Екі енені тел емген ардакүрең
Ақын, аудармашы, журналист Көпбосын Панзабекұлы мерейлі тоқсан жасқа толып отыр. Мақалада автор қаламгердің өмірі мен шығармашылығы жайында тоқталып өтеді.
Көпбосын Панзабекұлы – қазақ әдебиетінде ақындықты, аудармашылықты, әдеби сын-зерттеуді және қоғамдық-ағартушылық қызметті қатар атқарған қарымды қаламгер. Тоқсанның тойына алқынбай жеткен асылдың сынығы.
Ең әуелі қаламгердің өмірбаянына тоқталсақ, Көпбосын Панзабекұлы 1936 жылы 13 қазанда Оңтүстік Қазақстан облысының Төлеби ауданындағы «Жаңа тұрмыс» ауылында дүниеге келген. Әкесі Нұранқұлұлы Панзабек осы колхоздың бірінші ұйымдастырушысы және төрағасы болып жұмыс атқарған. Анасы Өскенбайқызы Ақсұлу оқымаса да тоқығаны көп, ауыз әдебиетінен мейлінше мол сусындаған ақынжанды адам ретінде ел есінде қалған. Көпбосынның қалам ұстауына сол аяулы ананың өнегесі жұғысты болған.

К.Панзабекұлы 1954 жылы Шымкент мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түсіп, оны 1959 жылы «Қазақ тілі мен әдебиеті» және «Орыс тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша үздік бітірген. Жаңадан қызметке шыққан белсенді жас әуелі сол кездегі жергілікті Кеңестік билікте – комсомол, ұстаз, мектеп директоры болып жұмыс істеді. Одан кейін Алматыда Москва аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі, Оқу Министрлігінің Оқу теледидар кабинетінің методисі, Ыбырай Алтынсарин атындағы педагогикалық ғылымдар ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері, Қазақ ССР Ғылым академиясы Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері, Республика Үкіметі жаныңдағы Дін істері жөніндегі Кеңестің бөлім бастығы, «Русский язык в казахской школе» журналының редакторы, Қазақ мемлекеттік басқару академиясының аға оқытушысы, Бизнес және құқық жоғары мектебінің доценті, Қазақстан Компартиясы Алмалы аудандық және Алматы қалалық комитеттерінің бірінші секретары, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бюро мүшесі сынды әртүрлі қызметтер атқарды.
Өзі педагог болғандықтан 2004 жылға дейін мектеп оқулықтары мен методикалық оқу құралдарын жазуға және оларды орыс тіліне аударуға атсалысты.
Сонымен бірге мамандықтары әртүрлі ғалымдармен бірге «Жалпы білім беретін қазақ орта мектебінің тұжырымдамасы», «Қазақ орта мектебіндегі білім беру мазмұнының тұжырымдамасы» сынды еңбектердің жазылуына қатысып, білім беру саласының теориялық негіздерін бекемдеуге көрнекті үлес қосты.
Көпбосын Панзабекұлы әртүрлі әкімшілік қызметтермен қатар қоғамдық-саяси жұмыстармен де белсене айналысты. Бірнеше рет Қазақстан Республикалық партиясы төрағасының және Қазақстанның Азаматтық «Азат» қозғалысы төрағасының орынбасарлары болып сайланды. Халықаралық Мұстафа Шоқай қоғамдық қорының вице-президенті және осы қордың жанынан бірнеше жыл бойы шығып тұрған «Жас Түркістан» журналының Бас редакторының бірінші орынбасары қызметтерін атқарды. Соңғы жылдары Ыбрай Алтынсарин атындағы Қазақ Білім академиясының екі тілде шығатын «Білім–Образование» және «Қазақстан кәсіпқойы–Профессионал Казахстана» журналдарына басшылық жасады.
К.Панзабекұлы қазір еңбек майданына қатысқан ардагер ретінде демалыстағы зейнеткер. Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің Құрметті қызметкері. «Победа», «Партийная доблесть» сынды 20-ға жуық ордендер мен медальдардың иегері.
Көпбосын Панзабекұлының жарты ғасырдан асқан шығармашылық жолына көз жібергенде, өз қаламынан туған және екі тілден бір-біріне аударған, редакциялаған кітаптарының өзі 50-ден асады екен. Саяси, әкімшілік, білім беру және қоғамдық жұмыстармен айналыса жүріп, осыншама мол еңбек жарату шынында да оңай емес.
Біз жоғарыда Көпбосын Панзабекұлының анасының жұрт аузына іліккен ақын жанды адам болғанын айтқан едік. Сол ананың ақ уызымен дарыған ақындық Панзабекті де өлең иіріміне үйірді. Қара өлең қанында қайнаған қазақ баласының қатарында жыр толғады. Ең әуелі оқушы және студенттік кездерінен бастап орыс тілінде өлең жаза бастады. Өз туындыларын қазақ тілінен орыс тіліне, орыс тілінен қазақ тіліне аударуға да ден қойды.
Көпбосын Панзабекұлының поэзиясында адам, уақыт, туған жер, елдік сана, қариялық тағылым, ұрпақ сабақтастығы тәрізді мәселелердің орны ерекше. Оның ақындығының бір ерекшелігі – өлеңді тек сезімнің сыртқы көрінісі ретінде емес, өмірден жинақталған ойдың көркем формасы ретінде пайдалануы дер едік. Оның өлеңдерінен ақынның даланы жай ғана географиялық мекен емес, адамның жады мен рухының мекені ретінде қабылдайтын сезімдік бояуы мен ақындық шабытын қатар көруге болады.
П.Көпбосынұлының шығармашылық өмірінің екінші қыры ретінде оның әдеби сыншылығы мен зерттеушілігінде де ерекше атауға болады. Оның шығармашылық жолының маңызды белесі болған «Жылдар мен ойлар» кітабы («Айос» АБА – Алматы. 2000 жыл) – Көпбосын Панзабекұлының шығармашылық мұрасын жүйелі түрде тануға мүмкіндік беретін негізгі еңбектерінің бірі. Жинақтың құрамында өлеңдер, аудармалар, пародиялар, эпиграммалар берілумен қатар мақалалар мен зерттеулер де берілген. Аталған еңбектен оның әдеби сын мен зерттеуге қосқан үлесін де айқын байқаймыз. Кітапта Нәмет Сүлейменов, Мұхтар Әуезов, т.б. шығармалары туралы да ой-толғауы бар. Ол әдебиетке тек шығармашылық әуес ретінде емес, ойланатын, талдайтын рухани құбылыс ретінде қарайды. Панзабек үшін әдебиет: адам табиғатын тану; қоғамның рухани жағдайын бағалау; қаламгердің азаматтық позициясын анықтау; ұлттық дүниетанымды сақтау; сөз мәдениетін жетілдіру құралы.
Қаламгердің негізгі шығармашылық жолының бірі – аудармашылық. Оның топтама жинақтарына аударма еңбектерінің көптеп енгізілуі Көпбосынұлының шығармашылық кеңістігінің кеңдігін көрсетеді. Аударма тақырыптарын таңдаудағы ерекшеліктері арқылы қаламгердің дүниетанымы және екі тілдегі мәдени кеңістікті салыстырып қабылдауға бейім тұратын ерекшелігі анық аңғарылады. Аударма барысындағы түпнұсқаның мағынасын сақтау, қазақ тілін қамырша илеу, екі тілдің ене-құлындай жақындығын табу, ұлттық образ бен авторлық стильді сақтау сынды сан қырлы өткелді басып өту де аудармашының талғам таразысын айқын көрсетеді. Ол әдеби еңбектерді еркін аударумен бірге, көптеген оқулықтарды қазақ тілінен орыс тіліне аударды.
П.Көпбосынұлының шығармашылық мұрасындағы назар аударарлық бір сала – пародия мен эпиграмма. Әдетте, сатиралық жанр қаламгерден: байқампаздықты; тілдік икемділікті; адам мінезін тануды; қоғамдағы қайшылықтарды сезінуді; астарлы ойды қысқа формаға сыйғызуды талап етеді. Оның жазбаларында достық әзіл, кеудемсоқ басшы, көрсоқыр надандар хақындағы өткір сатира да баршылық. Қаламгер қандауырдай қадайтын сөз өнерін жағынан да қара жаяу емес екенін көрсете білді.
Көпбосын Панзабекұлының шығармашылығындағы ортақ тақырыптық ерекшелік ретінде оның ұлы адамдарға бас июі мен олардың өнегелі өмірін ұрпақ санасына жаңғырту идеясын атауға болады. Ол «Шығыстың жеті жұлдызы» – О.Хайям, Низами, Науаи, Рудаки, Фирдоуси, т.б., ұлы Абайдың мұрасын, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров бастаған қазақ ақындарын өнеге тұтты және орыс тіліне аударды. Орыс поэзиясының алыптары: Пушкин мен Лермонтов, Сергей Есенин, Владимир Маяковский, Михаил Исаковский, Алексей Сурков, Константин Симонов, Николай Тихонов, Александр Твардовский сынды ақындардың бір бөлімін ана тілімізге тәржімалады. Соңғы жылдары Мұқағали Мақатаевтың, Тұманбай Молдағалиевтың, Төлеген Айбергеновтің, Софы Сматаевтың, Сатыбалды Меңдекешевтің, Айсұлу Қадырбаеваның, т.б. ақындардың жырларын орыс тілді оқырманға жеткізді.
Бауыржан Момышұлы, Ақжан әл-Машани, Өзбекәлі Жәнібеков, Әбдіхамит Сембаев, Қалибек Хакім, Серікболсын Әбділдин, Ояз Бименов, Төлеубек Қарамендин, Олжас Сүлейменов, т.б. тұлғалар туралы құнды естеліктер жазды.
Қаламгердің «Мен жырлаған және мені жырлаған есімдер» («Үш қиян», Алматы. 2025 жыл) кітабында берілген 70-80 жастық мерейтойындағы ақжолтай лебіздердің де айтары мол. Ағамыз 90-ның төріне жай келмепті. Екі енені тел емген арда күреңдей – әдебиет үшін алтын көпірлік қызмет еткенін мақтанышпен айтуға болады.
Жалпы алғанда, Көпбосын Панзабекұлының шығармашылық жолын оның қоғамдық және еңбек жолынан бөліп қарауға болмайды. Бұл тұрғыдан оның шығармашылығын: қоғамдық қызмет, өмір тәжірибесі, азаматтық көзқарасы мен ой-танымы, әдеби ой тереңдігі жақтарынан байланыстыра зерттеу қажет. Тіпті оның соңғы ширек ғасырдағы әдеби қызметінің тағы бір ерекшелігі – ұрпаққа сөз қалдыру, тәлім айту, өмірлік тәжірибені кейінгі буынға жеткізу екенін де бағалауға тиіспіз. Еңбектеріне жеке-жеке шығармалар жиынтығы ретінде емес, біртұтас дүниетанымдық жүйе ретінде қараудың маңызы зор.
Қаламгердің әдебиеттегі орны туралы айтқанда, бір сөзбен тұжырымдау қиын. Өйткені Көпбосын Панзабекұлы сегіз қырлы, бір сырлы тұлға. Былайша айтқанда, ол – ақын, публицист, әдеби сыншы, зерттеуші, аудармашы, сатирик, тәлімгер, т.б. сан өнердің тарланы. «Ақын болу еркіңде, азамат болу борышың» дегендей, ең бастысы ол тоқсанға келгенше өз бағытынан жаңылмаған, таймаған нағыз қазақ азаматы. Өнегелі өмір жолын адал еңбекпен жасаған ойшыл қаламгер.
Тоқсан жастық тойыңыз құтты болсын, Аға!
Жәди ШӘКЕНҰЛЫ,
жазушы-тарихшы, Қазақстан жазушылар
одағының мүшесі, Еуразия жазушылар одағының мүшесі.
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері.
25.08.2026.
Алматы.
