Продюсер, ақын Едіге Қожахмет Facebook желісіндегі парақшасында бүгінгі «Жазушы» ұғымы туралы өз ойын бөліскен болатын. Осыған орай жазушы, әдебиеттанушы Елдос Тоқтарбайдың «Әдебиет порталында» «Қазаққа әдеби продюсер керек пе?» атты мақаласы жарияланған еді. Екі қаламгердің осы тақырыптағы ойталқысы бүгінгі жауап мақаламен жалғасын тауып отыр.
Бір шөкім ойымызға талдау жасап, Елдос Тоқтарбай бауырым салмақты, сауатты пікір жазған екен. Жаңа буын, жас қаламгерлердің шығармашылық саласындағы қалыптасқан жағдай мен әдебиет дамуының заманауи талаптарын дұрыс түсініп, кең көкжиектегі призмадан қарай алғандығы мені шын қуантады.
Енді, қазіргі әдебиет айдынындағы қазақ қоғамына, оның ішіндегі заманауи зиялы қауым өкілдеріне жүктелген міндеттер мен стратегиялық миссия жайлы өз ойымды одан әрі өрбітуді жөн көріп отырмын.
«Әдебиет – ардың ісі» деген тұыжырым өзектілігін жойған емес, жоймайды да. Жалпы, кез келген қоғамды өсіретін де, өшіретін де – сөз екенін үнемі айтып жүрем. Сөздің заманға сай формасы өзгеріп отырғанымен, оның мәні, маңызы сол қалпында қала бермек. Бір кездері ертегі, жыр-дастандар түрінде ұсынылған «сөз» уақыт өте келе поэзия, проза түрінде дамыды. Драматургия арқылы театр мен кино формасына көшті, анимацияға ауысты. Форма өзгере беруі мүмкін, дамуы мүмкін. Бірақ, қоғамдық дамудағы рөлін еш төмендеткен емес. Осы тұрғыдан қарағанда Елдос айтқандай, кез келген әдеби туынды – жәй ғана бір кітап емес, түрлі формада қоғамға ұсынылуы мүмкін жоба ретінде (пьеса, аниме, кино, т.б.) қарастырылып, ұзақ мерзімді циклі бар дербес актив деп қарастырлуы қажет-ақ. Иә, кез келген шығармашылық өнім – интеллектуалды актив, нарықтық құны бар тауар. Ал, тауарды нарық заңдылықтарына сай саудалау – продюсерлік ұстаным арқылы жүзеге асуы тиіс. Бұл жатырқайтын нәрсе емес. Қазақ әдебиетінің – әлемдік нарықта бәсекеге түсе алатын, жүздеген миллиардтық жылдық айналымы бар кітап нарығынан ойып тұрып орын аларлық потенциалы бар, экономикалық локомативке айнала алатын, лайықты түрде бағаланбай жатқын орасан дүние. Мен мұны халықаралық экономика мен инвестиция маманы ретінде нық сеніммен айта алам. Сол потенциалды активті тұрақты табыс көзіне айнылдыру үшін нақты әрекет пен жүйе қажет. Ол үшін не істеу керек? Осыған қатысты бірер ұсынысымды айтсам деймін.
Біріншіден, «жазушы» деген мамандықты жәй ғана хобби, қосымша айналысуға болатын ермек деген стереотиптен арылу қажет. Бұл бірден сына қоймайтын ұстаным болса да, қазіргі баспалардың қарқыны, шүкір, жаман емес. Жазушыға гонорар төлеп кітап жазғызып, оны нарыққа жарнамалап сату тенденциясы ептеп қалыптасып келеді. Тек, жазушылардың өздері осы трендке сенуі тиіс. Иә, оңай емес. Бәрі бірден өзге жұмыстарын тастап, тек жазып кетсін деген әңгіме емес. Нарық бәрін реттейді. Шын талантты жазушалар іріктеліп, сұранысқа сай шығарма бере алса – бұл жүйе нығая береді. Себебі, сұраныс бар. Қазіргі қоғам, әсіресе жастар, кітаптың маңызын, танымдық және көркем әдебиеттің өмірге ісерін нақты түсіне бастады. Саналы түрде кітапқа ақша төлеуге дайын. Тек, сол сұранысқа сай, әр нысана аудиторияның қажеттілігін өтейтіндей өнім бере алсақ болғаны.
Екіншіден, тек Қазақстан нарығын емес, әлемдік нарықты көздеуді үйрені керек. Иә, тек қазақ үшін жазатындар бар. Ол кемшілік емес. Әлемдік кітап нарығына міндетті түрде барлық жазушыны шығару керек деген талап жоқ. Және, әлемдік нарыққа шықпаған жазушылардың құны да, маңызы да төмендеп қалмайды. Мысалы, Абайдың бар шығармасын әлемге таныстыру керек деген ойдан аулақ болу керек. Ол Абайды кемсіту емес. Оның көп туындысы қазақ үшін маңызды. Сонысымен ол асқақ, биік. Ал, заманауи қаламгерлер барынша әлемдік нарықты ескергені дұрыс. Біз әлемдік коммерциялық нарыққа жүйелі түрде жылына ондаған туындыны шығаруымыз керек. Сөйткенде ғана, шынайы әлемдік оқырман назарын аударғанда ғана біраз жылдың ішінде өз авторларымыздың арасынан Нобель, Букер сыйлығының үміткерлері мен жеңімпаздары шығады.
Үшіншіден, мемлекеттің әдебиетті қолдау механизмдерін қайта қарау керек. Егер біз әдебиет нарығы мен жүйені дамытқымыз келсе – жекелеген жазушыларға грант беріп, түрлі стипендиялар мен конкурстар тағайындаудың орнына (немесе солармен қатар) баспаларға қаржылық қолдау көрсету механизмдерін жетілдіруіміз керек. Баспалар мен әдеби агенттер – жазушылардың продюсерлері. Нарықты дамытатын – осылар. Шығармашылық саласындағы кәсіпкерлікті арнайы сала деп бекітіп, сол арқылы кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларыны қатарына арнайы бағыт ретінде қарастырса үлкен өзгерістер болары сөзсіз. Тікелей жазушыға грант беру – бір жолғы көмек боп қалады. Ал, баспаларға қолдау көрсету – нарықты жандандыра отырып, сол жазушыларға жүйелі түрде, ұзақ мерзімді қолдау болар еді. Себебі, баспалар маркетинг, логистика сияқты шығыны мол бағыттарын мемлекеттік қолдау арқылы шеше алса, жазушыларға көбірек гонорар мен роялти төлеп, нарықтық потенциалды игере бастайды. Екінші жағынан, жазушылар тікелей мемлекеттен емес, нарықтан табыс көрер болса олардың тәуелсіздігі арта түседі, үкімет пен әкімдіктердің алдында қол жаюға мәжбүр болмайды. Сол арқылы еркін ойлы зиялы қауым қалыптасып, интеллигенцияның беделі арта түседі.
Бұл шараларды одан әрі жамытып, шығармашылық кәсіпкерлік жобаларына инвестиция салатын арнайық қор қүруға болады. Ол осындай болашағы бар кітаптарға бағытталған инвестициялық портфель қалыптастыра отырып, диверсификациялық стратегия жасаса – нарық әдеуір дамитыны сөзсіз. Әрі, бюджеттік қаражат қайтарымсыз гранттарға емес, табыспен қайтатын жобаларға бөлінер еді. Ал, әр кітаптың аржағында экранизация, аниме, театрлар мен басқа да формадағы потенциалды ескерсек, табыс көлемі еселеп арта түсері сөзсіз. Сонда бұл салаға сауатты маркетинг жасай алатын заманауи менеджерлер, продюсерлер, әдеби агенттер көптеп тартылар еді. Бюджеттен бөлінетін қаржы шығын емес, табыс ретінде қайтып отырар еді.
Бұл идеялар қапелімде ойға түскендері ғана. Қорыта айтқанда, әдебиет саласын реформалау, оны шығындық сала емес, экономикалық потенциалы зор локомотивтік бағыт ретінде қарастыратын уақыт келді. Елдос бауырым екеуміздің ойларымыздың ұштасатын тұсы осы деп ойлаймын.
Едіге ҚОЖАХМЕТ
