Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЗЕРТТЕУ
/
Көбелек пен шам образы: көркемдік жалғастық һәм жа...

Көбелек пен шам образы: көркемдік жалғастық һәм жаңашылдық

20.12.2025

4250

Көбелек пен шам образы: көркемдік жалғастық һәм жаңашылдық - adebiportal.kz

Шығыс поэзиясының ғасырлар бойы қалыптасқан сопылық символикасы табиғаттағы қарапайым құбылыстарға астарлы да рухани мән беруімен құнды. Көбелек пен шам, бұлбұл мен гүл секілді бейнелер Жаратушысына ұмтылған рухтың күйін жеткізуде әсерлі де дәстүрлі бейнелерге айналған.

Ғалым Төрәлі Қыдыр көрсеткендей, сопылық әдебиеттің басты ерекшеліктері ретінде, алдымен, ақынның Жаратушының жамалына деген ынтықтығы, екінші, ондағы образдар мен сюжеттер, арнайы атаулар және терминдерді атауға болады. Зерттеуші атап көрсеткен символдық шартты түрде берілетін атаулар қатарынан көбелек (пәруана) пен шамды кездестіреміз. Ғалым «Махаббатнамадағы» сопылық астары бар образдарға (көбелек пен шам, бұлбұл мен гүл) қатысты бұл ұғымдардың мажази, яғни дүниелік ғашықтыққа қарағанда, мистикалық жағы басым екенін, олардың астарында пенде мен Жаратушы арасындағы қарым-қатынас суреттелгенін зерделейді [1, 70 б.].

Сол секілді бүгін біз қарастырғалы отырған Файзулла Төлтайдың «Жалғыз қанатты көбелек» өлеңінде осы «көбелек пен шам» мотиві жаңа қырынан көрініп, қазіргі замандағы адам жанының терең қабаттарымен астасады. 

Түн жамылып тереземнен кірген жалғыз

қанатты көбелек,

сіз ойлағандай шамға емес:

ертеңге ғашық –

ертеңге ғашық жалғыз қанатты көбелек [2].

«Көбелек пен шам» бейнесін рухани кемелдіккке талпыныстың метафорасы ретінде көрсетуі жағынан ақынның өлеңі Шәкәрім поэтикасымен үндеседі. 

Сорлы бұлбұл Жарға асық боп,

Нұрлы гүлге айтты зар.

Көбелек те шамды алам деп,

Отқа түсті боп құмар.

Шәкәрім шығармасына негіз болған махаббат рухани тұрғыдағы түсінік, жанның рухани қасиеті екенін шәкәрімтанушы ғалым Досым Омаров былайша түсіндіреді: «...Махаббат барлық адамгершілік қасиеттердің негізі, қайнар көзі. Махаббат болмаса адамгершілік қасиеттер де жоқ. Ол жанның рухани қасиеті. Абай да «Талап, ұғым махаббаттан шығады» (38-сөз) деп рухани қуаттың осы маңызын көрсетеді. Сопы ілімі бойынша махаббат – Алланың негізгі қуаты, Оның бір көрінісі. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» өлеңінде Абай Алла тағала адамзатты махаббатпен жаратқанын жазады... Енді Шәкәрімнің өлеңіне келейік. «Сорлы бұлбұл Жарға асық боп, Нұрлы гүлге айтты зар» деп ақын махаббаттың шыңы, яғни Алла мен шыбын жанның арасындағы қатынасты білдіріп отыр. Махаббат – асықтың (ғашықтың) қуаты, махаббат болмаса ғашықтық та жоқ. Сопылар дәстүрімен ақын өзінің ғашықтығын осылай жырлайды. Бұлбұл мен көбелек – Шәкәрімнің өзі, ал гүл мен шам – Алла тағала» [3]. Демек, ақын Ф. Төлтайдың рухтың «нұрға ұмтылуы» идеясын өз шығармашылығына арқау етуі – шығыс сопылық арнасының Абай мен Шәкәрім арқылы қазақ топырағына сіңіп, жалғасқан сарынының қазіргі поэзиямызда қайта жаңғыруының бір айғағы. 

Жаңғыруы деуімізге бір негіз өлеңнің атауынан келіп шығады. Сонда оқырман көкейінде мынадай сауал туындайды: «Неге ақын жырлаған көбелек жалғыз қанатты?». Өлеңдегі көбелектің жалғыз қанатты болуы – бейнеге телінген жаңаша мағыналық жүктеме. Бұл образ тек поэтикалық қана емес, сонымен бірге психологиялық терең мәнге ие. Көбелек қос қанатымен еркін қозғалып, жеңіл ұшатын болса, ал жалғыз қанатпен теңселіп, қиналады. Бәлкім, мұның астарында қазіргі таңдағы маңызды әлеуметтік проблемалар – адамның өз болмысын жоғалтуы, ішкі жан дүниесіндегі рухани қайшылықтар, қоғамда өз орнын таба алмауы сынды мәселелер жатқан болуы мүмкін. Көбелек шамға жетуде қиналса, толассыз ақпараттар арасындағы адам өз шынайы болмысына жете алмай әуре. Әйткенмен, екеуі де ұмтылуын тоқтатпайды. Екеуінде де толық болмаса да, жарты қанат, жартылай үміт бар. Мұнда дәстүрлі, модерндік-жаңашыл, экзистенциалды идея тоғысатын ортақ негіз бар. Бұл – шынайы, ақиқат болмысқа жету жолы. Өзіңді тану жолы. Өзіңді танып барып, Құдайды тану жолы.

Өлеңде назар аударарлық және бір жайт – көбелектің ертеңге ғашықтығы. Мүмкін, ол Жаратушысымен қауышатын ертеңгі күнді аңсайды!? Демек, оның жанында үлкен сағыныш бар. Хақтың дидарына ынтығып, ғашықтық дертіне шалдығуы мүмкін. «Ғашықтық дерті Хақтың Жамалына деген сағыныштан туады. Бұл дерттің  мақсаты – Шексіздіктің сипаттарының бірі болып табылатын Дидар (Жамал). Осы мақсатпен ерік-жігер қосылып, адамда «рухани ояну» хәлі пайда болады... Шынайы ғашықтық адамдағы бүкіл кісілік қабілеттерді бір арнаға салып, Болмыстық бірлікке қауыштырады» [4, 179 б.].

Ясауи ілімінде «ишқ» ұғымымен берілген құдайлық ғашықтық – ең ұлы ұғым, Тәңірге барар тура жол. Досай Кенжетай көрсеткендей, сопылық дүниетанымда Жаратушының өзі – ғашықтық. Ясауи хикметтерінде ол Хақиқат, Дидар, Болмыстың бірлігі, Мән сынды мағынада қолданылады [4, 178 б.]. Өлеңдегі жалғыз қанатты көбелек те болмыс бірлігіне, соған жету жолындағы ақиқат ғашықтыққа асыққандай. Ғашықтыққа да шындықты көрер көз керек. Бастағы көзбен емес, жүректегі көзбен көрер ғашықтық керек оған. Иә, жүрек – қасиетті, қадірлі. Хакім Абай он жетінші қара сөзінде айтқандай, «құдайшылық сонда» [5]. «Сопылық дүниетанымда тәңірі жиһанға сыймағанымен адамның жүрегіне (қалбіне) сыйып кетеді. Өйткені адамның рухы – тәңірден үрленген жауһар әрі Оны танудың көзі» [4, 178 б.].

Осыны ұғынса керек, жалғыз қанатты көбелек «қанаты жерге көлеңкесін түсірген сайын құдайдан сансыз рет кешірім сұрады». Мұндағы көлеңке өткінші дүниенің белгісі болса керек. Оның рухы жерге тым жақындаған сайын, «нәпсі көлеңкесінен» алшақтауға тырысады, дүние қызықтарынан бас тартуды жөн санайды. Сөйтіп ғашықтық жолында барлығын тәрк етпек, тура жолға түсуді мақсат етеді. Шығыс философиясында бұл «сопылық жол» ұғымымен түсіндіріледі. 

«Сопының жолы үш кезеңнен тұрады: бірінші жолы – бұл шариғат жолы; екіншісі – таза сопылық жол – тарикат және үшінші – хакикат – Құдайды тану және сіңіп кету жолы» [6, 340 б.]. Көбелектің қанаты жерге көлеңкесін түсірген сайын құдайдан сансыз рет кешірім сұрау әрекетінен «тәуба – өкіну» сопылық тірегі көрінеді. Яғни ол барлық іс-әрекетіндегі кемшіліктеріне өкінеді. Ол ақыл-ойын тазартып барып, ақиқат жолына түскісі келеді. 

Сонымен, Ф. Төлтай өлеңіндегі сопылық символдардан дәстүр жалғастығын һәм жаңғыруын көреміз. Автор бейнелерге қосымша сипат беруі арқылы оған тағы бір мән үстеп, жаңаша интерпретацияға жол ашады. Қалыптасқан сопылық символдарды қазіргі қоғамдағы әлеуметтік-рухани мәселелермен шебер ұштастырып, заман мен дәстүр арасындағы үндестікке жаңа тыныс береді. Сол арқылы бүгінгі заман оқырманы өткен дәуірмен санаса отырып, қазіргі кезең тұрғысынан да бағалап, ой түйе алады.

 

Кажетерова Шынар

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Қыдыр Т. Харазми «Махаббатнамасындағы» ғашықтық әлем. Түркология, №1-2, 2008. 68-72 бет. 

  2.  https://aqzhelken.kazgazeta.kz/news/34031 «Ақ желкен» журналы, №8, 2020. 

  3. https://abai.kz/post/170239

  4. Кенжетай Д. Қожа Ахмет Ясауи дүниетанымы. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2008. – 360 бет. 

  5. https://abai.kz/post/6

  6. «Әлемдік философиялық мұра». Шығыс философиясы. Оқу құралы. – Алматы: «Жазушы», 2009. – 480 б.

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan