Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ПРОЗА
/
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ. ЖАС ЖЕСІР (әңгіме)...

Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ. ЖАС ЖЕСІР (әңгіме)

06.11.2025

2732

Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ. ЖАС ЖЕСІР  (әңгіме) - adebiportal.kz

Алмагүл етегіне оралған үш баламен  –  алды бес жаста, ортаншысы үште, кенжесі емшекте жиырма тоғыз жасында жесір  қалды. Өткен өмірі өң мен түстей. Небәрі отыз бес жасында көлік апатынан тіл тартпай кеткен Айбардың өліміне сенер-сенбесін білмейді. Жанын жегідей жейтін жауабы жоқ сұрақтар маза берер емес. Әйтеуір шиеттей балалары көңілге жұбаныш, дәтке қуат. «Айбарымның аманаты ғой.  Осылар үшін өмір сүрермін» деп қана тәубесіне  келген...

                       ***

 Айдың-күннің аманында атпалдай азаматтан айырылып қаламын деп кім ойлаған?! Жаназасын шығарып, жер қойнына тапсырған соң ағайын-туыс үйді-үйіне тарқасты. Бірлі-жарым абысын-ажын, көңілі жақын көршілер ғана кіріп-шығып жүр. Алмагүл ешкіммен тілдеспей, сүлесоқ отырған да қойған. Меңіреу адамдай мелшиіп қалар ма еді со беті, анасының қайратты сөзі болмағанда?! Жесірлікті өз басынан өткерген шешесі күйігі ішке түсіп кетпесін деді білем, аяушылықтан көрі, қаттырақ айтып қайрай түскен. 

– Е, соры бесбатпан сорлы балам-ай, – деген құшағына қысып.

– Жесірлік менімен кетсін деп едім, болмады. Сен де мен киген қамытты кидің. Тым ерте кидің.  Бірақ, жесірлік атаулы әр әйелдің босағасынан сығалап тұрады. Ендеше ерте кидің не, кеш кидің не, еш қайсысы да оңып тұрған жоқ.   Бұл да өмірдің бір өткелі, үлкен сынағы. Қырық жасымда мен жесір қалғанда шешем марқұм жұбатып еді. Сондағы сөзі әлі көкейімде тұр. 

«Қара жер жесірдің көз жасына жерік, қарағым. Сен басы да емес, соңы да болмайсың. Енді сен әйел ғана емессің, осы үйдің еркегісің де. Болаттай берік бол» деп еді. Саған да соны айтам. Тірі адам тіршілігін жасау керек. Айбар кеткенмен, Алланың мұнысына шүкір, артында ұрпағы қалды. Олар енді саған аманат. Әрине мен ерден гөрі балаға көңілім ауған тұста жесір қалдым. Сенің жолың менен де қиын.  Мөлдіреп тұрған кезің, аяғыңа оралған үш баламен не жастың есебінде, не  егде әйелдің есебінде емессің. Енді қанша жерден тура жүрсең де көлеңкең қисайып тұратынын ұмытпа. Ақылың жетсе  түнде жылап, күндіз күлесің. Ауырсаң  шыдайсың, қиналсаң  төзесің, құласаң қайта тұрып, көзіңнің жасын сүртесің. Сөйтсең ғана жеңіп шығасың, қызым. Әйтпесе уайым түбі тұңғиық, батасың да кетесің. Айбармен өткен бақытты күндерің келмеске кетті. Енді  мына көзге көрінген шырақтарың үшін өмір сүруге тура келеді.   Жесір әйелді баланың буы көтереді. Менен туғаның рас болса, балам, беліңді бекем бу!? Қатал тағдырдың сынына төтеп беруге дайындал!?   

Кейде топырақты өлімнің де қайратқа шақырып, намысыңды жанитын кездері болады. Жинал! Есіңді жи! Тұр орныңнан, – деген әмірлі үнмен. Бірақ Алмагүл тұра қоймады.  Сол мезетте сырттан қолды-аяққа тұрмай шырқырап жылаған кішкене бөпені көтеріп көрші қыз кірді. Баласының дауысына да селт етпей, бір нүктеге қадалып отыра берген. Кіші абысынының: «Тағдырдың ісі ғой, Алмагүл, баланың не жазығы бар, емізсеңші» дегенін  құлағына ілген де жоқ.   

Ашуға булыққан анасы шырқыраған бөпені алды да, Алмагүлдің алдына отырғызып, омырауын жұлқи аша бастады. Сонда ғана ол басын көтерді. Қолындағы баласына үрке қарап, мылқау адамша үнсіз ғана омырауын ашты да, еш ықылассыз бөпесін емізуге ыңғайланды. Шырқыраған бала аузына емшектің үрпісі тиісімен «жеттім бе» дегендей ашқарақтанып емуге кірісті. Үйдегілердің бәрі Алмагүлдің іс-әрекетін бақылап, тым-тырыс отыр. Сол үнсіздікті кішкене бөпе қайтадан бұзып, мазасыздана бастады. Үш күнгі қайғының ішке түскені шығар, бала қара терге малынып борпылдатып емгенімен, сүт шықпады-ау шамасы, амал  іздеп қайта шырқырады. Мұны байқаған  анасы: «Еміреніп, иіп емізсеңші-ей! Жүрегің қара тасқа айналып кеткен бе? Саған не болды сонша?» - деп  таусыла айтқан қатқыл дауысындағы  дірілден тұла-бойы  селкілдеп кетсін.   

Шешесінің   бұл айғайына да пысқырып қарамаған Алмаш қолындағы баланы алды да, жанындағы әйелге сүлесоқ ұстата салды. Диванда жағалай отырған жақындары әліптің артын үнсіз бағуда. Кейбірі астапыралласын іштей айтып, дұға қылған. Анасы мәймөңкелегеннен пайда болмасын сезіп, даусын онан бетер қатқылдай сөйлеген. 

– Жетер енді, Алмаш! Жалғанда  сенің ғана байың өліп, жалғыз сен ғана байдан айрылсаң да. Айтқанға көнбейтін болсаң, ақыр саған бала керегі жоқ екен, мына біз адам емес екенбіз, онда   қазір  асылып өл де, Айбардың артынан кет, – деп айғай салды. 

Сонда ғана Алмагүл өксіп-өксіп өкіре жылаған. 

«Іштегі шері шықсын, тимеңдер» деп шешесі орнынан тұрып, далаға беттеді. Алмагүл ұзақ жылады. Солығы басылған тұста омырауын борпылдатып еміп жатқан бөпесін көрді. 

 Ойлап отырса,   содан бері  қаншама жыл өтті. Қаншама түнді ұйқысыз өткеріп, қаншама күнді күлкісіз қарсы алды. Бәрінен де ағайынның сөзі, қадалған көзін айтсаңшы. Мүжілсе мүсіркейтіндерді, жарқырап жүрсе табалап шыға келетіндерді  қайтерсің. «Мына қатын жетісіп қалыпты» деп біреуі ернін шошайтса, біреуі мысқылдап өтеді. Кейде: «Баяғыда қазақ сорлы неге жесірін бір жылға дейін қара жамылдырып отырғызып, артынша қайнысына болмаса қайнағасына қосып жіберген десем, артында шуын шұбыртып қоятын осындай жаманаты бар екен-ау. Сол дұрыс та шығар», - деп те ойлап қоятын. Бірақ, бүгінде бір жыл қара жамылып, қайнысына қосылатын қатын қайда? 

Олардың кейбірі бір жыл қара жамылып отырып, басқа біреуге қосылмақ түгілі күйеуі қайтқан соң көп ұзамай-ақ киініп-ішініп, жасанып, боянып қыздай болып шыға келетіндерін қайтесің. Болмаса кейбірінің тірідей байларын жібере салып, тірі жесір атанып жүргендері қаншама. Қайтеді, бұл да заманның өзгерісі шығар дейтін.

Қазір барлық ауыртпалық артта қалып, ел қатарлы балаларын жеткізіп, қызын ұзатып, Айбарының артынан ерген ұлын үйлендіріп, аузын толтырып немере сүйіп отыр. Сызып қойған сызығынан аттамағанның арқасында жаман атын шығармады. Ауылдастары да, Айбарының ағайын-туғандары да сыйлап, алдынан қия өтпейді. Өмір ғой, бәрібір жесірліктің бір шикілігі қылаң беріп қоятыны бар.

Бірде Айбардың құрдасы сыныптастарын түгелдей Алматыға қонаққа шақырған. Өзі сияқты жастай жесір қалған Қалдыгүл екеуі «барсақ па, бармасақ па?» деп  көп ойланған.  Жеме-жемге келгенде баратын болып шешті.  Жол-жөнекей келе жатып жесірлікті бір адамдай татқан сыныптас Қалдыгүл құрбысының айтқан сөзі әлі көкейінен кетпейді.

– Алмаш, енді екеуіміз шақырған жерге барғанда ентелеп төрге шығуға ұмтылуды қоюымыз керек. Қаншама рет байқадым, жоғары жаққа көбіне ерлі-зайыптыларды отырғызып жатады. Зады, «қатын – ердің тұсында» дегені рас шығар. Қалай  айтса да, байы бар деген аттың өзі  дәреже, кәдімгі мәртебе екен. Сен қанша адал бол, қанша ақ бол, сабырлы, салауатты бол, тіпті ешқашан ешкімге көз қысып, ыңғай білдірмейтін азамат келбетті әйел бол, бірақ сенің бір ғана кемшілігің бар және ол түзелмейтін кемшілік – байы жоқ деген атақ. Егер сенің күйеуіңнің жоқ екенін білсе, аяғы ақсақ, көзі соқыр қатынға дейін байын қызғанады. «Үлкен үйге бара алмайсың, кіші үйге кіре алмайсың» деген осы. Өйткені сенің  күйеуің жоқ. Ал байы бар деген сөз басқаның бәрін жуып-шайса керек. Әжем марқұм атамның үшінші әйелі болды. Мен өзі кішкене кезімнен сөз ұғар бала болдым да, ол кісінің абысындарына: «Еркек – әйелдің кірлі сабыны» деп айтып отырған сөзі  есімде қалыпты.  «Кірлі сабыны» дегені, күйеуі бар әйелге басқа сөз жуымайды, жуытпайды дегені ғой, - деп ауыр күрсініп сөзін бітірген.

Алмаш құрбысының әңгімесіне алғашқыда басын шұлғи мақұлдап отырғандай еді, артынша қабағы түксиіп, бір нүктеге қадала қарап қатып қалды. Өзінің қалың ойдың жетегінде кеткенін байқамады білем, ортаны үнсіздік жайлады.   Қалдыгүл де ауыр айтылған ойдың бір шеті құрбысының да жан жарасын тырнап кеткенін сезіп, ол да әліптің артын бағып үндей қоймады. «Қашан, қайда болмасын жесірліктің әңгімесі алдымыздан  шыққанын қоймады-ау» дегендері ме, екі мұңлық үнсіз түсініскен кейіп білдіргендей. Бірақ  құрбысының айтып тұрған шындығының алдында екеуі де дәрменсіз еді.  Бір кезде сайрай ала жөнелсін. 

- Қалдыгүл, сонда біз жесір деген аттан өлгенде ғана құтыламыз ба? – деді басын шалт көтерген Алмаш. – Қай заманда болсын осы қазақ жесір әйелдерден не жамандық көрді? Сонау зобалаң жылдары арыстары атылып, айдалып кеткенде солардың іздеушісі, жоқтаушысы болған кімдер еді? Солардың артындағы ұрпағын сақтап қалған сол асыл жарлары емес пе?! Артынша соғыс басталып тігерге тұяқ қалдырмай ер азаматтың бәрін  жаппай майданға әкетті. Ауылда кәрі-құртаң шал-кемпір мен бала-шағаға ие болып кіл жесір әйел қалды. Сол байғұстардың өздері «шыңғырып ішіп, шыңғырып тышып», тойып бір тамақ ішпесе де етекті түріп тастап, білекті сыбанып  таңның атысы, күннің батысы бел шешіп жатпай санаспай еңбек етті. «Қалайда әрқайсымыз жеңісті жақындатуға үлесімізді қосуымыз керек» деген ұранға үн қосып, азық-түлігі бар, киім-кешегі бар, әйтеуір қолынан не келеді,  бәрін жасап, шаршау дегенді білмей өткен де солар емес пе еді?  Марқұм анам айтып отыратын, «Соғыс жылдары айналаң жесір тұл қатын. Бір    колхозда еркек атаулы қалмай, жесір ауыл атанған жағдайымыз бар» деп. Сондағы әйелдердікі неткен төзімділік, шыдамдылық, неткен жанқиярлық десеңізші?! Бәріне көнді, бәріне шыдады. Арды ойлаған сол аналарымыз емес пе,  жалғыз өздері-ақ бала-шағасын тістелеп жүріп өсіріп, ошағын сырмай, шаңырақтарының отын сөндірмеді. Ал қаншама әйел майданнан қара қағаз келгенде көз жасын көл етіп, сағыныштарын баса алмай кетті?! Қаншасы хабарсыз кеткен күйеуін, баласын күте-күте зарығып күндерін өткізді. Көздері жұмылғанша үміттерін үзбей, ақыры сол армандарын қара жерге бірге алып кетті емес пе? 

Алмагүл екпіндеп барып тоқтады. Құрбысы алғашқыда басын изеп, қоштап отырған. Бір кезде ол да қалай әңгімеге  араласып кеткенін байқамай қалды. 

- Рас айтасын. Әсіресе, құдай қосқан қосақтарын көздері жұмылғанша күтті дегенің рас.  Анам бізге осындай болған бір оқиғаны  құлаққағыс ғып айтқаны бар. Көрші ауылда  бір баласымен жесір қалған әйел күйеуін соңғы демі біткенге дейін күтеді. Қашанда  үйден  көшеге шығарда баласына: «Құлыным, мен бір жерге барып келе қояйын. Әкең келіп қалса, мені қазір келеді де. Сені күтіп жүр де!» дейтін көрінеді. Болмаса көршілеріне: «Күйеуім келіп қалуы мүмкін. Келсе «сені әйеліңіз күтіп жүр. Келіп қалады» деп ескертіңдер, - дейді екен. Жасы келіп, екі дүниенің ортасында жатқанда да баласына: «Айналайын, құлыным! Мен кеткен соң да әкең келіп қалуы мүмкін. Келсе «Әке, анам сізді қатты күтіп өтті!?» деп айтуды ұмытпа?» деп көз жұмған екен. 

Қалдыгүл соңғы сөзді әзер тығылып жеткізгенмен, жасаураған жанарын жасыра алмады.  Сәл үнсіздіктен кейін:

–Иә, Алмагүл айтқаныңның бәрі рас. Бәрі рас. Маңдайға жазылған тағдырға не шара?! Қой, жесірліктің мәселесін сен екеуіміз шешпейтін шығармыз. Кімнің аузына қақпақ боласың. Жесірлік бізбен-ақ кетсін. Осы жерден әңгімені тоқтатайық... Қонаққа кетіп  бара жатырмыз ғой... Түнеріп бармай, жарқылдап кірейік...  Елеп-ескергендеріне де рахмет...

–Рас-ау, Қалдыгүл. Мен де қай-қайдағы, жай-жайдағы өткенді айтып нем бар еді.. Кейде осылай қарадай күйіп кететінім бар. Кешірші...     

Бұлар үйге кіргенде көптен көрмеген сыныптастар көрісіп, хал сұрасып арқа-жарқа болып жатыр екен. Қонақтарды дастарқанға отырғызар тұста «пәленше, түгенше төрге шығыңдар» деп үй иесі кімнің қайда отыратынын ескертіп жатты. Екі құрбы сол жолы Қалдыгүл айтқандай есік жаққа жайғасқан. Бұрын: «Оу, біздің сыныптың серісі мен сұлуы.  Құралайды көзге ататын мергеніміз, серкеміз» деп Айбар екеуін қоярда қоймай төрге шығаратын. Қалдыгүл айтпаса  қалай байқамаған, төмендей бастағаны рас-ақ. Жас келе төрің не, әйтеуір қатарларынан  қалдырмай шақырғандарына риза.

Хош. Содан үзілісте қаланың көп қабатты үйлерінің бөлмелері белгілі, тар. Адам көп. Тер басайын деп балконға шықса, Айбардың жақын досы Кемел темекі тартып тұр екен. Ойында ештеңе жоқ, салдырлап әңгіме бастап айтып жатқан. Бір кезде Кемелің: «Алмагүл, сен кешірші. Егер екеуіміздің балконда оңаша тұрғанымызды Шәмшия көрсе, қызғаныштан ұрыс шығарудан тайынбайды. Кейін...кейін...» деп шегіншектеп есік жаққа қарай жылыстайды.  Төбесінен біреу қос қолдап ұрғандай есеңгіреп қалсын. Сәлден кейін ғана сасқанынан «иә, иә, әрине, әрине» деп қала берген. Есіне Қалдыгүлдің жол үстінде айтқан әңгімесі түсіп: «Ойпырмай-ай, Қалдыгүл әулие екен-ау...» деп таңқалғаны бар. Жесір әйелдің «жүні қызыл» дегені осы да. 

Зымыраған уақыт-ай десеңші, Айбардың да дүниеден өткеніне жиырма жылдың жүзі болыпты. Уақыт емші деп жатады. Қайдан емші болсын, ерінен көңіл қалмаған да қиын көрінеді. Не сөзге келіп, не бет жыртысып ұрсысып  көрмеген соң, көңіл сөндіретін жаман қылығын таппай әуре. Дүниеден ерте өтеріне көрінді ме, ең болмаса бетіне бір жел болып тиіп, «тәйіт» демепті. «Алмаш, Алматай» деп өтті. Кейде жолдастарының: «Осы сен неге әйеліңнің айтқанынан шықпайсың? Бір нәрсе айтсақ: «Алматай біледі» деп отырасың. Еркексің ғой, өзің-ақ шеше салмайсың ба?» дейтіндерге де жауабы  дайын еді. «Мен осы сендер сияқты айтысып-тартысып жүретін ерлі-зайыптыларды түсінбеймін. Оу, әйелің сенің айтар жөн сөзіңді айтып, әйелдік, келіндік міндетін  қамшы салдырмай атқарып, ағайынға да, досқа да сенің абыройыңа абырой қосатындай іс атқарса, аузымыз, не қолымыз қышып несі бар. Кейде менің Алматайым анамның рөліне кіріп, баласындай өбектейтіні бар. Мұндай әйелге не айтасың?!»  деп қоюшы еді.  Содан да шығар Алмагүл кешқұрым ұйықтарда күндіз біреу, түнде екеу болып азапқа түседі. Айбарға адалдығы шығар, құдай қосқан қосағының қара шаңырағы, қара орманының түтінін өшірмей, артында қалған ұрпағының жаман атын шығармай қоңыр тіршілігімен біреуден кейін, біреуден ілгері өмір сүріп жатты.

                                     

***

Көзін жұмып, кірпік айқастырғанмен ұйқы қашты. Өлім мен өмір туралы кезек ойлайды. Өмірде жақындарынан алғаш жоғалтқаны әкесі. Ол кезде бесінші сыныптың оқушысы. Әкесін жоқтап біразға дейін елегізіп жүрді. Кейінгі өмірінде де өлімді аз көрмепті. Одан кейін Айбарынан айрылды.  Көркіне ақылы сай әпкесі де келместің кемесіне мінді. Артын ала  анасы кетті. Көкпар тартып жүріп, электр бағанасына соғылып інісі мерт болды. Бертін келе  жөн жосықты білетін ағасының әйелі, аяулы жеңгесін де көп көргенін қарашы.  Енді міне, олары аздай, сол үлкен ағасының ортаншы ұлы Батыржан Алматыдағы қаңтар оқиғасының құрбаны болғанын қайтерсің. Қаңғыған оқ па, қарақшының көздеп атқаны ма, қыршынынан қиылып кете барған көп боздақтың бірі. Жан жарынан бір, бауыр ет баласынан екі айрылып аңырап қалған ағасының жағдайы жанына қатты батты. Ер азамат қой, Қадірқұл көкесі бұл қайғыға да шыдар. Үйелмелі-сүйелмелі бейкүнә бөпелерін құшақтап, аңырап қалған жас келінді аяған. Бір кездегі өз басынан өткен хәлді толық сезінді. 

 Кішкентайы науқастанып, дәріханаға шықса керек.  Ар жағының қалай болғаны беймәлім. Ереуілдеген топқа өзі барып қосылды ма, әлде күштеп әкетті ме, белгісіз. Үйге екі күн келмей ұшты-күйлі жоғалғанда барып іздеу салған. Батыржанның мәйіті көпке дейін табылмады. Дерегі үш күн дегенде орталықтағы мәйітханадан шықты. Денесі жырым-жырым, тиген оқ балғын дененің дал-дұлын шығарыпты. Құжаттары дұрыс болмай сүйегін келесі күні әкетеміз деп келіседі. Ертесіне келінге ілесіп бұл да барды. Бірақ Батыржанның мәйітін тапса ше. Ұшты-күйлі жоқ. Онсыз да бордай үгіліп тұрған жас келінді сыртқа жіберіп мәйітхана қызметкерлерімен біраз айтысқанмен пайда жоқ. Басшысына дейін кіріп жүріп мәйітханадағы барлық қайтыс болған адамдардың мүрдесін қайта қарап шығуға екеуі рұқсат алған. 

Мәйітхананың іші қара суық. Әр бөлмеде жансыз қуыршақ секілді серейіп үсті-үстіне жатқан мәйіттер. Іштей «бисмилләсын» айтып, екеуі Батыржанды іздеуге кірісті. Аралап келеді. Екі үлкен бөлмені қарап шықты. Жоқ. Соңғы үміті қуыстағы бөлме. Келіннің жылағаны ма, жаурағаны ма белгісіз, дір-дір етеді. Сөйтіп келе жатып Алла тағала сездірді ме, азаматының пошымын алыстан таныған сыңайлы. Шалқасынан жатыр. Мәйітхана қызметкері шашынан тартып бетін көрсетті. Тастай қатып қалған күйеуін көргенде келін талықсып отыра кетіп,  шыңғырып жылап жіберсін. Артынша екеуі қосақталып жылап жүріп, Батыржанды кілемге оратып алып шықты. Не істесін? Жолай келінге басу айтып, болған іске бекем болуға қайраттандырып бақты. Сонда ғой, өзі нәзік көрінгенмен келіннің жігеріне таңғалған. «Болар іс болды, бояуы сіңді» деп отырмай, «Көресіз әпке, ер азаматымның құнын даулаймын. Әділдігіне жетемін» деген тістеніп. Келіннің кесімді сөзі әсер етті ме, бірден көз алдына өз өмірі келген. Айбар қайтыс болған кездегі оқиғалар, күйзеліспен-күрсініспен өткен жылдар көрінісі кинолентадай зымырап өтті.   

Алмагүл де ол кезде осы келін секілді жас еді. Бірақ бұлай сөйлемек түгілі, жігері құм болып үгітілуге шақ қалған. Әлде, даланың жесір әйелі мен қаланың жесір әйелінің айырмасы болғаны ма?! Дүниенің бар қызығы Айбарымен кетіп, қара түнекте жалғыз қалғандай тілі байланып, өмірден баз кешті емес пе?! Қазір де жетісіп жүрген ештемесі жоқ. Жалғыздықтың аты – жалғыздық. Қырық-шұрық жаны бар. Талайлар «екі жарты бір бүтін болайық» дегенді көзбен ұқтырып, сөзбен де айтты. Бірақ біріне ырық берген емес. Денесіне  еркек шыбын қонса қонған шығар, бірақ бөтен  ер азаматқа терезесін қақтырып, төсегіне жантайтып, етегін көтерткен жоқ. Балаларына адал ас берді. Соның арқасында ағайын-туысқа сыйлы. Қазір ұл-қыздарының да, басқаның  да бетіне тура қарай алады. Аз ғұмыр кешсе де, Айбарымен бірге  өткізген қызықты да бақытты шақтарын әлі күнге аялап келеді. Өмірінің мәні де, сәні де бауырындағы балалары, бірінен бірі өткен тәтті немерелері. Солардың амандығы – бүкіл өміріне медет, таусылмас нығмет. Алла Тағала балапандарының қайғысын көрсетпесе екен дейді. Алмагүлді қазір ойландыратыны, жарайды, жасырақ кезінде берген қиындығы, бейнеті  ұмытылып, білінбей кетті ғой. Ал ендігі өмірінің соңы қалай аяқталады? Балалар еңбегін ақтап,  қабағына қарай ма? Беретін  сорпа-суын ықыласпен бере ме?! Міне  сол ой көбірек толғандырады. 

Дәл қазір жиырма жылда жинақталып қалған шемен шердің шетін шығарып еске салған – мына жас келіннің мойнына түскен зіл батпан қайғысы. Тас түскен жеріне ауыр, бұның да көресіні әлі алда. 

Ойды ой түртеді демекші, Алмагүл осы күні тәубәшіл болып алды. Өткенді өкіну үшін емес, сабақ алып, шүкіршілік ету үшін еске алу керектігін түсінетін ақылы бар басында. Батыржанның қазасын естігенде келген ойы қайткенде де күйзеліп, қайғыдан қара жамылып отырған жас жесірге тіреу болу еді. Ақылын айтып, өз өмірінен мысал келтіріп қатайту болатын. «Қарағым, ертең Алматыңа барасың, қазір көпшіліктің ортасында ештеңе сезінбей отырсың.  Енді Батыржансыз реңі басқа өмір басталады. Оның аты – жесірлік. Жесірлікті мен де жақсылы-жаманды басымнан өткізіп келемін. Ағаңнан жиырма тоғыз жасымда қалып, жалғыздықтың сүрлеуінен өттім. Қалқам, тағдыр деген қатал патша, мойныңа екі қоржынды артып, өз сүрлеуіңе салғалы отыр. Ол екі қоржының зіл батпан, етегіңде екі балапаның. Міне, сол сүрлеуден екі көзің соқыр болып адаспай, тұманды суық күнде тоңбай, қажымай жүріп өтуің керек. Одан басқа амалың жоқ. Мені де елдер сүйемелдеп, жан-жағымнан алып  осы жолға салып, артымнан туын байлап жіберген. Сол туымыз желбіреп, «оу, мынау жесір қатын өйтіп жүр, жесір қатын бүйтіп жүр» дегізді. Жесір қатын ағайынға да, тіпті құдайға да жақпайды екен. Сол үшін өзімнен кейінгі ерген келіндердің  жесір қалғанын естісем, жүрегім ауырады. Кезінде мені Айбардың қырқына дейін қорғанның басына жібермеді. Өйткені, қатты есеңгіреп қалдым. Қайғыны көтере алмай, ішкі жан дүнием өртеніп, жанып кете жаздағанда қорғанға барып, мүрдені құшақтап жылағанда  ғана, кеудемдегі өксігімді басқандай  басымды көтердім. Батыржан бізге арман, мұңын айтқан жоқ. Айтатын анасы да жоқ, сенімен сырласқан шығар. Оның анау көкжиектің жиегінде жете алмай кеткен арманы қалды. Сол арманға, шыға алмаған шыңдарына енді сен шық, сен жет. «Әйелдің ақылын  –  жесірінде байқа, баланың ақылын – жетімінде байқа» деген,  жалғағаның үзілмесін, толтырғаның ортаймасын, айналайын»,- дегендей сөздерін жұптап, іштей дайындалған. Бірақ соның бірі керек болмай қалған. Келін бұл ойлағандай осал емес, тіпті мұның өзінен мықты шықты. «Батыржанды өлтіргендерді табамын, қырқын өткерген соң Астанаға көшемін. Батыржан үйдің кішісі болғанмен, ауылда тұрып, қайын атама қарай алмаймын. Ауылда күнкөріс нашар.  Мен бұрынғы стереотиппен өмір сүре алмаймын. Балаларымды қалада оқытамын, кейін шетелге жіберемін» дегендей ойларын шегелеп тұрып айтқан. Алмагүл болса келіннің кесек те кесімді сөзінен іш жиып қалса да, «бір білгені бар шығар» деп қарсы келмеді. «Иә, қарағым, өзің білесің ғой. Қиналып қалма, әйтеуір...»  деп қамқорси тіл қатты да қойды. 

Алмашты ойландырған келіннің сөздері көпке дейін көкейінен кете қоймады. Бұл болса, қасірет пен қайғы, мұң мен шер, қатігездік пен қаталдықтың бәріне қарсы дәру – әйелдің жүрегіндегі жылу деп ойлапты. Әйел бойындағы мейірім шуағының жеңбейтін қиындығы мен зұлымдығы жоқ, ол қара тасты да ерітеді депті. 

Әлде, жап-жас мөлдіреп отырған қаралы сұлудың басына түскен қасіретті көріп, қанша жаны ашыса да, оның «Мен мыңқиып отыратындардың санатынан емеспін. Әлі ізденемін», - деп ашынғаннан есін тез жиып, қаза үстінде-ақ мақсатын қойып алғаны Айзада келінге ғана тән мінез бе екен?

Ойлап қараса, Айзада келіннің бұл шешімі, әрекеті де дұрыс шығар. Қазір заман басқа. Уақыт өзгерді. Қажет жерінде қаталдық танытып, жігеріңді жанымасаң, қатігез қоғам таптап өте шығады. Байғұс бала жетісіп отыр дейсің бе? Өмірі енді басталып келе жатқанда басына қасірет бұлты үйірілді. Енді жуықмаңда тарқай қоймас. Сол бұлт, сұр бұлт алдағы уақытта найзағай ойнатар, нөсер боп төгер, тіпті бұршақ боп ұрар. Төксе төксін, ұрса ұрсын, тек желкілдеп өсіп келе жатқан жас өскінді баудай түсіріп, бақшасын солдырмаса екен. Соңы жақсы болса бопты  деген күрсініп. 

***

Таң бозарып атыпты. Түні бойы көз ілмеген Алмагүл ауыр ойды төсегінде қалдырып, жеңіл көтеріліп далаға шықты. 

                             

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan