Құстың қос қанатындай қазақ әдебиеті мен музыка өнерін қатар сермеп, қазақ руханиятының көгінде қырандай самғаған ұлы тұлға кім десек, есімізге бірден Ілия Жақанов түсері анық. Абыз ақсақал бүгін 82 жасқа толып отыр екен. Осы орайда композитор, жазушы, публицист, музыкатанушы, Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Ілия Жақанов туралы ең басты деген 10 деректі назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.
1.
Ілия Жақанов қаламгер ретінде 1968 жылы «Қайта оралған ән», 1969 жылы «Қош бол, вальс» атты повестерін жазды. Осыдан кейін «Екі жирен» (1976), «Бірінші концерт» (1979), «Махаббат вальсі» (1983), «Аққулар қонған айдын көл» (1988) атты деректі әңгімелер, эсселер және новеллалар жинағы оқырманға жол тартты. Ал 1989 жылы қазақтың ұлы қобызшысы Ықыластың өмірі мен шығармашылығын арқау еткен «Кертолғау» романы алғаш қырғыз тілінде шығып, кейін, яғни 1990 жылы қазақ тілінде «Ықылас» деген атпен жарық көрді. Сондай-ақ «Қарабура» (1977) тарихи-танымдық шығармасы, «Сынған қылыш» (1981) атты қырғыз тілінен аударылған (авторы Қасымбеков) тарихи романдары шықты. «Біржан сал», «Ақан сері», «Үкілі Ыбырай», «Естай әнші», «Жаяу Мұса», «Мәди», «Майра», «Балуан Шолақ», т.б да сал-серілер, Қазақстан композиторлары М.Төлебаев, Л.Хамиди, С.Мұхамеджанов, Қ.Мусин, Б.Байқадамовтардың шығармашылық портреттерін сомдаған шығармалары, «Шоқан және музыка», «Жамбыл және музыка», «Сәкен және музыка» атты телесериалдары бар.
2.
Ілия Жақановтың 200-ден астам әні бар. Оның әндері қазақ әнінің табиғи болмысын бүлдірген эстрадалық ырғақтан дін аман, ұлттық нақышты бойына сіңірген. Абай, Пушкин, Лермонтов, Мақтымқұлы, одан бері қазақтың классиктері – Сәкен Сейфуллин, Қасым Аманжолов, Жұбан Молдағалиев, Мұқағали Мақатаев, Қадыр Мырзалиев, Қуандық Шаңғытбаев сынды ақындардың мәтіндеріне жазылған әндер халықтың жоғары сұранысына ие болды. Пушкиннің сөзіне «Түнгі зефир», Лермонтовтың Абай аударған өлеңдеріне «Жолға шықтым түнде жалғыз», «Жалғыз жалау» әндері жазылды. Ән-романстардың ішінде Есениннің сөзіне жазылған «Өмірім менің», «Өткен қайтып оралмас», Мақтымқұлының сөзіне жазылған «Өтіп барады» атты ойлы, толғаулы романсты ерекше атауға болады.
3.
Сондай-ақ, І. Жақановтың туындылары тақырып жағынан топталып, циклдық жүйеге түзілген. Сарыарқа циклына «Толағай», «Арқаның аруы», «Балқантау» циклы кіреді. Сазгер Қарқаралы өңіріндегі Балқан деген тауда ән зерттеу экспедициясымен жүріп, сол мекеннің көркіне, әншілік салтына, күйшілік дәстүріне қызығып, Балқантау циклына кіретін төрт ән жазды. Бұл әндерді әуелі Кенжеғали Мыржықбаев, Зейнеп Қойшыбаева, Қайрат Байбосынов секілді талантты әншілер орындады, олардың ізін жалғаған бүгінгі дәстүрлі әншілердің көпшілігі айтып жүр.
4.
Шыңғыс Айтматовтың «Жәмилә» повесі, «Қош бол, Гүлсары!», «Шынарым менің, шырайлым менің» повестері бойынша «Даниярдың әні», «Жәмиләнің әні», «Асылым», «Әселім – әнім», «Бибіжан» атты бес ән Қырғыз циклы немесе Айтматов циклы деп аталып кетті. Бұл әндердің қырғыз-қазақ арасында кең тарағаны сондай, 1999 жылы композиторға Ш.Айтматов атындағы халықаралық сыйлық берілді, Қырғызстанның «Дәнекер» орденінің кавалері атанды.
5.
Ал Оңтүстік циклына «Алматы кешінде», «Жайлаукөл кештері», «Қамқалыға қайта орал», «Арыс», «Дүние» деген көптің аузында жүрген атақты әндер енді. Тіпті «Жайлаукөл кештері» әнініің халықтың сүйіспеншілігіне бөленгені сондай, еліміздің түкпір-түкпірінен қаншама адам сол бір Жайлаукөлді көру үшін ат сабылтып, ұзақ-ұзақ сапар шекті.
6.
Батыс циклы 1981 жылдан бастау алды. Яғни сол жылдың 7-ші қазанында «Еділ мен Жайық» әні туды. І. Жақанов 2000 жылдан бастап Атырауға қоныс аударды. Ол кезде Иманғали Тасмағанбетов бір топ өнер қайраткерлерін арнайы шақырып, сол өңірге қоныстануларына барлық жағдайды жасаған. Сол кезден бастап композитор Батыс Қазақстанның музыкалық мұрасына тереңірек ден қойып, еркін шығармашылықпен айналысты. Осылайша сырбаз сазнер Каспийдің тулаған толқындарын күн сайын тамашалап, Еділ мен Жайықтың тынысын тыңдап, ел көріп, жер көріп жүріп, «Ағады Жайық, ағады», «Оралдың ерке самалы», «Құлсары», «Ерке бұлбұл», «Ақмарал» әндерін жазып, Батыс циклын толықтыра түсті.
7.
Қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың «Ақ қайың әні» дастаны Ілия Жақановтың «Ақ қайың» атты әнінің әсерімен жазылған. Композитордың осы аттас екі әні бар. Оның бірін сазгер университетте оқып жүргенде, 21 жасында жазған екен. Сол кезде ән студенттер арасында кеңінен таралып, танымалдыққа ие болған. Осы әндегі оқиға желісімен Нәсіреддин Серәлиев деген жазушы «Ақ қайың» атты повесть жазған. Кейін 1963 жылы М. Мақатаев І. Жақановпен танысып, әнді композитордың өз аузынан естіп, оның шығу тарихын, бала кездегі кейбір оқиғаларын сұрап-біліп алып, он шақты күннің ішінде «Ақ қайың әні» дастанын жазып шыққан. Сосын оның маңдайына «Ілия Жақановқа арнаймын» деп жазып, «Лениншіл жасқа» алып барғанда, газет редакторы «Жақанов деген кім? Ол танымал адам емес, сондықтан бұл жазуды алып тастап, дастанды ғана жариялаймыз» депті, бірақ ақын оған келіспей, дастанын алып кеткен екен. Кейін бұл дастан маңдайына «Ілия Жақановқа арнаймын» деп жазылып, ақынның таңдамалы шығармалар жинағына енгізілді.
8.
Ілия Жақанов Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетіне құжат тапсырып, 78 жасында суретшілік мамандықты меңгеріп шыққан. Оның дипломдық жұмысы «Жерұйық» деген атпен топтама ретінде салынды. Ол топтамада суретші Алтай мен Атырау арасын жайлаған қазақ даласын майлы бояумен, қыл қаламмен бейнелеп шықты.
9.
Ілия Жақанов музыкалық радиопьеса жанрының негізін салушы. Оның көркем туындыларының ішінде 8 радиоспекталі, телеспектальдерге, телефильмдерге жазған сценаларийлері іспетті туындылары бөлек жанрлық топ құрайды. Тележүргізуші ретінде ол дәстүрлі ән мәдениетінің жауһары «Біржан сал», «Ақан сері», «Үкілі Ыбырай», «Естай әнші», «Жаяу Муса», «Мәди», «Майра», «Балуан Шолақ» және Қазақстан композиторлары М.Төлебаев, Латиф Хамиди, С.Мұхамеджанов, Қ.Мусин, Б.Байқадамовтардың көркем шығармашылығын бейнелеген.
10.
Ілия Жақановтың тек қана әндерге байланысты зерттеулері 9-10 томға жүк болған. Оның «Еділ мен Жайық» әніне байланысты жазған деректері ғана бір кітапқа арқау бола алады. Сонымен қатар, ғалымның «Балқадиша», «Дудар-ай» сынды халық арасында кең таралған, алайда шығу тарихы бұрмаланған әндер туралы жазған зерттеу жұмыстары да бүгінгі күнде көптеген өнер зерттеушілеріне таптырмас дерек көздері болып отыр.
Әзірлеген Әбу-Асқар Мекешұлы
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.