Әр дәуірдің өзіне тән даму ырғағы, соған сай өз үні, талғам-талабы бар. Әр ұрпақтың талғам, талабы да басқаша десек те, ұрпақтар сабақтастығының алтын тіні ешқашан өзгермейтіндігі де ақиқат шындық.
Ата бабаларымыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап мирас еткен кең-байтақ жерге ие болып, алаңсыз өмір сүруі үшін кешегі, бүгінгі, ертеңгі буын арасын тұтастырып тұратын мәңгілік мұраттың өзі ұлттың рухани жадындағы ұрпақтар сабақтастығы арқылы көрініс табады.
Ұлттың рухани жадындағы ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруда кітаптың орны ерекше. Тәуелсіздікке дейінгі бірнеше толқын – нағыз кітапқұмар буын болды. Оқитын дүниелеріне қатысты идеологиялық мұраттар ауқымындағы кейбір шектеулер болды десек те, социализм дәуірінде өмір сүрген ұрпақтың кітапқұмарлығы жоғары болды.
Жас ұрпақты кішкентайынан отанды, ел мен жерді сүюге, оны қорғауға, жанқиярлыққа баулу – қай қоғам үшін де маңызды болып келген. Кеңестік дәуірдің отаншыл кейіпкерлері – өз әкесін жау ретінде өкіметке әшкерелеп беруші Павлик Морозовын, тап жауларымен күрескен қырғыздың Қычан Жақыповын, қазақтың батыр бала Болатбегін кеңестік дәуір ұрпақтары мақтан етті, үлгі тұтты. Ал бұл туралы бүгінгі ұрпақтың көзқарасы қандай? Ертеңгі ұрпақ не демек? Бұл туралы айту қиын.
Белгілісі – қалай болғанда да жас ұрпақты ұлттық қаһармандарынан ешқашан айыруға болмайтындығы. Жас баланың ой-қиял, сана-сезімі – аппақ қағаз сияқты. Аппақ қағазға, яғни баланың тап-таза ес-жадына титтейінен не жазылады, өсе келе сол ақпарат негізінде оның сана-сезімі қалыптасады. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген халық даналығының мәні осында жатыр. Сол үшін де ел болуды ерте ойлаған халықтар жас ұрпағының жадын өзге жұрттың жат ақпаратынан қорғай отырып, ұлттық сана-сезімді ерте қалыптастыруға жүйелі түрде мән береді, ұлт тұтастығының іргетасын осылай шегендей түседі.
Кеңестік дәуірде бұл тұрғыда қазақтың есесі кетті дегенге саятын пікірлер жиі айтылып жатады. Солайы солай десек те, кеңестік дәуірдің мектеп оқулықтарындағы ұлттық құндылықтарды насихаттайтын дүниелер аз болмағаны тағы рас. Әсіресе, халық ауыз әдебиетімен, оның ішінде батырлар жырымен жас ұрпақ біршама сусындап өсті. Қазақ фольклорындағы тұрмыс-салт жырлары мен эпостар – мектеп бағдарламасы бойынша оқытылды. Оның оқулығы мен тамаша хрестоматиясы тек оқушылар ғана емес, жалпы жұртшылықтың қызыға оқитын кітабы болатын. Осы оқулық авторларының бірі Мәлік Ғабдуллин өзінің «Ата-аналарға тәрбиелік кеңес» атты педагогикалық әдістемелік еңбегінде былай деп жазады: «Халықтың ертедегі батырлар жыры сол кезде жас ұрпақты тәрбиелеуде айтарлықтай қызмет атқарды деуімізге байланысты өткендегі батырлар жырының совет жастарын патриоттық және батырлық-ерлік рухта тәрбиелеу үшін пайдасы бар ма? деген сұрақ тууы мүмкін.
Бұл сұрақтың жауабын біз ұлы көсеміміз В.И.Лениннің еңбектерінен іздейміз. Өткендегі мәдени мұраның пайдасы қандай және ол мұрадан нені аламыз, қалай аламыз деген мәселе жайында В.И.Лениннің данышпандықпен айтқан пікірлерін бәріміз білеміз. Мәселен, комсомолдың үшінші съезінде (1920 жыл) сөйлеген сөзінде В.И.Ленин ескі мәдени мұраны сын көзімен қайта қарап, оның ішінен пролетариат үшін пайдалысын, ең таңдаулысын қалай сұрыптап алу керектігін көрсетіп берді. Сондай-ақ, ол осы сөзінде: «Жастардың үйренуі, тәрбиесі және білім алуы бізге ескі қоғамның қалдырған материалынан басталуы тиіс», - деді.
Ескі мәдени мұра жөнінде лениндік ілімге сүйене отырып, бүгінгі совет жастарын патриоттық рухта тәрбиелеуде батырлар жырының белгілі мөлшерде пайдасы бар дейміз.» Мінеки «өлі бураның басымен, тірі атанды қорқыта отырып», ұлттық рухты ұлықтау кешегі кеңестік дәуірде солай жүрілген. Осы арқылы ұрпақтар сабақтастығының алтын тіні үзілген жоқ.
Мемлекет басшысы: «Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз», - деп ел халқын кітап оқуға шақырып отыр. 23 сәуір – Ұлттық кітап күні ретінде белгіленіп, өткен жылы Ұлт оқитын 100 кітап іріктелді. «Qazcontent» АҚ-ның «Әдебиет порталы» осы игі іске өз үлесін қосау үшін ҚР Ұлттық кітапханасымен бірлесе отырып, Ұлт оқитын жүз кітаптың электронды нұсқасын жасап шығарған болатын.
Ұлттың ұлы мұратының бірі – ел іргесінің тыныштығы, аспанының ашықтығы. Оны қорғау – ант көтерген сарбаздардың қасиетті борышы. Осы борышты абыроймен өтеп жүрген сарбаздар мен олардың тәлімгері сардарлардың отаншылдық сезімін арттыруда кітаптың маңызы ерекше десек, таңдалған жүз кітаптың да осы мақсатты жүзеге асыруға тиімді көмекші бола алар еді.
«Өткен заманның кітаптарынан алатын не дүние бар дейсің?» - деген скептикалық көзқарас бұл жерде жүрмейді. Атап айтқанда Ақан Нұрмановтың «Құланның ажалы» романында қандай ескілік бар? Елді, жерді қорғаудың, қаңғырып қаңырығы түтеп жүрген жат жұрттың жамағатына да жаны ашып жанына тартқан адамгершіліктің, ар-ұждан биіктігінің анық үлгісі емес пе?
«Қазаққа ес кіргенде, Абай ескіреді» деген сөзді айтқан – қазақтың ақыл-ойлы қаламгері Асқар Сүлейменов. Жазушының «Бесатары» – санаңды оятып, намысыңды жанитын, тарихыңды тануға талпындырып, рухыңды оятатын туынды.
Жазушы Әлібек Асқаровтың «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді» кітабының да айтары бар. «Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді» дейтін әннің сөзі – рас. Жайлы жер іздеп кетті деп, жазғыра көрме қарттарым», - деп кезінде ақын Сағи Жиенбаев жырлағанындай, жастардың тұрақтамай, жайлы өмірге ұмтылып қала сағалауын ешкім теріске шығармас. Анығы: ата қоныс ауылға, туған ел мен жерге деген ыстық сағыныш, шексіз махаббатты арқау еткен мұндай туындылар ешқашан оқырман назарынан тыс қалмақ емес.
Патриоттық тәрбие туралы сөз болғанда, қазақ халқының қаһарман ұлы, Кеңес Одағының батыры, майдангер жазушы Бауыржан Момышұлының есімін атамау мүмкін емес. Жазушының «Ұшқан ұя» кітабы – қазақ қоғамындағы отбасы құндылығын дәріптеудің нағыз үлгісі. «Қара қазан, сары бала, қамы үшін қылыш сермедік» деп Ер Махамбет айтқанындай, қазақ үшін ең қасиетті құндылық – отбасының амандығы, ағайын-бауырдың арасындағы сыйластықтың үзілмеуі. «Ұшқан ұя» – оқырманды от басынан басталар ұлы Отанды сүюге шақырады.
Ұлт оқитын жүз кітаптың алғашқы легіне «Үркер» романы енген кемеңгер жазушы Әбіш Кекілбайдың: «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» дейтін тамаша сөзі бар. Жас сарбаз, кітап оқу мүмкіндігінен ешқашан айырылмаңыз! Ұлы ойшыл Абайдан бастап, ортамызда жүрген сыршыл ақындарға дейін ұласып жатқан отандық әдебиетіміздің қай өкілінің туындысы болсын, сіздерді адамгершілікке баулитын адал досыңыз! Адал достарыңызбен табысып, сырласудың бір төте жолы – «Әдебиет порталы!» арқылы өтіп жатыр...
