Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Еламан Қабдыләшім. Солдат жырлары...

18.04.2018 8986

Еламан Қабдыләшім. Солдат жырлары

Еламан Қабдыләшім. Солдат жырлары - adebiportal.kz

Баянауылдық жас ақын Еламан Қабдыләшімнің "Солдат жырлары" атты өлеңдер топтамасын ұсынып отырмыз. Ақынның аяқ алысынан өлең жазудың техникасын тәп-тәуір игергендігі, қазақ сөзінің шұрайлысын қолайына сай таңдай білетіндігі анық аңғарылады. Төрешісі өзіңіз, оқырман!

Солдат жырлары

Өлең – менің өмірімнің бір аты,

Сағыныштан тұратын.

Гүлге құштар, жырға ғашық жүрекке,

Үміт сыйлау – мұратым.

Өлең – менің тағдырымның бір жолы,

Қия аламын кімге оны?!

Жан нұрымен сәулеленген бақ-бүршік,

Көңілімнің көктемінде бүрледі.

Өлең – менің қиялымдай тым биік,

Кейде мұңдай шын күйік!

Көкірегімде толқын туса, күллі әлем,

Тына қалған секілденеді жырға ұйып.

Әлем бүгін тағы тынды сілтідей,

Ақын ұлдан жыр тілей.

Түнгі аспанның астында әлем мүлгіді,

Көбелектей қонған гүлге үркімей.

Үркітпейін...

Әлдилейін әлемді,

(Жыр оқиын, ал, енді!)

Мен дүниені кірпік қақпай күзетем –

Аспан үнсіз күзетеді өлеңді.

***

Жүрегіммен, жанымменен жарасқан,

Құшағыңа енгім келді, көк аспан!

Сен биікте, мен төменде демесең,

Егіз болып туған едік о бастан.

Жүрегімде сенен біткен өрлік бар,

Жанымда да саған лайық кеңдік бар.

Аярлықтың, айуандықтың алдында,

Еңкіштеніп, еңкеймеймін сондықтан.

Саған лайық ғұмыр кешкім келеді,

(Түсіне алмас мұңымды ешкім, себебі).

Күн-қызыңмен, жұлдызыңмен, Ай-доспен,

Күбірлескім келеді...

Аспаныммен қас-қағымда жараса,

кетемін мен тыныштық кеп қамаса.

Түнгі посттар, неткен аяулы едіңдер,

Арманыммен қалдыратын оңаша!

Аспан, сенің келбетіңе зер салам,

Мендей саған құмартты екен қанша адам?!

Шексіз болып көрінесің сен маған,

Отсыз болып көрінбейін мен саған!

Оқ даусы

Оқ атылды, жаңғырығы кетті өрлей,

кетті және зәре ұшып,

Оқ даусымен құлағыма жеткендей,

шаһит кеткен асыл ерлер дауысы.

Оқ атылды, ол сұм енді тоқтаман,

елемейді ол ешкімді.

Оқ даусынан жалғыз ұлын жоқтаған,

аналардың ащы айқайы естілді.

Жер бетінде оқ атылмас болса, әттең!

Оқ атпаққа өңкей сарбаз шеп құрды.

Жүрегімді тыныштықтың сол сәтте

еңіреген зарлы даусы жеп тұрды!

***

Тұманбай туған топырақ,

Алатау асқақ – арлы шың,

(...Жаным есті һәм ақымақ,

Сонымды емдеуге сал күшің!...)

Ақын боп келгем бұрында,

Солдат боп келдім ендігі.

Ерлігім – (мендік ұғымда)

Өремнің ғана өрлігі.

Қалам ұстаған қолыма,

Қару ұстадым – ызғарлы.

Қарайламадым соңыма,

Қыз қалды...

Жо-жоқ Күз қалды.

Күз қалды бұлғап орамал,

Сағынышымдай сарғайып.

Ұмытпасыма жоқ амал,

Естеліктерде бар ма айып?!

Мойындамаған жан емен

қасиетіңді бір рет:

Найзаның ұшы

және де

қаламның ұшы – құдірет.

Найзаның ұшы – кеңдігім,

өрлігім – ұшы қаламның...

Ар менен намыс – ер құным,

Амандығында жағамның.

Тұманбай туған бұл маңда,

Алатау да тұр қасқайып.

Жүректе жыр мен сыр барда,

Көңілдің шерін достай ұқ...

Сенімім шығар ең ауыр,

Сезімім шығар, мықтаса?!

Сағынышта бар не қадір

ақын мен солдат ұқпаса?!

Қараша

Қараша қоштасудың нышанындай,

Сен хат жолдап тұрғайсың құса қылмай.

Хатың жетсін жылытып жүрегімді,

Анамның құшағындай.

Қараша сенімдердің сынағындай,

Басылмас құмарымдай...

Хатың жетсін өмірге ынтықтырып,

Үмітімнің өшпейтін шырағындай.

Қараша мен қимаған жамалыңдай,

Құлазып көңіл, сәтке жан ауырды-ай.

Хатың жетсін аймалап жас кеудені,

Даламның самалындай.

Қарашада сезім бар қалтыраған,

Қарашада бары рас жалпы ғалам...

Сол ғаламның көзінде тамшы жас тұр,

Ұқсайтын қалпы маған.

Хат жолдап тұр, бақ сыйлап маған бөлек,

Иба сақтап хат жолдау – саған да әдеп...

Қарашада қоштасып кете бардым,

Сағынышты хат алып қалам ба деп...

***

Әке, сені сағындым,

Ана, сені,

Сағыныштан ұлғайды сана шері.

Шаштарыңды ағартқан жаман ұлың,

Сеніміңді ақтауға жараса еді...

Сеніміңді ақтауға бел байлағам,

Түрім осы – жер қорғап, елді ойлаған.

Бейбіт күнде «басыма бостандық» жоқ,

Қол байлаған, сонан соң сор қайнаған.

Мына жақта ой бөлек, сезім де ерек,

Шыдау керек, темірдей төзім керек.

Телмірсек те талай түн шерлі аспанға,

Жалғыздықты дәл бұлай сезінбеп ек...

...Басым тығып бұрышта бұғып қалман,

Солдат болған бар ма екен жігітте арман?!

Табылдының әні боп қайрады ерді,

Әке сөзі санаға сіңіп қалған.

Қарашада кеттім мен...

...Күз деме оны,

Дір еткен шақ қайыңдар қыз денелі.

Шашылған жапырақтардың арасынан,

Арманымнан басталған із көремін.

Ерке шақтар алып жүр бар мазаны,

Батады жалғыздықтың жанға азабы?!

Ақын жыры тербей ме жүректерді,

Құлақтарға жете ме сарбаз әні?!

Әке жолы ұлменен жалғас еді,

Үйді ойлаймын, ойлаудан талмас едім.

Өкпелеп жүрген шығар әкейге анам:

«Сен «Бар!» - деген, әйтпесе өзі бармас еді!»

Бір жапырақ қағаз хикаясы

Әкем ол кез қиырда, әскерде-тін,

Алып-ұшпа аңғал ед жас кеуде тым.

Атамның батқан талай мұңға жаны –

Әжемнің жуған талай жас келбетін.

Егіз еді әкейлер (сый-ырыс – ол),

Қос құлыншақ бірге әйтеу, сүйініш – ол.

«Жан – бір» - десіп бауырлар бекінгенмен,

Тағдыр егіз болмайды, қиыны – сол.

Ауыр шақ бұл Ауғанның ызғары ұрған,

Алауы өшкен қанша үйдің жүз дауылдан.

Әкем жиі айтады: «Сол жылдары,

Хабар да аз жететін бізге ауылдан».

Ауыл жатыр үреймен ғұмыр кешіп,

Қылып алған шерін – төр, мұңын – бесік.

Жеткенде қара қағаз, темір табыт,

Еңірейтін күллі ауыл «ұлым», - десіп.

Сарсаң қылған сананы сондай күні,

Қағаз келді сездіріп зор қайғыны.

Ана жаны шырылдап қоя берді,

Орысша хат танитын болмай бірі.

Үйге енген жар отарды тегіс қамап,

– Ар жақтан хат жазыпты орысшалап...

(...Ер шапты орталыққа қағазды алып,

Жар қалды көңілі түсіп, теріс қарап...)

Тіл білмес, орысша хат ол танып па?

Соқтырмаса болды осы сор табытқа.

Сан оймен арпалысып, әл тауысып,

Шерлі әке шауып кірді орталыққа.

Жанарын жас жуыпты.

Шыдамай кеп,

Хатшы қыздан сұрады: «Бұл қалай?» – деп.

Хатшы қыз: «Сүйінші, аға!» – деген кезде,

Лап еткендей болды өшкен тұла бойда от.

– Балаңызды мақтаған хат – бұл, аға!

Көп ешкімге бұйырмас бақ – бұл, аға.

– Сүйіншің мойынымда кетпес, қызым!

– Дәл қазір думан қылар сәт – бұл, аға!

Жиып көпті, той қыпты ұлан-асыр,

Той қыпты тамсанардай мына ғасыр.

Ойлады: «Отан үшін от кешсе де,

Тұғырынан ешқашан құламас ұл».

Ана отыр жәудіреп қос жанары,

Қос жанардан пар-парлап жас тамады.

Қас қарая келді үйге азаматы,

Жадыраңқы, ашылып қас-қабағы.

– Жасамасын, бәйбіше, ішің бүлік,

(Тұрғандай ед иненің ұшында үміт.)

Командирдің хаты екен, мақтапты ұлды –

деп ері жеткізді енді түсіндіріп...

Елге оралды қос құлын, дәм бұйырып,

Шаңыраққа ырыс-құт қалды үйіліп.

Бір жапырақ қағаздың әлегін-ай!

Зәрені алған қамшыдай жанды иіріп.

Өлең ғана сырласым, досым ұлы,

Сағыныштың тербеді есіл үні.

Мен да алыста мың оймен арпалысқан,

Азат таң сақшысымын осы күні.

Әкетай, сағындырып қойдың мені,

Анашым, жаныңды ұғып бой бүрледі.

Әскердегі ұлды ойлап жүрсіңдер ме,

Маза бермей баяғы ой дүрмегі?!

Өздеріңе еркелер шақты ойға алып,

Бара жатыр бойды өлең шоқтай қарып.

Енді ешқашан кешпейтін күй кештіріп,

Мен де бір күн жетермін хатқа айналып.

***

Уа, Ұлы өлең, жабыққанда дем бердің,

Күнәмді де, күмәнді де тең бөлдің.

Доғарармын ертегіге сенуді,

Сағынышым сөнген күн...

Жан аңсарым, жан сөзіме құлақ түр,

Өткенді ойлап қамығады жырақта ұл.

Сол Күзді әлгі әлі көрем түсімде,

Ұмытам деу көтере алмас сынақ – бұл.

Сен сынап бақ, ал сен, рухым, шыдап бақ.

Бақытыммен қауышармын мың аттап.

Көкірегімде қалып қойған тұрақтап,

Сенім дейтін нұр аппақ...

Тілім-тілім, жамау-жамау жүрегім,

Құлындаймын, құлыңдаймын, ұлы елім.

Ұраншылдар жайлап алған қоғамда,

Ессізіңе бұйырар ма бір орын?!

Болып барам шарасы жоқ мүсіндей,

Ғаламға бас болам дейді кісің кей,

Ұғына алмай қасиетін қылыштың,

қаламның да құдіретін түсінбей.

Бойымдағы желік емес тыз етпе,

Жол да жайлы дей алмаймын біз өткен.

Жүрегіме тек өлеңім жәрдемші,

Жаным мәңгі арым үшін күзетте.

Қалам ұстау – серт маған,

Дегдар жаным дүнияуи дертке алаң.

Арман да алдай береді екен, о, несі?

Қалған жандай абдыраймын өртте аман.

Қылыш ұстау, төбеңді бұлт торласа,

Сенші, ауыр шаруа емес ол да аса.

Еш қиындық көргенім жоқ әскерде,

Қалам таппай қиналғаным болмаса.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар