Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЗЕРТТЕУ
/
Ғалымның хаты өлмейді......

Ғалымның хаты өлмейді...

09.01.2026

4994

Ғалымның хаты өлмейді... - adebiportal.kz

Немесе әуезовтанудың әлеуетін арттырған жаңа толқын

 

Қазақ әдебиеттану ғылымында Мұхтар Әуезов мұрасын жүйелі түрде зерттеп, ғылыми айналымға жаңа деректер енгізу үрдісі еш үзілген емес. Алдыңғы толқынның Зейнолла Қабдолов, Мекемтас Мырзахметов, Рымғали Нұрғали, Тұрсын Жұртбай, Арап Еспенбетов сынды өкілдерінен басталған әуезовтанушылардың ұлы көші бүгінгі кезеңге мол қазынамен ат шалдырып отыр деуге әбден болады.

Жалпы, ғылым жолы - ұрпақтар сабақтастығының үзілмейтін алтын жүлгесі. Аға буыннан мұраға қалған зерттеу бағытына адалдық үлкен еңбек пен үздіксіз ізденістердің нәтижесінде ғана діттеген мақсатқа жеткізетіні сөзсіз. Ал таразы басына Мұхтар Әуезов сияқты алып тұлғаның шығармашылығы мен өмірін ғылыми тұрғыда зерттеп, зерделеу ісі тартылғанда, жауапкершілік жүгі еселене түседі. Өйткені, әуезовтану ғылымы - ұлттың көз алдында қалыптасқан ұлы тұлға туралы ақиқат пен заманның күрделі талабы туғызған «ақтаңдақтарға» толы шындықты саралайтын жауапкершілік жолына ұқсайды. Демек, осы жолдан өткен аға буын ғалымдардың ізін басқан, бүгінде орта буынға айналған жас зерттеушілердің мойнында қасиетті парыз бар. Ол парыз - уақыт ілгерлеген сайын Әуезовтің ұлы тұлғасына қатысты тарихи шындық пен рухани болмысты жаңаша көзқараста пайымдап, өскелең ұрпаққа ақиқатты екшеп ұсыну міндеті екен.

Осы қасиетті парызды өтеп жүрген зерттеушілердің бірі – филология ғылымының кандидаты, әуезовтанушы Раушан Мұқажанова. Зерттеушінің еңбектері ұлы жазушының көркемдік әлемін ғана емес, ғылыми, публицистикалық және эпистолярлық мұрасын терең тануға жол ашты. Раушан Мұқажанованың ғылыми ізденістерінің басты бағыты – Мұхтар Әуезовтің әдеби-теориялық көзқарастары, шығармашылық лабораториясы және хаттары арқылы тұлғалық болмысын ашуға бағытталған. Ғалым Әуезовтің тек қаламгер ғана емес, ірі ойшыл, ұлт руханиятының стратегиялық бағыттарын айқындаған қайраткер екенін дәлелдеуге күш салды.

Зерттеушінің ерекше назар аударған саласының бірі – Мұхтар Әуезовтің эпистолярлық мұрасы. Раушан Мұқажанова Әуезовтің әріптестерімен, шәкірттерімен, замандастарымен жазысқан хаттарын тек жеке пікір алмасу құралы емес, дәуірдің рухани ахуалын танытатын тарихи-мәдени дерек ретінде қарастырады. Бұл тұрғыда ғалым хат мәтіндеріндегі әдеби көзқарастарды, ғылыми ұстанымдарды, замана қайшылықтарын нақты мысалдар арқылы ашып көрсетеді.

- Мұхтар Әуезовтің өз қолымен жазған түпнұсқа хаттарының араға жылдар салып жарыққа шығуы – әуезовтану ғылымы үшін аса маңызды оқиға. Бұл эпистолярлық мұраның бүгінге дейін сақталуының өзі – баға жетпес құндылық. Өйткені мұндай деректер ұлы жазушының шығармашылық және ғылыми болмысын тереңірек тануға жол ашады. Біз осы уақытқа дейін «Әуезовтің ғылыми өмірбаяны толық жазылған жоқ» деп айтып қалып жүрдік. Жазушының көркем мұрасы кеңінен зерттелгенімен, оның ғалым ретіндегі қалыптасу жолы мен ғылыми көзқарастары жүйелі түрде зерделенбей келгені рас. Жаңа табылған хаттар осы олқылықтың орнын толтырып, Мұхтар Әуезовтің ғылыми қызметіне қатысты тың деректермен толықтыруға мүмкіндік береді. Хаттарда жазушының замандастарымен байланысы, ғылым мен әдебиетке қатысты ойлары, сол дәуірдің рухани ахуалы айқын көрініс тапқан. Бұл деректер Әуезов тұлғасын жаңа қырынан ашып, оның шығармашылық эволюциясын нақты тарихи контексте қарастыруға жол ашады. Аталған мұра келешек ұрпақ үшін ғана емес, магистранттар мен докторанттар, жас зерттеушілер үшін де құнды дереккөз болмақ. Ең бастысы, Мұхтар Әуезовтің ғылыми өмірбаянын қалыптастыруда бұл хаттардың орны ерекше боларына сенім мол, - деп жазады Раушан Мұқажанова 2010 жылғы бір мақаласында.

Иә, осы кезең Әуезовтану ғылымы үшін жемісті болған екен. Өйткені 2010 жылы Мұхтар Әузовтың өз қолымен жазылған хаттары табылып, музейге тапсырылған болатын. Бұл әуезовтанудағы ғана емес, тұтас қазақ руханияты үшін тарихи маңызы бар тың дерек болған еді. Яғни, ұлы жазушының соңғы күндерінен бері арада алпыс жылға жуық уақыт өткен соң табылған бес хат шынымен бағалы олжа-тын. Бұл оқиға әуезовтану ғылымына жаңа серпін беретін құнды рухани мұра ретінде бағасын алған болатын. Ал Әуезовтің қолының табы қалған құнды құжаттарды ғылыми негіздеп, мұрағаттық айналымға енгізген үлкен жұмыстың басы-қасында сол тұстағы жас ғалым Раушан Мұқажанова жүрген екен.

Айтпақшы, сол жолы Семейде үлкен рухани іс-шара өтіп, жазушының табылған хаттарын ұлы тұлғаның ұрпағы - Мұрат Әуезовке табыстау рәсімі жасалыпты. Ал Әуезовтің өзі жазған хаттарын ұзақ жылдар бойы «Абай» қорының президенті болған Балташ Ерсәлімов өзінің жеке қорында 30 жыл бойы сақтап келген екен.

Бүгінде әуезовтанудың негізгі зерттеу бағытына айналған аталған бес хаттың төртеуі 1950 жылдары жазылып, сол кездегі бала Мұратқа арналғаны белгілі. Ал бір қолжазба 1940 жылдардың ортасында Мұхтар Әуезовтің Мәскеуде жүрген кезінде жары Фатима Ғабитоваға жолдаған хаты екен.

Бұл жерде біз әуезовтанушы-ғалым Раушан Мұқажанованың тарихи-мәдени, әдеби мұраға қатысты ғылыми жүйелілік пен деректік дәлдікпен жұмыс істегендігіне тоқталғымыз келеді. Жалпы, ғалымның еңбектеріне тән басты ерекшелік – ғылыми жүйелілік пен дерекке адалдық. Ол Әуезов шығармашылығын зерттеуде эмоциялық бағалаудан гөрі, архив материалдарына, қолжазбаларға, сирек деректерге сүйенеді. Бұл зерттеулер әуезовтанудың деректік базасын кеңейтіп, жас ғалымдар үшін әдістемелік үлгі бола алады. Оған мысал ретінде ғалымның «Әуезов өмірі мен шығармашылығының Семей кезеңі» атты монографиялық еңбегі мен «Мұхтар Әуезов және Семей» атты құжаттар жинағы және ол құрастырған «М.Әуезов шығармашылығы бойынша библиграфиялық көрсеткіш» атты ғылыми еңбектерді айтсақ жеткілікті. Бұдан бөлек автордың Әуезов әлемі туралы жазылып, жарық көрген ғылыми мақалалары мен оқыған лекциялары да бір төбе.

«Раушан Мұқажанованың ғылымға құштарлығын студент кезінен біліп, өстік. Ол тіпті, өз қатарластарының арасынан журналистикаға да алғашқы болып түрен салған еді. 1997 жылы Шәкәрім атындағы университетті бітіргеннен кейін Раушан телевидениеге, «Семей жаңалықтары қызметіне» редактор және тікелей эфирде дикторлық қызметіне араласты. Семей жаңалықтары бөлімінде қызмет атқарып жүріп жүйелі түрде жергілікті жаңалық жаршысы және Семей телерадиокомпаниясы эфирінің жұлдызына айналды. Журналистік қызметте жүріп Семей өңірі бойынша республикалық телеканалдарға да арнайы жаңалықтар әзірлеп тұрды. Үнемі қазақи мәтін бойынша сауаттылығымен, жаңалықтарға мәтін жазуда оперативті тапсырма орындауымен ерекшеленді. Бірақ, оның ғылымға адалдығы бәрібір Әуезовтануға әкелді. Профессор Арап Еспенбетовтың жетекшілігімен ғылым жолына оралып, филология ғылымдарының кандидаты дәрежесіне қол жеткізді. Раушан әуезовтанушы ретінде ұлы жазушының прозашы, аудармашы, драматург, публицист ретінде жаңа қырларына ғылыми бойлады. Әуезовтің «Ұлағат мектебі» жайлы ғылымға жаңа тыныс әкелді. М. Әуезовтың спорттағы өмірі жайлы зерттеу жасады. Семейлік футбол командасы – «Ярышта» 1914 жылдары доп ойнағаны жайлы архив материалдарын тапты.

Қазақ ғылымында өзіндік қолтаңбасы бар Раушан бүгінде Семей қаласындағы Әлихан Бөкейханов университетінің доценті ретінде қазақ әдебиетінің тарихы, әлем әдебиетінің тарихы, Әуезовтану, Әдебиет және эстетика пәндері бойынша арнайы дәрістер оқиды. Раушанның ғылыми жаңалықтары М. Әуезовтің өмірі мен шығармашылығын ғана емес, тұтас әдебиеттанудың өзекті мәселелері және студент жастардың ЖОО жүйесіне бейімделуі жайлы қоғамдағы өзекті тақырыптарды қамтиды. Халықаралық ғылыми журналдардағы зерттеу жұмыстарының нәтижелері ғалым ретінде беделін көтеріп, әлемдік «Скобус» қорындағы Хирша индексінің көтеруліне жол ашты» - дейді оның замандасы, белгілі әлеуметтанушы- ғалым Нұрлан Байғабылов.

Ашығын айту керек, Раушан Мұқажанованың ғылыми мақалалары мен зерттеулері қазақ әдебиеттану ғылымы бойынша Әуезовтану саласының дамуына елеулі үлес қосты. Ол Мұхтар Әуезов мұрасын бүгінгі ұлттық сана, тәуелсіздік идеялары аясында жаңаша пайымдауға күш салды. Жалпы, ғалымның зерттеу еңбектерінің құндылығы – тек өткенді тануда емес, қазіргі рухани сұраныстармен сабақтастығында болса керек. Бұл тұрғыда Раушан Мұқажанова Мұхтар Әуезовтің ғылыми мұрасын терең танып, оны жаңа қырынан зерделеп жүрген беделді әуезовтанушылар қатарында. Раушанның зерттеулері ұлы жазушының тұлғасын толық ашуға, қазақ әдебиетінің ғылыми ой-санасын байытуға қызмет етіп келеді десек, қателеспейміз.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan