Хаос – адамзат тіршілік еткен аспан асты – жер үстінің бастапқы нүктесі. Келесі актіде жаратылу жүзеге асқаннан кейінгі жағдайда бұл киелі бастау сипаты түрлі нысандар яки құбылыстарға ауысады. Бір терең қуыс, шексіздік, тұңғиық бейнесімен көрінген хаостың бір сипаты кейін «жер кіндігі» (қуысы) ұғымында жаңғырды. Тіршілік кіндіктен өнеді не кіндікке енеді. Белгілі дәрежеде оның қуыс, үңгір түріндегі пішіні бар. Осы негізде көне танымда үңгір киелі нүктенің бір түрі ретінде қабылданды.
Адамзат қай кезеңде де бейсаналы түрде сакралдылықты тануға, жер кіндігін табуға тырысады. Әр адамның түсінігінде жер кіндігі оның туған жерінде орналасқан. М. Элиаде өмір ағашы өсетін жер кіндігін «ахis mundi» деп атаса, осы орталықты белгілейтін киелі нысанға – imago mundi (әлемнің бейнесі) деген атау берді. Imago mundi (әлемнің бейнесі) – кесене, мешіт, шіркеу немесе патшалардың сарайы сияқты белгілі бір рухтың қолдауымен жасалған киелі ғимараттар немесе қала. Өмір ағашы сияқты бұл киелі нысандар да аспан мен жерді байланыстырушы қызмет атқарады. [1, 47]. Сондықтан адам бейсаналы түрде киелі орындарды, ғибадатханаларды ерекше құрметтеп, ұлттық, діни ритуалдарды осы нысандардың маңында орындайды. Себебі, киелі нысандар «құдайдың үйі», жоғарғы әлеммен байланыстырушы көпір саналады және ол жерде жасалған қандай да мінәжат қабыл болады.
Көне түркілердің наным-сенімінде үңгірлер ата-баба аруақтарымен байланысты айтылады. Соның нәтижесінде эпоста үңгір мотиві қалыптасқан. Үңгір мотиві түркі-оғыз, әзірбайжан халықтарының эпикалық шығармашылығына тән. «Қорқыт ата кітабы» дастанындағы Төбекөздің үңгірі, «Көроғлы» эпосындағы үңгірдің қызметі, әзірбайжан халықының ертегілерінде кездесетін үңгірлер – бұл мотивтің эпикалық жүйеде кеңінен таралғанын көрсетеді.
А. Халил «Ритуальные основы огузского эпоса» атты монографиясында үңгірдің көне түркі мәдениетіндегі рөлін төмендегідей сипаттайды: «Үңгірде архаикалық рәсімдер жүзеге асырылды. Бабалар рухы мен үңгір арасындағы байланыс осы жерден шыққан. Демек, эпоста өзінің сан алуан іздерін қалдырған инициацияны адамзаттың «үңгірлік мәдениетінің» үлгісі деп атауға болады» [4,115].
«Қорқыт ата кітабындағы» Бисат Төбекөзді қалай өлтіргені баяндалатын бөлімінде үңгір батырдың рухани болмысын қалыптастырған орын болып көрінеді. Бисат халыққа күн көрсетпеген Төбекөзбен үңгірде шайқасып, оны өлтіріп, жеңіске жетеді. Төбекөз Бисатты сақина, қылыш, күмбез сынды таңбалармен алдағысы келеді. Бірақ батыр оның айласын біліп, соңында оны жеңеді. Мұндағы үңгір рухани қайта түлеу мен батырлықтың мекені ретінде суреттеледі. Демек, үңгірдің екі сипаты бар. Біріншіден, бұл ізгіліктің зұлымдықты жеңген мекені, зұлым күшті жеңген қаһарманның күш алып, қайта жаңғырған киелі орын. Екіншіден, үңгір сол зұлым күш мекен еткен баспана.
Үңгірдің аңыз-әңгімелерде атқарған қызметіне қарай тағы бірнеше сипатын атап көрсетуге болады. Түркілердің фольклорлық шығармаларында бір жағынан үңгір – құдық, орман сынды иерофанияның белгілері болғанымен, екінші қызметі зындан – қорқыныш пен қауіптің орны. Демек, үңгірдің алғашқы сипаты – құдық, тіршіліктің бастауы саналса, екінші сипаты жер асты әлемімен байланысты зұлым күштердің (алып жылан, айдаһар) мекені.
Философ О.Әлиев ертегілердегі зынданның бейнесі қосымша деталь болғанымен, батыр рухының қайта туып, жеңіске жету жолында маңызды қызмет атқаратынын атап көрсетеді [3, 33]. Алпауыт айдаһардың батырдың қолынан қаза болуы да жер асты әлемінде іске асады. Демек, «жер асты, үңгір, зындан» қара күштің жеңіліп, игіліктің бастау алатын алғашқы орны.
Мифтік санада үңгір әйелдер мен балалардың қамқоршысы «Ұлы ана» архетипінің символдық көрінісі – Ұмай ана культімен байланысты. С.Байдили «Түркі мифологиясының сөздігі» еңбегінде: «үңгір – ана құрсағының баламасы» деп атады. үңгірде Адам баласының тууы, өсуі ана құрсағындағы баланың даму кезеңіне ұқсайды. Бұл ұқсату үңгірдің ана құрсағындағыдай қауіпсіз орта бола алатын қасиеттері бар екенін көрсетеді [4, 37].
Үңгір ежелгі санада жер асты және жер беті әлемі арасындағы өтпелі кеңістікті білдіреді. Алтай ертегілерінде үңгір жер асты әлеміне ашылатын қақпа ретінде суреттеледі. Жалпы, мифологиядағы хаос үңгірдің алғашқы бейнесі, адам баласының тіршілігі үңгірде басталды. Ал, жалпы әлем мифологиясында тіршілік хаостан – тылсым сипатты алып үңгірден бастау алды. Сондықтан үңгір ұғымымен қатар, хаос, шетсіз-шетсіз тұңғиық, зұлым рух, қайғы, қайта туу сияқты ұғымдар қатар қолданылады. Тіршіліктің бастылып, дамуының қозғаушы күш болған ізгілік пен зұлымдықтың, жақсылық пен жамандықтың түп негізі, алғашқы нүктесі осы алып үңгір, яғни хаос.
Ислам мәдениетінде де үңгір тыныштық пен қауіпсіздіктің белгісі, әрі қорған ретінде киелі орындардың қатарында. Қасиетті Құранның он сегізінші әл-Кәһф сүресінің аудармасы «Үңгір» деп аталады. Исламдық дүниетанымда киелі Хира үңгірінде Жәбірейіл періште Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарға «Алақ» сүресінің алғашқы бес аятын жеткізген деп айтылады. Тахир әл-Исмаилдің «Мұхаммед Пайғамбардың өмірбаяны» (қазақ тіліне аударған Қ.Спатай) еңбегінде: осы үңгірде Мұхаммед (с.а.с) пайғамбар оңаша қалып, құлшылық жасағаны туралы жазылған [5, 36-38].
Ұлттық танымда үңгір тылсым күштер тоғысқан киелі орын. Топонимикалық аңыздарда киелі үңгірлерден адам дертіне шипа табатып, құдайдан сұрағаны орындалатын киелі нысанның бірі ретінде суреттеледі. Үңгірлердің қақпасында, яғни екі босағасында балбал мүсіндер (көбіне екі босағада екі балбал тас) тұрады. Бұл үңгірді кие тұтып, ұрпағын желеп-жебейтін әруақтар мекені ретінде сыйынған ата-бабалар сенімінен хабар береді.
Аңыздарда үңгір тылсым қасиеті бар жандармен тығыз байланысты баяндалады. Мұндай ерекше қабілет дарағын қаһармандармен байланысты киелі үңгірлерге шипа сұрап барушылардың қарасы көп. Тіпті кей үңгірлерді шетелдерден туристер де іздеп келіп жатады. Оның бірі жоғарыда көрсетілген «Айдаһар» үңгірі болса, тағы бірі Бектау ата мен Бейғазы деген екі әулие бабалар мекен еткен «Бектау ата» үңгірі.
«Бектау ата» үңгірі – Балқаш көліңің маңында орналасқан. Осы мекенді зерттеген А.П.Сарычаевтың жазбаларында: «Бектау ата – оңтүстік пен солтүстікті жалғастыратын нысана іспетті керуен жолдың бойында тұрған шамшырақ. Оның сүйір төбесі Балқаш көлінің оңтүстік жағалауынан көзге ілінеді. Көлдің астынан жарып шыққандай сұстиып тұрады және «бері тарт» дегендей ишарат береді. Сол таудың астында аталмыш үңгір мөпмөлдір тұщы суға толы. Су бетінің деңгейі әрдайым бірқалыпты: жоғары көтерілмейді, төмен түспейді» [6, 43], – дейді. Ел арасына таралған аңыз бойынша жаугершілік заманда «Бектау ата» үңгірін екі ағайынды жігіт жаудан қашқанда паналаған екен. Оның бірі – Бектау ата. «Қазақ бақсы-балгерлері» атты жинақта: «...Бек ата, Бектау-ата Бекіш-ата, қолдай көр...» деген бақсы сарыны бар. Мұндағы «Бек ата, Бектау-ата» аталмыш әулие бабамен байланысты болуы мүмкін. Бұл үңгірдің ішінде де шипалы су бар. Үңгірге дертіне шипа сұрап барып түнеген, зиярат еткен жандарған әулие ата әртүрлі дыбыстармен белгі беріп, түсінде аян айтады екен. Аян көрген адамдардың айтуынша, әулие баба жүзін көрсетпейді екен. Жаратқанның тылсым қасиеті қонған қасиетті адам болғандықтан халық арасында кез-келген жанға көріне бермейді деген түсінік қалыптасқан. [7, 24]
Үңгір – адам баласының санасына тылсым, киелі орын ретінде сіңген. Бұл орын адамзаттың алғашқы панасы болғандықтан, ата-бабалардың рухы қалып, мәңгі сол үңгірлерді мекен етеді деген түсінік те бар. Жоғарыда аталған киелі үңгірдің екеуінде әулие бабалар мекен еткен. Екеуінде де киелі су бар. Үңгірлердің өзі әулие бабалармен байланысты, шипа дарытушы, тылсым күшке ие.
Киелі үңгірлердің әулие адамдар есімімен байланысы да тегін емес. Сондықтан мұндай орындарды киелі рух мәңгі тұрақтаған мекен деп те атайды. Есіркеп Қойкелді батыр туралы аңыздарда аталатын Ақмешіт үңгірі де жалпыұлттық мәртебеге ие киелі нысандар қатарында. Бұл киелі орынды да тілек қабыл болатын киелі орын ретінде халық ерекше құрмет тұтады. Зерттеушілер бұл үңгірді палеолит дәуірінің мұрасы деп атады.
Мифтен тамырланған поэтикалық санада үңгірлердің тылсым сипаты ерекше орын алады. Киелі үңгірлерге келген адамның арманына, ниетіне жетуі сол тылсым сырымен байланыстырылады. Үңгір – рухтың мекені, адам баласына ең алғаш қорған қызметін атқарған орын, ата-бабалар рухы тұрақтайтын жер. Сондықтан бұл жерде жасалған тілек тез орындалады.
Кез-келген өркениеттің бастауында адам баласы лашыққа көшкеннен кейін, үңгірді киелі орын, құдайлардың мекені деген түсінік қалыптасты және ғибадат жасайтын орын ретінде пайдалана басталы. Бірақ үңгірлердің бәрі бірдей ғибадатхананың қызметін атқарған жоқ. Алғашқы қауымдық құрылыста тұрмыстық қажеттіліктерге байланысты қойма, шеберхана қызметін атқанған үңгірлер де болған [8, 52].
Үңгірлермен мен жартастардың сағасы – баспананың алғашқы көрінісі. Жоғарыда атап көрсеткеніміздей, адам баласы уақыт өте үңгірлерді тастап көшкенімен, ол киелі, культтік орын ретінде маңызын сақтап қалды. Себебі, үңгір адам баласына құдайлардың бергені қорғаны, ал әр адам үшін үй әрқашан киелі ғибадатхана. Демек, ғибадатхананың алғашқы үлгісі –үңгірлер. Уақыт өте адамның ой-өрісі дами келе үлкен ғибадатхананлар салынды, үңгірлердің тылсым қасиеті жаңа мекенге ауысты. Дегенмен, үңгірлер жаратылыстың алғашқы әрі ерекше күші тұрақталған мекен ретінде сакралдылығын сақтап қалды. Сөйтіп адамзат жадындағы тұрақты киелі нысанға айналды.
Жоғарыда үңгірге қатысты екі жақты түсінік туралы өттік. Оның біріншісі көне танымнан көркемдік ойлауға ұласқан ізгіліктің үнемі зұлымдықпен шайқаста жүретіні, түбі жеңіске жететіні туралы мәдени жадымызда тұрақтаған мотив. Тек түркі халықтарында ғана емес, жалпы адамзаттық таным-түсініктегі үңгірге қатысты баяндар осыны дәлелдейді. Ежелгі грек мәдениетінде биік және кең үңгірлер рух-иелік күтердің мекені болғандықтан, зұлым күштер ол орынға кіре алмайды деген түсінік те болды. Сондықтан қайтыс болған адамның денесін үңгірлердің ішіне жерледі. Үңгірдің ішіне жерленген адамның рухын зұлым күштер адастыра алмайды, ол тікелей жерасты әлеміне жетеді деген сенім болы. Уақыт өте, үңгірлер ғибадат ететін киелі орынға айналып, мәйіттерді үңгірдің іргесіне, сыртына жерлейтін дәстүр қалыптасты. Бұл орындар ерекше жаратылысты қаһармандармен қоса нимфалардың мекені аталды [8, 53]. Үңгірлер нимфалардың мекен болғанын Гомердің «Одиссея» дастанының үзіндісінен көре аламыз. Бұл дастанда Гомер Итака үңгірі табиғаттың ерекше жаратылысы екенін көрсетіп, бұл киелі орынға кез-келген адам жақындай алғанымен, тек мәңгі өмір сүретін тіршілік иелеріне ғана кіруге болатынын айтады. Киелі үңгірдің қызметі мен орны жұмақ мекеннің сипатына ұқсайды.
Аталмыш киелі мекен ерекше жаратылыс иелерінің және ғажайып нимфалардың үйі. Оның қақпасы ымыртта жабылады. Ал, ымырт қараңғылықтың, салқындықтың белгісі. Бұл қақпаны ашуға мүлде рұқсат жоқ, адамдарға ашылмайды. Соған қарамастан нимфалар мекенінде бал аралары ұя салады, қасиетті бұлақтардың сылдырлап аққан даусы естіледі. Мұнда биік тастан жасалған тоқыма станоктары бар екені айтылған. Бұл тас станоктардан нимфалар құдайларға арнап күлгін түстен киім тоқиды. Киелі үңгірдің тағы екі қақпасы бар. Төменгі солтүстікке бағытталғаны адамдарға, жоғарғы оңтүстікке қараған кақпа құдайларға арналған [9, 202]. А.Ф. Лосевтің пайымдауынша, поэмада адамдарға арналған қақпа солтүстік жаққа бағытталып, құдайлар қақпасы оңтүстікке қаратылып суреттеледі. Себебі, ғибадатханалар ішіндегі қасиетті мүсіндер мен кіреберісі шығысқа бағытталған. Ал, мінажат жасауға келген адамдар мүсінге қарсы тұрғанда батысқа қарайды [10, 211].
Мифтік танымдағы ғажайып нимфалар – әйел кейпіндегі тіршілік иелері. Олар табиғаты қорғайды, құнарлылықты қамтамасыз етеді, керек кезінде адамдарға көмек бере алады, ашуланса кесірін де тигізуі мүмкін. Сондықтан олардың да тылсым жаратылысты болмысы адамдарға жұмбақ әрі үрейлі, өздеріне ерекше құрмет пен сыпайы қарымқатынасты талап етеді. Нимфалардың үңгірді мекендеуі және ол үңгірлер қақпасының ажалды пенделерге ашыла бермеуі мифтік танымдағы мәңгі өлмейтін жасампаз қаһармандарға тиесілі орын екенін таныта түседі.
Үңгір гректің «Одиссея» эпосында алып дәулердің – циклоптардың мекені түрінде де суреттеледі. Бас кейіпкерді достарымен тұтқындап, өзі тұратын үңгірге қамап тастайтын жалғыз көзді Полифем атты дәу – алып қара күштің, жауыздықтың иесі. Ол кәдімгі адам жегіш жыртқыш кейпіндегі кейіпкер. «Қорқыт ата кітабындағы» сегізінші жырдың сюжеті мен көне грек эпосындағы (бастауы митфік баяндарда жатқан) жалғыз көзді дәу мен оның тұрағы болған үңгір адам баласы үшін үлкен қауіп сипатында көрінеді. Полифем мен Төбекөз – түптеп келгенде туыс кейіпкерлер. Полифем – грек мифінде айтылғандай, теңіз құдайы Посейдон мен теңіз нимфасы Фоосаның перзенті. Төбекөз – су перісінің қызы мен Аруздың бір қойшысының перзенті. Маңдайларындағы жалғыз көз бұл тіршілік иелерінің бір ғана ұғымға, яғни зұлымдыққа ие екенін тұспалдайды. Теңіз – тіршілік бастауындағы, хаостағы түпсіз-шексіз мұхиттың бір бөлшегі, ықшамдалған түрі. Жаратылыстың бастауы әрі жойылудың себепкері болатын су стихиясы екі әлемді – бұ дүние мен о дүниені байланыстырушы орын. Тылсым сипатты бұл стихияның ең жақын құрылықтық нүктелері – шығанақ, арал, жағалау. Мифтік баяндарда су перілері – нимфалар шығанақтағы үңгірлерді мекен етеді. Анасы да атасы да су әлемімен байланысты антропоморфтық кейіпкерлер болып табылатын Полифем де аралдағы үңгірді мекендейді. Нимфлардың ғажайып сұлулығы, мейірімділігі мен Полифемнің жауыздығы, зұлымдығы қарама-қарсы қойылады. Осындай екі түрлі қасиетке ие, яғни ізгілік пен зұлымдық түріндегі тіршілік иелері арқылы адамзат танымына орныққан үңгірдің екі жақты сипаты көрінеді. Төбекөз бен Бисат та үңгірді мекен етеді. Көшкен жұртта қалып қойған сәбиді ана-арыстан үңгіріне әкеліп бағып, Бисат осылай ержетеді. Алайда ол адамдар ортасына тез оралады. Төбекөздің әкесі адамзат, шешесі су перісінің қызы делінеді. Өзен (бәлкім көл) жағасында су шашысып ойнап жүрген пері қыздарының бірін Аруздың бір қойшысы ұстап алып, зорлық жасайды. Пері қызы қойшыға осы қылығымен бүкіл Оғыз еліне бүлік әкелетінін ескертіп, келесі жылы перзентін осы арадан алып кетуді айтады. Төбекөз су түбіндегі местің ішінен шығатын нұсқа оның су әлемімен байланысын көрсетеді. Кейіннен ол үңгірді мекен етіп, адамдарға қауіп төндіреді. Оғыз елі бұл құбыжыққа үнемі азық беріп тұруға мәжбүр болады. Төбекөзді өлтіретін Бисат оны айламен алады. Бисатқа ерекше қаһармандық дарытқан үңгір болса, Төбекөз де сол үңгірде өмір сүреді. Полифемді өлтірген Одиссей әккі, айлалы адам. Оның атамекені – Итака аралы. Бұл да үңгімен сипаты ұқсас мекен. Сонда жауыздық та, батырлық та үңгірге қатысты болып шығады. Кейіпкерлердің су әлемімен тығыз байланысы олардың сипатын даралайды. Яғни жасампаздық пен жойымпаздық сияқты су әлеміне тән екі жақты қасиет үңгірді мекендеген қаһармандарға да тән болып, адамзат мекен еткен кеңістік алаңында бір-бірімен шайқасқа шығады, түп нәтижесінде жақсылық жеңеді, жасампаздық жаңғырады. Үңгірдің поэтологиялық моделі осылайша әрі жасампаздық, әрі жойымпаздық қасиетімен айқындалады. Кеңістіктің кішкентай ғана бір бөлшегі, хаостан туған ғаламның микро-пішіні түріндегі үңгірдің адамзат жадында киелі орын ретінде орнығуының мәнін біз оның осындай тылсым сипатымен түсіндіре аламыз.
Адамзаттың туып, қалыптасуында, даму эволюциясында үңгірдің бірнеше қасиеті бар. Бірінші қасиеті – үңгір пана, сыртқы күштерден, жабайы ортадан қорған. Екіншіден, жаратқанмен байланыс жасайтын киелі орын. Үшіншіден, ізгіліктің зұлымдықты жеңіп, батырларға ерекше күш дарытатын мекен. Төртіншіден, тылсым қасиет дарыған әулиелердің, кейін рухтың тұрағы. Бесіншіден, дертке шипа дарытатын жер.
Қорыта айтқанда, адам санасындағы киелі ұғымның алғашқы бейнесі тіршілік пайда болған хаостан бастау алып үңгірлерде жалғасты. Үңгір адам баласы үшін алғаш жаратушымен, жоғарғы тылсым күшпен байланыс жасаған киелі орын. Үңгірді киелі нысан ретінде танып, оның өзіндік көркем модельдерін қалыптастырған адамзат жады дамудың келесі сатысында жер бетіндегі рухтың тазару мекені болған ғибадатханалар, кесенелердің модельдерінде туындатты. Үңгірдегі жаратушымен, тылсым әлеммен байланыс енді ғибадатханаларға ауысты. Өркениет дами келе, әр жердің салтсанасына байланысты үңгірлер үлгісіндегі жерастындағы нысандар салынды. Бұл киелі мекендердің бәрі иерофанияның үлгісі. Үлгілер табиғат жаратқан немесе рухтың қолдауымен тұрғызылған сакралды статусқа ие киелі мекеннің моделдері. Ал, киелі мекендер, нысандардың барлығы ғарышпен байланысты, белгілі бір тылсым күшке ие және қай кезеңде де адамзат санасында сакралдылық мәнімен сақталып келеді.
Миразова Маржан Нышанбекқызы
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ
қазақ әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, философия докторы (PhD)
Мақала ҚР ҒЖБМ Ғылым комитеті қаржыландыратын AP22685428 – «Киелі мекендердің поэтологиялық моделі» ғылыми жобасы аясында жазылды.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі.
1. Элиаде М. Оккультизм, колдовство и моды в культуре / Пер. с анг. – К.: «София»; М.: ИД «Гелиос», 2002. – 224 с.
4. Xәlil A. Oğuz eposunun ritual әsasları. – Bakı: Elm vә tәhsil, 2016.– 288 s.
3. Әliyev O. Azәrbaycan nağıllarının poetikası.– Bakı : Sәda, 2001.– 191 s.
4. Bәydili C. (Mәmmәdov). Türk mifoloji sözlüyü.– Bakı: Elm, 2003.– 418 s.
5. Тахир әл-Исмаил. Мұхаммед Пайғамбардың өмірбаяны / Ауд.: Қ. Спатай. – Алматы:«Кәусар-саяхат» ЖШС, 2013. – 522 б.
6. Сарычев А.П. Проблема народности и критический реализм. – М.: Просвещение, 1975.– 256.
7. Қазақ бақсы-балгерлері / Құраст.Дәуренбеков Ж., Тұрсынов Е. ‒ Алматы: Ана тілі, 1993.– 224 б.
8. Астрахан Н.И. Художественное моделирование: теоретико-литературный аспект // Вестник ТГПУ (TSPU Bulletin). – 2014. – 11(152).
9. Гомер. Одиссея / Пер. с древнегреч. В. Жуковского. Вступит, статья А. Тахо-Годи; Примеч. С. Ошерова. – М.: Худож. лит., 1981. – 407 с.
10. Лосев. А.Ф. История античной эстетики. Том 7. – М.: Искусство, 1998. – 517 с.
