Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ПРОЗА
/
Думан Терлікбаев. Терезе сыртынан естілген сыбдыр...

Думан Терлікбаев. Терезе сыртынан естілген сыбдыр

07.12.2025

4229

Думан Терлікбаев. Терезе сыртынан естілген сыбдыр - adebiportal.kz

Әңгіме

К. кабинетінің есігін ашты да, ішке кірді. Бөлмедегі шаң басқан қағаздарға еті үйреніп кеткен, тіпті соның иісін ұната бастаған секілді.
Кейде екі күн демалыста осы бөлменің иісін сағынғандай болады. Ол әдеттегідей қолына бір шыны кофесін ұстай келген. Орнына жайғасып, кофесінен бірер жұтты да, үстел үстінде ыбырсып жатқан қағаздарды реттей бастады. Құжаттарды реттеп жатып аяқталмаған шаруалары есіне түсті. Әрбірі жадында сайрап тұр.
К. отыздан енді асқан, жұмысына ұқыпты адам. Әлбетте, біреу «Жұмысыңды жақсы көресің бе?» – деп сұраса, «Жақсы көремін, армандаған жұмысым еді», – деп жауап бере қоймас. Университет бітірген соң екі жыл жұмыссыз жүріп қалып, жамағайыны арқылы тапқаны осы. Алғаш келгенде көбіне құжат тасумен, көшірумен айналысқан. Дегенмен уақыт өте келе басшылық мұның талабын байқап, жеке кабинет беріп, құжаттардың редакторы етіп тағайындады.
Мұның бұл креслода отырғанына да алты жылға жуық өтті, енді тағы қызметім өсе ме деп дәмеленіп жүргеніне де біраз болған. «Айлығым өсіп, әкемнің алдында абыройым артып, мақтанып қалар едім», – деп ойлайтын. Сол себепті де жұмыстан қалмай, ерте келіп, кеш кетіп, басшылықтың айтқанын екі етпейтін. Жалпы, осы компаниядағы жұмысы көңілінен шығатын. «Бастысы таза іс, анау айтқандай бас қатырар шаруа да жоқ», – деп жұбататын өзін.
К. үйіліп жатқан қағаздардың шетінен шығайын деді. Әр парақты мазмұнына қарай бөліп, өзіне ыңғайлы етіп үстел шетіне тізіп қойды. Бәрін ретке келтіріп бола бергенде, жиюлы құжаттың астынан шеті шығып тұрған бір жапырақ қағазды байқап қалды. Төменгі жағына мөр басыпты. «Мансур К. жұмысын тиянақты атқармайтынын негізге ала отырып, оны жұмыстан шығару туралы шешім қабылдансын деген тұжырымға келдік. Мансур К. қараша айының он үші, яғни бейсенбі күні жұмыстан босатылсын». Бақайшағынан бастап басына дейін суық бірдеңе жүгіріп өткендей болды да, содан соң құлақ шекесі дуылдап кетті. Маңдайынан суық тер бұрқ ете қалды. Бүгін қарашаның он екісі, сонда мұны жұмыстан ертең босатпақ па? Орындығына сылқ ете түсті де, құжатты қайта оқып шықты. Иә, дәл солай жазылған. Бәлкім, бір қате кеткен шығар деп үміттеніп қайыра бір шолды. Иә! Қате тапты! Қағазда құжаттың тіркеу нөмірі көрсетілмеген, қол да қойылмаған екен. Демек мұның күші де жоқ. Бірер сәтке созылған болар-болмас қуанышы дем арасында күдікке ұласты. «Сонда мұны кім әкеліп қойып кеткен? Неге мөр басқан? Ал маған белгі ретінде тастап кеткен болса, құжаттың түпнұсқасы басшылықтың қолында болса қайтпекпін? Әлде әлдекімнің қалжыңы ма екен?».
К. санасын торлаған ойдан арыла алмай біраз отырды да, сабыр сақтаған дұрыс деген тоқтамға келді. Қалжың болса керек деп өзін жұбатып, әдеттегідей жұмысқа кірісіп кетті. Ал қалжың делік, сонда кім осылай қалжыңдауы мүмкін? Көрші кабинетте отыратын әріптесі Исадан өзге біреу бұған бұлай қалжыңдай қоймас. Әріптестерінің бәрімен тек жұмыс бабына қатысты араласатын, тап осылай қалжыңдасатындай жақын емес. Иса болса басқаларға қарағанда ашық, ойын-күлкіге жақын жігіт, К.-мен бірге жиі-жиі темекі шегуге шығады. Сондықтан басты күдікті сол. «Түскі ас ішіп отырғанда тамырын басып көрермін», – деп күбірледі бұл. Сөйтті де, осынау тосын жағдайға бола жұмысым тоқтап қалмасын деп құжаттарды ақтара бастады.
Манағы тосын құжатты ұмытып барады екен, түскі ас ішіп келейін деп есікке ұмтыла беріп, үстелдегі қағазды байқады. К. асханада топтасып отырған адамдарға көз жүгіртті де, шет жақта жалғыз отырған Исаны көрді. Әдеттегідей емес, жүзінде әнтек өзгеріс бар секілді.
Жұмысқа қатысты әңгімені Исаның өзі бастады.
– Кеше жиын болған дейді ғой, – деді Иса ақырын. – Бүгін сенің қолыңа жұмысыңа қатысты қағаз ұстатады екен.
– Не жиын? – деді К. ештеңе білмегенсіп.
– Жұмысыңа басшылықтың көңілі толмайды екен. Саған шара қолданамыз деп ұйғарыпты.
– Сонда не шара қолданбақ?
– Білмедім. Әйтеуір, кеше сенің жұмысыңды, жұмысқа деген ынтаңды талқылапты.
– Мен таңнан кешке дейін жұмыс істеймін ғой. Ешкімнен жаман сөз естімегем. Түк түсінсем бұйырмасын.
– Кім білсін. Біз енді кімге тиісер екен деп бүкіл бөлімше болып уайымдап жүрміз.
– Қызық екен, – деді К.
Бұл қағаздың шын екеніне сене бастады. Тіпті, тамақтың дәмін сезбей, жай ғана шайнап отырғанын да байқамады.
– Айтпақшы, осы мәселеге байланысты бүгін кешкі беске дейін Алмас мырзаға кіріп шығуың керек. Айтуды ұмытып кете жаздадым ғой, – деді Иса.
– Жақсы. Көрейік.
Бұл өзінің бөлмесіне қайтып келді. Жұмыстан шығаратыны рас болғаны ма? Әлбетте, К. Исаның қалжыңын түсінетін, тек бұл жолы ол шынымен бозарып отырып сөйлемеді ме... Шынын айтты-ау… Жо-жоқ, мүмкін емес, бұл жұмысын тиянақты атқаратын, шығу былай тұрсын, қызметім өсе ме деп дәмеленіп жүрген адам ғой. Жұмыстан босатамыз деген хат алғаны қалай?!
К. түстен кейін жұмыс істей алмады. Тек үстелге телмірген күйі қалың ойға шырмалып, дел-сал отыра берді. Бұл қалай болғаны? Бір сәтте  жұмыстан шығарса қайтті? Қайда бармақ? Университет бітіргелі осында істеп келеді. Жұмысы өзіне ұнайтын секілді. Ал мұны осы жұмыстан босатса не істемек? Көше жағалай жүріп жүк тасып, қап көтере ме? Жоқ, ол мұның қолынан келе қоймас. Біріншіден, К. өзін ондай адамдардың қатарынан шығарып тастаған. Бұл тек құжат ақтара алады, қара күшіне ғана сенген, қап көтере алатын адамдар істей алмайтын дүниемен айналысады. Бұл, бәлкім, қара жұмыс істей алмайтын шығар, алайда осының арқасында алпауыт корпорацияның құжаты реттеліп жатқан жоқ па! К. бәріне жауапты. Көшедегі адам мұның бірін де істей алмайды. Кенет қанша шағымданса да, бұдан басқа дайын тұрған жұмыс жоғын ойлады. Осынша жыл табан аудармай жұмыс істеп жүріп, шеттен бір таныс таппапты. «Мені жұмыстан шығаруға болмайды». Осы сөз қайта-қайта ойына орала берді. «Кешке бастыққа кіріп шығайын…».
К. күн батқанша түк істеген жоқ. Басшылық мұны жеп отырған нанынан айыратыны туралы ой шырмап алғаны сонша, біраз жыл айналысып, әбден меңгеріп алған ісін – құжаттарды тексеруге кірісе алмай-ақ қойды. Сағат кешкі бес болғанда бастығының кабинетіне беттеді. Жағдайды түсіндіруге бел буды. «Қалай болғанда да бір қате кетсе керек». Өзінің қалай барын салып жұмыс істейтінін айтса, бастығы қатесін түсінер, бәлкім… Кабинетке кірген бетте бастығының хатшысын көрді. К. оны бұрыннан танитын. Оның жұпыны жейдесі мен түсі оңған белдемшесін де көптен бері көріп жүр. «Осы неге үнемі шаршап жүреді екен?..».
– Бастық орнында ма?
– Жоқ, ертең келіңіз.
– Неге? Ол маған бүгін осы уақытта кел деп еді ғой.
– Ол кісі үшін жауап бермеймін.
– Жақсы. Онда мені бастықтың қабылдауына жаза қойыңыз. Ертең осы уақытта келемін.
– Жазайын, К. Ал сіз не істей қоясыз?
К.-нің тұла бойы түршігіп кетті. Жүзіне ашу мен ызаның оты лап қойып, беті ысып, қызарып, өзін әрең тежеп бақты. Өмірі шынымен қыл ұшында тұр ма? Соны білуі керек. К. ақырын жымиды да, бірдеңе болады дегенді ишаралағансып бөлмеден шығып кетті.
Түнімен ұйықтай алмады. Бастығы түсіне кірді. Мұны жұмыстан шығарып жатыр екен дейді. «Сен жұмысқа уақытылы келмейсің…».
К. ертесі күні жұмысқа келгенде үстелінен тағы бір хат тапты. «Мансур К. өз жұмысын тиянақты атқармайтынын негізге ала отырып, оны жұмыстан шығару туралы шешім қабылдансын деген тұжырымға келдік. Мансур К. қарашаның он төрті, яғни жұма күні жұмыстан босатылсын». Денесінен тоқ жүріп өткендей болды. «Бұл кім болды екен?», – деп ойлады әуелі. Қайсысы ол мұнымен ойнап жүрген? Сенбейін десе, мөр тұр. Сенейін десе, құжаттың тіркеу нөмірі мен қол тағы жоқ. Бұл бір ойын ба? Бәлкім, басшылық мұны тағы сынап жатқан шығар? «Кешке міндетті түрде басекеңмен жолығуым керек».
Түскі ас ішуге зауқы соқпады. Кабинетінде отырды да қойды. «Бұл кім болды екен?» деген сұрақ маза берер емес. К.-ның дүниеде қадір тұтатын жалғыз заты жұмысы мен қызметі еді, мұны осынау құнды дүниесінен кім айырғалы жүр? «Достарым мен таныстарымның қалжыңы болса, екінші күн қатар бүйткені тым қатыгездік» деді іштей.
К. кеш кіргенше кабинетінен шыққысы келмеді. Сағат 16:59 болғанын көргенде ғана орнынан тұрды. Есігін ашқаны сол еді, дәліздегі әріптестері өзіне тесіле қарағандай болды. Бұл назар аудармауға тырысып, бастықтың кабинетіне қарай тартты да кетті. К. жақтырмайтын қыз отыр.
– Бастық орнында ма?
– Жоқ, ол кісі жиналыста.
– Мені беске жазып едіңіз ғой.  
– Ол кісі менімен ақылдасатын ба еді… Бүгінгі жиналысы, әдеттегідей емес, ұзап кетті.
– Ал мен не істейін?
– Қайдан білейін…
– Күтейін ендеше.
– Жақсы, күтіңіз.
К. қыз отырған бөлмедегі көк орындыққа жайғасты да, бастық шыққанша осында отырып күтпекке бел буды. «Бетпе-бет келгенде не деп амандасамын? Жағдайымды қалай түсіндіремін?» деп ойлап жатып көзі ілініп кетті. Оны да өзі жақтырмайтын қыздың қолы санына тиіп оянып кеткенде бір-ақ білді.
– Ау?..
Бұл ұйқылы-ояу тағы бірдеңе деп күбірледі. Тек онысын өзі де түсінген жоқ, қыз да түсінбеген шығар деп үміттенді.
– Сағат тоғыз боп қалды. Қайтыңыз, есікті жауып жатырмыз.
– Басекең… қайда?
– Ол кісі кетіп қалды. Сіздің ұйықтап жатқаныңызды көрді де, шығып кетті.
– Мені неге оятпадыңыз?
Ол жауап қатпады.
Жолығам деп сонша үміттенген басшысымен тағы кезіге алмады. Өз-өзіне ашуланды. Жан алқымға келген осындай кезде ұйықтап қалғаны қалай? Ұйқыға ерік бергені несі? Бұған қалай ғана дәті барды?
К. кабинетіне қайтып келді. Қараңғы болғанымен, терезеден түскен жарықтан төсегінің сұлбасын көрді. Жата кетті. Демалыс күні басшысының үйіне барып, жеке кезігемін деп шешті.
Алмас мырзаның мекенжайын білетін, бұл уақытта үйінде болса керек. Алайда бұрын бастығының үйін көрмепті. Тым биік үй екен. Енді 63-қабатқа көтерілуге тиіс. К. кіреберіске кірсе, алдында лифт тұр. «Жоғары» деген белгіні басты. Лифт түсіп келе жатыр, 15-қабат, 14-қабат, 13-қабат… 1-қабат… Төменге өтіп кетті. Содан соң 1-қабатқа қайтып келді де, есігін ашпай аз-кем тұрып, жоғары қарай жөнелді. К. «Жоғары» деген белгіні қайта басты. Лифт тағы да тоқтамай төмен түсіп, тағы жоғары көтерілді. Жиырма минуттан соң К.-ның шыдамы шегіне жетті. Ақыры, баспалдақпен шығамын деп ұйғарды. К. төңіректі көзбен шолып шығып еді, баспалдақ жоқ екен. Сөйтіп, бастығына жолыға алмай қайтты.
К. дүйсенбі күні жұмысына барды. Үстелінің үстінде тағы да дәл сондай хат жатыр. Ертең жұмыстан босатпақшы екен. Бұл жолы кабинетінен атып шығып, хатшы қызға кірді.
– Мені бүгін кешке жазыңызшы, – деді бұл қатқыл дауысы қаттырақ шығып. – Бүгін міндетті түрде бастыққа жолығамын.
К.-ның ойы осы. Өз кабинетіне бара жатқанда қанша көз өзіне тесіле қарап тұрғанын байқады. Әріптестері. Жаңа жылды бірге қарсы алып, бірге көңіл көтеріп жүрген әріптестері. Осынау тесірейе қараған көздерден бір салқындық сезетіндей. Құдды өзекке теуіп тұрғандай. «Сен енді біздің адам емессің», – дейтіндей. Бұл өзін жалғыз сезінді. Жеке жұмыс бөлмесі ғана қауіпсіз секілді.
Бүгінгі жұмысына қайта кірісті. «Басшылық кімді шығарғалы жатқанын көрсін». К. бірде-бір рет кешігіп көрмеген, барлық тапсырманы тиянақты орындап жүрген қызметкер. Біреу-міреуді жұмыстан босату қажет болса, басқа адам толып жатқан жоқ па. Сандалып жүргені қаншама. Жұмысқа да кешігіп келеді, онымен қоймай ерте қайтады. Жалпы компанияға пайдасы жоқ қызметкер көп. Неге К. шығуы керек? Мұның істейтіні көп, уақытылы келіп, кеш қайтады. Жұмыстан шықпақ түгілі, ертең қызметім өсе ме деп жүр. Санасын осы ойлар тұмшалап, бір күн істеймін деп жоспарлаған жұмысын бір заматта істеп тастағанын байқамай қалды.
Ымырт үйірілді. Дәлізге шығып, бастығының кабинетіне ертерек барып отырамын деп шешті. Тек жұпыны киім киген қызға салсаң, бұл ойы қате екен.
– Ол кісі кетіп қалды.
– Қайда?
К.-ның дауысында аздап діріл бар. Әлде, бұл өз дауысын өзі солай естіді ме?
– Білмедім.
– Мен жазылып қойып едім ғой…
– Сонда, басекең сіз мына уақытқа жазылып қойды ғой деп сағат бағып отыруы керек пе еді?
– Жоқ… Бірақ… Қашан шығып кетті?
– Жаңа ғана. Дәлізден көрмедіңіз бе?
– Жоқ.
К. бірнеше күн қатар мазмұны бірдей хат ала берді. Ал соны қалдырып жүрген кім болды екен? Осындағы хат біткенді бақылайтын өзі емес пе?! Қағаздың бәрі К.-ның қолынан өтпейтін бе еді?! Әр хатта ертең жұмыстан шығасың дейді. Алайда әлі ол күн туған жоқ. Мұның бір түсінбестік екенін айтпаққа бастығымен жолығамын деп үміттеніп еді, ол ойы да іске аспады. Оны ұстау мүмкін емес секілді. Бірде ерте қайтып кетеді, бірде бөлмесіндегі жасырын есіктен шығып кетеді – мұны жұпыны киінген қыз айтады. Бұл түнгі ұйқысынан айырылды. Онсыз да сирек күлетін, өзін байсалды ұстаймын деп санайтын. Енді одан бетер томыға түскен секілді. Өмірінен мән кетті.
К.-ға салсаң, басшысына жетудің жалғыз жолы – жұпыны киімді қыздың көңілін табу, қажет болса, көңілдесі болу. К. бұл міндетіне де бірден кірісті. Мұны тартымды деуге әсте болмас, өзіне біреу қызыққаны да есінде жоқ. Дей тұрғанмен К. шындап кіріссе, бойында қыздар қызығатын әлдене оянатын. Осы қасиетіне сенеді.
К. ол қызды кездесуге оңай шақырды. Бұған өзі де таң. «Бұған дейін неге шақырмадым екен?» – деп ойлайды. Екеуі театрға барды. Қойылым К.-ға әсер етпеді. Әдеттегі өмірдің бір үзіндісі. Бәрінің басынан өтетін сәт. Бірақ көрермен тұрып қол соқты, жұпыны киімді қыз да сөйтті. К. да орнынан тұрды, тек бұл еріксіз істеген әрекеті еді: бір жағынан жұпыны киімді қызға жаққысы келеді, енді бір жағынан, елдің бәрі тұрып тұрғанда өзі жалғыз отыруға дәті шыдамады. Сол түні К. жұпыны қызды құшты. Терісі қатайып, құрғап бара жатса да, оның әлі де сұлу денесін аймалап, кішкентай анарын жұлып алғысы келгендей умаждады.
– Алмас мырзаға неге кіре алмай жүрмін? – деді К. бейкүнә дауыспен.
– Маған кіресің ғой, – деді Мереке күліп. Оның есімі Мереке екенін К. төсектес болғаннан кейін бір-ақ есіне сақтап қалды. Бұған дейін білсе де, ұмытып қала беретін. К. Мерекенің сөзіне күлді.  
– Жоқ, – деді К. жорта қайта байсалды дауысқа салып, –  бастыққа кіре алмай жүргеніме көп болды ғой. Жолығайын дегендегі мәселем шынымен маңызды.
– Жұмыстан шығаратынын айтып тұрмысың?
– Сен де білесің бе?
– Көп болды, бәрі сол туралы айтып жүр.
– Сонымен, мен басекеңе кіре аламын ба?
– Жоқ, К., кешір, сен ғұрыпты ұстануың керек.
– Қандай ғұрып?
К.-ның дауысынан ыза ұшқыны жарқ ете қалды. Бірақ дәл сол сәтте қайта сабасына түскендей түр танытты.  
– Басшымен кезігуді іштей қалауың қажет.
К. күліп жібере жаздап барып, езуін жиып ала қойды. Мереке есінен ауысқан ба? Бұған дейін басшы мен қол астындағы редактор болып араласып жүрген кісінің бөлмесіне кіріп-шығу үшін «қалау» керек дегені қай сасақаны? К. төсектен тұрып, жуынып келді. Мереке қалжыңдаса керек, я болмаса есінен ауысқан.
Дегенмен бұл түйіні К.-ның Мерекемен тағы бір рет төсектес болуына еш кедергі келтірмеді. Мерекенің иілуге келмейтін ағашқа ұқсап бара жатқан денесі К.-ға ұнайтын тәрізді. Бәрі болған соң К.-ның құшағында жатқан Мереке өзі сөйлей бастады.
– Сені басекеңмен кезіктіре аламын, – деді Мереке, – тек ыңғайлы уақыт табу керек.
– Ол қалай? Қай уақыт ыңғайлы? – К. қуанышын әрең жасырып тұр.
– Алмас мырза аптасына бір рет достарымен сыраханаға барады. Сол жерде жолықсаң болады.
К. іші көк түтін мейрамханаға кірді. Адам лықа толы. Әр жерде домалақ үстел тұр. Түтінге тұншыға жаздап, көзі ашып, қабағын түйген К. үстелдердің арасынан өте берді. Отырғандар мұны бөтенсініп, тіксініп тұр. К. бір кезде бастығы Алмасты байқады, бір бұрыштағы үстелге жайғасыпты. Бірнеше адам отыр, орталарындағы ескі шамның әлсіз жарығы әрқайсының жүзіне болмашы сәуле түсіреді. К. үстелге таяп барды. Алмас та бұған тура қарап тұр. К. бастығының жүзінен әлдене ұққысы келіп, имене үңілгенімен, ештеңе түсіне алмады.
– Сізбен сөйлесейін деп едім…
– Не жөнінде?
Алмас мұны жақтырмай тұрған сияқты. К. оның жанында отырғандардан ыңғайсызданды.
– Жеке сөйлессек бола ма?
– Осында айта бер, ешкімнен жасырарым жоқ.
Ол төңірегіндегілерге бір көз жүгіртіп, мақтанғандай болды. К. олардың ешбірін танымайтын.
– Жұмысым туралы айтайын деп едім… Мені шығарғалы жатырсыздар ма?..
– Бек мүмкін…
«Неге “бек мүмкін” дейді? Неғып нақтысын айтпайды?»
– Оны мен шешепеймін, – деді Алмас кідіріп барып. – Басшылықтың саған көңілі толмай жүр. Бірақ мұнымен мен айналыспаймын.
– Кім шешетінін айтыңызшы... – деді К. батылын жиып. Сандалып жүргеніне біраз болғаны, күйініші есіне түсіп ашулана бастаған еді. Қаны басына шапшығандай болды, дегенмен өзін ұстауға тырысып бақты.
– Қадір шешеді, – деді Алмас.
К. Қадірдің атын бірнеше рет естігенімен, түрін көрмеген. Ол компанияның директорлар кеңесінің басшысы.
– Нақты шешімді біле алмай жүргеніме біраз болып қалды, көмектесе аласыз ба?
– Жоқ, Қадір біледі, – Алмас қою күңгірт сырасынан сімірді де, темекісін тұтатты. – Мұндай істе менің әмірім жүрмейді. Жұмыстан тыс уақытта мазамды алма, айналайын.
К. шығып кетті. Демек, Қадірмен кездесуі керек. Бұл енді онымен қалай кезігуге болатынын ойлап, жоспар құра бастады. Қадір бұл істейтін ғимаратқа, тіпті, бас сұқпайтын да. Аты-жөнін естігені болмаса, өзін ешқашан көрген емес. К. оны даусы қатқыл, мойны жуан, ашуланшақ адам деп естіген. Бұдан былайғы тағдырын шешу үшін енді сол адаммен жолығуы керек.
Ертесі күні К. бірден Мерекеге барды. Ол, сіркесі су көтермей тұрғандай, К. амандаспақ болып еді, бірден бас салды.
– Алмастың қайда баратынын менен естігеніңді айтып бергенің не?!
– Мен айтқан жоқпын, – деді К. ақырын ғана.
– Соқ өтірікті! Сен айтқансың. Басқа ешкім білмейтін.
Сол күні К. Мерекемен сөйлесе алмады. Ертесі күні Мереке өзі хабарласты. К. оны үйіне шақырды. Екеуінің құшағы ажыраған соң, К. Қадірмен кездесуі керегін айтты. Мереке тағы да менің айтқанымды жеткізіп барарсың деп, жұмған аузын ашпас деп ойлаған, сол үшін де   Қадірмен жолығудың басқа амалын іздей бастаған. Алайда К.-ны тандандырған бір жайт болды: ол қалтасынан бір қағаз шығарды. Қадірдің мекен жайы жазылған қағаз. К. бірден қуанып кеткенімен, артынан тосылып қалды.
– Қалтаңда үнемі Қадірдің мекен жайы жүре ме?
– Жоқ, сенің сұрайтыныңды білдім.
– Қайдан білдің?
– Бәрі сені енді Қадірға барады деп жүр.
– Қалай...
К. таңданып, Мерекенің көзіне қарап қалған.
– Білмеймін. – Мереке сықылықтай күлді. Бір қырындап жатқан еді, селк-селк етіп күлгенде салбырап кеткен омырауы қоса селкілдеді.
К. Қадірдің үйіне ертесі күні-ақ барып алды. Кең көше. Үлкен үйлер. Биік қоршау. Қақпаны қақты. «Байтазин көшесі. 15-үй. Дұрыс келіп тұрмын ғой».
Бұл қақпаны тағы бір рет қаққанымен, іштен тірі жанның нышаны сезілмеді. Он минуттай күткен соң ғана есік ашылды, бірақ есіктің артында ешкім жоқ. Үйге апаратын тас төсеген жолдың қос қапталын бойлата гүл егіпті, оның ар жағында көк шөп жайқалып жатыр. К. үйдің есігін қақты. Тырс еткен дыбыс жоқ. Біраздан соң есікті 5-6 жастағы бала ашты. К. солай топшылады.
– Сіз кімсіз?
Кішкентай баланың көзі бадырайып кеткен. Бұған тесіле қарап тұр.  
– Мен сенің әкеңнің қол астындағы жұмысшымын. Мансур К. десең таниды. Әкең қайда?
– Әкем жоқ, жұмысқа кеткен. Сіз аудармашысыз ба?
– Жоқ, мен редактормын.
– Біз аудармашы күтіп отыр едік.
– Шетелден қонақ келе ме?
– Жоқ, әкем аудармашы келеді деп еді.
– Ендеше мен сол аудармашыны түзейтін редактормын. Мен соны бақылап отырамын. Әкең қашан келеді?
Осы сәтте іштен жылы жүзді, беті цилиндрға ұқсайтын арық әйел шықты.
– Бұл  кім?
К. кімді, не үшін іздеп келгенін, басшысымен кезіге алмай жүргенін айтты. Әйел К.-ның сөзін бөлмей тыңдады да, ол саят құрып кетті деді. К. күте тұрамын деп еді, әйел мұны үйге кіргізді.
К. бөлменің шетіндегі кішкентай орындықта отыр. Терезеден түскен күн сәулесі қақ ортада тұрған пианиноның бір шетін жарыққа көмген. Арғылау бөлмеден симфония үні талып естіледі. Осынау зәулім үйде уақыт тоқтап қалған секілді. Бір кезде көліктің дауысын құлағы шалды. К. орнынан тұрып, амандасуға дайындалды. Біраздан соң сыртқы есік ашылды. Біреу нық басып бұған қарай келе жатыр. К. қобалжи бастады. Аяқ дыбысына қарағанда келген адам басқа бөлмеге өтіп кеткен сияқты. Уақыт өткен сайын К.-ның уайымы арта түсті. Кенет күбір-күбір еткен дауыс та құлағына жетті. Бұл өзі туралы айтып жатқан шығар деп түйді. Бір мезетте бөлмеге аласа бойлы кісі кіріп келді. Шамасы жасы елуден асса керек. Мұрты қалың екен, темекіден сарғайып кеткені байқалады.
– Сен бе?
Кіріп келген адамның жүзінен жылу сезіледі.
– Иә. Амансыз ба!? Мен сізге бір мәселе жөнінде келіп едім…
К.-ның сөзін мұртты адам бөліп жіберді.
– Түсіндім… Мен ондай дүниелермен айналыспаймын.
– Дегенмен Алмас мырза…
– Иә, оның не дегенін білем. Бірақ құжатты көрген шығарсың? Бұйрықты айтам.
– Иә.
– Кімнің қолы тұр?
– Ешкім қол қоймаған ғой…
– Мүмкін емес, қол қоймай бұйрық шықпайды.
– Мұны сіз шешеді деп  еді…
– Мен директорлар кеңесінің басшысымын, қатардағы редакторлардың жұмысымен айналысады деп ойлайсың ба?
К. не дерін білмей дағдарып қалды.
Қақпаға беттей бергенде көлікке тіркелген арбаға көзі түсті. Серейіп жатқан киіктің көзі ашық екен.
К. бұрынғыдай жұмысына бара берді. Күнде. Күнде. Тіпті бұрынғысына қарағанда қарқындырақ, көбірек жұмыс істей бастағандай. Бұл Алмаспен қайта кезіккісі келген, бірақ онысынан ештеңе шықпады. Мереке де суып кетті. Ол енді мұнымен сөйлеспейді де, амандаспайды да. Жұмыстастарының бәрі бұдан қашқақтайтын сияқты. Күнде таңертең кабинетінің есігін ашар-ашпастан үстел үстіне көз жүгіртеді. Күнде таңертең мұны ертең жұмыстан шығаратыны жазылған қағазды көреді. Тек ешкім қол қоймаған. Біреу есік қақса, мұны жұмыстан қуып шығуға келген адам ба деп елеңдейді. Түнде жұмыстан кетіп бара жатқаны түсіне кіреді. Асқа тәбеті тартпайды. Есеңгіреп, есі кіресілі-шығасылы жүргендей. Дел-сал. Осылайша ай артынан ай өте берді.
К. әдеттегідей ұйқысынан ерте тұрған. Орнымнан тұрайын деп ұмтылып еді, денесін көтере алмады. Ауыр зат басып тұрғандай. Қолын көтеруге тырысқан, – саусағының ұшы ғана қимылдады. Аяғынан жан кеткен сияқты. Басын ғана қозғалта алады екен. Тұруға тырмысып ұзақ жатқанымен, басынан басқа жері мұның еркіне көнбеді, шамасы келмеді. Төбеге қадалып қарап қалыпты. «Мен не істеп жүрмін?».
Шешесі есіне түсті. Ол К.-дан көп үміт күтпеп пе еді?! «Түптің түбінде адам болатыны осы!» деп мақтайтын еді ғой. Бұл сол сөзге иланып, мәз болып, өзінің үлкен адам болатынына сенетін. К.-ға анасының сенімі күш беретіндей көрінетін. Университеті де ойына оралды. Достары, мұғалімдері, университет жанындағы дүкенде тұратын дөрекі сатушы…
К. Балжанды да есіне алды. Оны сүймейтінін білетін, бірақ «неге сүюім керек?» деп ойлайтын. Құшқысы келгені үшін ғана ма? Әлде өзі құшқан тұңғыш қыз болғаны үшін ғана ма? Белі, пісіп-жетіліп келе жатқан, бұлтия бастаған кеудесі, қап-қара шашы… Көз алдына Балжанның бейнесі келді. Күлімдеп тұр. Балжан да  бұл сияқты бала еді, К.-ға сенген, бұған тұрмысқа шығам деп армандап, онысын көп айтқан. Оның да қызығы көпке созылмады.
К. басын бұрып, терезеге көз тастады. Терезе сыртындағы ағаштың қураған бұтағында қонақтап отырған торғай ұшып кетті. Жаңбыр себелей бастады…

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan