларының шығармаларын «өздерің оқып алыңдар» дейтін де, қайдан алатынын білмеймін, бізге көбінде Абайдың өлеңдерін, Мұхтар Әуезовтың «Абай жолын», С.Мұқановтың «Ботагөзін» оқып беретін. Ара-тұра А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, М.Жұмабаевтар туралы әңгімелейтін. Бірақ «Абай жолы» мен «Ботагөздегі» оқиғалардан өзгесі құлағымызға онша кіре бермейтін. Ал Мұқаман мұғалім бізге ылғи да Абай өлеңдерін жаздырып, жаттап келуге тапсырма беретін. Өзі не әңгіме айтса да екі сөзінің бірінде Абай өлеңдерінен үзінді келтіріп, «еһ, қайран Абай» деп отыратын.
Өткенде Шолақтерекке картопқа бара жатқандағы Мұқаман мұғалімнің «келер жылы советке кетемін» деген сөзін естігелі бері менен маза кетті. Сыныптағы екі-үш жақын досыма айтып едім, көп өтпей тұтас сынып естіп алыпты. Сабақ аралығында, демалыс кезіндегі әңгімеміздің өзегі тек «Мұқаман мұғалім». Бастапқыда сыныптағы қыздар еңкілдеп жылап қоя беретін. Өзімізше Мұқаман мұғалімді Советке жібермеудің амалын құрамыз. Біреуі :«кетпеңіз, - деп жылап, жалынайық» десе, енді біреуі: «Советтегі балаларына осы жаққа келіңіздер» деп хат жазайық дейді. Тағы біреуі тұрып: «балаларыңызды барып көріп, қайтіп келіңіз деп өтініп көрейік» десе, және біреуі: «біз мектеп бітіргеннен кейін кетіңіз деп өтінсек, , меніңше Мұқаман мұғалім бұған келіседі» дейді. Біз оңашада бүйтіп күпінгенімізбен, бет келгенде Мұқаман мұғалімнің өзіне тағы тіс жарып ештеңе айта алмаймыз. Осындай беймазалықпен күндеріміз өтіп жатты. Сегізінші сыныптың екінші оқу маусымы басталғанына да айдан асып қалған. Бір күні Мұқаман мұғалім сыныпқа екі езуі екі құлағында, ерекше бір қуанышты көңіл-күймен кірді. Келе сала, ентігін баспастан:
– Балалар,сүйінші! Менің Кеңес одағындағы ұлым Құлжабектен шақыру келді! - деді де сөмкесінен бір шаршылау келген конвертті көрсетті. Біз де үн жоқ.
– Енді бір-екі айда паспортым дайын болса, дереу Бежіңге барып, Совет елшілігінен виза алам. Күзде, аманшылық болса, өздеріңмен қоштасам...
Мұғалімнің аузынан «қоштасам...» деген сөздің шыққаны мұң екен, екі-үш қыз партаға екпеттей түсіп жылай бастады. Осыны күтіп тұрғандай оларға қалған қыздар да ілесті. Ұлдар жағы тұнжырап қалдық. Осы кезде Мұқаман мұғалім:
– Балалар, - деп сөз бастады. – Құлындарым менің...
Мұқаман мұғалім әрі қарай сөзін жалғастыра алмады. Кеудесінен атылып шыққан өксік даусын буып, көзіне жас толып кетті. Әлден уақыттан соң:
– Құлындарым менің! Мен де сендерді де қимаймын. Бірақ ол жақта менің туған бала-шағам жолыма қарап отыр ғой! Үлкенім он жасында, кішкенем екі жасында кетіп, тірі жетім болып өсті ғой. Сендер соларды ойлаңдар. Сонда мені түсінесіңдер. Ата-аналарың сендерді бір ай көрмесе қалай болатынын білесіңдер ғой... Ал мен бауыр етім – балаларымды көрмегеніме жиырма жылдан асты. Олардың бала болып еркелегенін... мойныма асылып...
Әрі қарай тағы да өксік араласып кетті... Осынау сақал-шашы барған сайын ағарып, жақ сүйегі барған сайын сорайып бара жатқан аяулы адамға менің жанымның ашығаны соншалық, «ұшатын құдіретім болса ғой, шіркін, қазір-ақ арқама қондырып Советтегі балаларының қасына апарып бір-ақ қондырсам» деп арманда-а-ап кеттім.
Осыдан кейін Мұқаман мұғалім бізді аяды ма, әйтеуір сыныпта кететіні туралы әңгіме айтпайтын болды. Жазғы демалысымызға санаулы күндер қалған. «Мұқаман мұғалімнің паспорты дайын болыпты. Енді Бежіңдегі Совет елшілігіне почтамен жіберіп, виза алады екен» дегенді Көшербай ағам мен әкемнің әңгімесінен естіп қалдым. Мұқаман мұғалімді қанша қимасақ та, біз енді оның отбасымен тезірек қауышуын тілей бастадық.
Міне, жазғы емтиханды да сәтті аяқтап, «сегізінші сыныпты озат бітірді» деген қағазды алып үйге оралдым. Жазғы демалыстағы кәсібім қой бағу. Өйткені тура осы кезде шөп шабу науқаны да басталады. Әкем, аға-жеңгем бәрі қыстауға шөп шабуға кетеді. «Ата-анама көмектесейін, оларды ырза қылайын» деп жүргеніммен, қой соңында өткен екі ай - екі жылға татыды. Күн санаймын, тіпті сағат санаймын...
«Өлмеген құлға жаз да келді» дегендей, мінеки тамыз айы да аяқталып, жайлауға сүт жинауға келген жүк машинасымен «қала қайдасың?» деп тартып отырдым.
Мен ауданға барғаннан кейін, бір-екі күн өткенде Көшербай ағамның үйіне Мұқаман мұғалім келді. Көңіл-күйі нашар. Өңі қатты жүдеу. Бейжіңдегі Совет елшілігіне жіберген паспортының кешігіп жатқанын айтып, кейіп, күрсініп отырды.
– Почтамен жібермей-ақ, өзіңіз алып бармадыңыз ба? - деді Көшербай ағам.
– Барған-келген жолға кететін ақшаға бала-шағама базарлық алмаймын ба, деп қалып едім. Оның үстіне аудандық кадрлар бөлімінің бастығы Лю деген қытай: «Жазғы демалысыңда балаларыма орыс тілін үйретсең» дегеннен кейін, оған да «мақұл» деп қойып едім. Қытай болса да, кезінде ақталуыма көп күш шығарған сол еді. Оның үстіне ақымды береді. Жолға бәрі бір ақша керек қой. Бала-шағама қайыршы құсап барам ба...
– Келіп қалар енді, уайымдай бермеңіз. Советке бір жола кетіп бара жатқаннан кейін Алла тағала бұл жақта бірер күн болса да, аялдауыңызды қалап тұрған шығар, - деп Көшербай ағам өзінше жұбату сөзін айтып жатыр. Шай үстінде Секерхан жеңгем:
– Бір жеріңіз ауырып жүрген жоқ па, аға? Не ғып жүдеп кеткенсіз? - деді әңгімеге араласып.
– Жоқ, еш жерім ауырып жүрген жоқ.
Әдетте шайды сораптап, терлеп-тепшіп ұзақ ішетін Мұқаман мұғалім бұл жолы қысқа қайырды да:
– Дастархан сендерге аманат. Асықпай ішіңдер, менің бір жерге баруым керек еді, - деп жаймен бетін сипап тұрып кетті.
Тоғызыншы сыныпты бастап кеткенімізге де бір-екі апта болып қалды. Cыныптағы балалар бәріміз бос уақытта «1-қазан» - ҚХР құрылған күніне концерттік номер дайындаумен айланысып жүргенбіз. Мана түстің алдында әдебиет сабағында Мұқаман мұғалім дайындап жатқан номерімізді көріп мәз-мәйрам болып:
– Жарайсыңдар! Тамаша екен. Бірақ диалогты айтқанда өңдерің, әрекеттерің жасанды болмасын, шынайы, өмірдегі сияқты болсын, - деді де біраз Қытай, Үнді фильмдеріндегі актерлардың жасанды қылықтарынан пародия жасап, ішек-сілемізді қатырды. Әртістердің әрекеттерін ғана емес, тіпті дауыстарын да айнытпай салады екен.
Сол күннің ертеңінде таң атпай оянып кеттім де, қайтып ұйқым келмей қойдым. Әрі аунап, бері аунап, ақыры ұйықтай алмаған соң, тұрып біраз сабақ қарадым. Сосын шайымды іштім де метепке кеттім. Күн бұлт екен. Түсі суық қара сұр бұлт Текес аспанын тұтас торлап алыпты. Жел жоқ болғанмен, шыңылтыр ауа бетіңе дым бүркеді. Дүн-дүние аспанмен қосылып, сұп-сұр болып кеткендей. Күндегідей жейдешең шыға салып едім, мектепке жеткенше кәдімгідей жаурап кеттім.
Бүгінгі бірінші сабақ физика пәні болатын. Сағат сегізден кетіп барады. Сейділ мұғалімнің келуін күтіп отырғанбыз. Бір кезде есік ашылды да Сейділ емес, директор кіріп келді. Бәріміз орнымыздан тұрдық.
– Отырыңдар. Балалар, мен сендерге суық хабар алып келіп тұрмын, - деп ауыр бір күрсінген директорымыздың өңі қап-қара болып тотығып, көзі домбығып ісіп кетіпті, - балалар, бүгін біз сендердің аяулы ұстаздарың – Мұқаман мұғалімдеріңнен айырылып қалдық. Марқұм бүгін таңғы сағат алтыда өмірден өтті...
Есім ауып, құлағым тарс бітіп, көзім көрмей қалды. Директордың әрі қарайғы сөзі құлаққа мүлде кірген жоқ. Озандаған отыз баланың үні шағын сыныпты кернеп, тұтас мектеп ауласын азалы күйге орап әкетті. Әлгінде қасарысып, тісін тісіне басып келген директор да енді көз жасына ерік беріпті. Осылай қанша уақыт жылағанымыз белгісіз. Бір кезде директордың:
– Балалар! - деген қатқыл үнімен селт етіп, сәл-пәл ес жинағандай болдық, - сабақтастар, Мұқаман мұғалімнің қазасы, әрине, бәрімізге жеңіл тиген жоқ. Сендерді жанындай жақсы көруші еді. Әрбіреуіңнің мінез-құлқыңды, қылықтарыңды айтып, баладай мәз болып отыратын. Алланың жазуы деген осы. Бұған пенденің еш амалы жоқ. Егер ажал сөз тыңдайтын болса, мен: «Мұқаман мұғалімді Советтегі бала-шағасына қосылған күннің ертесінде ала бер» деген болар едім. Бірақ әр пенденің маңдайына жазылған санаулы ғұмыры бар. Күн, сағаты біткендер осылай бақиға кете береді... Бүгін сендерді сабақтан босатамыз. Мынадай жағдайдан кейін құлақтарыңа сабақ кіре қоймас. Мұқаман мұғалімнің жаназасы ертең сағат 11-де емхананың артындағы мешітте шығарылады. Ұлдардың келіп қатысуына болады.
Директор шығып кеткенімен, орнынан қозғала қойған ешкім болмады. Құлаққа тек өксіген, қорс-қорс тартылған танаудың дыбысы ғана келеді. «Мұқаман мұғалім мүмкін талып қалған шығар... Шіркін-ай, солай болып, жатқан жерінен қарғып тұрып кетсе» деп қиялдап отырмын. Арада қанша уақыт өткенін білмеймін, бір кезде тазалықшы апай келіп:
– Балалар, тараңдар. Мен есікті кілттеймін, - деді.
Сонда барып орындарынан нарау қозғалған отыз бала өксік атып, домбыққан көздерімізді уқалап, үйді-үйімізге қайттық...
Мұқаман мұғалімнің жанашыр, жақын туыстары жоқ болғанмен, жаназаға көп адам жиналыпты. Молданың қасында анау-мынаусын реттесіп менің әкем де жүрді. Бір малдарын өңгеріп, өзге де керек-жарақтарын артынып-тартынып әкем мен шешем кеше түнде келген. Анам байқұс мені құшақтап көп жылады. Әсіресе анамның:
– Құдай-ау, қу құдай! Мұқаман не жазып еді?! Бала-шағасына жеткізіп, солардың ортасында алсаң етті... Кімге көрісіп, кімге көңіл айтарыңды білмеген де қорлық екен ғой, - деп озандай жылаған сөздері Көшербай ағам мен Секерхан жеңгемнің сай-сүйегін сырқыратты білем, олар да кеңкілдіп тұрып жылап кетті.
Қаралы жиын – жаназа көпке созылған жоқ. Жаназа намазы аяқталысымен төрт-бес жігіт табытты көтеріп апарып мектептің ат арбасына шығарды. Тағы екі-үш арбаға қалған жұрт отырды. Алыс ауылдардан келген біраз кісі өз аттарына мінді, Мұқаман мұғалімнің сыныбынан барған ұлдар иіріліп, жұрттың соңында қалып бара жатыр едік:
– Сендер үйлеріңе қайтыңдар. Бейіт басына бармай-ақ қойыңдар. Көлік те жоқ, - деп директорымыз бізді қуа бастады. Осы кезде анадай жерде атына мініп жатқан әкемді көріп тұра жүгірдім. Неге барғанымды әкем айтпай-ақ түсінді. Ілгері созған үзеңгілі аяғын тепкішек етіп, мінгесіп алдым. Сөйтіп жұртпен бірге Мұқаман мұғалімді мәңгі мекеніне жайғастырып, топырақ салып қайттым. Егер директордың тілін алып, үн-түнсіз үйге қайтып кеткенімде кеудемде бір өкініш мәңгі шемен болып қатып қалғандай екен.
Кейін естідім, Мұқаман мұғалімнің жетісін беріп жатқан күні Бежіңнен оның паспорты келіпті, Совет елшілігі оған кеңестік Қазақстанға бір жола қоныс аудару туралы виза беріпті...
٭ ٭ ٭
Уағдалы күні Кіші Жалаңашқа барып, Құлжабек ақсақалдың үйінде қонақ болдық. Ақсақал «аты жаман» науқасқа душар болып, төсек тартып жатыр екен. Әлсіреп жатқанына қарамастан әкесі туралы көп сұрады. «Жарық жалғаннан әке мен бала – бір-бірімізді бір көруге зар болып өтетіндей құдайға не жазып қойып едік, Дулатжан-оу?!» деп күрсінгенде ақсақалдың аузынан жалын шашырап, көзінен жас парлап кетті.
Осылайша Мұқаман мұғалім туралы әңгімемен Кіші Жалаңаштағы таң да атты. Түс қайта Құлжабек ақсақалға, бала-шағасына қош айтып, «Көкемер қайдасың?» деп өз жолымызға түстік.
Соңы
