Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Есенғали Раушанов. Үміт еткен жастарым......

23.01.2019 5365

Есенғали Раушанов. Үміт еткен жастарым...

Есенғали Раушанов. Үміт еткен жастарым... - adebiportal.kz

Тарихтан мәлім, қай қоғамда да жастар саясаты назардан тыс қалған емес. Бұл дұрыс та. Біздің елімізде 5 миллионға жуық адам жастар боп есептелінеді екен. Бұл Жер бетіндегі шағын бір мемлекеттердің халқының санымен бірдей деген сөз. Тек келешек қазақстандықтардың маңдайына біз көрген аумалы- төкпелі, өтпелі кетпелі кезеңдер жазылмағай. Елдің амандығы, жұрттың тыныштығы сол жастарға байланысты. Түсінген адамға, Елбасымыз бүгінгі сөзінде тек жарқын болашақ туралы ғана емес, сонымен қатар жауапкершілік туралы да айтты. Әрбір қазақ Қазақстан үшін жауапты. Әрбір жас оның Қазақстаннан басқа Отаны жоғын күн сайын, сағат сайын сезінуі тиіс. Қазақтың Отаны – Қазақстан ғана. Ол біреу. Басқа Отан жоқ! Шығармашылық жастар үшін барлық жағдай жасалған. Мұндай мамыражай заман бұрын-соңды болған емес. Енді осы сөздің мәнін таратып айтып көрейін. Біз өскен кешегі Кеңес үкіметі кезеңінде шығарма жазу қандай қиын болса, жазған дүниеңді жарыққа шығару одан әлденеше есе қиын болғанын айтсақ бүгінгі жастарға ол ертегідей боп көрінуі мүмкін. Бүкіл Қазақстанда қазақша өлең жариялайтын екі-ақ газет болды. Олар «Лениншіл жас» пен “Қазақ әдебиеті”. Өзге басылымдар тілі қазақша болғанмен, ділі ардақты коммунистік партия мен аяулы комсомолдың сөзін сөйлеумен-ақ күндерін өткізетін. Заң солай, заман солай болды. «Жұлдыз» журналы аға буынның роман, повестерін жариялаудан босамады. Екі айда бір шығатын «Жалын» альманағы жастарды жариялап үлгермейтін. Егер жас ақын республикалық басылымда жылында бір немесе екі рет жарияланса малақайын аспанға атып қуанатын. Ал бүгінгідей топырлатып ай сайын бір топтамасын жарыққа шығару деген бақыт ешкімнің де пешенесіне жазылмады. Егемендік алғалы қазақша шығатын қаншама басылымдар пайда болды. Мұндай «молшылық» бұрын-соңды болмады дейтініміз содан. Бұл – бір. Екіншіден, Сіз жан-жағыңызға көз салып қараңыз, көрші республикалардағы көркем әдебиетке деген көзқарас қандай, оларда қандай ахуал қалыптасып отыр? Бұл информациялар тасқынының заманы, әлеуметтік желілер дәурені оны білу қиын емес.

Бүгінгі Қазақстандағыдай еркіндік еш жерде жоқ. Көркем әдебиеттің таралуын «әлеуметтік маңызы бар әдебиеттер» ретінде мемлекет қаржысымен қамтамасыз етіп отырған жалғыз мемлекет Қазақстан ғана. Қазақтың жас қаламгері кітап шығару үшін өткен замандағыдай жылдар бойы кезек күту дегеннің не екенін білмейді, көрші мемлекеттердегідей жазған кітабын жарыққа шығару үшін әр мекемені бір сағалап, бай бағландарға сұрамсақтанып, қаражат іздеп табанынан тозбайды. Тіпті баспаны да қажет етпейді. Бүгін жазған дүниесі сиясы кеппей жатып ертең баспасөзде жарияланды, араға жыл салмай кітап боп шығады. Беріліп жатқан сыйлықтардың есеп-қисабы жоқ. Қазір лауреат емес жастарды сирек кездестіресіз. Олардың көбі осылай болуы қалыпты жағдай деп түсінеді. Бұған үкіметтік және үкіметтік емес ұйымдар қаржыландырып жататын мүшәрайлар мен жарыстарды қосыңыз. Содан келіп көп жағдайда сапа құриды. Кейбір жастардың кітап саны Ә.Нұрпейісов, Т.Әбдік, Д.Исабековтардың кітаптарынан көп. Төленде көп болса алты-жеті кітап бар, ал әлгі «толыспаған Толстой, шала Шекспирлердің» алды он бес кітап шығарып үлгерген. Біздің әдебиет қазір «сан болса сапа да болады» деген жаңсақ принциппен дамып (егер дамығаны рас болса) келеді. «Жоқ, әуелі сапа керек!» деген заманға да келерміз. Мұның бәрін неге айтып отырмыз? «Қолда бар алтынның қадірін білейік» дегенді қайталап айтқымыз келеді. Біз жастарға сұраған еркіндігінің бәрін бердік, бірақ бұл оларға нашар жазу еркіндігі, бетімен кету, еріншектік, бекер мал шашпақтық, даңғойлық та қоса берілді деген сөз болмасын.

Жастар жылында басты өзгерістер мен бет бұрыстарды жастардың –өздерінен күтеміз.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар