Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
Мағыш Аятханұлы. Кетпес – ырыстың кетпесі...

17.12.2021 5015

Мағыш Аятханұлы. Кетпес – ырыстың кетпесі 12+

Мағыш Аятханұлы. Кетпес – ырыстың кетпесі - adebiportal.kz

Маусым айының орта шені. Биыл қыста жауған қалың қар мен мамырдың соңындағы екі тәулікке жалғасқан ақ жауын жер ананың емшегін иітіп, көктің шығуын ерекше қаулатып жіберді. Көктемнен әупірімдеп шығып жазға ілінген малдың жайылымы кеңіп, көкке тойып, қарны қампиған, малшылардың арқасынан жүк түсіп, көңілдері көншіп жадыраған шақ.

Жыланды жағасының көктеуі тым ерекше. Мұнда кеше ғана Ұлтарақ байдың ауылы Шәкеннен көшіп келген. Ауылдың жігіт-желеңі қазық қағып, желіні тартып болып, құлын ұстауға кіріскен. Қыз-келіншектер желі басына дастарқан жайып, оның үстін жас ірімшік, құрт, сары май, бауырсақпен толтырған. Ауылдың үлкендерін шақырып әкеп, дастарқанды жағалай отырғызып, шай ұсынып құрмет көрсетіп жатыр. Жасы үлкен әже желінің қазығына ақтық байлап, «байланар құлын көп болсын, ішетін қымыз көл болсын» деп батасын берді. Жұмахан қамыс құлақ, майда жал торы айғырды жетектеп келіп еді, Ұлтарақ орнынан тұрып барып, оның маңдайына май жағып, «жануар маңдайың жарық болсын, үйірің жорға мен жүйрікке толсын» деп шын тілегін білдіріп, бетін сипады.

Ұлтекеңнің малшы, жалшылары өткен жаздың қуаңшылығы кезінде бес түлікті қар суы кетпейтін, мал тұяғы жетпейтін алыс дараларға шығарып, ала жаздай отарда болғаны нәтижесін беріп, тай, торпағына дейін жақсы тойынды. Күз түсе жердің алыстығына қарамай, жайылымның шүйгінін қуалатып, барлық малын Үш Ойғырдың басына салды. Қыс басталысымен малшыларының қосын түйеге арттырып, жылы тері киімдерін тіктіріп кигізіп, соғымға соятын малдарын көрсетіп, Шүй мен Ногоон нуурдың түңкелі жайлымына қорада шү қалтырмай айдатқаны дұрыс шешім болды. Осылардың арқасында бес түлігі қыстан жұтамай аман шығып, оған биылғы төл қосылып, малының топаны бұрыңғысын да көзге көрінерліктей молайып қалған. Бұған ішінен шүкіршілік айтып, Алла тағаланың жарылқағанына көңілі көншіп, естілер естілмес «әумин» деген.

Ұлтарақ Жыландының суына қолы мен бетін шайып болды да ауылдың алдындағы доңғылға шығып, орындық тасқа жайғасты. Байекең бұл тасқа үнемі келе бермейді. Ойға батқан, көңілі құлазыған, жаны тебіреніп тағат тапаған кездерінде осында келіп отырып, мәселенің түйінін жан-жақты ойлап тарқататын әдеті бар. Бүгін де сондай қысылтаяң күрделі жағдай орын алған секілді. Алдымен айналасына көз жіберіп, маңайындағы ауылдардың тірлігіне назар аударды. Былтырғы жазда жерге бір тамшы жаңбыр тамбай орасан қуаңшылық болып, оған қыстың қызыл шұнақ аязы ұзаққа созылып, қоң алып тойынбаған мал қытымыр суыққа төзе алмай өліп, ауылдың көбінің қорасы орталап қалған. Ал, биылғы жаз нұрын төгіп, рақымын аямай-ақ беріп тұр. Жаздың осындай жайдарлылығы өткен жылдың қыспағын ұмыттыра бастағанмен, оның ауыр салдары көзге түрткендей әлі көрінеді. Қосақтамақ тұр ғой, балаларға ұстатып сауатын санаулы ұсағы жоқ, емшегін тартар бір де сиыры қалмаған шаңырақтар аз емес. Атан өгіздің мүйізі үсіп тұғылынан опырылып түскенді де көріп, бас аман болсын айтып отырғандар жетіп артылады. Бес түліктің бағым-күтімін ескермей, бұрыңғы әдетінше жайлап, қыстағандар мал шығынына белшесінен батып, кейбіреуі бас көтерместей болып кедейленген. Қой өріп, сиыр сауылып айдалғаннан кейін көген мен үйшіктен шығарылатын қозы, лақ пен бұзау торпақтың топаны мардымды емес, тобы аса аз, санаулы ғана. Олардың артынан еріп қайыратын балалар түгел дерлік жаяу қалған. «Жұт жеті ағайынды» дегенің нақтылы рас екеніне Ұлтекең бай әбден қанықты.

Ұлтекең көзге жылы, қатынасы түзу, қарапайым, жомарт адам. Сұратпай-ақ, жалындырмай-ақ кедей-кепшінге, жесір-жетімге үнемі қол ұшын беріп тұратын кеңпейіл жан. Оның осы қасиеттерін қарақұрым халық аса жоғары бағалайды, иіле құрметтейді және қәдір тұтады. Байекең бұны жақсы түсінеді және осы абырой даңқынан айырылғысы келмейді. Әрқашан көмегін тигізіп, қажетті іс шараларды қабылдап, қамқорлық жасайтын ақылды манап ақсақал. Осылардың барлығын ой елегінен өткізіп, орындық тастан тұрып, үйіне қарай ақырын аяңдады.

Келіннің мыс шәугімге қайнатып, қаймақ салып құйған қою шайын ішіп, қоламтаға көміп пісірген жылы нанға май жағып жеп әлденіп алды. Онымен бірге бәйбішесі де қалыспай ішіп жеп отырды. Шай ішіліп болып, дастарқан жиылған соң Ұлтекең:

- Келін шырағым, өзіміздің бала-шағалардың барлығын, оларға қоса бірге отырған ағайын-туыстардың, қойшы-қолаңшылардың және жылқышылардың үй ішін түгелдей осында шақырып кел! – деді.

Атасының айтқанын екі етіп көрмеген келін үйден жүгіре шығып, барлық көршілерінің есігін ашып, үлкен үйге тез жиналуларын сұрады. Шақырылғандардың барлығы сегіз қанат ақ үйдің төрі мен оң жағына иін тіресе келіп жайғасып болды. Байекең келушілерді түгендей жіті қарап шықты да қоңыр даусымен:

- Менің ұлдарым мен келіндерім, ағайын-туыстарым, тонның ішкі бауындай етене жақын жүрген көршілерім! Сендер, барлықтарың маңайымыздағы ел-жұрттың тірлігін көзбен көріп, құлақпен естіп жақсы біліп отырсыңдар. «Есегім судан өтті болды деме» деген. Тілеуіміз бір, тағдырымыз ортақ елміз ғой. Біздің жақсы жүргеніміз осылардың арқасы жердің киесі мен елдің қасиетінің рақымы. Бұларды батпаққа белшесінен батырып тастамайық, шама-шарқымызға қарай қол ұшын беріп көмектесейік деп шешім қабылдап отырмын. Қәне, сендер не айтасыңдар? – деп тоқтады.

Ұлтекеңнің айтқандарын ұйып тыңдап отырғандар түгелдей бастарын изеп, «жөн екен» деген кейіп танытты. Ұлтарақпен көп жылдар бірге жүрген, дәм тұздары араласқандай-ақ араласқан жасы үлкен ақсақал:

- Байеке, сонда қандай-қандай жомарттық танытқалы отырсыз? Осы жайында сіздің ойыңызды тыңдайық? – деп байсалды сұрады.

Біраз дамылдағаннан кейін Ұлтарақ бай денесін қомдап, кеудесін көтеріңкі ұстап былай деді:

- Ағайын туыс, көрші-қолаң, тіпті ана жат жұрт - тувалардың да еңсесі түскен, көңіл күйлері жабыңқы, бәз біреуі бұл жалғаннан түңіліп, ес-ақылын жинай алмай, жүдеп-жадап, азып-тозып жүргенін анық көріп отырмыз. Осы өлкенің бұқара қауымын шақырып, тілеу шай өткізейік, жабыққан көңілдерін бір сәт болса да көтерейік! Аз-мұз болса да қол ұшын беріп, еңселерін тіктетуге тырысайық, бұл бір. Ал екінші, осы тілеу шайда азын-аулақ малды сауынға беретінімізді айтайық. Сауынсыз қалғандар алған малының сүтін шайдарына қатық қылсын. Кедей-кепшік, жетім-жесірлер сол малдарын қыстай бағып, жазғытұрым төлдетсін. Төлдеген соң берген малымызды төлімен түгел қайтарып аламыз. Ал серкештерін, тоқтыларын, торпақтарын баққандар өздеріне қалтырып малдансын, ары қарай өсіріп көбейтсін! Енді барлықтарың дайындық жұмысына кірісіңдер, шаруаларыңды бөлісіп алып, тыңғылықты атқарыңдар!

Байекеңнің қара шаңырағына шақырылып келіп отырғандар түгелдей «әумин, қабыл болысын, жөн екен» десіп үйді-үйлеріне тарасты.

Арада бір апта өткенде тілеу шай науқаны басталып кетті. Қыр-ойдан, танитын-танымайтын, шақырылған-шақырылмаған адамдар топ-тобымен Ұлтарақ байдың ауылына ағылды. Бала-шағалардың да топаны мол болды. Келгендердің біреуін қалдырмай, алдынала арнайы тігіп дайындаған үйлерге кіргізіп жайғастырды. Алдымен дастарқан жайылып, оның үстін биылғы жас құрт, ірімшікпен толтырып, олардың арасына иісі мүңкіген сары майды кеселерге салып үш төрт жерге тарттырды. Бояуын шығарып қайнатқан шайды ішкен кемпір-кешектер мен шал-шабқыттардың самайынан тер ағып, онысын жеңдерімен сүртіп қойып, әлі де құя берсе екен деген түйсік байқалып-ақ тұрды. Орта құрсақ балалар әжесі мен шешесінің жеңінен тартып, құлағына сыбырлап, «ананы, мынаны алып бер» деп мазаларын алып, тыныштықтарын бұзу жалпылай аңғарылады.

Ұлтекең өзі араласып, қысыр бие, жоны таймаған еркек қой сойдырып, олардың етінен түгін де қалтырмай барлығын астырған. Қонақтардың қолына жылы су құйып, орамал беріп жүрген ұлдар мен қыздарға үлкендер «тәңір жалғасын, таудай үлкен азамат бол» деп баталарын беріп, жастарды риза болдырып жатыр. Оң жақ босағаға таяу тұрған байдың кенже ұлы:

- Әумин, ата бата беріңіз? - деп төрде отырған, сәлделі ақбурыл қарияны меңзеді. Ақсақал дереу қолын жайып:

- Сұрасаң бата берейін,

Үстем болсын мерейің.

Ұлтекең сынды манапқа,

Ақ тілекті төгейін.

О, құдайым оңдасын,

Оң жолына бастасын... - деп тоқтамай шұбыртып ала жөнелді. Бата біткен соң «әумин, аллаһу-акбар» деп бетін сипады. Басқа отырғандар да жамырай «әумин, қабыл болсын» айтысып, жамағатқа жалбарынып жатты.

Тілеуге келген көпшілік етке сылқия тойды, тегенедегі еттер толық кесілмей, мол мұжуырымен қалып жатты. Бес-алты жасар қыз «әже мына етті ертең жейінші» деп, бешпетінің қалтасына шала туралған тоқбас жілікті сүңгітіп жіберді. Оны қарап тұрған кішкене ұл бір түйір етті алып, тақиясына салды да үйден шығып кетті.

Ұлтарақ бай қолымен жер тіреп отырған орынынан ақырын көтерілді де, тамағын кенеп сөйлей жөнелді:

- Уа, көпшілік қауым! Біздің шағын тілеу шайымызға келгендеріңізге алғысым шексіз. Өткен қыстың жұты барлығымызға салмақ салғаны рас. Мал жұтағанымен бас аман қалдық, шүкіршілік айтайық. Алланың алары болса, берері де болатынына сенейік. Міне, жадырап жаз шықты, жердің көктеуі жақсы, қолда аман қалған бес-он малымызды дұрыс жайып, жөнімен бағып, семіртуді ойлайық. Қолында аша тұяқ қалмағандар да бар екенін көріп отырмыз. Көмекке зәру жандарға аз-мұздаған малды сауынға беріп, қара шай ішпей отырсын деп шешім қабылдадым. Ертең, бүрсікүндері келіп сол малдарды алыңыздар, оларды қайтып бағып, қалай қайтаратындарыңды кезінде балалар айта жатар, – деп жиналған халыққа жайдары қарады.

Жиналғандардың ішінде кейбіреулерінің жанарынан еріксіз жас домалап, қайсы бірінің жүзіне қан жүгіріп, күлкі үйіріліп жатқаны байқалады. Бір қария көне пұшпақ тымағын қолына ұстай тұрып:

- Байеке, ризашылығымды қалай білдіретінімді білмей тұрмын. Сіздің істеген жақсылығыңызды біз қайтара алмаймыз ғой, Алла тағаладан қайтсын деп тілейміз. Сіздің мәрттігіңіз бен көрегендігіңізге тағы бір мәрте риза болдық. «Кемедегінің тілеуі бір деп» біз пақырларды жаныңыздан бір елі де тастамай сүйреп келесіз. Жаратқан ием сізге ұзақ ғұмыр жас берсін, бағыңызды тайдырмасын! – деп отыра кетті.

Бес түлік малдың тек бір түлігіне ғана ауыру тиіп, дардай зардап шектіретін жылдар болатыны өткен өмірден мәлім. Осындай бір жыл Жыланды өлкесінде жайлайтын ауылдарды аттап өтпеді. Былтыр жазда құлын мен тай-жабағыларға сақау мен маңқа тиді. Жуан аттар мен мама биелер, үйір қайырған семіз айғырлар тышқаншық пен түйнек ауруларына шалдықты. Көктемде пішілген құнан, дөнендердің ұмасы қабынып, іріңдейтін дерт тағы пайда болды. Бұл жетпей қалғандай жаратып, баптап отырған сәйгүліктерге ноқала жабысып, бәйгеге қосылмай обалды-ақ болды. Осылардың салдарынан балалардың үйретіп мініп, мал жаятын тайлардың саны күрт азайып, жасөспірімдер қозы, лақты жаяу қайыратын жағдайға жетті.

Ұлтарақ бай әдетінше доңғылдағы орындық тасқа келіп отырғанына шамалы уақыт өтті. Төңірекке көз тігіп, онда болып жатқан оқиғалар мен атқарылып жатқан қарақеттерге тесіле қарап қояды. Жеті-сегіз жасар ұл мен бес-алты жасар қыз тастан үй тігіп ойнап отырып, қозы, лақтарының жайыла- жайыла ұзаңқырап кеткенін байқамады. Өрістегі енелерінің маңыраған даусын алыстан танып, солай қарай бір-ақ жүгірді. Жағдайды енді ғана байқаған екі бала ойындарын тастай, жүректерін қолына ұстай зырылдағанымен қозы, лаққа жете алмады. Олар жеткенде төлдер әлде қашан енелерімен табысып еміп те үлгерген еді. «Кішкене ұл мен қыз әкесі мен шешесінен сөз естиді-ау, таяқ та жейтін шығар. Ол түкте емес, ең қиыны бүгін кешке ішетін сүт жоқ, қарындары ашатын болды-ау» деген оймен уайымдап, қабағын шытқан байекең орынынан тұрды.

Байекең өз үйінен өте шығып, бас жылқышысінікіне тура тартты. Жұмахан жылқышы Ұлтекеңе сәлем беріп қарсы алды, төрге шығарып отырғызды. Жұмаханның әйелі Қабира шай дайындап құрақ ұшып жүр. Ұлтекең мен Жұмахан әп-сәтте кеңеске кірісіп кетті. Жұмахан жылқының аман есен шұрайлы жайылымда бағылып жатқанын, жердің көктеуі төтенше екенін, биылғы туған құлындардың қарақұлақтанып өсіп қалғанын, тайлардың жүні түсіп, көтеріле бастағанын Байекеңе толық баяндап берді.

Бас жылқышысының айтқандарына көңілі көншіп, жүзі жадыраған кезде дастарқан жайылып, шай құйыла бастады. Жұмахан кеседегі шайын қолына алып, бір-екі ұрттады да, сөзін ары қарай сабақтай түсіп:

- Үлкен қара айғырдың үйірін Шолақ дараға жеке салғанбыз. Алдыңғы күні тәңертең, күн ұясынан жаңа ғана көтеріле берген шақта осы үйірдің жағдайын білгелі әдейі барған едім. Қара айғыр сүмек болып терлеп, үйірінен шашау шығармай қайырып жүргенін көріп, бір жағдай туындағанын пайымдадым. Үйірден алыс емес бұтаның арасынан екі қасқыр мені көріп, екі жаққа тырым-тырақай қашып кетті. Қара айғыр сол екі жыртқышпен түні бойы арпалысып, үйірін қорғап батпақ тері шыққаны маған түсінікті болды, – деп дастарқанға қойған кесені қайта қолына алды.

Бұл оқиғаға құлақ салып тыңдап отырған Ұлтекең:

- Қара айғырдың әкесі де текті жылқы еді. Оны қыста мінбейтінбіз, алдыңғы екі аяғын тағалап, үйірінде қалдыратынбыз. Ол да талай рет қасқырмен арпалысқан, үйірінен бір де жабағыны жегізбеген тарлан боз еді. Биелерге артылып қойып, үйірінің артынан ере беретін айғыр, айғыр емес, ол маубас жылқы. Нақтылы айғырлар андағы қара айғыр сияқты жыртқыштан үйірін қорғайтын жінтікті болу керек. Жаңадан айғыр қойғанда осы қасиетін еске алу шарт. Басқа айғыр қайырған үйірге жаңа сәуірік қосқанда, жаңа айғыр биелерден туған жас құлындарды шайнап өлтіретін жаман мінез шығаруы әбден мүмкін. Әсіресе жылқы тектес жануарлар мен жыртқыш аңдарда өзінің ғана ұрпағын өсіріп көбейтуге ұмтылатын жайсыз тума түйсік болатын сияқты. Осыны да естеріңнен шығармаңдар!

Шай ішіліп болып, дастарқан жиналып, бата істелді. Ұлтекең Жұмаханға тіке қарап, айтайын дегендерін бастап кетті:

- Ертең барлық жылқышыларды ертіп жылқыға аттанасың! Асықпай-аптықпай жылқыны жинай жүріп, түгендеп алыңдар. Әлгі топтан жеке бөлініп, саяқ жүретін торы айғырдың үйірі қалып қоймасын. Құлыны ертерек туған үйірлерді түгелдей осында айдап қайтыңдар. Бие байлайтын уақыт болды ғой, құлындар асаусымай тұрғанда тездетіп жуасытып алайық, бұйырса қымыз ішейік. Үйірдегі тайларды біреуін де қалтырмай бірге айдап келіңдер! - деп тәптіштеп тапсырды.

Екі күннен кейін шұрқыраған көп жылқы айдалып келіп, ауыл жанындағы аумақты көк жасаңға байырқаланды. Кеше ғана тұрғызған ағаш қораға үйірлерді бір-бірден енгізіп, тайларды ғана қалтырып басқаларын шығарып жатыр. Ең соңында қашқалақтап қораға жоламай жүрген жирен айғырдың үйірін қаумалап айдап енгізіп, тайларын жекелеген соң оларды да қорадан шығарып жіберді. Ұлтарақ бай қорада қалған тайларды ішінен санап шығып, жеткілікті екеніне марқайып қалды. Жігіттеріне қазық қағып, бие бау тартып, құлындарды ұстап байлауды әмір етті. Өзі үйіне қарай бет бұрып, жаңа ғана ұстаған құнанын ерттеп мінген немересін қасына шақырып келтіріп:

- Сен балам, маңайымызда жайлап отырған ауылдарға барып, тайы жоқ өзіңнің жолдас-жораларыңа «атам сендерге тез келсін» деп жатыр де. Келгенде тай жетектеп қайтатын арқан, жіптерін бірге ала келуін сұра. Және басқа ауылдың мінері жоқ ұлдарын да осында бірге ертіп келсін де, – деп немересі мінген құнанның сауырын алақанымен ақырын шапалақтап қойды.

Байдың немересі қайта оралғанша шақырылған ұлдардың алды ауылға келіп үлгерді. Оларды байекең қарсы алып, қай ауылдан келгендерін және кім-кімнің балалары екенін сұрап танысып, өзен жағасындағы көк майсаға ертіп барып, барлығы сонда шоғырланды. Мұны сырттай байқап тұрған ақсақалдың келіні үйінен бір сырмақты қолтығына қыса, ақ тамақ толы екі ұшы байланған дастарқанды қолына ұстай келді. Сырмақты атасының алдына жайды. Қайтадан отауына шапшан барып, тегене толы айран мен кеселерді алып келіп, алдымен атасына одан соң отырған балаларға құйып ұсынды. Ұлтекең бай жиналған балалардың не себептен тайлары жоқ екенін сұрай бастады. Біреуі жалпы үйінде бие атаулы болмағанын, екіншісі жалғыз тайының сақаудан өліп қалғанын, үшіншісі құнанын қыста қасқыр жегенін айтып, қайсы бірінің кемсеңдеп, мұрыны жылтылдап, көздерінен мөлдір тамшылар тамғаны аңғарылды. Балаларды тыңдап болған байекең:

- Ал балалар, ана қорада қамаулы тұрған тайлардан бір-бір тайды ұстатып алыңдар, сендерге мына екі жігіт көмектеседі. Тайларыңа бас білдіріп, жақсы жуасытыңдар, қолын түсірмеңдер! Жаратқан ием қош көріп бұйыртса, келесі айдың орта шенінде тай жарысын ұйымдастырамыз. Соған дайындалыңдар, жарай ма?! – деп мейірлене сөзін аяқтады.

Ұлтарақ байдың айтуы бойынша шілде айының ортасында тай жарысы ұйымдастырылды. Байекеңнің қорасынан тай алып мінген балалар түгелдей бәйгеге қатысқалы келді. Тайларды жарысқа шығарар алдында Ұлтекең:

- Алдымен келген он тайды жуасытып үйреткен балаларға сыйлаймыз. Сондықтан жарыстың жөні осы деп албаты қинап құйындатпай, байыппен жарысыңдар, алдында келуді ойлаңдар, байқап шабыңдар, жығылып жарақаттанып қалмаңдар! – деп кеңес берді.

Айдаушы жігіт тай мінген балаларды алдына түсіріп, желе жортып отыруларын сұрады. Бәйге басталатын межелі жерге таяған кезде балалардың барлығын тайларынан түсіріп, дәрет сындыртып жеңілдеп алуына мұрша берілді. Тайлар топтасып қайда бара жатқандарынан бейхабар. Бәйгеге қосылып үйренген әккі аттар сияқты тыпыршып, жанындағысын тістеп, теуіп, тұяғымен жер тарпып, ала қашу дегенді сезер емес, қаннен-қаперсіз жайылатыны жайылып, қасынатыны қасынып тұр.

Топ адам жатаған төбенің үстіне шығып, дүркіреп шауып келе жатқан тайларды тамашалап отыр. Қанша дегенмен жылқы баласы емес пе, ал дегенде тайлар бір-бірінен қалмай топтасып шығып, жер ортасынан асқаннан кейін аралары алшақтап сирей шабуда. Көмбеге жеткен тайларды келген рет-ретімен шапқан балаларына ұстатып қатарластырып тұрғызып жатыр. Алдыңғы онның ішінде келген балалардың қуанышында шек жоқ, беттері бал-бұл жанып, көздері күлімсірейді. Ал, он бірінші болып жеткен бала тайының мойынына басын тіреп жылап тұр, енді одан айырылып қалатыны даусыз. Кейіндеп келген шабандоздардың барлығының сүлкіндері түсіп, жүздері қуқылдап кеткен. Іштерінен «әттеген-ай» деп қынжылып тұрғандары айтпай-ақ байқалады.

Тайларын тізгінінен ұстап қаз қатар тұрған балалардың алдына Ұлтекең шығып, барлығын көзімен шалып қарап, жымиып тұрып:

- Балаларым, барлықтарың жақсы жарысып келдіңдер, тайдан жығылған жоқсыңдар. Тайларыңның жүйрік екенін көрсеттіңдер. Тай деген жас сәби сияқты, бәйге дегенді білмейді, алғаш рет жарысқа түсті ғой. Кейіндеу келгендерің ренжімеңдер, келер жылы көресіңдер, алдына жылқы түспес нақтылы өрен жүйріктер солардан шығады,– деп балалардың көңілін аулап тастады.

Енді байекең «алдымен келген он тайдан басқаларының жүгенін сыпырыңдар, жылқыға қосамыз!» дейтін шығар деп ұлдардың жүрегі дүрсілдей бастады. Ұлтекең олардың «тайдан айырылатын болдық» деп сүлкіндері түсіп, қынжылып тұрғандарын әлдеқашан сезген. Құндыз бөркін сол қолымен басынан алып, сақалын оң қолымен тарамдап сипап, өзіне тура қарай алмай жасқаншақтап, төмен қарап тұрған жас өспірімдерге:

- Тайларыңның барлығы өздеріңде қалсын, ат болдырып мініңдер! – деп тосын сый жасады.

Балалар күлерін де, жыларын да білмей, күнәсіз жастық сезіммен Ұлтекеңе қарай берді, қарай берді. Бір сәттен кейін барлығының жүзіне қуаныш үйіріліп, батылдау біреуі:

- Ата, байеке, рахмет сізге, көп жасаңыз! – деп еңіреп жіберді.

Тай бәйгесі болған, артынша байекең, мініп жарысып келген тайларын балалардың өздеріне сыйлаған жерді көпке дейін ел «Тай берген» деп атап кеткен еді.

«Анаңнан туып қаз тұрып, жер бетінде бір аттағаның өлімге бір қадам жақындағаның» деп ғұлама ойшылдың айтқаны еске түседі. «Бай да өлген, батыр да өлген, патша да өлген, өлмейтін бір де жан жоқ ажал жеткен» деп ұлы Абай да бұл жалғанның опасыз екенін жадыға салып жырлап өткен.

Өмір деген көрген түстей ғана, қамшының сабындай қысқа ғұмыр екені Ұлтарақ байды да айналып өткен жоқ. Өр Алтай мен Қобда бетінде байлығымен, дәулеттілігімен және жомарттығымен әйгіленген бай-манап бұл жалғанмен қоштасып, бахилыққа өткеніне бір жыл таяап қалған кез. Бұл бір мың тоғыз жүз жетінші жылдың жазы.

Байдың мүрдесін қарақұрым елі болып жиылып өзінің құтты қонысы, байырғы мекені Жыланды өзенінің бойына тапсырады. «Марқұмның жамылған топырағын мал басып таптап шашпасын, жауын ерітіп ағызбасын, жел үрлеп ұшырмасын» деген ниетпен оның сыртынан ағашпен қоршаған еңселі, күнбезді қорған тұрғызады. Қорғанның ағашын кесіп дайындау, қалап қабырға болдырып жинау ісін арғы беттен арнайы шақырылып келген басқа ұлттың мұсылмандар тобы атқарғаны туралы ел аузында күні бүгін айтылады. Жылқының майына қайнатылған ағаштан тұрғызылған, жалғыз шеге де қағылмаған қорған күн мен желге, қар мен жауынға төтеп беріп келеді. Төрт бұрышына сән келтіріп, құлақ шығарып жасалған қорған беріктімен ғана емес сәулеттілігімен де айрықшаланады, ат шаптырым жерден мен мұндалап шақырып тұрғандай әсер қалдырады.

Цэнгэл өлкесінде алыстан көзге түсіп, ерекше байқалатын қабірлер аз емес. Қобда ішін өрлеп Келікейдің тұсына келгенде өзеннің арғы жағындағы биік қабақ үстінде көтеріңкі жасалған тас бейіт бар. Онда менің ұлы бабам Алдайұлы Сырымбеттің сүйегі жатыр. Мешіт сайдың ішіндегі сыртын ағашпен жеке-жеке қоршаған, күмбезді қабірлер де өзгелерден тым ерекше сәулетті көрінеді. Мұнда саңырау руының игі жақсысы мен жайсаңдарының мүрдесі қойылған. Басқы Есікте үстіне ақ тас қойылған көлемді тас қабір Алдайұлы Қазының мәңгілік мекені. Ақ тасты туған жері Өр Алтайдан өгізге тиеген арбаға артып әкелген деседі. Мың шұңқырдың көл жақ бергі шетінде жәдік атаның айтулы тұлғасы Кенен ақсақалдың сүйегі жатқан бейіт қараңдайды.

Жыланды өзенінің жағасындағы аумақты жасаңда қаз-қатар тігілген ақшаңқан үйлер алыстан көз тартады. Мұнда Ұлтарақ байдың о дүниелік болғанына бір жыл толуына арналған ас беру науқанының шаралары қауырт басталып, дамылсыз қимылдап жүрген әйелдер мен еркектер. Тігілген үйлердің тұсында, өзеннің арғы жағасында қосу белгісі бейнесінде ұзын жерошақ қазылған. Оның үстіне тай қазандар қойылып, ет пісіріліп жатыр. Ас беруге еркек қойлардың сыртында қара сәуіріктің үйірі айдалып келіп сойылған. Үйірдің ішінде тоғыз қара құлын болған. Оның біреуі ұстатпай қашып кеткен. Сегіз құлынның терісінен байдың ұлы Шікей жарғақ тіктіріп киген деген сарын құлақтан құлаққа шалдығып, бүгінге жеткен. Ал ет қайнатқан жер ошақтың сұлбасы өшкен жоқ, әлі күнгі дейін анық көрінеді.

Науқанға қатысушылардың шоғырында қисап жоқ қара нөпір. Алды Өр Алтайдан, арты Жалғыз ағаш, Шегіртай, Қызылқия, Дайыннан келгендер. Оның үстіне Ақсу арасаны мен Қорымдықтан бергі өлкеде жайлап отырған ағайын-туыстары, құда-құдандалдары, нағашысы мен қайын жұртының адамдары да тай-тұяғы қалмай жиналған.

Әуелі қонақтарды өзен жағасындағы жасаңға жинап, аруақтың рухына бағышталатын діни жол-жоралғыларға қатысуды сұрады. Жасаңға төселген түрлі түсті ойыстырылған және оюы таспамен бастырылған неше түрлі сырмақтардың үстіне ақ сақалды аталар мен ақ жаулықты әжелер жайғасқан. Олардан кейін атақ-даңқ, мәртебесі мен жасына қарай төрт-бес қатар болып қонақтар өз-өзінің орындарын тауып отырған. Ши барқыт ұзын шапан киген, сәлдесі жауырынын, ақ сақалы кеудесін жапқан имам қолын жайып бата істеп, Ұлтекеңнің аруағына бағыштап сыңғырлаған дауыспен құран оқыды. Діни дәстүр ары қарай жалғасып, марқұмның балаларының, ағайын туысқандарының және нағашысы мен қайын жұртының арнайы аудартып әкелген құран хатымдары түсірілді. Құран оқылып, бата істелген сайын тым-тырыс тыңдап отырған жұрт «әумин, қабыл болсын» айтып беттерін сипайды.

Бұдан екі күн бұрын Ұлтекеңнің бәйбішесі, өзінен өрбіген үрім-бұтағы, жақын ағайындары және қайын жұрты мен нағашы жағының өкілдері марқұмның қабірінің басына барып түнеп қайтқан. Өзен жағасына үй тіктіріп, марқұмға бағыштап мал шалып, құран дұға оқып, аруағына ізгі ниеттерін білдіріп, құрмет көрсеткен. Биыл әдейі аруақтан алыстамай жақын жайлап, ас беруінің себебі де осы науқанға байланысты еді.

Діни рәсімдер рет-ретімен орындалып болып, оған қатысушы көпшілік орындарынан тұрып, өздеріне арналған үйлерге еніп, орныға бастады. Қонақтар да бұрыңғыдай емес етене жақын танысып, әңгіме дүкен құрып, үйдегі тым-тырыс жағдай ада болды. Сарлықтың қою сүтін қосып, қаймақ салған бояуы қанық шайды қонақтар қанып ішіп, маңдайларынан тер шықты. Енді қарақұрым халық үйде қалғысы келмей, сыртқа шығып салқындап, ұйымдастырылып жатқан балуан күресі мен балалардың жаяу жарысын қызықтай бастады.

Балуандар кеуде киімдерін шешіп, беліне қайыс белбеу буып, нақтылы қазақ күрес өнерін көрсетуде. Екі қарсылас бір-бірінің белбеуін екі қолымен қоянқолтық ұстағаннан кейін әдіс істеп жауырынын жерге тигізіп жығу керек. Сонда ғана «жыққанға есептелінеді» деген қағида ұстанылуда. Бір кезде монгол балуан күреске киетін арнайы ұлттық киімін киіп ортаға шықты. Тойшылардың көбі таң қалып, кейбіреуі екі езуін жия алмай күліп жатты. Оған күресуге рұқсат берді. Ол қарсыластарын түгелдей жығып, ең соңғы қазақпен күш сынасу ғана қалды. Қазақтар оған «үстіңдегі шолаң-шошырақ киімдеріңді шешіп, шалбар киіп, белбеу буын» деп қарсылық көрсетіп айғайлып қояды.

- Шешпей-ақ қойсын, осы қалпында күресе берсін! – деп, онымен күресетін қазақ балуаны ортағы шықты.

Бұл аста берілетін бәйге қомақты еді. Озып келген сәйгүлік пен қарсыластарын түгел жыққан түйе балуанға қысырақтың үйірі бастаған, жамбы, бұлғын қостаған жүлде табысталатыны туралы ай бұрын жар салынып, сауын айтылған болатын. Осыны естіген қазақ, монгол жұртының ат бапкерлері мен күреске үйір балуандары асқа қатысып, бақтарын сынап жатқаны жасырын емес-ті.

Қазақ балуан оң қолын монгол қарсыласының сол қолының үстінен асырып, ал сол қолын оның оң қолтығының астынан жүгіртіп шолақ кеуде киімінің етегінен мықтап ұстады. Монгол жігіт те қарсыласының белбеуін екі қолымен мытый ұстап, саусақтарын шықпастай етіп жұмды. Екеуі сүт пісірім уақыт жығыса алмай, бірнеше рет айырылысып, қайта-қайта ұстасып күресті. Бір сәтте монгол оң аяғымен іштей шалып, кеудесімен итеріп, қазақтың денесін артына қарай ауытқытып бара жатты. Қазақ балуанын қолдаушылардың жаны мұрынының ұшына келіп, «алла, алла өзің жар бола көр» деген сөздер анық естіліп қалды. Сол-ақ екен қазақ жігіт денесін тіктеп, кеудесін кере ауа жұтып, дамылдап алды да, қарсыласын жерден «үф» деп көтеріп, айналдыра үйіріп жауырынымен майсаға шалқасынан түсірді. Қызба біреулер «Жанат, Жанат» деп ұран шақырып, орынынан атып тұрып балуанға қарай жүгірді. Бұл түйе балуан жәдік рулы Бұтан есімді жігіт еді.

Күрес бәсекесі аяқталып, асқа қатысушылар есік алдына келіп, қариялар серке мүйіз ұзын қынынан сар мойын пышақтарын шығарып жуып, қолын шайып, су құйып, орамал ұсынған жас өспірімдерге батасын беріп, төрге салынған сырмақтарға жетіп жайғасып жатыр. Кешікпей төрт бес кісінің ортасына үйме табақ ет қойылып, бата істеліп, ас желіне бастады. Семіз жылқы мен қойдың етін жегендей-ақ жеп отыр, таусып жеуге ас қазан мұрша беретін емес әлде қашан тояттап қалған. Желінген мол еттің артынан сорпа құйылған кеселер қолдан қолға жалғасып, үлкендерге ұсынылып жатыр. Сорпа ішіп бола бергенде «құнан», «дөнен» қымыз үлкен қайың шараларға құйылып қонақтардың қолына тиді. Жасы үлкендер мен әйелдер «құнан» қымыздан, жігіт-желең, жастар жағы «дөнен» қымыздан артығырақ сіміріп, шараларын екіден үш қайта толтыртты.

Сырттан біреу:

- Ат бәйгесі басталады, жүйріктеріңізді шығарып, айдаушығы тапсырыңыздар! – деп айғайлап тұр.

Бұны естіген ат бапкерлері шабандаз балаларын ерте отырған орындарынан тұрып шыға бастады.Үйлерде бір сәт тыныштық мүлгіп, ет пен қымызға тойғандардың кейбіреулері керегеге сүйене, көбі отырған жерлерінде бір жағымен жантая кеткен. Алайда бұлардың осылай рахаттануына жол берілмеді, сыртта күй шертіп, ән шырқау басталып кетті. Қонақтарды сыртқа шығып өнер иелерінің тамылжыған әнін естіп, құйқылжыған күйін тыңдап тамашалауға шақырды. Жыраулар жыр тиегін ағытып, күйшілер күй сандығын ашып, ақындар марқұмға арнаған өлеңдерін оқып жұрттың көңілін көтеріп тастады. Асқа келгендер тоя ет жеп, кекіре қымыз ішіп, тамылжыған ән мен құйқылжыған күйді тыңдап, мейірлері қанып, пейілдері кеңіп бір жасап қалды. Күйші, әнші, жырау, ақындарға «өнерлерің үстем болсын, тәңір жарылқасын» айтып, ықыластарын үйіп-төгіп, баталарын беріп жатты. Ұлтарақ марқұмның дүниеден өткен кезіндегі көрістер мен жоқтаулар да айтылып бала-шағалары мен етене жақын туыс-туғандарының жанарына жас толтырды.

Ат бәйгесіне жүзден астам сәйгүлік қосылып, жарыс жолына шықты. Олардың көбі өз жерлеріндегі той-думандарда, тілеу-шайларда жарысқа түсіп, алдында келіп жүрген дәмелі жүйріктер. «Талай-талай жүйрік бар әліне қарай жүгірер» дейді ғой қазақ. Бүгін қандай жануардың маңдайы жарылып, алдымен келетіні қазірге беймәлім. Дөңге жиналған жұрт «сол қарақасқа, не ана қарагер келетін шығар» десіп, ал кейбіреулері «көресіңдер біздің жирен мен торы озатынына сенмідімін» десіп өз-өздерінің келген жерлерінде бәйге бермей жүрген сәйгүліктерді жарысы айтып ұлар-шу болысып отыр. Қандай ат алдымен келетіні жайлы гу-гу айтыс-тартыс жүріп жатқанда, «әнеки, аттардың қарасы көрінді» десіп атын бәйгеге қосқан бапкерлер биіктеу дөңге жарыса шықты. Көбісі қолымен көзін күнгейлеп жанарын қадаса, дүрікпені барлары отыра қалып дүрікпендерін тартып тағат таппауда. «Алдыңғы екі ат таласып шауып келеді, біреуі қылаң, екіншісі баран екен, бір-бірін алдына түсіргісі келмей, егесе, ерегесе тіресіп-ақ жарысуда жануарлар. О бәрекелді, баран озыңқырады, жоқ қылаң қуып жеттіп оза бастады» деген айғай-шу басылар емес.

Аттар көмбеге таяаңқырып, түстері анық көріне бастады. Бірі ақкөк, келесісі жирентөбел екен. «Ақкөк біздің жақтың жылқысы емес қой, ал ана жирентөбелі әлгі түйе балуанның аты ғой. Ақкөк озып келетін болды-ау, енді қайттік, әттеген-ай, ә...» десіп, ат жарысын қызықтап отырғандар бір-біріне дес бермей бір тұрып, бір отырып тағат таппай қиналуда. Балуан Бұтан атына міне шауып топтың алдына ұмтыла шығып, күжілдеген даусымен қиқулап айғайлағаны сол еді, күреңтөбел құлағын жимитып алды да шабысын үдетті, жаңа ғана жарысқандай ұшты-ау жануар, ақкөктің оң жағынан басып озып, көмбешінің атына да шалдыртпай дөңге бір-ақ шықты. Бәйгені бөгделерге бермей өз ағайын-туғанның аты алғанына жерлестері қатты қуанып, мәз-мәйрәм болып қалысды.

Ас беру науқаны тарқап, қарақұрым қауым келген жақтарына қарай аттанып, бытырай бастады. Балуан мен ат бәйгесін қанжығасына қатар байлаған Бұтанның көңілі өсіп, жүзіне күлкі үйрілген, бұл маңда өзінен басқа бақытты жан жоқ сияқты сезінеді. Жирен төбелдің бәйгесінен қара қасқаны ауылының жасы үлкен қариясына сыйға тартып батасын алды. Тағдыр оның басына қандай тауқымет тартқызатыннан хабарсыз, «дәриға, дәурен» әнін естілер, естілмес ыңылдап айтып барады. Астан кейін үш айға жетпей есіл ер өмірден өткені туралы жаман хабар ауылдан ауылға жетіп жатты. «Марқұмға аста сұқ қадалып, тіл тиген екен» деген қанқу сөз желдей есіп, елден-елді шарлап кетті.

Ұлтарақ марқұмға ас беру науқаны ойдағыдай өтіп, бала-шағалары, көрші-қолаңдары мен іргелес отырған ауылдастары ат жарысынан қайтып үйді-үйлеріне оралып, міңгендерін желіге байлап жатыр. Дөңнің үстінде осының барлығын көзінен таса қылмай қарап отырған, жасы сексеннен асқан ақсақал орынынан тұрып:

- Өй, қарақтарым, түгелдей менің қасыма келіңдерші? – деп айғайлап қолын бұлғады. «Бұл абыз ақсақалға не болып қалды екен?!» деген оймен үйдің жанында тұрғандар асығы-үсіге қарияға жетті. Қария қолымен отырыңдар деген ишырат білдірді де:

- Балаларым, ана үйлердің есігінің алдында, жерошақтардың қасында үйіліп қалған шала мұжылған сүйек-саяақ, бас-сирақ, желінбеген өкпе, бауыр, ішек-қарын, ит жұлмалаған тері-терсектерді көрдіңдер ме? Оларды жей-жей иттер де тойған, қарағысы келмей жан-жаққа кетіп қалған. Астың кепиеті атады, жердің де киесі бар ашу шақырады, тез барып шұңқыр қазып, астың қалдықтарын түгелдей соған салып көміңдер! Содан кейін осында қайтып келіңдер! – деп өктем сөйледі.

Абыз қарияның «кепиет атады, кие ашу шақырады» дегенін естіп, шошыңқыраған топ адам дереу жерді қазып, көлемді шұңқыр жасады да оған ас қалдықтары мен тері-терсектерді түгін қалтырмай жинап әкеп салып, үстін топырақпен қалың бастырып жауып, қарияға қайтып келді.

Қария жүресінен отырып, ішінен күбірлеп бетін сипады, құран оқып бата жасады. Осыдан кейін маңайында отырғандарға көзін тіктеп, дауысын қатайтып:

- Ұлтекеңнің байлығы мен дәулеті елдің қазынасы, халықтың ырысы. Қазынамыз бен ырысымыз бейберекет шашылып қалмасын! Осыдан былай осы ас берген аумақты «Кетпес» деп атайық. Байлығымыз бен ырысымыз кетпесін, әумин, – деп батасын берді.

Содан бері қаншама жыл өтті, қаншама буын ауысты, сол жер бүгінге дейін «Кетпес» атауын жоғалтпай келеді. «Кетпес» – ырыстың кетпесі.

Көкшетау қаласы,

2020 жылдың қараша айы.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар