Мәриям Алғалиқызы. Өлеңді сезіну керек
Бүгін Халықаралық Композиторлар одағының мүшесі, сазгер, ақын, Абайдың 180 жылдығына арналған «Абай» мерейтойлық медалінің иегері Мәриям Алғалиқызының «Рухыңмен асқақтай бер, қазақ елі!» атты кітабының тұсаукесері өтті.
Автордың тырнақалды туындысына өзінің нотаға түсірілген әндері мен сол әндерге жазған өз өлеңдері жинақталып, оқырман қауымға тұтас бір кітап ретінде ұсынылған екен. Төрт негізгі бөлімнен тұратын кітапта сазгердің әр жылдары жазылған музыкалық шығармалары мен поэзиялық туындылары толықтай қамтылыпты. Кітап қымбат қағазға бастырылып, әппақ болып көз қызығарлықтай әдемі басылып шыққан.

Шараға ақын, жазушы, жыршы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Баянғали Тақанұлы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, жазушы-драматург, Өріс Яшүкірқызы, ҚР Мәдениет және өнер саласының үздігі, ҚР Журналистер одағының мүшесі Қарлығаш Бәкенқызы, Астана қаласы мәслихатының депутаты Мадина Ажикенова, білім саласының үздігі, ардагер ұстаз Қажымұрат Нәсиұлы және тағы да басқа зиялы қауым өкілдері қатысты. Жиынның модераторы ретінде сөз тізгінін ақынның мәдени ортадағы рухани сіңлісі, Астана қаласы 112 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әсел Мұратбекқызы алды. Ол: «Өзге емес, өзім айтам өз жайымды»,- деп қазақтың лирик ақыны Қасым Аманжолов айтқандай, өзіңіз жайлы жиналған көпшілікке бірер ауыз сөз айтып, жиынымызды ашып берсеңіз»,- деп ортаға қазақ поэзиясының құдіретін әдемі әуенмен ұштастырып, нотаға түсіре білген, ән қылып әуелеткен Мәриям Алғалиқызын шақырды. Ақын көпшілік алдында өзінің қуаныш пен уайымы қатар үлкен толқыныста тұрғанын айтып, сөзін бастады.

«Менің әкем Алғали Отанға қызмет еткен әскери адам болған жан. Ата-анам мемлекеттік қызметкер болғандықтан болар, балалық шағым нағашы әжемнің қасында өтті. Бүгінгі сахнада дәл осылай жарқырап тұрғаным да – ақ әжемнің еңбегі дер едім. Қазақ тіліне, әдебиеті мен мәдениетіне, өлеңге, жалпы шығармашылық әлемге, өресі биік өнерге деген қызығушылығымды оятқан, үлкенге құрмет етіп, кішіге ізеттілік көрсетуді үйреткен, қазақи дәстүрді бала кезімнен бойыма сіңірген дәл осы әжем десем дұрыс болар. Шынында, поэзия – адам жүрегіне жол табатын ерекше өнер ғой. Ақынның әрбір өлеңінде белгілі бір кезеңнің тынысы, елдің мұңы мен қуанышы, адамның ішкі жан дүниесі көрініс табады. Сондықтан өлең жазу – жай ғана сөздерді ұйқастыру емес. Өлең жазу – жауапкершілік, ол тек төрт жолды ұйқастырумен шектелмейді. Жүректен шыққан өлеңнің мәнін сезіндіру, оның астарындағы ойды түсіндіру, жаныңнан шыққан сөзді оқырман жүрегіне жетізе алу – үлкен ізденіс пен талапты, талант пен еңбекті қажет ететіні рас. Себебі оны оқырманға зорлықпен сүйгізе алмайсың. Өлеңді сезіну керек»,- деп толғанысқа толы жүрекжарды тілегін жеткізді. Әрі қарай жиында жиналған көпшілікке автордың төлтума өлеңдері оқылып, әдемі әуенмен өрілген әндері шырқалды. Соның бірі, әуені мен сөзін Мәриям Алғалиқызының өзі жазған – «Ұлттық киім» әнін айтсақ болар. Әнші Жазира Сапарханқызының орындауындағы бұл әннің сөзі де, муызкасы да отырған көпшіліктің көңілінен бірден шықты. Тіпті Баянғали Тақанұлы кеш соңында айтылған ізгі тілегінде, дәл осы әннің өте ерекше тақырыпта, әдемі үйлесіммен жазылғанын айрықша атап өтті. Қарап отырсаңыз, қазір мұндай тақырыпта өлең де, ән де таба алмайтынымыз рас. Автордың поэзиясы мен әндеріндегі ұлттық рух пен қазақилық қаламгердің өзіндік бағытының ерекшелігін айшықтай түсетіндей.

Автордың тағы бір әні Ілияс Есенберлиннің «Отан» деген жыр шумақтарына жазылса, келесі бір әуеніне ақиық ақын Мұқағали Мақатевтың:
«Анам маған:
- Үлкенді сыйла - деген.
Сол сөз маған ізгілік құйған ерен.
Үлкендерден ауысқан кішілікті,
Үлкендердің өзіне сыйға берем»,- деген жыр жолдарын арқау еткен екен.

Одан бөлек талантты жастардың орындауында тағы біршама әндер шырқалып өтті. Жиын соңында, құрметті қонақтар мен ақын-жазушыларға қорытынды сөз берілген-ді. Жылы лебізімен сөздің басын ақын, жыршы Баянғали Тақанұлы алды.
«Қазақта нәрлі де мәнді, сөздерінде әдемі мағынасы бар әндер азайып бара жатқаны қынжылтатын еді. Есті әндерді есер әндер басқан мына заманда сөзінде бір ауыз мән жоқ, секеңдеген ғұмыры қысқа әуендер басым боп кеткенін бәріміз білеміз. Ал бүгінгі Мәриям қызымыздың мына әуендері құлақтың құрышын қандыратындай-ақ екен. Сөздері де талғаммен таңдалып, әуенге құйып қойғандай келіп тұр. Осы отырыста орындалған әр ән менің көңілімнен шықты. Тіпті мына классиктердің жырларына әуенін келістіре жазу да – үлкен өнер. Соны қалай ұштастырған десеңші?! Мәриям Алғалиқызы сөз бен сазды бір арнаға керемет тоғыстыра алған – дарын иесі деп алдарыңызда нық айтамын. Мәриям қарындасым, бүгінгі тырнақалды туындыңның тұсауы кесіліп жатыр екен. Құтты болсын! Бұл тек бастамасы ғана деп білем. Сен секілді талантты қарындастарымыздың шығармашылыққа қосар үлесі көп болуы керек. Қолыңнан келіп тұр, жаза бер!»,- деп ағалық ақ тілегімен бөлісті. Кітапқа деген келесі пікірді көпшілік алдында Өріс Яшүкірқызы былайша білдірді: «Мен кеш бойы кітаптың ішкі бөлімдерін біраз саралап қарап шықтым. Мәриям қызымыз тек сазгер ғана емес, жұп-жұмыр өлеңдері мен тиянақты ойы бар шағын әңгімелер жазатын қаламгер де екенін байқап отырмын. Жиынның басында қазақилықты әжемнен сіңіргем деп қалдың ғой, қалқам. Дұрыс-ақ, сол қазақилығың кітабыңнан аңқып тұр екен. Әр туындың шап-шақ жақсы жазылған.Еңбегің жана берсін!»,- деп өнердегі өзі сияқты нәзік жанды қаламгердің дара жолы қалыптасуын тіледі. Сондай-ақ, ортаға шығып микрофон ұстаған Қарлығаш Бәкенқызы да автормен бұрыннан таныс екендігін айтып, соңынан ерген рухани сіңлісіне жақсы сөздерін жеткізіп, игі тілегін білдірді. Бір қолында қаламы, бір қолында қазаны бар Мәриям Алғалиқызының керемет жар, көпбалалы ана, түрлі шаралардың басы-қасында жүгіріп жүретін талантты ұйымдастырушы, тіпті есепке жүйрік есепші және мемлекеттік қызметкер екендігін де айтып, сегіз қыры бар сазгер әрі ақынды отырған әдеби қауымға өз тарапынан әдемі танысыстырып өтті.

Бүгінгі мазмұнды жиында «Рухыңмен асқақтай бер, қазақ елі!» кітабының авторы, сазгер, ақын Мәриям Алғалиқызы қоғамға тағы бір мәрте әйелдің бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербететінін дәлелдеп бергендей болды. Нәзік болмысына қарамастан, бірнеше функцияны қатар алып жүрген әр әйел – дәл осындай құрметке лайық дер едім! Кеш соңында, автор алғашқы еңбегінің атауы елім деген ұранмен шықса, алдағы уақытта келесі шығармасының тақырыбы нәзік болмысына сай «Түтінің шықсын түзу» деп аталатынын да айта өтті. Қаламгердің тұңғыш туындысы оқырман жүрегінен орын алып, көпшіліктің көңілінен шықсын дейміз!

