Әкім әжей

18

Әкім әжей - adebiportal.kz

Бәкіжан Кәкімнің «Жалғыздық кесапаты 

немесе әжейдің өтірігі» өлеңі желісімен.

Аспан ханшайымы қою қара шаштарын сол жақ иығына түсірген, солардың арасынан бір пар сырғасы сəл-пəл ғана жылпылдап тұр.  Керуеттің үстінде ой құрсауында жалғыз жатырмын. Осыдан он жыл бұрынғы сезім тамағыма келіп мұздай қолдарымен қылқындырып маза берер емес... Бүгін, көп жылдар бойы иланғым келмейтін шындықтың жүзі ашылды. Әжетай мұратына жетті. Ағаммен кездесіп, сағыныш мауқын басып жатқан болар.

Сол жылы әкем мен анам алыс сапарға атанып, қара шаңырақта қалған ағам мен жеңгемнің қолына өттім. Қан бір болса да, біреу туған бала өзгенің бауыр етіне айналмас. Солайша, есімді білер білмес кезімде мен онымен таныстым. Ол, бәрі құрметтейтін әкім әжей еді...

Бірінші рет кездесуіміз рамазан айында өтті. Әкем мен шешемнің қырқын өткізген соң, бауырым Жантаспен бірге ауыл балаларымен араласа бастадым. Ойын қуып, жеке басымдағы жағымсыз, қиын сәттерді ұмыттым. Қасиетті ай келіп бәріміз күн батуын асыға күтетінбіз. Себебі, жарапазан айтып күнде көре бермейтін тәттілер мен біраз тиын табатынбыз. Ол біз үшін әрине үлкен олжа ғой. Бір күні кешкісін тағдыр айдап оның қақпасының алдына келе дауысымызды бәріне естірте өнерімізді барынша сала:

Айтамын жарапазан есігіңе,

Қошқардай қос ұл берсін бесігіңе.

Қошқардай қос ұл берсе бесігіңе,

кім келіп, кім кетпейді есігіңе.

Ақ тауық, қызыл тауық қырман шашар,

Осы үйде бір жеңгем бар теңге шашар.

Теңгеңді төкпей-шашпай қолыма бер,

Артымда қу балалар ала қашар.

Айтамшы жарапазан от басыңа,

Тілеймін денсаулық бас-басыңа.

Тілесем денсаулықты бас-басыңа

Амандық келеді әр уақыт отбасыңа.

Айтамын жарапазан ауылыңа,

Мызғымас бірлік берсін қауымыңа.

Мызғыма бірлік берсе қауымыңа,

Бас имес кімдер келіп ауылыңа, - 

деп айта бастап едік. Әкім әжей шықты. Қолындағы алып шыққан тәттілерді аз өмірімде алғаш рет көруім. Бәріміздің қалтамызға толтырып салып берді. Біз әнімізді айтып болдық. Арамыздағы ең кішіміз Жасын, қолын жайып:

- Құдай жарылқасын,

Бақ қарасын,

Қыдыр дарысын!

Айдан аман,                            

жылдан есен қылып,

Үйдегі, түздегі

Мал-басты аман қылсын!

Әумин, - 

деп, бәріміз бет сипадық. Әкім әже де бізге қосылып бетін сипап:

- Жүріңдер, үйге кіріп шәй ішіңдер, - деген ұсыныс білдірді. Осыған шейін қанша көрші араласақ та ешкім үйіне шақырмайтын болғандықтан ба, не айтарымызды білмей бәріміз бір-бірімізге қарап кідіріп қалдық. – Жүріңдер, дастарқан жаюлы.

Қақпаны аттап кіргеніміз сол еді. Ауладағы тазалық, тиянақтылық мені таң қалдырды. Үйдің ішіне кіргенде тағы да жағым ашылды. Бар нәрсе орын-орынында, үлкен дастархан жайылған столдың үсті біз үшін падишахтардың азығынан көп болмаса, аз емес түрлі тағамдармен толып тұр. Баламыз ғой, тап беруге дайын отырмыз. Ол болса сезіп қойды ма, білмеймін салиқалы үнмен

- Кәне, қолдарыңды жайыңдар, - деді. Үй иесі әкім әжей болған соң әміріне мойынсұндық. Қабырғада тық-тық етіп мазасызданып тұрған сағатқа қарап, ауыз ашу дұғаларын оқыды. Бетін сипады. Біз де артынан қайтардық. Ол кезде ауыз бекіту керектігін білсек те, оны парыз көрмей жүрген кезіміз ғой. Таңертең оянып кейде нәр татпай көшеге ұмтыламыз. Ойнап жүріп кеш батқанын да білмей қаламыз. Күн ұясына қонғанда асқазанымыз сорып, үйге қайтатынбыз. 

Қасықтарымызды сайлап іске кірістік. Ішке ел қонғандай болған мезетте, жан-жағыма көз жүгірте бастадым. Қабырғада ілулі тұрған кілемнің үстіңгі жағында жас жігіттің суреттері толып тұр. Іштей «баласының суретті шығар» деп түйдім. Дәл солай Әкім әжеймен алғаш рет таныстық.

Қасымдағы балалардан «не үшін әкім әже» дейтінін сұрағанымда, бірі оның үйі ауыл әкімінің үйінен де әдемі десе, екіншісі осы ауылдың шаң жолдарын тас жолға айналдыру үшін біраз еңбегі сіңген деген сынды түрлі жауаптар берді.

Ораза айы өтіп жатты. «Совхоз ағаның үйінде ешнәрсе жоқ, Желтоқсан ағаның шаңырағында күнде тәтті бар» деп кәдімгідей жомарт көршілер тізімін жасап алғанбыз.  Күнде кешкісін тізім бойынша көршілерді аралап, ең соңғы болып әкім әженің үйіне келіп дастарқан басына жайғасатынбыз. 

Оның үйінің алды біз үшін құт мекен. Доп ойнасақ та басқа көршілер сынды «тереземді шағасың» деп қуып жібермейді. Қақпасының алдына шығып бізге күліп қарап отырады. Шаршағанымызды көрсе, «жүріңдер, шай ішіп алыңдар» деп үйіне жинап дастархан жасайтын. Күндердің күнінде әкем мен анам есіме түсіп, балаларға қосылуға зауқым соқпай бір шетте тұрғам. Үйіне шақырып алды. 

- Әй, сен Смағұлдың баласы емесің бе?

- Иә...

- Әкеңнің ауызынан түсіп қалғандай екенсің... Е, жарықтық жақсы адам еді...

Сөзіміз сол жерде үзіліп, үнсіздік орын алды. Қабырғадағы тоқылдақ сынды тарсылдатып сағат дауысы ғана шығады. Бір сәтте есіңе бірден түскендей орынынан тұрып сандығын ақтара бастады. Ішіндегі байлықтардың арасынан хат алып шығып:

- Шырағым, мына хатты оқып берші. Менің мына көзім жетпейді...

- Жақсы.

«Амансың ба анашым. Бүгін тәжрибеде жүрміз. Ертең тағы да шаруалар шығып жатады. Кейде  уақытым жетпейтін кездер де болады. Сіз оған ренжімеңіз. Сізге деген махаббатым өзіңізге белгілі. Кездесу сәтін күтіп жүрмін. Сүйдім.» 

Әкім әжейдің көзіне жас келді, мен де оған қосылып көңілімді босатып алдым. Есік алдына Жасын келгенін де байқамаппыз.

- Әжетай, мен шөлдедім - деген сөзінен кейін біраз есімізді жидық. Оған суын беріп

- Қалған балаларды да шақыр, көмектесіп жіберсін, - деді.

Балалармен дастарқанға жайғасып күріш тазаладық. Бәріміз өзіміздің алдымызға үлесімізді тартып, кім бірінші тазалап болады екен дегендей жарыса арасындағы тастарды тазалауға кірістік. Соңғымыз мәреге жеткен соң, Әкім әже әдемілеп күріш басып, қарынымызды тойғыздық. 

Қарын тоқ, көңіл бос. Тағы да допты ермек қылып жүрміз. Біз Жантас екеуміз қорғаушымыз. Доп қарсылас команданың алаңында болған соң, қызмет жоқ, тұрмыз.

- Ол, саған хат оқытты ма?

- Қайдан білдің?

- Оны мен ғана емес, бәрі біледі

- Нені?

- Ол, баласының атынан өз-өзіне хат жазатындығын.

- Мен сенбеймін. Сонда ағам қаладан келмейді ме?

- Ол қалаға бармаған да...

- Сонда қайда?

- Ит білсін...

Қарсылас команда жалғыз ешкіні айдап келгендей допты біздің алаңға әкеліп қойыпты, содан әңгімеміз жалғассыз қалды. Ойынға салынып әрі қарай сөйлескен жоқпыз. 

Уақытты шыбықпен қуғандай зымырап жатты. Еш сөзге иланбай, аптасына бір рет «Балам, үйге кіріп кетші. Ағаңнан хат келді» деген дауысты күтіп жүретінге айналдым. Жазбаның бәрі «Менде бәрі жақсы», «Кездесу сәтін күтіп жүрмін» деген бір сарында. 

Күндердің күнінде көктем мінезімен Әжетай үйіне шақырып алды. Біз сол баяғы жаздың соңына қарамай доп теуіп, тозып жүрген баламыз.

- Әлгі, ағаң мен жеңгеңнен сұрап қойдым. Сен өзің қарсы болмасаң бүгін біздікіне қонып қал.

- Әрине, неге қарсы боламын.

- Оқу басталарына аз қалыпты, дайынсың ба?

Кешегінде ғана жеңгем Жантасқа орталық базардан жаңа киімдер әкеліп: «Отағасы, балаңызға қараңызшы Ханзада емес пе?! Не кисе жараса кетеді» деп, мені көріп «сен бар ма едің» дегендей қабағына тас байлана «Ерке балаға Жантастың өткен жылғы киімдері шақ келеді» дегендері есіме түсіп басымды изей салдым.

- Ештеңе етпейді. Бүгін түнеп, ертең таң сәріден қалаға барайық. Сені оқуға дайындайын - деді.  Әкем мен анам қайтып келгендей қуана кеттім ғой. 

- Әжетай, қалаға баратын болсақ ағама да соға кетпедік пе? - ұсынысым орынсыз болды ма, оның дауысы дірілдеп, сөз таба алмай 

- Оны, көре жатармыз. Жүр шай ішейік.

Кешкі ас батасын қайырып, әжетай ұйқы қамын дайындай бастады. Керуетінің қасындағы бос төсекке орын жасады. Ағамның төсегі болар, иісі сақталыпты. Суреттегі әдеміше келген, бойы ұзын кісінің иісі әкемді есіме салды. Көрпе астына кіріп біраз уақытқа дейін әңгіменің басын мүжідік. Әңгіме дегенде, көбінесе әжетай сұрақ қойып, жақ-жағыма тимей жауап беріп жатқанымды тыңдап күліп қояды. Оның күлгенін көріп, мен әрі қарай әсерлей түсем. Түннің бір уағында 

- Таһажудты оқып алайын, сен ұйықтай бер.

- Әжетай, мен ұйықтамаймын. Күтемін.

Әкім әжей жайнамаздың үстіне жайғасты. Терезеден түскен ай сәулесі оның бейнесін жарық етті. Иықтағы періштелерімен амандасып, қолын жайғанда мен де төсегімнің шетінен құбылаға қарай алақанымды ашып әкем мен анам үшін дұға тіледім. Бетімізді сипап, көрпенің астына жайғасып жатқанда: 

- Балам, сен оларды сағынасың ба?

- Басында қатты сағынатынмын, қазір білмеймін. 

- Мен болсам, әлі де қатты сағынамын, - деді де, - Ұйықтайық. Ертең ерте тұрамыз. Түңгі тілегімізді тілейік. 

Жаттым тең, 

Жастығым кең.

Аузымда иман,

Қойынымда «Құран»

Төбем ашық

Төңірегім темір қорған.

Жаратқан жолымызды оңдасын,

Періштелер түн ұйқымды қорғасын, -

деп ұйқының құшағына бас ұрдым. Көзім іліне бастағанда әкім әже бірдемелер сыбырлап жатқан болатын. 

Таң сәріден қалаға бет алдық. Базарларды аралап, хан баласының өзі қызығып қарайтындай шыттай киініп алдым. Қарыным аша бастаған еді. Асқа тойдым. Қала саябақтарында еш қаперсіз көңілім қалғанша ойынға тойған соң

- Әжетай, балаңызға соғып кетпедік пе?!

- Қолы бос емес шығар, занятөй шалабектің уақытын алмайық.

- Шалабек емес, человек – деп, ішімді баса күлдім, ол да қосылып

- Енді мен де солай айттым емес пе?

Кеш бата ауылға оралдық. Жаңа заттарым мен қуанышымды құшақтап ағамның үйіне келгенде, жеңгемнің қабағына қарап мақтануға деген құлшынысым қашып кетті. Өзімді толыққанды сезінгеніме кінәлі болдым. Ішінде қыл айналмай, ұрыстың шеті басталғанын көріп, көп кідірмей бәрін жинап әкім әженің үйіне тарттым. Табалдырығын аттай басып

- Әжетай, неге сіз менің әжем емессіз... – деп, көңілімді босата, болған жайды баяндап бердім.

- Енді кімнің әжесімін?! Сенің әжеңмін. Жылама болды. Барып, шайыңды іш. Мен ағаңа барып, айтып келейін уайымдап іздеп жатқан болар. 

- Ешқайда бармаңыз. Олар, мені алып кетеді. Қалдырмайды.

- Қалдырады. Уайымдама. Менің қасымда қаласың...

Әкім әжей қараңғылық патшалығына ай билік еткенде оралды. 

- Адыра қалғырлар, сенің киінгенің көздеріне көрініп қалыпты. Мықты, болса іспен көрсетпейді ме?! Ағаңа айттым. Енді сен менімен бірге тұрасың. Ешқайда бармайсың! - деген шешімді үнін естігенде түн ішінде күн көтерілгендей айналам шуақтана, ішім жыли түсті. Ағам біріншіден әжетайдың, екіншіден жеңгемнің сөзінен аса алмай көнгені ғой.

Мен әкім әжейдің баласы болдым. Күндер бір-бірін қуалап өтіп жатты. Ағамнан келетін үздіксіз келетін хаттар легі үзіле бастады. Оған мен де, әжетай да мән беруді қойдық. Себебі, ол маған ата-ананың, мен оған баланың мейірімін бердім.

Ауыл арасында бірі «жалғыз бауырының баласын асырай алмады», - десе, өзгесі «Жоға, оның бәрі түбінде кемпірдің меншігін иемдену оймен жасалып жатыр» деген қауесет сөздер тарай бастады. Оның шетін сабақтан соң Жантастан естідім:

- Бүгін мектептен кейін, үйге жүр. Әкем, заттарыңды алып келеді.

- Неге?!

- Сен не естімедің бе? Ауылдағы ұзын құлақ пен қылыш тілдер біздің отбасыға күн көруге бермей жатыр.

- Онда тұрғанда не бар?

- Саған бәрібір, кемпірдің баласының орынын басып, көйлегің көк, қарының тоқ өмір сүріп жүрсің. Бізді ойласаңшы, сенің әкең мен анаңның жол апатына түскен күнге қарғыс айтып ірің жұтып отырмыз.

- Әжетайдан рұқсат сұрауым керек...

- Ой, әкеңді... Қойсаңшы ол алжыған кемпірді... Біз сенің жақындарың! Түсіңдің бе?! Біз! Немене сол кемпір өле-өлгенше сенімен болады деп ойлайсың ба? Олай ойлаған болсаң сен де сол сықылды алжыпсың! Сөзді доғар! Әне әкем де келді!

Ағам кәдімгідей алғаш көргендей мені көргеніне қуаныштан құшағына бас түсті. Артында тұрған жеңгемнің ауызы жыбырлап, от ала-алмай қалған тракторша түтеп тұр. Ерік болмаған соң қара шаңыраққа баруға мәжбүр болдым. Ағам мен жұбайы бізді қақпадан кіргізіп әкім әженің үйіне бет алды.

Бөтен үйге қонаққа келгендей бір бұрышта отырмын. Жантас дастархан басына жайғасып шайын дайындап аштықтан келгендей бәрін ауызына салып жатыр. Менің ішіме күріштің дәні де сыймай, тамақтың бетіне қарап отырғаным сол еді. Әжетайдың дауысы естілді. Артынан келе жатқан ағама ұрсып келеді

- Сен маған қалай өмір сүруді үйретпе! Бәрібір елдің ауызына қақпақ бола алмайсың! Олардың сөйлегісі келді деп тыныс алмаумыз керек пе сонда? Адыра қалсын! 

- Әкім әже, сіз де менің түсінсеңізші!

- Мен сені түсінгім келмейді! Не мен саған оның тегін ауыстырып бер деп жатырмын ба? Үмітімді үздірмеңдер! 

- Ол сізге бәрібір бала бола алмайды – деді жеңгем шаңқылдап

- Сендерге де! – деп зілмен айтты да, есік алдына жақындағанда – балам, шыға ғой. Үйімізге барамыз! – деп, әдеттегідей жұмсақ дауысымен шақырды. Үйден атып шықтым. Оқтай ұшқанымды қайтейін, ағамның жүзіне қарап тежегішім басылды.

- Әжетай, күн батқанда барам! Елдің борандатқан сөздері басылсын.

- Сен де, мынау да – деп ағама көрсетіп – бір топырақтан екенсіңдер!

Әкім әжей артына бұрылып та қарамай аяғын тез-тез басып кетті. Жеңгеме менің ұсынысым майдай жағып:

- Әкім әжей, өзім алып барам – деп, артынан сөзін қыстырып қалды.

Жеңгем сөзіне берік болды. Әкім әженің үйіне бірге келе жатырмыз. Менің ойымда әжетайды өкпелетіп алдым ба деген ой болса, жеңгемнің басында «Осыдан құтыла алмайтын болдық» деген ой салтанат құрып жатқандай менің жүрісімді, жалпы түр әлпетімді көтере алмай келеді. «Сылбырамай, тез-тез аяғыңды бассаңшы» деп қояды. Өлең төсегіме жеткенде қасымдағы жан түрленіп, мейір нұрын төге бастады. 

- Балам, келдің бе? Дастархан басына жайғаса бер, мына көк құтан не жарытып шай берді дейсің?

- Олай айтпаңыз әжетай, қайынымның баласы біздің де бала ғой. Солай ма ерке бала?

- Солай шығар... – дедім. Ауызыма басқа сөз түспей қалғандай

- Ертең таңертең өзіңіз келе бересіз ғой, иә?! Мен таңғы ас дайындап қоямын.

- Уайымдама, сенің прәдугіңді жеп қоймайды. Өзім шайын беріп жіберемін. Балам, жүр мына қатынмен сөйлесіп тұрғанда шай суып қалады!

Жеңгемді иттей қылса да, түлкідей ыржиып кетті. Біз кешкі асқа отырдық. Әжемнің ауызына қайта-қайта қараймын. Ренішін жеткізетін шығар деген ойда болып, қасықтағы асты жерге шашып алып ем.

- Немене, ойланып кеттің?! Жаңалық ашайын деп пе едің?! Келгенің жақсы болды. Әйтпесе, уайымдай бастап ем. Көп ойланба, мен сенің бұл әрекетке баруыңды да түсінемін – деген соң иықтарымнан тау қулағандай, көңілім көншіді.

Елге әңгіме, бізге құлақтың тыныштығы керек. Сөйтіп, таң қылаң бергенде ағамның үйіне жүгіріп, сол жерден Жантаспен бірге мектепке аттанып, ымырт жамыла әжейтайдың үйіне жасырын барып жүрдім. Біреу жарым көріп қалса «Тұз сұрауға бара жатырмын» деймін. «Жақын көршілеріңде жоқ па?» десе, «Солай шығар» деп, ұрлығым ашылғандай қаша жөнелетінмін. Жұрт білмейді емес, білсе де екі үйдің ортасында жүру үйреншікті хәлге айналды.

Сол кездердің қызығын еске алсаң, тоймайсың... Қазір сол күнің бірін қайтара алсам ғой. Бүгін әжетайымды ауыл маңындағы зиратқа қойдық. Бүгін, көп жылдар бойы иланғым келмейтін шындықтың жүзі ашылды. Сол жерде ғана хаттары үзілмей келетін ағамның бейітін көрдім. Өмір сүрген жылдарын көріп, мен оқып жүрген хаттар әжетайымның өз-өзіне жолдап жүргені екенін түсіндім. Мойындадым. Қайран әжетай өзіңнен жақсы естеліктер ғана қалды.  Жетім жүрегіңе жетім қозыдай қалған баланы басып, өз ұлындай көру көптің қолынан келе бермейді. Ағаммен кездесіп, сағыныш мауқыңды басып жатқан боларсың?! 

Тұтастай арқасын кеңге жайған қараңғылық аспандағы жарық қоңыздарды қуып жібергендей, жылт етер жарық қалмапты. Түнгі тілегімді тілейін:

Жаттым тең, 

Жастығым кең.

Аузымда иман,

Қойынымда Құран

Төбем ашық

Төңірегім темір қорған...

 

Жақсыбек Шанышқылы

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan