Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

17.10.2022 4205

ІҢКӘР ЖҮРЕК ІЗДЕРІ 14+

ІҢКӘР ЖҮРЕК ІЗДЕРІ - adebiportal.kz

Шынайы творчество адамының болмыс көрігінен жаралған көркем туынды немесе жаңа кітап халықтың қолына тиген соң, өз оқырманын қандай ой-сезімдердің шуағына, арман-қиялдардың сәулесіне, асқақ та шұғылалы мұраттар әлеміне қарай жетелейді? Адамдардың өзін-өзі әлеуметтік-рухани тұрғыдан жетілдіре түсетін құралдар қазынасын несімен толықтырады? Ал сол оқырман халық көркем туындыдан немесе жаңа кітаптан, асылы, қандай көркемдік эстетикалық нәр-құнар, ләззат тапты? - деген өзегі ортақ, өрімі көп мәңгілік сауалдардан әдебиет те, автор да, көркем сын да, оқырман халық та ешқашан бейтарап қалған емес. Бәріміз жоғарыдағы сұрақтарға кейде бірлесіп, кейде жекелей сарсылып жүріп іздейтін жауаптарымыз болады. Оның өзі бірде жалпылама ортақ шығып немесе бірде белгілі бір тұрғыдан ғана қарастыратын, қамтитын дара жауаптар дәрежесінде болып жататыны және рас. Қайткен күнде де айналып табар түп қазығымыз біреу болғандықтан мүдделеріміздің де көбіне тоғысып жататындығы осыдан. Сондықтан шығар, Қорғанбек Аманжолдың әр жылдары жеке кітап болып, тасқа басылған өлеңдерін оқығанда, ақынның бір өзіне ғана тән көркемдік әлемінің айдынында желкенді қайықпен сапар шеккендей болдық. Әр алуан тақырыптарға арналған шынайы сезімнен туып, шұрайлы жыр жолдарында көрініс тапқан өмір жайлы өнегелі өнер туындылары ақын әлемінің айғағындай әсер қалдырады. Ал мұның нәтижесін бір ауыз сөзбен айтсақ: айшықты сөздерімен тыңдаушысын тамсандырған ақын меруерттей асыл сөздің қадірін жете танып, толғай алатын біртұтастығы, бедер-бітімі, алабөтен ерекшелігі төмендегідей.

Ең алдымен, мұнда поэзияның інжу-маржаны саналатын құдіретті лириканың магниттік өрісіндегі сиқыр ой мен шырын сезімнің, келісті суреттің тербелісінде алтыбақан тепкендей боласың. Есесіне, қаламгер өлеңдерінде Аңсарлы Азаттығымыз, бүгінгі таңдағы тәу етер Тәуелсіздігіміз, ұлтымыздың ұлық тұлғалары, жасын рухты жампоздарымен бірге замана тынысы, қоғам мен адам мінезіндегі құбылыстар, қазіргі көңіл-күй сарындары тосын қырларынан бейнеленіп, әсерлі көрініс тапқан. Ақынның уытты тілі мен ұшқыр қиялы сананы сергітеді. «Дос жылатып айтады» деген тәмсілден туындаған небір себезгі ойлар әр қазақтың жанын сақтап қалсам деп аласұрады. Ызалы күлкі, улы тіл, селебе сатира марғау сананы жарақаттайды, жаралы жанды емдейді. Мысалы:

Болмаса да оңып тұрған мінезім,

Мінездіні ұнатамын мен өзім.

Кейбіреулер көмекейін ашқанша

Көре қоям мінезінің өңезін.

 

Әлмисақтан «мінез – адам сауыты»,

Мінез – кейде кесір,

Кейде мақпал, мауыты.

Мінезділер мінсіз емес десек те,

Монтаны көз мінезсіздер қауіпті.

Жайып салған сақараның ғажабын,

Сайып салған Сарыарқаның саз әнін,

Көтермейтін көрінгеннің мазағын – 

Қайда менің жылқы мінез қазағым?

 

Қайда ғажап күйлеріңнің мінезі,

Құсқанатты билеріңнің мінезі?

Кесіп айтқан ер жігіттің мәрттігі,

Кесік айтқан билерімнің мінезі?

 

Болмаған соң бөрі мінез ірілік,

Неге керек күйбең қаққан тірілік?

Қалмай, сірә, бара ма бұл қазақта

Шалқайғанға – шалқаятын кіділік.

 

Тексіз емес.

Түп тамырдан текті едім.

Кексіз емес.

Махамбеттей кекті едім.

Бетсіз емес.

Жер қорғаған Жұмабек,

Батыр мінез Баукеңдердей бетті едім.

 

Өткелдері көп болса да – өткенің,

Басып тұрып баба мекен көк белін,

Көкбөрілік мінезіңнен ажырап,

Қойдан қоңыр қоңсы болған неткенің?!

 

Уа, налыман!

Күдерімді үзбеймін.

Тек-қасиет маржандарын тіздеймін.

Кендебайша Кер Құламды жебелеп,

Қазағымның қақ мінезін іздеймін, – 

деген өлең шумақтарынан көрнекті ақынның, ірі ақынның суреткерлік дара болмысын қаншама драматизммен, қаншама трагедиямен, қаншама оптимизммен жеткізіп тұр емес пе? Әлбетте, солайы солай. Шымырлаған шындықтың беймаза дүрсілінен Қорғанбек Аманжолдың азаматтық әрі ақындық позициясы мен палитрасын, гуманистік философиясын, әлеуметтік-көркемдік мұратын көрмеу мүмкін емес. Оның уақыт, заман тудырып отырған небір күрделі проблемалар жайын, сол уақыт, заман тілімен демек соның сөздік қорындағы қарапайым сөздерді өлеңнің мүддесіне орай метафораға, тенденцияға оп-оңай айналдырып жібере алатын ысылған, кемелдене түскен профессионалдық шеберлігін аңғармау, көрмеу, сүйсінбеу мүмкін емес. «Мінез» деген кілт сөздің – образды баламаның көрсеткіштік рөлі мен көп мағыналығы, символдық күш-қуаты әрі сабақтасып, әрі тепе-тең түсіп жатқан жоқ па?!

 

 

Қорғанбек Аманжол – ақын. Таласы жоқ ірі әріптермен жазылатын ақын. Кейде осылайша ақын деген қасиетті мағыналы ұғымды, ұлы ерлікпен пара-пар ұғымды, ешқашан жайдақтанбайтын, ешқашан жадыланбайтын, ешқашан жадыбастанбайтын осынау тым қастерлі де киелі ұғымды нағыз шынайы иесіне қарата теліген тұсымызда ешқандай баламасыз айтсақ та жарасады. Солай бола тұра, мұнымыз санаулыларға ғана тым көшелі кішіпейілдіктің пәтуалы тұғыры немесе тым тәкаппар кірпияздықтың сырбаз көрінісі сияқты әсер ететінін қайда қоямыз?! Бұл шындықтың бір ұшы ғана.

Ақындар...

От боп жанып жүрегі тұратындар,

Заман сырын жанымен ұғатындар.

Тағдырыңа қашаннан талқы дайын,

Бір басыңа жетеді сұрапылдар.

Халқың үшін тау тектес мұратың бар,

Мұратың бар, қаулаған қуатың бар.

Болмаса:

Қара Жер, Көк Аспанның төсін емгем.

Табиғи тазалықты көшірем мен.

Қағазға тамып кеткен сия сынды

Жалмажан жалғандықты өшірем мен.

Немесе:

Өлеңім менің өмір ме,

Өмірім, әлде, өлең бе?

Қызуым жетпей темірге,

Қоламта көсеп келем бе!

 

Жаутаңкөз етіп еркіңді

Жалынсыз болсаң сол уайым.

Өлеңімдегі өртімді

Өшіріп, сірә, алмаймын.

 

Қайсыбір пақыр пенделер

Қойса да көзге мені ілмей,

Өмірім өрге өрмелер,

Өлеңім болар өмірдей, – 

деудің өзі бір орайда жалпылама философия, ортақ ақиқат екені қаншалықты рас болса, енді бірде ғибратты тұлғаның өршіл мінезін, мінезіндегі өршілдігін көрсететін көркемдік даралықтың бір көрінісі ғой. Олай болса, Қорғанбек Аманжол, таласы жоқ қабырғалы қаламгер, ірі ақын. Өйткені, біріншіден, өмірдің суреті өлеңде өзінен-өзі салына, өрнектеліне бермейді. Екіншіден, осынау қанатты тіркестердің тұңғиық шындығы мен биік мән-мұраты өмір атты мұхиттың әралуан толқындары мен дауылдарындағы шайыр әлемінің күрделі қатпарлары мен қарапайым болмыстары нағыз ақын иесінің шынайы автопортретін бүкпесіз мүсіндейтініне, сомдайтынына, бейнелейтініне ешкімнің дауы болмаса керек. Демек, Қорғанбек Аманжол таласы жоқ, көрнекті жазушы. Солай бола тұра, осынау ұлы мағыналы ақындық ұғымға қосымша балама іздеп, нақты теңеу қосып әрі діттей, әрі ұштай айтуымыздың да өзіндік түрде белгілі бір заңдылығы, белгілі бір шарттылығы, белгілі бір нақтылығы бар. Ал бұл, әрине, шындықтың екінші ұшы ғой.

Ретіне көшсек, балама қоспаған кезімізде де үлкен әріптермен жазылатын ұлы мағыналы қаламгерлік ұғымды ұмытпаумен бірге, соны неғұрлым шырайын шығара отырып, жеткілікті түрде дәлелдесек құба-құп. Бірақ мұның да қиямет-қайымы өз алдына бір төбе емес пе?!

Не болмаса, осынау ұлы мағыналы ақындық феноменге тың балама қосып, әрлі-нәрлі теңеу тауып асқақтатпақ болған тұсымызда да шындықтан алшақтамасақ, әдетпен озбасақ өте-мөте құба-құп. Бірақ мұның да қиямет-қайымы өз алдына бір төбе емес пе?!

Енді не десек те, ұлы мағыналы ақындық ұғымның, әйтеуір, нақты өнер иесіне тән шынайы жарасымын, нәзік оралымын, дара болмысын неғұрлым әділ, неғұрлым нақты жеткізгенге, дәлелдегенге не жетсін! Өйткені, асыра айтамыз деп арзандатпасақ, артық айтамыз деп әсірелемесек, кең айтамыз деп көпіртпесек, келте айтамыз деп кемсітпесек қандай ғанибет. Әлқисса парықсыз дәріптегеннен, жалған жалпақ-шешейліктен көсегесі көгермейтіні қаншалықты шындық болса, шын таланттардың да көбеймейтінін, қуыршақ дарынсымақтардың да түптің түбінде көбесі қақырайтынын екінің бірі білетіні де соншалық шындық.

Қорғанбек Аманжолдың поэзиясы – үлбіреген дүниенің үйлесімдерін көруден, танудан және көрсетуден, танытудан тұрады десек те болады. Қазіргі қазақ поэзиясындағы ақын Қорағаңның даралығы да, ерекшелігі де, ірілігі де – оның осынау болмысында. Көрнекті талантының көркейе түсетіні де, ұлттық өлеңімізді көркейте түсетіні де – үлбіреген дүниенің үйлесімдерін өзі көріп, өзі танып қана қоймайды, соны өзгелерге көрсетуден де, өзгелерге танытудан да әрқашан әдемі көрініс, әрқашан жемісті өріс тауып жататындығынан. Үлбіреген дүниенің үйлесімдерін көру, тану бір ақынға – Қорағаңның өзіне ғана қиындық тудырып қоймайды. Сонымен бірге мұндай құбылысты көрсету, таныту үшін ақын қаншама іңкәрлік, қаншама қайрат, қаншама қайсарлық, қаншама жігер, қаншама табандылық, қаншама күрескерлік, қаншама ыждаһаттылық жұмсайтынын көзбен көру, қолмен ұстау әсте мүмкін емес. Бірақ оның есесіне соншама түйсіну, соншама сезіну, соншама сүйсіну бар. Ақын құдіреті – өзінің көргенін өзгелерге қылаусыз көрсете алғанында. Ақын құдіреті – өзінің танығанын өзгелерге қапысыз таныта алғанында. Сиқырлы сөздер симфониясы, үлбіреген дүниенің гармониясы – әрқашан қарапайымдылық пен күрделіліктен, биік пен аласадан, ұзын мен қысқадан, ауыр мен жеңілден, қымбат пен арзаннан, шуақ пен көлеңкеден, жарық пен қапастан, тағысын-тағы өмірлік небір антитезалық қақтығыстардың, биполярлық оппозициялардың әралуан драмасынан, жансебіл температураларынан, аумалы-төкпелі қан қысымдарынан тұратындығы Қорғанбек Ғалымтайұлының зерделі қаламына тән зайыр бояулармен, өрнектермен, бедерлермен, сезімдермен, ойлармен жетіп жатады, суреттелініп жатады, бейнеленіп жатады.

Тілге тиек ретінде нақты дәлел ретінде Қасым Аманжоловтың емес, Қорғанбек Аманжолдың мына жекелеген өлең шумақтарына зер салайық:

«Бүгін – бармын, ертең – жоқпын» демеңіз,

Мәңгі өмір сүру үшін өлеміз.

Жалғау үшін жалған дүние жарығын

Жер мекеннен беймекенге енеміз...

 

Немесе:

Сырт та сырт қаққан әйнектен

Әр тамшың әйбәт хабаршың.

Жырымды менің сөйлеткен

Жылдарға бірге барарсың.

Немесе:

Достар-ай, дәл осыған ырза жаным,

Көтердім сағыныштың күллі азабын.

Адам болып сендерді аңсаймын да,

Ақын болып оңаша жыр жазамын.

Не болмаса:

Ақбоз үй аман болса халқым аман,

Көңілі ақбоз үйдей жарқыраған,

Ішінде ақбоз үйдің қанаттанып,

Жетіпті ата-баба салты маған.

Немесе:

Ақирет те, қиямет те – бәрі рас,

Арсыдағы Хақ Тағала бары рас.

Қара тасы Қаһбаның, саған серт,

Қара тілім кәлимадан жаңылмас.

 

Ұлық нұрға ұйып тұрған бар ғалам,

Айналайын әділетті Алладан.

Аяныңмен аялашы жанымды,

Адастырмас қыбылаңды бер маған.

Ақын өлеңдерінің қай тұсы болса да, пәлсапалық терең ой тұңғиығына, ұлағатқа меңзейтін осынау секілді қадау-қадау пайымдауларға жиі-жиі ұшырасасыз. Ағыл да тегіл құйылған ой толқындары бір-бірін қуалай, жарыса, жалғаса келіп, әр шумақ сайын өршелене өрлеп, екпіндей көтеріліп, биіктей береді. Бұл өлеңдерде жасанды, жалаң шумақ түгіл, артық бір сөз табу қиын. Әр сөз, әр тіркестің астарында айқын ой, алымды сезім бар. Олар өзара шағылысып, бір-бірінің мәні мен сәнін аша түседі.Үлкен бір бүтіннің бөлінбес бөлшегіне айналып кете береді. Ал оның ешбірін үзіп алуға келместей берік тұтастықты көруге асқан көрегенділіктің қажеті шамалы. Тек сөз таныр көз болса, ақын тіл құдіреті мен сөз қасиетін қастерлеудің үлгісін алдыңызға жайып бергенін ұғынасыз. Ұғынып қоймай сұңқар сезімді құзар ойдың шыңына қондырған сұлу да салтанатты жыр нұрының шуағына шомыласыз. Оқыған жанның көңіл көкжиегінде от ойнатып, сезімді сергіткен салиқалы да сырбаз сырдың тұңғиығына тереңдей бересіз. Зердеге зерлі сөздің сырт әсемдігі мен ішкі иірімдері жымдаса бірігіп, ене түскенін бағамдайсыз, өлең – өнердің еркіне бағынасыз. Шәрбат-жырдың тұнығын шайқамай жұта бергіңіз келеді.

Ақын поэзиясының, оның суреткерлік шеберлігінің, ақындық ой асқақтығының, көркем тіл үлгісі стилінің даралық ерекшілігі, оның жыр әлемі адам жанының нәзік қатпарларына еркін сіңісіп, мейірімділік пен сұлулыққа жетелейтін бояуы ашық нақышы кең тынысты, ғұмыры мәңгілік жырлар толғауында деп білеміз.

Ақын өлеңдерінде азаматтық әуен, өмірлік мұрат, ел, халық алдындағы перзенттік парызын сезіну, халықтың қалғып жатқан ой-санасына сәуле себуге талпынысы да кең көлемде көрініс тапқан. Олардың тереңінде кемел ой мен биік парасат, елім деп еңіреген ердің өршіл рухы мен халық қайғысына қабырғасы қайысқан жанның нәзік сезімі қатар жатыр. Қанға сіңген марғаулығына күйінеді, одан аршып алар жол іздейді. Өркениетті елдердің тіршілігінен ой қорытып, болашақты болжайды, соған өз халқын шақырады. Бірақ ол жалған, дабыра әсіреқызыл сөз түрінде емес, сынай отырып, шынайы жанашырлық танытқандай жылата отырып, жұбату айтқандай сабырлы да салмақты жыр жолдарымен жеткізеді.

Жүрегімнің қоздайтұғын жарасы,

Көңілімнің боздайтұғын наласы – 

Қазағымның таусылмайтын таласы.

 

Тар боп бізге мынау байтақ кеңістік,

Сен Шығыс боп, мен Батыс боп керістік.

Түстік пенен Терістікті бөлістік.

Бір атымдық насыбайдан көңіл қап,

Түймедейден таптық таудай кемістік.

 

Немесе:

Не дерсің бұл күндегі жамағатқа,

Болмады қарсылық та, қанағат та.

Келешек келер ұрпақ, ғұмыр үшін

Кетеміз не қалдырып аманатқа?

 

Татпаған Махамбеттің малтасынан,

Көбейіп намыссыздық дәл қасынан.

Ұлдары қорғамаған өзен, көлдер

Қазақтың жоғалатын картасынан!..

 

Жығылып қодар қылық нардан өлген,

Хабарсыз қодар қылық Ар дегеннен.

Жатқанда Арал құрып, Атом көлін

Тұрғызған тасырлыққа бар ма дәрмен?

Жолайрыққа тірелтіп, екіұдай күйде тұрған бүкіл бір халықтың нәубетті шағын бұдан артық қалай айтуға болар еді?

Бүгін мәре – биіктегі билік-төр,

Сумаңдаған сүйрік тілге сыйлық бер.

Бәйгелерде болып алған шаппай-кер

Жампозсынған, жараусынған «жүйріктер».

 

Қорқытқаннан қойынына тас тығып,

Қорасында Құлагердей хас күлік.

Бағып тұрар Батыраштың балтасы,

Өрлей шапса қағып тастар қас қылып.

 

Таң қалмадық – тұғыр озса тұлпардан,

Тал қармадық – қиып түссе қылтаңнан.

Әкімдерім олжалардан қағылмас,

Әккілерім одаларды шырқарман.

 

Шынның жүзін бұлт басқандай бұл күні,

Қыр басынан қырт асқандай, біртүрлі.

Ай бетінен айғыздалған алапес,

Күн бетінен көрдім көлгір күлкіні...

 

Немесе:

Амал нешік, әттең-ай,

Сол кітапқа ел керең.

Соқыр, мылқау жұртым-ай,

Құрдымдасың сен терең, – 

деген жолдарды толқымай, жаныңмен егілмей оқу мүмкін емес пе?

Қазіргі заманның зобалаңы зәбір еткен, өз ортасына сыймай аласұрған көкірегі көреген адамның жан айғайы, ылаңды кезеңнің ырқына бой алдырмай, ашынған ақынның өзегін жарып шыққан өртті өкініші естілетіндей.

Айтарын алдаспандай, өткір тілмен, бетің бар, жүзің бар демей турасынан тіліп түседі. Бүгінгі атқамінерлердің шала, дүмше күйін беттеріне шыжғырып басады.

Қарашығын көзімнің сатам дейді,

Байлығына белшеден батам дейді.

Өңкей сатқын, көрсоқыр, көрдемшелер

Киемді ұрлап, қызықтап жатам дейді.

Мұны да бір мұғжиза, белгі деші,

Жерім кетсе, елім де өлді деші.

Жерге қоса тілің мен ділің өшсе,

Қазағымның қалады енді несі?..

 

Заман өтіп құлынды бие сатар,

Шыққан екен залымдар кие сатар.

Қара жерді құтайтпай сатқандарды

Қара жердің құтқармай киесі атар!..

 

Қорғанбек Аманжолдың енді бір өлеңдері қазақ топырағынан нәр алған ұлы ақындарымызға арналған лирикалар. Әдебиет тарихында, өткен ғасырлардың ұлы шайырлары, заңғар кемеңгерлері Махамбетке, Абайға, Мағжанға өлең арнамаған ақындар кемде-кем. Қорғанбек Аманжол Махамбет, Абай, Мағжан жеке бастарының биік қасиеттерін оларды қоршаған ортамен біртұтас алып суреттейді. Сол арқылы ұлылардың образдарын шебер сомдай сыр шертеді:

Махамбет шерлі қызғыш құс

Шырлап ұшып көгімде,

Шырқырайды бүгін де,

Шырылдайды көлінде.

Қызғыш құсым – шер құсым,

Ереуіл салған ер құсым

Тау-шыңдарды басады,

Мұхиттардан асады.

Ғаделетті қориды,

Ғадауатты ториды,

Жалпақ жаһан төрінде!..

 

Ол аз болса, ширыққан ақын:

Зар күйіммен, бәлкім, мен тасты оямын,

Запыранды қалайша бос қоямын.

Амалым жоқ айдаһар аранына,

Абайға кеп ақыры бас қоямын, – 

деп қасқая тұрып сөйлесе, енді бірде:

 

Алданбаған жалғанына жалғанның,

Көкірегі толған жалын, толған мұң.

Мені бір сәт аялайды, дем беріп

Мөлдіреген мұхит мұңы Мағжанның, – 

деп «Біраз Мағжанша...» абыржуы аралас, ойлы мұңға батады.

Міне осылайша өлең өнер құдіретімен үлкен құрмет, шынайы сезім, мұң сазы арқылы тұлғаланып, шымыр жасалған әрі ыстық, әрі құпия, әрі жақын бейнелерді көз алдымызға әкеледі.

Сөздің ретінде айта кетейік, көркемдік таным атаулының негізгі бір өлшеміне – өнерпаз бен өнер туындысының осындай диалектикалық бірлігі көп алынады, көп айтылады. Әрқилы замана бұлбұлдарының сан ғасырлар пернесінде ұдайы орнықтырып келген бұл пайымына біздің де жүгінбеуімізге әддіміз жоқ. Өйткені, Абай, Махамбет, Мағжан сияқты ұлы тұлғалардың өмірі мен өнері үнемі бірқұйма бірлікте болғандығынан шығар, олардың шығармашылық сирек болмысы әрқашан аһ ұрғызып күйіндіреді, еріксіз сүйіндіреді, табындырумен келеді. Сондықтан шығар, осындайда Абайдың, Махамбеттің, Мағжанның әр дәуірдегі өзінен кейінгі ұрпақ-толқындарда қолбала шәкірттерден – өлеңшілерден гөрі, дәстүр-тамыры тереңдей, ілгерілей түсетін шынайы сөз шеберлерді, ізгі ізбасарларды тәрбиелейтіні, қалдыратыны. Міне, осыдан болар Қорғанбек Аманжол өзінің біраз өлеңдерінде әсіресе Мағжан ақынның сарқыты санайтынын айтады және сонысын мейлінше мақтаныш тұтады. Қорғанбек ақын сөз жоқ, Мағжан мұрасымен мейлінше жетік таныс болғандықтан ғана тәуекелге барып тұр. Ол оның үстіне ұлы ақынның құдіретіне – сиқырына бас игендіктен ғана, өзін сарқыт санап тұр. Бұл аз десеңіз, ол Мағжан ақынды шынайы ұстазына балап, шынайы Пірлерінің бірі ретінде мойындайтынын өз өлең, дастандарында қалың жұртшылыққа яғни жалпақ жаһанға жар салып тұр.

 

 

Уақыт биігінен байыптап қарасақ, Мағжан мен Қорғанбек сияқты біртуар ақындардың Өмірге, Өлеңге деген киелі көзқарастарының типологиялық терең тамырларын, ұқсастықтарын; өздерінің көркемдік әлемін дамыту барысындағы қалыптастыру, орнықтыру, даралау жолдарының ерекшеліктерін; ақындық қолтаңбасын мейлінше айқындау, мейлінше байыту, мейлінше құнарлы етудегі ізденістерін, жұғымды жемістерін бірден байқауға болады. Мұның өзін, асылы екі ақынның шығармашылығын салыстыра, сабақтастыра, салғастыра саралағанда мейлінше сындарлы көрінетіні даусыз.

Ақынның Мағжанға еліктеген, сабақтас, үндес эпигондық сарынды байқау үшін, автордың өлеңдерінен мысал келтірейік.

Тәңіршілмін!

Тәңір-Алла тақ пірім. 

Бір Тәңірмен берекелі, бақтымын.

Дәстүрім де, хақ дінім де бір менің,

Бәрі сонда – қайғы-мұңым, шаттығым,

 

Алашыма Алладан шет әмір жоқ.

Алғаш Алла аян салған Тәңір боп.

Тәңір сыйы Көк түріктің қанына

Құйылыпты қайсарлық боп, сабыр боп.

Туа сала Көк Тәңірге беттеген,

Бабам менің Хақтан қағас кетпеген.

Жүрегінде, тілегінде бір Құдай,

Ар-Тәңірдің әмірін екі етпеген.

 

Бірге ғана, Күнге ғана жүгінген,

Кәмиласын айтпай қалса сүрінген.

Бір дегеннен қайтпайтұғын – қағидам,

Табанымның тайдырмаймын бүрін мен.

 

Бабам менің Бірмен ғана бүрлеген,

Бір-ақ Тәңір, бір ғана Алла, Бір деген.

Бесігімнен ақ-адал сүт – емгенім,

Бір сөзді боп арлы өмір сүрген ем.

 

Бір махаббат, жалғыз жүрек, бір Отан,

Жалғыз Жардың жан жылуын ұнатам.

Көк бөрілі жалғыз ғана Байрағым,

Кеудем – биік, көңілім – бек, гүл атам.

 

Арым менің – тәу ететін Тәңірім.

Сол Тәңірдің орындаймын әмірін.

Тәңірім де, арым да бір, жаным бір,

Ар дұғасы – жалғыз жарық кәмілім...

Немесе:

Шыққыр көзім соны да көріп еді,

Құлыным-ай, құлыным керім еді.

Құлынынан айрылған қайғысынан

Торы бие торығып өліп еді...

Не болмаса:

Жер үстінде жаралып мен келемін,

Жер жебеді – жойылып өлмегенім.

Әзірейіл әкелсе суық хабар,

Жер-бесікте мәңгілік тербелемін.

 

Жер бетінде жоқ сірә, көрмегенім,

Ерлегенім, бәрі есте, өрлегенім.

Жерден кетсем, ақ табан шұбырынды,

Қаратаудан қан жұтып сенделемін.

 

Қазағымды сақтаған жер киесі,

Қасиеті, Жер-Ана тәрбиесі.

Алатау мен Алтайдың, Сары Арқаның,

Алқап Тәңір, болғанмын мәңгі иесі.

 

Ол аз десеңіз:

Бір әмірдің, бір тәңірдің бары рас,

Сол Тәңірі жазғанынан жаңылмас.

Содан басқа,

Пайғамбар да, пенде де – 

Еш құдірет жан оты боп жағылмас.

 

Сүйген құлға ұят берген, ар берген,

Амал берген алып шығар тар жерден.

Дермене күй дерттендірген шақтарда

Дәрмен етер дауасы мол дәркермен.

 

Сол Тәңірдің тоқсан тоғыз аты бар,

Адамзатқа Құран Кәрім хаты бар.

Аян оған миыңдағы мың сан ой,

Аллаң өзі қалт еткізбей бақылар.

Немесе:

Көкшеде менің ағаларым көп еді,

Қорғантайым демейтіні жоқ еді.

Бәрі де бір-бір бел еді,

Ерлейтін жерде ЕР еді,

Демдейтін жерде дем еді,

Солармен Көкше Ел еді.

Одан әрі:

Төккендей торғын шуақ таң самалы,

Төрт ауыл сағынышы тарқамады.

Желпінтіп жеңгелерім маздатқандай,

Жанымның жанып түскен жаңқалары.

Немесе:

Ғұндардан қалған нұрланып тұрған бұл ғалам.

Былғары киген,

Былғары күймен жырлаған,

Бабамның сыры былғары табыт ішінде

Науыт болғандай,

Қалып қойғандай мұңданам...

 

Сонымен бірге:

Көрмедім-ау...

Шөлдедім-ау...

Зарықтым!..

Күйін кештім құмда қалған балықтың.

Жүз жыл бойы дертім болса, дариға-ай,

Мен достыққа адал болып қалыппын...

Енді бірде:

Қара түнге ұласты қызыл іңір – 

мен енді Күн болып жанайын.

Адаспаған адамзат түнінің бір – 

таңына күл болып қалайын!, – 

деген жолдарды оқып көріңіздерші. Біз үзінділерді саналы түрде молынан әрі топтап келтірдік. Жоғарыдағы пікірлеріміздің дәлелін осы өлеңдерден, өлең үзінділерден толық аңғаруға, көруге болады. Шоқтығы биік бұл өлеңдерден ақынның Мағжанша тебіренген, толғанған ой иірімдерін көреміз. Осынау лирикалық туындылардан түгелдей дерлік әрқилы ситуацияны, әрқилы тартысты, әрқилы драма мен әрқилы трагедияны өлең өрімінің әралуан сипаттарынан да мол аңғарамыз, соған мейлінше сүйсінеміз. Ақын Мағжанша ыршынса ыршынып, ақын шамырқанса шамырқанып, ақын шырқыраса шырқырап, ақын ширықса ширығып шыға келеміз. Бір ғажабы ешқандай қалыс қала алмаймыз. Бір қызығы ешқандай қарсы бола алмаймыз. Тек ұдайы ақынмен бірге күйінеміз, бірге күрсінеміз, бірге аһ ұрамыз. Ақын талантының температурасы біздің температурамызды осылайша белгілейді, ақын поэзиясының метафизикасы мен катарсисі бізді осылайша еріксіз жаулап алады, бізді осылайша еріксіз билеп алады. Хас поэзияның осындай шырылы мен шырайына, таланттарға тән иммунитеттердің ғажап қуатына қалайша таң қалмассың!

Асылы, тумысынан шәрбат лебіз шешендігі, марғасқа мінезі, сырбаз дегдарлығы мен сұңғыла дарындылығы бір бойына айрықша қасиет қондырған жайсаң жанның рухани мұрасы қатпарлы да қазыналы. Ұлтымыздың дәстүрлі салт-санасы мен дүнияуи таным-түсінігі, әсемдік әлемі мен қазақ мәдениеті, солардың тұтас тарихы мен терең тағылымы оның зерделі публицистикаларының, ерен еңбектерінің өзегіне шеберлікпен өрілгендігі баршамызға аян. Қорғанбек Аманжол толғанса – поэма, көсілсе көсемсөз туады. Өндіріп, өнімді жазатын суреткер. Туындыларының көрінісі көркемдігімен, кейіпкер бейнелері шежірелі шешендігімен, оқиғасы тарихи деректілігімен қатар өріліп, астарлы сөз, ой дариясының тұңғиығына шомылдырады.

Міне, тұла бойы телегей-теңіз дарын мен талантқа толы интеллектуалдық құбылыстың қыр-сырына терең үңілместен-ақ, оның жазғандарын оқып, толғамдарына тоқталып, сәті түссе дидарласқан адамның сезінетіні. Яғни, қазақ руханиятының кесек бітімінің бірі Қорғанбек Аманжол еңбегінің әр саласы тарау-тарау зерттеулер мен құлаш-құлаш мақалаларға арқау боларлық. Ұлттық құндылықтарымыздың қатарына қосылған солардың құнарын сараптап, қаймағын сүзу – ендігіде өскелең ұрпақ үшін өнегелі өріс, баянды бағдар болмақ.

Ақын ағамның болмысына ден қойсақ, жай көзге, адами дидарласуға ғана қарапайым көрінуі мүмкін. Бұл – әрине, алдамшы сезім. Шын мәнінде Қорғанбек Аманжол кез келген шығармашыл тұлға ретінде күрделінің күрделісі. Оның қарапайым көрінетіні – тірі пендеге арамдығы мен залалы, тәкаппарлығы мен менменсуі, кердеңі мен шіренуі жоқ, Алланың бере салған дархан жүрек, жомарт пейіл қасиетінен. Залал түгілі тіпті өзі жақтыра бермейтін жұғымсыз, сырғанақ, жылпос, берекесіз адам туралы да жаңсақ пікір, жаман сөз айтып көрмеген ерекше төзімшіл даналығы Қорағанның тұлғасының ірілігін айшықтап-ақ тұрады.

Қорғанбек Аманжолдың ақындық өнері мен шығармашылық жолы лирикалық дүниелердің үйлесімін көрсетуден, танытудан тұратынын жоғарыда айтып кеттік. Дегенмен бұл орайда, оның туындыларының бүкіл өн бойында мейірім, шапағат, ізгілік, адамгершілік, азаматтық, мәрттік, сағыныш, күрескерлік, мұң, шер, ата-баба рухына адалдық, атамекенге сүйіспеншілік, махаббатқа мәңгілік берілгендік пен мәңгілік тұрақтылық тәрізді ұғымдар мен көзқарастардың асқақтығын неғұрлым өрістету үнемі алғы саптан көрінеді, үнемі алтын тамыр өзекке айналып жатады. Бір тәтті бір ащыны жұбатып жатса, бір ащы бір тәттіні жылатып жатады. Бір емші бір саңырауды еститін, бір мылқауды сөйлейтін, бір басырды көретін етіп жатса, бір арамза біреуді керең, біреуді сақау, біреуді соқыр етіп жатады. Тағдырдың осындай қыртысты-қатпарлы тайталастарын, қақтығыстарын ақын Қорғанбек өзіндік өрнекпен, өзіндік талғаммен, өзіндік дауыспен, өзіндік шыншылдықпен жырлаумен келеді.

Сиқыр сөз иірімдерінің үйлесімі – Қорғанбек Аманжол поэзиясы осыны мейлінше ерек, мейлінше жүйелі көрсетеді. Бұған оның «Тың тынысы», «Қарлығаш», «Зеренді қарағайлары», «Сабат», «Алапа» және тағы да басқа жыр жинақтарына енген жыр туындыларынан көптеген мысалдар келтіруге болады. Жеке-дара талдауға болады.

Лирик Қорағаңның қадау-қадау туындыларын тек қана атап шығатын болсақ та, осынау шағын мақаланың көлемі рабайсыз қомпиып кететіні, белгілі ғой.

Әлбетте, бұл ақталу емес, өйткені өлең шумақтарын нақты келтірмей құрғақ мақтау, құрғақ ділмарсу теледидар жарнамасының ығыр шығаратын әләуләйінен басқа кәдеге аспайды.

Шынтуайтына көшсек, шынайы ақын жалаң жарнамаға өш келеді. Сондықтан да кейбір жекелеген жолдарды қысқа түрде келтірсек те жетіп жатыр.

Ал мына жекелеген жолдардың лирикалық, әлеуметтік-философиялық мозаикасы нені көрсетеді деп ойлайсыз. Сіздің таным өз еркіңізде, біздің таным бойынша жоғарыдағы пікірлерімізді растайтын сияқты.

Мысалы:

Шынның жүзін бұлт басқандай бұл күні,

Қыр басынан қырт асқандай, біртүрлі.

Ай бетінен айғыздалған алапес,

Күн бетінен көрдім көлгір күлкіні...

***

Менің өзім көбік буға кедеймін,

Шашылғанды жинап жүріп көбейдім.

***

Ақ сүтін төксе айлы түн...

***

Ақ шабақ сезім – ақша бұлт.

***

Ақ самалдың ерке қыздан несі кем?

***

Адалдықтың тылсым, қара көзі бар,

Маржан тамшы мөлдіретер кезі бар.

***

Төңкерілген тай қазандай қара түн,

Сыңсып піскен қарақаттай қара түн...

***

Жазиралы жанымда шулайды орман,

Торға түскен барыстай тулайды арман.

Рембо мен Бодлер, Варлен мен Лорка, Басё мен Рильке поэзиясындағы небір ащы шындықтардың Қорғанбек Аманжол өлеңдеріндегі өзіндік жалғасына қызықпауың мүмкін емес. Тағы да мысалдар керек десеңіз келтіре берейік:

 

Лас көңіл кімді аяпты.

***

Шиедей болып бетіміз,

Шапақтай кешкі қызарған.

Шатақтан өліп етіміз,

Көлеңке-күнә ұзарған.

***

Аспаннан ит боп ай үрді...

***

Жаңбырдың тілі – жүректің үні, жыр тілі,

Жаңбырдың тілі – бөбектің ерке бал сөзі.

***

Кірпігіме зілмауыр тас ілініп,

Кіреуке тұр көзімде жасырынып...

***

Қалың бұлты кеудедей ұят басқан.

***

Ықылық тиген жас бала сияқты аспан.

***

Қара тастай жарқылдап тұяқ басқан,

Жай оттары зарядын тиеп қашқан.

Дүрсіл қағып пойыздар өтіп жатқан,

Ығы-жығы бір вокзал сияқты аспан.

***

Ыңырсиды төгіліп жұлдыз әні,

Ғарыш тойын мадақтап жыр қызады.

Сұсты, мұңды Ай патша әмір етіп,

Жұлдыздарды тағынан жұлғызады.

***

Неткен кейде қатыгез өмір еді,

Аққу сыңсып, қайғымен егіледі.

Қара қарға тояттап кеудесінен,

Запыран кек зарланып, еңіреді.

***

Мен қайыңның қатқан шымыр безі едім.

Шемен-шерден шекілді ғой өзегім.

***

Ақ уыз күлкі сыздатқан

Алқызыл ернің пәк-тұғын.

Қаңтарда мұрты мұз қатқан,

Қонаға келген аттының,

Соңынан қарап көп тұрдың,

Көзіңнен моншақ ақты мұң, – 

деген жекелеген, қос тармақ жолдардың мысқалдай мозаикалары, фрагменттері әрқилы өлеңдердің өрімінде, мазмұнында, формасында өзіне лайықты, өзіне қажетті поэтикалық міндеттер мен жүктерді көтеріп тұрғанына күмән жоқ. Әрине, әлеуметтік-көркемдік, лирикалық-философиялық жүктерді айтып отырмыз. Сондықтан шығар, үлкен әріптермен жазылатын ұлы мағыналы ақындықтың яғни таласы жоқ көрнекті ақын, ірі ақын Қорғанбек Аманжолдың шығармашылық табысы өзіне де, өзгелерге де анық, алар асулары, көтерілер баспалдақтары бұдан да биік болады деп үміттенеміз. Замандастың шынайы кемелденгеніне, жан нұрына шарпылған жырлардың шырайлы болғанына, қазақтың ақыны Ақ Қорғашына айналғанға не жетсін! Ендеше қазіргі сергелдеңге түскен бейуақ тұста, өліара шақта санамызға шамшырақтай сәуле түсірер Қорғанбек Аманжол өлеңдерінің танымдық да, тағылымдық та салмағы арта берері сөзсіз. Алдынан ақ қағазы кетпейтін, қолынан қаламы түспейтін Ақынның өзі айтпақшы: «Ақынның жыры өлмесін, Ақынның күні сөнбесін, Ақынның сөзі өлмесін, Ақынның нұры сөнбесін!» - деп тілейміз.

Аян ҚАЖЫБАЙ,

Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау

университетінің оқытушысы,

Қазақстан ПҒА-ның корреспондент мүшесі,

филология ғылымдарының кандидаты

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар