2025 жылғы әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығының иегері Ласло Краснохоркаидің «Ең соңғы кеме» атты әңгімесін Ізбасар Ахметжанұлының аудармасымен оқырмандарға ұсынып отырмыз.
Біз жолға шыққанда қараңғылық әлі айықпаған еді, ақымақтарша үміткерлік ынтамыздың мағынасыздығын, қазір күндіз бе, әлде түн бе дегеннің түкке қажеті жоғын айқын білсек те, бүгін де таң сүзіліп, күн шығатынына, жер беті шүлен шұғылаға бөленетініне сенуге пейіл едік.
Қысқасы, таң нұры айналаға жарқырай төгіліп, бір-бірімізді, бір-біріміздің арса-арсасы шығып қатпарланған жүзімізді, көлкілдеген көз қалтамызды, қанталаған жанарларымызды көрерміз немесе сақиналана қатпарланған мойнымыз, артымыздағы бірде бұйратыла өркештеніп, енді бірде жайлана шымырлаған өзен ағысы, кемежай маңындағы құлазып иен қалған құрылыстар мен солардың арасындағы бүлінбесе де қаңыраған жым-жырт көшелер, сосын қала сыртында баяу көлбеген, қашан болсын құлап түсуге шақ тұрған тоспа көзімізге шалынар.
Тас қараңғыда жолға шықтық қой, ешқайсымыздың бейсауат біреумен тіл айқастырғымыз келмесе де (егер шынымен Дунай жағасындағы кемежайға барар жолда біреуге ұшыраса қалсақ, шынмен жанымыздан біреулер өтсе немесе біз біреулердің қасынан иық қағыстырып өтер болсақ), біз үшін өзіміздің рухымыз іспеттес, көлеңкеміз рәуішті буалдыр сұлбамыз соншалықты қымбат еді. Өйткені, біз сол сұлбалар арқылы өзіміздің осы сәттегі орнымыз бен бағдарымызды анықтай алар едік, және біз мейлі мұнда яки анда болайық, Ея ерекше отрядының далалық джиптерінің шырағы бағдарымызды анықтауға көмектеседі дегеннен гөрі, көзімізді қарықтырып, қауіпке бастайды деген дұрысырақ. Өйткені, қазір расымен кәдімгі тәжірибеге сүйенуден қалған едік.
Бірнеше аптаға созылған ішқұса күтістен кейін нақтылы аттанар шағымызды бүгін құзғын сәріде дауыс зорайтқыш кернейден естіп, қолымыздағы хабарламадан толқи оқып едік, осынау күндердегі азапты қобалжудан кейін таң рауандай болатын есірік рәсімнің ашылу салтын күтпей-ақ астананың әр жеріндегі (жақын және алыс түкпірдегі) көшелерден, бейне, тышқандардай жер астынан қаптай шығып, сапарға аттандық. Тышқан болса талай тауқыметтің тасқауынан өтіп, таңғаларлық өміршеңдік күшінің арқасында жанын сақтап қалған киелі мақұлық деуге татиды ғой.
Соңғы бірнеше айда аттанар уақыт біздің бірден-бір ой аударатын түйінімізге айналған: адамдар жертөлелерден, үңгірлерден, жасырыну үшін бұрын қазып алған шұңқырларынан, бомбаға төзімді паналардан яки әуе шабуылынан уақытша қорғану орынынан, немесе (егер жоғарыда аталғандарды қорғануға жеткіліксіз деп санайтындар болса, олар мүмкін) метродан не қала маңындағы пойыз туннельдерінен, түрік моншаханаларынан, жерасты жөндеу пункттерінің түкпірінен, не болмаса, өздері қауіпсіз деп санаған жерасты лас су ығыстыру жолдарынан шығып, ерте бастан әзірлеп қойған жүктерін арқалап, немесе құрқол ғана ұзақ не қысқа сапарға аттанды.
Алайда, «көше біткен адамға толып кетті» десек, әсірелеген болар едік, өйткені (кейін келе дәлелденгеніндей), қалада қалғанымыз не бары алпыстай ғана адам болатынбыз, сондықтан Ея ерекше отряды қолбасшылық штабының орташа тұрпатты бір ғана Дунай саяхат кемесін жіберіп, межелі мақсатты мүлтіксіз орындай аламыз деген болжамы төтенше дұрыс еді.
Әлбетте, арамызда (тек аттанар алдына дейін ғана) мазалары кетіп, алаңдағандар болды. Себебі, құрлық және әуе жолдарымен жүру мүмкін болмағандықтан, біздің қашып шығар жалғыз жолымыз – су жолы еді.
Кемежайға жеткенге дейін бізді ең қинағаны үлкенді-кішілі былғары шабадандар, саяхат сөмкесі, қапшықтар, қағаз қалбырлар секілділерден құралған немесе «жүк» деп айтуға келмейтін жүктеріміз болатын: жағдайымыздың сипатына байланысты, бастабында жүкке буған ақылға сыйымды күнделікті тұтыну бұйымдарымыз біртіндеп өзіміз ұнататын нәрселерге ауыстырыла бастаған, соңында бірде-бір пайдалы зат қалмады, жүннен тоқылған күпәйкенің орнын автоматты аспа сағат алды, ұн мен балкүлше жасайтын шоколадтардың орнына жиып сақтаған сіріңке қорабы салынды, жолға шығарға бірнеше күн қалғанда, ағаш мүштек спиртпен жанатын ошақтан әлдеқайда маңыздырақ көрінді, бірнеше ұлутас тіс ауырғанды, бас ауырғанды басатын дәрілерден құндырақ сезілді.
Біз осы бір сергек танымды түрлі тәсілмен қабылдадық, бұл екі шешімнің екеуі де балдыр-батпақ бірдеңе еді. Біреулер барлық жүктерін сүйреп, тұтас қаланы кесіп өтіп, шаршап-шалдығып, әбден діңкелеп, әлдері құрып, кемежайға сүйретіле жетті, енді біреулер ештеңе алмай құралақан келген, біреулер алақандарын ысқылай: «Кей нәрселерді орта жолда тастап кеткеніміз-ай!» -деп аһ ұрысты. Қалай болғанда да «уақытша кемежайға» іркес-тіркес жетіп келген едік, сонда барып, ұзын санымыз алпысқа да толмайтынын, тек шалғыншы рөлін ғана алғанымызды анық аңдадық. Бізді айран-асыр еткені анау кеме болды (қараңғыда қалбайып тұрған саяхат кемесі, кемежайға апаратын жолға шыққанымызда, мұның түс емес екеніне кәміл сендік, айдында қараңдап бірдеңе тұр екен)!
Кенеттен арқамыздан ауыр жүк түскендей жеңілейіп қалдық, дегенмен, бұл қуаныш ұзаққа бармады, санамызды сарсылтқан үрейді толық сейілтіп жібере алмады. Бұл «орта типтегі Дунай саяхат кемесі» бізге әбден тозығы жетіп көнерген секілді сезілді, әлдебір саяхат қоғамы оқушыларды серуендететін кемені нағыз су сапарының орнына пайдаланған болар.
Барлығымыз мініп, бірталайдан соң бізге арнайы жіберілген бұл кеме суға ендей түсті, енді үш-төрт адам мінгенде су түбіне батып кеткендей екен. Өйткені, бірінен бірі асып шапшуырлаған толқындар палубаға шашылып жатты. Қорқынышымыз еселене түсті, кеменің қозғалар түрі байқалмайды, қанша жалтақтағанымызбен, не бірер кеме қызметкерінің, не Ея ерекше отряд офицерінің көлеңкесі де көрінбеді, кеме кабинасы болса қаңырап қалған, өлі тыныштықтағы кемежай сияқты қап-қараңғы.
Саяхат кемесінің қолбасшылық текшесінде біреудің қарасын көрсек немесе Ея ерекше отрядының далалық джипі келіп, куәліктерімізді тексере бастаса деп шыдамсыздана күтумен болдық, сонымен бірге кемеге күмәніміз арта бастаған. Себебі, мұқият қарағаннан кейін кеменің бүйірінде және палубасында көптеген олқылықтар бар екенін байқадық. Кеме тұмсығының астыңғы жағында снаряд тесіп кеткен секілді алақан көлеміндей бірнеше дөңгелек ойық бар екен, кеме тақтайының бірнешеуінің орны үңірейіп тұр, кабинасының бүйір терезесінің әйнегі сынған дегендей, байқағанымыз тым көп еді. Тіпті, кемені бекітіп қоятын арқандар да шіри бастапты, кеме бекітетін кабель діңгек кемежайдағы цемент жерде бейне жер астынан шыққан құбыжықтай боп қисая мыжырайып тұр.
Біз өңменнен өтердей суық желдің өтінде тұрып, ауыз жаппай кеюмен болдық әрі осылай тексере берсек рақымсыз кеюдің аранына көміліп, ашу-ызаның жалынына қақталып қалатынымызды түйсінгендейміз, жанымызға азда болса пана болып, құтқарылудың шаттығын және қауіпсіздіктің үмітін бағыштаса да, барынша уытты (ешқандай әрекетке бармағанымызбен) сөздермен аза бойды қаза қылар осынау аянышты кемені келемеждей бердік.
Бірте-бірте келемеж бен кею мидай араласып, талайдан бері сезінбеген рахат күйге бөлендік, әдетте мыңқ деп қоймайтындардың өзі ара-тұра сөзге араласып, біреу:
- Әбден тозығы жеткен ағаш кеме екен бұл, - десе, анау:
- Қақырап кеткелі тұрған шірік ағаш қой, - деп басқалардың сөзін қостап тұрды, содан кейін біреуі отқа май құйғандай:
- Тастанды болған, түкке пайдасы жоқ қоқсық қой, - деп масқаралап, абайлай шыққан күлкі кеменің ыңырана сықырлаған дауысымен қосылып, жанқалтадағы ұсақ маржандардың соқтығысқанындай сылдырлады.
Ея ерекше отрядының екі джипі кемежайға тұтасатын параллель екі жолдан бір уақытта құйғытып шыға келіп, құлақ тұндыра тізгін тартып, шашауланып тұрған тобымыздың қасына келіп тоқтағанда көңілімізде: «Бұл кеме бізді тастап кетпейді екен» деген сенім нығая түсті…
Ерекше отряд сарбаздарының көктен түскендей сап ете қалуы бізді дүрліктіре қойған жоқ, тек ыза қысқанға жуықтау барақат күйге енгенбіз, лейтенант долдана бұйрық бергенде барып, екі қатар боп тізіле бастадық.
Бірнеше жылдың алдында (бұған күмән кетпейді) бірер ақ түсті форманы не далалық жиіп көлігін көре қалсақ жүрегіміз аузымызға тығылып, а деуге әліміз келмей, бойымызды үрей меңдеп, суық тер басып, дуал түбіне етпеттеп жата қалатынбыз. Дегенмен, қолбасшылық штаб қалың қолмен бірге шегініп кеткеннен кейін қалып қалған сарбаздарды жеткізуге жауапты болып аты барда заты жоқ арнайы қосын ғана осында тұрды. Әскери тәртіп қожырап, бүкілдей былығып кетті, жігіттер бір кезде зәрені ұшыратын форманы киіп, тілмашты да ертпей жүрді, мал-мүлікті тартып алу үшін сөйлеудің қажеті жоқ қой; сондықтан, қайтпас қайсарлықтың дәрменсіз зарлауға, ызғарлы айбаттың мәнерсіз, мақсатсыз, үмітсіз және күлкілі «селқостыққа» айналғанын елестету қиын емес.
Бұрынғы тәжірибеге негізделіп, кемеде дұрыс жұмыс істеп тұрған механизмдердің қазір соған жақындау көшірме бұйым ғана болып қалғанына көзіміз жеткенімен, сыртқы түрінің қандай болуына қарамастан, бұл механикалардың соңғы міндетін орындау үшін бар күшін салатынына сенгіміз келді.
Дегенмен, тағы бірталай күтсек те, ештеңе бола қоймады. Бір джип көлігінен қарапайым киінген төрт-бес адам секіріп түсіп, ортамыздан өтіп кемеге шықты, тұқырып алып, бұлғалақтай басып жанымыздан өткенде бізге көз қырын салып та қоймады; іле-шала жүктерімізді мұқият тексере бастаған, жүктерден оларды қызықтырардай ештеңе таппағасын, түндей түнеріп, бірнеше былғары шабадан мен қапшықты суға лақтырды.
Содан олар арамыздағы әлдекімнің арт жағында кенеттен тоқтай қалды, десе де, біздің өзара бұрылып күбірлескенімізге тыйым сала қоймады, жазалау деген тіпті болған жоқ. Олардың бұл шарасыздығы біздің жынымызға тиді. Олай болатыны, біз мына бір шындықты мойындауға мәжбүр едік: олар біздің жаңағы табанды қарсылығымыздың уақыт өте келе ынтымақтастыққа деген құштарлыққа шүбәсіз айналып кететіндігін, ал, бұл бір (өзінің әрекет айналымына кепілдік ету үшін, үздіксіз қарсылық көрсетуді жеңістен де маңызды санайтын) ұйымды тоқыратып тынатындығын түсінбейді.
Кейін мұндай қисынсыз халдің өздеріне азап арқалатарын білгенде, олардың куәліктерімізді тексере бастаудан басқа амалдары қалмады; біз қайтадан ретке тұрып, бір қатар болып, кемедегі қолбасшылық мінберіне қарай жүруіміз керек еді, олар біздің бірнеше минутқа ғана қатарға тұрып, сосын қайта жайылып кеткенімізді, тәртіпті қосын емес, сілесі қатқан, жүйесіз тобыр екенімізді қаперлеріне де алмады.
Куәліктерімізді растау үшін олар көп күш жұмсады; олардың кімнің куәлігін қабылдауы бізге бәрібір еді. Куәлік пе, әлде өзіміз бе, біз үшін олардың арасында айтарлықтай айырмашылық жоқ болатын. Куәліктерімізде жасыратындай ештеңе жоқ, тіпті, өзіміз де қайсысы шын, қайсысы жалған екенін айта алмас едік; кез келген есім-сой не мәлімет бізбен байланысты болуы мүмкін. Себебі, «кім болсақ пайдалырақ» дегенді болжай алмаймыз ғой. Сондықтан, әйтеуір жиылған екенбіз, көппен көрген ұлы той дегенге келдік.
Кеменің қозғалар түрі көрінбейді, кабинаның шырағы жанған, ішінде сылбырлау қимылдап жүрген жай киімді екеуге бейжай қарап тұрдық. Өйткені, олар кабинада қайтерлерін білмей әрнені бір шұқылап тұрғандай көрінді. Құдды салымы келіп меңгеру тұтқасын тартып не мәлім бір кнопканы басып қаламыз ба деген кісіше, бар үмітін кездейсоқ тәлейге артып, соның арқасында алда-жалда дұрыс тиекті тауып қалармыз деп жүргендей. Қалған екі-үшеуі каютаның астына түсіп кеткелі ұзақ болды, оларды мотордың ақауын жөндеуге жібергені сөзсіз. Ал, ол жалқаулар астыға түскесін, алдымен бір жайлы жер тауып, рақаттана ұйқыға кірісті деп барынша жобалауға болар еді (солай болғаны кейін айқындалды).
Мұндай үмітсіз күй көпке созылды, жарты сағаттай уақыт өткенде, кенеттен табан астымыз болмашы дірілдеп сала берді, іле мотордың гүрілдей қозғалған дауысы естілді; кабинадағы жай киімді екеу бір-біріне риза кейіппен күлімдей бас изеді, оларға қарап тұрған біз де қосыла жадырай бастап едік.
Әйткенмен, тұтқиылдан пайда болған төтенше бір ой зәремізді зәр түбіне жіберді. Қазір, бұл арадан шарасыз кетіп бара жатқанымызда, аяқ астынан бір пәле шығып, осында қалып қалмасымызға кім кепіл. Мотор шынымен қозғалды ғой! Бұл нәтиже күтпеген жерден шықты, енді ылғаусар кедергі кезіге қоймайды, кемеміз аттанғалы тұр! Сабыр-тағатымыз қалмай, дереу жолға шығуымыз қажет деп түйдік! Қазір, дереу, кідіріссіз аттануымыз керек! Бір минут, бір секунд та кідіруге болмайды. Өйтсе, тағы қыруар адам жетіп келер, онда тағы бірнеше сағат күтіп қалармыз деп ойладық бәріміз.
Айналадағы жағдайлар да бұл жаңсақтығымызды қамшылай түскендей. Ея ерекше отряды сарбаздарының да ұнжырғалары түсіп, әркім алды-алдына кетіп, кемежайдағы джип көлігінің маңында үсті-үстіне темекі тартып тұр, бұл біздің олар тағы бірнеше сағат күтуге әзірленіп болған екен ғой деп ойлауымызға себеп болды; шынына келгенде, олардың міндеті – кеменің кетуін күту еді, қала болса қаңырап қалған, бұл жерде тас түйін тұруының қажеті жоқ болатын.
Бұлар ойымызға кіріп шықпағандықтан, «кемежайға» тұтасатын параллель екі жолдың аузына дегбірсіздене, абыржи қарап тұрып, әлгілер қазір жасырынған үңгірлерінен шығып жатқан болар, өзен жағасындағы кемежайға қай кезде қаптап келе қалар екен деп жауыға ойлаумен болдық. Құдды қараңғы туннельдің аузында ар жағынан шыға келер әлдекімді күткен адамша орнымызда қадалып тұрдық.
Уақыт баяу ғана сырғып жатты, ешкім де көзімізге түсе қоймады, көңіліміздегі жауығу енді алаңдауға айналды, осынау қирандыға айналған астанада бірде-бір адам қалмағанына сенгіміз келмеді, мұндай шындықты қабылдауға шарасыз едік.
Біреулер кеменің қоршау теміріне сүйеніп тұрған, жанарларымыз талып, көзіміз шыбартқанша қарағанымызбен онымыздан түк өнбей, ешкімнің қарасын көре алмадық. Кейін, Ея ерекше отрядының әлгі лейтенанты алымсынбаған әлпетпен жай киімді екеуге қолын сілтей белгі беріп еді (қалғандарын кеме жұтып кеткендей ізім-ғайым), олар арқанды шешіп, салдауырды суырды, палубада жолға тігіліп тұрған біз бұған сенер-сенбесімізді білмей қалдық. Жолға шықтық!
Ойымызға оралған осынау қисынсыз қиялдың байыбына баруға біраз уақыт керек тәрізді, ол бізге кейбіреулердің осында қалып қоятындығын білдірсе, және бір жағынан мынау қараң қалған қаланың мүлгіген тыныштығы мен есіріктігін ескертіп тұрғандай. Джип көлігі мен еңселері түсіп кеткен сарбаздардан назарымызды тайдырып әкеткен сәтте, көңілі жайығып қалғанын білдіргісі келгендей, біреулер кеуделерін кере терең тыныстап алды; сөйтсе де, көпшілігіміз кенеттен («бір уақытта дерлік») аспан әлемінен қараңғылық сейіліп, жарқырай қалғанын аңдағанда барып, түсімізден шошып оянғандай, реалдыққа қайта оралып едік.
Біртіндеп кеменің құйрық бөлімі мен кабинаны қоралай мүмкіндігінше жайлана жайғастық, арамыздағы бірнешеуі жай киімді екеуді (онысынан түк өнбесе де) әңгімеге тартып көрмек болды. Тым болмағанда: «Келесі бірнеше сағатта нендей іске жолығамыз? Шекараға барып демаламыз ба, әлде, шекарадан өткен соң демаламыз ба?» - дегендерді ұғысып алсақ деп ойлағанбыз. Бұл кеме әлі де Ея ерекше отрядының басқаруында болғанымен, олардың сарбаздары кемеге шықпады ғой, бұл бізге тиімді болама, жоқ па? Осы жағын тұспалдап көруге ұмтылдық, егер бұл сынағымыз сәтсіз болса, оған таңғалмас едік.
Шынына келгенде, «түк білмей жүруіміз» әлдеқайда жақсы болар ма еді? Ол да бізге беймәлім, азығын ала келгендер бірер шұқып жеген болды, біреулер азырақ мызғып алды, сосын барлығымыз баяу сырғып қалып бара жатқан екі жағалаудың көрінісіне, артымызда қалған тастанды күзет мұнараларының бұранда тәрізді сұлбасына, алыста бой созған көбелек пішінді қорғаныс қамалдарына, әуежайдың ыстықтан жарылып кеткен сырғанау жолдарының толқындана ирелеңдегеніне, өртеніп кеткен қарағай ормандарының өркештене көсілген адырларда қалдырған ізіне қарап тұрдық; боранның гуіліне, мотордың бірқалыпты гүріліне, Дунай өзенінің кеме жиегін соққылаған сарылына және өне бойымызды иектеген биязылық пен тыныштыққа құлақ түрдік, мұндай тыныштықты тек әбден қалжыраған кей серіктеріміздің қас қаққанша өте шығар жамандық нышаны ғана әредік бұзып тұрған.
Кемеміз де дәл сондай тыныштықпен ағысқа қарсы жүзіп келеді, тағдыры бізбен ұқсас, тек бағыты қарама-қарсы болғандықтан назарымыз жым-жырт ағып өтіп жатқан яки бізге жол бойы кездескен: жағаға шығып қалған, тот басқан ескі шылапшын, қайраңдағы тас үстінде жатқан аузы ашылып қалған тоңазытқыш пен керосин ошақ, жанымыздан қалқып өтіп жатқан салынды жаңқалары, көлік дөңгелектері мен орындықтары, қаңылтыр шелектер мен үрмелі ойыншықтар, бұғының, иттің, жылқының өлекселері сияқты нәрселерге ауды.
Осылайша, мен біздің әуестігіміз, аңсарымыз, кейде тіпті аяушылығымыз олардың ағып бара жатқан бағыты себепті оянатындығын кенет шошына түсінгенге дейін көзіме түскен нәрсенің бәріне қызыға қарап тұрғанмын. Көп өтпей барлығымыз тәтті ұйқының құшағына ендік, жамылғыш алып алғандар да, алмағандар да бар еді, жоқтары палубаның желден ықтасындау бұрышында қолдарын қалталарына салып, бүрісіп жатты; тек жай киімді екеу ғана сергек қалыппен шырағы жарқыраған кабинада көңілдене, тіс жармастан кеме тұмсығы қақ жарып келе жатқан жым-жырт айдынға қарап тұрған. Бірсін-бірсін түн шымылдығы жабылып келе жатты, әбден діңкелегендіктен, біз дел-сал халде жаттық та қойдық. Сол сәт, арамызда біреу орнынан өрмелей тұрды, қасында жатқан ренжи күңкілдеді. Әлгі адам кеменің құйрық жағына барып, түн қараңғылығына жұтылып кетті. Содан ауыр жүктен арылғандай күйінішті дауыспен:
- Әне, біз жаңа ғана айырылған Венгрия! - деп айқай салды.
Аударған Ізбасар Ахметжанұлы
