Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Ғылыми мақаланы жариялауға даярлау – жас зерттеуші...

05.06.2025 299

Ғылыми мақаланы жариялауға даярлау – жас зерттеушіге қажет дағды 14+

Ғылыми мақаланы жариялауға даярлау – жас зерттеушіге қажет дағды - adebiportal.kz

Ғылым жолына түскен жас зерттеушілерге өз еңбектерін ғылыми ортада жариялау – маңызды кезеңнің бірі. Алайда жоғары сапалы ғылыми мақала жазу оңай міндет емес. Академиялық жазу дағдыларын дамыту және жас ғалымдарға бағыт-бағдар беру мақсатында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде филология ғылымдарының докторы, профессор, оқытушы-зерттеуші Жанат Әскербекқызы Аймұхамбеттің ұйымдастыруымен «Жарияланымға ғылыми мақала әзірлеу» тақырыбында ғылыми семинар өтті. Семинар «Академиялық жазылым» курсы аясында жүргізілді. Іс-шараға қазақ әдебиеті кафедрасының оқытушылары философия докторы (PhD) Аслан Есімханұлы Әлімбаев пен филология ғылымдарының кандидаты Сәулеш Шамшақызы Айтуғанова және докторанттар қатысты. Семинар барысында ғылыми мақала жазу әдістемесі жан-жақты талқыланып, тақырып таңдаудан бастап нәтижені жариялауға дейінгі кезеңдер қамтылды. Ұйымдастырушы Ж.А. Аймұхамбет ең алдымен ғылыми зерттеу жүргізудің мәні мен мақсатына тоқталды. Ғылыми зерттеудің басты мақсаты – жаңа, сенімді әрі ғылыми негізді білім қалыптастыру екені ерекше аталды. Демек, зерттеу нәтижелері қисынды, негізді, шынайы болуы тиіс. Зерттеу жұмысын бастар кездегі ең бірінші мәселе – зерттеу тақырыбын дұрыс анықтап, нақты мәселеге бағыттау. Дұрыс таңдалған тақырып – табысты еңбектің іргетасы. Ж.Аймұхамбеттің айтуынша, жас ғалымның зерттеу тақырыбын ғылыми жетекшісімен бірлесе отырып таңдағаны абзал. Яғни, болашақ докторант үшін ғылыми жетекшімен тұрақты байланыс орнатып, ақылдасып отыру – зерттеудің басынан аяғына дейін маңызды шарттың бірі. Семинарда зерттеу сұрағын дұрыс қоюдың маңызы жан-жақты түсіндірілді. Жақсы қойылған ғылыми сұрақ бүкіл жұмыстың бағытын айқындайды. Атап айтқанда, зерттеу сұрағы:

  • зерттеу нысаны болып отырған мәселенің мән-мазмұнын ашады, жобаның сипатын анықтайды;

  • зерттеудің шекарасын белгілейді, яғни артық айналым жолдарға түсіп кетуден сақтайды;

  • бүкіл жұмыстың өзегіне айналып, қандай теориялық негізді қарастыру керектігін, қандай әдебиетке шолу жасау қажет екенін, қандай деректер мен әдістерді қолдану керектігін көрсетеді;

  • және зерттеу сұрағы жұмыс нәтижелілігін бағалаудың өлшеміне айналады, яғни әрбір зерттеу кезеңінде «таңдалған амалдарым зерттеу сұрағына толыққанды жауап алуға септігін тигізе ме?» деген сауал басшылыққа алынуы қажет.

Ж.Аймұхамбеттің пікірінше, егер зерттеу сұрағы дұрыс қойылмаса, әдіснаманы нақты анықтау да мүмкін емес екендігі түсінікті. Расында, не білгісі келетінін анық білмеген адамға қандай әдіспен мақсатқа жетуге болатынын ұғыну қиын. Сондықтан зерттеу жұмысын жоспарлаудың әр қадамы осы сұрақ төңірегінде құрылады. Әрі қарай семинарда тақырып таңдау критерийлері талданды. Тақырып заманауи ғылым мен техниканың және қоғамның сұранысына сай болуы керек, оқу орнының ғылыми-зерттеу жоспарына сәйкес келуі тиіс, сондай-ақ жас зерттеушінің білімі мен практикалық тәжірибесіне үйлесетін, өзінің қауқар-мүмкіндігіне лайық тақырып болғаны жөн. Тақырыпты таңдау үлкен ізденісті, айқын ғылыми көзқарасты және ізденімпаздықты қажет етеді. Семинарда тақырыпты дұрыс таңдау үшін жас ізденушіге бірнеше практикалық қадам ұсынылды: ғылыми-теориялық тұрғыдағы күрделі мәселелерді игеру үшін көп еңбектену, ғылыми жетекшімен кеңесу арқылы тақырыпты нақтылау, жетекшінің тарапынан тақырыпқа қызығушылық ояту, және таңдалған тақырыптың өзектілігі мен жаңалығын анықтау мақсатында сол мәселе бойынша әдістемелік әдебиеттерді зерделеу. Ғылыми жұмыстың жоспары мен мақаланың құрылымы да семинардың өзекті тақырыптарының бірі болды. Мақала құрылымы мен жоспарлау туралы айтылған кеңестер әр зерттеушіге пайдалы. Ізденуші ең алдымен зерттеуінің негізгі бағыттарын, қарастырылатын мәселелер ауқымын айқындап алуы тиіс. Жоспар нақты ғылыми мәселелерге негізделіп құрылса, жұмыс сапалы зерттеу ретінде нәтижелі шығады. Мақаладағы тараулар мен тармақшалар бір-бірімен логикалық бірлікте, жүйелі байланыста болуы керексонда ғана зерттеу нысанасының қыр-сырын жан-жақты ашуға қызмет етеді. Әр тарауда қарастырылған жеке проблемаларды ортақ мақсатқа ұштастыра білу үшін кейде күрделі жоспар қажет болатыны айтылды. Ғылыми жұмысты жоспарлауда жалпы екі түрлі бағыт байқалады: қарапайым (жай) жоспар және күрделі жоспар түзу. Семинарда жұмыс гипотезаларын тұжырымдау жайы да сөз болды. Гипотеза – кез келген дерек, құбылыс не процесті түсіндіруге ұсынылған ғылыми болжам, зерттеу міндеттерін шешуге көмектесетін маңызды құрал. Зерттеу бағдарламасы бір немесе бірнеше гипотезаға негізделуі мүмкін; гипотезалардың сипаттамалық, түсіндірмелі, болжамдық сияқты түрлері бар екені айтылды. Яғни мақала жазу барысында болжамдар құру және оларды тексеру – ғылыми әдістеменің ажырамас бөлшегі. Сонымен бірге, ғылыми-зерттеу жұмысында қолданылатын әдістерді дұрыс таңдау мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Әдіснама – зерттеуді тиімді әрі жүйелі жүргізу үшін қолданылатын тәсілдер жиынтығы. Жақсы анықталған зерттеу әдістемесі – ғылыми міндеттерді табысты орындаудың негізгі шарттарының бірі. Мәселен, семинарда сипаттамалық зерттеулер үлгісі қарастырылды: мұнда бар деректер құжаттық түрде сипатталып, өзара байланыста талданады, олардың даму заңдылықтары ашылып, түйінді нәтижелер дәйектеледі. Сол сияқты зерттеудегі жинақтау (обобщение) ұғымы нақты фактілерден абстрактілі тұжырымдарға көшіп, кейін жоғары теориялық деңгейдегі жаңа нақтылыққа қайта оралуды білдіретіні баяндалды. Ғылыми мақаланы жазудың келесі бір маңызды қыры – қажетті материалдарды жинау жолдары. Семинарда материал қорын жасақтау бойынша практикалық кеңестер берілді. Әдеби қорларда жұмыс істеу, мұрағаттар мен әдеби мұражайларға бару, кітапханалардағы ізденіс, бұрынғы диссертациялық еңбектермен танысу, ғаламтор ресурстарын пайдалану, библиографиялық көрсеткіштер мен картотекалар түзу сияқты жұмыстар аталып өтті. Тақырыпқа сай ғылыми және танымдық деректерді осылай жан-жақты жинастыру болашақ мақаланың мазмұнды болуына негіз болады. Зерттеу нәтижелерін қорыту барысында қарастырылған мәселенің болашағына қатысты нақты ұсыныстар беру керектігі де ескертілді, яғни құбылыстың алдағы даму жолдарын болжау маңызды. Мақаланың қорытынды бөлігі дәл осындай тұжырымдармен қуатталып, зерттеу сұрағына толық жауап беретін түйін жасауға тиіс. Семинардың басты бөлімдерінің бірі – академиялық жазудағы этика және әдебиеттермен жұмыс болды. Академиялық адалдықты сақтау қажеттігі әркез назарда ұсталды. Шынында да, ғылыми зерттеу жұмысы құжаттық тұрғыдан нақты болу керек: өзге авторлардың еңбегінен алынған әр пікір мен дәйексөзге міндетті түрде сәйкес сілтеме көрсетілуі тиіс. Семинарда дәйексөз алу және сілтеме рәсімдеу түрлері түсіндірілді. Ең көп қолданылатын түрі – мәтін ішіндегі сілтеме. Егер автордың сөзі сөзбе-сөз алынған жағдайда, пайдаланылған дереккөздің толық библиографиялық сипаттамасын көрсету керек. Мәтінде тек автордың тегі мен мақаланың атауы аталған болса да, сілтеме тізімінде сол еңбектің атауы, баспасы, шыққан жылы, алынған беті сияқты барлық ақпарат толық берілуі шарт. Мысалы, белгілі ғалым Т. Кәкішевтің «Алаш арыстарының тағдыр-талайы» атты мақаласы талданса, пайдаланылған әдебиеттер тізімінде оның шыққан газеті, жылы және беті нақты көрсетілуге тиіс. Плагиатқа жол бермеу, бөгде еңбектердің идеясын өз еңбегінде дұрыс көрсетпеу – ғылыми этикаға сай еместігі ерекше ескертілді. Осылайша, академиялық адалдық – ғылыми жазудың айнымас қағидасы екені семинар барысындағы әр тақырыпта қадап айтылып отырды. Ж.Аймұхамбет семинар барысында ғылыми әдебиеттер тізімін дұрыс құрастыру жолдарын да үйретті. Әдебиеттерді жинауға кіріспес бұрын алдымен қажетті еңбектердің библиографиялық көрсеткіштерін жасап алу ұсынылды. Бұл үшін тиісті библиографиялық басылымдар мен индекстерді, пәндік және авторлық көрсеткіштерді пайдалануға болады. Семинарда библиографияның бірнеше түрлері мен деңгейлері туралы мәлімет берілді: жалпы барлық саланың басылымдарын қамтитын тіркеу жүйесіндегі библиография, ғылымның белгілі бір саласына қатысты шетел әдебиеттерін де қамтитын ғылыми-көмекші библиография, ірі кітапханалар шығарған арнаулы ұсыныстық көрсеткіштер, сондай-ақ еңбектерге берілген сын-рецензиялар қамтылған сыни библиографиялар. Мұндай библиографиялық ізденіс зерттеушіге өз тақырыбы бойынша бұрын қандай еңбектер жазылғанын толық шолып шығуға мүмкіндік береді..  Семинардың соңына таман сөз алған PhD А. Әлімбаев жас зерттеушілерге ғылыми мақаланы халықаралық талаптарға сай жазу туралы практикалық кеңестер берді. Ол докторантурада диссертация қорғау үшін Scopus немесе Web of Science сияқты беделді деректер базасына енетін журналдарда мақала жариялау қазіргі заман талабы екеніне тоқталды. Сондықтан жас ғалымдардың ғылыми мақаланы тек өз ана тілінде ғана емес, қажет жағдайда ағылшын тілінде де жазуға дайын болғаны жөн. Халықаралық журналға мақала жолдау алдын арнайы талаптармен мұқият танысып, мақаланың құрылымы, стилі, рәсімделуі сол талаптарға сәйкестендірілуі керектігі айтылды. PhD АӘлімбаев өз тәжірибесінен мысалдар келтіре отырып, ғылыми мәтінді шетелдік басылым стандарттарына бейімдеудің жолдарымен бөлісті. Мақаланың тақырыбы нақты, мазмұны ұғынықты, нәтижелері дәлелді болуы қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ, ғалым мақаланы жариялатуға ұмтылған кезде сапаны жоғалтпау, ғылыми жаңалықты айшықтау секілді қағидаларды естен шығармауға шақырды. Өз кезегінде ф.ғ.к. САйтуғанова академиялық жазу мәдениеті туралы ой қозғады. Ол ғылыми стиль мен тіл шеберлігінің үйлесіміне назар аударып, мақала тілі жатық, аргументтері нақтылы, әдебиеті жаңарған болуы керектігін тілге тиек етті. С. Айтуғанованың айтуынша, әрбір докторант өз зерттеуіне қатысты отандық және шетелдік әдебиеттерді терең зерделеп, сол арқылы өзінің жұмысының жаңалығын айқындауы тиіс. «Ғылыми мақаланың сапасы – зерттеушінің өз пәнін қаншалықты терең меңгергенінің айнасы», – деді ол. Сонымен бірге, ғалым жетекшінің рөліне тоқталып, жетекшімен тығыз байланыс жасап отыру, кеңестерін дер кезінде алу – табысты ғылыми жұмыстың кепілі екенін еске салды. Семинар барысында қатысушыларға мұндай практикалық кеңестер беріліп, сұрақтарына жауап алуға мүмкіндік жасалды. Қорыта айтқанда, «Жарияланымға ғылыми мақала әзірлеу» семинары жас ғалымдар үшін өте маңызды әрі пайдалы шара болды. Докторанттар мен жас зерттеушілер ғылыми мақаланы жоспарлау, жазу және рәсімдеудің ғылыми негіздерін түсініп қана қоймай, оны іс жүзінде қалай жүзеге асыру керектігі туралы нақты мағлұмат алды. Семинар соңында қатысушылар академик Ж.Аймұхамбетке және оқытушы әріптестеріне алғыс айтып, алынған білім мен тәлімнің болашақ ғылыми еңбектерін даярлауда зор көмегі тиетінін атап өтті. Шынында да, мұндай ғылыми-практикалық семинарлар жас зерттеушілерді қанаттандырып, оларға академиялық жазу мәдениетін меңгеруге жол ашады. Ғылымға енді қадам басқан талпынысты қауым үшін бұл таптырмас тәжірибе мектебі деуге болады. Ең бастысы – семинардан үйренгендерін іске жаратып, ұлттық ғылыми-зерттеу кеңістікте ғана емес, әлемдік деңгейдегі журналдарда да халқымыздың зерттеушілері өз еңбектерін нәтижелі жариялай береді деп сенеміз.


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар