Қалам мен қаруды қатар ұстаған қазақ ақын-жазушылары аз емес. Сұрапыл соғыстың қақ ортасында жүріп, ажалмен бетпе-бет келсе де, олар рухани майданнан шегінген жоқ. Керісінше, жалынды жырларымен, өткір публицистикасымен жауынгерлердің жігерін жанып, елдің еңсесін көтерді.
Майданға аттанған қаламгерлер қатарында Тайыр Жароков, Жұмағали Саин, Әбу Сәрсенбаев, Дихан Әбілев, Қасым Аманжолов, Қалижан Бекхожин, Баубек Бұлқышев, Бауыржан Момышұлы, Сапарғали Омаров сияқты тұлғалар болды. Олар майдан шебінде жүріп, қарумен қатар қаламды да тастамады.
Бұл қатарға майдан газеттерінде жарияланған жалынды жырларымен танылған жаңа буын өкілдері – Сырбай Мәуленов, Хамит Ерғалиев, Жұбан Молдағалиев, Сейтқали Сеитов қосылды. Олардың шығармалары окоп шындығын, солдаттың ішкі күйін, жеңіске деген сенімін шынайы жеткізді.
Ал халық поэзиясының алыптары – Жамбыл Жабаев, Нұрпейіс Байғанин, Кенен Әзірбаев, Шашубай Қошқарбаев, Нұрлыбек Баймұратов, Нартай Бекежанов, Доскей Әлімбаев сынды жыр жүйріктері ел ішінде отырып, отаншылдық рухты күшейткен толғауларымен халықты жігерлендірді.
Осылайша қазақ әдебиетінің әр буынынан құралған қаламгерлер бір мақсатқа жұмылып, соғыс шындығын көркем сөзбен бейнелеу арқылы рухани майданның алғы шебінде қызмет етті.
Қалам мен қаруды қатар ұстағандар
Әбу Сәрсенбаев – 1905 жылы қазіргі Атырау облысы, Құрманғазы ауданына қарасты Алға ауылында дүниеге келген. 1942–1947 жылдары Кеңес армиясы сапында болып, Екінші дүниежүзілік соғысына қатысады. Сталинградтан бастап Балқан түбегіне дейінгі майдан жолын өткеріп, Румыния, Болгария, Венгрия, Австрия елдерін азат етуге атсалысқан. Соғыс даласында жүріп жазған жырлары кейін оның шығармашылығының өзегіне айналып, 1947 жылы жарық көрген «Ақша бұлт» жинағына енді.
Дихан Әбілев 1907 жылы Павлодар өңірінде дүниеге келген. Соғыс басталар алдында Алматыдағы педагогикалық институтта аспирантурада білім алып жүрген ол майданға аттанып, жауынгерлік өмірді бастан өткереді. Ақынның шығармашылық шарықтауы да дәл осы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келіп, оның поэзиясынан сол кезеңнің ауыр тынысы айқын сезіледі.
Тайыр Жароков та Екінші дүниежүзілік соғысы кезінде әскер қатарында болды. Кейін әскери комиссариат жүйесінде қызмет атқара жүріп, майдан тақырыбын жырлаған «Совет сұңқарлары» (1942), «Зоя туралы жыр» (1944) сияқты еңбектерін жариялады.
Бауыржан Момышұлы – соғыстың даңқты қолбасшыларының бірі ғана емес, кейін көркем проза арқылы да танылған қаламгер. Ол генерал Иван Панфилов басқарған дивизия құрамында Мәскеу үшін шайқастарға қатысып, ерекше ерлік көрсетті. Соғыстан кейін әскери білімін жетілдіріп, шығармашылыққа бет бұрды. Оның туындылары өмір шындығына негізделіп, оқырман тарапынан жоғары бағаланды.
Қасым Аманжолов 1941 жылы әскер қатарына шақырылып, майданның алғы шебінде болды. Соғыс жылдары жазылған «Үстімде сұр шинелім», «Жеңіс дауысы», «Елге хат» сияқты өлеңдері арқылы жауынгердің жан дүниесін, туған елге деген сағынышын әсерлі жеткізді. Ал «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасы оның шығармашылық биігін айқындаған ірі туындыға айналды.
Майданда қаза тапқан қаламгерлер
Соғыс жылдары қазақ әдебиеті де орны толмас шығынға ұшырады. Солардың бірі – Тәшібай Әлмұхамбетов.

Ол 1942 жылы майданға аттанып, ұрыс даласында жүріп те қаламын тастаған жоқ. Алайда ауыр жарақаттан кейін госпитальда көз жұмды. Оның «Гранат», «Маяк», «Қас ерліктің белгісі» сияқты өлеңдері соғыс шындығын бейнелейді.
Абдолла Жұмағалиев та майданда ерлікпен қаза тапқан талантты ақындардың қатарында.

Оның шығармалары өршіл рухымен, лирикалық нәзіктігімен ерекшеленеді. Ақынның қазасы қазақ поэзиясы үшін ауыр соққы болды. Оның бейнесін Қасым Аманжолов «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасында мәңгілікке қалдырды.
Баубек Бұлқышев – жалынды публицист, батыр жауынгер.

Ол майданда жүріп орыс тілінде жазған мақалалары арқылы танылып, «Комсомольская правда» газетінде үздіксіз жарияланып отырды. «Я хочу жить», «Жизнь принадлежит нам» сияқты мақалалары өмірге құштарлық пен күрес рухын паш етеді. 1944 жылы майданда қаза тапқан оның есімі қазақ әдебиеті тарихында мәңгі сақталды.
Сонымен бірге соғыс жылдары Сағынғали Сейітов, Хамза Абдуллин, Қалмақан Әбдіқадыров және тағы басқа көптеген қаламгерлер майдан даласында болды.
Екінші дүниежүзілік соғысы қазақ әдебиетіне ауыр сынақ әкелді. Бірақ сол кезеңде қаламгерлер тек қарумен ғана емес, сөз күшімен де күресті. Олардың шығармалары – жауынгер рухының, адамгершілік пен ерліктің көркем шежіресі болып қала береді.
Сен құрметте оны, қарағым!
Сен құрметте оны!
Түсіндін, бе, қарағым?
Ол ақшаға сатқан жоқ,
Тізеден кесіп аяғын.
Еріккеннен ұстап та жүрген жоқ,
Қолтықтағы ұзын таяғын.
Кеше елге қатер төнгенде
Ол жауға қарсы шапты,
Бізді жалмамақ болған ажалды
Өр кеудесімен қақты.
Ол арыстанша алысты,
Өлім соққысын өз үлесіне алды.
Денесін оқ пәршелесе де
Ел намысын қорғап қалды.
Сен құрметте оны!
Түсіндің бе, қарағым?
Сенің келешегің үшін берді ол
Азаттық, жолында аяғын!
Әбу Сәрсенбаев.
Дариға, сол қыз
I
Өңімде ме еді, түсімде ме еді,
Көріп ем ғой бір армандай қызды…
Бір нәзік сәуле күлімдеп еді,
Сұрапыл соғыс соқты да бұзды.
Сапырды дауыл, тебіренді теңіз,
Тулады толқын,шайқалды шың-құз…
Қып-қызыл өрттің ішінде жүрміз,
Қайда екен, қайда, дариға, сол қыз?!
II
Оқ тиді келіп, қайратым кеміп,
Барамын сөніп, келмейді өлгім!
Тұрғандай сол қыз жаныма келіп,
Талпына берді қайран жас көңілім!
Барамын сөніп, барамын сөніп,
Жұтар ма мені мына сұм соғыс?
Арманым бар ма өлсем бір көріп,
Қайда екен, қайда, дариға, сол қыз?!
III
«Келмейді өлгім, келмейді өлгім!
Қайратым қайда, келші осындайда»,
Дедім де тұрдым, жүгіре бердім,
Қолымда найза шағылып айға.
Жеңдік қой жауды, арман не, құрбым!
Күркіреп күндей өтті ғой соғыс.
Келемін қайтып, өлеңімді айтып…
Қайда екен, қайда,дариға, сол қыз!
Үстімде сұр шинелім
Үстімде сұр шинелім,
Ақсаңдай басып келемін.
Қанды кырғын, қызыл от,
Қаптап жүр ажал дегенің.
Үстімде сұр шинелім,
Ақсаңдай басып келемін.
Қағып-соғып жығар ма,
Оңайлықпен мені өлім!
Үстімде сұршинелім.
Ақсаңдай басып келемін.
Баяғы Қасым, бір Қасым,
Баяғы күйім, өлеңім.
Үстімде сұр шинелім,
Ақсаңдай басып келемін.
Ұмытса да достарым,
Ұмытар ма мені елім!
Қасым Аманжолов
