Елігайдың ертегі әлемі

136

Елігайдың ертегі әлемі - adebiportal.kz

Қазақ әдебиетінде балалар әдебиеті – ұлттың рухани тәрбиесінің маңызды салаларының бірі. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген қанатты сөзі де ұрпақ тәрбиесінің негізі балалық шақтан басталатынын меңзейді. Ал сол тәрбиенің алтын арқауы – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан ауыз әдебиеті. Соның ішінде ертегілер – баланың қиялын дамытып, дүниетанымын кеңейтетін, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіретін баға жетпес рухани мұра.

Қазақ ертегілері – халықтың сан ғасырлық өмір тәжірибесі мен дүниетанымының көркем көрінісі. Олар арқылы ұрпаққа ізгілік пен әділдік, еңбекқорлық пен адамгершілік, туған жерге, табиғатқа деген сүйіспеншілік сияқты асыл қасиеттер дәріптеліп келеді. Уақыт өте келе ауызша тараған ертегі дәстүрі жазба әдебиетпен сабақтасып, нақты авторы бар, көркемдік-танымдық деңгейі жоғары, тәрбиелік мәні терең жаңа шығармалар дүниеге келді.

Жуырда журналист, «Қазақ радиосының» дикторы Мәдина Махамбетқызының «Елігай» атты ертегілер жинағының таныстырылымы өтті. 

«Елігай» ертегісі – осы дәстүрдің заңды жалғасы. Шығармада қазақ халқының көшпелі өмір салты, табиғатпен етене байланыста қалыптасқан дүниетанымы, салт-дәстүрі мен ұлттық болмысы балалардың жас ерекшелігіне сай жеңіл тілмен, қызықты оқиға желісі арқылы баяндалады. Сонымен қатар шығарма қоршаған ортаны аялау, табиғат заңдылықтарын тану, ұлттық құндылықтарды құрметтеу сияқты маңызды ұғымдарды бала санасына сіңіруге бағытталған.

Осы тұрғыдан алғанда, «Елігай» ертегісі – тек көркем шығарма ғана емес, жас ұрпақтың ұлттық дүниетанымын қалыптастыруға, туған халқының мәдениеті мен рухани мұрасын тереңірек тануына қызмет ететін тағылымдық мәні зор туынды.

«Шынымды айтсам, ертегі жазу үш ұйықтасам түсіме кірмеген. Осыдан 5 жыл бұрын біреу «сен ертегі жазып, көпшіліктің алдында таныстырылым өткізесің» десе, сенбес едім. Өйткені ол кезде мен бала әлемінен де, ертегі әлемінен де алыс болатынмын. Мені осы ғажайып әлемге жетелеп әкелген – ұлым Барысхан. Ол үнемі кез келген нәрсені ертегіге айналдыруымды сұрап, «ертегі оқып бер», «ертегі айтып бер» дейтін. Үйдегі есіктен бастап, қабырға, көрпе-жастық, ыдыс-аяқ — бәрі біздің ертегіміздің кейіпкеріне айналатын. Мысалы, ұйықтар алдында «перде мен жастық туралы», «көрпе мен аю туралы» ертегі сұрайтын. Біз қиялдан құрап, айтып беріп жүрдік.

Бір жыл бұрын Моңғолияға барған сапарымызда Барысхан ондағы тіршілікке ерекше қызығып, сол әсерін ұзақ уақыт ұмытпай айтып жүрді. Сол елде оның Елігай есімді қарындасы бар. Елігай — болмысы бөлек, еркін, зерек қыз. Қазақстанға оралған соң Барысхан әдетінше «Барысхан және оның қарындасы туралы ертегі айтып бер» деп өтініш білдірді. Осылайша біз ертегіні бірге құрастыра бастадық десек болады.

Кейде оқиға желісін өзім өзгертіп жіберсем, Барысхан «олай емес қой» деп түзететін. Содан бастап ертегі идеяларын түртіп жүруді әдетке айналдырдым.

Елігайдың видеосын әлеуметтік желіге жүктегенімде, оның табиғи болмысы мен ерке қылығы көпшіліктің ықыласына бөленіп, тез танымал болды. Сол сәтте адамдар Елігай арқылы өз балалығын, көшпелі өмірдің тынысын, ұлттық болмысын көргендей әсер алды деп түсіндім.

Осыдан кейін түртіп жүрген ертегілерге жан бітіріп, көпшілікке ұсыну идеясы туды, – дейді ертегі авторы.

«Елігай» ертегісінің тұсаукесеріне Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ, профессор Шерубай Құрманбайұлы, «Қазақ радиолары» ЖШС бас директоры Нұртас Сұлтанұлы, журналист Кәмшат Тасболат қатысты. 

Қазір қит етсе, «қазақша кітап, ертегі жоқ» дейтіндер бар. Шындап келгенде, қазақша контент баршылық, сылтау көп. Тіпті, сапалы кітаптардан бөлек, бала тілін қазақша шығаратын 100-ге таяу балалар ютуб-арнасы бар. Заманауи қазақша кітаптардың қатарына «Елігай” ертегісі де енді. Елігай - Моңғолияда тұратын кішкентай сүйкімді, ақылды қыз, бас кейіпкер. Оның басқа балалардан айырмашылығы - гаджеттерге телмірмей, табиғатпен үндесіп өмір сүруі, таумен сырласуы, желмен қуыспақ ойнауы, күнмен сыңғырлап күлуі… «Елігай» ертегісі бала қиялын ұштап, асқақ армандарға жетелейді. 

Қазір әлемде 7500 тіл болса, 200 мемлекет бар, соның ішінде қазақ тілі таралуы жағынан Үздік 100 тіл рейтингіне кіреді, дүниежүзінде сөйлеушілер саны - 20 миллионнан асады. 2025 жылы қазақ тілі 71 орынға жетті. Егер сіз осы күнге дейін не бітірдім, ел, мемлекет дамуына қалай үлес қостым деп толғанып жүрсеңіз, өз салаңыз бойынша қазақша контент жасаңыз! Бұл тіл дамуына қосқан сүбелі үлес болмақ. Тіл дамуы - мемлекет дамуы. Кезінде Алаш арыстары Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсыновтардан бастап Нәзипа Құлжанова, Гүлсім Асфендиярова, Аққағаз Досжановалар өз салалары бойынша мерзімді баспасөзде қаншама пайдалы мақала жазып, қазіргі заман тілімен айтсақ, сапалы контент жасады. Қазір де әр қазақтың әлеуметтік желіде, ютуб-арналарында қазақша жазуы аса маңызды», - деп жазды журналист Кәмшат Тасболат.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan